Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 4 страница




Бала тәрбиесінің астарында ұлттық үстемдік, мемлекеттік тұтастық, мемлекеттік мүдде, мемлекеттік идеология және ұлттық мақтаныш жатыр. Мұны Абай түсінген. Ол:

"Сәулең болса кеудеңде,

Мына сөзге көңіл бөл.

Егер сәулең болмаса,

Мейлің тіріл, мейлің өл.

Танымассың, көрмессің,

Қаптаған соң көзді шел " –

деп қатулана сөйлейді. Сондағы айтпағы:

Көп шуылдақ не табар,

Бастамаса бір кемел, -

деген ой.

Абай биліктің жағдаятын және оның баптарын жақсы білген. Өзі де заң шығаруға қатысқан. Ол дербес әңгіме. Дәл қазір биліктің басыбайлы тобырлық психологиясы қақында пікір қозғалып отыр ғой. Абай халықты неге жақтады? Себебі 1822 жылғы низам бойынша хандық билік жойылды.

Бұл – қазақ мемлекеттігі жойылды деген сөз.

Енді әр дуанды аға сұлтан билейтін болды. Оның қасында міндетті түрде орыс майоры болады және әскерге сол иелік етеді. Болыстық ежелгі түзілім бойынша емес, бір руды екіге бөліп, аралас сайлау тәсілі арқылы өткізілді. Мұның астарында сайлаушыларды және сайланушыларды бір-бірімен жауластырып қою мақсаты тұрды. Дуан сайын бекет салынды. Онда негізінен орыстар қоныстанатыны белгілі.

Бұл сайлау жүйесі бойынша елдік мүдде деген мүлде қозғалмайды. Яғни қазақ елінің мұң-мұқтажын көздеген ортақ бағдарлама талқыға салынбайды. Әр аға сұлтанның құқы өз дуанында ғана жүреді. Демек, ортақ елдік мүдде өшті деген сөз. "Бас басына би болды". Ал ол билер ел ішіне алауыздық әкелді. Қазақтың тұтастығы жойылды. Берекесі кетті. Абайдың ойынша:

Берекелі болса ел,

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел.

Жан-жағына күркіреп,

Құйып жатса аққан сел.

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер – еді.

"Жаңа низам" сол берекені бұзды. "Көп шуылдақ" ештеңе тапқан жоқ. Керісінше берекесі кетті. Ал:

Берекесі кеткен ел,

Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңқылдап, жағалап,

Сулай алмас жазғы төл.

Оның суын ішкен мал,

Тышқан тиіп, аспас бел.

Көл деп оны кім жайлар,

Суы құрсын ол бір шөл – болды.

Демек, өлеңді саяси тілге аударсақ, "Жаңа низам" қазақ мемлекеттігін ғана құртып қойған жоқ, сонымен қатар оның елін де, жерін де тоздырды. Құт-берекесін қашырды.

Жақсы болсын, жаман болсын, әйтеуір қазақ елінің ішінде ханның сөзі өтімді болатын. Ханның кеңесшісі – билер еді. Оларға ақыл қоспай шешім қабылданбайтын. Хан мен би арасындағы дауды тағы да сол ара би шешетін. Халықтық демократия сақталатын.

Ең бастысы – мемлекеттік ұғым бар еді. Жер, жесір, құн дауын хан шешетін мемлекеттік мәртебе бар еді. Соның бәрінен айрылған ел көшбасшысыз қалды. Яғни елдің еркі, болашағы, бостандығы тобырдың қолына берілді.

Аға сұлтандар бір-бір қошқар болып алды да бір қазанға бастары сыймады. Ал қазан дегеніміз – халық берекесі емес пе еді? Соны толғана келіп Абай: "сөз біреу, билік біреу болса керек" дейді. Бұл пікірін ол өлең арқылы:

Единица – жақсы,

Ерген елі бейне көл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басыңдық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл? –

деп жеткізеді.

Абайдың бұл өлеңі осы уақытка дейін талданбай келді. Ол түсінікті. Өзі тобырға сүйенген мемлекет тобырды жоққа шығара алмайды.

Мемлекет басындағылар өзін "көсем, кемел" деп сезініп, дәріптеткенімен, халықпен жасырынбақ ойнады. Оларға ұлт емес тобыр, тәуелдік психологиясы санасынан өшпеген "қара халық" керек болды. Ал сол тобырлар қоғамында өскен әдебиетші мен философтар, тарихшылар Абайды қағытумен, Абайды (!) түзеумен және оны үйретумен болды. Әрине, оған Абайдың ештеңесі кеткен жоқ. Тек сондай керазуларға жауап ретінде:

Берекеңді қашырма,

Ел тыныш болса, жақсы сол.

Рас сөзге таласып,

Ақжем болма, жаным, кел, -

деп сөз тастап кетті.

Керазудың аты – керазу. Сондықтан да олар Абайдың бұл сөзін ескермеді. Абайдың несі кетті?

Тек керазу енді сыңар езуге айналды. "Ақжем болма" деген сөзінің мағынасы – "бас басыңа би боламын" деп желікпе, "елдің шырқын бұзба", "берекесін қашырма", "елің тыныш болсын" десең: "рас сөзге таласып, ақжем болма, жаным", "кел", "өз басындық болайық", тәуелсіз жанға ерік берейік және соның соңынан ерейік деген емеурін ғой. Жоқ, "Тоқсанның тобы" олай істемеді, керісінше, "ел ішіндегі бір кемелдерді" тұтқынға түсірді, оқтың ұшына байлап берді. Міне, рухани, психологиялық тәуелділіктің кесірі.

Көп айтса – көнді,

Жұрт айтса – болды,

Әдеті надан адамның, -

дегендегі ашу-ызаның түп төркіні сонда.

Дана адам ретінде Абай бұл шындықты өте терең түсінді. Сол отарлау, орыстандыру, шоқындыру, жою саясатын қарапайым патша дәбірі де білді. Білді де қазақ ұлтының болашағын:

"Бұдан әрі қарай оларға жойылып кету жолы ғана қалды. Жер бөлісі тұсында олардың біразы көрге кіреді, екінші тобы христиан дінін қабылдап, орысқа айналады, үшіншілер тұқым қалдырмастан тұздай құриды, төртіншілерін жалға алған жерінен біреу ығыстырып шығарады, дәл қазір темір жолға жақын шекаралы жерде сондай оқиға болып отыр, олардың қаңырап басы қалады немесе жалданып жүрген жалшыға, қаладағы фабрикалар мен зауыттарда күнелтіп жүрген жұмысшыға айналады. Қысқасын айтқанда, олар жұмысшының күйін кешеді, жоғалады, сіңіп кетеді, қолайлы жағдай туса тағы да пайда болады. Сондықтан да Ертіс бойындағы жатақтар мен көшпелі қазақтар туралы пәлендей алаңдаудың қажеті жоқ, оларға арнап отырықшыландыру, жер беру туралы жарлық шығармай-ақ қойған жөн, онсыз да олар өз-өзінен жойылып бітеді", -деп сәуегейлік айтты.

Бұл жай сөз емес, Мельниковтың қазақ жері мен елін бүтіндей игеріп, даланы орыстандыру туралы жоспары болатын. Ол жоспар бірнеше рет талқыланып, 1902-1916 жылдардың арасында жүзеге асырылуы тиіс еді. Қазақтың бақталайы бар екен. Ресей жаһилінің ол пиғылын 1902-1905 жылдар аралығындағы орыс-жапон соғысы мен 1914 жылғы I дүниежүзілік соғыс жүзеге астыртпай тастады. Абайдың:

Шыдасаң есті қашырмай,

Құлдатып, қор қып жібермек, -

деп отырғанының өзі осы ғой.

Мельниковтің "пролетариаттанып", шоқынып, орыстанып, жалданып кетеді дегенін ұлы Абай "Құлдатып, қор қып жібермек" – деп өлең жолымен білдіріп тұр.

Мүдде – екеу, пікір мен қорытынды біреу – тәуелділік. Бұл іс жүзеге асырылып жатты. Оған мына дерек дәлел.

"Осындай шаралар арқылы істі оңға қойып, жолға түсіріп алған соң миссионер жіберу керек. Олар қазақтардың ұстанған дінінің дұрыс емес екендігін және Иса пайғамбардың жіберуімен келгендерін, сонымен қатар Патша ағзам қандай дін ұстанса, оның құзырындағылар да сол дінге кіруі керек екендігін, ал қазақтардың дінінің бұл дінге (бір сөз нақты танылмады – Т.Ж.) жат екенін дәлелдеуі тиіс. Содан кейін император ағзам бүкіл консулдықтарға: "Менің құзырымдағы қазақтарым ислам дініндегі мүфтилерге бағынатын, бірақ та исламның шариғатына қазақтар бағынғысы келмейді. 68 жылғы Ереженің 97 және 98 тармақтарына сәйкес олар мүфтилік бағынудан алынып, әр болыста діни рәсімді өтеу үшін жеке-жеке молда сайланған болатын. Сонымен бірге молдалардың міндеті – туған балаларды тіркеп, оларға ат қою болатын. Қысқасын айтқанда, шариғаттың барлық талаптарын орындауға тиіс еді. Алайда қазақтар өзінің молдаларының талаптарын орындамады. Оларды көзге ілмеді, өзінің рухани дәстүрін ұстанды, балаларына – Қойлыбай, Жылқыбай, Итаяқ деп ат қойды, кейін өздеріне арнап орыс мектебін ашуды талап етіп өтініш білдірді. Мектеп ашылды. Енді қазақтар өзінің дінін өзгерткісі келетіні туралы өтініш жасап отыр", - деп хабарлауы керек еді"

Дінін сату – Абай үшін қасиетсіздіктің белгісі. Шоқынуды антұрғандық деп ұғады. Миссионерлік қозғалысқа, оның жымысқы тәсілдеріне жиіркене қарап:

Қасиетсіз туған – ол да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды, -

дейді Абай.

Шындығында да Архирейдің жоғарыдағы нұсқауы сол, күңкілдеуге құрылған. Абай "Уағызды" – күңкілдеу деп отыр. Мүләйімсіп жүріп мүскін ететін тақуалар Абайға таңсық емес еді.

Абайдың ноғайларды "дінге де берік" деп үлгі тұтуының бір мәнісі осы шоқындыру туралы уағызды білгендігінде. "Басыңды дауға, малыңды – жауға, қор қылма қорға, татулас!" – дейді сондықтан да Абай.

3. "ӨҢКЕЙ ЖАЛҒАН МАҚТАНМЕН, ШЫННЫҢ БЕТІН БОЯДЫ"

(Абай және жалған намыс, орынсыз мақтан мәселесі)

 

 

Осы ұлттық мінезді кім қалыптастырады? Таным ба, тағдыр ма, жоқ сол ұлттың тіршілігі ме? Әлде жазымыштың маңдайға жазғаны сол ма? Қалайда ұлттық ерекшелік деген ұғымның астарын толық түсіндіріп берген ғұлама жоқ. Әркім өз ұлтының бар-жоғын саралап барып түйген ойы сол халықтың өз өкіліне түсінікті болғанымен, жат жұрттың өкіліне тереңдеп бағамдау және сол пікірді пайдалану өте байыптылықты қажет етеді. Қандай бауырмал қазақ болса да Чаадаевтің:

"... Ресейдегі ерікті адамдарға қараңызшы! Олармен басыбайлы шаруалардың араларында пәлендей айырма жоқтың қасы. Менің ойымша, мүләйімсіген, мүттәйімсіген алғашқылардың алаңға толы жанарынан гөрі соңғысының басыбайлы бағыныштылығының өзінен өрлік мінез сезіліп тұрады... Ресейдегінің барлығынан – адамгершілік талғамынан, мақсатынан, білім жүйесінен, тіпті қыл аяғы бостандықтың өзінен құлдықтың таңбасы байқалады, тіпті осы ортада құлдық таңбасы басылған бостандықтың өмір сүре алатынына да күмәнім бар -деген өз ұлты туралы ащы сөздерін еркін пайдалана алмайды.

Алайда ғұламалардың түсінігіне сүйеніп пікір білдіруге құқымыз бар. Әңгіме рухани тәуелділік қалыптастырған ұлттық мінез хақында болмақ.

Арлы-берлі замандағы орыс пен қазақ халқының танымы мен тағдыры, ұлттық мінезі, тіршілік философиясы мен өмір сүру түзілімі жөніндегі ойшылдардың тұжырымдарын сараласақ, осы көрші қоныстанған және ғасырлар бойы бірін-бірі кезек-кезек билеп келген екі ұлттың бойындағы кемшіліктері де ұқсас екен. Ол шетсіз-шексіз кеңістікке ұмтылу. Ұлы кеңістікке құлшыну орыстардың түйсігіне сіңіп кеткені сондай, ол ұлттың ұюына мүмкіндік бермеген. Ресейдің өз ішін игермей жатып, жаңа қонысты жаулап ала берген. Мұны сол П.Я.Чаадаевтің өзі:

"Сөйте тұрып халықтардың қазіргі тарихына көз салсақ, мемлекеттердің шекарасының ғана кеңейіп, жағырапиялық тұрғыдан қосылғанын ғана байқаймыз, ал қоғам мен халықтар сол қалпында қалды. Испаниядан маврларды қуып шығару, америкалық тайпаларды қырып салу, Ресейдегі татар ордасын (Алтын орда – Т.Ж.) құлату іспетті оқиғалар мұндай зорлықтың дәстүрлі заңға айналып бара жатқанын көрсетеді. Бұдан кейін біздің ықпалымыздан қашығырақ орналасқан іргелес, христиан дініне кірмеген халықтардың кезегі келеді" – деп түсіндіріп береді.

Империяның жерді жаулап алуға деген дәл осындай ашылған араны ұлттық экономиканың қалыптасуына кесірін тигізген. Өзге халықтардың есесінен үстемелеген олжа ғана олардың табыс көзі болып табылған. Сондықтан да "қанағатты түзден іздеген" (Абай).

Ал керісінше, қазақ халқы осыншама кеңістікке ие болып, оны емін-еркін жайлап, жаз жайлау, күз күздеу, қыс қыстау, жазғытұрым көктеу ретінде пайдаланған, бірақ та, араларына сына кірместей етіп орнатқан тұрақты бекеті мен түрмесі болмаған. Сондықтан да дүниені де жалған деп ұғып, жалпағынан басқан. Мәңгілік қозғалысқа ие бола отырып бір сәт сабыр тауып, жердің тамырын ембеген. "Жерді емуді" жаттың есесіне қалдырған. Оны игерген жат жұртка әуелде күле қарап, ақыры күңіреніп тынған.

Сөйтіп, шексіз кеңістікке ұмтылған екі халық та рухани тәуелділікке тап болған.

Сырттай жеңіл пікір көрінгенімен, екі халықтың тартқан тауқыметінің тамыры осында жатыр. Ділі тастүйін боп жиналмаған ұлттың мінезінде әмәндә әлдекімге арқа сүйегісі келіп тұратын, соған жығынды болып тұрғысы келетін тәуелділік түйсігі қалыптасады. Бұл – дерт. Бұл дәстүр де, кең пейілділік те, бауырмалдық та, көңілдің кеңдігі де емес, жағымсыз ғадет. "Дәніккенннен кәніккен жаман" дегеннің кері. Бұл түйсік – ұлтты масылдыққа машықтандырады. Ұлттың ұлттық психологиясына талақ боп жабысқан жабысқақ мінезді жапсырады. Тарихи билік жағынан қарама-қарсы дамыған орыс пен қазақ елінің арасындағы осы бір қарама-қайшы мінездің қалыптасуына не әсер етті? Оны орыс психологиясын жете зерттеген Александр Герценнің пікірімен жеткізер болсақ, онда:

"Славяндардың әсершіл мінезі, әйелге тән жұмсақтығы, өз бетінше қайрат көрсете алмауы және өзгенің іс-әрекетін бойына тез сіңіре білу қабілеті мен солқылдақтығы оны үнемі өзге халықтардың араласуына мұқтаж халық ретінде қалыптастырады. Олар өздерін өздері толық меңгере алмайды. Оларды өздерімен өздері болатындай жағдайда қалдырсаң-ақ болды, өзінің әніне өзі маужырап, византиялық бір жылнамашы айтқандай, қалғып сала береді. Ал жат жұрт шабына түртсе бітті, онда есі кеткенше аласұрып шыға келеді. Өзімен-өзі бола тұрып өзге жұрттың ойын бойына терең және мықтап сіңіріп алған мұндай халықты таппайсың. Осы бір әдемі, тез сіңіріп алатын және еліктегіш елдің тамырында өзгеге мырзалық пен желіккіштікке деген тәуелді қажеттілік жатыр" – делінген. Бұл пікірді орыстардың барлық ойшылдары қостайды.

Демек, астары тереңде жатқан дерт. Еліктеудің ар жағында – есерлік, желігудің желісінде – жөнсіздік, қызығудың қасында – көрсеқызарлық, жатсынбаудың жабығында – бәрін бойына сіңіретін жылым жатыр. Бұл пиғылдық ұғымдарға ешқашан тоқтау жоқ. П.Я.Чаадаев та, А.Герцен де, Н.А.Бердяев та жетіскендіктен айтып отырған жоқ, дерттің тамырын дәл басып, ыза боп талдап тұр.

Жаттың жарытына өзінің үйінің шырағын айырбастайтын дәл осындай мінез, Абай айтқан, "жалған желік пен жалған намыс, жалған мақтаныш" қазақ ұлтында да бар. Бұл қасиеттердің барлығы ұлттық бірлікке жұмсалса, Абай күйініп жазбас еді, сүйінер еді. Ұлы ғұламаны ызаландырып отырған нәрсе – осы ұлттық намыстың, ортақ ұлттық мақтаныштың, ортақ ұлттық мақсаттың болмауы. Мұндай нәзік әрі кұдіретті сезімдерді күйкі тіршілікке жеңдіріп, болмашыға бола шабылып, оны өз жұртының берекесіне емес, ерегесіне айналдырғанына назаланады.

Жеңілтектік, еліктеушілік, сәл нәрсеге күйіп-пісіп, сәл нәрсеге болып-толу, "бір атым насыбайға өкпелеп", кісінің құнын бір ауыз сөз үшін кеше салу, әруақ шақырса ру намысы деп топырласа қалып, олжа бөлісуге келгенде тышқақ лақ үшін өкпелесу сияқты тағы да басқа ұшқалақ мінездер қазақтың да бойында Герцен айтқан "әйелдік кірпияздықтың" барлығын көрсетеді. Абай:

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір-екі жолы болған кісі көрсе,

Құдай сүйіп жаратқан осы демек, -

дейтіндерді өз шығармасында барынша әшкерелеген.

Ол еркек, әйел деп бөлмеген. Ұлттық мінезге айналып бара жатқан кесапатты жалпылама көрсеткен. Соның ішінде "әйелдік кірпияздыққа" келсек, расында да: қызықпайтын, қызғанбайтын, құрбысының қызылды-жасыл үлдесі мен бүлдесіне көз салып, сәл өшекей үшін өкпесін ұмытпайтын әйел заты кем де кем. Тез елігеді. Абайдың:

Атаңды анаң азғырып,

Тұрғызбаған бейішке.

Алласы оны жазғырып,

Әкелді бастап кейіске, -

деп отырғаны да сол.

Бұндағы кейіс – мына жалған дүние.

Ал осындай мінез халықтың бойына ұлттық психология ретінде қалыптасса қалай болады? Хауа анамыз жұмақтағы жеміске қызыққаны сондай, қатаң тыйым салынғанына қарамастан Адам Атаға жегізді ғой. Сондай еліккіш, көрсеқызарлық ғадет ұлттық мінезге айналса қайтеді?

Онда ол халық өзінің ұлттық мүддесін ұмытып, бар ақыл, қайратын бойындағы дүлей, соқыр сезімге жеңдіріп, Абай айтқан "көрсеқызар жалмауызға" айналмай ма? Оны Абайдың өзі:

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,

Өзі мен өзі бір күн болмай ма әлек? –

деп баяндап та береді.

Бұл пиғыл барлық ұлтқа ортақ. Ұлттық жалған шамкөстік – ең қауіпті әрі тез тұтанғыш ессіз сезімнің жиынтығы. Орыс ойының патриоттарының өзі Ресейді "әйелдік кірпияздығы" арылмаған ел деп бағалауы: оны түртіп отырсаң бітті, ұрғашы арыстан сияқты шабынып, долы әйелдей ызаланып, қашанда қалғымайды деуі сондықтан. Бұл біздің терминіміз емес, орыс ғалымдарының арасында қалыптасып қалған пікір. Әрине теңеумен айтылған. Н.А.Бердяевтің "Орыс рухы" атты зерттеуі соны дәлелдеуге, тегін тексеруге арналуы тегін емес. П.Я.Чаадаевтің:

"Әсте қателесе көрмеңіз, бибім! Көне дүниені күйреткен тағылар емес: ол дүниеңіз ішінен үгітіле шіріп біткен еді, тағылар тек соның күлін желге ұшырды" – дегенде, осы "кірпияздықты" мегзеп отыр.

Қазақ та мұндай "кірпияздықтан" ада емес. Өзінің бойындағы жалған сезімді жеңіп, ұлттық мүддеге бағындыра алмаған ұлттың бойына тән мінез бұл. Дәстүрге айналған жалған намыс, мақтаныш, қызығу – ұлттық қасірет. Абай мұны жете аңғарып, жеріне жеткізе мансұқтаған. Ол:

"Біздің қазақта қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуаныш бар ма екен? Әй, жоқта шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында, бір хайуанның өнерінің артылғанына, иә бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, болмаса баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта һарам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет деп біліп, қуанады екен? Жә болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?" – дейді "Жиырма алтыншы сөзінде".

Біз "әйелдік кірпияздық" дегенді белгілі бір ойшылдардың ортасында қалыптасып қалғандықтан да қолданып отырмыз. Ал соның шын мағынасына үңіліп көрейікші.

Осы жоғарыдағы Абай айтқан "ызаландырмақ" мінез қазақ ұлтының бойында жоқ деп кім айта алады? Рушылдық намысты былай қойғанда, "Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" дегендегі жалған намысшылдықты қайда қоямыз? Осы да ұлттық намыс па?

Бұл күнде өзге атаның қасында жүріп, дәмдес болуды нағыз ұлттық бауырмалдық деп түсініп, кәдімгідей қоқырайып қаламыз. Ірі қайраткерлер өзінің ұлтжанды екенін сырт жұртқа көрсету үшін өзге рудың не жүздің адамын маңына жияды.

Ал ол жағампаздың өз руластарының ішіндегі жағымпаздан екі есе артық тырысып, ұлықтың көңілін тауып бағатынын:

Атаны бала аңдиды, ағаны іні,

Ит қорлықпен немене сүйткен күні?

Арын сатқан мал үшін антұрғанның,

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.

Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып,

Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып, -

деп Абай аңғарғанда, өзге жұрт аңғармай ма?

Тіпті ана ұлық өзге жүзден сарбаз жиыпты, өзі ел қамын ойлайтын жігіт екен деп мардымситынымыз тағы бар.

Ұлттың мүддесін өзіңмен бірдей ойлайтын аталасыңды өкпеден теп те, тіліңді алатын алыс ағайыныңды жаныңа тарт деген кім?

Осы әділдік пе?

Адамды мақсат, мүдде, идея біріктіру қажет емес пе?

Демек, ондай әкімнің өз басында дербес билік болмағаны.

Абай мұндайларға:

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп өзіне сөз келтірмек, —

деп баға береді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 359; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.