Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ойлай-ойлай 1 страница




Айтыс

Жалпы сипаты. Айтыс – халқымыздың ғасырлар бойғы өмірінің талап-тілектеріне сай туып, кең өркен жайған жанр. Осыған орай М.Әуезов кезінде: «Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ. Бұл өлеңдер өте көп, көптігі жұрттың бәріне мәлім. Бұл күндері баспаға басылып, ол жазба күйінде жиналып жүрген айтыстардан басқа талай-талай жақсы айтыстардың әлі күнге жазылмай, жиналмай жүргені де толып жатыр. Бұдан айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы болғанында дау жоқ»[1032], - деп жанр тарихының тамыры тереңде екенін таныған.

«Айтыс» деген қазақтың төл сөзі, ол ежелден айтысу, сөз жарысы, пікір таласы деген ұғымда қолданылып келген. Осы талапта айтыс шешендік қара сөзбен де, кезектесіп күй тартысу арқылы да, суырып салып айтылған тартысты өлең жолдарымен де іске асырылатын болған.

Айтысты зерттеушілер шығармалардың жасалу түрі – екі жақтан айтылуына қарай бәрін айтыс жанрына қосып, бәдік айтыс, өлі мен тірінің айтысы, мал мен адамның айтысы, салт айтысы дегендей жанрішілік түрлерге бөліп, түрлі жіктеулер ұсынғаны белгілі[1033]. Дегенмен айтыстың жанрлық басты ерекшелігі – екі жақ болып айтысқандардың бірі жеңіп, екіншісінің жеңілуі мақсат болады. Фольклорлық мұрамызда тек сыртқы түрі жағынан айтысқа ұқсайтын, бірақ айтыс жанрының табиғатынан бөлек шығармалар бар. «...Бәдікке қатысты қолданылатын «айтыс» сөзін жанр атауы мағынасында емес, бәдікті қыз бен жігіттің кезектесіп айтуы, орындауы деген тұрғыда түсіну қажет екені»[1034] белгілі. Көне фольклорлық туындылар арасында аруақпен айтыс бар. Ол кейде өлі мен тірінің айтысы деп те аталған. Бұл аруақпен айтысты Х.Досмұхамедұлы жоқтаудың бір түрі деп дұрыс атаған. Өйткені, бізге жеткен «Ақбала мен Боздақ», «Аймаңдай мен Бабас» мәтіндерінің мола басында айтылғаны туралы тұрақты түрде ескертіледі. Шынында да, мола басына өлген адаммен айтысып, оны сөзбен жеңу үшін емес, адам өліп жатса да, естиді деген түсініктен оған деген сыр-мұңын айту үшін келеді. Сондықтан оның да айтыс жанрынан бөлектігі айқындалады. Дегенмен айтыс өлеңдерінің арғы тегін, қалыптасу барысын сөз еткенде, М.Әуезов атап көрсеткендей, оның тым әрідегі әдет-ғұрып, салт өлеңдерінің ықпал еткені байқалады. Шындығында, бәдік пен жар-жардың архаикалық үлгілері қандай болғанын дәл айту қиын, бізге ұзақ ғасырлар бойы жетіліп, кемелденген мәтіндер жеткенін ескеруіміз қажет. Бұлар даму барысында лирикалық сезімді де белгілі дәрежеде сіңіріп, қыз бен жігіт айтысының бөлініп шығуына жол салған.

Айтыс қазақтан өзге қырғыз, қарақалпақ, алтайлықтарда да бар. Өзбек, түрік секілді ұлттарда айтыстың сын-сықақтық, күлдіргі түрлері ғана сақталып қалған. Түрік елінде үш ақын қатысып, бір-бірін әзілден күлкі ететін дәстүр («Атышмалар») кең тараған. Бұларға қарағанда, айтыс түрік тектес елдердің бәрінде де бар, алайда, бірінде мол, енді бірінде аз дамыған. Бұған әр халықтың басынан кешкен өмір салты мен тұрмыс-күйі елеулі әсер етіп отырған.

Көне дәуірлерден келіп жеткен жазба мұралардан да айтыстың сол кездегі көрініс-сипаттарын танып, аңғаруға болады. Мәселен, М.Қашқаридің «Диуани Лұғатит-түркі» кітабында жаз бен қыс бір-біріне айып-мін тағып, өздерін мақтасып, бойындағы артықшылық қасиеттерін тізбелеп, көтере дәріптейді. Сол арқылы қарсыласын тұқыртып жасытып, мысын басуды көздейді. Бір ерекшелігі: екі жақ та қарсыласы айтқан аталы сөзге тоқтап, әділдік танытады, жеңілген жағы өз кемшілігін мойындап, тосылғанын тайсалмай, ашық айтады. Бұл жаз бен қыстың, яғни әр жыл мезгілінің антропоморфты иесі бар есептегеннен шыққан. Халық бұл айтыста жаз мезгілінің жеңіп шыққанын қалайды.

Ал, Ахмет Иассауидің «Диуани хикметіндегі» пейіш пен тозақтың арасындағы айтыс мұсылмандық дінге бой алдырған ақынның авторлық туындысы болуы керек. Мұсылмандық мифология бойынша мұндай айтыстың болғаны әзірше белгісіз.

Қыз бен жігіт айтысы. Қыз бен жігіт айтыстары өзінің табиғи бітімі арқылы әу бастан әзіл-сықаққа бейім. Бұл – көбіне-көп жар іздеп, үй болу, отбасын құру талаптарымен ұштасып жатады. Кейде бұларда әзіл сөздің жүйесінен тосылу, тоқталу да ұшырасады, дегенмен қалыпты сөз бәсекесі, дәстүрлі айтыстарда жеңілгенін өзіне мойындату да кездеседі. Сондағы зілсіз әзіл-қалжыңның өзі кейбір тұста тізе бүктірудің бір амал-тәсілі ретінде қолданылатыны да бар. Бұл бір себептерден қыздың дәстүрлі жолмен орамал, түйме, теңге беруімен аяқталатыны байқалады.

Айтыстың алғашқы қайнар көзі жар-жар мен бәдіктің өзінен сол жанрға тән кейбір белгі-нышандарды аңғарып, тануға болады. Айталық, жар-жарда екі жарылып, топтаса өлең айтқан қыз бен жігіт тобының өзінде іштей болса да, қарама-қайшылық бар. Жат елге, тіпті, сүймейтін жігітке тұрмысқа шығудың, сондай-ақ, әке-шеше, туған-туыстардан бөлініп, уақытша болса да, қол үзудің қиындығын айтып, мұңын шаққан қызды жұбатудың, барған жерінде жаңа туыстардың болатынына сендірудің өзінде өмір заңдылығы бар десек те, екі жақ бір-біріне кереғар оймен наразылық танытады, бұл жәйт келе-келе қарсылас екі топтың келіспес дау-дамайы мен пікір таласына ұласатынын байқатады. Мұндай келелі сөз, пікір сайысы ұзын сонар жыр жолдарын талап етері даусыз, сөйтіп, бұрынғы ортақ, жаттанды өлең жолдарынан біртіндеп шығып, өз жанынан шығарып айтуды талап етеді, соның нәтижесінде ұйқас үшін алынған қосалқы жолдардың орнына бейнелі де көркем өлең шумақтары дүниеге келеді. Бұл үрдіс ақпа, төкпе айтыс ақындарының шығармашылығына жол салды. Мұның ақыры көшпелі өмір талабына сәйкес өркен жайған айтыс жанрының туып, қалыптасуына негіз болды. Осы талаптар тұрғысынан тұрмыс-салт жырларындағы жар-жар, бәдік пен ақындар айтысының орталығында дәнекер болып тұрған авторы белгісіз қыз бен жігіт айтыстарының мазмұны мен құрылым-түзілісіне зер салып көрелік.

Қыз бен жігіт айтыстарының алғашқы үлгілерінің өзінде сәлемдесіп, жөн сұрасудың, танысып-білісудің өзі сол айтыстың болашақ бағыт-бағдарын белгілеп отырады. Кейде қарсыластардың сыртқы көрініс, мінез-құлық, іс-әрекеттері мен қарапайым, астарлы ой-пікірлері де тартыс өзегіне айналатыны бар. Мұның бір көне үлгілері қыздың көңіл-күйі мен ішкі ой-арманын білу мақсатына қарай орайластырылады. Айталық, жігіт осыған орай:

Айт дегенде айтайын, той қылған қыз, жар-жар-ау,

Семіз бие тойына сойғызған қыз, жар-жар-ау!

Ұзатылу, той қылып үлкен қызық, жар-жар-ау,

Кетемін деп үйінен ой қылған қыз, жар-жар-ау! –

 

деп тиісе тіл қатқанда, қыз ә дегеннен бұған бұрыннан келе жатқан қалыпты ата жолын көлденең тартып:

 

Сөз таба алмай, замандас, сасайын ба, жар-жар-ау,

Бұрынғының жолынан асайын ба, жар-жар-ау?!

Бұрынғының дәстүрі болғаннан соң, жар-жар-ау,

Елден аулақ жапанға қашайын ба, жар-жар-ау![1035] –

 

дейді. Осы шумақтардың өзінен-ақ екі қарсыластың жаттанды ұйқас, ортақ жолдардан ауытқып, өз жанынан шығарып айтуға бет бұрғаны аңғарылады. Ұзатылғалы отырған қызға өзінің өкпе-назын, достық тілегін астарлап, білдірмек болған жігіт жар-жар айту дәстүрімен:

 

Мына көлдің басында құстар отыр, жар-жар-ау,

Оны көрген қаршығам ұшқалы отыр, жар-жар-ау!

Әшкере ғып айтпағын мұндай сөзді, жар-жар-ау,

Достарың аз, қасыңда дұшпан отыр, жар-жар-ау! –

 

дегенде, қыз:

 

Боз қазанат дегенде, боз қазанат, жар-жар-ау,

Құдай қосса, сіңлім де болды азамат, жар-жар-ау!

Өмірің қысқа жалған жар, ойбай, елім, жар-жар-ау,

Кетерімде сіңліме тапсырайын, жар-жар-ау,[1036] –

дейді.

Осы екі шумақтағы алғашқы жолдардың тек ұйқас үшін алынып, қосалқы қызмет атқарып тұрғаны мәлім, алайда, бұлар айтыстың жетіліп, кемелденген кезінде көркем бейне жасауға елеулі үлес қосып келген.

Қыз бен жігіт айтыстарында екі жақтың сол жиындағы кездесу сәтінің өзіне үлкен мән беріп, содан ләззат алатындай биік талап қойып отыруы да заңдылық. Жігіт қызға осы мақсатқа орай:

 

Сырлы қасық ендеше сырлы қасық,

Қапияда сындырдым сабын басып.

Жарасады сырласып, ойнап-күлсек,

Байпаңдаған түлкідей құмнан қашып, –

 

дегенде, қыз да осы міндетке орай:

 

Жүз толқытып жібектей өлеңіңді айт,

Өлеңіңді айтпасаң, үйіңе қайт!

Қайт дегенге шытынап, кете бермей,

Өлеңіңнің түбіне бір барып қайт! –

 

дейді, ал, жігіт сөзі мен өзіне риза болған тұста:

 

Тауға біткен тобылғы шынар едім,

Еліме өнеріммен ұнап едім.

Дәм айдап, сені маған кез келтірді,

Сырласуға өзіңмен құмар едім[1037] -

 

деп, ерекше ықылас білдіреді. Осыған орай мұнда қосалқы қызмет атқарып тұрған алғашқы жолдардың бірде өзгеріссіз алынып, енді бірде жаңа, көркемдік сапаға ауысқанын көреміз.

Бұл топтағы айтыстарда танысып-білісуге сәйкес өздерінің аты-жөнін, руын сұрасуға мән беріп, сол арқылы айтыс өзегін әрі қарай жалғастырып, сабақтауға ұмтылатыны бар. Өлең жолдарының шарттылығы мен қысқалығына орай бұлар көбіне-көп нақтылықтан гөрі жалтарма, екіұшты жауаптарға құрылады. Айталық, жігіт өз кезегінде қыздан:

 

Жоғары біздің ауыл құм болады,

Етегім жаяу жүрсем шаң болады.

Осындай сәті түсіп, кез болғанда,

Сұрасам аты-жөнің кім болады? –

 

деп сұрағанда, қыз:

 

Сақыр-сақыр қайнайды сайдың тасы,

Айтылмаса өледі сөз атасы.

Шын білуге құмартсаң танытайын,

Мен елімнің ерке бір қарлығашы[1038], –

 

деп, жалтара жауап қайырады.

Қыз бен жігіт айтыстарындағы келелі сөзбен өрілетін өзекті тақырыптардың тағы бірі – сол кездесу сәтіндегі өз ара жүйесін тапқан көңіл мен сөз жарастығы туралы болып келеді. Мұның ақыры бір-бірін марапаттап, мақтауменен немесе аяусыз сынап, мінеуменен шектеледі. Жігіт осы талаптарға сәйкес бірде:

 

Аққу көлден ұшады қаңқылдаған,

Суда балық танадай жалтылдаған.

Томағасын сыпырған тұрымтайдай,

Көзіңнен жар айналсын жалтылдаған, –

 

деп көңіл-күйін танытса, кезегімен қыз да одан қалыспай:

 

Кербез, сылқым, аяулы ағажаным,

Өрелі өлең төркінін шамаладым.

Бір де келіп тойды бір бастағам жоқ,

Жаңылдырма тілімді, бабаларым[1039], -

 

деп, үндесе жауап қатады. Талап-талғамдары жарасқан жігіт пен қыз бас құрап, отау көтеруге дайын екенін де ескертеді. Мұндағы өзекті мәселенің бірі: жақсы мен жаманды сараптап, бағалау болып отырады да, бұл адамдар арасындағы бірыңғай қарым-қатынас, түсіністік пен сыйластық арқылы өлшенеді. Жігіт бағасында айтылған:

 

Айқайласам ақ киік тау асады,

Қатыны егіншінің бау басады.

Жамандармен ойнасаң дауласады,

Жақсыменен ойнасаң жарасады, –

 

деп келетін жолдар қыз жауабында:

 

Бір базары Тәшкеннің алма базар,

Алма сатып отырған Алданазар.

Жаманменен ойнасаң көңіл азар,

Жақсыменен ойнасаң күнде базар[1040], -

 

деп қорытылады.

Қазақ жастарының ірі жиын, ас-тойларда ғана болмаса, бір-бірімен оңаша бас қосып, айтысып сырласуы, әзіл-қалжыңмен әңгіме-дүкен құруы некенсаяқ, оның бәрі дерлік алдын-ала тәрбиелі жеңгелердің бақылауына тапсырылатын болған. Сол себепті жастар айтыста не болса, соны сапырып, әдепсіз сөз сөйлемеуді алдына мақсат етіп қойып, өздері көбіне-көп сол талаптан табылып отырған. Айталық, жігіт:

 

Кейбір жұлдыз әуеде ай секілді,

Кей жаман бас білмеген тай секілді.

Келген жерден өлеңді қоя берер,

Баласы жақсы ауылдың хан секілді, –

 

деп бастағанда, қыз:

 

Қиын ба өлең деген ақындарға,

Кім берер ақ теңгесін бақыр-пұлға.

Ақтаған ана сүтін адал перзент

Төрт бұрышына дүниенің болар тұлға[1041], –

 

деп жалғастырады.

Қыз бен жігіт айтыстарының өнімді бір саласы – қайымдасу үлгісінде келеді. Жоғарыда сөз болған жар-жар өлеңдері секілді әр шумақтың алғашқы екі жолы екі жаққа бірдей болып құрылады да, айтылар негізгі ой үшінші, төртінші тармақтардың үлесіне тиеді. Алайда, екі жаққа бірдей ортақ алғашқы екі тармақтың өзі соңғы айтылар ойдың ауанына (ұйқас пен мазмұнның өзгеруіне) қарай алмасып, ауысып отырады. Бұған қалыпты қайымдасу үлгісінің бастамасындай болып табылатын мына бір шумақ дәлел бола алады:

 

Дегенде айым-қайым, айым-қайым,

Бітеді қаба тауға тал мен қайың.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Айтуға қайым өлең бар ма жайың?

 

Қайымдасу түрінде келетін айтыстардың бір алуаны қарама-қарсы келіп отырған қыз бен жігіттің сыртқы көрініс-келбеті мен мінез-құлқын, сөйлеген сөзі мен қайсыбір оғаш қылықтарын бірден мінеп-сынаудан басталады. Мұндағы мақсат қарсыласын жұрт көзінше аяусыз сынау арқылы оның алдын орап, жасытып алу, сөйтіп, тізе бүктіру амалын көздейді («Аяз соққан сарықтай дірдектедің, Су тимеген өмірде кір беттерің», т.б.). Егер жігіт не қыз бұған тосылып тоқтала қоймаса, айтыс сөз жалғасын тауып, басқа бір өзекті арнаға ауысады. Бұл – қай жақтың болса да, шеберлігі мен амал-тәсіліне, ақындық күш-қуатына сәйкес дамып, өріс алады. Осы пікірімізге әуелгі екі жолы ғана аздаған өзгерістермен тұтастай қайталанатын мына бір төмендегі қайымдасу жолдарын дәлелге келтіре аламыз. Сын кезегін бір себептерден қыз бастап:

Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Басыма жарасады киген бөркім.

Қайраты кеуде жарған ер емессің,

Шеніме сендей есер қайдан келсін?! -

 

дегенде, жігіт:

 

Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,

Ақылың тайыз екен, ойлан, Еркін.

Ерегіс екіталай болған жерде,

Жоқ, сірә, сендей қызға байлар сертім[1042], -

 

деп, қарсылық білдіреді. Осындағы мазмұндық өзгеріске зер салсақ, жігіт жауабының екінші жолы ғана, яғни дәстүрлі жолдың екінші тармағы ғана түбегейлі өзгеріске ұшыраған болып шығады, ал, сол шумақтың бірінші жолына келсек, ол өз мағынасын толық сақтап қалғанын көреміз. Мұндай түрленулер кейінгі шумақтарда да бар, бұл айтыс талабы мен табиғатынан туындайды дей аламыз («Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін, Үкілі жарасады киген бөркің», «Байқаймын сөз толғайды ойлан, Еркін, Киеді шекелетіп тойға бөркін», т.б.).

Қыз бен жігіт айтыстарының тағы бір алуанында қарсылас жақтың сөзден тосылып тоқталуының соңғы шарты ретінде бір-біріне жұмбақ ұсынумен шектелетінін көреміз. Бір қызығы, жұмбақты көбіне-көп қыздар ұсынады да, жігіт тапқырлық танытып, қолма-қол шешуімен аяқталады. Бұдан соң қыздың жігітке орамал, жүзік, не теңге беруі дәстүрге айналған.

Ал енді бәдік өлеңдеріне келсек, бұлар да алғаш жаттанды екі жаққа ортақ мәтіндерді көптің қосылып айтуы арқылы малға келген әртүрлі ауру-індетті өлеңмен көшіру талабынан туып қалыптасқан. Сөйтіп, өлеңнің сиқырлы күші мен сөз магиясына сенген жұрт ауру иесі – індетті елден аластап, көшіруге болады деп сенген («Асқар-асқар тауларға, Айнала соққан құйынға», «Әй, көш» десе көшеді, «Әй, көш», «Құдай айдап, бәдікті қолға берсе, Итере салар едім отқа таман», т.б.). Осы іспеттес ортақ өлең жолдары жетіле, айтыла келе жастардың өз жанынан қосып айтуына, яғни өлеңді суырып салып айтуына жол салады. Бұған ақындық қабілеті бар қыздар мен жігіттердің қосқан үлесі аса мол. Осы үрдіс жалғасып, дами келе келелі де көрнекті ақындар айтысына келіп жалғасты.

Бәдік өлеңдерінен өріс алған қыз бен жігіт айтыстары жар-жар айтыстары секілді алғашқы топтық, ем-домдық сипатынан біртіндеп арылып, жастардың бір-біріне деген көңіл-күйі мен ықылас-сезімдерін білдіретін ойын-сауығына айналады. Бұл туралы Ә.Диваев бәдік айту арқылы індетті көшіру ғұрпын сипаттай келе «...шынында, бәдікті сылтау қылған қыз, бозбаланың ойыны. Бәдікте отырып бір қыз, бір жігіт болып айтысады»[1043], - дегені бәдік атымен байланысты өлең айтудың екі кезеңдегі екі түрін қамтып тұр. Ал, С.Сейфуллин де бәдік деген тәңір-иесінің аты болса керек дей келіп, оның бастапқы сенім-наным түрі мен кейінгі ойын-сауықтық сипатына ерекше зер салады[1044].

Осылайша екі кезеңге бөлсек те, малға келген ауру, індетті тау-тасқа, ағыны қатты сулар мен үйіре соққан құйынға, ирелеңдеген жылан мен жал-құйрығы жоқ құланға, күл шашқан бұқаға, тіпті, қасиетті Меккеге көшірмек те болады. Сондай-ақ, бәдікті сұлу қыз бен көрікті жігіттің шашы мен мойнына, шүйделі басына көшіру – ойын-қалжың, әзіл-сықақтың көріністері дей аламыз. Мәселен, қыз өз кезегінде:

 

Көш, бәдік, бозбаланың ағына көш,

Орыстың абат қылған бауына көш.

Жайыңды онан көшер мен айтайын,

Кер ауыз жігіттердің жағына көш! –

 

деп бастағанда, жігіт те оған үндесе:

 

Көш, бәдік, қашқан қыздың соңына көш,

Қыздардың түнде жүрген жолына көш.

Жайыңды онан көшер мен айтайын,

Нәзік бел, сұлу қыздың қолына көш![1045] –

дейді.

Бәдік өлеңдерінен бастау алған қыз бен жігіт айтыстарының енді бір алуаны ұзын-сөре, келелі тартысқа құрыла бермейді. Алайда, мұнда да айтыс желісін құрайтын белгілі бір жүйе, қисын-бірлік болуы қажет, дәл басып, тауып айтылмаған пікір бір тараптың тосылып, тоқталуына себеп болады. Жаңбырлы күні қатырлаған шекпенімен үйге кіріп келген, сақал-шашы өскен бір жігітті қыз сынап:

 

Шекпенің жаңбыр жауған кепкен болар,

Қатынын жаман еркек тепкен болар.

Сақалын, мұртын қосып, күзеп алсаң,

Балаға он бес жасар шекпен болар, –

 

дегенде, жігіт:

Көрінер қос қарқараң мүйіздейін,

Жоқ еді көп сақалым киіздейін.

Басымды әбжыландай қайқайтайын,

Залалын сақалымның тигізбейін! –

 

дейді. Бұл ерсілеу әзілді қыз қолма-қол өз пайдасына дұрыс пайдаланып:

Дегенде көшем-көшем Әйтем Жаппас,

Жауаптың жаман адам жөнін таппас.

Адамға басың тимей, бөксең тиіп,

Кеттің бе бура болып, мұндар саппас![1046] -

 

дегенде, уәжден тосылған жігіт үстіндегі шекпенін қыздың әкесіне жауып, астындағы мініп келген атын белдеуге байлап, еліне жаяу қайтса керек.

Бәдік үлгісіндегі айтыстар да жар-жардағы секілді әріптестердің сөздері жарасып, тіл табысуы – айтыстың даму барысын белгілеумен қатар, олардың бір-бірінің ой-түсініктері мен мінез-құлқын, ақыл-есін, адамгершіліктерін танып білуге жағдай жасайды. Жастар мұндай кездесулерден соң бас құрап, үй болып кетуі де ғажап емес. Бұған аты-жөні белгісіз мына бір айтысты дәлел ретінде алып көрелік. Қыздың сөзі мен өзін ұнатқан жігіт:

 

Ендеше сылдыр мосы, сылдыр мосы,

Жайлайды төмен барып ноғай қосы.

Қимылда, өлеңіңді қос, әріптесім,

«Іздеген сұрағанға» деген осы, –

 

деп тілек білдірсе, қыз:

 

Өлеңге жетіксің бе сен де мендей,

Қайда отыр бағанадан бұрын келмей?

Жарымай әріптеске отырғанда,

Сап еттің аш бүйірімнен қоңыр желдей! –

 

деп, үндесе жауап қайырады. Сөздері жарасқан екі жас сырласа келе оңаша жолығу сәтін белгілемек болғанда, қыз:

 

Жорамалым, әріптес, жорамалым,

Жорамалды көрсетер орамалым.

Қасын қақса құрметтеп қарсы алғаны –

Естуші ме ең қыздардың сол амалын?[1047] -

 

деп, ойын емеурінмен сездіреді.

Сонымен авторы белгісіз қыз бен жігіт айтыстары дәстүрлі жар-жар мен бәдік өлеңдерінен бастау алып, ғасырлар бойы үздіксіз жалғаса дамып келген. Оның өлеңдік құрылыс-түзілімінде де бір алуан өзіндік ерекшеліктер бар. Әрбір шумақтың алғашқы екі жолы көп уақыттар бойы тек ұйқастық, қосалқы мағына атқарып келсе, кейін солар жетіле, толыса келе бейнелік, көркемдік қызмет атқарып отырған. Осы ерекшелік авторы мәлімсіз, тіпті, аты-жөні сақталған қыз бен жігіт айтыстарының да сапалық өзгеріспен ақындар айтысына жол салғаны байқалады. М.Әуезов: «топтасып айтудан жекелік сипат алған, кейін қоғам тіршілігінің дамуына байланысты мазмұн жағынан дамып, өзгеруі болған, ондай үлгілерінде топтан бөлініп, жеке жігіт жаңаша, өзі шығарған сөздерді айтады, қыз да өз тобынан өзгеленіп шығып, жалғыз айтып, жауаптасады. Көбіне арман-наразылықтар айтылады. Бұл хал ескі айтыс түрінің жеке ақындарды топтық түрден бөліп шығара бастағанын көрсетеді»[1048], - деп жазғаны айтыс жанрының тарихын танытады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1254; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.131 сек.