Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ойлай-ойлай 5 страница




Қара өлең ауызша шығып, тараған халықтық шығармалардың ең молырағы да, көнесі де. Олай дейтін себебіміз, қара өлеңнің стилінде тым ерте заманның теңеу, салыстырулары, суреттеу, бейнелеу әдістері бар. Соның бірі – қара өлеңнің қосалқы жолдары.

Рас, қазақ арасына кеңірек тараған осы қара өлеңдердің сыртқы жасалу үлгісіне, ұйқасына қарап, мұның алдыңғы екі жолын тіптен мағынасыз екен деп ойлауға болмайды. Ара-тұра айтылатын «Әриайдай дегенге әриайдай», «Ендеше езек-безек, езек-безек» деген сияқты бірлі-жарым мағынасыз тармақтар болмаса, қара өлеңнің қосалқы жолдары, негізінен, халықтың күнделікті тұрмысынан, көшпелі өмірдің көп белгі суреттерінен тұрады.

 

Қай беткей, мына беткей, қоба беткей,

Мал қайда ер жігітке талап етпей[1108].

 

Ауылым көшіп барад көл қиялап,

Көрмейді көл қызығын қаз ұялап[1109].

 

Жылқыда ерен жүйрік сарым болса,

Түйеде қызыл бұйра нарым болса[1110].

 

Жапалақ жалт-жұлт етіп ұшар сайдан,

Лашын құс жетіп, ілер әлдеқайдан[1111].

Әуеде бір жұлдыз бар темірқазық,

Бәйгеден ат келеді бауырын жазып[1112].

 

Сен кидің ақ көйлекті қос етектеп,

Мен келдім ақ боз атты бос жетектеп[1113], –

 

деген қосалқы жолдар бірде қазақ халқының көші-қонын, кең жазық сахарасы мен айдын көл, асқар тауларын, енді бірде төрт түлік малының қасиет-қадірін, киген киімінің үлгісін, аңшылық, саятшылық өнерінің қызығын бейнелеп, көз алдымызға келтіреді[1114]. Бұлай етпесе, қазақ өлеңінің бас-аяғы құралмайды, айтайын деген ойының түйіні табылмайды. Сол түйін – халық өмірі, ел тіршілігі, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан әдет-ғұрып, жора-жосығы. Мұнсыз айтылған өлеңді қара өлең, қазақ өлеңі деп ен таға қою да екіталай.

Қара өлең көз көріп, көңіл жарасып отырған сәттің ғана өлеңі емес, ол шалғайда жүрген дос-жаранның, ағайын-туғанның, сырлас ғашықтардың арасын сәлем хат болып та жалғастырады.

 

Құлағыма салғаным алтын сырға,

Таң алдында шық тиер балтырыма,

Уәденің құлы боп күтіп жүрмін,

Сәлемімді айта бар жарқыныма.

 

Осы өлеңді той үстінде айтқан қыздың бұл «Сәлем өлеңді» кім арқылы құлаққағыс етіп айтқаны, оны кімге жеткізу керектігі сол ортада мейлінше түсінікті болғаны ешкімге де шәк келтірмейді. Бұл өлеңде мұнан да гөрі мәнді бір қасиет бар. Ол – қыздың зерделігі, адалдығы, айтқыштығы! Құлағына салған алтын сырғасы – сол баяғы сүйген жігітіне уәде берген қалпын, салтанат-сәнін бұзбай, күтіп жүрген адалдығын айтқаны. Тілімізде «Алтын өзі теңдесті іздейді екен» деп келетін мәтел бар. Ал, тәніне тиген таңғы шық – пәктігі үшін тартып жүрген жан азабы, сағынышы, махаббаты. Дәстүрлі таным-түсінік бойынша су – ғашықтықтың, өмірдің символы. Ою-өрнегіміздегі «су» деп аталатын жолақтың киелі саналатыны сондықтан. Егер сол таңғы шық – таңғы қырау немесе мұз түрінде айтылса, онда ғашықтық сезімнің сөнгені, өмірдің өшкені. Тіліміздегі «Жүрегім мұз боп қатып қалды», «Қайғы тоңы жібіді» дегенде қайғы-қасіретті білдіретін немесе «Көңілім судай тасыды», «Суын тапты» дегенде қуаныш-шаттықты білдіретін тіркестер көне ұғым-түсініктен қалған нышандар. Демек ару қыздың «Сәлем өлеңіндегі» тәніне тиген таңғы шықты естіген жігіт кеудесінде жаны болса, ғашығына құс болып ұшып, жетуге тиіс. Осынау символдық астарға қоса ару қыз «уәденің құлы болып жүргенін» бүкпесіз, ашық айтқандай болады. Дәстүрлі ұғымымызда уәде – Тәңірінің немесе Құдайдың бір аты деп қабылданған. Демек қыздың бұл тіркеспен де астарлап, өздері ғана түсінетіндей етіп айтып отырғаны – әлі арымды таза сақтап жүрмін дегені. Міне, бір ауыз қара өлеңнің бойындағы халық болмысымен сабақтасып жатқан қасиеті осындай.

Қазақтың қара өлеңі сияқты қысқа да қызықты шағын өлеңдердің үлгісі дүниежүзіндегі көптеген елдердің фольклорынан да байқалады. Мысалы, жапондықтардың «хокку», индонезиялықтардың «пантун», скандинавия-лықтардың «квазура», түріктердің «мани», орыстардың «частушка», өзбектердің «кушик», тәжіктердің «рубои», «баит», «ашуласы» осы тектес, бірде екі, бірде үш, бірде төрт жолмен аяқталып отыратын қысқа өлең түрлері. Тәжіктің көрнекті фольклорист ғалымы Р.Амонов бұл өлеңдерге тән негізгі ерекшелік оның қысқалығында, адам сезімінің нәзік пернелерін дәл тауып, соны шағын формаға сыйғыза білуінде, әртүрлі тұспал, метафора, символ, синоним, эпитеттерінің байлығында дейді[1115].

Татардың белгілі фольклортанушысы Ғали Рахим: «Біздің жырларымыз әр уақыт қысқа ғана, төрт жолды жырлар болады. Әркім өзінің айтқысы келген ойын сол төрт жолмен тәмәмдайды. Егер ол кісі екінші бір жыр жырласа, ол жыр енді әуелгісіне жалғанбайды, бүтіндей екінші нәрсе жайында болады, екінші мағына алады», - десе, Хамит Ярми біздің төрт жолды шағын өлеңдеріміздің бірінші екі жолы мен соңғы екі жолының арасында мағына жағынан ешқандай байланыс болмайды деп жазады[1116].

Ал, қырғыз бен қарақалпақта, өзбек пен ұйғырда қазақтың қара өлеңіне ұқсаған өлең үлгілерінің бар екенін мына мысалдардан-ақ көруге болады.

Өзбекте:

Ақ киік қайда жүрер тау болмаса,

Қызыл гүл қайда бітер бау болмаса.

 

Ер жігітке жаман іс кедейшілік,

Сүйген жарын алуға пұл болмаса[1117].

 

Қарақалпақта:

Дарияның ортасында еккен тал бар,

Үстімде ақ сүп көйлек, мақпал шалбар.

Жан ағам, түскеніңде сен есіме,

Шықпаған көкіректе шыбын жан бар[1118].

 

Қара өлең әнге салынып айтылғандықтан да оның қайырмалары формалық жағынан мейлінше алуан түрлі болып келсе, мазмұны негізгі шумақтың шашбауын көтеруге, астарлы ойды ұштай түсуге қызмет етеді. Қара өлеңнің көп ретте символмен, емеурінмен немесе астарлы образбен айтылатын ойлары қайырма арқылы діттеген жеріне жетіп, мағынасы артып, эмоциялық әсері күшейіп отырады. Қайырманың да өлеңдік қасиетінде қара өлеңдегідей силлогизмдер, образды параллельдер, мимемалық мәндегі сөздер, әсіресе, вокализдер мейлінше мол ұшырасады. Алайда, қара өлең тек қана силлабикалық жолмен, міндетті түрде он бір буынды, төрт тармақты болып, ұйқасы а-а-б-а түрінде түзіліп отырса, қайырмаларда бұл сияқты формалық үлгі мүлде сақталмайды. Қайырма формасы негізінен ән-әуеннің бітіміне бағынышты болып келеді. Сондықтан да оның түр, формасы қанша болса, сонша құбылып, мейлінше мол үлгілері кездесе береді. Осы қасиеттеріне мысал-айғақ келтіруге болады.

Мәселен, өмір-дүние, кісілік-достық жөніндегі ойшыл қара өлеңдер:

 

Дүние – дастан,

Әуел-ақ бастан,

Ақылды дұшпан артық

Ақымақ достан, –

 

деп келетін қайырмалармен түйінделеді.

Колхоздастыру кезеңі туралы айтылатын қара өлең шумағы мынандай қайырмамен көмкеріліпті:

Кекілдік,

Біз колхозға бекіндік!

 

Осынау қысқа-қайырым жолдарда тарихи өмір салтын өзгертіп, жаңа қоғамның іргетасын қаласуға бел буған қазақ еңбекшілерінің әлеуметтік психологиясы мейлінше ұрымтал берілген.

Сол сияқты мимемалық мәндегі немесе вокализі басым қайырмалардың небір қызықты үлгілерін келтіруге болады.

 

Әттә-рә-ри рай-рай,

Әттә-рә-ри рай-рай,

Өтті-ай күнім, өтті-ай,

Күнім, күнім, күнім-ай.

 

Әкки-гәй, сары бел,

Соғар салқын самал жел.

 

Әри-дәри даттай,

Әри-дәри даттай,

Әри-дәри-дай!

И-ах-уай!

Бәлләй! Бәлләй, ботам-ай,

Бота көзің екеу-ай!

Ендігі бір орайлы сөз, қазақтың қара өлеңі осынша мол көркемдік қасиеттерге, әбден орныққан жанрлық дербестікке, формалық тұрақтылыққа қалай жетті деген мәселе жайында. Бір шындықтың басы ашық, қазақ халқының әдеби фольклорлық мұраларының баршасы сияқты, қара өлеңнің де тек-тамыры түркі халықтарына ортақ байырғы әдеби жәдігерліктермен сабақтасып жатыр. Мұның небір бұлтартпас қызықты айғақтарын сонау Түркі қағанаты заманындағы тас-қашау жазбалардан (VI-VIII ғ.) бастап, одан берідегі «Оғызнама» (IX ғ.), «Қорқыт ата кітабы» (IX ғ.). Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» (XI ғ.), Махмұд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі» (XI ғ.), Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» (XII ғ.), «Кодекс куманикус» («Кумандар кітабы») сияқты еңбектерге дейін көктей шолғанда айқын аңғаруға болады. Әсіресе, тілдік тектестікке, сөз тіркестерінің сәйкестігіне, образды теңеулердің ұқсастығына, этнографизмдердің сабақтастығына қатысты мысалдар мол ұшырасады. Тіптен, сонау XI ғасырда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» формасы жағынан он бір буынды, қос тармақты болып келеді де, онда айтылатын ақыл-өсиет сарындары қара өлең орамдарына мейлінше үндес келіп жатады. Мәселен, «Құтты біліктегі»:

 

Бұл дүние қып-қысқа көрген түстей,

Қадірін білген дұрыс, көрге түспей, -

 

деп келетін жолдарды әнге салып, бүгінгі тындаушыға айтылса, қазақтың көп қара өлеңінің бірі деп қабылдап қалуы әбден мүмкін. Сонымен қазақтың қара өлеңі өзінің тал бойына, әрісі байырғы түркілік әдеби дәстүрден нәр жинаса, берісі төл сөз өнеріміздің көркемдік негізіне табан тіреп отыратыны аян.

Бұл айтылғанның бәрін тұжырымдап айтқанда:

1. Қара өлең міндетті түрде он бір буынды, төрт тармақты болып келеді;

2. Қара өлең міндетті түрде а-а-б-а түрінде аралас ұйқасады;

3. Қара өлеңнің тақырып аясы өмірдің өзіндей шексіз болғанымен, әр шумаққа белгілі бір ғана ой арқау болып отырады. Ол ой – жиын-тойдағы жеңіл әзіл-оспақтан бастап, өмірдің мәні мен сәніне, ел қамы мен халық тағдырына дейінгі кесек тақырыптарды тілге тиек ете алады;

4. Қара өлеңдегі ой-тұжырым көбінесе дедуктивті формада, яғни силлогизм тәсілімен айтылады. Мұндайда өлеңнің алғашқы екі жолындағы ой дәстүрлі ұғым жүйесі бойынша екінші бір ойдың образдық, символдық, емеуріндік айғағы немесе шендестірілген постулаттық негізі болып отырады да, сол ой-айғақ өлеңнің үшінші және төртінші жолында айтылар тоқетер түйін идеяға қызмет етіп отырады;

5. Қара өлең міндетті түрде созылмалы немесе қоңыр әнге салынып айтылады. Бірақ бірде-бір қара өлеңнің тұрақты әні болмайды. Әркім өзінің даусына лайықты әнге қалаған қара өлеңін салып айта береді. Мұның өзі қара өлең айту дәстүрінде әннен гөрі сөздің, ой-ниет білдірудің негізгі міндет атқаратынын білдіреді;

6. Әр әннің ырғақтық ерекшеліктеріне орай қара өлең тармақтарындағы бунақтар орын ауыстыра береді. Мәселен, «Елім-ай» әнінің өлеңіндегі бірінші тармақ «Қаратаудың басынан көш келеді...» деп айтылады. Егер осы тармақтағы бунақтардың орнын ауыстырып, «Басынан Қаратаудың көш келеді» деп айтсақ, «Елім-ай» әніне салуға үйлеспес еді. Сондықтан да әр әннің ырғақтық ерекшеліктеріне орай қара өлең бунақтары да орын ауыстыра береді. Тек ұйқасатын бунақтар ғана тұрақты болады.

7. Қара өлеңнің тұрақты қайырмасы болмайды. Бірақ әнге салып айту барысында міндетті түрде қайырма қоса айтылады. Қара өлеңнің қайырмасы формасы жағынан алуан түрлі болып, ұдайы негізгі ой-ниеттің мәнін аша түсуге, эмоциялық қуатын арттыруға қызмет етіп отырады.

8. Қара өлеңнің жұрт талғамында сұрыпталған асыл үлгілері ауыздан-ауызға тарап, көптің жадында жүргенімен, өмірдің мың сан жағдайына орай ел ішінде ұдайы тыңнан туындап жатады.

Міне, осы қасиеттер – фольклорлық қара өлеңнің жанрлық дара сипатына айғақ тұрақты белгілері.

 

 




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 844; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.