Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 38 страница




Гансылер бастап бізді келген жолымыздағы капуста түбірін беретін әтіретке әкеліп тоқтатты. Мұндағы құтырған қызылкөз түгіл жаудырап тұрған қаракөздердің де көбі өліп, шағылға шығып болған сияқты. Қалғанын кадрлар бізбен қоса санап, тоқсан екі санды әрең құрады. Бұрынғы алты жүз шамалы лаужяуы бар екі әтіреттің жұрнағы осы санмен бір әтірет есебінде әрең-пәрең қалқиып тұра қалыппыз. Группаға қайтадан бөлгенде бұрынғы екі әтіреттегі қазақтар іргелес екі жер үйге бұрынғы қалпымызбен бөліне салдық. Екі жақта қалған мүлкіміз ертеңіне екі жақтан жетіп құралды.

Аспаздар группасын асханадан қуып шығып, кадрлардың өздері аспазға айнала қалыпты. Бұрынғы өздері ғана жеп жүрген майшелпектері бізге де жеткеніне күлісіп едік. Түнімен ұйықтамай шедеу тақылдатып, таңертеңгілік тамағымызға адам жейтін тәп-тәуір азық даярлағандықтары тіпті қызық көрінді. Таң ата қазандарын шыж-пыж еткізіп, әдейгідей қуырдақша қуырды.

– «Жатақтарыңа отты мол жағыңдар, отынды арбамен тасытамыз!», «сыртқа шықпаңдар, суық тиеді!», «жұқпалы тұмау мен ісік ауруының улы микробтары қаптап кетті, дәретке шықсаңдар аузы-мұрындарыңды орап, қалың киініп шығыңдар!»– деп өсиеттейді Мазыдауян. Іле-шала мәт сопы кіріп, мұндай «шапағатын» молынан төгіп шығады. Екеуі шетелден келген мейманның күтушілерінше аспаздық аппақ алжапқыш байланып, кезек-кезек жүгіріп жүр.

– Осыларға осы қамқорлықты үйретіп отырған кім екен, білгендерің бар ма?– деп Дәлелқан күле сұрады бір шақта.

– Әйтеуір бас аспаз сары текенің өзі!– деп күңгірлей салған Сағидың Мазыдауянға лайықты ат тапқанына күліп жіберіп едім. Тағы да күңгірлеп айқындады. – Еті мен беті қара болғанымен тері жүні сары ғой, ал, оның бізді аңдып жүретін қиыннан тауешкіден басқа хайуан өте алмайды!

– Сөйтіп асханада бөтеннен ешкім жоқ па? – Қапас қайталап сұрады, Дәмелқан білмек болған жайтты.

– Ескі қара шапан киіп сүмірейген біреу отыр, басқа бір әтіреттің лаужяу запхозы сияқты.

– Олай болса, шаған уақыты да емес, әйелдердің 8-ші мартына ұқсаған, лаужяуларға да бір мереке күн белгілене қалғаны ма?...

Бұл сұрауымызға жауап соның ертеңіне табылды. Укол қойып, дәрілеуге келген Ләтипа аппай айтып келген хабардан түсіндік: Үрімжідегі сахшы назаратының еңбекпен жазалау мекемесі лажысыздықтан шығарған ойын екен: қарамағындағы лаугай-лаужяулар ашаршылықтан төтенше көп қырылып жатқандықтан халық наразылығы күшейіп кетіпті. Соны басу үшін төтенше қамқорлық бейне көрсеткен бола отырып, қылмыстарын «жұқпалы ауру» мен «қуаңшылық апатқа» аудармақ екен.

Күншығыс жағымыздағы «Ділпар» майданындағы жазаланушылар түгелге жуық қырылыпты да осы Сауху майданындағы үш мыңнан артық лаужяудан жеті жүзге жуығы ғана қалыпты.

– Бұл қалғанның көбі әлі де қатер астында!– деп күрсінді Ләтипа. – Сол үшін бұл екі майданның міндетті басшыларын сотқа тапсырмай, сақшы назаратының өзі жауапкерліктен құтыла алмайтын көрінеді. Назараттың үлкенірек бір бастығы келіп, майдан бастықтарын тықсырып жатыр.

– Мына құйып жатқан уколдарыңыз қандай аурудың шипасы?– деп сұрағанымда Ләтипа күліп жіберді.

– Бұл, алдампаздықтың «көңіл аулау» дейтін уколы. Мерзімі әлдеқашан өтіп, күшінен айрылып болған дәрілер. Мені бақылауға келген мына қара сұр тізімді ұстап отырып ұрғызады да, мен ұра беремін!

– Менің көңілімді де осылай аулайсыз ба?

– Сіз соңына таман келіңіз!...

Мен дереу шығып кетіп, екі адам қалғанда соңынан тұра қалып едім. Ләтипа дәретке шыққан болып, әтірет штабының сыртындағы шағылды айланып кетті. Қайта келіп қолын жуды да, менің алдымдағы екі лаужяудың көзіне қарап, тамырын ұстап тексеріп, сол уколын қоя-қоя салды. Мені де солай тексеріп көрді де шприсын ауыстырп, басқа укол қойды.

– Мен жаңағы барған төбенің сыртындағы үлкен жыңғыл түбіне көмдім!– деп күбірлей салды сонсоң. Айтқан жеріне іле-шала барып, бір сауыт түйршік «С» витамин мен екі қапшық глюкоза таптым. Қазіргі бізге ең қажетті дәрі осы болатын.

Асханада сөлмірейіп жүрген бейтаныс қара киім мен Ләтипаның соңындағы бақылаушы да Үрімжіден келіпті. Киімдерін өзгертіп киген сақшы назаратының бір-бір кожаңы екен.

Кадрларымыз өздерінің запас тамағына қонақтатқан сол бес күннің ең соңғы күні үлкен бастық та қарапайым киіммен келді. Тірі қалғанымызды сыртқа шығартып көріп, бір-бірден тартқызды суретке. Ірі әріппен жазылған атымызды кеудемізге жапсыртып қойып тартқанына қарағанда, «апаттар» алқасының бұл сатыда қайсымызды жойып, қайсымызды қойғанын біліп, таптық төңкерістік идеясына баға бермек сияқты.

Ал, өз әтіретіміздің басшылары қайсымызға болса да «жылы киініп шық», «тез кіріп кет» дейтіндей «қормалдықтарын» әйгілеп тұрды. Кеше ғана өткен мұз үстіндегі қырғындары естерінен шығып кеткен бе, иә естерінің өзі шығып кеткен бе, шімігер емес.

 

Кереметті тергеушім, «сасқан үйректің алдымен де, артымен де сүңгитіндігін» білуші едім. Бірақ, сасқан сайтанның қайтетіндігінен хабарым жоқ екен. Осы қылмысымды ғана кешіре көріңіз! Тегі, пұттарыңызды керіп шаттарыңызбен де, шалқалап екі бүктеліп те сүңги аласыздар ғой деймін. Ал, жетілген, жоғары сатыдағыларыңыз ғой ет пен терінің арасына, адам ғауратының панасына сіңіп кете алатындықтан, сарала қамшы төнгенше киімін ғана өзгертіп сазарып-бедірейіп тұра беретіндігін аңыздардан ғана еститінмін.

 

V

«Сары теке» ертеңіне құзғын сәріде қайта қарғылақтап шыға келіпті. Кеше кештегі қормалдығы есінен тағы шығып кеткендей, әр группаның есік алдына барып «тұр-тұрлап» бақылдап жүр. «Шығыңдар, тізіліңдер!» дейді.

– Сағи-ау мынауың пішілген сияқты еді, қайтадан теке болып кеткеннен сау ма, байқашы!– деп түрегелдім. Не бола қалдым дегендей бір-бірімізге жалтақтаса қарасып шығып тізіле қалдық. Асыға шыққандықтан көпшілігі жалаңбас, қоңылтаяқ, желбегей, аузы-мұрындары түгел көкірек, ішек-қарындары да алаң-ашық. Таң бозының ызғарлы суығы қари жөнелді. «Жұқпалы ауру», «улы микроб», «апаттарын» кешегі бастық жиып-теріп алып кеткендей, зыдауянымыздың бес күннен бері аузынан түспей келген ол жөніндегі қормалдығынан ырым да жоқ, әппақ алжапқыштарымен бірге тастай салыпты.

Тізім бойынша жоқтама жүргізді де бүгін майдан бойынша зор жиын болатындығын, жақсы киімдерімізді киіп, тамақты тез жеп, ерте жүруімізді жарты сағат қана сөйлеп таратты. Жер үйге қайта кірдік. Сағи әкеліп, бозара қарап тұрған бұрынғы күйреуік момымызбен капустаның сары жапырақ суын қайта іштік. Ауыр-ауыр күрсініп шығып тізіліп, жоқтамадан қайта өттік. Әтірет тізіміне тірі кірген тоқсан екі лаужяудың зор жиынға түгел қатынасуы шарт сияқты. Жүре алмайтын ауруларын да айдап шықты. Екі «саудың» ортасына бір ауру қыстырып, қолтықтата жылжытты. Бәрінің де қашуға сақтап жүрген «бір киерлерін» кигізіп апарып, енді не ойын көрсетпек екенін жеткенше талқылап, сиыр түсте жеттік.

Үлкен-үлкен «үш қызыл ту» желбіреткен қызыл желекті әлем-жәлем сахна алдына, неше жердегі керме қызыл тулардың астынан, неше түрлі «жасасындар» мен «жоғалсындардың» алдынан ақсаңдап-бүкшеңдеп өтіп әрең жеттік. Бірінші әтіреттің орта шенінен Тоқты Басит маған қолын көтеріп амандасты. Мен де неміс нацистерінше көтердім қолымды. Әлденеше мың адам сиярлық кең майданда аспан әлемінің үркеріндей шөмпиіп бес-алты жүз лаужяу ғана отыр. Үркер болғанда да жымыңдасып-қылмыңдасып тұратын «тірі» үркер сияқты емес, топырақ астынан жаңа ғана қазылып шыққан мүрде сияқты, кірпіктері де қымырламай сазара, үңірейісе қарайды бізге. Мұның да бір әтіреті әйел екен. Естуімше мұнда келген әйел лаужяу жүз елу шамасында ғана еді. Бұлар да өлім-жітім аз болғандықтан көзіме тым көбейіп көрінді. Бірақ, бәрі түгелімен топырақ сарыға айналыпты. Маған қараған көздері де түгел сап-сары. Тегіс сары ауруға шалдыққандай. Ләтипаның айтқан «әйел ауруы», әлде сары аурудың бір түрі ме екен деп жорамалдадым.

Ал, еркек әтіреттерінен түгендегенім, «оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдар» болды. Жүзінен танымасам да киген киімдерінен танылғандай. Естуімше, бұлар, «Қазірейілдің» қалай келетінін білетіндіктері бойынша сақтану жолымен, біздің әтіреттегілер сияқты шығынды азырақ берген. Сөйтіп, бұл қыстық апаттан көп қырғындалмай қалғандар әйелдер мен саяси лайжяулар екендігі байқалды. Әйелдер аштыққа шыдамдылығымен қалған да оқығандары өз қуатымен есептесіп істейтін «қулығымен» ғана қалған.

«Келген бастықтың мұндай апат басшыларын «жауапкерлікке тартқаны» жаңсаққа шыға қалды бір шақта. Жиынды майдан бастығының өзі басқарып, бөлім бастықтары мен әтірет зыдауяндары жиын бас алқасының орындықтарына шалқалап отыра қалыпты. Біздің «сары теке» солардың қақ ортасында алдамшы жайнауыз сарымен сөйлесіп отыр. Үрімжіден келген үлкен бастықтың өзі бір бұрышта қалыпты.

Майдан бастығы, бүкіл елімізге келген «қуаңшылық апаты» мен «жұқпалы аурулар» жайында сөйлей келе зіркілдей жөнелді: бұл майданға келген апаттарды түгелімен лаужяулардың өздері ертіп келіпті-мыс. «Кері төңкерісшілдік», «идеядағы мешеулік», «буржуазиялық тоғышарлық», «жалқаулық» апаттары шегінен асып, құтырып кетіпті-мыс. Сондықтан қырлыппыз. Егіншілікті енді құйрығымызды қысып қана бар күшімізбен секіріп ілгерілеп, мол өнім алмасақ, өзіміз түгіл «төңкерісшіл халықты» да қыратын сияқтымыз...

«Барлық апатқа төтеп берудің кілті, үйренуді күшейтіп, идеяны өзгерту» деп қорытқан жиын төрағасы, сөзді Үрімжіден келген төреге берді. «Жартылай болса да әділдік осы кісінің аузынан шығар ма екен!» деген үмітпен тесіле қарап, түгел қолшапалақпен қарсы алдық.

Зор құдіреттің, салмағымен нығарлап, ырғала сөйлеген бастықтың сөзі үш жылдан бергі зор секіріп ілгерілеудің жетістіктері мен табыстарын баяндаумен басталды: «еліміз ұшқандай өрлеп» зор құдірет тауыпты. Көсеміміздің «көрегендікпен көтерген» үш қызылтуының жеңісі, «оңшыл оппортонизмнің сандырағын» быт-шыт етіп, біздің де жасанды жер серігін ұшыру техникасына ие болғанымызды, бұл салада Англиядан әлден-ақ озғандығымызды айтқанда әйелдердің ерні пышт-пышт, бырт-бырт ете түсті. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдар» күлісе қарасты оларға.

«Сөзін жеңіске» толтырып, мақтанмен бөктірген бастықтың мұнымен ісі де болған жоқ. Халықаралық ауқым өздеріне пайдалы жағдайда екендігін, көсеміміздің абыройы Маркс пен Лениннен де «биіктеп» кеткенін сөйлегенде бұршақ қуырғандай быртылдады еріндер. Бұл масқарадан лекция арланар емес. Кеуделеп соғып екі сағат сөйленді де «біздің алып адамымызды ешқандай күш тоса алмайды», «жауларымызға аспанда тор, жерде қақпан құрылып болған», «жағдайымыз зор жақсы» деген қортындыларын шығарып тыныстады. Өлсе де «өзімдікі ғана жөн» деп өлетін, өзі штансыз тұрса да, балтырың ашылып қалды деп басқаға күлетін, шегінен асқан арсыз бетпақтың сөзі еді мұнысы. Қырылсаңдар да бізге тып-тыныш, жұп-жуас қана бағынып, момы тауып беріп қырылудан басқа амалдарың қалған жоқ деген арам мақсатын ғана әшкерелеп тынды. Он минут демалыс жариялады сөйтіп.

Дәретке баруға түрегеліп, Лаужяулардың құсадан түгел тұншығып-түтігіп кеткендіктерін байқай өтіп едім. Басқа әтіреттерден бірден-екіден амандасқан бейнеде ере шықты бірнешеу. «Біз мына тірі қалған лаужяулар атынан сөйлеп, позиция білдіруге сізді шығармақ болдық. Қырылуымыздың ақиққи себептерін сізден басқа ешқайсынымыз ептеп түсіндіре алмайтын сияқтымыз. Соған дайындала отырсаңыз!» десті.

Қырылу себебімізден қортынды шығарып болғандығын майдан бастығы жариялап отырғанда оған бұл жерде ашық қарсы сөйлеудің қатерлі болатындығын айтып тойтардым мен. «Бұл жерде лаужяудан ешкім позиция білдірмей, әрбір әтірет атынан өзді-өз алдыларына арыз жазып жолдағаны дұрыс!»– дедім соңында. – «Жеке адамның атын атамай, жалпы әтірет лаужяулары атынан сақшы назаратына ашық факттерімен ғана жазыңдар. Бүгін осы жиын үстінде Үрімжіден келгендерге қолма-қол жеткізуіміз қажет. Ешқайсысы жауап бермесе де жауапкерлік естерінде болсын!»

Қасымыздан өтіп бара жатып кідірп, Ләтипа да осы пікірді қуаттады. «Қазір жазыңдар, мен конверт пен қағаз әкеліп берейін!» дей сала жүріп кетті. Қырылуға себеп болған нақтылы факттерден бірнешеуін айтып беріп мен де жөнеле бердім.

– Биған!– деп шақырған бір әйелдің аса қылықты үні естілді артымнан. Жалт қарадым. Қоңырсары қос бұрымды, топырақ сары «жас қыз» күлім қақты алдыма келіп. – Мені танымай қалдыңыз ба?... Өзіңіз де қатты жүдепсіз! – Көзіне жас іркіле қалды «қыздың». Белі мен құйрығының толқыған толқысынан ғана танығандаймын, Үрімжіден бірге келген, өзімнің жортуылшы келіншегім екен. Жіңішкерген денесіне осы даладан тағы да шап-шақ, өзгеше сәнді юпка-кофта тауып кие қоятынын, ойнақы қара көзінің қарашығы да сарғайып, тік көтерілген сары құйынша ұйтқитынын, бұрынғы кезбенің талдырмаш жап-жас қызға айнала қалатынын ойлап көріппін бе!

– Енді таныдым! – дедім таңдана қарап.

– Енді таныпты тағы! – өкпе аралас назбен бұртия қарады. Бұл қарасынан Балғынтайдағы Гүлниса елестей қалды көзіме. Күрсініп жіберіппін. Келіншек те күрсінді. – Тар жерде соншалық жақсы едік. Мынадай кең сахараға келгенде көрінбей, көзімді төртке айналдырдыңыз! Мені іздеп бір келер деп күндіз-түні ойлап, ауырып жүрсем, енді таныдым дейді тағы!

– Не ауру?.. Қай жеріңіз ауырады?

– Тамаққа тәбетім мүлде тартпайды... Осылай әлсіреп кеттім!

– Бауырыңыздың ауырғаны сезіле ме?.. Асқазаныңызшы?

– Жүрегімнен басқа ешқай жерімде ауру жоқ!–деп күліп жіберді.

– Жүрегіңіз қалай ауырады?

– Қойыңызшы, қалжыңдап тұрсыз!... Тұрған әтіретіңіз жап-жақын екен, ертең сембі ғой, кешінде мына сәйліктің арғы шетіне келіңіз, мен сізге бәрін айтып берейін, айтатыным көп!– осыны айта сала жүріп кетті.

– Мен аурумын, түнді қойып, күндіз де келе алмаймын!

– Келмесеңіз болмайды, әлгі түндерде құм тасып жүргенімізде... Сізге ұқтыра алмай қалған бек қажетті бір мәселе де бар!

– Онда не мәселе бар еді?– деп сұрасам да автомобиль дөңгелегі жөнінен қауіптене қалдым. – Жазылған соң көріспеймін десеңізде көріспей қоймаспын!– деген сөз бұйданы таба қойдым сөйтіп..

Бұл пәлені алдай тұрудың қажеттігін сезе қайттым. Ләтипа майданның шетінен тосып тұр екен. Бір байлам конверт пен қағаз ұстата салып күбірледі.

– Осы жас әйелдердің бәрі де ауру екендігін айтып па едім сізге?... Бұрын қағынған әйелдер ғой. Лаужяу болып ерден шектелген соң... Қазір тіпті қиын, түгел әйел ауруына шалықты. Нерв жүйелері түгел бұзылып, өздерін ұстай алмайтын есалаң болып барады. Жақын жүрмеңіз, пәле тауып береді!

– «Әйел ауруы» дегеніңіз осылай ма?

– Осылай, тезірек ерге тиіп алмаса, сүзіліп әлссіреп барып, тіпті қиын ауруға айналады, мүлде мәжін болып кететіндері де бар!...

Мақпалымның халі шәншудей қадалды бүйірімнен, жаным қатты ашыды. «Әке, әке, жүй–жүй!» деп Асқардың шырқыраған дауысы да естілгендей болды. Түйіліп, түсім бұзылып кеткен сияқты, Ләтипа бұл жайымды түсіне қалыпты. Маған мүлде бейтаныс бұл аурудың жайын жалғастыра түсінік айтты.

– Әлеуметтік мұрат – тілегі бар, оқыған – білімді әйел мұндай ауруға шалықпайды. Мәселе нәпсіде. Мұндай ахуалда жыныс нәпсісін мүлде тиып тастау қажет! Ал, мына әйелдерде еркектен басқа ой жоқ. Күндіз-түні соны ойлап жүріп, жыныс сезімін басына ми орнына шығарып алған!–апайымның бұл сөзіне күліп жібердім. – Мақпалыңызды... мына жолдастарыңыздан естігенмін... бұл мәжіндерге салыстыра көрмеңіз, ол бұлардан бүтіндей басқа әйел!

– Рахмет Ләтипа аппай, сізбен танысқалы көп көмекке, зор сүйенішке ие болдым.

Орныма барып отыра қалып, конверт пен қағазды әр әтіретке бөліп тараттым да өз әтіретіміздің арызын Асылбек дазужаңға, ұйғыр тілінде жаздырдым.

Бір құлағымыз үлкен бастықтың лекциясында болды. Майдан бастығының бағанағы жиын ашу сөзін құптай сөйледі үлкен бастық. Бізді жерлеп-жебірлей түсті. Жалғыз-ақ парқы, майдан бастығы атаған апаттарға тағы бір «үлкен апатты» қосуынан ғана көрінді: «біздің осы жетістіктерімізді көре алмай кейбір дос еліміз бізге шабуылға өте бастады»– деп, атын атамай ғана қосты. – «Жаратылыстығы бар, жасандысы бар қат-қабат апаттарға ұшырап жатқанымызда қаскүнемдікпен бұрынғы берген қарызын сұрады!»– дегенінен бұл «апатының» Совет одағы екенін түсіндік. – «Осындай дос, дос па! Отаншылдықпен ойлап көрелікші мұның не екендігін. Жығылған үстіне жұдырық, бізді түгел қырмақ болғаны емес пе!»– деп шекшие түсті бізге. Нағыз апаттарыңды танып алыңдар дегені екенін ұғып, өзіне біз де шекшие қарадық. «Отаншылдық» дегеннің өзі, қазіргі сатыда социолизм лагеріне қарсы ашық ұлтшылдық еді. «Пұтты былғаған жұртты былғайды, мынау, өз елінің ғана апаты емес, енді бүкіл социализм лагерін ыдыратушы апатқа айналды» деп тыжырындым. Ұлық енді ғылымилықтан мүлде аулақ қара күшке басты: «мейлі, жер жүзі жиянгерлігіне қосылып атқыласа да біздің бір тал түгіміз қисаймайды!»– деп күржиді. – «Арба дөңгелегіне жабысқан тәуетше жәншіліп қана қала береді, бітті, біздің даму жолымызды ешкім бөгей алмақ емес!...»

Лекция осымен тоқтады. «Мұнан да зорырақ секіріп ілгерілеудің», «кең байтақ, даламызды егінге толдырып, шабуылқор жау қолдарын кетпенімізбен қырқудың» қуаттама сөздері сөйленді. Аспанға ақырған ұрда жық ұрандар керілген кеңірдектерден атқылақтай жөнелді соңында. Лагер қызметкерлері мен әскерлер осылай қақшиып, зор жиынның кеудесін көтеруге алпарысқанда біз осы жыланның шалажансар денесінше жыбырлап қана жатқандаймыз. Айқайлап дауыс қосқан ешкіміміз жоқ. Арыздарымыз қолдан-қолға өтіп, Үрімжіден келген кадрлардың қолдарына осы шақта тиіп жатты. Ханзу әтіреттері де жазған екен.

Үдере түрегеліп майдан шетіне тізілуге беттегенімізде жортуылшы келіншек жанаса өтіп, менің бұрынғы бір қылмысымды есіме түсіргісі келгендей мықынымнан шымшып кеп алды. «Ертең кел, мақұл ма?» деп күбірлей қадалды да, «аурудан жазылған соң!» деген жауабымды ести сала зытты. «Қашан жазыларсың» дей алмай қашқан себебі, соңынан Ләтипа жетіп қалған екен. «Қасқыр қуып жүрсіз бе?» дегеніме Ләтипа күле қоштасты: «жиынның түрін көрдің ғой Биғаш, әйтеуір зорығудан сақтан!» деп айрылысты.

Автомобиль дөңгелегінің пәлесі тұрғанда мына жабысқақтан тап-таза құтылуым қиын екендігі ойыма орала берді. Басқа құрғақ жалалар осынша жабысқанда бұл күйе пәле қалай жабыспасын. Көп мәселені өзінен сұрап, сездіріп қойғанмын ғой!...

Әтіретке кештетіп әрең жеткенімізге қарамай, «сары теке» таң бозынан бақылдап Даяужыңын төмпешік, төбелерді шапқызып тегістетуге кірісті. Былтыр жаздан бері екі жердегі саздықтан сорғытқыш тоған қаздырып, бірін де бітіре алмай қалған соң бізге лайық жазаны осы жерден тауыпты. Шоқат-шоқат төбелі-жыралы, сойқанды-сорлы қағырдан егістік жер ашқызып, мол өнімге ие бола қоймақ екен. «Бұл жерде қамыс аз, егін шөптер азабынан құтыласыңдар!» деп жарылқайды өзі. Ешқайсымызды қиық көзінен қиыс қалдырмау үшін топтап, төбемізден төніп тұрып, демалдырмай кетпендетті төбелерді. Сор тозаңы өкпемізді қауып, тынысымызды буды. Сәл тұрып қалған біреуімізді көрсе, төбеден секіріп түсіп тепкілейді. «Даяужыңды түсінемісің!» деп қалшылдай тепкілейді. Аштығымызға қосылған мына қатегездік, қасапшылықтың «зор секіруі» болып көрінді.

Бірер күннен соң-ақ қайта шоңқидық. Өлекселер таяқтан қорқудан тағы қалды. Үш күннен соң ісіп-кеуіп қайта жығыла бастады. Біреуі арт жағымыздағы биік шағылға шығарылып тасталған соң ғана тоқтады бақылдау. Сарытеке шынына енді келіп маңырап жіберіп жиын ашты.

«Басқа әтіреттер жер жыртуға кірісіп кетті. Тракторлар күндіз-түні гүрілдеп, қопарып жатқанын естімейсіңдер ме!... Біздің жеріміз әлі тегістеліп болмаса, олар бізге келгенде не бетімізді айтпақпыз!... Енді ояныңдар, пікірлеріңді айтыңдаршы қане, қайтуымыз керек?... Майданымыздың биылғы егін жоспары тіпті зор. Барлық мақсат сендерді тойғызу үшін!... Еңбектеріңді мұнан соң әр күні бағалап отырамыз. Егін егіп болысымызбен жақсы істегендердің қалпағын алып, қайтарамыз, ұқтыңдар ма?... Әке-шешелерің, бала-шағаларың төрт көзбен жолдарыңа қарап отырғанын бізде түсінеміз, ұқтыңдарма?... Ертеңнен бастап төбелерді әр группаның адамы санына қарап бөліп берелік, үш күнде бітіріңдер!...»




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 379; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.014 сек.