Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 23 страница




Астарлы да ауыр сөз. Бұл шынайы мінәжат етуге арналған шіркеу тақуаларының рухани азғындығын байқатады. Иса пайғамбардың уағыздарын жамылып, құдайсыздықты қоздырып отыр деген сөз.

Соның бірі – жат жұртты қорлап, оның рухын өлтіріп, иманын тонап, жанын азапқа салу болып табылады. Распутиннің зинақорлығы мен қылмысын емеурін етсе де мұнда тарихи шындық бар еді. Өзгенің діні мен рухын қорлау арқылы құдайдың қақпасын қаға алмайсың. Ол да күнәнің зоры. Иса пайғамбардың жолы бойынша тәубе жасап, кінәсін мойындап кешім өтініп жалбарыну арқылы ар-ождан азабын тазартуға болады.

Абай да ар-ождан мәселесіне қатты назар салып, оны тереңдете талдайды.

Азаматтың азаматтығы ар-ұятында. Ұятты, намысты, әбес ісің үшін "өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөксін", ішіңдегі ұятың оянып, "жаза тарттырсын". "Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі" кешірім жасасын, егер ол кешірім қылмай "оның үстіне тағы да аямай өртендірсін деген сөз айтса", ол "кісінің өзінің де адамшылығы жоқ - деп тұжырымдайды Абай.

Мінәжаттың өзі – адамгершілікке, ұятқа, нысапқа, сыйласымдыққа, қайырымдылыққа, әлеуметтік, танымдық, нәсілдік, тектік теңдікке негізделуі тиіс.

Бұл ретте Айса мен Мұхаммед пайғамбарлардың пайымы бір. Ал оны отарлық, миссионерлік құралға айналдырып отырған – миссионерлік шіркеу.

Жалпы шіркеу емес, сол Айса пайғамбарлардың уағызын өзінің тоңмойын, топас түсінігі арқылы ұлттық мүддесіне жұмсап отырған тақуалар. Ондай мінездер мұсылман арасында да, оның ішіде қазақ қауымының арасында да бұрын да болыпты, қазір де бар, ертең де қылтиып шыға келуі мүмкін. Осы үш уақыттық мерзімде де Абайдың ар, иман туралы айтқан:

"Пайғамбарымыз Сал-лал-лаху ғалайһи уәс-саламның хадис шарифінде:... кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы бар: "Ұят кімде болсаиман сонда - деген. Енді бұл сөзден білінді, ұят өзі иманның бір мүшесі екен... Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да: "Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар? - дейді. Иә болмаса: "Жә, жә! Оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтпеп пе едің? - дейді. Немесе: "Пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой. Пәлен қылған, түген қыған. Менікі оның қасында несі сөз пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе! - деп... жап-жай отырып дауын сауып отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек-хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Соның (сол адамның) иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе? -деген ("Отыз алтыншы сөз") сауалына әркім іштей жауап берсе-рухани намысты саясат үшін таптатпаған болар едік.

Бұл сұраққа Абайдың өзі де екі-ақ сөйлеммен:

"Өзің үшін еңбек қылсаң – өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлдарының бірі боласың", -деп жауап беріп кетіпті.

Біз де сол оймен тұжырымымызды тұйықтаймыз.

Иман-ар мен ұяттың кепілі. Сондықтан да Абай: "Иманыңды түзет! – дейді.

Ал оның өзі үнемі ұятына-иманын, иманына-ожданын күзет етіп, рухани аздырушыларға да, дінін бұздырғысы келгендерге де, ұлтын қорлауға тырысқандарға да тойтарыс берді. Өзінің үрім-бұтақтарынан да рухани тазалықты талап етті. Отаршылдық пиғылдың көлеңкесі іспетті миссионерлік сұғанақтық Абайдың жанын түршіктірді.

Бұрынғы шығармаларында жаратылыстың заңдылығы мен заман қайшылығы, қазақ тұрмысы мен мінезінің қилы құбылыстары, жастық пен махаббат, өткінші өмір, орындалмаған арман, өкінішті ғұмыр, мағыналы болашақ қақында толғанатын Абайдың ақындық әлемі енді жан мен рухты, ар-ождан мен иманды, сана мен Алланы таным арқылы таразылауға көшті. Күйініш пен сүйінішін жасырмай:

 

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,

Өзіне құмар қылған оның өмірі.

Хахихқа (Жаратушыға) маһлұқ (жан иелері) арқылы жете алмайды.

Оймен білген нәрсенің бәрі-даһрі (белгілі), -

дейді.

Таным талқысының зардабын терең сезінген сайын Абайдың "ақылы-у, ойы-кермек" тартып, зар мен наланың уыты бойына жайылып, енді ішіне түседі.

Өзегі өртенген Абайдың күрт сынуына өмірінің соңғы жылдарындағы қыршын өлімнің көбеюі қатты әсер етті. Сүйікті ұлы, Шоқанның жолын қуған Әбіші-Әбдірахманы сол Шоқанның керін құшып Алматыда асқынған дертпен алысып жатқанда, Абай мойнына кісесін салмаса да салғандай күй кешіп, күндіз-түні Аллаға жалбарынып, сауға сұрады.

Санасы-саққа, ойы-онға бөлінген әке-Абайдың бүкіл үміті Әбіште еді. Енді "сол қалқасын көп көріп", "жаңа күннің алды болар" деген үмітіне жеткізбей қыршынынан қиылғалы тұрған сәтіңдегі:

Иә, құдай бере көр,

Тілеген тілекті.

Қорқытпай орнықтыр,

Шошыған жүректі.

Шын жүрек елжіреп,

Алладан тілеймін.

Шын (сол) қалқам осы күн,

Болып тұр керек-ті, -

деген тілегін "зар еткен пендесіне" сыйынған Алласы берсе нетті деп қыстығасың.

"Зар қылып тілеген тілегіне Алласы рахым" етпеді. Сонда да Абай Алланың қайырымынан бас тартпайды. Бұ дүниенің қызығын көрмеген перзентіне бақилық ғұмыр тілеп:

Арғы атасы қажы еді,

Бейістен тартқай шәрбәтті, -

деп о дүниенің қызығын сұрайды.

Бұл Абайдың дінге беріктігін танытады.

Мұндай күйініш тұсында адамның ашынуы заңды. Бірақ Абай ашынғанда да Алладан медет күтеді. "Өмірін берген құдайым, ажалын да беріпті - деп көнбес іске көнеді. “Дұғаның қуатын, жіберме өзгеге”-деп те дәтке қуат іздейді. Оны қыршын өлімнің тіршіліктегі адал рухынан тауып: "Орынсызды айтпаған, түзу жолдан қайтпаған. Жақсылық қылар орында, Аянып бойын тартпаған. Ортасында кәпірдің, арамынан татпаған",-деп өзін де, Алланы да жұбатып, иман сауабын сұрайды. Қайғы рухын езсе де Әбішінің иманды бұзбағанына іштей сүйінеді.

Сол иманды бекіте түсу үшін Абай өзін де, дін уағыздаушыларына да, дін ислам жолын қуушыларға да қатты талап қойды. Танымдық тәуелсіздікті тек қана "қорықпас жүрекпен, айнымас көңілмен, босанбас буын-мен" жеңе алатын. Сондықтан да Абай шала молдаларға барынша шүйіліп:

Мен жасымнан көп көрдім,

Мұсылманды, кәпірді.

Абыралыдай көрмедім,

Намаз білмес пақырды.

...Осы оқумен намаздың,

Қай жерінде сауап бар?

Тегін ойлап қарасаң,

Мұнда ми жоқ, құлақ бар, -

деп Абыралы іспетті жалған иман иелерін шенейді.

Абай дінге берік ноғайды үлгі тұту арқылы өз халқын да сондай рухани қарсылыққа шақырады. Иманды пиғылына қарай ұстаған мұнафихтерді дінсіздердің қатарына қосады. "Ақылмен сенген ісіңнен ақсақал айтса да, бай айтса даң қайтпа:

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз.

Аят, хадис емес қой,

Күпір болдың демес қой,

Қанша қарсы келсеңіз ", -

деп жас ұрпақты да қайрай түседі.

Абайдың сөзі – уағыз емес. Ұлттық бостандықтың Ұраны. Ол сол бостандықты рухани бодандыққа дейін құлдыратуға қарсы. Таным еркіндігін тәлім ретінде ұсынады.

 

10."САУДАСЫ АР МЕН ИМАНЫ..."

(Абай және "әулие әкейлердің" миссионерлік ілімі)

 

 

Өзінің ар-ожданын, ұятын, иманын қорғамайтын, кез келген сыртқы және ішкі күшке тітіркеніп, рухани қарсылық көрсетпейтін ұлт болмайды. Дамудың қай сатысында тұрсын, бәрібір, Абай айтпақшы, "босанбас буыны, айнымас көңілі, қорықпас жүрегі" болады. Бұл қасиеттерден ада ұлт- өмір сүруге қабілетсіз.

Рухани тәуелсіздігін сақтауға ұмтылмаған елдің тәубесіз тіршілік кешуге құқы жоқ.

Рухани қарсылық-ұлттың мәңгілік ғұмырының кепілі.

Мұндай ішкі қуатқа, "жан қуатына" (Абай) көшпелі қазақ халқы да ие еді. Жалғанды жалпағынан жайпаған шағында да, өзімен-өзі тұйықталған тұста да, "телмірген теңдігі жоқ ел болған кезде де" (Жанақ) елдіктің қамын еш уақытта жадынан шығарған емес. Абай сүйсіне еске алатын "елдік намыс - ұлттық намыс еді. Тіпті бұл қасиет қазақ жұртының ұлттық мінезіне айналып кеткен тұстары да бар.

Бірақ түркі тегінің өзара қырқысынан шаршаған тұқымдық әлсіреу мезетінде кейбір, Абай айтқан "бек шетін, бек нәзік" сезімдер мен саңылауы тұмандана бастады. Оны ояту үшін сөзсіз сілкіну, тітіркену, ұшықтану қажет болды. Онсыз рухани қарсылықты қоздыру мүмкін емес-тін. Жаугершіліктен шалдыққан ұлтының тыныштығы тым салғырттыққа созылып кетті. Оның соңы бодандыққа, босбелбеулікке, боркеміктікке, намыссыздыққа ұласты.

Ұлттың осы бойкүйез немкеттілігіне қатты күйінген Абай адамның жан бостандығын сақтауға кепілдік беретін қасиеттерді талдай келіп:

"Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар (айналайын) жаным, соған бек сақ бол, (ол) әсіресе әуелі-құдайдың (Алланың), екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибараттың (үлгі, дәстүрдің), бесінші – ақылдың, ардың (қысқасы) – бәрінің дұшпаны. Олар бар жерде (уайымсыз салғырттық бар жерде) – бұлар (Алла, халық, дәулет, ғибарат, ақыл, ар) болмайды", -дейді.

Демек, ұлттың мәңгүрттігіне ықпалын тигізетін "рухани дұшпанға", "жаныңның жауына" Абай тітіркене, тіксіне, жек көре қарайды.

Көшпелі түркі қауымының, оның ішінде қазақ жұртының тегінің самарқаулыққа салынып, XIX ғасырда қалғып кетуі тарихи және тектік заңдылық. Бар ұлттың басынан кешетін табиғи құбылыс. Өйткені, Шыңғыс ханның тұсынан бастап Абылайға дейінгі жеті ғасырдың ішінде көшпелілер аттан түскен жоқ. Үрім-бұтақтың үрмізінің сүзіліп, жіңішкеретін тұсы Абай заманына тура келді. Тынымсыз тіршілік кешкен тектің тыныс алуына толық қақысы бар болатын. Бірақ тарих үкімді оған басқаша етіп жасады. Өзі лақтырған арқанның бұғауына өзі түсті де боданға айналды. Енді бұл жаһангершілікке ұлттың қарсылық көрсетіп, жаппай майдан ашатын мұршасы қалмады. Ресей патшалығы жуасыған асау атқа ноқта салғандай болды.

Сонда да рухани қарсылық жүріп жатты. Кенесары ханның көтерілісі сол ұлттық мойынсұнбаудың, "халықты уайымсыз салғырттыққа" түсірмеудің, мәңгүрттендірмеудің бір амалы еді.

Абай "уайымсыз салғырттықтың" салдарын білген. Өз ұлтын оған іштей дайындаған. Ұлтына қарата айтылған емеуріннен жеке адамның басына ғана қатысты қасиетті іздеу-Абай үшін таяздықтың белгісі. Өйткені Абайдың ойлау жүйесі тым кең. Оны тар мағынаға сыйғыза алмайсың.

Болыстың, тағдырдың, тіршіліктің, сезімнің, танымның бір сәулесін ұстауы арқылы сол сәттегі көңіл күй ауанына байланысты, ақыл мен сана ағымына тежеу жасамай, ой ағымына ілесе отырып бүкіл бір құбылысты қамтиды. Ол үшін жалқылық ұғымы жоқ, бәрі де "адамзатқа ортақ қасиет" (Абай) болғандықтан да, астарын тереңдете тамырымен қопарады. Ұлтының рухани қорғансыздығын және оған сырттан жасалған қысымды жан-тәнімен сезінгендіктен де ол:

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Қайратың мен ақылың екі жақтап, -

дейді ұлтын сақтандырып.

Мұндағы "сенбе жұртқа" деп тұрғандағы жұрты кім? Сіз бен біз бе, анау ма, мынау ма? Мүмкін.

Егер Абайды солай түсінсеңіз, онда Абайды ешқашанда түсінбегеніңіз және түсінуге тырыспағаныңыз. Өйткені, Абайдың сенбеуге, сеніспеуге, "ішіне жаулық сақтауға" шақырып отырған жұрты – қазақ болса, сол "әуре еткіш қумен" күресу үшін "қайратың мен ақылынды екі жақтап" іске қос десе, онда Абайдың дұшпаны жат жұрт емес, қазақтың өзі болды ғой. Ендеше, оның "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым! – деп күңіренуге қақысы жоқ және жалғыз егіліп отырған болады ғой! Абайдың өзі айтпақшы, "мұндай пәруәрдигер" дұшпаннан құдай сақтасын.

Ендеше, гәп – Абайда емес. Мына біздің қапақ басымызда.

Өйткені Абай өзінің ойын "Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе – деген келесі жолы арқылы білдіріп тұр емес пе. Бүкіл тіршілік-ғұмырың өз ұлтыңның ортасында өтсе, ешкіммен сеніспей, сенбей, өзіңе де сендірмей ғұмыр кешсең, онда өзі айтқандай, "дүниеде жалғыз қалған адам-адамның өлгені" дегеннің керін құшпай ма. Абайдың өзі "әрекетсіз тақуалық пен софылықты" адамзатқа жасаған қылмыс ретінде санайды.

Демек, Абайдың "сенбе" деп отырған жұрты-ұлтты отарлап, оның өзін-өзі қорғайтын рухани қарсылығын жоюға ұмтылып отырған жұрт. Ол жұрт өзінің отаршыл және шоқындыру пиғылын, жеріңді иемденіп, еліңді аздыру әрекетін қалай жағынып, жәмпейлесең де тоқтатпайды. Сенген жанашырың тосқауыл қойғысы келсе де шарасыз қалады. Себебі, бұл тарихи, табиғи заңдылық болатын. Ал тарихқа патша да бағыт бере алмайды.

Абайдың міндеті, өз ұлтының рухани қарсылық көрсете алатын қасиетін оятып, ішкі қорғаныс түйсігін қалғытпау, "уайымсыз салғырттыққа" түсірмеу еді. Сол үшін елін сергектікке, сақтыққа шақырып, бопсаға көніңкіреп жүргендерді "өзіңді сенгіштікпен әуре етпе" деп, ал "ішіне қулық сақтаған жұрттың" ықпалына еріп:

Саудасы – ар мен иманы,

Қайрат жоқ бойын тыйғалы, -

деген кейіпке түскендерге "қайратың мен ақылыңа сүйен", сол екеуі сені екі жақтап "уайымсыз салғырттықтың" құйынан алып шығады деп отыр.

Абай үнемі қатар қолданатын "ақыл, қайрат, жүрек" ұғымдарының ретін бұл арада әдейі бұзып отыр. Өйткені, жат жұрттың тәліміне, "қулығына" сеніп отырған – ерігіш жүрек. Сондықтан да Абай қайрат пен ақылды даралап алып тұр.

Өзін-өзі қорғай алмайтын ұлт та, өзін-өзі қорғауға дәрменсіз ұлт та тарихта болған. "Өлі тіл" мен "өлі ұлт" деген ұғым тегін қалыптасқан жоқ. Ал қазақ халқының өзін-өзі қорғауға рухани қабілеті мен тарихы және танымдық алғы шарттары толық бар еді. Абайдың "қайратпен ақылды қарсы қой" дегені сол қасиеттің жойылмағандығын сезгендігінен.

Қаншама тауқыметке ұшыраса да көшпелі түркілер, оның ішінде қазақтар өзінің ғұмыр кешкен кеңістігінде танымдық, дәстүрлік, діни және тілдік тұстастығын сақтап қалды. Бұғаудың қаупі түссе Ресей отаршылдарының тұсында түсті. Ұлттық рухани дербестіктің бас асауы әлі басылмаған болатын. Мұның себебін Абай зейін қоя талдап, орыс зиялыларымен пікір таластыра талдаған Джон Виллиам Дрэпердің:

"Ұлттың тектік тұтастығы екі түрлі даму харакетіне ықпал жасайды: біріншіден – ол ұлттың бірте-бірте әлсіреуіне, екіншіден – сырттай әсер ететін табиғи құбылыстарға өте тез бейімделуге әкеп соғады. Өзінің түпкі нәтижесі жағынан бұл екі себеп те бір жерден тоғысады. Бірақ ұлттың тектік тұтастығы оны барынша кірпияз дәстүршіл (консервативті) етеді және ақыл-ойдың дамуына ортақ бағыт бере отырып, ұлттың ішкі ділінің беріктігін күшейте түседі, өйткені қым-қуыт тіршілікті қуған елдің түйсігі әр қилы нәрсеге алаңдаса да, олардың ойлау жүйесі бір болуы әбден мүмкін. Азиядағы көне қағанаттардың тәсілі тұрғысынан алғанда, мұның сондай анық ақиқат екендігін тарихшылар бұрыннан бері байқап келеді: саяси былғақ тұсында шаһтар мен уәзірлер қаншама рет алмасып жатқанына қарамастан, сол құрылымның жарамсыздығы немесе оған сәл-пәл өзгеріс енгізілуі қажеттігі туралы ой ешкімнің басына келмеді. Керісінше, Еуропадағы әр түрлі қауым әр түрлі ойдың жетегінде кетті, мұндағы ат төбеліндей ғана аз зиялылар мен сабылысқан топас тобырлардың тұжырымдарының арасында іштей қарама-қайшылық бар еді. Міне, басқарудың қиындыққа соғып отырғанының және олардың нақты бір ортақ мүддесінің жоқтығы, ортақ діннің болмауының басты себебі осында жатыр", -деуі толық түсіндіріп береді.

Абай да бұл ұлттың тектік тұтастығын рухани бірліктен іздейді. Рухани тұтастық-ұлттың өмір сүруінің, қорғана білуінің кепілі. "Бас басына би болып", тұс-тұсқа тартқан жеке мүдделерді Абай елдің азуына әкеліп соғатын әрекет деп біледі.

Ол рухани тұтастыққа және ниет бірлігіне кесірін тигізетін барлық нәрсені мойындамайды. Екі ұшты ғып емеурін де танытпайды. Кесіп тастайды. Әуел бастағы тұтас тектік кеңістікке отаршылдықтың қара құрты түсіп, тұтастық нысанасы сетіней бастағанын көрген Абай қазаққа сол ұмытылған бірлікті есіне салды.

"Қазақтың бір мақалы: "Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік - дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады, (оны) білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – 1ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда: байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік-ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік сатылса-антұрғандықтың басы-осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді. Әйтпесе, құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, не болмаса, бір пәле салып, қарғанатын (қорғалатын), әйтеуір, бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты? -дейді.

Тамырын бассаң, Абайдың бұл пікірі Дрэпердің рухани алауыздыққа ұшыраған еуропалықтар туралы пайымымен астасып жатыр. Тек Абай мұнда сондай қауіптің өз ұлтының басына түскеніне ой салмағын салады. Зілмен айтады.

Бұрын жалпы тәуелділік қақында келтірілген бұл мысал дәл осы арада екінші бір астарға ие болып отыр. Абайдың жұмбақтығы да сонда. Оның сөзін тура не жанама, әйтпесе, бір түрлі мағынада түсінуге болмайды. Абайдың әр сөзі басы біріккенде ерекше түрленеді. Тек соны ретіне қарай ойыңа азық етуің керек.

Дәл осы сөз тектік тұтастыққа қаратыла жазылмады деп ешкім ділмарси алмайды. Өйткені Абайдың мегзегені Дрэпермен түйіндес тұр. Еліне ескерту жасап, тұтастық нысанасын сақтауға шақыруға ұлтының рухани қорғанысынан айырылып бара жатқан күйін көріп, күйінген Абайдың толық құқы бар болатын. Тіпті ол бұған ар-ожданымен, ақылымен, қайратымен, адал, мейірімді жүрегімен жауапты болды.

Өйткені ол – Құнанбайдың Абайы емес, халықтың Абайы еді.

Бойындағы бар игі қасиет халықтан дарыды. Халықтың ғасырлар бойында қанында сақтап келген мәйегі болатын. Сол мәйек ұлт басына екіталай тауқымет үйірілгенде ел данасының ақылы боп ұюы тиістұғын. Мұны Абай білді. Отаршыл пиғылдың ыдыратқан елдік сезімі қазақтың да басына төніп, енді ғұлама Дрэпер айтқандай:

"Әрбір ұлттың сол сәтте алдында тұрған міндеті мен ұмтылысы оның мүддесі мен қолайына үйлескен жағдайда ғана ол ұлт түбірімен тұқымын өзгертуі мүмкін. Оларға жасалған жан ауыртатын жаза мен қасірет ұмытылады, бірнеше ұрпақ ауысқан соң артына із де қалдырмайды. Тіпті жеңістің өзін уақыт жеңіліске айналдырып жібереді. Адамзаттың (ұлттың) құруы ешқашанда күшпен жүзеге асырылмайды, адамдардың ішкі пиғылын өзгертетін танымдық әрекеттермен жасалатынын", -санасымен саралай түсінді.

Дрэпер келтірген бұл пікір жорамал емес, тарихи шындық болатын.

Дүниенің арғы-бергі тарихының шаңын қақпай, түркі жұртының жұрнағын жүлгелесек те жеткілікті. "Мүддесі мен қолайына үйлескендіктен де" болгарлар, мадиярлар, құба қыпшақтар (половецтер) дінін де, тілін де, дәстүрін де, тегін де өзгертіп шыға келді емес пе. Қазір оларды Ұлы Далаға тек тарих қана тели алады. Болгар христиандары мен мұсылмандары арасындағы қақтығыс соның салдары.

Бір тек қос жарылып, жау боп жағаласты.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 425; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.048 сек.