Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 33 страница




"Бала сүю тілегі сенің хайуани сезіміңнен туды ма, жоқ, табиғи қажеттілігіңді өтеудің жемісі ме? – деген сауалына орай іздеген жауабы сияқты әсер қалдырады.

"Босқа өткен" өмірге налыған Абай:

"Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрады"? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың? – дейді күйіне.

Расында да, баланың дүниеге келуіне Абай мұнша неге күйінеді? Сәби сана, сәби жүрек, сәби сезім-пәктіктің белгісі емес пе? Тіршіліктің талқысына түскен соң әлгі мүбәрәк әлемді де кір шалады екен. Ол да бара-бара бұзылып, лайланады екен.

Танымның талқысы тығырыққа тірелген тұста Ницше:

"Бала сүюге мүмкін сені жалғыздық мәжбүр еткен шығар? – деп сұрақ қояды.

Орынды, табиғи, пендешілік пейілді аңғартатын пікір. Жаныңның жалғасы жалғаннан орын тапқаннан артық жұбаныш бар ма. Артыңның жақсы болып, тұқым қалуының өзі де медеу емес пе. Сол үшін де дүние жиып, баланы қызықтайсың. Бәрі де қисынды. Бірақ Абай бұл мәселеге ойшыл ретінде мүлдем басқаша және өте қатал қарайды. Ол әуелі өзтіршілігіңнен мағына ізде. Одан жақсылық таппасаң, жалғыздықтан қорқып адамды өмірге әкелме деген сыңай танытып;

"Артымнан балам құран оқасын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қарамаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің-балам жасында өлсін дегенің! – деп кесіп айтады.

Адамның алпыс екі тамырын бойлаған ғұламалардың ойлары да мұндай қамшының өріміндей жымдасып, кей тұстарда өзара әңгімелесіп отырғандай әсер қалдырады. Ницше де дәл осы пікірлерді сабақтай келіп, табиғи тілекті ақтап алғысы келгендей боп:

"Мүмкін өзіңе-өзіңнің көңілің толмағандықтан да бала сүйгің келген шығар? -дейді.

Жалғыздықтан құтылу үшін бала сүюге ұмтылу-табиғи тілек. Ал өзіңнің көңіліңді қалдырған өмірге, өзің қызығын көріп жарытпаған кейіс-дүниеге, өзің ештеңе бітіре алмаған тіршілікке есемді қайырып береді – деп, кінәсі жоқ сәбиді шырылдатып жарық дүниеге әкелу де шынайы пейілдің ісі емес. Пиғылдың ішіндегі жек көрініш араласқан кекті сезімнен туған қара пиғыл. Кектенген сезімнен жаратылған шарана да өмірге өштесіп өседі. Одан ата-анаға қандай қайыр болуы мүмкін. Мұны түйсінген Абай:

"Қартайғанда асырасын десең, о да бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруын қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші-балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші-малың болса кім асырамайды? Малың жоқ болса қай толымды болады? Балаңның мал табарлық болары, малшашарлық болары – ол да екі талай", -деп бір қайырып тастайды.

"Масыл бидің" өзі де бір "күйік". Ол өзіңнің өмірден қалған көңіліңнің орнын толтырудың орнына, өштігіңді қоздыра түседі. Қапаланып, құсаланып, қайғыңа қайғы қосады. Содан кейін еріксізден еріксіз:

Зарланарсың, ойланарсың,

Не болам деп енді мен.

Құрбылардан қорланарсың,

Тәңірі ісіне сен де көн.

Қайғысыз пенде

Көрдің бе,

Өміріңде? -

деп өтің өзегіңе құйылады.

Бұл үзік ойларға қарап отырып дүниеге сәби әкелудің "күйіктен" басқа сүйініші жоқ деп қорытынды жасауға болатын сияқты. Мәселе мүлде олай қойылып отырған жоқ. Толық адам дүниеге келуі үшін оның ата-анасы да сол толық адамның қасиеттеріне ие болуы шарт. Абайдың да, Ницшенің де түпкі мақсаты сол ғой. Ендеше оған қойылатын талап та жоғары. Арпалысы көп тіршілікте бұл талаптың барлығын орындауға мұрша да келе бермес. Алайда қалайда биік нысананы көздеп, соған ұмтылған абзал. Ата-ананың тәрбиесінің өзі толықтай және рухани ерік пен жігердің, ақыл-ойдың бостандығына негізделуі лазым. Бұл мақсатты Ницше:

"Сенің Жеңімпаз және Бостандықты сүйгіш рухыңның ғана тілегі дүниеге сәби әкелуді қаласа деп тілеймін. Бостандыққа ұмтылған Жеңімпаздарға ғана тірі ескерткіш қойылуы қажет! -деп түсіндіреді.

Міне, қос данышпанның бағанадан бергі тұқырта түйіліп отырған түпкі нысанасы! Олардың аңсағаны – тәуелсіз, рухы еркін, ер көңілді, мейірім – қайырымы табиғатымен тұтасқан тәрбиелі ұрпақ.. Соған лайық үлгілі ата-ана! Ницшенің "Жеңімпаз" деп отырғаны-тәуелсіз адам. Адамзат басыбайлылық үшін жаратылмаған. Ұрпақты да сол рухта тәрбиелеу шарт. Жоғарыдағы пиғылдан туған адамзаттың келешегіне көлеңке түсіреді. Сондықтан да ол рух жағынан да, тұрмыс жағынан да толық қамтамасыз етілуі тиіс. Абайдың:

"Қош, құдайтағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? – деп отырған да сол. Ницше болса болашақ ата-анаға:

"Сен өзіңді-өзің күн сайыи тәрбиелеп, өзіңді-өзің жетілдіре беруің керек. Ең алдымең өзінді-өзің тәнің мен жаныңа сәйкестендіре тәрбиеле! – деп талап қояды.

Бұл реттен алғанда Абай өзінің ойын өмірге жақындастыра жеткізеді.

Ницше мен Абайдың оқырманының дүниеге көзқарасы да, өмір сүру дәстүрі де, даму сатысы да мүлдем басқа. Тіпті алдына қойған мақсаттары да әр қилы. Ницше өзінің шығармасын аса жоғары деңгейдегі таза зиялыларға арнады. Оны сол дәуірдегі неміс ұлтының өкілдері де түгелдей түсінген жоқ, түсінулері де мүмкін емес еді. Қолдан таратылған қырық дана кітапты оқыған да, оқымаған да бар. Оның идеясы кейіннен барып таралды. Ал Абай өзінің ұлтының ұлттық санасын ояту үшін ойына азық болар мысалдарды сол халықтың өз өмірінен алды және барынша қарапайым, жатық, түсінікті етіп жазуға ұмтылды. Ницше "өзіңді-өзің тәрбиеле" деп шалқи сөйлесе, Абай ондай шалқымалы ұғымдарды тіршіліктегі қарабайыр көріністермен салыстыра бейнелейді. "Жаның мен тәніңе сәйкестендіре тәрбиеле! - дегеннің мағынасын Абай:

"Қош, құдайтағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: "Әне, оны берем, міне, мұны берем – деп. Басында балаңды алдағанға бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса кімнен көресің? – деп түсіндіреді.

"Жаның мен тәніңді тәрбиелеу – дегеннің қарапайым түсінігі осы ғой. Ол барлық көлеңкелі қасиеттен арыл, сарайың тазарсын, баланы да адалдыққа үйрет дегенге салды. Әуелі өзіңді-өзің тәрбиелемесең, өзің алдаумен өсірсең, ертең өзіңді алдайтын алаяқ өсіріп шығарасың деп емеурін танытады Абай. Ондай ұрпақ өсіргенше:

Тәңірі сорлы етсе пенде,

Не бітіреді құр жылап.

Жігері жоқ ақылы кенде,

Жанбасыңнан жат сұлап! -

дейді өлеңмен.

Абай өз ұлтының бойындағы ата-ана тәрбиесіндегі кемшілікті әшкерелей отырып үлгі ұсынса, Ницше тұтастай қиялдағы бейіш қоғамды аңсайды. Біреуінікі – "етекбасты өмір", екіншісінікі-елес. Елестің аты-елес болғандықтан да Ницше:

"Тамырыңды тереңге жібер, бұтағыңмен аспанға ұмтыл. Жұбайлықтың жұмағы жар болсын саған! -дейді.

Бұл тіркес Жұмекен Нәжімеденовтің: "Бұтағым менің биікте, тамырым менің тереңде - деген жолдарын еске салады. Әрине, жәй ғана ойға келген нәрсе. Абай осы "бұтақ пен тамырдың" өз ішіндегі құбылысты талдап, оны топырақ пен шаңнан аршиды. Сөйтіп барып еркін қанат жаюға жол ашқысы келеді. "Тереңге ұмтылар тамыр мен аспанға саусағын жаятын" бәйтерек-Адам. Адамның тәрбиесі. Абай өмір сүрген тұстағы қазақ қауымының ең талмалы тұсы сол ғылыми тәлім-тәрбие болатын. Соның кесірін Абай:

"... Әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп тауып алып, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, "Пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді – деп, тірі жанға сендірмей, жат мінез қылып, осы ма берген төлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе? – деп ашына жазады.

Міне, сол тұстағы сақара баласының "тамыры мен бұтағы" нәр алған топырақ.. Бұл араға Ницше аңсаған "жұбайлық жұмақты" орната алмайсың. Бағанағы Абайдың шүйіле сұраған сауалының жауабы осында жатыр. Ұрпақ өсіруден Абай түңілмейді, оның тәрбиесіне қарап келешегінен күдер үзеді. Қанша армандағанмен де:

Ата көңілі жанбаса бір,

Артық өнер шықпаса.

Ел танымай, үй танып құр,

Шаруасын да ұқпаса,

Үміт қайда?

Соны ойла,

Абайла! –

демеске шарасы да жоқ еді оның.

Демек, бала – балапан бәйтерек десек, оның бабын бағбан құсап таппасаң, еккен ағашың қисық, қыңыр өседі екен. Мұнда тұрған еш жаңалық жоқ. Жаңалық – ата-ананың рухани жауапкершілігі мен тәуелсіз ақыл-ой иесін тәрбиелеу жөніндегі Абай мен Ницшенің пікірінің бір арнада тоғысуында. Қанша мәпелеп бақсаң да жан сарайы таза, еркін, тәуелсіз өспеген бала-болашақтың бәйтерегі бола алмайды. "Бесігіңді түзеу" үшін өзіңді түзе! Сонда ғана жазықсыз жан иесін өмірге келтіруге құқың бар! Әйтпесе, "ит төлеуі бір күшік!" деп қарасаң, өмірге Толық Адамды емес, "әйтеуір бір ит қазақты (адамды – Т.Ж.) әкелген" (Абай) боп шығасың. Себебі:

"Баланы құлша тәрбиелесең – құл болады, ұлша тәрбиелесең – ұл болады!". Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзі біздің осы пікіріміздің тиянақты тұжырымы бола алады. Тәп-тәрбиеде. Тәрбиенің түпкі мақсаты – толық адам. Сондай толық адамды аңсаған Абайдың өзі:

Жазу жаздық,

Хат таныдық,

Болдық азат молдадан.

Шала оқудан,

Не жарыдық,

Қалғаннан соң құр надан?

Бағасыз жастық.

Бозбастық,

Адастық,-

деп өкінді.

Абайға жетпеген ата-ана тәрбиесі ме? Ел тәрбиесі ме? Пәлен деп жіп таға алмайсың.

Құнанбай өз заманындағы даланың ең қадірлі де қайратты қайраткері болды. Өзінің бойындағы бар қасиетін Абайға сіңірді. Абай оның ақылын да, мінезін де, қаттылығын да нәсілдік мұра етті. Мүмкін, соның нәтижесінде Ұлы Тұлға дәрежесіне көтерілген шығар. Сонда, көңілі толмағаны – елінің тәрбиесі болды ғой.

Қалайда хат таныған сауатсыздан "шала сауатты" Абай асып түсті. Қош, сонымен, "заманды түзетпек болған" Абай баланы түзетудің жолын таппады ма? Тапты. Тәрбиенің танымы сан тарам еді. Соның ішіндегі ғылымды жеке дара бөліп айтты. Ол ғылымды меңгеріп, толық адам дәрежесіне жету ушін кесірлі әдетті, ғұрыпты, тіпті дәстүрге айналып кеткен салтты білім арқылы жеңуді ұсынды. Қатыгездік, немқұрайлылық, зұлымдық, аярлық, бақастық, керенаулық, басыбайлылық іспетті қырсықты ғылымның күшімен жуып-шайғысы келді. Абайдың:

"Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі", -деуінің мәні сонда.

Өкініше орай, Абай заманында қазақ жастары үшін "мейірленіп тұрған" ғылым жоқ еді. Отаршылдық қанау, рухани тәуелді ету саясаты, миссионер уағызшылар ғылымның күші арқылы "қазақты аңдыды" (Абай). Тыңшы шенеунік, жалдабы жандарал, осқырынған ояз еркін білім алуға мүмкіндік бермеді. Жоғары оқу орындарында саяси және әскери мәні бар пәндерге қатыстырылмады. Ауылды жерлерде мектептерге қысым көрсетілді. "Жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жеуге" ұмтылғандардың жолы кесіліп, ғылым: "асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болды" (Абай).

Ал есебін тауып білім алғандардың ақыл-ойы өзара бәсекеге жұмсалды. Арыз жазу, тыңшылық істеу, ағайынның аражігін ажырату, сол арқылы пайда түсіру – олардың ғадетіне айналды. "Оқалы киім", "жез түйме" ұлтының мүддесін ұмыттырды. Бұл мінез кеңес тұсында тіпті ушығып кетті. Зиялы қазақтардан түскен арыз-шағымды қараудан Мәскеудің де жүрегі шайлықты. Бұл-ұлттық мінез емес, арандатушы саясаттың санадағы сарқыншағы еді. Абайдың:

"Ғылымды үйренгенде – ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бақасқа бола үйренбе... Оның себебі: әрбір бақасшы адам нақты шығармақ үшін ғана бақас қылмайды, жеңбек үшін бақас қылады. Ондай бақас – хұсдшілдікті (күншілдікті) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды... Мақсаты – ғылымдағы мақсат болмайды, адамды шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі-бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бақасөзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хұсырлану жарамайды", -деген ("Отыз екінші сөз") сөзі қазақ зиялыларының ұмытуға тырысып жүрген бір ғақлиясы.

Ғылымның өзі бүтінді бүлдіруге қызмет еткен тұста шәкірттің толық адам қатарына ұмтылуы мүмкін емес. Оқымысты сауатсыздан сақтасын! – дегендегі Абай сөзінің астары осында жатыр.

Бала тәрбиесіндегі үлкен рухани жара салатын толымсыздықтың бірі – әлеуметтік әділетсіздік. Рухани тәуелділік пен рухани теңсіздіктің өзі содан басталады. Бұл мәселе күн санап ушығып барады. Мектептегі көпестер мен ортақолдылардың балаларының жік-жік боп топтанып бөліне бастауы соны аңғартады. Абай айтқан:

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы,-

дегеннің кері келе қоймағанмен, еркін рухпен өсуге үлкен зиянын тигізеді.

Бұл өлеңдегі тауқымет пен тағдырдың табы нәрестенің жанарынан тамшылаған көздің жасы арқылы өмірдің қатал да ащы теңсіздігін көрсетеді. Бала үшін мұның өзі үлкен қасірет. Әлгі екі бала бір-біріне кектеніп өседі. Татулыққа шақыратын ата-ана да табылмайды. Әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікке сүйенген тәрбие ұлттың рухани бірлігін ыдыратады. Абайдың:

Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,

О да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр, -

деп күйінуінің себебі сонда.

Мәселе байлық пен кедейлікте, барлық пен жоқтықта емес. Кішкентай жүректе шым-шымдап ояна бастаған мейірім мен қайырымды қатыгез әлеуметтік әділетсіздіктің көз жасымен тұншықтырып тастауында. Бұл да тәрбиесіздік. Ұлттық тәрбиенің жетілмегендігі. Ал Абай айтқан "Толық Адамға" ұмтылмай, баланы тәуелсіз рухта тәрбиелеуге жағдай жасамай ешқашанда ұлттық тәуелсіздікке жете алмайсың.

"Ата-ананың көз қуанышы – ұлттың көз қуанышына айналғай!

15. "ЫНСАП, ҰЯТ, АР, НАМЫС, САБЫР, ТАЛАП... "

(Абай және "толық адам" мәселесі)

 

 

Адамның бойындағы қасиетсіздіктің бірі – қызғаныш. Бұған ем тауып, елін дауалаған данышпан жоқ. Бірақ оның себебін ашып кеткен оқымыстылар да өткен. Санасын сауып айтқан ақылы өзіне оқ боп тиген дегдарлар да тарихта кездеседі. "Әркімнің аңдыған бір жауы бар" деген сол. Кейде осы сөздің өзі әрбір адамның жеке басына ғана емес, оның ішкі пиғылына қаратыла айтылған сияқты көрінеді. Өзінің пиғылын жеңе алмаған адам-ақыл, ойына, нәпсісіне де тосқауыл қоя алмайды. Абайдың:

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз, -

деген тіркестерінің астары соны аңғартады.

Әр ұлттың бойында бар мұндай қасиетсіз түйсікті тудыратын себеп рухани мұқтаждық па, әлде, табиғи заңдылық па? "Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап" іспетті тәлімді қасиеттерді ығыстырып, сүйкімсіз әрекетке жетектеген пиғылға тыйым салынбауының қандай құпиясы бар?

Әр данышпан мұны өзінше бағалайды. Ал Абайға салсаңыз, осындай сұрқия сезімді оятатын себеп – пиғыл.

Пиғыл дегеніміз-қанағатын таппаған көңілдің азығы. Тояты қанбаған ашкөз аран. "Қазақты қаскүнем етуге" (Ницшеде-адамзатты) итермелейтін басты түрткті сол. Пиғыл "рухани кедейліктен" ғана туындамайды, ол кәдімгі жетімсіздіктен де тамыр тартып, ешкі қотыр сияқты өрши бермек.

«Егер де пиғылыңа жеңдірсең, онда оны көппен бөлісудің қажеті жоқ, ол сенің өзіңнің ғана несібең» -дейді Ницше.

Қанағатсыз көңіліңе қолдан тоят жасап бере алмайсың. Кәдімгі мұқтаждық ешқашанда сені ақылыңа билетпейді. Тәбетіңе тәуелдісің. Абай:

"Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? – деп ("Жиырма бесінші сөз") түсіндіреді мұны.

Демек, қызғаныш пен пиғылдың түпкі тамыры-мұқтаждық.

Емініп өскен көңілің еріксізден еріксіз әр нәрсеге емексиді. Бардың байлығына қызығасың. Қызығу дегеніңіз – қызғанышқа апаратын баспалдақ болып табылады. Ауылы қоңсы қонған сезімдердің ауытқымалы күй кешіп, айнымалы түрге өзгеріп отыруы табиғи заңдылық. Қолыңа түскенді өзіңе қарай итермелеп тартасың. Еркіңнен тыс икемдене бастайсың. Игілікті өзіңе тілейсің.

Қайырым мен мейірімің өзіңнің пиғылыңның мұқтажын өтеуге қызмет етеді. Мұқтаждық туыс таңдамайды. Қалайда өзіңнің қажеттілігіңді қанағаттандыруға құлшынады. Сондықтан да пиғылда адамгершілік қасиет болмайды. Оған орын жоқ.

Егер игілікті ойласаң, адамгершілікті көңіліңнің төріне шығарсаң-онда өзпиғылың жетім қалады. Үнемі ашкөз күйде жүресің. Ницше:

"Мұндай азапқа түспе, жаныңды жанықтыратын не жай таптыратын көңіліңнің құпиясын ашпа, ашкөз араныңның тоятын тап – деп емеурін танытады.

Өз пиғылыңды қанағаттандырмай өзгеге қанағат сыйлай алмайсың. Қанша ұмтылғаныңмен түйсігіңнің түкпіріндегі сарбас жылан басын көтеріп, улы тілін сумаңдатып тұрады. Оның себебін Абай:

"Асап ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығы да әр түрлі бәлеге: ұрлық, зорлық, сұмдық секілді нәрселерге үрейлендіруге (үйірлендіруге- Т.Ж.) себеп боларлық нәрсе",- деп ("Жиырма бесінші сөз") түсіндіреді.

Біз қызғанышты ата текке қатысты жағымсыз мінез-құлық ретінде бағаламаймыз. Абай мен Ницше оны мүлдем қарабайыр тіршіліктің қарақеті ретінде бағамдайды. Адамның бойындағы мұқтаждық – қызғаныш. Қызғаныш пиғылды қанағаттандыру үшін жанығуға түседі. Сондықтан да Абай игілік иелеріне:

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа салма езбеден, -

деп ақыл береді.

Қанша қазбалап қарасаң да Абайдың қызғанышты тікелей құсталанаған пікірін таба алмайсың. Тек өзге ұғымдармен сабақтастырып, себебін ашып барып талқыға салады. Ницше:

«Қызғаныш, пиғыл – менің жеке сыбағам, оның қожасы-мен, сондықтан да оған ешкімнің сұғын қадауға қақысы жоқдеп айт» – деген ақылды ұсынады.

Яғни тәніңнің тәбеті ашылады. Жаныңның құмарлығы күшейеді. Көзің "көрсеқызарлықтан" қанталады. Пиғылыңа ие болудан қалдың. Құлқынды-құлқын мен құнығу жеңді. Тәң мен жанның қызғанышына булығып:

"Жақсы білгенді жорғалықпенен көңілін алсам (көңілін тапсам – Т.Ж.) деген надан-әке-шешесін, ағайын жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатты". ("Жиырма бесінші сөз").

Құныққан мен қызыққан үшін Алланың да, Адамның да қадірі жоқ. Оның аңсары-көздің құрты болған дүние ғана. Ницше:

"Тек қажеттілігін өтейтін табиғи төбет те, Алланың қасиетті заңы да, адамның қолынан шыққан заң да пиғылды қанағаттандыруға бөгет бола алмайды, оларды басшылыққа алып аспан астындағы жұмаққа барудан да бас тартуға болады", -дейді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 444; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.