Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 9 страница




Демек, "ақ шомның" негізі есте жоқ ескі заманда қалыптасқан. Ол кезде Ресейдің қандай мәдени-экономикалық дәрежеде болғанын бір алла біледі. Анығы, көшпелілердің тіршілік саясаты айналымға құрылған. Олар бұл түзілімді бұзғандарды аяусыз жазалап, тиісті сыбағасын сыпырыпалып отырған.

Дәл осы экономикалық саясатты Әлихан Бөкейханов пенШвецов та ұсынады. Егерде жедел отырықшылануға көшсеқазақ халқы сөзсіз ашаршылыққа ұшырайды. Екіншіден, көшпелі экономикалық түзілімді сақтамаса, онда сөзсізтәуелділікке көшіп, таза шикізаттың құлына айналады. Үшінші,олар крестьянданып, тез шоқынуға бейімделеді, - деп есептеді. Ресейдің қазақты отырықшыландыруға қатты кірісіп, бар ынтасын салудағы пиғылы да сол шоқындыру болатын. "Айқап" журналына қарсы пікір айтқан "Қазақ" газетіндегі "Алаш" азаматының ойының түпкітөркіні сол еді.

Олжоспарды "коммунист-колонизаторлар" (Смағұл Садуақасов) жүзеге асырды. Қазақ даласы мен ұлты таза экономикалық басыбайлы шикізат қоры ретінде өлі денеге айналды. Абайдың тұсында бұл дерт меңдеп бара жатқан. Әлі де ет қызуы басыла қоймаған жастарға осы "жансыз болашақты" мегзеп:

Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық,

Алдыңда уайым көп шошынарлық, -

дейді.

Шынында да, "шошынарлық заман" алда еді. Абай экономикалық тәуелділіктің "одақ" деген бүркемесінің де тамырын басып, оның басыбайлылыққа қызмет ететінін білген. Ол өзінің "Алтыншы сөзінде":

"Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса – ант ұрғандықтың басы осы", - дейді.

Мұның астары – шикізатынды беріп отырсаң "күшті өкіметке" жағасың, саудаң жүрсе – доссың, сарқылған күні – итке тастаған қу сүйексің. Соған тәуелдісің. Бұл – бірлік, достық, интернационалистік емес, "ант ұрғандықтың", яғни құлдықтың басы дегенге салды. Жалданудың бүгінгі көрінісі – жалақы. Бірлігіңіз – одақ. "Антұрғандық - экономикалық тәуелділік. "Өз малынды өзіңдікі дей алмай, күндіз күлкінің, түнде ұйқының бұзылуының" себебі де сонда. Көмпіс елге қарата:

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың, -

дейді Абай.

Бұл – толық бодандықтың сыпаты. Кен сапырылды. Тасылды. Одан қазаққа бір тиын да пайда түспеді. "Бірлік жоқ" дегені – ұлттық тәуелсіздік жоқ дегені. "Береке жоқ" дегені – ұлттық экономика жоқ дегені. Ал, "шын пейіл жоқ!" дегені – "жан бостандығы жоқ!" – дегені.

Поэзия мен экономика түйіспейтін ұғым болса да Абайдың өлеңдерінде бұл екеуі кәдімгідей әлеуметтік рух танытады. "Ақ шомның" керуенінен басталған көрініс ұлттық бостандық ілхамына ұласады.

Ресейге деген экономикалық тәуелділік бұрын да болған. Әсіресе, "Алтын орданың" дәуірінде ол қатты жолға қойылды. Бірақ ол кезде көшпенділердің толық тәуелсіз, ал Ресейдің жартылай бодан кезі болатын. Бірақ алыс-беріс тең дәрежедегі сыпатта жүргізілді. Абай тарихтың сабағын да ұмытпайды. Ол:

"... Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің "ахиреттігін", тірісінің киімін сол (ноғай көпестері – Т.Ж.) жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірлеп (өлшеп – Т.Ж.), сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да орыстың өнерлерін бізден олар (ноғай, сарт, т.б.) көп үйреніп кетті", - дейді "Екінші сөзінде".

Тарихтың көшпелі сипаты көшпелілердің саяси сахнадан ығысуына мәжбүр етті. Еркін елдің еркінің жат ықпалына ілігуі осы алыс-берістен басталды. Құнанбайдың насыбайға, шайға, торғын-торқаға қырын қарауы тегін емес. Дәстүрлік тіршіліктің салты бұзылған соң және жаттың дәстүрін бойына сіңіргеннен кейін одан арылу қиын. Ахиреттік бұлды, киер киімді жат жұрттан алу экономикалық тәуелділіктің басы.

Экономикалық тәуелділік ең бірінші тұтыну заттарынан басталады. Қытай апиынмен улады. Көшпелілерді шайға үйретті. Осы заманда арақ-шарапқа ауыздаңдырды.

Қазір қазақтың тұрмысына бұл қажеттіліктің сіңіп кеткені сондай, онсыз дастарқан жайылмайтын болды. Өз жерінде шықпайтын өнім мен затқа дәніктіру отарлаудың ежелден келе жатқан әккі дәстүрінің бірі. Бұл саясат жыл қайыруымыздан бұрынғы ІҮ-ІІІ ғасырдан мәлім. Орталық қытай мемлекеті көшпелі жұртты осыңдай үлде мен бүлдеге алдандырып, экономикалық тәуелділік арқылы жаулап алмақ болған. Хұн қағанатын одан ақылды қытай кеңесшісі құтқарып алды.

Атақты Мөде тәңірқұты дүниенің төрт бұрышын жаулап алды. Қытайдың өзін кіріптар етті. Оның мұрагері Лаушаң-Қызай хань империясынан алым-салық алып, жібек пен торғынға, тәтті тағамға қарық болды. Байлық пен мырзалықта өмір сүрген қағанаттың әскері мен әйелдері бірдей жылы-жұмсаққа, үлде мен бүлдеге, шарапқа құнығып алды. Бірде Лаушаң-Қызайдың ордасына Мөденің досы кәрі қытай келіп, көшпелілердің мына қалпын көріп қатты назаланды. Қытай елшілігі келгенде көшпелілер мен қытай жауынгерлерін бәсекелестіреді. Бұтаның арасымен жүгіргенде хан жауынгерлерінің киімі жыртылып қалып қояды. Тері шалбарлы, тері шәркейлі хұн сарбазы озып келеді. Екі жақтан екі адамды тастай суық құдықтың ішіне қатар салады. Қытай талып қалады, хұн аман шығып, қымызбен бойын жылытады. Сонда әлгі қытай кеңесшісі:

"Көрдің бе, сенің жауынгерлерің бәрінен үстем болды. Себебі, сендер жастайларыңнан малдың етін жеп, сүтін іштіңдер. Терісін киім етесіңдер. Мал шөп жейді. Шөпте барлық нәр бар. Ал мыналар тәтті тағамға үйренген. Жібек киіп, жылы жерде өскен. Төзімсіз. Егер сен әскеріңе қытайдың үлдесі мен бүлдесін киюге, тәтті тағамын пайдалануға тыйым салмасаң, елінді аздырасың. Қазірдің өзінде жастарың жаттың дәстүріне үйреніп алды. Бұл – қауіпті. Ертең отырықшы ел жұтып қояды. Ал ұрпағың жібек пен торғынға құлқын сатады. Тәуелді боласың", - деп ақыл айтады.

Содан бастап хұн жұрты өзінің көшпелі салт-дәстүріне, үйреншікті киім мен тамағына көшкен.

Абайдың "ахиреттік" бұл мен "киімді" тілге тиек етуінде сондай астар жатыр.

Осы аңызда үлкен тарихи, әлеуметтік шындық бар. Араға екі мың жыл салып барып осы қатер көшпелілердің басына тағы да төнді. Бұл жолы ақыл айтар қытай кеңесшісі де, оны жүзеге асырар Лаушаң-Қызай сияқты хан да табылмады. Абай мен Шәкәрімнің қазақтың киім үлгісі туралы өлеңдері елігіп алған жұрттың еркін ақылға жеңдірмеді. Абай "Той болса, тон киелік, жүр баралық" немесе "Жарлылық, жалынышты, жалтаң көздік, Сүйкімді, киімі жоқ шалдуарлық" – деген жолдарында әр нәрсені аңғартады. Әсіресе, "жалынышты, жалтаң көз" боп саудагерден алған киім туралы сөз еткенде әр түрлі ойға қаласың. Бөз үшін боз өкпе болып күйінгендердің көңілін аудару үшін "Ескілік киім" деген өлең жазып:

Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап, кигенім – шидем шекпен.

Жейде, дамбал ақ саңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ, матамен әдіптеткен.

Мықшима аяғымда былғары етік,

Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.

Үлкен кісе жанымда жез салдырған,

Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп.

Күләпара басымда, пұшпақ тұмақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

Тобылғыдан кесіп-ап, жіппен қадап,

Артын белге қыстырған бар құрысқақ.

Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,

Қанжығамда баймаулы жіптен шідер.

Жарғақ, жастық – көпшігім, жезді пыстан,

Бір келісті сайманым топқа мінер –

деп насихаттағандай да болады.

Бұл жөнінде Шәкәрім мен Ахметтің өлеңдерін еске алсақ, онда еріксіз қарт қытайдың ақылы жадыңда жаңғырады.

Абай тек қана ақын деп оған көркем ой тұрғысынан ғана қарауға болмайды. Абай – қазақтың бүкіл болмыс, тіршілігінің, танымының, тарихының, жан дүниесінің, рухани өмірінің энциклопедиясы. Қазақ болмысының заманалар бойы қорытылған құймасы. "Пушкин жеке адамның жалқы сезімі мен көңіл күйінің, тіпті сол дәуірге ғана тән жалпы сезім мен көңіл күйдің ақыны ғана емес: оның поэзиясының өзегін түгелдей талдап, түсіндіру үшін бүкіл адамзатқа тән сезім пернесін түгел басып шығуға тура келеді", - деп В.О.Ключевский Пушкин туралы қалай дәл айтса, біздің Абай қақында да солай деуге толық дәлеліміз бен дәйегіміз бар.

Өйткені, Гете, Пушкин, Абай сияқты таза ұлттық ақындар ете сирек және қайталанбайтын құбылыс. Әлем әдебиеті мұндай күрделі көркем ой иелеріне өте тапшы.

Ол заңды да. Олар өз ұлтының қадір-қасиеті, жақсылығы-жамандығы, қасіреті мен тағдыры арқылы исі адамзатқа ортақ мүдделі мәселелерді қозғайды. Абайдың еншісіне тиген сондай сыбағаның бірі – халықтың басыбайлы тәуелсіздікке ұшырауы. Ал бұдан өткен уайым болуы мүмкін емес. Бұл ретте халық жөнінде алдыңғы екеуінен гөрі Абайдың қабырғасы сөгіле "зар төгуі" заңды. Халықты тәуелділікке әкелген мінез бен әдеттің барлығын сынай талдап, сөзді тектен өткізе қолданды. Абай "Үшінші сөзінде":

"Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының себебі не?" – деп сұрақ қояды да оның жауабын іздейді.

Ұлттың бойындағы барлық керенаулықты талдап, қазымырлана санап, оны бір-бірімен байланыстыра келіп, басты себеп-экономикалық тәуелділікте деген түйін жасасайды. Өйткені: бірінің- біріне тілеу тілеуі үшін ортақ ұлттық идеология қажет. Ондай бірлік "Бірінші низамнан" кейін хандық, яғни мемлекеттік жүйемен бірге құрып кетті. Ұлттық рух біріктірмеген ел-жұрт бір-біріне "қаскүнем болмай" не істейді? Әркімнің пиғылы-өз құлқына қызмет етті. Сені жарылқайтын, бәріңді тең көріп, екшеп басқарып отыратын "орталық басқару орны - мемлекет жоқ.

Ресей қазақты жарылқамақ түгілі оның күн көріп отырған жерін тартып алып, бұлағының көзін бітеп отыр. Тартысып жүріп жан сақтамасаң өзің жем боласың. Ол үшін "рас сөзіңді" айтпайсың. Онда "ұлық сені жек көрем - дейді. Ұлыққа жек көрінішті болсаң "итжеккенге" айдаласың. "Қызмет – осындай құқайдан құтқаратын бірден-бір орын. Оның өзі бәріне жетпейді. Ендеше оған кім ұмтылмайды? Ал "жалқаулық" дегеніңіз сол "қызметтің" жоқтығынан шығады. Өндіріс жоқ. Бәрі малшы бола алмайды. "Қызмет" санаулы. Ортақ мемлекеттік қам-қаракет деген ұмытылған.

"Жалқаулықтьң" бір себебі – жұмыссыздықта жатыр. Сауда дегеніңіз халықтың дәстүріне жат. Оны құдайдың қарғысымен тең деп түсінеді. Абай осыны түсініп, жаңа қоғамдық жағдайға байланысты "ақылмен билеп", елдің есін кіргізуге тырысады. Заманға қарай бейімделмесе құрып кететінін ескеріп:

"һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады: әрбір қайратсыз – мақтаншақ келеді: әрбір мақтаншақ қорқақ-ақылсыз, надан келеді: әрбір ақылсыз надан – арсыз келеді: әрбір жалқаудан – сұрамшақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Мұның бәрі – төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойдың жоқтығынан. Өзге: егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді",- дейді.

Міне, экономикалық тәуелсіздіктің кепілі осы – "егін, сауда, өнер, ғылым". "Өнбес іске" өшпенділік жүрмейді. Ортақ ұлттық экономика ғана елді толық тәуелсіздікке жеткізеді. "Кіріптарлық, жарлылық, жалтаң көздік – ұлтты "сүйкімсіз", "шалдуар" етеді. "Еңбегін сатпай, сақалын сататындар" заман ұсынған жаңа "ырыздықтың көзін" тапсын, соны түсінсін. "Терін сатпай, телміріп көзін сатып, аларман болған жұртқа" Абай қатты назаланып:

"Ешбір қазақ көрмедік: малды иттікпен тапса да адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айырылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа еш нәрсе бойыңда қалмайды",- дейді. Орынды да ойланатын сөз.

Енді, осы "иттікпен табылып", "иттікпен жұмсалған", "бейнет пен күйік", "ыза" ғана сыйлайтын "малдың" астарлы мағынасына үңілейікші. "Мал" дегеніміз – экономика. Бұл түсінікті. Ал, неге "иттікпен" табылады? Себебі: өнім өсіру үшін, малды төлдету үшін жер керек. "Екінші низамның" жарлығы бойынша жер патшаның меншігіне көшті. Шетінен жырымдалып, Бальзактің "шегірен былғарысы" сияқты тарайып барады. Орман, көлі, суаты, бәйектік шалғыны қоныстанушы орыстарға, әскерилендірілген қазақ қосындарына берілді. Соның нәтижесінде қазақ үшін даудың ең үлкені – жер дауы болды. Екінші: неғұрлым мал басын көбейген сайын солғұрлым алым-салық та көбейді. Жер салығы, жан салығы, түтін салығы, орман салығы, әскер салығы, сайлау салығы, "қара шығын" іспетті алымдар көз ашырмады. Еріксіз "құдайдың мал табарлыққа берген қуатын" "адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамайсың". Сен біреуді алдайсың, ол сені алдайды. "Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік".

Ал, "сөйтіп иттікпен тапқан малды" неге "иттікпен жұмсайсың?" Оған не себеп?

Малының өнімін жәрмеңке ашқан көпеске өткізесің. Ондағы малдың құны шыққан шығыннан екі-үш есе аз. Сенен арзанға сатып алып, Ресейге үш есе артық бағасына өткізеді. Өзіңнің малыңа өзің баға қоя алмайсың. Сатпай тағы отыра алмайсың. "Жеті ағайынды жұттың" аңдып отырғаны анау, мына заманның қылғымай жұтып жатқаны мынау. Барымта мен сырымта тағы бар. Еріксіз "итшілеп жүріп", базардан бедекші жалдап, "көзіңді сатып":

Әрі-бері айналса аты арықтап,

Шығынға белшесінен әбден батып, -

ақыры малынан ақы бергендей боп құтылады-ау.

"Иттікпен жұмсаған" емей немене бұл? Бұдан құтылудың жолын Абай:

"Қош. Сөйтіп жүріп-ақ ақыл, мал таптың. Байыдың. Сол малды сарып қылып ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң балаң табу керек. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды" -деп түсіндірді.

Бүкіл тіршілік атаулының тұтқасы "ғылым" екені рас. Бірақ та Абай осы арада бұл сөзді ауыстырмалы мағынасында да қолданып отыр. Таза ғылым жолы – ол да зәру, қажетті, мүдделі жол. Алайда, Абайдың мына айтқан "ғылымы" өнермен қоса өмірдің де мектебі. Өйткені, "иттікпен" тапқан мал "иттікпен" жұмсалмас үшін қоғамның экономикалық заңдылығын білу керек. Онсыз бәрібір тәуелділіктен құтылмайсың. "Өз малыңды өзімдікі" деп толық айта алмайсың. Соны мегзеген Абай:

"... Және мал тілейсіңдер. Неге керек қылайын деп тілейсіздер? Әуелі құдайдан тілеймісің? Жоқ, тілемейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай саған еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарп қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмақшы? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол", -дейді пікірінің тамырын терең бойлатып.

Бұл арадағы Абайдың айтып отырған "ғылымы – тәуелсіздік ғылымы. Осыншама неге мүсәпір болдың, неге кіріптарлық күй кештің, қуатыңды алауыздыққа жұмсағаның не? Талмай ізде, зертте, сонда тәуелді тұрмысың мен тіршілігіңнің тамырын табасың. Түңілме дейді.

Демек, экономикалық басыбайлылықтан "қара малдың күшімен" шыға алмайсың. Дербес күн көру үшін өнеркәсіп аш, сауда жаса, ғылымын, өнерін біл. "Өз қаруын өзіне пайдалан". Өлсең – ахиреттік бұлың өзіңнен болсын. Онсыз: "оқыған намазыңнан" айрыласың, "тұтқан оразаң" һарам болады, "қажылыққа" бара алмайсың, ғибадатың мешіт емес, шіркеу болады, өйткені – рухани тәуелдісің, "дүние де жоқ", себебі – экономикалық тұрғыдан да тәуелдісің – дейді Абай.

Әрине, "ақ шомның" дәуірінің өткенін Абай білді. Сондықтан да "қалың елі-қазағын" жаңа экономикалық сатыға көтерілуге шақырды. Сонда ғана "өз малың – өзіңдікі болады - деді. Мұның ақиқаттығына дәл қазір көз жетіп отыр.

 

 

II

 

Рухани және экономикалық тәуелсіздік - ұлттық бостандықтың кепілі. Экономикалық тәуелділік бар жерде – теңдік жоқ. Теңдік жоқ жерде – бостандық жоқ. Бостандық болмаған жерде – рухани тәуелділік бар.

Ал, рухани тәуелділік – халықтың, ұлттың, мемлекеттің өлімге бет алуы деген сөз.

Рухани және экономикалық тәуелсіздік деген ұғымды Абай бір-бірінен бөліп қарамайды. Ол өзара өзектескен, басыбайлылыққа қарсы ұлттық мойынсұнбау қозғалысының шешуші күретамыры болып табылады. Бұл тамырлар ұлтты толық азаттық жолына бастайды.

Өкінішке орай, қазақ халқының бостандық жолы Абай өмір сүрген тұста толықтай кесіліп қалып еді, империяның салған жолы тәуелділіктің тұзағы боп киілді. Отарлау саясатының қолындағы ғылым да сол тұзақты қыса түсуге қызмет етті. Темір жолдың қазақ даласына келуінің өзі оның ең соңғы тұяқ серпер жантәсілім сәтін жақындата түсті. Мұны түсіну үшін пәлендей зеректіктің қажеті жоқ болатын. Қатардағы ревизордың бірі И. Мельников өзінің "Дала облыстарын басқару жөніндегі ережесінің жобасындағы кемшіліктер" атты мағлұмдамасында:

"Ресей әлемді бөлісіп билеу барысындағы өзінің оңтүстігіндегі Орта Азия аймақтарындағы үлес мәселесін шешіп қалған кезде, империяның алдағы тарихи өміріндегі қазақ халқының тағдыры мен талайы үзілді-кесілді анықталған кезде, Ресейдің құрамындағы қазақтарды өзінің байырғы қам-қаракетсіз, жартылай кезбе және көшпелі тұрмысына қайтып оралады деуі далбасалық; Азияның саяси картасы соңғы рет қайта жасалғанға дейінгі, не Азия даласының оңтүстігіне орыстар кіргенге шейінгі кез болса бір сәрі, ал қазіргі кезде, Ұлы Сібір темір жолы салынып, орыстардың бұл өлкені ерекше қарқынмен отарлауы жүріп жатқан сәтте ол мүмкін емес",- деп кесіп айтты.

Тәуелділіктің бұл екі түріне Абай өлеңі мен "Қара сөзінде" ерекше мән бере тоқталады. Нақты осы ұғымдарды ашық атамағанымен "сөз таныр кісі болса" оның астарын бірден аңғарады. Зады, Абай өзінің пікірін нақтылап жатпайды. Ол үшін уақыттық сипат пәлендей міндет атқармайды. Ойын бүкіл халықтың көңіл күйімен астастырып, күйдіргі мәселені қозғайды. Қай заманда да болсын Абайдың өлеңдерінің көкейкестілігі жойылмайтынының бір себебі осында жатыр.

Тәуелділіктің ішіндегі ең қауіптісі Абай үшін рухани басыбайлық. Әр пікірі соған сабақтала жалғасып, ойын үстемелеп отырады. Тіршілік қамына, қазақтың күнкөрісі мен жалған мақтанына жазылған "Екінші сөзінің" өзінде де рухани басыбайлылықтың зардабына тоқталып, ісін берсе де ішін бермеген ноғайларға сүйінеді. Ол:

"Үлкен байлар да, молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам: солдаттыққа да шыдайды (елін қорғай алады, жауынгерлік рухын сақтаған); кедейлікке де шыдайды (шаруашылыққа тәуелсіз); қазаға да шыдайды (рухы биік); молда, медіресе сақтап, дін күтуге де шыдайды (шоқынып кеткен жоқ). Еңбек қылып мал табудың жөнін де солар біледі (экономикалық тәуелсіздікке ұмтылады)", - дейді.

Демек, мұндай басыбайлылыққа түскен елдің түбі құлдыққа, қайыршылыққа, "жалтаң көз, жалынышты" күйге ұшырайтынын Абай білген. Бар байлығың тоналады. Рухың өледі. Тілің мен дінің құриды. Бодансыз күн көре алмайтын күйге түскен шақта өкінгенмен өткен өмір, еркін дәурен қайтып келмейді. Жақшаның ішіне алынған сөздерді Абай айтқан жоқ. Бірақ мегзеп отырған ойы сол. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған мұңдас халықтың бойындағы азаматтық мойынсұнбауға сүйінеді. Өз елін де соған шақырады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 282; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.047 сек.