Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 20 страница




Екі дегдарға Алла туралы ой жарыстырып отырған Абай. Осы данышпандардың пайымдауы арқылы Абай Жаратушының бар екенін өзі де мойындап, өзгені де соған иландырғысы келеді. Оған Абайдың дәлелі мол. Сократ ғұламаның аузынан дәл осындай сөз шықты ма, жоқ па, оны суыртпақтаудың қажеті бар ма? Бұл арада Абай жалпы жаратылыс пен болмыс заңдылығы, адамның жүрегіндегі сезімнің мейірімге құрылған қасиеті, дүниедегі тіршілік иелерінің өзара келісімі қақында ой толғап отыр.

"Аристодим тарихты (зерттей) ойлап тексергенде: адамды жаратушы (Алланың) артық хикмет иесі екендігіне және (адамды) махаббатымен жаратқандығына шүбәсі қалмады... Өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып және бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законға қаратылып жаратылғанына" оның көзі жетті.

Абай бұл пікірін "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деген өлеңінде тағы да тәкіралап:

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретіменен.

Істің басы-ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты (құлшылықты) қабыл көрмен, -

деп нықтай айтады.

Яғни, адамды мүлтіксіз жаратқан Алланың әмірі дегенге саяды.

Абайдың пайымдауынша, он сегіз мың ғаламның иесі де, оны жаратушы да, ондағы тіршілік атаулыға жан беруші де және олардың бір-бірімен үйлесіп өмір сүруін ыңғайластырған да, "законымен жаратып", "законымен қаратқан" құдірет иесі – Алла.

Абайдың "дін бұзатын шала молдалардың сынағанын желеу етіп оны бүкіл мұсылмандық ғылымның жауы етіп көрсетуге ғадеттеніп қалған зиялылар үшін бұл тосын тұжырым болар, бірақ әңгіменің таным туралы өрбіп отырғанын естеріңізден шығармаңыздар. Абай Аллаға шын сенді ме, жоқ па, сенсе де ол Алланы қандай парасатпен таныды, бұл жеке тақырыптың арқауы. Жаратқан ием қуат берсе оны да талқыға салатын шығармыз. Ал дәл қазіргі сәттегі біздің айтпағымыз:

 

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қылар,

Ақиқат та, діндағы тереңінде, -

деп Абайдың өзі нұсқаған бағдарды бір шолып шығып, оның танымының тамырын табу.

Жоғарыдағы мысалдарға илансақ, Абай дінді – ғылым деп түсінген. Ғылым болғандықтан да ол өзінің пайымдауларына сол діннің ішкі таным заңдылығына мойынсұна отырып, уағыздың ой ырғағының ағынымен жүзе отырып пікір түйеді. Абай медреседегі біліммен шектелмеген. Ол өзі сенген діннің тарихы мен таным тамырын түбегейлей зерттеп, исламияттың ұлы ойшылдарының қатарына көтерілді. Тек осы уақытқа дейін оның бұл жөніндегі көзқарастары мен тұжырымдары, талдаулары арнайы зерттелмей келді.

Бұл – қазақ ұлтының ойының даму жолындағы ең үлкен саңылаудың бірі.

"Құран-кәрімнің" өзінде де рухани азықты бірінші орынға қояды. Сол "жүрек қуаты", "жан қуаты" арқылы өзінің ұлылығына тағзым еткізеді. "Баһра" сүресіндегі:

"Сендер қандай жақсылық жасасаңдар да оны Алла біліп тұрады. Рухани азық жинаңдар, ол азықтың ең жақсысы – діндарлық", -дегеннің мәнісі сонда жатыр.

Мұндағы "рухани азықтың... ең жақсысы – діндарлық – деп отырғандағы "діндарлық" деген сөздің ғылыми анықтамасы – сенім.

"Қасиетті Құран" сол сенімнің "қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын" беретін оқулығы. Абайдың:

Әуелі аят, хадис-сөздің басы,

Қосарлы бәйітсымал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы, -

деп бағалауының өзі "Құран" сөзіне иланғандығының белгісі.

Қашанда дана адамдардың ой иірімін бір жақты түсіну қателікке бастайтын жол. Абай да солай. Оның Алла туралы пікірлерін таза діни ұғымда түсіну немесе түсіндіру жалған танымға жетелейді. Бұл арадағы сөз өзегі – жаратылыстың құпиясын түсіну және түйсінудегі Абайдың ой сарасының арнасы. Ол уағызшы емес, таным тұрғысынан талдаушы.

Жалпы мұсылман діні үшін Алладан түскен төрт кітап та қасиетті саналады. Сондай-ақ Мұхаммедтен бұрынғы барлық пайғамбарларды пір тұтады. Мұхаммед пайғамбар өзінің алдындағы пайғамбарларды құрметпен еске ала отырып, олардың өмірінен мысал келтіре отырып, айтар пікірін сабақтайды. Бұл реттен алғанды "Құран-кәрім" барлық танымдық кітаптардың қорытынды пікірінің жиынтығы іспетті.

Ал алдыңғы үш кітаптың жолын ұстаушылар "Құранды" мойындамайды және оған өштік мен өшпенділікке негізделген көзқарасты ғасыр өткен сайын өршітіп келеді.

"Құранды" танымдық негізіне арқау еткен Абай "Інжіл" мен "Таураттың", "Зәбірдің" қағидаларын санасында зерделеп шыққан. Оны жақсы білгендігін 1898 жылғы Семейдегі шіркеу поптары мен мешіт қариялары арасындағы он екі мәселе жөніндегі пікірталасындағы уәжіптер мен мысалдар дәлелдейді. Оның үстіне Абай оқыған Еуропа оқымыстыларының еңбектеріндегі тұжырымдар да оның ақылына мәйек болды.

Соның бірі – Джон Виллиам Дрэпер. Ол таным тарихын зерттеуші, өз заманындағы ең озық пікірлі ғұлама. Абай оның еңбектерін оқып қана қоймай Семейдегі орыс, поляк достарымен ой бөліскен. Кейбір тұстарда үш кітаптағы танымдық жайларды қатты сүйсіне баяндап, "Құранмен" салыстырып әңгіме айтып отыруды машық еткені бар. Соның салдарынан біраз уақыт Семейдің мешітіндегі қарилар мен ишандар Абайды "шолақ етек шоқындының" қатарына қосқан. Бұл тұс – Абайдың таным үшін ақыл-ойын сабылдырып, өзін де іштей зерттеп, "рухани азық жинап" жүрген кезі еді. Алайда "Төрт құбыланың" түгелін шарлағанмен өмірінің соңында "Құранға" келіп жүгінеді. Оның бұл ізденісі шіркеу мен мешіттің арасындағы діни таласта мұсылмандардың үстем түсуіне мүмкіндік жасады. Бұл өзі үлкен әңгіме.

Қазақты шоқындыру үшін жарты ғасыр бойы дайындалған Ресей миссионерлерінің ең соңғы шешуші шабуылында Абайдың білімі мен парасатының және би, болыс кезіндегі іс тәжірибесінің нәтижесінде "Құран-кәрім" кәпірлердің табасынан аман қалды. Сол арқылы Семей өңіріндегі мешіттер шектелмеді, қазақтарды шоқындыру науқаны кейінге ысырылды. Мұндай айтысқа түскен Науан хазірет жер аударылды, Ақмоладан Шаймерден Қосшығұлов шықты. Ол жан қысылғанда Абайға хат жазды. Осындай жанталасқа қарамастан Ақмолада, Қарқаралыда, Оралда, Қостанайда ұзын саны жиырма мыңдай адам, оның дені жетім-жесірлер шоқындырылды. Бұл рухани қорлық Абайдың дін туралы пікірлерін ашық айтуға мәжбүр етті. Өлеңде де, "Қара сөзде" де Алла мен Иман мәселесін ой азығы етті. Ол өзінің "Қырық бесінші" қара сөзінде:

"Құдай тәбәрәка уә-тағаланың барлығының үлкен дәлелі-неше мың жылдан бері әркім әр түрлі қып сөйлесе де, бәрі де бір құдай бар деп келгендігі уә һам неше мың түрлі діннің бәрі де: ғаділет, махаббат құдайға лайықты-дегендігі. Біз Жаратушы емес, Жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғаділетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. "Нандым, сендім – демек - "нандырамын", "сендіремін – деген емес", -дейді.

Абайдың бұл арадағы мегзеп отырғаны – адамзат атаулының бәріне ортақ бір Алла деген ұғымның барлығы және олардың соған шүбәсіз сенетіндігі. "Неше мың түрлі діннің бәрі дең деп нақтап айтуы соған дәлел. Әйтпесе Абайдың өзі жақсы білетін төрт кітаптың аумағында тілге тиек табуға өрісі жетпей қалған жоқ.

Әлі де ортақ Тәңірге тәу етпейтін, бірақ кез келген табиғаттың құбылысын пір тұтатын қауым мен тайпа жер бетінде өмір сүріп жатқандығын Абай білген және олардың сеніміне құрметпен қараған. Бұл арада ол тек "Зәбірдегі", "Інжілдегі", "Таураттағы", "Құрандағы" Алла ұғымын айтып отырған жоқ, жалпы жаратылыстанудағы және оны сезінудегі таным ықыласын, "махаббат, ғаділет, сезім" тамырын басып отыр. Қалай деп атаса да, қалай септесе де, қандай жолды ұстаса да, әйтеуір, адам атаулының белгісіз бір болмысқа табынатын ішкі рухани медетін мезгейді.

Мұны Абай өлеңінде де қайталап баяндап:

Алла – мінсіз, әуелден, Пайғамбар – һах,

Мұһмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ.

"Құран " рас, Алланың сөзі – дүр ол,

Тәһуәліне (шындығына) жетерлік ғылымың шақ, -

дейді танымның жолын нұсқап.

Бұл арадағы "мүһминнің - мұсылманның мағынасы-ілім іздеуші. "Құран" сөзінің растығын таным арқылы танып, "тәһуәліне - ақиқаттығына, құбылыстың болмысының құпиясына жету үшін санасын сарғайта ғалымды мұрат тұтқан тұлғаны Абай "мүһмин" деп бейнелеп отыр. Таным арқылы сенімге ұласқан дінді ақылыңмен сарала, өзіңнің ой-өрісің, ойлау қабілетің, тіршілік тәжірибең арқылы шындыққа жет. Әйтпесе:

"Алла " деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі һаққа жол емес, -

дейді Абай.

Танымды Абай ғылым ретінде түсінеді. Алла-Абай үшін танымның тұрақты нысаналы тұлғасы. Алланың мың бір аты, сегіз сыпаты бар делінеді. Абай осыншама ұғымдардың әрқайсысына дербес баға беріп, осының жиынтық ұғымын – Алла деген сөзбен бейнелеп, бір түсінікке сыйғызады.

Алла – танымның бір баламасы.

Алланың мың бір атының өзін түсіндіру үшін Алла, рахым, шапағат, құдірет, қуат, медет, қайырым, дана, сабыр, шыншыл, адал, қамқор, ризық іспетті мың бір ұғымға талдау жасау керек. Абай осының ішіндегі сөздердің біразына шолу жасайды. Жан, қуат, ақыл, сезім, толық адам, иман ұғымдарына тереңдеп барады. Сондықтан да Абай өзінің ішкі жан дүниесі мен рухани азығының байлығына қарамастан дін жолын ұстау үшін білімнің аздығын мойындайды. Тығырыққа тіреліп, ойы мен өмірі тұйықталып қалғанын сезген ғұмырының соңғы жылдарында да:

"Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретесің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсіз де кездемені (жайнамазды) жайып салып, қолына кезін (указка – Т.Ж.) алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатар кісі болмаған соң, ғылым (ның) өзі-бір тез қартайтатұғын күйік. Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық? -деп өкінеді Абай.

Соның өзінде де "күйіктен", "ақылдың күйігінен" қашып құтыла алмады.

Қаламын сияға батырып, ақ қағазға торыққан ойының толғауын түсірді. Есесіне бұл жолды өзінің рухани шәкірті, бауыры Шәкәрім ұстанды. Ғылымның да, софылықтың да, ақындықтың да, өнердің де тынышсыз "тыныштығын" басынан кешірді. Ғұмырының соңында тағдыр оған бұл "тыныштықты да" көп көрді. Өйткені, танымға, сенімге, ғылымға, өнерге, жеке адамның өміріне саясат күштеп таңылды.

Ой еркіндігіне қарауыл қойылды. Дінге саясат араласқан тұста ол адамзатқа тек қана қасірет әкеледі.

Абайдың таным-сенімі кездейсоқ құбылыс емес екен. Ол бұған саналы түрде бойсұнған және "ақылмен танып, жүрегімен сезіп", шын көңілімен иман байлаған.

Сол шындыққа, таным шындығына жету үшін ғылыммен қоса дін тарихын да зерттеген. "Інжілдің", "Зәбірдің", "Таураттың", "Құранның" тарау жолын, Тәңірі ұғымының пайда болу кезеңін, таным жөніндегі ғұламалардың тұжырымдарын, ең соңында "крест жорығы" мен "ғазауат майданын", инквизицияның тақсіретін санасында саралап шыққан. Ол туралы зерттеулермен қоса көркем шығармаларды да оқыған. Оған дәлел көп. Ертекші Баймағамбеттің "Лейден деген қалада, Инквизиция деген патша болыпты - деп басталатын әңгімесінің өзі біраз жайды аңғартады.

Оны әңгімелеп беріп отырған, әрине, Абай.

Сондықтан да ислам дінінің көшпелілерге қалай және қай заманнан бастап тарағанын Абай білген. Білді деу аз.

Ол сол туралы Шығыс пен Еуропа, көне түркі тілдеріндегі зерттеулерді зерделей танысқан. Өз ұлтының тарихы жөніндегі деректерге сусыны қанбай Шәкәрімді арнайы қажылыққа баруға көндіріп, жолай Стамболдағы, арабтың Шам, Мысыр шаһарларындағы кітапханаларынан мәлімет жинауды аманат еткен Абайдың өзі болатын.

Білген біліміне қанағат етпесе де Абай өзінің "Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы" атты мақаласында исламның көшпелілер арасындағы таралу жайынан хабардар еткен. Әуелде тәңіріге табынған қазақтың сенімін өзгерткен заманды да, сахабаларды тұңғыш көшпелілер даласына бастап келген қолбасшыны да дәл басқан. Ол түркі жұртының негізін тектей бастағанда-ақ:

"Дін исламға кіре алмай қалған, осы күнде Күншығыс Сібірінде қазақтың ағайындары бар. Тілінен, әдетінен, түсінен туысқандық анық көрініп тұр. Әйтпесе, Енисейскі губерниясындағы Минусинскі уезінде "ясашный татар" атында (деген) бір халық бар. Қазақты өздеріне ағайын тұтады дейді және бір тұқымдас екендігіне көрген кісі таласпайды",- деп тарихты таратады.

Көне түркі жұртының тұмса тұтастығына түскен алғашқы сызаттың бірі осы діни таным.

Көк Төңірі мен Алланың арасында санасы сарсаңға ұшыраған көшпелі түркілер танымдық тұрғыдан алғанда талай аласапыранға түсті. Танымдық сызат уақыт өткен сайын жарықшаққа, заман ауысқан сайын жол айрығына айналды. Қазір қазақпен алтайлықтарды немесе Алтайдағы наймандар мен керейлерді, қыпшақтарды, уақтарды, арғындарды, алшындарды олардың тілі мен өңіне қарап қана бауыр санайтын дәрежеге жеттік.

Халықтың негізі біреу, танымы – екеу. Сондықтан да тағдыр-талайлары да басқа. Сенімнің ұлы күші осында.

Қазақ пен қырғызға, өзбек пен ноғайға алтайлықтардан гөрі арабтардың жақын көрінетіндігі сонда. Ажал келгенде жанымызды аманатқа тапсыратын Алламыз біреу және жалғыз. Алайда тұп-тұқияннан тартқан тамыр мен танымның қайыңның шоры сияқты шомырланып, ажыратылмаған тұстары да бар. Ол туралы Абай:

"Сөйтсе де, бұрыннан бақсы, балгерге иланып, отқа, шыраққа табынатын әдеттерімен (көне түркілер) исламға тез түсініп кете алмапты. Ол кезде шала-пұла хат таныған кісі болса-оны "абыз" дейді екен. Ол "абыз" демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты ексн. Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, ол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып; "От ана, май ана, жарылқа! – дегізіп, бас ұрғызған секілді; жазғытұрым әуелі бұлт күркірегенде қатындар шөмішімен үйдің сыртын ұрып: "Сүт көп, көмір аз - деген секілді. Бұған ұқсаған (әдет) көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды", -деп түсініктеме береді.

Иә, Алланы танып, мойындап, оның құдіретіне сеніп, "Құранға" илану арқылы көшпелі қауым, оның ішінде қазақ ұлты өзінің сонау түпкі тегіндегі Тәңірінен бас тартты.

Халықтың аты да, жер-су аты да, мәйітті көму дәстүрі де өзгерді. Алып Терек Қыран атты Отырар ханы өзіне Қайыр деген есім алды. Кет бұқа жырау Иерусалимнің түбіндегі Айн-Жалид қорғанында мұсылман бауыры Бейбарыстың қолынан қаза тапты. Бұл қазақ халқының діни танымы ажыратылмаған тұстағы соңғы құрбандықтарының бірі еді. Абайдың бұдан да хабары бар. Ол:

"Ол уақытта жаңа дінге кірген соң бір Бұхардан басқа шаһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттары бұзылыпты (өзгеріпті). Сондықтан да болғанға ұқсайды, әйтеуір, сонан (еліміз) қазақ аталыпты", -деп жазады.

Бұл-тарихи шындық.

Түркінің тұтас аты өзгеріп, тарам-тарам елге айналды. Түркімен, түрік, өзбек, қазақ, қырғыз, ноғай, қырым татары, башқұрт, татар, қарақалпақ болып телімденіп кетті. Ал Еуропадағы мадияр, болғар, гагауыз, қарайымдар, тіпті Иса пайғамбардың дініне кірді. Бұған бүгіндері "қазақ" атанып, шоқынып кеткен, тілін де, дінін де айырбастаған Құншақ ханның қол астындағы құба қыпшақтарды қоссаңыз, түркіден тараған тұқымдардың қандай тағдыр тауқыметіне ұрынғанын аңғаруға болады.

Бұл тауқыметтің тамырында таным, сенім, жан рухы жатыр. Сондықтан да ғарасат майданы өте қанқұйлы өтті. Әлемнің тарихы мен жағрафиясы мүлдем өзгеріп кетті. Джон Виллиам Дрэпер танымның осынау құдіретті күші туралы:

"Сонымен, сенімде (идеяда) саяси күш жоқ деп енді кім айта алады? Жеті қат жердің астынан алған алтын мен күміс, темір мен тас көмір, мақта мен қағаз, май, қысқаша айтқанда, барлық шикізаттар ғана Аллаға қызмет ете ме екен? Жоқ, сенім (идея) адамзатты түбірімен дүр сілкіндіре алады, идея әлемді билей алады. Мұндай таң қаларлық саяси оқиғалардың себеп-салдары туралы ұзынсонар шұбатылған дәйектер келтіруге болады", -деп жазады.

Мұндай дәйекті Абайдан да табуға болады.

Ислам дінінің қыпшақ даласына келуі түркі қағанатының соңғы хандарының бірі, қыпшақ дәуірінің басында өмір сүрген Сұлушордың тұсында басталды. Талас пен Шудың бойындағы ұлы майдан, шындығында да, ғарасат майданы болды. Екі жақ жанталаса қидаласты. Жеңуші де, жеңілуші де анықталмағанымен содан бастап Көк тәңірінің орнын Алла аты алмастырып, самал желмен бірге көшпелілердің рухына иман кіре бастады. Абай сенім жолындағы бұл күресті:

"Әуелден өзін-өзі билеп, азаттықпен жүрген халық, біротала біреуге бағынбақты ауыр көріпті. Түбінде олар да маңғол нәсілді болса да бұларға жат көрініпті. Сол уақыттарда арабтан бұл Орта Азиядағы дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба (бұрынғы басылымдарда Құтайса деп қате жазылған – Т.Ж.) атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да (қазақтар да – Т.Ж.) мұсылман болдық депті", -деп баяндайды.

Міне, сенімнің, Дрэпердің айтуынша – идеяның саяси күші қандай!

Тұтас ұлт төртке бөлінді. Демек, Абай діннің таралу тарихын жете білген. Сондықтан Алланы таным көзі етіп алуы тегін емес. Дін – саяси, ұлттық, әлеуметтік күрестің құлына айналды. Абай соны жанымен сезіне отырып, "азаттық рухын өлтірмес" үшін танымның тәуелсіздігін ұлттың тамырына сіңіруге тырысты. Сенімді ең қасиетті ұлттық қасиет ретінде бағалады. Ресей отаршылдары мен шоқындырушы уағыздаушылардың ықпалына түсіп, "жүрегі қорқып, көңілі айнып, буыны босай" бастаған қандастарына:

"Ноғайға қарасам: солдаттыққа да шыдайды, қазаға да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, молда. Медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды", -деп саны аз, бірақ дінге берік бауыр жұртты үлгі тұтты.

Адамзат тарихына санамен көз салсақ, әр заман өзінің сұрқылтай қайшылығы мен қатыгездігін майдан сахнасына шығарып отырған.

Барлық қантөгістің көксегені – үстемдік. Ассирия, Фараон, Скиф, Рим, Грек, Вавилон, Византия, Араб, Гунн, Ежелгі Русь, Хань әулеті тұсындағы жорықтардың барлығы да өктемдік мүддесіне құрылды. Енді осыған бір бүйірден діни соғыстар көп килікті. Бұл бұрынғы қырғындардың бәрінен де қауіпті қақтығыс еді. Өйткені оның астарында адамның жанымен астасқан сенім жатты.

Ал отарлау саясаты кәдімгі мемлекеттік мүддеге ұласқан ХҮІІІ-ХХ ғасырларда бір ұлтты екінші ұлттың рухани құл етуіне әкеп соқтырды. Нәсілдік үстемдіктің алғышартына айналды.

Абай тура осындай рухани ғазауат заманда өмір сүрді. Ол өз халқының шоқынуға бет алған зауалды күндерін басынан кешірді. Ұлтының ондаған ғасыр бойы қаны мен санасына сіңген сеніммен қоса өзінің тарихынан да, салт-дәстүрінен де, бара-бара тілінен де айрылатынын білді. Сондықтан да Рим папасының Шыңғыс хан тұсында уағыз айтып, мұқым құрлықты өзге құрлыққа қарсы қоюға шақырған ұранының әділетсіздігіне қарсы күресті.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 356; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.045 сек.