Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 5 страница




Пәрменсіздің қасында дәрменсіздің жүретіні заңды.

Білмегенді білгенсіп, түсінбегенді түсінгенсіп, жеңілгенді жеңгенсіп, бетпе-бет келгенде тайқып кетіп, сырт айнала бере күңкілдегенін батылдыққа санайтын, көлгірдің көлеңкесі болғанына мақтанатын "өнерсіздердің" (Абай) жалған мақтаны мен жалған намысы қорлықпен, құлдықпен пара-пар.

"Мемлекеттің саясатын билеуші емес оның сарайындағы дәбірлері жасайды" – 123 деген В.О.Ключевскийдің пікірі Абайдың:

Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар,

Пәруәрдигер жаратқан несін жан ғып, -

деп жазған жолдарымен дәл келеді. Себебі ол "өнерсіз":

Тура сөзін айта алмай,

Қит етуге бата алмай,

Қорлықпенен шіруге,

Аз ақшаға жалданып,

Өнбес іске малданып,

Жол таба алмай жүріп ", -

кімге тұлға болмақ?

Мемлекетке ме, еліне ме, қожайынына ма, жоқ, өзіне ме?

Ешқайсысына. Ол өзінің пасық кеудесіндегі жалған желік пен мақтан арқылы көкірек көзін көміп, қарынның қамын қамдап, ішін мидың нәрімен емес, қидың зәрімен нығыздап тастаған, "Нан таппаймын демейді, бүлінсе елдің арасы" дейтін тоғышарлыққа жеткен пенде. "Кіреді. Тығады. Шығады" (Абай) "Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігіп жататынның" (Абай) нағыз өзі.

Жалған намыс пен мақтанның мемлекеттік үлгісінің бірі және ең қауіптісі осы.

Мұндай "сыбағадан" орыс империясы да құр қалмаған. С.М.Соловьев "ұлы" деп, В.О.Ключевский: "Ол орыс империясының тағына отырған желөкпе цыған диуанасы еді" – деп бағалаған Екатерина II сондай тұлға еді. Желігіп, жерініп, жерік боп, ерігіп жүріп-ақ қазақ еліне қайыс ноқтаны мықтап салған ағзамымыз, қазақтар айтатын "қатын патша" осы болатын. Себебі Анна Иоановнаға тапсырылған дәргейде одақтастық сипат басым болатын. Ал оны күшейтіп, нақтылаған, алашты темір жүгенмен ауыздықтаған осы "цыған диуанасы" еді. Абайдың:

Көрсеқызар келеді, байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың, -

дейтін "пәруәрдигердің" нақ өзі.

Мәселе, Екатерина "қатын патшаның" "тыртыңы мен бұртыңында" емес, оның әйелдік "көрсеқызарлығы мен байлауы жоқ" көңілінің мемлекеттік саясатқа айналуы. Ал мемлекеттік саясат қандай болса оның қарамағындағылардың да мінезі сондай болмақ.

Қазақ елі Ресейдің "әйел кірпияздығы" үстем алып тұрғанда бодандықка түсті. Демек, Ұлы даланың отарлануында да жаһангерлік күшпен қоса әйелдік аярлық, жымысқылық, қылымсу мінезі жатты. Бұл сол отарлаушы елдің де мінез-құлқына, пиғылына әсер етті. "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді" – дегендей бағынған жұрттың ырқында "қорлықпен шіруге, аз ақшаға малданып, өнбес іске" жалданды. П.Я.Чаадаевтің:

"Халықтар да жеке тұлға сияқты, ол өзінің қадір-қасиетін өзі толық сезінбесе бір адым да алға баса алмайды: тіпті оны былай қойғанда ондай сезімсіз өмір сүре алмайды; міне дәл осы жағдайдың өзі сіздердің қателіктеріңізді көрсетеді, өйткені өзінің ұлттық сезімін жоғалтқан халық болған емес, ол үшін өзін-өзі сыйлау қасиетінен айырылуы қажет, ал біз дәл қазір сондай жансебіл күй кешіп жатқан сияқтымыз-ау" – деген сөзін сол тұстағы қазақ қауымына қарата айтуға да болатын.

Империя өзінің астамшылдығына сенгені сондай, боданға алған ұлтты дұрыс заңдастырып, құжат толтыруға да мән бермеді. Әлихан Бөкейхановтың Дума алдында дәлелдеп бергеніндей Анна Иоановнаға жолданған дәргей тек одақтастықты ғана білдіретін. Өйткені, бодандықтың шарттары көпестердің өзара сауда келісімдерінің дәрежесінде ғана жасалып еді. "Жансебіл күй кешкен" ұлттың мойынсұнуы ғана ол. Әйтпесе ол дәргейде ұлт азаттық күресі мен отаршылдыққа қарсы қозғалыс тұсында бодан ұлттың бостандық нысанасы мен мақсаты, бағыт-бағдары, рухани тәуелсіздігінің шешуші түйіндері, ықтисаттық (экономикалық) дамуы, ортақ ұлттық мүдде анық ажыратылуы тиіс еді.

Бұл – тарихи заңдылық.

Қазақ елі тәуелсіздік алған кезінде оның нақты тұжырымы болмады. Мұның себебі: Әуел баста Тевкелевтің Анна Иоановнадан әкелген дәргейін Әбілхайыр хан түн ішінде жасырып оқып, Бөкенбай мен Жәнібек батырға жағалы ішік жауып, ордадағы бүлік пен қарсылықты сыйға сатып алғандығында.

Егерде мемлекет пен мемлекет, ел мен ел, патша мен патша аралығындағы мәміле ашық майданда жүргізілсе, онда жаңағыдай "жымысқылықтар" ешқашанда өтпес еді. Әрі ел-жұрт өзінің бодандығының себебін және оған мәжбүр еткен тарихи жағдайларды өмір бойы көкірегінде ұстар еді. Бұл ұлттың ұлттық сезімін оятуға, ортақ мүддеге және келешектегі күрес жолдарының тарауларын анықтауға негіз қалар еді.

"Бұлғын ішікпен" беті бүркемеленген бостандық ұлттың бойындағы табиғи қарсылық сезімін жойды. "Қатын патша" таққан күміс тұмар мен жалған атаққа, "жәдігөй қағазға" (В.О.Ключевский) малданып қалды. Абай айтпақшы:

Өңкей жалған мақтанмен,

Шынның бетін бояйды.

Бұл сөзімде жалған жоқ.

Айтылмай сөзім қалған жоқ.

Абайлаңыз, байқаңыз,

Елдің жайы солай-ды, - дегеннің кері келді.

Әйтпесе нақ сол заманда бодандықтың құрыығы қазақ жұртынан алыс еді. Құрып кеткенде ұрланып келген елшіге еміне қоятындай күйкі күйден аулақ еді. Тең дәрежеде тұрып, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымды адамдарымен мемлекетаралық пәтуа жасауға болатын. Шоқынған башқұрт аудармашысы бүкіл қазақ жұртының мойнына жасырынып келіп басыбайлылықтың қамытын кигізіп кетті. Яғни тең дәрежедегі келісім емес еді. Әйтпесе осыдан үш ғасыр бұрын Алтын Орданың құрығынан құтылған Ресей жұрты мұншалық мардамсуға жете қойған жоқ болатын. Алайда:

"Қазақтың ұлы қозғаушы күші атаққұмарлық, барлық бостандықты құрбандыққа шалды" (Ш.Уәлиханов).

Бодандықтағы осы бір анықталмаған, ажыратылмаған екіжүзділік қазақ елінің ортақ ұлттық тәуелсіздік сезімін қалыптастыруға үлкен кесірін тигізді.

"Жымысқы, қылымсуға" құрылған мәмілені әуелі кіші жүз қазақтарының өзі кәдімгі "қалжың" қатарында сезінді. Тіпті бұл хандықтың тең жартысы Ресей бодандығын XIX ғасырдың ортасына дейін мойындамады. Тек Әбілқайырдың бір өзіне қатысты "сыбаға" тәрізді көрінді. Абылайдың қарауындағылар да мұны өздеріне кесірі жоқтай көріп, мән бермеді. Ұлы жүз хаңдығының тіпті кәперіне де кірген жоқ. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында ғана Ресей дәргейіне мойынсұнды. Шындап келгенде, "қатын патшаның" салған тұзағы осы үшеуіне де ортақ болатын.

Ресейге тәуелділікті мұқым қазақ елі бірден сезген жоқ.

Қайта бірін-бірі мұқатумен, өзінің бір күнгі бостандығына мақтанып, сестеніп, соны артықшылық, жүздік ерлік ретінде масаттанумен болды.

Ол – 123 жалған және сатқындық намыс еді.

Қайта "бұлғын жағалы" шапанды жамылғандарға:

Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп қайғы алма, -

деп тоқтау салып, ортақ ұлттық тәуелсіздіктің күрес амалын қарастыруы қажет еді.

Сонда намыс та, мақтан да, мүдде де ортақ арнаға тоғысып, елдіктің іргесі бұзылмас еді. Өкінішке орай, "бұлғын жағалы ішікке" "қайғы сатып алды", "қайғы" дегеніміз – басыбайлылық.

Неге елдің басы бірікпеді? Бұл көшпелі жұртқа жат сезім бе? Ол үшін С.Соловьев айтқандай қайратты әрі қатыгез тұлға керек пе еді? Әлде осы тарихшының көшпелілер туралы:

"... Халықтық құрылым мен мінез құлық дегеніміз – сол халықтың өткен өмірінің көрінісі. Мысал үшін, дамудың бастапқы сатысындағы бір халықты, Орта Азиядағы көшпелі бір халықты, қайдағы бір монғолдарды алайық. Мұндай халықтар, әсіресе өзінің тұрмысына байланысты, сыртқы кездейсоқ құбылыстарға, аса қайратты жеке адамдарға тәуелді келеді. Бұл халықтардың ішінен анда-санда аса қуатты, даңқ құмар хандардың шығатынын білеміз, олар ерте ме, кеш пе, әйтеуір өзге халықты жойып, осы уақыттқа дейін ұсақ-ұсақ хандыққа бөлінген ордалардың басын қосып жекелеген елдерді тонап, жаулап алды, соның нәтижесінде аса кең әкімшілік аймаққа ие болды. Бұдан бұл халықтардың өзінің ірі тұлғаларына, Шыңғыс хандары мен Темірландарына бойұсынатынын байқаймыз. Шыңғыс хан мен Темірлан дүниеге келгенше ол халықтың аты естілмеп еді; олар тарих үшін тылсымнан келген, заты өшкен ел еді, атақты бір ханның арқасында тылсымнан шығып, аты әйгіленіп, қуатты, билеп-төстеуші жұртқа айналды. Содан да даланың осы адамдары, Шыңғыстар мен Темірландар өз халқының өкілі болмағандықтан да, сол елдің тұрмыс-тіршілігіне, оның өмірлік күнкөрісіне, жалпы дәстүріне ешқандай өзгеріс енгізе алмады. Бұл халық соларға дейін де жыртқыш, соларға дейін де өзінің күнін таза тағылық күш, тонау, қырып-жою арқылы көріп жүрген, тек ол кездегі олжалардың мөлшері аз еді, қайратты да қабілетті адамның соңына ерген соң олардың олжасы көбейді, бар айырма сол ғана. Ұлы адам өлген соң – олардың ие болған шексіз жері бөлшектеніп, әлгі сілкінген халық өзінің баяғы қалпына түседі де тарихтың тылсымына қайта түсіп кетеді. Бұған ұлы адам не істей алсын? Халқы неге қабілетті болса, нені машық етсе соны ғана бере алады: бір адамның қажыр-қайраты, еркі арқылы сырттай жай ғана бірігуі мүмкін, жаңағы біріктіруші тұлға кеткен соң қайтадан пышырайды, ұлы адамның өзі де олардың құлқына өзгеріс әкеле алмайды, оған тырысса да етекбастылықпен өліп тынар еді", -деген пікірі шындыққа сая ма?

Мұндай ұлы тұлғалар сол заманда да болды. Егер Абылайдың ақ туының астынан табылғанда исі қазақ "қатын патшаның" тырнағына ілінбес еді. "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" тұсындағы алауыздықты ақтап, әр тарихшы мен жазушы өзінің жүзінің ханын жақтап, оның саясатын қорғап, екіншісін мінеу ағымы әлі де қылаң беріп отыр. Демек, С.Соловьевтің "қайдағы бір көшпенділердің бойында ұлттық ортақ мүдде болуы мүмкін емес" деген тұжырымы жанға батса да шындық. Абай мұны:

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сыпырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста – ми, қолда – малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

... Ұғындырар кісіге кез келгенде,

Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын, - деп үстемелей түседі.

Өкінішке орай, мұндай харекеттерді істеп отырған тәуелсіз қазақ мемлекетінің өзекті саясатын жасауға бірден-бір мүдделі боп жүрген зиялы қауым өкілдері. Оның ішінде ұлтжандылары. Қай жүздің ханы мен батыры мықты? Біздің батырымыз ана батырдан кем болған жоқ? Нағыз жеңісті біздің ана батырымыз әкеліп еді? Оның қасында Абылай мен Қабанбай кім?

Міне, біздің ұлттық мақтанышымыздың түрі. Елу жыл нақты қан майданға айналған даланы қорғаған ең бірінші ұлттық рух емес пе?

Жауды бірігіп жеңгеннен соңғы мақтанды бөлісе алмай қазақ елі бөлшектенуге ұшырады! Әуелі мақтанды бөліспей тұрып ортақ ұлттық мақтанышты орнықтыру қажет еді. Қазақтың бұл мақтанын Абай "Екінші сөзінде" өте дәл әрі асқан ызамен әшкерелейді. Онда өзге ұлттың барлығын мазаққа айналдырып, тәжікті – сарт, ноғайды – ноқай, орысты – сасыр бас деп келеке қылған қазақтың сөздерін айта келіп:

"Сонда мен ойлаушы едім: "Ей, құдай, бізден басқа халықтың бәрін антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз" – деп. Әлгі айтылмыш сөзді үлкен бір қызық көріп, қуанып күлуші едім. Енді қарап тұрсам: сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ... Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды да кірлеп (өлшеп – Т.Ж.), сол айдап кетіп тұрды ғой... Ноғайға қарасам: солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды... Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін біріміз жалшы, біріміз қол алушымыз. Орысқа айтар сөз де жоқ: біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?" – дейді.

Шынында да, әлгі мақтанымыз қайда?

Хандарымыз бен батырларымыздың теңдесі жоқ. Бәрі мықты. Бірақ сол мықтылардың елі басыбайлылыққа неге түсті? Тәуелдіміз. Тәуелді бола тұрып мақтануымызды қоймаймыз.

Жыраудың орнын тілемсек өлеңші алмастырғанда:

Қобыз бен домбыра алып топқа сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, -

деп Абайдың күйінсе күйінетіндей жөні бар.

Елдің рухын өсіретін батырлық дастанның дәуірі өтіп, бергеннің жыртысын жыртып, сөзін сөйлейтін ақындар шықты. Елдің еңсесі еңкейді. Абайдың өлеңшілерден гөрі "Қобыланды" жырлаған Марабайды "қазақ ақындарының зоры" деп бағалауы сондықтан. Ал Марабай мақтаса ерлікті, елдікті мақтады. "Күрмеуге келмеген қысқа жіптің ұшына кендір байлап жіберген" өлеңшіден гөрі ерлік дастанын жырлаған ақынды жоғары қоюы заңды да. Монтеньнің:

"Біз сондай бір тәкаппарлықпен: "Цицерон былай депті" немесе "Платонның адамгершілік туралы ілімі мынадай", сондай-ақ "Аристотельдің өзі сөзбе-сөз айтқаны мынау" деп айтуға шеберміз. Ал солай-ақ болсын, бірақ біздің өзіміз өз атымыздан не айттық? Біздің жеке пікіріміз қандай? Біздің әрекетіміз қандай? Әйтпесе жаңағы сөздерді тоты да қайталап береді", - деген сөзі соны аңғартады.

Мақтаныш пен мақтанның мағынасы екеу. Пендешілік Абайда да болған. Құс салған. Тазы қосқан. Бәйге ат ұстаған. Палуан күрестірген. Бірақ та оның соңына түспеген. Тіршілік ретінде қараған. Құмарлықты жүрекке түсірмеген. Оны Абайдың өзі де:

Ойшылдың мен де санды бірімін деп,

Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп, -

дейді.

Абай өзгені міней отырып, өзін де тыс қалдырмайды. Бірақ өмірдің әр құбылысынан өзіндік пікір түйе білген. Соңғы тұжырым:

Біріңді қазақ, бірің дос,

көрмесең істің бәрі бос, -

дегенге келіп тіреледі.

Бұл – ортақ ұлттық идеология. Ұлттық ортақ идеологияны таба білгендіктен де орыс қоғамы дүр сілкініп шыға келді.

Әр халық өзінің өткен өміріндегі жақсылық пен жамандықтан, жеңіс пен жеңілістен сабақ алып, оны саралай білсе ғана ілгері дамиды. Өзгеге жем болмайды. С.М.Соловьев мұны "ақыл үстемдігі" деп атайды. Халықтың санасына ой түсіп, өзін-өзі тәрбиелеуі шарт. Өзін тәрбиелемеген халық ертеңін болжай алмайды. Өткенін талдап, бүгінін саралап, болашағын анықтаған халықтың есесі ешкімге кетпейді. В.О.Ключевский:

"Халықтың басынан кешкен тарихы – жеке адамның бойындағы табиғи мінез сияқты, өйткені біздің бойымыздағы қасиеттердің барлығы да ата тегімізден келе жатқан түсініктердің жиынтығы. Демек, қайрат дегеніміз – 1 адамның өз жағдайына байланысты сыртқа шығаратын түйсіксіз (бессознательный) құбылыстың жиынтығы, ал қоғамдық билеу түзілімі дегеніміз – қоғамдық пікірге тәуелсіз, бірақ та қоғамдағы шектелген бостандықтан туындайтын жағдайға байланысты қалыптасқан халықтық мінез. Халықтың қоғамдық пікірі дегеніміз – әрбір адамның санасындағы жеке пікірі. Демек, қажыр-қайрат (қоғамды өзгертетін – Т.Ж.) санаға байланысты емес, сондай-ақ билеу түзімі де қоғамдық пікірге тәуелді емес. Алғашқысын тәрбие арқылы өзгертуге болады, екіншісі халықтың сауаттылығымен анықталады", - дейді.

Демек, мақтан да саналы болуға тиісті.

Ал жалпы ұлттық мақтаныш дәрежесіне жету үшін ұлттық сана керек. Оның сара жолы –ұлттық тәрбие. Орыс ұлты өзін-өзі тәрбиеледі. Петр сияқты ақылды, қайратты билік иесіне жолықты.

Абылайдың тұсында басы бірікпеген қазақ ақыры:

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар жалмауыз.

Сорлы қазақ сол үшін,

Алты бақан, Ала ауыз, -

болды. Сөйтіп жүріп біз:

"Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз" – деген күйге түстік.

Міне, жалған намыс пен жалған мақтаныштың бізге берген "сыйы" осы. Сонда біз шынымен намыссыз халық боп шықтық па? Намысымыз баяғыдан мақтанға айналып кетіп пе еді? Жоқ, мемлекет болып көрмеп пе едік? Қандай тұрғыда баға алса да Монтеньнің өзі де:

"Қазір бізге белгілі әлемдегі ең күшті мемлекет түріктердің империясы. Бұл халық қару-жарақты құрмет тұтып, ғылымға қырын қарайды. Менің ойымша, Рим империясы ғылымға бой алдырғанша аса құдіретті күшке ие болды. Біздің заманымызда да ең жауынгер әрі тағы және оңбаған халықтар үстемдік құрып отыр. Оған скифтер, парсылар және Темірлан дәлел бола алады", - деп мойындаған мемлекеттік жүйе мен тәртіп, сарбаздық намыс, әскери мақтаныш ұлтымыздың есінен қалай шығып кетті?

Естен тандырарлықтай тарихи тақсіретті оқиғалардың астында қалған ұлы дала ұрпақтарының бір сәтке С.М.Соловьев айтқандай "тарихтың тылсымына" сіңіп кеткені рас. Қанағат, Ұлыс, Орда атанған бірлестіктерден соң ұсақ хандықтардың қырғыны басталды. Тек пен тамыр қиылды. Орданың үшке бөлінуі, Тоқтамыс, Едіге, Мамай, Темір, Шайбани тұқымдары қырық бөлшекке салған елдің есі кіресілі - шығасылы күйде қалды. Әйтпесе, намыс та, ұлттық мақтаныш та, ортақ мақсатқа бағындыратын ұлы тұлғалар да болған. Абай өзінің "Отыз тоғызыншы сөзінде" мұны былай еске алады:

"Рас біздің ата-бабамыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Сол аталарымыздың екі ғана мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Ол екі мінез қайсы десең, әуелі: ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылар қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен... Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шынымен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді? Екінші – намысқор келеді екен. Аты аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен... Кәніки, енді осы екі мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстық, табандылықтан келеді. Бұлардан айрылдық. Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не тыныш отыра алмағандық", - дейді.

Демек, көшпелі халықтың ортақ мүддесі, ортақ намыс, ортақ ұлттық мінезі болған. Абайдың айтып отырғаны да, іздеп отырғаны да сол ұлттық нысана. Жеке бастың мақтанынан аулақ, оған мүлде кереғар ұғым.

Ұлттық намыс, мемлекеттік ортақ билік кеткен соң аза бастадық. Соның кесірінен арылсақ "біз де ел қатарына кірер едік" дейді. "Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің барлығы адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады" дейді.

Бұл дегеніміз рухани тәуелділік.

Ел емессің тағысың. Жабайысың деп тұқыртып алып, хандықты құрту – осындай рухани мүгедектікке алып келді.

Оның орнын "орынсыз мақтан", "жалған намыс" алмастырды. Сол мінез халыққа жұқпалы дерт болып жабысты.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 316; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.057 сек.