Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 11 страница




"XVII ғасырда орыстың әскери жасақтары ұлы мәртебелі әміршінің жерін кеңейте жүріп, Солтүстік Азиядан ру-ру боп өмір сүретін, әр ру рубасына не төреге бағынатын тағыларға тап болды; әр рудың қорғаныс күрені болды, кей кезде орыс адамдары қызыл қырғын жасай отырып шапқынға ұшыратты; әр күренде он төрт үй, әр үйде он шақты отбасы бар", -деп атап көрсетті.

Әрине, "Алтын орданың" ыдырауынан кейінгі көшпелі түркі жұртының, оның ішінде қазақ елінің ішкі билік жүйесі дәл осындай күйде екені тарихтан мағлұм. Соны пайдаланған Ресей империясы "азиаттықтағылардың" осал жерін дәл тапты. Ең әуелі хандық билікті оңай жоюы да рулық психологиямен астасьш жатыр. Қалай дала тізгіні қолына тиді, солай хандардың қадірін кетіре бастады. Көнгеніне көпшік қойды, көнбегеніне көнек кигізді.

Бір сөзбен айтқанда, халықтық билік дәстүрін жойды. Оны бұзбаса – ешқашанда елдіктің тұтастық идеясын өшіре алмас еді. Халықта – елдіктің сыпаты. Ресей сияқты Еуропалық отаршылдық ілімі мен тәжірибесін және қаруын меңгерген жаһангермен ру болып тіресе алмайсың. Жанақ ақынның:

Ханнан-қайыр, байынан-қайыр кетіп,

Телмірген, теңдігі жоқ, ел болған кез, -

депкүйіне жырлауы сондықтан.

Қазақ даласының екі бүйірінен қадалған екі империяның найзасы мен өктемдік пиғылы атам заманнан бері бір рет те толастаған емес.

Билік құрылымы заманына сай болған тұстарда" көшпелілер өзінің тиісті сыбағасын қайтып алып отырды. Бірақ та әрбір арпалыстан соң қомағай жұрт жердің бір пұшпағын жамбасына басып қалды, оны темір не қайыс ноқта жасайтын "ұстаханаға" айналдырды. Сөйтіп, Ертіс пенЕділдің арасын тарихи тұрғыда иемденіп, қанағат тұтты. Жә, отарлау тарихы мүлдем басқа әңгіме. Бізге қажеті Абай сынаған билік құрылымы. Абай XIX ғасырдағы Ресейдің билік құрылымының сиқын:

Бас-басыңа би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ, па елдің сиқын, -

дегенжалғыз-ақ ауыз сөзбен әшкерелеп берді.

Таратып айтсаң таңға таусылмайтын сөз. Абай мұны неге айтты? Қазақ халқы, әлде тумысынан шенқұмар, бақталастыққа бейім, көрсеқызар ел ме еді?

Ондай болса сонау көк түрік қағанатының тұсында қалыптасқан "Ел" деген ұғым мен "Елім-ай" әнін қалай тудырды? Жоқ елдік нысана – идеология болған! Ұлттық Тәуелсіздік пен бірлік идеясы рухани тұтастық дәрежесінде тұрғаланған. Сол қасиетті "жан бостандығы" (Абай) – қаһангерлік отарлаудың құрсауында қалды. Рухани және экономикалық тәуелділікке отаршыл аяр билік арқылы мәжбүр етті. Өзге түгілі Абайдың өзі де биліктен әбден запы болған.

Ол өзінің өмірлік мақсаттарын талдай келе:

"Ел бағу? Жоқ, елге бағым (баққым – Т.Ж.) жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса не албыртқан көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын! – деп биліктен ат-тонын ала қашады.

Неге? Абай "ел бақпады" дейсіз бе? Бақты. Баққанда қандай. Сайланып та, тағайындалып та болыс болды. Сондай-ақ:

Қазақта қара сөзге дес бермеген,

Өзі де басқа шауып, төске өрлеген, -

азулы, аузы дуалы билердің біреуі болды.

Ендеше неге тіксінеді? Себебі, қазаққа тізгін тиген бұл биліктің толық билік емес екеніне көзі жеткен. Бұл билік – елге билік емес, отаршыл елдің атқосшысы міндетін атқаратын татымсыз билік. Жалдамалы билік. Басынан кешірген басыбайлы билікті мойындамады.

"Болыс пен биді құрметтейін десең: құдай берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ -дейді түңіліп.

Қазақтың мемлекеттік билігін жойған 1822 жылғы Сперанский жасаған "Бірінші низам" ережесі. Ол бойынша қазақтардың ортақ хандығы ыдыратылды. Дуан құрып, аға сұлтандар сайланды. Істі оның қасындағы екі орыс майоры жүргізді. Барлық билік пен әскери күштің ырқы соларда болды. Болыстардың құрамы ру бойынша емес, жер бойынша бекітілді. Аралас рулардың өшпенділігін туғызды. Ал, бүкіл қазақ даласы бір-біріне бағынбайтын үш мекеменің қарауына берілді. Орал, Торғай аймағы әскери генерал-губернаторға, ол ішкі істер министрлігіне қарады. Семей, Ақмола өңірі генерал-губернаторға, ол сыртқы істер мен заң министрінің дәргейінде болды. Сырдария, Жетісу өлкесі генерал-губернаторға, ол әскери министрліктің қарамағында еді.

Бұлай бөлуі тегін емес. Бірінші: қазақтардың басы ешқашан қосылмайды. Екінші: әр мекемеге өзінше саяси-экономикалық міндет жүктеледі. Үшінші: олардың іс-әрекетін бақылап отыру, тек орталықтан үйлестіру қолайлы еді. Төртінші: әскери күш те шешуші міндет атқарады. Бірдей қылмыс үшін, әйгілі барымтаны ғана алайық, үш мекеме үш түрлі жаза қолданды. Мұндай "бас-басына би болған" билеу жүйесінен қандай береке шығады. Үш мекеменің қазақтың қамын бірігіп ойлауы мүмкін емес.

Демек, бұл қазақтың дәстүрлі билігін құрту үшін қасақана жасалған шара. Елді аздыруға арналған билік жүйесі. Бұдан қазақтың өз ішіндегі рулық берекесіздікті қосыңыз. Отқа май құйғанмен бірдей әсер етті. Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі тұсында әркім өз руынан әскер жиып, бір-біріне қосылмай, бірінің басын бірі кескен соң, екіншісінің бас көтеруі соған дәлел. Бас араздығын жеңе алмаған адамдардың ұлттық азаттық үшін күресуі мүмкін емес. Ет пен терінің арасындағы қызу ғана. Абай соған ыза болып:

"Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі бек зор өкімет, жарлық қолында бар болуы керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарына алып, медіресеге беріп; бірін – ол жол, бірін – бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылым жолдары бар; сол әрбір жолда бір медіресе бар, соларға тоздырып, бірін-сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұңдағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, һатта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, онда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып, сөзден қалғанда түзелсе болар еді... Енді бұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді... Қазақты иә қорқытпай, иә параламай, ақылменен не жерлеп, сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес", -деп күйінеді.

Абайдың күйінсе күйінетіндей жөні бар. Оған себеп көп. Отарлау саясатының басты бағыты-халықтық бірлікті жою еді. Ол мақсатына билік пен сайлау жүйесі арқылы толық жетті. Енді оны бұл бетінен қайыратындай күш жоқ. Ол күшке ие болу үшін ең алдымен азаттық керек. Азаттыққа жету үшін рухани күш пен рухани тәуелсіздік қажет.

Оның жолы – ғылым.

Ал Ресейдің отарлауы тұсында мұның "емі – паралау! Иә, паралау еді! Ұлы Петр I өзі тия алмаған бұл жылбысқы әрекетті өзі басыбайлы болып жүрген қазақтың болысы тия алама? Ресей монархиясының мәйегі параға ұйыған. С.М.Соловьевтің бұл жөніндегі мына мысалы соған толық дәлел бола алады:

"Сенаттағы қазына қымқырушылардың ісін қараған мәжіліске қатысып отырған Петр қатты ашуланып, генерал-прокурор Ягужинскийге: "Егерде кімде-кім қандай мөлшерде болсын арқан сатып алуға жарарлықтай мөлшерден артық қымқырса соны дарға асу туралы жарлық шығар! - депті. Сонда Ягужинский: "Падишах, сіз шынымен де қызметкерсіз, күтушісіз, бодансыз император болып қалғыңыз келе ме? Біздің бәріміз де қымқырамыз, тек біреу қомақтырақ жеп көрсетіп қояды, екіншісі жымын білдірмейді", -деген екен.

Бас прокурордың жауабы осындай болғанда өзге шенеуніктерге не жорық?

Оның үстіне "тағы далаға" тақыстарды ғана жіберді. Олар ешқашанда кісілікке жарып көрмеген жандар еді. Өзі қандай болса, оның қарамағындағылар да сондай болмақ. Болыс сайлауы тұсында қазақтардың арасындағы дорба мен жорға әдеттен тыс сапырылысып кетуі сондықтан. Абайдың "қазақты түзеймін деген" адамға:

"Екінші: ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағылым берсе, сонда түзелер еді. Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін де емес... Енді не қылдық, не болдық? -деп ызамен кекете отырып ақыл қосуы сол "мемлекеттік пара жүйесіне" ашынғандығының белгісі.

Бұл патшалық отаршыл билеу тәсілінің елді әбден аздырып, тоздырып, ұлттық мәйегін іріткенінің көрінісі. Абайдың өз сөзімен жеткізер болсақ, басыбайлылық, тәуелділік, парақорлық, қорыққанын сыйлаушылық, елдікті ұмытушылық, билікке құмарлық қазақтың:

"етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен енген надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниедегі ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрылмайды. Сөз айтсаң – түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады" ("Қырық бірінші сөз").

Абай осы отаршылдық саясаттың уымен уланған тұқымды жек көреді.

Солардың қателігін әшкерелеу үшін жаңа толқынды тәрбиелеп шықса деген арманынан үміт күтеді. Ол толқын рухани тәуелділіктен толық құтылса ғана тәуелсіздікке жетеді. Ресейдегі қалыптасқан отаршыл саясат пен мемлекеттік билік тұсында ол мүмкін емес-тін. Бірақ "ата-ананың бойындағы" әлгі "қасиеттерден" арылған ұрпақ бас жарып келе жатты. Соның бірі Мұхаметжан Тынышбаев халықтың тәуелді күйі мен отаршыл саясатты әшкерелеп, 1905 жылы думаға:

"Қазақтар орыстардың қол астына кіргеннен бері бірде-бір шуақты жарық күн, бақытты сәт болған емес. Содан бері ешкімде, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болса игілікті іс немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойлаған да жоқ", -деп мәлімдеме жасады.

Бұл тұстағы Ресейдің басқару құрылымы да күйреуге жақын еді.

Ал өзге ұлтты былай қойып, өзінің қандастарын басыбайлылықтан енді ғана босатып, оның мүддесін шеше алмай отырған мемлекеттен жақсылық күтудің өзі сағымды уыстағанмен бірдей болатын. Өз ішіндегі билік тәсілін өзгерту туралы айтыстар жүріп жатқанмен, отар ел туралы ойлары өзгере қойған жоқ. Орыс тарихшысы В.О.Ключевский Ресейдегі биліктің сиқын:

"Кез келген қоғам өзінің өкіметінен өздерін дұрыс басқару туралы талап етіп, әкімдерге: "Бізді жақсы өмір сүре алатындай дәрежеде басқар – деп айтуға құқылы. Бірақ та, әдетте бюрократия өкілдері бұған басқаша қарады және мұндай сұраққа: "Жоқ, сендердің өздерің бізге қалай жеңіл бағынуды ойластырыңдар, ол – ол ма, сендерді көңіліміз көтеріңкі жүріп басқару үшін бізге жоғары жалақы төлеңдер; егерде сендер өздеріңді төмен санасаңдар оған өздерің кінәлісіңдер, біздің оған қатысымыз жоқ, өйткені сендер біздің басқаруымыз бойынша жүрмейсіңдер, сондықтан да сендердің тілектерің біз қызмет етіп отырған мекеменің басқару жүйесіне сай келмейді",- деп кереғар жауап береді.

Шынында да, дәл осы түйткіл барлық мемлекет атаулының көкірегіндегі запыран. Ол запыран отар елге қаратылғанда уға айналды. Абайдың:

Орыс айтты: өзіңе ерік берем деп,

Кімді сүйіп сайласаң "бек көрем " деп.

Бұзылмаса оған жұрт, түзелген жоқ,

Ұлық жүр бұл ісіңді "жек көрем" деп,-

деп отырғаны сол ғой.

Отар елдегі билік – елді азғырудың құралына айналды. Елдің шырқы бұзылды, жердің құты кетті. Қасақана арандатуға бағытталған билік өзара өшпенділікті қоздырды. Тіпті кейбір болыстарда егін себілмей, астық орылмай қалды. Әуелі тұтатқан оты өртке ұласып, сол өрттің ішінде өздерінің қалу қаупі төнгенде ояздар болыстарды тағайындап қоюға мәжбүр болды. Абай да дәл осындай алауыздықтың тұсында тағайындалып болыс болды. Билік-кісілік пен байлықтың көзі болды. Мұндай "кескілескен майданды" Абай:

"Әрі-беріден соң сыртымызта шықты: жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзімді өтімді болсын және ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп – қызметке, болыстық, билікке таластық... Өз басын өзі осыңдай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді", -деп бейнелейді.

Осындай кереғар психологиялық керістің тұсында билік қолына тиген адамның мінез-құлқы да, билеу тәсілі де қомағайлыққа негізделмек. Билік ұлттың да, оның болыс, билерінің де құлқын өзгертеді. Ұлттық мүдде мүлдем ұмытылады. Алда үлкен болашақ, азат өмір тосып тұрған соң, салы суға кетіп, аумалы-төкпелі ұлықтардың көңілін бағып, биліктің салындысына айналды.

Бұл нағыз мемлекеттің өкілі емес. Отар елдің қолына ондай құқықты кім береді. Амалдап күнін көріп, алдап өмір сүреді.

Абай империялық саясаттың құлы болған осындай адамдардың психологиясын өте дәл басып көрсетіп, халқына ой салды. Өзге тәуелділік бір басқа, ал биліктегі тәуелділік-басыбайлылықтың ең соңғы табалдырығы. Тәуелсіз ұлттың, тіпті империяның өз ішіндегі биліктің күйкі тіршілігімен тәуелді жұрттың "иттей болған қорлығы" тең емес. Абай билік басындағыларға тоқтам айтып:

Қолдан келе бере ме жұрт билемек,

Адалдық, адамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп өзіне сөз келтірмек, -

деп сақтандырады.

Билік тұрғысынан алғанда Абайда айтылмаған сөз қалған жоқ. Бірақ соны ұғатын ұлт табылмады. Өзінің ақылы өзінен асып елге жетпейтінін білді. Езілген ұлттың есірген билік иелерінің тоңмойындығы Абайға аян еді. Олар ешқашанда ұлттың қамын ойлап бас қатырмайды. Болыс пен бидің мүддесі-ел мүддесі емес, жеке бастың мүддесі ғана болатын. Мұны "Сегізінші сөзінде":

"Осы ақылды кім үйренеді, кім тындайды? Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тындайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі болып, ақыл айтармыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, яки, өзіміз шығынданып, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? – деген ебіне қарай біреуді жетелейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнеттің бәрі басында, қолы тимейді -деп баян етеді.

Әрине, мұндағы "ұлық - орыстың отаршыл үкіметі, "өз бұзақыларың – болыстың жемтіктестері, "халқымыз" дегені – сөзін сөйлеген, дауыс берген жақтастары, руластары. Осылардың көңілін тапса ғана шығыны толады.

Демек, болыстықты тек жеке басының құлқыны үшін пайдаланады. Мұндай билік иесі ұлттың қамын ойлауға, шындығында да, уақыт таба ала ма? В.О.Ключевский тауып айтқандай:

"Олар Ресейдің бүйірін жылыту үшін оны өртеп жіберуге дайын". Мұның қазақша нұсқасы: "Атың шықпаса жер өрте" дегенге келеді. Әлгі болыстар "шығынданып, шығынын толтыра алмай қалмас үшін" қазақ даласына өрт қойып жіберуге бар.

Ондай өртті Абай сан рет көрді. Түтініне тұншықты, таяқ та жеді.

Осыларға үлгі көрсететін ел ағалары да "алты бақан алауыздыққа" негізделген билік құрылымының кесірінен азып кетті. Елдіктің тізгіні есер мен ептіге тиді. Билер де соған бейімделді. Бұған қатты түңілген Абай:

Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып сандалды, -

дейді ашынып.

Би – би емес, кәдімгі тілемсек тоғышарға айналды. Бидің билігі – рухани жан бостандығы болатын. Ол рух өлді. "Қарулы қол, күшті өкімет" (Шәкерім) оны жеміттеп жіберді. Күйшіл, күйлегіш, күлгір билік келді. Ел оған сенбеді. Келеге түсетін дәурен өткен. Келістіріп беретін билік берекесі кеткен. Ал:

Орыс сияз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер,

Өз өзегін жалғайды.

 

Себебі болыс – отарлық билік. Оның сенгені – империя. Жаһангердің жалдаптары отыр. Бұлардың тақыстанып алғаны сондай:

 

 

Орыссыз жерде топ құрса,

Шақырған кісі бармайтын болды!

Міне, биліктің мәңгүрттіктің басы! Мұны жанымен түсінген Абай:

Қызығы кеткен ел бағып,

Қисыны кеткен сөз бағып, -

жүргісі келмейді.

"Ел бағу? Жоқ... Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса... Бізді құдай сақтасын! -деп азар да безер болады.

Мұның астарында ұлы отарлау саясатының тиянақты әрі табанды, жібек құртындай жымысқылап жүзеге асырып келген пиғылы жатыр.

Қайрауы жеткен қатты бидің, -

нақ өзі – Абай.

Отарлық саясаттың осыншама сұрқиялығын көріп, сезініп, талдаған Абайдың қайралмауына қақысы да жоқ еді.

Жә, отаршыл биліктің саяси астарына шолуды доғара тұрып, енді сол күйді басынан кешіріп отырған қазақ ұлтының ішіндегі мінез-құлқының өзгеруіне тоқталайық.

 

II

 

 

Отаршыл аяр билік айлакер болысты дүниеге алып келді. Ол болыс жеке биліктің иесі емес, патшаның – империяның қарғы таққан майлыаяғы. Себебі, онда дербес билік жоқ. Шешімнің, үкімнің, биліктің ырқы – отаршыл жүйеде. Дербес байлам айта алмайды. Оның еркі-екі жақты тәуелді. Әуелі-империяға, содан соң сайлаушыларына. Болысты қасақана солай тәуелді қып, екі ортаға қазық қып қағып қойған. Түбі бос. Қашан суырып алғанша тұра береді. Демек, билік деген ұғымның толық иесі емес. Әдейі сондай амалсыздық күйге телінген. Ол – мүсәпірлікті еміздік еткен биліктің қаңқасы. Көзқарастың, белгілі бір жүйенің, билік құрылымының өкілі бола алмайды. Майысқақ. Жасқаншақ. Көрсетіп берген жерге қол қоятын мөр иесі. Сол мөрді қоя алмайтындар да бар-ау. Сондықтан да:

Күштілері сөз айтса,

Бас изейді шыбындап.

Жеке адамдық ерік-жігер, жігіттік кеуде, адамдық өрлік рух оған жат. Іші қуыс. Сырты жылтыр. Империяның маймылы. Елдің мұң-мұқтажын, елдігін, өлген рухын сезінбейді. Тек былайғы жұртқа көз етіп, жақын тартқансып ұлық арқасынан қағып қойса жетіп жатыр, болысың соған мәз! Мәз болғанда қандай! Егерде:

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жаба қалса, -

бітті, ондайда:

Күлкісі жақсы қарқылдап,

Үні бөлек сартылдап,

Ағыны қатты аңқылдап,

Оязға кірсе – өзгеден

Мерейі үстем жарқылдап, -

қалады.

Алайда осынау "сүйегі жасық, буыны бос, біраз ғана айласы бар - жалдамалы биліктің маймылы – әбден әккіленіп алған, сол бодандықтың басыбайлылық психологиясына көндіккен ерекше мәңгүрт. Ұлы империяның ұлығының көзінше оның "Ұлы мәртебелісінің" шашбауын қағып:

Оязға жетсін деген боп, -

"барқылдап, боқтап" жүрсе де, ол кеткен соң:

Ояз бардағы қылықты

Ояз жоқта етпейді.

О,мешін! Енді бағанағы қайқиған құйрығын жымыра қояды! Бұл – мысқыл да, мешіндік те, мешеулік те емес. Тура сол бір отаршыл дүниенің жасап шығарған билік иесінің кейпі ол! Артық та емес, кем де емес, дәл осындай биліктің мешіні керек оларға. Оның бойындағы "жан бостандығы" өлген, ұлттық намыс өшкен, артық айласы жоқ,жаңадан жол таба алмайды. Міне, бүкіл халықты сол мешін күйге түсірген соң, оны билеу де, құл ету де, шоқындыру да оңай.

"Күлембайлар - биліктің құлы емес! Ондай ерлік оған қайдан келсін! Олар-рухани құлдар. Бүкіл халық Күлембай боп кете жаздап отыр. Абай соған күйінеді. Күлембайдың өзі емес-Күлембайлар қауіпті. Олар:

Өзі де ермейді және ерік те бер мейді.

Сондықтан да:

Шыныменен тамам ел,

Кете ме екен ит бола, -

депкүңіренеді.

Қауіп – бүкіл ұлттың күлембайланып кетуінде. Мұны Абай өзінің "Үшінші сөзінде" өте аңғарлы баяндаған. Онда:

"Осы күнде қазақ ішінде "ісі білмес, кісі білер" деген мақал шықты. Оның мәнісі: ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшыл, айлалығынан жетерсің деген сөз. Үш жылға болыс сайланды. Әуелгі жылы: "Сені біз сайламадық па? - деп елдің бұлданғанымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды? -дейді Абай.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 381; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.089 сек.