Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 19 страница




Ол – Алла.

Шығардағы жанынды соған аманат етіп тапсырасың. Жаныңның терезе таппай тұрғандағы барар тұрағы сол. Сол Алланың шапағатына, кеңдігіне, қайырымына иланып, иманыңды үйіресің. Алдағы машһар күннің жақсылығынан дәметесің. Көңілінді бекітесің. Өліміңнің өзіне жұбаныш табасың.

Жаратқан иемнің жарлығына барлық пенде құлшылық етеді.

Бірақ оның түр-түсін, сипатын, мекен-тұрағын, сөйлейтін тілін ешкім де айтып бере алмайды. Ол тек санадағы сәулелі бейне. Таныммен таныған құдірет. Әлемдегі танымға құрылған сенімнің (діннің) ешқайсысы оны суреттеп баяндауға, оған түсінік беруге дәрменсіз. Абай ұстаңған қасиетті жолдың "Құран-кәрімінде" ол туралы:

"Алла жалғыз. Алла мәңгілік. Ол ешкімнен тумаған және ешкім одан туған жоқ -деп хатқа түскен.

Алланың тұрған жері белгісіз. Демек, адамның жаны ұялайтын мекен де белгісіз. Бәрі де ғайып дүние. Мұны:

Белгісіз сөз: "өлді, өлді!"

Белгісіз оның мекені, -

деп тиянақтайды Абай.

Адамзат ғайыптан пайда болды. Өлген соң қайтадан ғайыпқа айналмақ. Тәнің шіріп, топыраққа айналады. Рухынды, жанынды Аллаға аманатқа тапсырасың. Рухың мәңгілік. Ол рухынды жарылқайтын да, жазалайтын да жалғыз Алла.

Міне, адамзат адамзат болғалы танымның жеткені осы. Біз оны сенім деп танысақ та дін ретінде ұстанамыз.

Әр ұлт әдет-ғұрпына, тұрмыс-тіршілігіне, тарихи жағдайына, табиғатына, тәрбиесіне, санасының даму дәрежесі мен заманның ықпалына орай түрлі бағытты шырақ етті. Пайғамбарлардың Алла мен Ажал, Қияметқайым мен Заманақыр, Ұжмақ пен Тозақ, Пері мен Періште туралы ілімі әлгі санадағы ұғымдық бейнені нақтыландыра түседі. Оған өмірлік сипат береді.

Абайдың түсіндіруінше Алланың сегіз сипаты бар. Мұның барлығы философиялық түсініктермен астасып жатқан ұғымдар. Оған кейінірек тоқталамыз. Әзірге сенімнің әлеуметтік астарын әдіптеу үшін Абайдың "Он сегізінші сөзіндегі":

"Ол – Алла тағаланың заты ешбір сипатқа мұқтаж емес, (оған) біздің ақылымыз мұқтаж. (Оны) жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлеп тағрифлап (анықтап, айырып) танымақка керек. Егерде ол сипаттарды бірден тағрифламасақ бізге мағрифат улла (Алланы тану) қиын болады. Біз Аллатағаланы өзінің білінгені (сезінгеніміз) қадарлы ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл хикметіне ешбір хаким (ғұлама) ақыл ілестіре алмайды. Аллатағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі мен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Аллатағаланы – "бір" (Жалғыз) дейміз, "бар" дейміз: ол "бір" демелік те-ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса, ол "бір" демелік те Аллатағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың (мүмкін нәрсенің) ішінде не нәрсенің үжуді (мүмкін болуы, бейнесі, сипаты) бар болса, ол "бірліктен" құтылмайды", -деген тәпсіріне жүгінумен шектелеміз.

Ақылын сауған адамзат ғұламаларының ешқайсысы пендені ажалдан арашалап қалатын және жантәсілім сәтіңде сыйынатын Алладан басқа құдіретті жұбаныш ойлап тапқан жоқ. Сондықтан да сенім – адамның ең нәзік, ең қасиетті, ең намысты, ең осал түйсігі. "Дін – апиын – деді Маркс. Алланы жоққа шығарды. Бірақ кеңес өкіметі тұсында үш ұрпақ өкілі ауысып үлгерсе де дінге тыйым сала алмады. Өйткені, қаншама әлеуметтік теңдікке жетуге ұмтылса да ажал алдындағы адам санасының әлсіздігіне тоқтам таппады. Демек, Дінді ешқандай идеология алмастыруы мүмкін емес. Абайдың:

"Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек", -деуі сондықтан.

Абайдың "ақылыңмен сенген, тағылымды ғылыммен зерттеген, өлтіремін десе де-таймайтын дінін" сақтап қалу үшін неге "қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек" деп отыр?

Себебі, дін-Абай заманынан ықылым уақыт бұрын-ақ әлеуметтік саяси, ұлттық, рухани тәуелсіздік сипатына ие болған еді. Тіпті дүниежүзілік қарама-қайшылықтың өте күйдіргі күбірткісі ретіндегі қаупіне көтерілді. XX ғасырда да, келер заманда да адамзаттың санасының мәйегі мен жүрек қабының ішіндегі құпия да қасиетті, нәзік һәм қастерлі түйсік есебінде көрініс тапқаны және табары ақиқат шындық.

Оның қоздырушысы – мемлекеттік жаһангерлік саясат, діни өктемдікке ұмтылу уағызы, нәсілдік намысты қоздыру. Діни сенім П.Я.Чаадаев сияқты суық ойлы философтардың да ақылын тұмандатты. Ол күш қолдану мен зорлықтың, өктемдік пен үстемдіктің барлық түріне төбе шашы тік тұра қарсы шықса да:

"Қандай да бір пиғылды көздесе де крест жорығы аса тарихи қажеттілік еді! – деп үзілді-кесілді үкім шығарды.

Нені мегзеді? Оны ашып айтпайды. Бірақ емеурінін түсінуге болады. Онда жоғарыдағы үш пиғылдың тілеуі жатыр. Бұл үш пиғыл да адамның бір тамшы қанының құнына татымайды. Алайда ажалды аманаттап тапсыратын Алланың алдындағы жұбанышыңды, сеніміңді қорлағанда не қоздырғанда оның бәрі ұмытылады. Көзіңе қан толады. Адамзат тарихы мұның бәрін де бастан кешірді. Соның ең сұрқия көрінісінің бірі – рухани тәуелділік. Рухани тәуелділіктің ішіндегі сорақы түрі – Аллаға аманат жаныңды, сеніміңді басыбайлыландыру. Абайдың діни сенімімен айтқанда – шоқындыру. "Зар заман" ақындарының зары халықтың, оның ішінде қазақ ұлтының жанын жегідей жеп, тамырын улап, дінсіздіктің ықпалы көшпелі елдің "жүрегін қорқытып, көңілін айнытып, буынын босатып" тұр еді. Абай сол шоқындыру науқанымен бетпе-бет келді. Өзгеге келгенде назаланып қана тынатын Абай өмірінің соңында:

Патша құдай сыйындым,

Тура баста өзіңе, -

деп ашық айтты.

Танымға, нанымға, сенімге зорлық жүрмейді. Түйсікпен сезімнің бұл түрі аса шамшыл құбылыс. Оны апиынмен тұмандандыра алмайсың. Жаһангер мемлекет пен ұлттар рухы "жан бостандығын" өктемдікпен, саясатпен, уағыздаумен, нәсілді будандастырумен, қылыштың жүзімен шешкісі келді.

Отаршылдықтың сондай сұрқия пиғылының бұғауына түскен ұлттың бірі – қазақ елі еді.

Өзінің даму тарихында тағдыр тауқыметінің барлық құқайын көрген көшпелі жұрт XIX ғасырдың аяғында, XX ғасырдың өн бойында Шыңғыс Айтматов айтқандай, "ел ретінде жойылып кетудің" алдында тұрды. Отарлаушы жаһангер жер мен елді ғана емес, адамның ең асыл сенімін де қорлап, реті келген заматта оны зорлап өзгерткісі келді. Бірінші дүниежүзілік соғыс енді бір он жылға кешіккенде қазақ даласы "крест жорығының" майданына айналуы тарихи шындық еді. Отарлық билік пен заң жүйесі, оқу парасы соған алғышарттарды жасап, тек мәртебелі ағзам мен патриархтың жарлығын күтіп отырған.

Бұл тек Ресей империясының ғана отарлау тәсілі емес, барша Еуропа жаһангерлеріне ортақ пиғыл еді. Ажалдан ғана сескенетін пенде үшін оның өкпе-бауырын түгелдей суырып алғанмен бірдей жаһилік болатын.

Адам құқы адамзат ойшылдарының алдында аса маңызды нысанаға айналды. Мұндай еркін таным жүйесі қалыптаса қоймаған тұста бұл ұлы тағлым еді. Жерге, байлыққа, саяси өктемдікке елікпеген жандарды діннің күшімен қырғынға батырды. "Жаһат", "ғазауат", "крестжорығы" іспетті ұғымдар сол сенім соғысының санада қалған қара көлеңкесі. Абай тәлім алған философтардың бірі Джон Виллиам Дрэпер "Американың азаматтық дамуы" атты зерттеуінің қорытындысында Көне Азияны көнекке айналдырған ежелгі Еуропаның осы пиғылын талқыға сала келіп:

"Бұл елдерде ғылымның алға басқан әрбір қадамы үлкен керіс туғызады. Ал мұндай рухты өлтіретін қысым жасалмайтын, халықтың рухын білдіретін сан-салалы мекемелер қатар өмір сүретін Америкада өркениетті пікірге бостандық берілуі тиіс. Ал іс жүзінде солай ма? Бұл арада басқадай қиыншылық жоқ дей аласыз ба? Телеграф сымдарымен торланған, соның иәтижесінде ақыл-ой жетістігін жылдам әрі арзан жолмен таратуға мүмкіндік алған елдің әрбір жаңа оқиға мен таным бағытына іштарлықпен қарап, сөзсіз мойындататын шындықтан гөрі дәл қазіргі күннің мүддесімен сәйкестендіруге тырысуы жақсылық па, жоқ па?

Адамның жеке меншік пен жеке басының бостандығы қалай қорғалса, ақыл-ой, пікір бостандығы да солай қорғалуы тиіс. Философиялық түйін мен ғылыми жаңалықтарды бүгінгі күннің мүддесімен бағаламау керек, оның ақиқатқа жанасымы тұрғысынан бағалау қажет... Таза ғылыми нысаналарға қарсы қозғалған қоғамдық, оның ішінде діни күресті қоздыру – ғылымның алдындағы қатерлі қылмыс, бұл жағдаят әрбір білімді адамды сескендіруі тиіс. Зиялы республика өзін-өзі сыйлата білуі үшін мұндай жәбір – жапа әкелетін арандатуларға бармағаны лазым", -деп жазды.

Танымға таңылған зорлық – қорлық. Ал мұқым бір ұлттың сенімін жоюға жанталасу – қылмыс.

Инквизиция тұсындағы қызыл қырғын мен қатыгездік тек діннің ғана мүддесіне негізделмеген, сонымен қатар бір ұлттың екінші ұлтқа өктемдік пиғылының көрінісі. Ресей отаршылдары бұл мақсатқа аяр саясат арқылы жетті. Буряттар мен сахалар, хахастар, қалмақтар діннен безді. Яғни, адамның ең асыл қасиетін қорлады. Бұл енесінің сүтін еміп өскен құлынды мегежінмен телігенмен бірдей.

Зорлап дінге кіргізудің өзі дінсіздік. Рухани тәуелділіктің ең сорлы түрі осы. Табиғи мінезімен сіңген, тіршілік танымына айналған сенімнен айырылу – сүмелектік.

Демек, сенімді өзгерту арқылы бүкіл ұлтты сүмелек етіп, тегін, тілін, дәстүрін, қасиетін ұмыттыру әуелгі тәңір берген жанды суырып алып, оның орнына қолдан будандастырылған басыбайлы, қасиетінен тоналған сүмелектік мінезді дарыту деген сөз бұл. Аллаға ғана қиып беретін жанды адамның қолымен арам ауыз арқылы жаттың демін салу деген сөз бұл.

Имен дегеніміз өзің иланып қабылдаған ең қасиетті сенім. Сенімнің ұясы – сана. Сананың көзі, Абай айтқандай "жан қуаты – жүрек. Алланың атымен айтылатын "Құран-кәрімнің" өзі де сенімді күшпен телуге қарсы. Аярлыққа, әбжіддікке, алдауға тыйым салады. Алла – сенім бостандығына еркіндік береді. "Кафирун", яғни "Кәпірлер" атты сүреде:

"Ей, кәпірлер сендер табынатын пұтқа мен табынбаймын. Мен ғибадат еткен Аллаға сендер де ғибадат етпейсіңдер, сендер шоқынған пұтқа мен шоқынған жоқпын, мен ғибадат еткен Аллаға сендер ғибадат еткен жоқсыңдар. Сендердің діндерің – өздерің үшін, менің дінім – өзім үшін", -деп жазылған.

Мәселе, "Құранның" сүресін насихаттау емес, Алланың аян беруі арқылы Мұхаммед пайғамбардың айтуымен жазылған сенім бостандығында. Жанның иесі - Алла. Сол Алланың өзі сенімге тыйым салып отырған жоқ. Ақыл-ойға, танымға, "жанның бақилық ұясын" таңдауға еркіндік берген.

Бұл – адамға, оның сезімі мен сеніміне, жалпы жалған дүниедегі жанталасқан тіршілігіңе деген құрмет. Оған ешқандай мемлекеттік мүдде жүрмейді. "Жаныңды аманатқа" беретін құдайды өзің таңдап алуға қақылысың. Өз сенімің – сенім. Өйткені, ахирет алдында жауап беретін де сенің өзіңсің. Қай сенімнің жолын ұстансаң, соның шартына сай тіршілік кешіп, құлшылық еттің, ендеше сол діннің талабына сай маһшар күнінде есеп бересің

Діннің ең діттеген философиясы осы.

Абай сенім мен ой еркіндігін тура осы тұрғыда түсінген және соны өзі де уағыздаған. Ол соқыр сенім мен имансыздықтан қатты шошынған ойшыл. Дінді тек қана сенімдік рәсім деп қарамайды, өмір сүрудің, адамның өзін-өзі жұбатуының, ақылға тиянақ табуының, тіршілікте тазалықпен ғұмыр кешіп, "ақ өліммен" о дүниеге аттанудың, адамгершілікті сақтаудың бір амалы ретінде түсінеді.

Дін – сенім. Сенім – адамның "жан қуаты". "Жан қуатынсыз" тіршілік жоқ. Ендеше, сенім – ең қасиетті ұғым. Сондықтан да Абай:

"Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тиюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниетінің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, (ғибадат) қылса екен", -дейді өзінің "Он екінші" сөзінде.

Абайдың бұл пікірі жоғарыда келтірілген Джон Виллиам Дрэпердің "пікір бостандығы" туралы ойымен астасып жатыр. Бұл арада иман, иманның шарттары, Алланың танымдық "сегіз сипаты" жөнінде ой сабақтамаймыз. Ол жеке әңгіме. Мәселе – танымның жолында. Абай танымды зорлықпен тануға қарсы. Ақылмен, біліммен, ғылымның күші мен өмірлік тәжірибемен Алланы таны дейді. Шын пейілсіз тану – антұрғандық. Бұл жөнінде Абай өлеңінде де тоқталып:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллата ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі һахқа жол емес, -

деуі сондықтан.

Абай үшін сенімнің қасиетті тұлғасы – Алла, Мұхаммед оның елшісі. Сондай-ақ, Пушкин үшін – Иса, Ганди үшін – Будда. Біріне-бірі жалғаса өмір кешкен үш ғұламаның сенімі әр түрлі болғанымен де Алланы, Құдайды, Будданы сенім ретінде тану түйсігі тамырлас. Олар сенім еркіндігін бірінші жолға қойған. Қай сенім болмасын адамның рухы бостандықта болуы қажет. Оны ақылмен, жүрек қайратымен, сезім түйсігімен өр пенденің өзі танып, таңдап алуға тиіс.

Яғни рухани тәуелсіздік дегеніміздің өзі – рух бостандығы, сенім бостандығы, ождан еркіндігі. Мұндай ерікке ие болмаған халық – құл. Басыбайлы шаруалардың өзінде сенім еркіндігі сақталған. Ал қазақ халқын Ресей империясы шоқындыру арқылы тура рухани құл ұлтқа, ұлт емес, мәңгүрт тобырға айналдырғысы келді. Тура сол пиғылды сезген Абай өмірінің соңында ұлтын рухани құлдықтан құтқару үшін өзінің сенімін, "жан ұясын", намысын сақтау үшін таным жолына шақырып:

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа, -

деп зілді сұрақ қояды.

"Алланың хикметін сезу" үшін иманың бойында болуы керек. Ал иман үшін, "иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек". Бұл дегеніңіз ұлттық сенімді, сол арқылы рухани бостандықты сақтап қалу деген сөз.

Абайдың танымға құрылған өлеңдері мен "Қара сөзінде" осындай әлеуметтік, саяси, философиялық астар жатыр. Оның жалпы сенім қақындағы пікірлерін жалаң түсіну жадағайлыққа ұрындырады. Негізгі тақырыбымыз рухани тәуелсіздік жөнінде болғанмен де Абайдың танымды тану тарихына шолу жасаған дұрыс іспетті. Өйткені, дін жөніндегі пікірін сан саққа таратып, алып-қашпа пікір туғызып, әрбір мемлекеттік құрылыс, саясат өзгерген сайын Абайды атқа теріс мінгізіп қою кесірі қазақ оқымыстысымақтарының мінезіне айналды.

Жалпы Абай "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деген түйінге қалай келді? Кездейсоқ көңіл күйдің желігі ме?

Жоқ, сөзді тұздық үшін "қыздырмалатып" қолданатын ақын Абай емес. Абайдың әр сөзінің астары мен әдібі бар. Онда танымдық ұғым тамырланып жатады. Кем дегенде Ғұламаһи Дауаниге дейінгі және Ғұламаһи Дауаниден кейінгі шығыс тілмарларының тағылымы талданады. Әйтпесе, адамзатқа ортақ ой қазынасының мәйегін екшеп пайдаланады. "Алла деген сөз жеңіл – деп отырғаны да сондықтан. Аллаға Абай жай ғана Жаратушы ретінде қарамайды, оны адамзат ойының түйінделіп келген жемісінің бірі есебінде талдайды. Кейде Алла деген ұғымның өзі Абайдың мұқым жаратылыстану туралы пікірінің жиынтығы тәрізді көрінетін тұстары да бар. Мұның барлығы білмеуден емес, әр сөздің мазмұндық, ұғымдық салмағын арттыру үшін қолданылған табиғи ақындық тәсіл. Қазақ ұғымындағы кейбір танымдық ұғымдар ауыспалы сөз тіркестері арқылы қолданыла беретін заңдылығын "қазақта қара сөзге дес бермеген" Абай жақсы пайдаланып, мағыналық сыпатта суреттейді. Абайдың әр сөзінің ауқымы кең әрі мол түсінікті қамтитыны да сондықтан. Қиын түсініктерді жеңілдете жеткізеді.

Сөз бен ұғымның қиысып кетуі жөніндегі талабын оның:

Әуелі аят, хадис-сөздің басы,

Қосарлы бәйітсымал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы, -

деген өлеңі толық танытады.

"Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы", екені рас. Бірақ "қиыннан қиыстырар ер данасы" да сирек.

Әйтпесе, философиялық жазба үлгісі жадтан шығып, жаттанды ережеге сүйенген қазақ үшін үлкен сын. Сондықтан да, "Алла", "Тәңірім", "Құдай тағала", "һах тағала", "Жаратушы", "Жаратқан" деген ұғымдарды тек қана Алла аты екен деп ұғуға болмайды. Алла – кейде жаратылыстың, кейде шындықтың, кейде-ғалам мен ғарыштың, кейде болмыстың орнына қолданыла береді.

Абайды аударғанда кетіп жүрген түсініспестіктердің басты кілтипаны осында жатыр.

Иә, сонымен Абай: "Адамды сүй, Алланың хикметін сез" деген жүгініске қалай келді?

 

II

 

 

Дін тарихы – таным тарихы. Таным тарихы – адамзат тарихы.

Ең алғаш аспанды нұсқап, Алланы аузына алған адамның аты хатта сақталмаған. Бірақ та қалайда бір жұмбақ күштің барлығына, тәні мен жанын аялап тұрған құдіреттің ісіне сенген сана иесі – данышпан. Оның жолдарын түгендеп тауыса алмайсың. Бірақ Абайға қатысты тұстарына келгенде жауап беруге міндеттіміз. Қаншама ғылыми ойымыз жетілді дегенмен де осы таным тарихы бір байыпты негізде тиянақтала жинақталмапты. Пікір көп. Тұжырым жеткілікті. Түйін жоқ. Мүмкін ол қажет те емес шығар. Бірақ болмыстан тыс жаратушы күштің барлығын ғылыми келеге салған кім?

Абай зерделеп оқыған Дрэперге сүйенсек, ол ғұлама табиғат пен адам арасындағы байланыстың ұлы қарым-қатынасы осы Жаратушы туралы ойға қалған күні деп есептейді. Ол "Американың азаматтық дамуы" атты еңбегінде дінге саяси және әлеуметтік астар бере:

"Идеялық сенімде саяси күш жоқ деп кім айта алады? Мұхаммедтің уағызшылары Гвинея шығанағынан бастап Қытай теңізіне дейінгі аралықтағы адамдардың рухын тебірентті. Үш құрлық: Азия, Африка, Еуропаны дүр сілкіндірді. Ежелгі империя мен дін жоғалды. Қысты күнгі терезенің әйнегіндегі ғажайып қыраудың оюлары деміне қарай ерісе, Пайғамбардың уағызынан мұқым бір тайпаның адамдары мен олардың мүһминдері солай еріп сала берді. Бір адамнан екінші адамға тараған осынау ақыл-ой сенімінде таңғажайып жарасымдылық бар. Әуелі оттың жалынынан тұтанып, содан кейін білтесіндегі жарық қызуын жоғалтпай бірін-бірі тұтатқан шырақ сияқты ақыл-ой да бір адамнан екінші адамға ауысып, барған сайын жан қуатына айналып, ешқашан өшпейтін, ішкі рухын жоймайтын күшке ұласты. Алла жалғыз, оның жердегі елшісі Пайғамбар еді деген бұл пайымдауды әуелі оның сенімді әйелі қостады. Арабстанның жазғы іңірінде қолдарын қусырып шатырдың астында Жаратқанға жалбарынып, енді не істеу керектігін көрсетуді сұрады. Бірнеше айдан кейін оларға адал берілген шәкірттердің шырағы қосылды", -деп жазды.

Табиғаттың құпиясы мен ғылыми нысаналарды жақтаған Дрэпердің өзі Алланың құдіретін сыйлап сөйлеп, адамның сенімін құрмет тұтып отыр. Мұның басты себебі, діннің астарында танымның тарихы тамырланып жатқанын ғұлама білді. Абай да уағыз арқылы сенімге ие болған жоқ. Ол танып, біліп, жүрегіне сіңіріп, ақыл-ойымен Алла ұғымының астарына үңіліп, шын иланған соң мойынсұнған. Алланы тану, Жаратқанның бар екеніне мойынсұну, оның құдіретті күшіне мүнәжәт ету мәселесі үлкен философиялық тәмсіл. Абай мұны өзінің "Жиырма жетінші" сөзінде Сократ пен Аристодимнің пікірталасы арқылы береді. Мұнда Аристодим Жаратушының бар екеніне күмән келтіреді. Ал Сократ өз ойын әр түрлі мысалдармен дәлелдейді. Сөзінің соңында:

"Жә, олай болса һамма мақұлыққа қара да өзіңе қара, жанды бәрімізге беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, осы күнін-үшеуі де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тегіс тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғын басып тік өсіп, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һам өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп, бірі қанатына сеніп жүр, бірақ өзіндей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ. Адам өзі-өзіне сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, еш нәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша дәрігерлік, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахият (қабілет) ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал жасап, неше түрлі сайман жасап, сыпайылық шеберліктің үдесінен шығарлық қисыны бар? Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен жасалған денеге кіргізіп, мұнша салахият (қабілет) иесі қылғаны хикметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма,-депті -ғұлама Сократ.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 340; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.049 сек.