Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 15 страница




Шындығында да, адамзаттың белгісі болған Азия орта ғасырда мүлгіп кетіп еді. Түркі жұрты тарыдай шашылды, тілі де, билігі де, мүддесі де жік-жік күйге ұшырады. Заңдарына да өзгеріс кірді. Тек ата жұртта қалған қазақтарда ғана көшпелі дәстүрлі заң жүйесі мен тіршілік дәстүрін сақтап қалды. Кәмелетке толған азаматтар астына ат мініп, қолына найза ұстап, біреуі Мамайға, екіншісі Тоқтамысқа, үшіншісі Едігеге, төртіншісі Ақсақ Темірге, бесіншісі Бабырға, Мұхаммед Шайбаниға ілесіп Еуразияның топырағын тыңайтты. Қайтып отанына оралмады. Осының бәрі тектің тозуына әкеп соғуы заңды. Есін жия бастағанда "ақтабан шұбырындыға" ұшырап, "мыңдаған темір шеңгелді тирандардың" тырнағына ілікті. Дрэпер мұны дұрыс аңғарып отыр. Ал дұрыс сөзге Абайдың құлақ түріп, ақылға салуы заңды. Ұрпақ оянады. Қанша "темір шеңгелді" болса да:

О да – құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің.

Тәңірінің құрған тезіне! -

деуі орынды. Сондықтан да алдағы күннен үміт етіп:

Біз болмасак, сіз барсыз,

Жас өспірім достарым,

Сендерге бердім батамды, -

деп тілек етуі Абайдың болашақты болжай білгендігін аңғартады.

Сол үшін томаға тұйықтан шығып: "әрбір елдің тілін біл, өнерін біл... дағуасына кір - дейді. Яғни қоян-қолтық араласа жүріп, күрес дегенді нұсқайды. Ұлттың ішіндегі тектік ұшқынның басыбайланып кетпеуін, сондықтан да заңның дәстүрге сүйенгендігін қалайды.

Адамзат тарихындағы ХҮІІ-ХХ ғасыр асқан үлкен қарқындағы отарлау дәуірі болды. Мұндай ауқымды өктемдік қадым заманнан бері жүргізілген емес. Ескендір Зұлхарнайын мен Шыңғыс ханның өзі бір құрлықтың аумағында ғана ойран салды. Ескендір Шығыс Еуропадан Азияға, Шыңғыс хан Азиядан Шығыс Еуропаға аттанды. Бірақ та олардың бірде-біреуі түпкілікті отарлаудың жоспарын жасаған жоқ. ХҮІІІ-ХХ ғасырдағы жаһангерлердің аярлығы мен қатыгездігі сонда, мұнда басты назар майдандағы жеңіске емес, рухани отарлауға бағытталды. Ол үшін заң шығарды. Ал дәстүрлі заң мен отарлау пиғылы туралы әңгіме дербес талданды.

 

II

 

 

Дәстүр мен заң арасындағы ұғымның тамыры бір, тарқатылуы басқа. Мемлекеттік заңдар қаншалықты дербес, жетілді дегенмен дәстүрден үзілген тұстары шамалы. Ол қоғамдық қарым-қатынасқа, дәстүрінің өзгеруіне қарай бейімделіп отырады. Алайда бұл тым ұзақ сүзілім. Ол үшін сол ұлттың санасы мен тіршілігі өзгеруі шарт. Діннің де әсерін жоққа шығара алмайсың. Мәселе, заң шығарушы кім немесе қандай мемлекет, ол қаңдай мүддені көздейді, соған байланысты. Тәуелсіз мемлекеттердің заңы еркіндікке жол бере алады.

Әңгіме рухани тәуелсіздік турасында дамып отырғандықтан да біз империя мен отар елдің арасындағы заң түзіліміне назар саламыз. Оның ішінде ұлы Абай көзқарасымен салыстыра пайымдаймыз. Сондықтан да заңгерлер біздің тұжырымымыздың астарын ажырата аңғарғаны лазым.

Себебі: он сегізінші-он тоғызыншы ғасырдағы патшалық Ресейдің, жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік Ресейдің рухани тәуелдендіруге бағытталған саясаты мен өктемдігінің нәтижесінде қазақ ұлтының әдет-ғұрпы, дәстүрі, танымы, психологиялық, діни көзқарасы, құқық пен құндылыққа, рухани қасиет пен меншікке деген көзқарасы үлкен өзгеріске ұшырады. Оның жақсы жағы да, тексіздікке жетелейтін, психологиялық тәуелділіктің шырмауында қалған, дербес ойлау жүйесінен айырған мәңгүрттік әсері де бар. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста ұлттық дәстүр-танымға, мүддеге негізделген заң баптарының болмауы соның бір дәлелі. Заңгерлер, саясатшылар, қоғам қайраткерлері дәстүрлі заңның не екенін есіне алудан қалды. Оны ескінің сарқыншағы деп қарап, массондық идеялардың жетегіне ілесті. Әрине, бұл да өтпелі дәуірдегі және заман ағымындағы бағыт шығар. Бірақ әлемнің ең озық ойлы елдері заңын дәстүрге иіп отырғанда жасқанатын рет жоқ. Әу баста дербес аңғарын таппаған өзеннің тарихи және тұрақты жүлгесі де болмайды. Әр көктем сайын жаңа арнаны жағаттап, ақыры Каспийге емес Аралға құйып тынған Әмудария сияқты түпкі тегінен айырылып қалуы мүмкін. Заң-ұлттың рухани танымының, дәстүр түсінігінің кепілі болғандықтан да, оның әкелер апаты табиғи апаттан гөрі қауіпті.

Дәстүр мен заңды үйлестіру осыдан екі мың жыл бұрын да ушығып тұрған мәселе екен. Дәстүрмен негіздестіре билеу мен басқарудың барлық тетігін заң арқылы бітіре отырып, билікті бір адамның дәргейіне беру туралы айтысқа дүние мемлекеттерінің тарихы әлі де өз үкімін толық айтып бітірген жоқ. Ұлыбритания, Испания, Жапония, Сауд Арабиясы іспетті ең көне әрі дамыған елдер осы екі бағытты үйлестіру арқылы билік құрып отыр. Өзінің ұлттық дәстүріне байланысты дербес заң шығарған елдің саны қаншама.

Демократиялық негізді ұстанған мемлекетке монархия не үшін керек?

Тектілігін және ол мемлекеттің дәстүрі сонау атам заманнан қалыптасқанын білдіру үшін қажет. Император – ұлттың намысы! Мемлекет басшысы өзгереді. Император қалады. Халықты тоқтататын күш ол! Дәстүр оған сөзсіз мойынсұнуды талап етеді. Ал ешқандай ағылшын, испан, жапон, араб өзін тексізбіз деп есептемейді. Қазақтың қолынан шыққан дәстүрдің бірі сол. Енді құрмет үшін болса да хан сайлауының өте қоюы қиын. Хандықты құртқан – империя. Империяға бодан елінің мемлекеттік негізін жою қажет болды. Абайдың:

Үлгісіз жұртты билеп қалдық кейін, -

деуінің бір астары осында.

"Үлгісіз – заңсыз ел басқарыла ма? Жоқ. Ал заңдастырылған дәстүр қалай қалыптасты? Оның ішінде қазақтың дәстүрлі заңы қандай және оған Абай қалай қарайды? Міне, бұл сұрақтарға жауап беру үшін көшпелілердің жері мен елін бодан етуге ұмтылып келген екі империяның ережелерін салыстыра талдауды жөн көрдік.

Себебі әр ұлт өзінің рухани тәуелсіздігі жолындағы рухани күрестің тарихын білу шарт. Онсыз бүгінгі бағытыңды түзеп, ертеңіне жол көрсете алмайсың. Ал мақсатымыздың өзі – дербес ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыру, өткеннің ізі арқылы болашаққа бағдар тастау, жоғалған сенімдер мен сезімдерді ояту, тарихтың ащы-тұщы сыбағасынан тәлім алу. Сондықтан да біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы I ғасырда көшпелі жұрттың қағанатын құртып, енді соны қалай рухани тәуелді етуге болады деген тақырыпта қытай патшасы Ижао-ди ағзамның ғұламаларымен мәслихатын және араға XX ғасыр салып барып қазақ даласын басыбайлылықка түсірген Ресей империясының "Ережелерін" салыстыра талдауға ден қойдық.

Қапсыра қамтылмайтын кең тақырып. Бірақ нысана алдамшы емес, түптің түбінде түбін түсіріп талдауды қажет етеді. Оны келешектің еншісіне қалдырдық. Біз тек Абайға ғана иек сүйейміз. Сонда бізді қызықтырған қандай мұрат? Абайдың хань дәуіріндегі ғұламалармен қандай қатысы бар дейсіз бе? Бар екен. Енді соны сабақтайық. Қыздырмалап айтатын тақырып болмағандықтан да сабыр сақтаған лайық қой деймін. Сонымен...

Дәстүрлі заң мен заң арасындағы Абайдың пікіріне жөн сілтейтін арғы-бергі замандағы ойшылдардың жазғандарын қал-қадірімізше саралағанда, Айса пайғамбар тумай тұрғанда өмір сүрген қытай ғұламаларының пікірі назарымызды аударды. Ішінара Абайдың "Қара сөзінде" айтылған пайымдаулармен тоғысып жатқан тұстары жиі ұшырасты. Сөзден сөз туып, салыстырып қарағанымызда, олардың пікір жарыстырғандай боп үйлесе кететін ойлары көп екен. Бұл бізді қатты қызықтырады. Абай "Хань дәуіріндегі" философтарды білмеді. Тек Конфуцийдің-Кунь-цзының атына қанық болуы кәміл. Әйтпесе, хань дәуіріндегі ғұламалардың еңбегі ол кезде орыс тілінде тәржімаланған жоқ. Ал Абай көне қытай тілін үйренбеген. Керісінше, қытай ғұламалары көшпелі хұн елін білгенмен, оның тұқым-тұқиянының дәстүр мен заң туралы не айтып, не қоятынына бас қатырмаған. Тәуекел деп біз сол пікірлерді жарыстырып көруге бел байладық.

Әңгімені өрбітпес бұрын сәл ғана шегініс жасап, түсінік бере кететін бір кілтипан болып тұр. Неге осы "Хань дәуірін" алдық? Басқаны былай қойғанда, сол қытай философтарының атасы – Конфуцийдің-Кунь-цзының өзімен салыстыруға болатын еді ғой. Мәселе: көшпелілер дүниесінің рухани әлемін тәуелді етуге бағытталған екі түрлі жоспарында Ресей патшасы қазақтардың рухани бірлігін құртып, оны ел ретінде ыдыратып, "законсыз закон шығарып", билікті күшпен шешіп, қара халықты:

Ел бұзылса табады шайтан өрнек,

Періште төменшіктеп қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

"Жеңді ғой - деп шайтанға болар көмек, -

деген дәрежеге жеткізсе, қытай тәңірқұты дәстүрлі заң арқылы "майпаздап" ұстауға тырысты.

Енді соған көшейік.

Қазақ елінің қалыптасуына қатысы бар көне дүниедегі көшпелілер тарихына зер салсақ, онда атақты хұн бірлестігінің орны ерекше дараланып көрінеді. Ордостың-Сарыжазықтың (қазіргі Хуанхэ өзенінің солтүстік алабы) бойында Көкбөрінің басы жібекпен өрнектелген бөрілі байрақты көтерген Тұман тәңірқұты мен Шудың бойында хань әміршісінің қолынан қаза тапқан Шөже тәңірқұтының арасын жалғайтын үш ғасыр бойы өзара жанталаса арбасқан екі мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты бізді қатты ынтықтырды. Ұлы Қытай қорғанын соғуға мәжбүр еткен хұн бірлестігі құдіретті айбарынан айырылып, неге мүсәпір халге түсті? Ал, керісінше, атқа мініп алысқа бара алмайтын отырықшы жұрттың жалдамалы жасағы Жердің түбіне жетіп, ата жауын жермен-жексен етті.

Ондай дәрмен қайдан келді?

Мұның себебі көп. Соның ішінде ең күре тамырлы түйткіл-мемлекетті басқару құрылымындағы биліктің және соған қызмет ететін саясаттың пиғылы мен тәсілі.

Хань империясы ішкі билікте дәстүр-салтқа сүйенді. Сыртқы саясатта ұлы отаршылдық пиғылды – "тың игеру", "шекараны әскери еңбек армиясымен бекіту", "өнімге мемлекеттік салық салу" және "негізгі шикізатты мемлекеттік меншікке айналдыру" бағытын ұстанды. Былайша айтқанда, ашық наразылық туғызбайтын жымсымалы, жымысқы саясат. Бұл үшін билікке лайық Заң жасалды. "Тың игеруді" қазақ елі араға XX ғасыр салып басынан кешірді. Демек, ол "коммунистік партияның ұлы достық пейілі, әкелік қамқорлығы, орыс халқының бауырмалдығы" емес екен. Олардан бұрын хань патшалығы жол салған идея. Соны Ресей патшасы мен коммунистік партия иемденіп, екі мың жылдан соң жүзеге асырған екен.

Отаршылдық пиғылы мияның тамыры сияқты жер де, ел де, уақыт та таңдамайтын адам арам шөптен айнымайтын арам идея және жұқпалы ауру сияқты тез тарайды. Көшпелілер үнемі сол пиғылдың қаупін сезініп отырған. Сол бір секем қазір де сейілер емес. Өйткені, "шекараны әскери еңбек армиясымен бекіту" тәсілін "ұлы көршіміз" XX ғасырда да, коммунистік құрылымда да жалғастырып, Шығыс Түркістанның жиегіне шыбындай құжынатып қойып отыр. Енді оның шегінуі екіталай. Ал Ресейдің "еркін армиясы" қазақтар арамызда қылышын жалаңдатып тұр. Тәсіл басқа, мағынасы бір пиғыл. Жә сонымен...

Хань әулетінің тұқымы ауысқанмен де, "жер игеру" саясаты өзгермеді. Биліктің бұл тәсілі Заң жүзінде бекіді. Бұрынғыдан да тиянақты түрде талданып, көр шегені тереңдетіп қаға түсті. Жыл қайыруымыздан бұрынғы 81 жылы Ижао-ди ағзам барлық ғұламаларын жиып алып, мемлекеттік басқарудың осы екі жүйесі туралы пікір таласын өткізіпті. Мұнда "тұз бен темірге салық салу" туралы сөз қозғалып, орталықтандырылған мемлекет билігі қақында келеге түсті. Одан бұрын У-ди ағзам "екінші Конфуций - Дунчжуншуды үш рет пікір сайысына шақырады. Хұндардың көзін құрту, "шекараны әскери еңбек жасағымен бекіту" жөніндегі бағыт сонда қалыптасты. У-ди де, Ижао-ди де сарайдың бар мырзасын қатыстырып, өздерінің жүргізіп отырған саясатын қорғайды. Ал ойшылдар олардың қателігін шығарып, бетіне баса сынайды. Император:

"Ойыңдағыны жасырма, айтарыңды жеке-жеке тақырыпқа бөліп жазып ал, сынаған адамыңа әділ бол. Мені де аяма, ол үшін еш жазаға тартылмайсың, кайта біз сіздің пікіріңізді оқып, қорытынды шығарамыз", -деп батасын береді.

Мұндай айтысқа әрбір кіші өлкелер өздерінің ішіндегі ең әділ ғұламаларды таңдап жіберетін болған. Неге мұны тілге тиек еттік?

Біріншіден, дәл осы көрініс қазақтардың билер келесіне, хан кеңесіне ұқсайды. Мемлекеттік биліктің түзілімін билер жасаған. Заңды солар шығарған. Оған хан да мойынсұнған. Екіншіден, "Ақылдасып пішкен тон келте болмайды". Ғұламалардың күшімен әскери жорықтан бас тартып, "идіріп тартып" отыру саясатын ұстанған қытайлар атпен алысқа аттанбай-ақ жата-жастана жылжып, көшпелілерді Хуанхэден бастап Шудың бойына бір-ақ індетіп тынды. Ордос-Сарыжазықтың жер болудан, Қытай қорғаны бекініс болудан қалып, олардың ата мекеніне айналып кетті. "Екі тізгін, бір шылбырды тең ұстады" деген осы. Ресей өзінің отарлау саясатында бір-ақ тізгінді күшпен, билікпен отарлауды ұстанды. Дәстүр атаулының бәрін белінен сызып тастады. "Ереженің" 103-бабындағы:

"Ояздық сотты генерал-губернатордың ұсынуы бойынша, юстиция министрінің бекітуімен Үкімет тағайындайды – деген тармақ арқылы бидің билігін жоққа шығарды.

Тағайындалып қойылған сот тек қана империяның мүддесін қорғайды. Соттың негізгі міндеті бұйрық пен жарлықты орындау болып шығады. Дәстүр бойынша билердің кесімі өзгертілмейді. "Ереже" бойынша халықтық сот, билер келесі санатқа кірмейді. Ендеше мұқым ел сот пен ояздың көңілінен шығу үшін еріксіз жанталасқа түседі. Әділ шешім күту де қиын. Үкім империяның қолында. Абайдың:

Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,

Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып, -

деуі сондықтан.

Әсіресе, "Қара сөзінде" Абай бұған ерекше тоқталады.

"Тұз бен темір туралы" әңгіме мен "Қара сөздің" арасын артық-кемі жоқ тұп-тура екі мың жыл уақыт бөліп тұр. Бірақ та, осыдан XX ғасыр бұрын көшпелілердің алдына қойылған "қандай ел боламын" деген көкейкесті мәселе шешілген жоқ, сол күйінде қалып қойды.

Ендігі қауіп Шығыстан емес Батыстан төнді. Империяның аты басқа, бірақ пиғылы, басқару тәсілі, түпкі мақсаты бір. Қайта қару жетіліп, қыспақ күшейе түсті. Аттың құлағында ойнайтын жендеттері де жеткілікті, патшаның құрығы ұзын, айласы мол, шеңгелі қатты еді. Қазақтардың барлық құқына шек қойылды да, тек қатыгездік пен параға тосқауыл жасамады. Енді қалай билейміз, менің кемшілігімді бетіме айтыңдар демеді. У-ди мен Ижао-диден ақпатшаның айырмашылығы сол еді. Оның үстіне әйел патшаның жеңілтектігі боданның қамын ойлауға ерік те бермеді.

Екі оттың ортасында қалған елін көрген Абай қол қайратын, ақыл-ойын, жүрек ділін ұлттың мүддесіне жұмсады.

Елдің елдік сипаты – оның заңында.

Қазақтың дәстүрлі заңы оны қадым замандағы сан қилы зауалдан құтқарды. "Ел" деген сөздің тасқа қаналып қалуы да сондықтан. Скифтер мен сақтардың көсемі жасанып келген жауы Македонский мен Дарийге: "Егерде бізді шын ашуландырғың келсе – ата-бабамыздың қорғаны мен әдет-ғұрпымызды қорлап көрші. Әне, сонда біздің қылышымыздың жүзінің өткірлігін білесің", - деп айтуы да дәстүрлі заңның қатаң сақталғанын байқатады.

Хан мен биді сайлау біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы ҮІІІ-ҮІ ғасырларда болғанын Ишпақай мен Мәди, Анақарыс пен Атей тұсындағы оқиғалар дәлелдеп береді. Скифтердің өз заңын қатты ұстайтындығын және билердің әділдігін Гередоттан бастап барлық тарихшылар жазып кеткен. Бұл жөнінде жәдігерліктерге үңілмей-ақ И.Мельниковтің мәліметіндегі:

"Қазақтың дәстүрлі заңының басты негізі – халық билерінің кеңесінің төңірегіне топтасқан, бұл көп ғасырдан бергі халықтың дәстүрінде қалыптасқан, жоғарыда айтылғандай, қазақтар ешкімге бағынбай, тек қана тонаумен шұғылданып жүрген кезден бері қолданылып келе жаткан заң. Содан кейін мұсылман дінін уағыздаушылардың қатты ықпалына, оның ішінде бергі замандағы шариғаттың уәжібтеріне, тағы да басқадай мұсылмандық ілімінің ықпалына түсті, әтек ететін, ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалға қорлықпен қарайтын, ант-су ішетін, мұсылман емес үкіметке тәуелді болмай, қарсы шығатын болды.

Қазақтардың дәстүрлі заңының қатарында сондай-ақ қазақтан шыққан Ликург-Тәуке ханның жарғысы бар, бұл кек пен зауал қайыруға жол беретін, халықтардың сәби кезіндегі тағылықты сақтаған қалдығы",- деген жолдарды есте сақтасақ та жеткілікті.

Қазақтардың дәстүрлі заңын қалай инауаттаймын десе де еркі. Бізге керегі сол заңның болғандығын мойындау. Әйтпесе, әтек болған қазақты кім көрген. Құн, жер дауы іспетті мәселелерді тағылыққа жатқызса оған халық кінәлі емес. Оған көз жеткізу үшін "Ережедегі" 204-бапты Абай қатысқан "Қарамола сиязындағы" дәстүрлі жарғының 35-36-тармақтарымен салыстырып көрейікші:

Императордың ережесі: "Көшпелі елдің мойнына мыналар жүктеледі: жергілікті басқармаларды, яғни болыстар мен ауыл старшындарын, олардың шабармандарын күту, олардың көші-қондарындағы арықтарды аршу, көпірді түзеу, почта жолдарындағы ылди мен өрді тегістеу, жайлауға шыққанда ауруларға үй бөлу, ауылға келген шенеуніктерді үймен, отынмен қамтамасыз ету жүктеледі", - десе:

Билер жарғысы: "Суға кетіп бара жатқандарға, өрт уақытында, боран немесе сол тәрізді апатқа ұшырағандарға көмек етпегендер бас тоғызбен айыпталады... Мал өлімін тоқтатпақ үшін жасалған үкім бойынша жаһат қылмағандар болыстың приговоры бойынша 3 теңге айыпқа жазаланады. Көрші елінде мал өлімі болған уақытта жаһат етпегендерге жаза көбейеді. Жеті күннен бір айға шақты абақтыға бұйырылады. Арық бұзғандар, көпір, құдық бұзғандарға немесе өзге біреудің өз еңбегімен жасаған заттарын бұзғандарға шығыннан басқа: ат-шапан айып бұйырылады немесе ақша бойынша 15 теңге төленеді", -делінеді.

Осы екі "Ереженің" қайсысы әділдікке жақын? Әрине, халықтық дәстүрге негізделген заң қолайлы. Империяның "Ережесі" тек болыстар мен старшындарды, шенеуніктерді, мемлекетті ғана қорғайды және міндеттейді. Ал халықтық ереже адамгершілікті, игілікті, қайырымдылықты көздейді. Әлгі И.Мельниковтың "тағылық дәуірден қалған сарқыт" деп отырған билердің шешімі, міне, осындай.

Би – көшпелі елдің мұқым жан дүниесінің көрінісі.

Олардың қолында халық тағдыры бар және оларды халық сайлаған. Асан қайғы, Жиренше шешен, Майқы би, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би, Кеңгірбай мен Құнанбай, Ақтайлақ іспетті тұлғаларсыз қазақ халқының өткенін елестету мүмкін емес. Абай солардың билік айту жүйесін бойына әбден сіңірген, солардың кесімдеріне жаңалық енгізген қайраткер. Үлгі тұтқан. Мұны:

Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,

Би де – тақпақ, мақал бар, байқап қара! -

деген сүйсінісі анық байқатады.

Заманның ағымына байланысты Абайды әкесі Құнанбайға қарсы дұшпан етіп, жағасынан алдырып, жағаластырып қойдық. Бұл өмір шындығы емес, көркем шындықтың әсері. Өлеңнің таза мінсіздігі туралы қойылған өнер талабы жөніндегі:

Ескі бише отырман құр тақылдап, -

дегенді орынды-орынсыз малданып, Абайды өзінен өткен бидің бәріне қарсы деп мәлімдедік.

Әрине, билердің бәрі ақын емес. Сондай-ақ би кесімі- заңның тармақтары есебінде саналатындықтан, оның жаттанды көрінетіні рас. Бірақ әңгіме-сөздің поэтикалық қуаты туралы емес, билердің шешімінің әділдігі тұрғысы жөнінде екенін ойласақ, бұл дұрыс шешім болмақ. Сондай-ақ ауызекі тілде жиі айтылатын:

"Өзіңде жоқ болса – әкеңде жат", "Мал адамның бауыр еті", "Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық", "Бергенді перде бұзар", "Қарның ашса – қаралы үйге шап", - деген іспетті мағынасыз сөздерді Абай жақтырмаған және оған өз айналасында тыйым салған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 307; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.042 сек.