Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 31 страница




Пәни мен бақидың арасындағы мәселені Ницше бір еңбегі арқылы сарқып айтса, Абай мұны өзінің өмірлік таным өзегіне айналдырды.

"Заратустраны" тамамдаған соң Ницше терең торығуға түсіп, Элизабеттің байқауынша: "Кітаптың осы бөлімін (төртінші – Т.Ж.) өзінің ең бір тереңдегі жан құпиясы сияқты жасырып бақты, оны алған адам өте құпия сақтайтыны туралы ант берді". Абай да күрт торығудың торына ілініп, қырық бір жасында:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек, -

деп күңіреніп шыға келді.

Қандай тез есейген!

Әрине, осы жылы дүниеден қайтқан әкесі Құнанбайдың өлімі Абайға оңай соқпаған. Үнемі кемеңгер әкенің кемелдігін сезініп өскен Абайға жалғызсырап қалу да жүрегін шаншыған. Бірақ түңілу қайдан келді? Сол жылғы арыздар мен абақтыға қамалу да әсер етті.

Бұл – жан ашуы.

Ал мына өлеңде – "ашуым – ашыған у, ойым – кермек" татыды деп тұр ғой. Демек, "ой өлкесі гүлденген" Абай сананың шегіне жетіп, енді түйсіктің иіріміне түскені байқалады. Ницше де әуелде "Заратустраның" аузына пәнилік ойларды салады ғой. Абай да сол тіршіліктің тартысынан ой суыртпақтап:

Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек, -

деп растықты іздеуге бет бұрады.

Рас деген ұғым Абайдың осы өлеңінен бастап пәлсафалық категорияға ие бола бастайды. Бара-бара оның сыры ашылып, толық ұғым дәрежесіне көтеріледі. Әрбір қайталанған сайын жаңа бір мағынаға ие болып, ең соңында Ницшенің тұжырымымен сабақтасып барып тиянақ табады. Ницшенің "Эссо һомо" атты автобиографиялық жазбасында неліктен Заратустраны таңдап алғаны туралы пікірлері Абайдың "Бірінші қара сөзімен" астасып жатады. "Заратустра осылай деген" еңбегі 40 дана етіліп көшіріліп, ерекше құпиялықпен жеті-ақ адамға үлестірілсе, Абайдың өлеңдерін ауыл молдалары көшіріп алып, оны өз беттерінше емін-еркін таратқан. Абай шығармаларын ресми түрде баспаға ұсынбаған. Өзінің жан сыры іспетті сақтап, жұртқа жаймаған. Таным тереңдей бастағанын сезінген Ницше: "Бог умер – мен үшін құдай өлді! – дейді. Бұл біздің қазіргі түсініп жүргеніміздегідей діни құдай емес, табиғаттың құпиясын аштым, болмысты таныдым, түйсікпен жалғанның кілтін таптым, өз әлемімді көрдім деген мағынаны білдіреді.

Абай мұны Ницше сияқты ұғымды Заратустраның аузына салмайды, керісінше, аспанға шарықтаған қанатты қиялды тіршілікпен астастырып, Фридрих сияқты ұғымды жалпылама жайып жібермей, жалқы ұғымға-шындыққа жақындатып:

Ел бұзылса табады шайтан өрнек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек, -

дейді.

Санамен сараласаңыз, "құдай өлді!" дегенмен "шайтанға көмекші" болудың мағынасы бір.

Шайтанның азғыруына ерген пенде құдай жолын тәрк еткен, иман тілемейтін, азған адам. Ол үшін шындық та, ақиқат та, демек растық та жоқ. Құдайсыздың нақ өзі. Яғни періштені-шындықты қорлаған қаскүнем, азғырынды пері. Шайтанның тұрағы-жаһаннам да, періштенің тұрағы-жаннат.

Заратустра – Ницше үшін өз ойын жеткізуші. Ницше мұны:

"Менің аузыммен, алғашқы құдайсыздың аузымен айтылған Заратустраның толғауын неге мен ғана айттым, мұның себебін ешкім сұраған жоқ, ал бұл сауалды міндетті түрде қоюлары керек еді – деген сөзімен аңғартады.

Абай алдына ешкімді қалқан ғып ұстамайды. Мәселені ашық қояды. Ницше Заратустраның атын пайдаланып, "мен – құдаймын! – деп сезіне бастайды. Абай адам ретінде кәдімгі күйкі тірліктің құбылыстарын тұжырымдау арқылы түйсінеді. Ол бұл ойын:

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршіленбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,

Өзімен-өзі бір күн болмай ма әлек? –

деп түсіндіреді...

Бұл пікірін "Бірінші қара сөзінде":

"Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күнінде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық?" - деп дамытады.

Оның себебін:

"Мұңдасып шер тарқатар кісі болмаған соң, ғылым(ның) өзі-бір тез қартайтатұғын күйік – деп пайымдайды.

Абай өзінің жанын қинаудан жасқанбайды, растықты тапқанына көзін жеткізетін Ницше сияқты хакімнің жоқтығына өкінеді. Ницше өзінің толғауының надандарға, түсінігі төмендерге жетпейтінін біліп, қолжазбасының бетіне:

"Қалың көпшілік емес, тек қана өзімнің достарым ғана оқысын – деп белгі соғады.

Алғашындағы "Көпшілікке арналған және ешкімге бағышталмаған кітап" деген ескертпесіне күдік келтіреді. Демек, өзінің ақыл-ойының тұжырымын сөзсіз мойындауды талап етпейді. Бірақ асқақ леппен баяндалған ой ағымынан бас та тартпайды.

Абай да өзінің түйсігімен жеткен санасындағы түсініктерді растыққа кепіл ретінде ұсынады. Таразыны танымға қалдырады, салмақты санаға салады. Ол:

"Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса – жазып алсын, иә оқысын, керегі жоқ десе: "Өз сөзім өзімдікі – дедім де, ақыры осыған (бел) байладым -дейді.

Екі данышпанның ойын баяндау тәсілі әр түрлі болғанымен, ойының өзегі өрімдес, негізгі мақсаты біреу.

Ницше-Заратустраның аузымен сөйлейді, Абай өз пікірін өз атынан айтады. Біреуі асқақ леппен өзін Жаратушыға балап толғанады, екіншісі тіршіліктің етекбасты пендесі ретінде ақындық көңіл күймен, өмірден көргенін дәйекке келтіре отырып ой қозғайтын сана иесі ретінде пікір ұсынады.

Екеуі де данышпан. Түйсінулері мен түйсіктері үнемі тоғысып отырады. Бұл тоғысу-санамен ойлап жеткен тұжырым. Тәжірибе әр түрлі тәсілмен жүзеге асса да, нәтиже біреу.

Бір қызық тосын жайт, осы еңбекке қатысты үш тұлғаның да-Ницшенің де, Абайдың да, Заратустраның да (Ол отыз жасында тау ішіндегі үңгірге кіріп алып, он жылдан кейін, қырық жасқа толғанда таудан түседі) "ой өлкесінің гүлденуі" бір мезгілде, 40 жасқа тап келеді. Үшеуі де қырық жасында ой әлеміне тереңдей беріліп, уағыз, пәлсафа, толғау, өлең, қара сөз жазады. Ницше:

"Заратустра отыз жасқа толғанда елін, айдын көлін тастап, тауға шығып кетті. Ол осы арада өзінің рухымен сырласып, жападан-жалғыз емін-еркін ойланып, он жыл бойы осы бір бақыттың кәусарын ішті. Бірақ та оның жүрегі кенеттен лүпілге толып, бір күні таң арайлап атып келе жатқан шақта орнынан тұрды да Күнге қарсы қарап тұрып оған былай деп тіл қатты – деп анықтама береді.

Мұндағы "жүректің лүпіл қағуы", "жүректің түрленуі" Абайдың "сап, сап, көңілім, сап, көңілімімен", "ой өлкесінің гүлденуімен" сай келеді.

Ақылы нұрланған Заратустра өзінің биікте тұрып, Күнмен сөйлескен растықтың бейнесінде елестетеді. Әрине, мұнда Фридрихтың да серпілген ойлы шабытының рухы сезіледі. Абай да 40 жасында "ойға түсіп, толғанады". Ол өзінің бұл "гүлденуін":

Осы жасқа келгенше,

Өршеленіп өлгенше,

Таба алмадық бір адам,

Біздің сөзге ергенді.

Өмірдің өрін тауысып,

Білімсізбен алысып,

Шықтық, міне, белге енді.

Енді аяңда, жығылма,

Сыймас жерге тығылма.

Қой бұрынғы желгенді,

Қайғы шығып иыққа,

Қамалтпасын тұйыққа,

Сергі, көңілім, сергі енді, -

деп өлеңмен жырлайды.

Салыстырыңызшы: Ницше де өзіне тоқтау айтып, жүрегін жұбатады.

Заратустра айналасынан қолдау таппай тауда үңгірге тығылды. Буырқанған ойымен алысып, он жыл толғанады. Абайдың да "өмірдің өрін тауысып, шықтық, міне, өрге енді - дегені сол емес пе.

Ницше де, Заратустра да, Абай да ақыры бір шешімге келіп, "сыймас жерге тығылмай", "иыққа шыққан қайғыны серпіп тастап", "қамалған тұйықтан шығып", көңілін шабытпен шамырқандырады. Екі данышпан да танымның жаңа сәулесінің ұшынан ұстап, "иықты басқан қайғыдан" сергіп, жалғанның жарығына ұмтылады, жалғаннан мағына іздейді. Ницше Заратустра арқылы:

"О, ұлы шырақ! Жалғанның жарығына жүрегінің саусағын жайған жандар болмаса, сенің бақытың ашылар ма еді? Он жыл бойы менің үңгіріме сәулеңді түсірдің: егерде сәулеңді сіңірген мен болмасам, менің қырандарым мен жыландарым болмаса, сен өз сәулеңе өзің тұншығып, тұтылар едің. Бірақ та біз әрбір таңды асыға күттік, сенің жарығыңа шомылып, тілеуіңді тіледік. Енді, міне, қарашы! Омартасының ернеуінен асырып бал жинаған ара сияқты, менің де ақыл-ойым гүлденіп, шарамнан асып тұр: сондықтан да менің уағызымды тыңдайтын аялы алақанға зәрумін. Иықтан басқан қайғысына тұншыққан даналардың данасы дүниеге келгенше, ол мына жалғанның жалғандығын әшкерелегенше, кедейлер өзінің байлықтарына құныққанша – мен оларды жарылқап, сыйыма тойдырсам деймін. Сондықтан да мен ойға түсіп, о, шырақтардың шырағы, күн сайын кешке қараңғылықтың теңізіне батып, төменгі дүниеген жарық сыйлаған сен сияқты, менің де ойға түскім келеді – деп жалғанға жар салады.

Ақылдан тыс растықтың – Заратустраның атынан аян беріп отырған Ницшенің "төменгі дүниесі - кәдімгі етекбасты өмір. Күннің сәулесі сияқты адамдардың санасына саңылау түсіріп, олардың ұйқылы-ояу түйсігін оятқысы, пасық ойлардан тазартқысы келді.

Ницшенің кейіпкері аспаннан жерге қарай шүйілсе, Абайдың "мені" жерден аспанға қарай самғайды.

Ницше өзін Тәңір дәрежесінде ұстап, асқақ тіл қатады. Ал Абай етектен жоғары өрлейді.

Ницше кіршіксіз, таза, жарық әлемнен – қараңғы, ойын да, өмірін де кір шалған, жиіркенішті "төменгі дүниеге" қарай бет алады. Керісінше, Абай "етекбасты", "соқ-тықпалы, соқпақсыз" өмірдің "иықтан басқан қайғысын" сыпырып тастап, тіршіліктің "кейісінен", қоқысынан арылып:

Балапан құстай оңданып,

Қанатыңды қомданып,

Ұш, көңілім, көкке, кергі енді.

Көңілде қайғы, қалың зар,

Айтатұғын сөзім бар,

Өрбі, көңілім, өрбі енді.

Іште қайғы, дерт қысып,

Көкіректі өрт қысып,

Айтуға көңілім тебіренді, -

деп "кейістен – еркіндікке, жерден – ғарышқа, ғарыштан – ғаламға, ғаламнан – растыққа, растықтан – Аллаға қарай қанат қағады.

Олар бір-біріне қарама-қарсы жүрген. Сөйтіп барып бетпе-бет келіп тұр.

Бағыттары қарама-қарсы. Мақсаттары біреу. Таным жолы ортақ. Сана мен түйсіктерінің тоғысатын ендіктері мен бойлықтары да тұспа тұс. Екеуі де түйінді тұжырымға – растыққа санамен жеткен.

Тәңірі текті Заратустра өзін-өзі мырзақамаққа салып, он жыл бойы ғаламды бағып жатады.

Қарындасы Элизабеттің айтуына қарағанда, Ницше де өзін-өзі жалғыздықтың жазасына бұйырған. Тұңғиық күй кешіп, ойдың тереңіне батқан. Өзі жазған "төменгі дүниенің" ит тіршілігінің "кейісіне" тап болған.

Абай үшін бұл өз басынан кешкен, кәдімгі өмір тартысы еді. Қырық жасында "бағусыз елді күзетіп", "алысып, жұлысып, айтысып, тартысып, әурешілікті көре-көре" осы күнге жетіп еді.

Арыз, жала, мырзақамақ, тергеу дегендеріңіз ол үшін шындық, өмір шындығы болатын. Сондықтан, "Көңілінде қайғы, қалың зар", "көкірегін өрт қысып, көңілін дерт қысып" тұрғандықтан да "айтатұғын сөзі бар еді". Оның:

Өзгеге көңілім тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың,

Сайра да зарла қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.

Қара басқан қаңғыған,

Көк надан нені ұға алсын?

Көкірегінде оты бар,

Құлағын ойлы ер салсын.

Тыңдамаса еш адам,

Өз жүрегім оянсын.

Әр сөзіне қарасын,

Іштегі дертім қозғалсын, -

деген өлеңі Заратустраның кіріспе толғауымен астасып жатыр.

Абай бойындағы уыттан арылып, іштегі дертті жуу үшін санасын сабылдырады. Қарайған көңілін ағартқысы, қамалған тұйықтан жарыққа шыққысы, "көкірегінде оты бар" "бір естімен" сырласқысы келеді. Ақылға ұмтылады.

Ал Тәңірі текті Заратустра тазарған жанын дүние кіріне батырып, Күнге қарата:

"Тура сен сияқты, менің де қара түнекке батқым келеді, мен сапар шегетін адамдар мұны осылай деп суреттейді. О, аяулы күн жанары, еш қызғанышсыз жанарыңмен жанды жылытқан және ұлы бақыт иесі, тілеуімді тілеші! Сенің шарапатты шапағатыңды шартарапқа шашатын, құт тамшыларын төгетін тостағанның тілеуін тілеші! Қарашы! Бұл тостаған тағы да тамшысыз қалуға әзір тұр, ал Заратустраның тағы да адам болғысы келеді", -деп жар салады.

"Заратустраның зауал кеші осылай басталды".

Байқасаңыз, Ницше – Тәңіріден пендешілікке бет алып барады да, Абай пендешіліктен Тәңіріге қарай сапар шегеді. Өйткені ол өзінің сөзін өзгеге таратып, ақыл бөліскісі келеді де:

Әуелесін қалқысын,

От жалын боп шалқысын.

Жылай, жылай өлгенде,

Арттағыға сөз қалсын.

Мендей ғаріп кез болса,

Мойнын салсын, ойлансын.

Қабыл көрсе сөзімді,

Кім таныса, сол алсын.

Не пайда бар-мың надан

Сыртын естіп таңдансын.

Онан-дағы бір есті,

Ішкі сырын аңғарсын, -

дейді.

Ал Ницшенің "ой өлкесі гүлденген" кейіпкері даналықтан қашады. Алдынан кесе-көлденеңдеп шыға келген дана қария Заратустраны тоқтатып, оны бетінен қайырғысы келіп:

"Сен бір кезде тауға күл тасып едің, енді жан отыңды жазыққа жағу үшін әкетіп барамысың? Қастаншықпағырлардың қарғысынан қорықпаймысың, шынымен? Иә. Заратустраны білемін. Оның жанары таза, иман жүзді. Тал шыбықтай бұралып келе жатқандығы да сондықтан шығар Заратустра өзгеріп, пәк сәбиге айналды, ұйқыдан жаңа оянды. Ал ұйқысынан оянбағандардан сен не күтесің? Жалғаннан жалғыздық көріп, тұңғиық теңізге баттың, сол тұңғиық қой сені сенделткен. Әттең десеңші! Сенің тағы да жағаға шыққың келе ме? Тағы да шірік тәніңді сүйретіп сүмелекке айналғың келе ме? – дейді кемеңгер қарт.

Дана дегдар мына жалғанның-жалған екенін, тәркі дүние екенін, "ойлы адамға қызық жоқ екенін", пендешіліктің батпағының жылымға тартып әкететінін, жан дүниеңді кір шалатынын, ақыры мәңгілікке күй кешіп, тіршіліктен түңілетінін ескертіп тұр.

Ницше жан сарайы таза адамның өзегін өртеп, көңілін кірлетіп, азап шектіріп, рух отын өшіріп, тәнін күлге айналдырып барып өзінің тұжырымын ұсынады.

Абай болса мұның бәрін бастан кешкен:

"... Әурешілікті көре-көре жер ортасы жасқа келді: қажыды, жалықты. Қылып жүрген ісінің баянсызын, байлаусызын көрді, бәрі қоршылық екенін білді. Ал енді қалған өмірін қайтіп, не қылып өткізеді? Соны таба алмай өзі де қайран болып -жүр еді.

Қос данышпан тура осы арада тағы да ой тоғыстырып тұр.

Адам атаулының әйтеуір бір түрленіп барып түңілетіні анық деген емеурін танытады.

Әлі дүниенің "етекбастылығын" басынан кешпеген Заратустра жолына тосқауыл қоймақ болған, жалғаннан жалыққан қартқа:

"Мен адамды сүйемін! – дейді.

Ыстық табы басылмаған таза танымның көрінісі. Бұл пікір Абайда да бар.

Ол: "Атаның баласы болма, адамның баласы бол – дейді.

Екі ғұламаның ішкі инсаны тағы да тоғысады және бұл тоғысу олардың бүкіл шығармаларының рухани желісіне тартады. Барлық ақыл-ой нысанасы осы адамгершілік, адамды сүю, ізгілік мәселесіне жұмсалады.

Қос ғұламаның негізгі ақыл мәйегінің ұйытқысы-адамгершілік екен. Ал мақсаты не? Заратустра тәні де, жаны да таза тәңір тұлғасын неге тәргіге салады? Осы сауалды қойған қарияға Заратустра:

"Мен осы мейірім-қайырым туралы нәрсе айттым ба? Ендеше мен адамдарға қасиетті қайырымдылық апара жатырмын – дейді.

Демек, Заратустра мына дүниеге жақсылық әкелмек, сол арқылы олардың мейірім шапағатын оятпақ. Сол ізгілік дәнін адамдардың жүрегіне сеппек. Сол үшін өзінің тәңірлік сыпатын тәрк етіп, пенделікке түсіп отыр. Абайдың:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін, -

дегендегі айтпағы Заратустраның мақсатымен астасып жатыр.

Мейірім – қайырым, шапағат – шафхат, жақсылық пен қайырымдылық өз-өзінен рухқа себілмейді. Сөз арқылы жанға сіңеді ғой. "Заратустраның" барлық баптары сол "үлгі сөзден" құралған. Кітаптың алғы бетіндегі: "Баршаға арналған және ешкімге бағышталмаған кітап – деген ескертпесінің өзі-ақ соны танытады. Заратустраның адамдарға әкеле жатқаны да сол сөз емес пе.

Ойды жеткізуге тағы бір сабақтастықтың тамыры байқалады. Ол – әрбір ұғымды, сөзді, пікірді өз орнында қолдану. Ницше де орынсыз ашылмайды. Сырттай қарағанда шалқып, шабыттанып, ғаламды құшағына толық сыйғызғандай көрінгенімен, тұжырымын түйсікке қапысыз сіңіру үшін ойын үстемелетіп дамытпай, дер кезінде тұсау сала қояды. Кемеңгер қарт тақымдап, алқымынан алып қоймай қойған кезде Ницше – Заратустраға ішкі сырын толық ашқызбай, оның аузына:

"Мен саған не бере аламын? Оданда мен өзіңнен бір нәрсені тартып алмай тұрғанда, менің осы арадан кетуіме мұрсат бер – деген сөзді салады.

Бұл арада Ницше кемеңгер мен кемеңгердің пікір таластыруына ілік таба алмай тұрған жоқ. Сөз жаңа басталды. Сол сөз санаға сіңсін деп үзіліс жасап, тыныс алдырады. Нағыз талайлы толғау алда. Мұның өзі қаламгерлік тәсіл, кәдімгі шеберлік. Абай да, мысалы, "Өлсем орным қара жер сыз болмай ма? – деп күңіреніп, дүниені асты-үстіне төңкеріп толғап келіп:

Өлең шіркін, өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын, айта бермей, -

деп жарыла жаздап барып, кілт қайыра салады.

"Ашуың – ашыған у, ойың – кермек" боп тұрғанда тұздықты үстемелетіп құя беру де санаға салмақ, қиялға қиянат. Демек, Ницше мен Абай ойын қалай жеткізуді, қай уақытта тыныс алдыруды, қай тұста бастырмалата баяндауды жақсы меңгерген. Сөз қадірі мен ой қадірін білген. Өздерінің бойындағы күш пен шабытты іркіп отырған.

Бұл олардың жалған шабыттың, жеңіл ой ағымының еркіне ілесіп кетпей, әр сөзін ақылмен таразылап барып қағазға түсіргенін, олардың пайым байсалдылығын, ойға сабырлылығын танытады. Абай мұны "Қырық үшінші қара сөзінде":

"... Іштегі жан қуатымен жинаған нәрсенің аты – ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң – айырыласың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса-жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені де болады... Өлшеуінен асырса боғы шығады – деп түсіндіреді.

Абайдың бұл айтып отырғаны – қанағат емес. Ол мүлдем басқа сатыдағы ұғым. "Өлшеуін білмек" дегеннің астарында сөз шеберлігі де бар. Сөзді сабырмен саралаған Ницшенің түпкі мақсаты:




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 395; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.09 сек.