Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ойлай-ойлай 2 страница




Мысал айтыс. Айтыс түріндегі шығармалар, шын мәнінде, бір ғана ұғымға бағынбайды. Ежелгі дәуірде қыс пен жаздың айтысы сол дәуірдегі адамдардың қиялынан туған, айтыстың түрін жасағысы келген ойдан пайда болса, қыз алғысы келген жігіт жағының сөз таласына құрылған құдалар арасындағы түрлі жарыстар (мәселен, қыз қуу, т.б.) артықшылық танытып, қызды жеңіп алу мақсатын көздеген болу керек.

Ал мысал айтыстардың жөні бөлек, ол, негізі, бір ақынның айтқаны. Бірақ авторы белгісіз болғандықтан, фольклорлық айналымға түсіп, ел ішінде бір ситуацияға байланысты қолданыста болған сыңайлы. Бұл шығармалардың өзін екі топқа бөлуге болады. Бір топ – «Нарманбет пен торы аттың айтысы», «Қожамқұл ақынның көкшолақ атымен айтысқаны» деген мәтіндер ақындардың төл шығармалары болып есептелуі керек. Екінші топ – шынайы фольклорлық мысал айтыстар, олардың бірінші топтан ерекшелігі – ақындар есімімен байланыссыз екендігі ескерілуі тиіс. Оған «Шаруа мен тарының айтысы», «Тай мен жігіт» атты мәтіндер қосылады. «Шаруа мен тарының айтысында»:

 

Шаруа:

– Қызталақ, сыйламадың сақалымды,

Қойып ем қарақшы ғып шапанымды.

Бәрі де тары еккеннің қарық болды,

Ұрайын дәнің алып пақылыңды.

 

Тары:

– Біте ме тастақ жерге тары деген

Жабылып жау шымшықтың бәрі жеген.

Басыма тары ектім деп бір келмедің,

Ұрайын сақалыңды тары жеген.

 

Салады жүген құрық қашағанға,

Қыласың неге уайым бас аманда.

Бәрі де реніштің естен шығар,

Тарыны майға қосып асағанда[1049], –

 

деп, өмірдің бір мысалын алға тартқан.

Ал «Тай мен жігіт» атты мысал айтысына берілген түсінікте «бір ақынның жалғыз тайы далада үсіп, өліп қалғанда айтқаны» деп берілген, бірақ ақынның есімі сақталмаған әрі бұл шығарманы мысал айтысқа қосудың жөні таймен «айтысып» тұрған жігіттің өз-өзін сөзбен жығып беруі, сөйтіп, өзіндік ақылға келуінде.

Жігіт:

– Ей, тайым, былшылдама, күйретермін,

Жабуың теріңменен сүйретермін.

Сен өлсең де, қам жемеймін,

Үйіріңнен бір тай әкеп үйретермін.

 

Тай:

– Ей, аға, осы өлімге басың кетер,

Сыпырса ұстарамен шашың кетер,

Екі сөзің бірінде үйсін дейсің,

Үйсінге малың түгіл басың кетер[1050], –

 

деп, өз-өзін сынап алады. Мәтін соңында «тай жеңеді» деп көрсетілген.

Шаруа мен тарының айтысында да байқап отырсақ, түйінді сөз тарының атынан берілген. Демек, бұл екі мәтінде де сөзден тосылатын жағдай жасалған.

Фольклорлық мұрамызда, сондай-ақ тарихи кезеңдердің ықпалымен туған айтыстар да бар. «Бай мен кедей айтысында» байдың «таяқ жеуі» шын мәнінде орын алған жағдай ма, ол белгісіз, бірақ шығарманың осылай аяқталуында тарихи оқиғалардың ықпалы болған.

Бай:

– Жоныңды тұрған жерде тілейін бе?

Теріңді бөлек-бөлек ірейін бе?

Ей, кедей, сенетұғын кімің бар ед,

Айта ғой маған енді көрейін де, –

 

деп сөйлеп, оған кедей:

 

– Жалмауыз бұл жалғанның сен жендет,

Көргенде адам сені селк етед.

Бұқаның мойынындай шүйде желкең,

Талайлар сені алдап, ішке тебед.

 

Кедейлер сен тәрізді май жемейді,

Аш-тоқтық көңіліне елемейді.

Сасық иіс сендей көп қып тамақ ішпейді,

Боқ қарын сен құсаған теңселмейді[1051], –

 

дегенде бай ашуланып, тұра ұмтылады. Кедей қолындағы қолшоқпармен ұрады. Мәтін соңында байдың қасындағы солдаттардың сөзі берілген, солайша байдың адам аяғандай күйге түскені баяндалған.

Сонымен фольклорлық айтыстардың тууына ел ішіндегі түрлі жағдай әсер ететіні белгілі болады. Бұған тағы бір дәлел – «маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жаныма мен сұламаны алып кел», – деп, қайнағаларының атын атамаудың әдісін тапқан келін туралы айта келіп, атасы сол айтқыш келінімен айтысып көруді іштей ойлап жүреді екен, – делінген бір мәтінде. Бірде қой сойып, басты үйітіп отырғанда бас жерге түсіп кетіп, атасының келінімен айтысуға жағдай туыпты. Сонда атасы:

 

– Айтамын айт дегеннен делі, келін,

Көреді нем тәуір сені келін.

Басымды сыбағалы күлге былғап,

Деп бедің алашқа айтпас сені, келін, –

 

деп басталған айтыста келін шалдың балаларының бәрі таз екенін әзілмен айта отырып:

 

– Ай, ата, ақыл қандай, айла қандай,

Кісіге залал қандай, пайда қандай.

Үйіңде ескен желдей қаптаған таз,

Ақылыңа тартпайды майлағандай.

Кісіге қарап тұрған тие беріп,

Атеке-ау, қайным бедің ойнағандай[1052], –

 

деп жауап беруімен атасы сөзден тосылған.

Атасы мен келіннің айтысуы «әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегеннен туған бір кісінің шығарғаны болуы да мүмкін. «Шаруа мен тарының айтысы» бір адамның айтқанынан белгілі болады. Бұларға қарап, айтыс жанрына қойылатын басты принцип – екі адамның сөз таласы болмаса да, бір жақтың шарттың түрде жеңуі мен жеңілуінің көрінісі сақталған.

Қорыта айтқанда, жалпы айтыс фольклорлық және ақындар айтысы болып, үлкен екі жікке бөлінеді. Ал қайымдасу айтыстың жанрлық бір түрі деуге келмейді, ол айтыстың жасалуындағы бір жол. Алғашқыда бұл үлгіні қыз бен жігіт пайдаланса, соңғы кезде бұл бөліну қалып барады. Яғни қыз бен жігіт айтысы айтыскерлер үшін жеке тақырып болғанымен, қайымдасу үлгісі баршаға ортақ. Әдет-ғұрып айтыстары аталып келген шығармалардың айтыс жанрына тиесілі емес екендігі ғылымның дамуы барысында белгілі болды. Ел ішінде туған фольклорлық айтыстар авторының жоқтығы арқылы танылады әрі өмірде кездесетін түрлі ситуацияларға байланысты туындап отырғанымен, сол арқылы тақырып ауқымының кеңдігімен ерекшеленеді.

§ 9. Лирикалық өлең

Халықтың көне дәуірден күні бүгінге дейін жеткен рухани қазынасының ішінде халық өлеңдері елеулі орын алып, халық тұрмысы мен қоғам тарихының даму жағдайына сәйкес өзгеру заңдылықтарын басынан өткеріп отырған.

«Өлең» деген ұғымның өзі де уақыт өткен сайын, әртүрлі мағынада ұғынылып, айтылу мақсаты, мазмұнына және орындаушысына байланысты да түрлі сипат иеленген. Ол екі-үш ауыз жаттамалы салт өлеңдерінен бастап, жеке дара талант иелері орындайтын биік өнер дәрежесіне дейінгі даму сатысынан өткен.

Мәселен, XV-XVIII ғасыр мұраларында «жыр», «сөз», «толғау» ұғымдары жиі көрініп, «өлең» ұғымы көп кездеспейді. Бұл тұрғыда Ш.Уәлихановтың өз тұсындағы өлең сипатына тоқталып, тұжырымдаған ойларында ғалым, ең алдымен, «өлең» сөзінің қазақ даласына кеңінен қолданылуға кіргеніне елу-алпыс жылдан көп аса қоймағандығын айтып, бұл ұғымның бұрынғы түсініктерді өзгерткендігі жайлы былайша тұжырымдайды: «Соңғы уақытта... қазақ сахарасында жыр поэзияның ескірген, көне формасы ретінде қолданудан қалды. Қазір қобыз сарынымен жыр айтушылық тек бақсылардың еншісіне ғана тиген. Домбыра мен өлең бұл күндері қобыз бен жырды біржола ығыстырып шығарды және «қазіргі ақындардың көпшілігі-ақ осы күнгі өлең формасын ең қолайлы өлшем ретінде қолданып, соған өздері жаттығып алған»[1053], - дейді.

Қазақ фольклорында негізінен үш-төрт ауыз сөзден аспайтын белгілі бір өлең өлшемі, бунақ, буын заңдылықтары бар көбіне он бір буынды, төрт жолды ұйқаспен айтылатын, тыңдаушының жадында тез жатталып қалуға бейім поэзиялық түрді «өлең» деп атау қалыптасқан. Өлеңдер өзінің жанрлық ерекшелігіне, айтылу, орындалу жағдайына лайықты белгілі бір әуен-ырғаққа құрылады. «Өлең» сөзінің шығу төркіні көне қыпшақ тіліндегі «ұла», «ұлағыл» сөзінің «әлденені жалғау, бір-бірін байланыстыру, бірін-біріне қиюластыру» деген мағынасынан шыққанын зерттеушілер тұжырымдаған[1054].

Халық өлеңдерінің композициялық құрылысы әртүрлі жағдайдан хабардар ететін жыр, толғауға қарағанда тұрақты, жинақы, қысқа болып келеді де, белгілі бір ойдың, сезімнің төңірегіне құрылады. Өте шағын ықшам өлеңдер ғұрыпқа, салтқа қатыссыз адамның түрліше көңіл-күйімен, оның айналасына қарым-қатынасын бейнелейді. Сондықтан да халық өлеңдерінің тақырып ауқымы кең. Ол жеке адамның сүйіспеншілік сезімдерін, арман-аңсарын, өмір, әділеттік пен әділетсіздік жайлы ой-толғамдарын әр тараптан өрнектейді. Ғұрыптың міндетті шарттарынан бөлек, өлең өріміне табиғат суреттерінің, адамның түрліше көңіл-күй, жүрек сезімдерін таныту тәсілдерінің енуі өлеңнің даму жолындағы елеулі кезеңді танытып, оның лирикалық сипатын арттыра түскен. Өйткені, «Лирикаға тән үлкен қасиет – оның қысқа да сезімтал болуында, жүрек толқытып, көңіл сергітер шуақты рухында»[1055]. Лирикалық өлеңдер ешбір рәсімсіз кез келген жағдайда орындала береді. Әрине, лирикалық сипат барлық салт өлеңдерінде де бар, бірақ олар салтқа байлаулы. Алайда, фольклордағы лирикалық ұғымның өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Онда лирика өзінше ұғынылып, өзінше байыпталады да, салт өлеңдерінің эстетикалық белгілері мен жалпы лириканың өзіндік сипаты бірлікте көрінеді.

Лирикадан белгілі бір қоғамның әлеуметтік сыр-сипаты танылып, сол дәуірде өмір кешкен адамдардың көңіл-күйі, сыры аңғарылады да, өлеңді айтушы өзі өмір сүріп отырған дәуірінің әлеуметтік жайын, саяси идеологиялық мақсат-мұратын өз атынан сырлы әуен-сазымен жеткізеді, яғни өз көзқарасы, ішкі көңіл-күйін, сырын білдіреді. Сөйтіп, ол заманына, өз дәуірінің идеологиясына үн қосады. Соның жырын жырлайды. Халық лирикасы бүкіл халықтың эстетикалық құралы болғандықтан, халық лирикасы деп аталады. Бұл жөнінде ғалым С.Г.Лазутин: «Дәстүрлі лирикалық өлеңдердің өміршеңдігі, олардың халықпен бірге өмір сүріп, әрбір тарихи кезеңдегі идеялық-эстетикалық қажеттік негізінде халықтың өмірі мен санасына байланысты байқалмай, өзгеріп отырғандығымен түсіндіріледі»[1056], - дейді. Фольклорлық лирикалық өлеңдер бұрыннан келе жатқан көркемдік бейнелегіш құралдарды жаңаша тұрғыдан пайдаланады.

Халық өлеңдерінің көлемі шағын болғандықтан, бір дәуірдегі өлеңді келесі бір дәуірде өзгертіп, жаңа ой-ұғымдарды жамап-жасқап айтуға ықшам, өзгеріске бейім келеді. Ондағы дәуір ізін анықтаудың қиындығы осымен байланысты. Қазақ фольклорындағы өлең ұғымының мәні кең ауқымда ұғынылады. Өйткені: «...Өлең қазақ поэзиясының негізгі түрі, көне салт, әдет-ғұрып поэзиясы да, әндердің текстері де, айтыс, ғашықтық жырларының көпшілігі де, кейінгі поэзияның негізі де осы өлеңмен жазылған. Өлең қазақ әдебиетінде ән-өлең ұғымында да, өлең-жыр (стих) ұғымында да жүреді. Өлең қазақтың барлық тарихы өмірінде біте қайнасып, араласқан. Ойын-сауығын да, әзіл-қалжыңын да, қайғы-қасіретін де, жорық-соғысын да, өлім-азасын да, той, астарын да, мерекелерін де – бәрінде өлеңмен бейнелеген және қазақтың бірер ауыз өлең айтпайтыны сирек»[1057].

Лирикалық өлеңде жеке адамның жан сезімінен бастап, ірі әлеуметтік оқиғалар да, ел басына түскен түрлі ауыртпалықтардың ізі де бедерленеді. Мысалы: қазақ хандығы деп аталатын үш жарым ғасырға созылған дәуірдің ең бір өзекті мәселелерінің сәулесі халық өлеңдерінде де бейнеленіп отырған.

Өз алдына мемлекет болып өмір сүрген елдің алдында аса маңызды әлеуметтік міндеттер болды. Олар: «...бірінші, малға, жанға жайлы қоныс тауып, орналасу; екінші, өз алдына ерікті ел болып, өзін-өзі басқару; үшінші, алауыздық танытпай, сүттей ұйып, ұжымдасып, бірауызды ынтымақты болу, өзінің елін-жерін - Отанын қорғау еді»[1058]. Яғни бұл кезеңде халықтың қоғамдық-әлеуметтік құрылымындағы басты мәселелер ықпалынан тарихи-әлеуметтік лирика алғы кезекке шығып, басқа тақырыптар соның аясында дамыды. Қазақ фольклорында Алтын Ордадан Жәнібек пен Керейдің бастауымен Шу өзені мен Қара Ертіс аралығында 1456 жылдары құрылған қазақ хандығының бөлініп шығу себебі туралы өлең сақталған. Әбілқайырдың екі сүйікті адамы Дайырқожа мен Қарақыпшақ Қобыландының арасындағы дау-жанжалға, Дайырқожаның өлімі себеп болып, Жәнібек бірсыпыра қазақ руларын ертіп, Алтын Ордадан бөлініп кетеді. Осы тарихи оқиғаға байланысты жағдайлар Дайырқожаның әкесі Қыдан тайшы айтты деген өлеңде сақталған:

 

Қарақыпшақ Қобыландыда

Нең бар еді, құлыным?

Сексен асып,

Таянғанда тоқсанға,

Тұралмастай,

Үзілді ме жұлыным?

Адасқанын жолға салдың,

Бұл ноғайлы елінің,

Аққан бұлақ,

Жанған шырақ,

Жалғыз күнде құрыдың,

Қарақыпшақ Қобыландыда

Нең бар еді, құлыным?[1059].

 

Алтын Ордадан бөлініп, көңілі орнықпай, әлі хандық болып бекімеген халықтың алаңдаулы көңілі мен жүрекжарды сезімін танытатын көңіл-күй сипаттары бізге «Қазақ-ноғай бөлінгенде» деп аталатын шағын өлең арқылы жеткен.

«Жылау, жылау, жылау күй,

Жылаған зарлы мынау күй,

Қазақ пен ноғай айрылды,

Қазақ сартқа қайырылды,

Ноғайлының ну елі,

Күңіренді, қайғырды

Қарақыпшақ Қобыланды,

Қара орнынан айрылды.

Ел қанаты қайрылды.

Зор күн туды, зор күндер,

Кетті күлкі мол күндер.

Жылау менен қоштасу.

Келер ме қайтып сол күндер[1060].

 

Халықтың өміріндегі белгілі бір тарихи оқиғалардың оның ой-танымы мен рухани дүниесінде де өзгеріс тудырып, өлең шығарудың дәстүрлі принциптерінің жаңғыртатындығы да өлең дамуынан анық көрінеді.

Қысқа көлемді халық өлеңдерінде кең эпикалық баяндаулар, тарихи оқиғаның тұтас суреті емес, болған жағдайдың халық тағдырына тигізген ықпал-әсері ғана сөз болып, соған қатысты халықтың сезім сырын (қуанышты, қайғылы) көрсету тән. Мәселен: қазақ халқының тағдырындағы «Ақтабан шұбырынды оқиғасы» жайлы көп айтылып, жазылды. Осы оқиғаның қазақ тұрмысына, тіршілігіне қаншалықты әсер еткендігін танытатын С.Сейфуллин келтіретін өлең үлгісінде бүкіл мал-жанынан айрылып, үдере көшкен елдің жаугершілік замандағы хал-күйі жан-жақты сипатталған[1061].

Сондай-ақ ел-жұртынан айрылған жұрттың туған жеріне деген сағыныш сезімі қоштасу өлеңдерінің үзінділері арқылы жеткен.

 

Ақшеңгелдің түбінде ін бар екен,

Біздің елге баратын кім бар екен?

Долана-ай.

Қанша жақсы болғанмен,

Өз еліңдей бола ма-ай[1062].

 

Халық өлеңдерінде тек іргелі әлеуметтік оқиғалар, таптық теңсіздік тақырыптары ғана бейнеленбей, күнделікті күнкөріс, тұрмыс-тіршілікке байланысты өмір суреттері де көрініс тауып отырған. Мәселен, ата-бабаларымыздың егіншілік кәсібімен ежелден-ақ айналысқандығы өлең өріміндегі төмендегідей жолдардан танылады:

 

Құрбым-ау, серттеселік, серттеселік,

Сақтаса серттен Құдай, ептеселік.

Көңілің, сірә, бізде болса егер,

Тасындай диірменнің беттеселік[1063].

 

Көзіме көрінесің егіндей боп,

Егіннің жаңа шыққан көгіндей боп.

 

Алыстан ат аямай келгенімде,

Ей, құрбым, күліп-ойна өзімдей боп[1064].

 

Ал, сауда-саттыққа байланысты ой-түсініктер:

 

Ауылым көшіп барады Сарымсаққа,

Қой айдаттым базарға алымсаққа.

Аулың алыс кеткенде, ей, қалқатай,

Жырлайды екен шыбын жан сағынсақ та[1065].

 

Базардан алып келген қызыл кілт,

Шығады күн батарда қызыл бұлт.

Кеткенде аулың алыс, ей, қарағым,

Елесің көз алдымнан болмас ұмыт[1066], -

 

деп өріледі.

Қазақтың халық өлеңдерін жинап, бастырушылардың ішінде М.В.Готовицкий өлеңдердің лирикалық сипатына ерекше көңіл бөліп, оларды мазмұны жағынан эпикалық, лирикалық және драмалық деп жіктеп, лирикалық өлеңдердің кең тарағандығын көрсеткен: «Лирикалық өлеңдер табиғатты сипаттап, сүйіскен жастардың жолығысқан жерін, олардың айрылысуы мен аһ ұрған күйінішін көрсететін көптеген қысқа өлеңдерден құралған. Барлық шығыс поэзиясы секілді қазақ өлеңдерінде де теңеудің атқаратын рөлі ерекше. Бірақ бұл парсы поэзиясындағыдай орынды-орынсыз тықпалап, шектен шыға қолданылатын метафораға ұқсамайды. Қайта қазақ өлеңдерінің өзге текстері тәріздес лирикалық өлеңдердің ерекше белгісі – оның ешбір боямасыз, қарапайымдылығында»[1067], - деп көрсеткен.

Халық өлеңдеріндегі лиризмнің терең көрінісі – екі жастың махаббат сүйіспеншілік сезімдерін суреттейтін өлеңдерден айқын көрінеді. Онда адамның бас бостандығын аңсау, еркіндікке ұмтылу алғы кезекке шығарылып, жеке адам бостандығына ұмтылған азаматтық сарын басты мән иеленеді. Мәселен: қыз бен жігіттің салт үстіндегі жауаптасуларының өзінде батылдық көріне бастайды.

Жігіт:

– Қарағым, айналайын, қалам қасым,

Сен – аққу көлден ұшқан, мен – лашын

Ақ жүзіңді ай-аптада бір көрмесем,

Бойыма тарамаушы ед ішкен асым.

 

Қыз: – Тал үйдің салдым жаңа түтіндігін,

Отырсың кетейін деп күтіп бүгін.

Кісіге алған, берген не болады,

Көңілдің білдірерлік бүтіндігін[1068].

 

Қазақ тарихындағы ХІХ ғасыр мәдени дамудың ерекше бір өрлеу кезеңі болып саналады. Бұл кезеңде фольклордың өнер ретінде мәні артып, әрі ақындық поэзия да кең қанат жайып, олардың шығармашылығында фольклорлық дәстүр мен заманның жаңалығынан туындаған үрдіс қатар өріс тауып жатты.

Демек, ХІХ ғасырдағы лирикалық өлеңдер өнер иесінің көңіл-күйінің елегінен өткен қоғамдық өмір көрінісі, ой-пікір, сезім сығындысы десек, оның бастапқы қайнар бұлағы – халқымыздың бай фольклорлық қазынасында жатыр. Бесік жыры, жар-жар, қоштасу, сыңсу, көңіл айту, естірту, жұбату, жоқтау түріндегі өлең-жырлар арқылы ұзақ тарихты бастан кешірген лирика да біз қарастырып отырған дәуір тұсында өзінің бастапқы табиғатын біршама өзгертіп, мағына тереңдігі, көркемдік бояуының қоюлығы, сезім байлығы жағынан едәуір ілгерілегені байқалды.

Бұл уақыттағы лирикалық поэзия үлгілерінің өзіндік ерекшелігі: халық лирикасымен жеке аты мәлім ақындардың лирикалық шығармаларының бірін-бірі толықтырып, дамытып отырғандығымен сипатталды. Яғни қазақтың лирикалық өлеңдері халықтың эстетикалық ой-сезімі мен саяси-қоғамдық көзқарасының айқын көрінісіне айналып, халықтың сол тұстағы аса зәру арман тілегін білдірді.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында отаршылдық саясат мейлінше күшейіп, қазақ халқының азаттық, еркіндік жолындағы қаһармандық күресі аяқталып, отаршылдық қамытына мойынұсынған кезеңі болды. Басында патша үкіметі аға сұлтан тәртібін орнатса, кейін оны жойып, болыс, старшын сайлау, штат тәртібін бекітіп, би сайлау тәртібін шығарды. Мұның бәрі қазақ арасындағы таптық шиеленісті күшейтті. Қазақ бұқарасының малы жауға, басы дауға түскен бұл кезеңде ру аралық дау-жанжалды үкімет әдейі өршітіп отырды.

Елдің ішкі бірлігінің бұзылып, қазақ жүздерінің бет-бетімен ыдырап, Орта жүзді Абылайдың баласы Уәли ханның билеуі, Ұлы жүзге Бұхар – Қоқан хандығы ықпалының артуы, Кіші жүзде Бөкей хандығының өз алдына саясат жүргізіп, оның біраз жерін (Маңғыстау, Арал маңы) Хиуа хандығының басып алуы сияқты тарихи өзгерістер халық поэзиясындағы елдің тұтастығын, бірлігін аңсау идеяларын бұрынғыдан да күшейте түсті.

 

Бұрынғыдай заң қайда?

Ғаділдік еткен хан қайда?

Жамандыққа қадамат,

Құдай деген жан қайда?

Ілгері заман келмейді

Жаманның көңілі өр болды.

Санасы бар жақсының

Жүрегі толы шер болды.

Опасы жоқ заманға

Қылған қайыр сор болды.

Осы күнгі жақсының

Уайымсыз күні жоқ

Қасіретсіз жатар түні жоқ

Мұны байқап білетін

Аға менен іні жоқ

Ойында жүрген пікірін

Айтайын десе тілі жоқ[1069].

 

Бұл кезеңде салт өлеңдерінің ішінде жоқтаудың отбасылық мәселе ауқымынан шығып қоғамдық, әлеуметтік ой-айтудың құралына айналғандығы айқын аңғарылды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 648; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.113 сек.