Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 30 страница




Сонда да пендешілікке салынып, кей кезде мұндай қиянат пен аярлыққа шыдамай:

Ендігіге не сұрау бұл жалғанда?

Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.

Өлген мола, туған жер жібермейді,

Әйтпесе тұрмас едім осы маңда! –

деп күйіне түңіліп кетеді Абай.

Адам ретінде, ақын ретінде Абайдың күйінсе күйінетіндей жөні бар. Бірақ ұлттың жүрегіне дауа мен жұбаныш тауып беріп кетті. Рухани тәуелсіздіктің ұрығын септі. Рух қайсарлығын жырлады. Тәуелді ұлттың тауқыметін қалай таратпау керектігін ұқтырды. Өзі де азап шегіп, ар-ұятымен, жан-тәнімен, тағдыр-талантымен арпалыса жанталасты. Сұқ көздің сұғы қадалды. Тергеу мен тінтуден өтті. Рас, 1903 жыға тінту Абай үшін ығырсыз аяқталды. Генерал-майор Галкин Дала генерал-губернаторына:

"Сіздің 1 тамыз күнгі сұрауыңызға орай мәртебелі тақсыр мынаны хабарлаймын: Шыңғыс болысының қазағы Ибраһим Құнанбаев қазір 60 жаста, үш некелі, олардан 20 бала сүйіп отыр, өзгелерге қарағанда ауқатты тұрады (1000 жылқысы мен 2000 қойы бар). Құнанбаев өте ақылды әрі білімдар адам: ол үш жылдан екі мәрте би боп сайланды, үш жылдан үш мәрте Шыңғыс болысының болысы боп қызмет етті. Үкіметтің тағайындауы бойынша үш жыл Мұқыр болысында болыстық етті.

Қызмет бабында Құнанбаев өзінің пайымды билігімен, ықтияттылығымен, жігерлілігімен, үкіметке берілгендігімен және діни байсалдылығымен даралана көрінді.

Құнанбаевтың бір ұлы Михайлов артиллериялық училищесін бітіріп, офицерлік шен алды, ол Түркістан округінде қызмет етіп жүргенде қайтыс болды. Құнанбаевтың күйеуге тиген қызы қазақ интернатында оқып арнайы курс бітірген, оның басқа балаларының барлығы орысша жазып, оқи алады. Олардың сауатын ашқан әкесі. Құнанбаев орыс әдебиетін ерекше ынта қойып оқиды, кітаптарды, газеттер мен журналдарды жаздырып алып отырады.

Бұрын ол бұратана дала тұрғындарының арасында ерекше ықпалға ие болған еді, қазіргі беделі ондай емес. Өйткені ол тым тез қартайып, денесі ауырлап кетті, қазақтардың ісіне араласпайды, рубасылардың үздіксіз кеңес сұрап келгеніне қарамастан, ол партия таласына араласпайды.

Жергілікті әкімшіліктің ұлықтарымен әңгімелескенде Құнанбаев өзінің мемлекеттік мүддені толық түсінетіндігін байқатты және Азиялық аймақта жүргізіліп жатқан отанымыздың мәдени миссиясына оң қабақпен қарайтынын көрсетті. Ол мұсылман діншілдерінің үкіметтің көздеген мақсатына қарсы әрекеттерін айыптайды. Оның айтқан пікірінің шындығын оның мінезі дәлелдейді деп ойлаймын.

Осы мәліметтердің өзі-ақ саяси тұрғыдан алғанда Құнанбаевтың ешқандай айыбы жоқ екеніп дәлелдейді, сондықтан да сенімді адамның қатарында тізімге алынуы тиіс", - деп мәлімдеме жасады.

Иә, Абай Құнанбаевтың Семей ұлықтарының арасында ерекше беделге ие болғаны рас. Ресейдің отарлау кеңселеріндегілердің бәрі Жаһил емес еді. Лобановский іспетті ояздарАбайды өте жоғары бағалады. Сондықтан да оны ғазауат майданының сахабасына қоспады. Қорғап қалды.

Бірақ та патшалық өкіметтің мәдени миссиясының бірі діни шоқындыруды жақтайды дегені үлкен ұлықты тыныштандырудың амалы екені сөзсіз.

Рухани тәуелділікке Абайдың жаны түршіге қарсы болғанына жоғарыдағы пікірлерді оқи отырып көз жеткіз қиын емес.

Тек, Абайдың құсадан өлгені анық. Азапқа, ақылдың азабына толы:

Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,

Келер, кетер, артына түк қалдырмас.

Соның бәрі – арнаулы таусыншақ күн,

Арғысын бір-ақ Алла біледі рас, -

деген шумақпен рухани тәуелсіздік туралы тұжырымымызды тәмәмдамақпыз. Абай айтпақшы:

Көптің қамын әуелден тәңір ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін, -

дегендей, біз де тәңірімізді, рухани тәңірімізді – тәуелсіздігімізді ойлайық. Тәмәт – тәмәм.

 

Екінші бөлім: "Дүниеде нені сүйесің?...»

• • •

 

13. "КӨҢІЛДЕ – ҚАЙҒЫ, ҚАЛЫҢ ЗАР, АЙТАТҰҒЫН СӨЗІМ БАР..."

(Абай және Ницше)

 

I

Бір Жаратушыдан кейінгі ең ұлы қасиет – сана.

Барлық қасиетті кітаптарда солай жазылған.

Бұған танымдық тұрғыдан келгенде құлшылық етіп, тағзым жасайтын және бас шайқап тұрып алатын ойлы тақуалар бар. Біз олармен тап осы арада талқыға түспейміз. Арғы-бергі дүниедегі ғұламалардың ақыл мәйегін шайқау қиынға соғар. Бірақ олардың санасын сауып, түйсігі арқылы тұжырымдаған қағидалары мен хадистерін қарастырған сәттердегі ерекше бір құбылысты салыстырсақ, тосын, алайда заңды қорытынды жасауға болатын сияқты.

Ол – ұлылардың ойының тоғысуы мен болмысын түйсіну тұсындағы түйсіктерінің тамырластығы. Ең қасиетті ұғым – сана танымға сара жол ашады, бірақ та түйсік болмаса танымның жолы белгілі бір тұсқа келгенде тұйыққа тірелері сөзсіз. Сол бір ой иірімі үйірілген ұйықтан шығаратын "жан қуаты" (Абай) – түйсік. Абайдың:

Қайғы шығып иыққа,

Қамалтпасын тұйыққа, -

дейтін, "ақылыңның кермек" тартатын тұсы осы шақ.

Мұндай сана сабылысынан саңылау тауып, таным сәулесінің ұшынан ұстаған не өзгеге ұстатқан ғұламалар аз. Ұлылықтың қасиеттерін талдаған, түсіндіріп берген, түйсікті түсіндірткен ғұламалар көп те, сол иірімнен жол тауып шыққан данышпандар аз. Алдыңғы топтағы – ұлылардың, соңғы дегдарларын – данышпанның қатарына жатқызу лайық.

Қазақ ұғымына қарайлатсақ, Мұхтар Әуезов – ұлы тұлға, ал Абай – данышпан.

Сол сияқты ықылым мен ығылымның да өз ұлылары мен данышпандары бар. Мысалы: "Тауратты" жазған – Мұса, "Забурды" жазған – Дәуіт, "Інжілді" жазған – Иса, "Құранды" жазған – Мұхаммед пайғамбарлар дана. Ал солардың жолын түсіндірушілер және олармен ой таластырушылар – ұлы адамдар.

Дүниенің ақыл-ойының даму тарихында даналар аз. Танымға өзінше жол салған саналылардың ойы мен ойлау жүйесі тоғысып жатады да, ұлылардың пікірлері кейде қабысып, кейде қайшыласып жатады. Оның себебі: ұлылар өз заманының қат-қабат құбылыстарын бойына жинақтап барып салыстырмалы түрде пікір түйеді, ал данышпандар дүние – дүние боп жаратылғаннан бергі болмысты бойына сіңіреді де, соған дейінгі таным атаулыны санасында сапырып, түйсігі арқылы жаңа таным әлемін жасайды.

Міне, дәл осы тұста даналардың пікірлері тоғыс табады.

Бұл өзі таным тарихында тереңдеп зерттелмеген, бірақ Ай мен Күннің тоғысқаны сияқты, Абайдың сөзімен айтқанда, "Аспанда Ай менен Күн шағылғаны" іспетті сирек құбылыс. Әр данышпан өзінің іштегі ойын әр түрлі сипатта жеткізеді. Ол – қасиетті кітап, пәлсафалық қағидалар, дастандық жырлар, өлең, есеп, дыбыс, сурет тұрғысында көрініс табуы мүмкін.

Қалайда, дана атаулыларға тиесілі сыбаға – өзінің рухани әлеміндегі бірінші тұлға болу құрметі.

Алла елшісі, уағызшысы пайғамбарлардың санамыздағы бейнесі – кіршіксіз. Олардың жолы исі адамзаттың рухани киесіне айналып кетті. Ал қалған, өмірде нақты ізі мен дерегі бар даналар кәдімгі пенденің бірі болғандықтан да біз олардың түйсік арқылы тапқан тұжырымдарын жарыстыра талқылауға жүрексіне қоймаймыз.

Даналар дәуірге тәуелсіз. Тек уақыттың еншісінде. Оның өзінде де пенде тұрғысынан алғанда ғана.

Көшпелілер әулетінде ұлылар көп болған. Соның ішінде, қазақ қауымының тарихындағы дара дана – Абай. Өйткені, Адам-Атадан бастап Абайға дейінгі және Абайдан басталатын қазақтың шетсіз-шексіз ғұмырына дейінгі жарық дүниеде дәл Абайдай дана туа қоймады. Әлі талай даналар келеді дүниеге. Бірақ олар Абай емес. Абай болмайды да. Егер Абай болса – онда олар дана емес. Ол адам өзге адам, өз атымен келетін адам. Абайдың арман еткен "келешектегі достары". Ол – Абайдың өзі:

. Көкірегінде оты бар,

Құлағын ойлы ер салсын.

Мендей ғаріп кез болса,

Мойын салсын, ойлансын.

Қабыл көрсе сөзімді,

Кім таныса сол алсын.

Не пайда бар – мың надан,

Сыртын естіп таңдансын.

Онандағы бір есті,

Ішкі сырын аңғарсын, -

деп өсиет еткен "ойлы ер", Абай сияқты ақылдан азап шегетін "ғаріп", "даналықты" ішкі сырын аңғаратын "бір есті".

Дәл сондай пікірді пәлсафа әлеміндегі жаңа жол ашқан, Еуропаның ақыл-ой таразысына жаңа өлшеммен баға әкелген, дүниеауи адам, ерік, қасиет туралы тың ұғымдарды қалыптастырған дана Фридрих Ницше:

"Барлық жалғыз қалған ғарыптарға және мыңның ішіндегі жалғыздарға мен өзімнің сөзімді үлгі бермек үшін жазамын: соңдай-ақ түзелген сөзімді естігісі келген, сөзімді қабыл көрген "ойлы құлақты" у толған жүрегімнің түбіне бойлатамын",- деп жеткізеді.

Міне, даналық ойдың мәйегінің тоғысуы деген осы. Оларға бұл тұжырымды айтқызып тұрған – түйсік, ішкі түйсініс.

Әйтпесе, Абай немісше, Ницше қазақша білмейді. Абай бұл өлеңді 1890 жылы жазды, ал Ницше 1883 жылы жазғанымен де, Заратустраның толғауы қазақша түгілі орысшаға да аударылмап еді. Бұл пікірге демек, екеуі де өзінің түйсігімен келіп отыр. Ал оларға ортақ адам – Абайдың бұдан бұрын да хабары бар дана – Заратустра еді. Өйткені:

"Осынау бір санадағы қатерлі сандалыста, рухани жолды салған Заратустраның өзі еді, демек, бұған ақылы жетіп, тұңғыш түйсінген дана да соның өзі болуы тиіс -дейді Фридрих данышпан.

Көшпелілердің даналық ойын білдіретін: "Ғалымның хаты ортақ – деген қанатты сөздің бір дәлелі осы.

Демек, даналардың ойлау жүйесі мен түйсігіне уақыт та кедергі жасай алмайды. Олар әлдебір дүниеауи түйсікпен жалғанның жалғандығы туралы ойға қалып, көрінбейтін сананың саңылауы арқылы, мүмкін рух арқылы байланысып жатады. Әрине, бұл дәлелсіз пікір. Бірақ олардың ойлары мен түйсінулеріндегі көңіл күйінің ұштасып жатуы оны жоққа шығаруға мүмкіндік бермейді. Сірә, осындай рухтардың жұмбақ тоғысуын мегзеп, Абай "Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла – деп отырған шығар.

Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Даналардың ашық айтып кеткенін түсіну үшін қаншама ұрпақ санасын сарықты. Бірақ ұлы атанып, олардың бір жұмбағын шешіп беріп кеткен ғұламалар да аз ғой.

Әлде, қазақтың "жұлдызы жоғары", "жұлдызы қарсы", "бақ жұлдызы қарайлас" деген аспанауи пәлсафасының астарын аңғартатын "жұмбақ" жатыр ма?

Кім білсін? Ол да ғажап емес. Әйтеуір, қарапайым пенденің санасынан тыс бір тылсымның бары анық. Ол тылсымның аты-әлемдік ортақ "растық па" (Шындық емес-растық. Абай шындық, ақиқат, рас деген ұғымдарды әр түрлі пәлсафалық мағына беріп қолданады – Т.Ж.), жоқ, кездейсоқтық па, әлде барлық танымның түпкі тұжырымы біреу ме?

Анығы – қадым заманнан қазіргі заманға дейінгі даналардың барлығының растыққа, сол растықтың шындығы мен себебін және оның әуелгі және соңғы ақиқатын ашуға ұмтылуы. Сол растыққа жету жолында өзінің көзқарасы мен тіршілік харакетіне, уағызы мен мақсатына мүлдем қарама-қарсы соқпаққа түсіп кеткен Ницше сияқты дегдарлар да бар.

Адамзат тарихының ажал аранына заулап бара жатқанын көріп, әлемдік салыстырмалық қағидасын ашқан Эйнштейн сияқты өзінің даналық ойын өзі қарғап кеткендер де ұшырасады.

Сананың ең биік ойлау сатысына жетіп, дүниенің шегін көрген даналардың өз түйсігіне сүйеніп ашқан растығы мына жалғандағы жандарға түйсікті бола бермейді. Олар түсінген растық – пенде үшін шындыққа, шындық түгіл ақиқатқа айналмайды. Өйткені, "жаны жұмбақ емес жандардың" "ой өлкесінің гүлденуі" (Абай мұны "православие" деген ұғымның баламасы ретінде қолданған – Т.Ж.) сирек.

Ал ақыл-ойы-ақиқатқа, ақиқаттан шындыққа жетіп, "гүлденген" адамды-ұлы дейміз.

Абай-дана. Оның "ой-өлкесі гүлденген", "жүрегінің түбіне бойлауға шақырған жұмбақ жан". "Ой өлкесі гүлденген" тұстағы растықты түсінген Абай дүние шындығы мен ақиқатына, одан да бергі заман қайшылығына, одан да кейінгі өз ұлтының тағдырына, тіпті жеке басының тағдырына үңілгенде:

Ойлы адамға дүниеде еш қызық жоқ, -

деп түңіліп кетеді.

Бұл – барлық даналарға ортақ күйзеліс, ортақ көңіл күй, ортақ түңілу. Абайдың: "Уайым-ер қорғаны, есі барлық", "Уайымсыздық та бір қасірет", "Жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын – бәрінің де баянсызын біліп, жеткен, ойлы адамнан шығады – деп отырғаны сол.

Даналардың әу бастағы өмір сүрген ортасы, тәрбиесі, дәстүрі, махаббат көзі басқа болғанымен де ғұмырының ортасына қарай, Абай айтқан "ойға түсіп, толғанған" шағынан бастап олардың арасындағы өмірлік, көзқарастық, мінездік, рухтық ең аяғы өлімінің өзінен де сәйкестік байқалады.

Бұл не? Даналарға тән әулиелік пе, жоқ, кездейсоқтық па? Әлде барлық "ойлы адамдардың" түйсігі мен түйсінуіне, жүйкесіне қатысты ортақ заңдылық па?

Жалпы, ой-сана саласындағы адамдардың жүйкесінің шүйкеленуі (психика творчество) түсіндіріп беруге келмейтін құбылыс. Өйткені, даналықтың, ұлылықтың, таланттың, ақылдың, шындықтың өлшемі мен дауасы жоқ. Бірақ ғылым үшін болмаса да қызық үшін салыстырып көруге болады. Біз соған бел будық.

Әлқиссаны, Абайдың құрдасы, бірақ бір-бірінен хабарсыз, тек заманы ортақ, туған, өлген уақыттары қарайлас еуропалық жаңа ойлау жүйесінің тұтқасы Фридрих Ницшеден (1844-1900) бастайық.

Мұқым адамзаттың ақыл-ой қыртысын бір төңкеріп тастаған бұл екі данышпанның ойын өзектестіріп тұрған ең бастысы – заман.

Екеуі де сол дәуірге дейінгі исі адамзаттың даму тарихы мен ақыл-ойының даму тарихын кемеңгерлікпен білді. Еуропаның ілімін емген Фридрих толысқан шағында Шығысқа қараса, Шығыстың даналығын қанына сіңірген Абай енді "Шығысын Батысқа қаратты".

Яғни, екі дана шамамен бір сәтте, мүмкін, бір жылда бір-біріне бетбұрды. Екеуінің дүниеауилық ой алмасуы 1880 жылдары басталды. Мұны әулиелік дейміз бе, даналық дейміз бе, кездейсоқтық дейміз бе, оған сәуегейлік жасамаймыз. Бірақ та жұмыр жердің екі түкпіріндегі екі данышпанның ой шарпысуы орайлас келді.

Фридрих – 1844, Абай – 1845 жылы өмір есігін ашты. Абай 34 жасында ғана өзінің бойындағы ақындық қасиетін өзі мойындады. Шабыттың желігінде жүрді де, 1885 жылы: "Жасымда ғылым бар деп ескермедім – деп бірден "улы сияға" қаламын малып, 1886 жылы: "Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек" деп күңіреніп, өзінің "жүрегіне үңілді".

Фридрих Ницше де 39 жасында "тарихта аса қарама-қайшылыққа толы орны бар... парсыға" (Заратустраға- Т.Ж.) назар аударды. Іштей дайындығы күшті Фридрих 1883 жылы ақпан айында он күннің ішінде "Заратустра осылай деген" атпен 25 баптан тұратын философиялық толғауын жазып тастады. Маусым айында тасқа басылды. Кітаптың ыстық-суығы басылмай, шілде айында екінші бөлімін жазып, тамызда тамам жұртты тамсандыртты. Ойын суытпай үшіншісін қолға алды да 1884 жылы қаңтарда тізгінін қайырып, наурызда сүйінші данасын алды. Әрқайсысы жеке-жеке тәмсілге құрылған төртінші бөлімді төрт айда бітірген Фридрих кітабын шығарудан бас тартқан баспагерлерге ерегесіп, қолжазбасын 40 дана етіп көшіртіп тек қана ет жақындарына таратып берді. Таратып берді де адамзаттың ой қатпарын бір төңкеріп тастаған Фридрих Ницше боп шыға келді.

Бұл үш жыл Абайдың тауып айтқанындай, Фридрих Ницшенің "ой өлкесінің гүлденген" тұсы еді.

Қалай жазып бітірді, солай дананың жүрегіне "уайым түсті", ол көпті түйсінген, сананың сабылысын түйсік пен жалғанға бет бұрғызған, "дәмін, бағасын-бәрінің де баянсызын біліп, жеткен, ойлы адам" ретінде дүниеден торыға бастады. Қарындасы Элизабет Ферстер-Ницшенің байқауынша:

"Ол сол уақытта сондай тұңғиық тартып, жалғыз қалды және сондай түсініп болмайтын құсалы күй кешіпті". Сонда, Абайдың:

"Ойлы адамға дүниеде түк қызық жоқ, көбінің сырты бүтін, іші түтін",-дегені өзінің құрдасы Фридрихтың құсалы күйіне дәл келіп тұрған жоқ па!

"Уайымсыздықтың өзі де қасірет – деген Абай, уайыммен "ой өлкесі гүлденген" адамның қасіретін ол "жалығу" деген ұғымға сыйғызады. Бірақ "уайымсыз" бен "уайымдының" қасіретінің арасында жер мен көктей парық бар. "Мен үшін-елім қасірет, ал сен еліңнің қасіретісің! – деп ақымақ грекке ақылды Анақарыстың жауап бергеніндей, "уайымсыз адам – елдің қасіреті, "уайымдының қасіреті – өз қасіреті.

Бұл ойға Ницше де, Абай да тура қырық бір жасында келіпті. "Заратустраның" алғашқы үш бөлімін шабытпен жазған тұсында Ницшеге саналы ақыл жол көрсетіп, қолтығынан демеп аспанға шығарды. Қанат бітірді. Төртінші бөлімнің соңында "ашуы-ашынған уға, ойы – кермекке" айналды.

Абайдың Абай болуына жол ашқан, яғни Абайдың өзін ақынмын деп сезіндіріп, Ницшені Заратустра қалай ойға батырса, Абайға да сондай "сап, сап көңілім, сап көңілім!"- деп тәубеге келтірген өлеңі-"Жасымда ғылым бар деп ескермедім - деп аталады. Тура 40 жасында Абайдың да "ой өлкесі гүлденіпті"!

Ал айтыңызшы, осы әулиелік пе, тағдырдың жазмышы ма, кездейсоқтық па? Қайдам. Ницше "Заратустраның" алғашқы бөлімін жазған тұсында Абай:

Сап, сап, көңілім, сап көңілім,

Сана қылма бекерге!

Сана қылғанмен пайда жоқ,

Дүние даяр етерге,

Ажал даяр жетерге! -

деп өзін-өзі жұбатып, өзін-өзі сабырға шақырып, ажал деген сөзді тұңғыш рет аузына алмап па еді.

Арасында "Қансонарда", "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы" деп екі өлең жазса да соның өзінен де "уайымның" салқыны есіп тұрды емес пе?

Мұхтар Әуезовтың ұлылығы сонда, ақынның-Абайдың жүрегіндегі осы бір толғаулы сәтті дәл басқан. Абай өзінің мұңлы көңілін жұбату үшін, уайымды сергіту үшін аңға шықпаушы ма еді? "Ойлы адамды алдарқататын" қызық-аңшылық емес еді. Тоғжанның қасіретін жан қасіретіне ұластырып барып Абайдың бетін жалғанның жалғандығына қарай бұрады ғой.

Абайдың "ой өлкесінің гүлденуі" дәл осы 40 жаста жазған "Жасымда ғылым бар деп ескермедім – деген өлеңінен басталады. Мұндағы Абай-алдыңғы Абайға ұқсамайды. Ол өзінің қасіретіне жол ашқанын осы өлең арқылы өзі де біледі және өзгеге де білдіреді.

Өлеңді түгел оқып қараңызшы, сонда мұны толық сезінесіз. Мұндағы уайым-Абайдың өз уайымы. Уайым Абайдың ішіне түскен. Бірақ толық торығу емес, ойсоқты боп жүрген кезі. Бірақ таза ой емес, кермек тати бастаған ой. Абайдың көңіл толқынына зер салыңызшы:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазақта қара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім, -

дейді қырық жастағы Абай.

Дәл осы өлең-ақын, ойшыл Абайдың тағдыр талайын анықтаған өлең. Біз үшін жұмбақ Абай туралы осы өлеңнен тамыр тартады.

Мына дүниенің тартысынан, "етекбастылығынан" бас тартып, бетін танымға-мәңгілікке бұрады. Өзінің жүрегіне үңіледі. Ақыл-ойы кемелденіп, "қазақта қара сөзге дес бермей жүрген" дер шағы.

Демек, Ницшенің "Заратустраны" қолына алған жасы.

Ал осы өлеңде білім мен болмыстың арасындағы таным таршылығын-рухани азықтың аздығын сезіне бастаған. "Заратустрадағы" айтылатын ғылым, өкініш, таным, талап, бала болмысы, даңқ, дәреже, түңілу іспетті ұғымдар әр жолдың ішінде нысаланып тұр. Енді тек осыны тарату ғана қалды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 280; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.066 сек.