Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 27 страница




Шала сауатты, дүмбілездердің кесірі жауыңнан да жаман. Олар тоңмойын, тоғышар, топас келеді.

Бұларды дәл осындай ғып дайындап отырған Ильминский мен Победоносцевтің "ғылыми жүйесі" еді. Николай Ивановичтің жоғарыдағы сөзі соған толық дәлел. Ал отаршыл әкімшілік мұны жуан жұдырықпен одан бетер тұқырта орындады.

Осындай шала сауаттылардың белең алып бара жатқанын және оған әкімшіліктің қасақана жол бергенін көрген Ыбырай марқұм сол жүйені ойлап тауып, жүзеге асырып отырған Ильминскийге:

"Мен қазақ бастауыш училищесіне қолөнер сабағын енгізуге қарсы пікіріммен губернатордың ашуын келтіріп алып әлі Орынборда жүрмін, егер губернатордың ойындағыдай кең көлемде қолөнер сабағын енгізсе, ол қазақ училишесінің басты мақсатына – қазақ балаларына орыстың тілі мен жазуын үйретуге кедергі жасайды деп арыз беруге де батылым жетті. Өйткені, мұқым оқу мерзімін және сабақтық пәндерді жалпылама білім беретін арнаға түсірудің кесірінен қазақ балалары орыстың тілі мен жазуын шала меңгеретінін, тіпті соның өзін әрең игеретінін тәжіри-бе көрсетіп отыр. Мұның өзі губернаторды қатты ашуландырды, ол мені итжеккенге де аударып жібере жаздады. Дегенмен, В.В.Катаринскийдің араға түсуінің арқасында істің бәрі тағы да жөнделіп келе жатқан сияқты. Жалпы айтқанда, осы соңғы уақытта мені орынсыз болса да бірнеше рет сілікпеге салды. Не істерсің?! – деп шағым айтты.

Мұның жауабын Ильминский одан бұрын "жасырын соғыс" тәсілімен беріп қойған. Оған керегі можантопай можандар еді. Миссионерлік мектептің мақсаты – кәдімгі мұжық дайындау.

Білімді адам – бодандықтың жауы. Ол рухани бостандыққа ұмтылады. Діннің ықпалына көнбейді.

Сондықтан да Ыбырайды соншама биікке шығарған Ильминский енді оның туған халқының рухани дербестігін қорғауға қарсы шықты. Алтынсариннің қудаланып, мектептен шеттетіліп, жер аударуға дейін жеткені, сайлау кезінде тергеуге алынып, одан шеттетілуі Ильминскийдің ықпалынсыз жүргізілді деуге болмайды. Николай Ивановичтің өзгеге дәргейі жүрмесе де Ыбырайды қудалатпайтындай құдіреті бар болатын. Жоғарыдағы өзі жазған мәлімдемедегі "қазақ мектептерінен қазақ мұғалімдері шеттетілсін" деген жарлыққа "бауырына басқан баласындай" Ыбырайды да күштеп мойынсұндырғысы келді.

Оны "жемтіктің орнына тастады". Аңғал ұстаз одан көмек сұрап, құлшылық етумен болды.

Бірақ ол "аса қадірлі ұстазының" түпкі пиғылын аңғарды. Қолөнердің жақсылығын Ыбырай білді. Ол арнайы қолөнер мектебін ашуды ұсынды. Ал білім алатын мектепте бұл қол байлау еді. Кәдімгі шала сауатты ағаш шебері, етікші, Абай шындықтың бетіне тура қарайды.

Жаңағы "ел арасы бүлінсе мал таба алмай қаламыз-ау" дегенді қаперіне алмайтын дүрегейлердің шығуына басты себепкер – ортасының тәрбиесі. Әке-шешесі. Ағайыны. Оның ішінде Абайдың өзі де бар. Олар миссионерліктің, отаршыл әкімшіліктің топас әрі ашкөз мінезін бойына тез сіңіріп ала қойды да мәдениеті мен адамгершілігін мансұқ етті.

Рухани тәуелділікке, зорлап шоқындыруға, аяр ояздар мен ұлықтарға жанымен қарсы Абай әлгіндей дүрегейлерден орыстың мәдениетін қорғайды. Егер "көңіл көзі ашылып, орыстың ғылымы мен өнерін" меңгерсе, "дүниенің құны-бостандықтың құны арзанырақ түсер еді". Өзінің ұятының, әке-шешесінің, елінің алдында "есеп беру" олардың қаперіне кірмеді. Бойындағы жаманатын жатқа жапты. Өзінің өзегіндегі күйелі қақырықты тастауға келгенде дәрменсіздік танытты. Әділ Абай мұны:

Орыс теріс айтпайды,

Жаман бол деп оларды.

Қаны бұзық өзі ойлар,

Қу менен сұм боларды.

Орыста қалар жаласы,

Бұл іске кім виноват,

Иә, Семейдің қаласы,

Иә, қазақтың аласы?

Ойында жоқ бірінің,

Салтыков пен Толстой.

Иә тілмаш, иә адвокат,

Болсам деген бәрінде ой,

Көңілінде жоқ санасы, -

деп дәл басып айтты.

Архирей басқармасының хатында айтылған дәл осындай зауалдың күндердің күнінде ұлттың басына төнерін Абай сонау 1886 жылы ескертіпті. Ендеше, "тыңдаушымды тәңірім, ұғымсыз ғып берген-ді - деп күйінсе күйінетін жөні бар.

Миссионерлік "ізгілік" қанша баурап әкетсе де тілін меңгерген соң сол ұлттың "дағуасына кіру қиынға соқпайтыны" анық қой. Кемел ойдың иесіне қаратылған сөз кешенің түйсігіне жетпейді. Дүниеде біліп тұрып, сол білгеніңді ұқтыра алмағаннан үлкен азап бар ма? Абай жаппай шоқындырудың әйтеуір бір заманда көпке жария болатынын, "құпия соғыс" иелерінің түбі бір ашық майданға шығатынын түсінді және дер кезінде бойын тартып алды. Ыбырай Алтынсарин да тура сол жылдары, дәлірек айтсақ 1884 жылы қыркүйекте "аса қадірлі Николай Ивановичке" бұл бағыттың қатерлі екендігіне емеурін жасап, сыпайы тілмен:

"Осындай көңілсіз жағдайлармен қоса, дәл қазір менің толып жатқан астыртын жауларым көбейіп кетті. Осының бәрі мүлдем орынсыз нәрселер, мұның барлығы маған жиіркенішті ықпал жасады, ол жөніндегі арманшыл рухымның отын өшірді... Заман солай болған соң не істерсің, қымбатты Николай Иванович, мүмкіншілік туған сәтте қазақтардың қоғамдық күш-қуатын жегідей жеген, олардың келешегін кескен арандатушы зұлымдыққа қарсы тұру үшін әйтеуір бір нәрсе істеу керек болып тұр: суға батып бара жатқан адамдарды көрген кезде оларға жәрдемдеспеу арсыздық қой, ал оларды құтқарайын деп қимыл жасаудың өзі аса қауіпті екен. Ертеректе, мұндай жағдайда бастықтардың өзі мені қолдар деп сенген едім, бірақ бұл үнемі ақтала беретін үміт емес екен және оларға сенуге болмайтын көрінеді. Алланың жазымышы сол болса – орындала берсін, бірақ мен өзімнің негізгі пікірімнен таймаймын, күшім жеткенше қандастарыма пайдалы адам боламын деген талабымнан қайтпаймын. Пәле қуғандарға қарсы тұруға құдайым қуат берсе екен, жазықсыз жазаға тартқандардың жәбірі мен қайғысына тұншықтырып өлтіре көрмесін", -деп жан айқайын жадағайлап жеткізді.

Ал бұл кезде "аса қадірлі Николай Ивановичтің" аты көпірден өтіп кетіп еді. Ол өзінің аяр да әккі азғыруы арқылы "сүйікті шәкіртін" "жазықсыз жазаға тартқызып", жәдігөйлікпен "жәбірлеп, қайғыға тұншықтырып өлтірді". "Әйда, Пушкин, әйда иттің баласы! – деген орыстың ұлы мәтелі осындай "қаражүзділерге" қаратыла шыққан сияқты. Соның тонын аударып, біз де "аса қайырымды, аса қадірлі, мархабатты, біздің қымбатты, қымбатты Николай Ивановичке" өлеңмен:

Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке, -

деп "сүйіспеншілігімізді" білдіреміз.

Әрине, ондай улы тілмен, ызалы кескінмен Абай ғана айта алады. Сөздің қисынын келтіріп, тура Ыбыраймен қатарласа Абай да "аса қайырымды Николай Ивановичке" жауап беріп кетіпті. Н.И.Ильминский өлген соң төрт жыл кейін жазылған бұл өлең оған тікелей арналмаса да "саудасы – ар мен иманы" болған қандастарына қаратылған емеуріннің соңындағы:

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе-адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, -

деген сөздің өзі Абайдың ішкі пікірін ашып тұрған жоқ па.

Өлеңнің "Малға достың – мұңы жоқ малдан басқа – деп аталуының өзі тегін емес.

Дүрегейлер мен шүрегейлердің "ақылды малдан" айырмасы шамалы еді. Елін, арын, намысын "сорпа мен суға сатып, сүйекті сүйгендерге" бұдан асып қандай теңеу тапсын.

Міне, "ізгілік миссиясының" будандастырылған жемісі осындай болатын. Бұл гүлді тікенмен будандастырғанмен бірдей табиғатқа қиянат қылмыс еді. Абайдың:

Ермен шықты ит қылып,

Бидай шыққан егінге, -

дейтіні де сондықтан.

Ақынға елінің болашағының кесілуінен үлкен қасірет жоқ. Тек миссионерліктің "балы тамған жас қамысты көктей оруының" өзі-ақ олардан түңілуге жетіп жатыр еді. Абай түңілді.

Бұл оның бұл жалғаннан бетін теріс бұрып кетуінің бір ғана себебі болатын. Өйткені "қайырымды, ізгілікті миссияның" жан шошырлық жасырын соғысының құпиялары толық ашылмап еді. Бірақ та олар сонау 1862 жылы қазақ мектептерінде жүргізілетін оқу бағдарламасында-ақ дүре-гейлерді дайындаудың бағдарламасын жасап қойды. Онда:

"Ю.Христиан діні туралы заңдар (Закон божий) бойынша оқу кестесі былай жүргізіледі: а) Екінші кластың бірінші жылы Ескі және Жаңа заңның (Ветхий и Новый завет) тарихымен қысқаша таныстырады, екінші жылда христиан дінінің шарттары (катехизис) оқытылады. б) Үшінші кластың бірінші жылында шіркеудің мүнәжат дұғасы мен рәсімі (литургия) түсіндіріледі, екінші жылында православие дінінің басқа ағымдардан айырмашылығы мен артықшылығы туралы дәріс оқылады. Діннің көне дәстүрін ұстанғандар (старообрядчиктер) мен жікшілдерге (раскольниктерге) қарсы күрес тәсілдері баяндалады", -деп жазылған еді.

Қазақ тілі және "Құран", яғни "Мұхаммедтің заңдары" тек жексенбі күндері ғана оқылатын болып бекітілді. Кестенің қатаң орындалуын Шекара комиссиясының төрағасының орынбасары тікелей бақылап отырды. Бұл:

"Ауыл мектептерін молдалардың қолынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамдарға тапсыру керек" деген архирей басқармасының нұсқауының тікелей орындала бастауы

Абайдың мойнына осындай "шоқындыру қамытының кигізілетінін" әкесі Құнанбай білді ме, кім білсін, әйтеуір Інжіл" мен "Таураттың" уағызынан Абайды құтқарып әкетті. Бірақ ол есі кірген соң "Қасиетті кітаптың" бәрін санамен зерлей оқып шығып, оны талдады. Христиан достарымен пікір алысты. "Алланың өзі де рас, сөзі де рас – деген қорытындыға келіп:

“Кімде-кім аһиретте де, (бұ) дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айту мүмкін емес. Олай болғанда: қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы – аһирет қуанышынан артық болса, мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен. Егерде екі нәрсе кез болса: бірі – аһиретке керекті, бірі – осы дүниеге керекті, бірін алса – бірі (саған) тимейтұғын болса, сонда біреу аһиретке керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, (егер), кез келмейтұғын болса, кең құдай өзі кеңшілікпен кешірер-дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас" – деп дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе:АҺиретті дүниеге сатқаным жоқ - деп, (онда соған) нануға бола ма?” – деп тұжырым жасады.

Бұл өте терең тұжырым. Адамның рухына қатысты пәлсафалық ойын таратқанның өзінде де бір еңбекке жүк боларлық пайымдау. Ал рухани тәуелсіздік тұрғысынан қарасақ, Абай діни көзқарасқа қаталдық керек дейді.

"Екі өмір жоқ, демек, екі өлім де жоқ".

Бұ дүние мен о дүниені бірдей алдап, пәниді де, бақиды да жалпағынан басып жүре алмайсың. Тіршіліктің қам-харакетіне орай арыңды аһиретке айырбастама. Бір дінмен бол. Сен мұсылмансың, сол мұсылмандықтың жолын қатаң ұста. Егер иманыңа жүгініп, Алла жолын ұстап, Пайғамбардың ақ туының астында болғың келсе және оған рухыңмен берік сенсең, "Алла асыраған пендесі аш болмайды", онда сені:

Антұрғанның қылығын Алла ісі деп,

Нандырар қандай сопы, қандай молда, -

дейді.

Миссионерлер шоқындырып, діннен аздыру іспетті «антұрғанның қылығын» зорлап таңып, Иса пайғамбардың дініне нанғысы келмесе де күшпен, айламен, аярлықпен нандыруға тырысты.

Ол үшін не бір сұрқия амалдарға барды. Мұқым бір ұлттың тарихын жойып жіберуді де көздеді. Сондықтан да сол ұлттың ең қасиетті сезімдері мен осал тұстарын дәл басып, тура қылтасынан қиды. Күре тамырды үзіп, оны жат жүрекке жалғауға құлшынды. Соның бірі-қазақтың әліппесі еді. Әріпті өзгерту арқылы "орыс рухын" тезірек қабылдауға ықпал еткісі келді.

Олар бұл мақсатына жетті.

"Миссионерлік ізгіліктің" ең үлкен жетістігі де осы әріпті өзгерту шарасы еді. Бұған Ыбырай Алтынсаринді сондай әккілікпен пайдаланды. Әуелде ұсыныс ретінде айтылған бұл әрекетті Ыбырай өз еркімен орындап берді. Кирилл харпінде "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш кластарға арналған оқу құралы" жарық көрген соң миссионерлер де, әкімдер де кәдімгідей қанаттанып, енді оқу жүйесі мен кеңес жұмыстарын жаппай Кирилл харпіне көшіруге ұмтылды.

1879 жылы желтоқсанның он бірінші жұлдызы күні генерал Крыжановский ояздарға жеделдете қатынас жіберді.

"I) Торғай мен Орал облыстарында іс қағаздарын қазақ тілінде орыс харпінің негізінде жазу қажет, сөйтіп біртіндеп қазақтардың татар (дұрысы араб- Т.Ж.) әріпінде іс қағаздарын жазуын тоқтатуымыз керек. 2) Қазақ тілінде қатынас қағаздарын жазуға әбден болатынын біздің дарынды қазағымыз Алтынсарин орыс харпіменен "Қазақ хрестоматиясын" жазып, баспадан шығару арқылы тамаша дәлелдеді. 3) (Сол харіппен) қазақ тілінде газет шығаруымыз қажет...", -деп нұсқау берді.

Дер шағында жүзеге аса қоймағанымен де бұл пікірге қазақтардың бойсұнып, көніп қалғаны анық еді.

Ұлтының танымы мен тарихын, келешегі мен қадамын шешетін мұндай зауалды шара жөніндегі сол халықтың өз пікірі сараға салынбады. Тіпті, қаперге де ілінбеді. Қанша ұлтжанды әрі ағартушы болғанмен де Ыбырайдың ел үшін өкілдік ететін жөні жоқ еді. Ұлттың таным тағдырын тұлға шешпейді.

Ел мүддесін өз мүддесіне бағындырып, шешім қабылдағанды Абай да жақтырмаған. Ол:

Жатты "Жау " деп еліңді үрпитіп ап,

"Жауға жабдық!" деп жиып, пайда қыл тез! –

деп "ызалы күлкімен", "қайғы шақыратын күлкімен" іштей назаланды.

Ыбырайдың: "Осылай еткенде ғылыммен қарулануға, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады, татар фанатизмінің күлі көкке ұшады", - деп "тездетіп" оқулық жазып, қаржы жиып, елін әбігерге түсіргені рас еді.

Оның қолтығына су бүріккен "аса қайырымды Николай Иванович" болатын.

Отыз жыл бойы аңсаған арманы жүзеге асқан сәтте Н.И.Ильминский байыз таппай, іске шұғыл кірісті. Енді түркілердің өз қаруын өзіне қарсы жұмсады. Шоқынғандарды қазақ даласына қуана-куана жөнелтті. Өзінің "әулиелік өмірі" қақында уағыздай жазған естелігінде Н.И.Ильминский сол кездегі іскерлігі жөнінде:

"Алтынсариннің өтініш-тілегін ескеріп, 1879 жылы өзім басқаратын оқушылар семинариясын тәмәмдаған Семен Меркурьевті-Ырғызға, Иван Григорьевичті – Торғайға мұғалімдік жұмысқа жібердім. Бұл екеуі де христиан дінін қабылдаған татарлар болатын, соңдықтан да олар қазақ тілін тез үйренер деп ойлаймын", -деп еске түсірді.

Қаншама жанталасқанмен бұл әрекет Николай Ивановичтің көзі тірісінде жүзеге аса қоймады. Бірақ та ұлтты ішінен іріту әрекеті тыйылмады, қайта өрши түсті. Бұратаналардың рухымен қоса әйелдерін де азғыруға көшті. Ендігі басты назарды соған аударды.

Шіркеуді қазақтың өлімі мен тойына дейін араластырып, бүкіл ішкі рухын билеп, қолқасын өкпесімен қоса суырып алғысы келді. Ең қасиетті рәсімнің бірі – жаназа мен жерлеуге қол сұқты. Қилы-қилы құйтұрқы насихаттар мен уағыздар жүргізді. Мұндай сұрқия әрекетті жүзеге асыру үшін Діни басқарма төмендегілерге құпия түрде:

"Өлген қазақтарды жерлеуге поп басшылық етуі тиіс, ал қазақтар өлген адамдары туралы оларға міндетті түрде хабар беруі керек. Тек поп рұхсат бергеннен кейін ғана үш күннен соң жерленуі тиіс. "Өлген адамның жаны әлі шыққан жоқ, тірі көмуге болмайды, ол дүниеде жұмаққа бармайды-мыс – деген сылтау айту керек. Мұндай тәртіптің кіргізілуін: "қазақтар кісі өлімі туралы үнемі жалған ақпар береді, ал дененің іріп, еті босағанға дейін көмілген адамның неден өлгенін анықтау мүмкін емес. Сондықтан да қазақтардың арасындағы дақпырт пен дауды болдырмау үшін өлген кісіні жерлеу кезінде міндетті түрде попқа көрсету қажет", -деп нұсқау жолдады.

Қандай қара жүректі десеңізші! Қазақ елінің маңдайына біткен сордың қалыңы әрі басынудың ең сорақы түрі осы еді.

Ұлттың аза рәсіміне жат діннің араласуы – ол халықтың өлі тобырға айналуының басы болатын.

Миссионерлердің бұл қақпанына Ыбырай Алтынсарин қалай түсіп қалғанын өзі де аңғармаса керек. Өлген адамды үш күнге дейін көмбей, оның денесін сақтап, дәрігерге не попқа көрсетіп барып көмуді ол өзінің "Надандық құрбаны" атты әңгімесінде көркем дүние арқылы уағыздап берді. Зираттың қасынан өтіп бара жатқан жолаушы кеше ғана көмілген қабірдің ішінен айқайлаған әйелдің дауысын естиді. Жақын ауылға келіп көргенін айтқанда бір әйелдің талма аурудан өлгенін біледі. Қабірді қаздырады. Сөйтсе, әйел үсті-басындағы аһиреттің бәрін жыртып тастапты. Қабірдің топырағын тырмалап, тұншығып өліпті. Тірідей көмілген әйелдің тағдырына налып, оның надандықтың құрбаны болғанына жаны ашиды. Дәрігерге көрсетсе олай болмас еді – дейді Ыбырай Алтынсарин сөз түйінінде.

Мұның түпкі астарында, қазақтар өлген адамның мәйітін попқа міндетті түрде хабарлап, нақ өлгеніне көз жеткізсін деген жоғарыдағы жарлықтың пәрмені жатыр еді. Ыбырайдың өзі осылай алданып қалғанда, өзге қарапайым қауымға не жорық.

Шүкіршілік ететін жағдай сол, әйтеуір, жаназаға поп араласа алмады. Жаназа шығаратын мәйіттердің саны азайғанда қабіршілер табытты қағып, өлім тілейтін болған. Шіркеу де сондай қорқау пиғылға жеңдірді. Абайдың:

Күрпілдек мақтан,

Табытын қаққан,

Аңдығаны, баққаны, -

деп отырғаны да солар.

Өкінішке орай, өлікті қорлаудан құтылғанымен, әйел баласын аздыруға араша түсе алмады. Ары, жаны, тәні таза әйел – ұлттың тазалығының кепілі. Анасы азбаған елдің қызы да тозбайды. «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.

Отаршыл діни қаскөйлер енді ұлттың ұйытқысы-аналарды арбап, елді емшек сүтінен бастап ірітуге құныға кірісті. Ұлттың осал жерін дәл тапты. Тапқанда да мақсатына жетіп тынды. Мәдениетке тарту деген сылтаумен қыздар мектебін ашты. Ондағы ойы:

''Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау: ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орыстарға бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз және орыс оқуын ғана оқытамыз. Содан кейін арнайы (ең шешуші) Заң шығарылуы тиіс, сол заң арқылы қазақтарды әр қонысқа бөліп-бөліп тастап, оларды крестьянға айналдырамыз",- деген пиғыл еді.

Осы екі мақсатқа да миссионерлер XIX ғасырдың аяғында, XX ғасырдың басында ішінара қол жеткізді. Адвокат Плеваконың шешесі – Алма, генерал Корниловтың шешесі – Рахия, Жүсіпбек Аймауытовтың әйелі – Евгения, сол қыздар мектебінің жемісі еді.

Бұл ең нәзік әрі қатерлі де қаскүнем жол.

Сол саясаттың ықпалы кеңес тұсында да тыйылмады. Зиялылар жаппай жат жұрттан қалыңдық айттырды. Олардан туған ұрпақ XX ғасырдың аяғында қазақ ұлтының белгілі бір мөлшерін құрады. Оған заманның зауалын қоссақ, бұл өзі кәдімгідей ұлттың басына қатер төндіретін қауіпке айналды.

Жат діндегі ананың емшегін еміп өскен ұл мен қыздың бойында ұлттық қасиет қалмады. Ақыр соңында шоқынған немесе кришнаға табынған балаларын көріп көз жасын төккен ата-аналардың зарын есту таңсық болмай қалды. Зинақорлық та, отбасын қадірлемеушілік те, кең етектік те солардан шықты.

Ер-азаматтың сесі қайтты. Абай айтқан:

Ойнасшыл қатын болса қар,

Аңдыған ерде бола ма ар! –

деген күнге жеттік.

"Миссионерлік ізгіліктің" қазақ халқына жасаған қайырымдылығының бір парасы осы. Мұны оқыған әрі соның жүзеге асуының әбден мүмкін екендігін білген Абай қалай күйінбесін, қалай түңілмесін. Соны аңғарған Мұхтар Әуезовтің де:

"Ал, қазақ! Мешел болып қаламын демесең-тағылымыңды, бесігіңді түзе! -деуі де сондықтан.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 291; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.054 сек.