Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 28 страница




Бесігімізді түзейік, ағайын!...

 

12."КӘПІР КӨЗДІҢ ДҮНИЕДЕ АРАНЫ ҮЛКЕН..."

(Абай және православиелік жазалау саясаты)

 

 

Дін-мемлекеттік саясатқа айналған тұстан бастап рухани басқыншылық пен өктемдік, барлық танымға ортақ бір Алланың атын жамылған аярлық, бір ұлттың екінші ұлтқа деген қаскүнемдік пен басынушылық пиғылы өршиді. Мұның астарын қаншама жылы сөз, жымысқы жүзбен бүркемелесе де, оның бетін тырнап қалсаңыз – ар жағынан арам ниеттің бояуы аршылып шыға келеді.

Алла біреу екенін барлық дін мойындайды. Мәселе, сол Алланың елшісі – пайғамбарларға келгенде азғыру жолына түседі.

Санадағы бұл түйнек – ғалам заңы ашылып, жұмыр жердің қатпар-қатпарына адам ойының сәулесі түскен шақта да жазылмай отыр. Өзін-өзі сыйлайтын және өзгелерге сыйлатқысы келетін, жек көрінішті кейіпте көрінгісі келмейтін ұлт мұны түсінуге тиісті еді.

Санаға сабыр берген саясат бар, бірақ рухани жақтан азғыруға тыйым жоқ.

Әсіресе, ғылымы мен мәдениеті дамыған, әлемге ықпал етіп отырған елдің елшілерімен бірге діни уағыздаушылары да қоса келеді. Қазақ елі тәуелсіздік алғанда Алматыға америкалық "әулиелер" саяси әріптестерінен бұрын табалдырық аттады.

Бұл жаңалық емес. Абайдың заманыңда да белсенді түрде жүргізілген сұрқия әрекет еді.

Бір дәуірде буырқанып, бусанған ислам діні XX ғасырда өз ішіндегі бүліншілікпен әуреге түсіп, мұсылмандықты саясат немесе қол күші арқылы таратуға мұршалары жетпеді. Керісінше, Айса пайғамбардың үмметтері табанды және тиянақты түрде шоқындыру әрекетін тапқырлықпен жүргізді. Бұған олар қару таңдап жатпады. "Қол қайратын" да, "жан қуатын" да, байлығын да жұмсады. Еңбегі қатпаған, буыны бекімеген, сенімі орнықпаған "көк өрімдер" дүниеге дінін айырбастап та жатыр. Оларға кінә тағу да қиын, сондай-ақ:

Кәпір көздің дүниеге араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тояма екен? –

деген Абайдың сөзінің астарын түсіндіру де оңай емес.

Өйткені ықылым заманда кешкен өзара өшпенділік уыты мұсылман жұртының арасында қайта өршіді де барлық саяси және діни ықпалдан айырылып қалды. Алланың жолын ұстап, Мұхаммед пайғамбардың ақ туының астына жиналып, мүһминдердің мүддесін қорғаудың орнына өзі бодандыққа айналды.

Отаршылдық бұғауы түспеген мұсылман ел тек Түркия ғана болды. Оның өзінде де жаттың ықпалынан құтыла алмады. В.Ирвингтің дәл тауып айтқанындай:

"Ол кезде патшалықтар мен жаһангерлер бірде өсіп, бірде өшіп жатты, ежелден ел билеген қаракөктің тұқымдары жер бетінен жоғалып, шекаралар мен тұрғындардың құрамы толассыз өзгерді, ал кейбірі мүлдем қырылып қалды, кейбірі тұтқынға әкетілді. Арабия жұрты өзінің көрші қауымдарының ішінара сапырылысып жатқанына қарамастан, құм ішіндегі қиянда өзінің жаратқан ием жаратқандағы тұмса қалпында қалды, тәуелсіздігін сақтады, олардың көшінің қосынындағы тайпалар басын құлдықтың қамытына ұсынған жоқ. Ақыры, осы бір өзара қырқысқан тайпалардың бір діннің айналасына бірігіп, ортақ бір мақсат-мүддемен шабыттанатын заманы да келді: қырық пышақ болған осы жұртты жұдырықтай жұмылдырып, оларды қуатты, құдіретті бір идеяға құлшындыра құштарландырған, сөйтіп осы бір құмшөлейттің бураларын жұмыр жерді дүр сілкіндіріп, жердің бетіндегі патшалықтарды қайтадан құратын аса құдіретті дана дүниеге келді", -деген ұлы нысанадан жаңылып қалды.

Мұны тәжірибесі мол Айса үмметі өте әккілікпен пайдалана білді. "Крест жорығы" мен инквизицияның орындалмаған міндеттерінен бас тарта қоймаған олар, Абайдың "Ескендір" дастанында суреттелетініндей:

Жазасыз жақын елдің бәрі шапты,

Дарияның суындай қандар ақты.

Шапқан жердің бәрін де бодан қылып,

Өкіметпен қолына тартып апты.

Абай дұрыс аңғарып отыр. Дін – мемлекеттік саясатқа айналып, "өкіметтің билігін қолына тартып алды".

"Ескендір" дастанынан үзінді алудың дәл осы рухани тәуелсіздік тұрғысындағы ойтолғауға еш реті жоқ сияқты. Ежелгі аңыздың негізінде жазылған пәлсафалық шығарма деуіңіз мүмкін. Жоқ, мүлде олай емес. Бұл-жауыздыққа, жаһангерлікке, бір ұлтты екінші ұлттың бодан етуіне, рухани құл жасауына, діннен бездіруге қарсы әдейі жазылған ақынның "жан күйігі" (Г.Гессе).

Ол Ескендір Зұлхарнайынның "тоқтаусыз даңғойлығын" тілге тиек ете отырып, "жазықсыз елдің бәрін шауып" отырған жаһангерді, оның ішінде Ресей патшасын мегзейді. Әйтпесе:

Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме,

Мұны бір өзге сөздің бірі деме.

Қарның тойса-қайғырма мақтан үшін,

Толмас көзің шолар деп қайғы жеме.

Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,

Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!

Ұятың мен арыңды малға сатпа,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер, -

деп дастанның соңында мұны неге жазғаны туралы түсінік бере ме?

Неге "мұны өзге сөздің бірі деме - деп ескертеді?

Абай дастанның оқиғасының астарын ұлты түсінсін. Жаһангердің жаһилдігі бір күндік. Ал рухани бостандық-мәңгілік. Оған рухынды қарсы қой. Азаматтық мойынсұнбау нысанасын тұт. Күрес. Өйткені:

Көпір көздің дүниеде араны үлкен.

Алған сайын дүниеге тоя ма екен, -

деп емеурін танытып отыр.

ХҮІІ-ХХ ғасырдың арасындағы Ресей патшаларының "тәбеті" Ескендір Зұлхарнайыннан кем емес еді. Қайта "араны" одан да асып түсті әрі ұзақ биледі. Сондықтан да ұлттың бас билігін жойғанына қанағаттанбай, енді рухани басыбайландыруды қолға алды. Ол жәй ғана тілек дәрежесінде емес, мақсатты мемлекеттік бағдарға айналды.

Жалғыз Ресей патшалығы емес, исі отарлаушы жүйенің ашкөздерін әшкерелегісі келген Абай Ескендірді мысалға алып, сол арқылы қазақ қауымының рухани мүддесін жоқтап, адамның бас сүйегіне қарата "ақылы мол Аристотельдің" аузына:

"Бұл адам көз сүйегі,-деді ханға,

Тоя ма адам көзі мың мен санға?

Жетім көз-жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр-көзіне құм құйылғанда ", -

деген сөз салады.

Бұл тек қана Аристотельдің "сөзі" емес, Абайдың да сөзі.

Қай заманда да ғұламалар рухани тәуелсіздік пен бас бостандығын жақтаған. Сондықтан да, "өз күлкіңе өзің қарық болма бекер, ұятың мен арыңды малға сатпа, ұятсызда иман жоқ, түбіңе жетер! - деп қадағалай айтады.

Абайдың отаршыл "ашкөздердің" "түбіңе жетеді" дегені – дініңнен айырады дегені.

Ал қазақ ұлтының "түбіне жету" үшін отаршыл әкімшілік пен шіркеудің тақуалары дүниедегі төрт ұлы діннің бірі-исламды оның үкіметіне жек көрінішті көрсетуге тырысты. XX ғасырдың аяғында демократиялық бағыт, адам құқы, адамзаттық ортак идея деген массондық желеудің бір парасына айналды. Мұны жамылғы етіп ислам дінін сұрқияландырып, адамзатты шошындыра сескендіруге ислам фундаментализмі деген ұғым қолданылды. Абайдың тұсында мұның аты – панисламизм еді. Ұғымның аты өзгерді, насихат өзгерген жоқ. Мұндай рухани арандатуды Абай да аңғарған. Танымның талқыға түскен тұсында ол:

 

Өмір жолы – тар соқпақ бір иген жақ,

Иілтіп екі басын ұстайтын-һах. (Алла).

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ, -

деп "һахтың" жолынан тайып кетпеуді мегзейді.

"Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ – деп отырғаны-діни миссияның қитұрқылы уағызы. Неге осыншама ислам дінін жек көрінішті етуге мемлекет те, шіркеу де мүдделі болды? Ислам дінінің қағидаларының отбасынан бастап мемлекеттің басшысына дейінгі аралықты қамтитын инсандық аяттарының ғана әсері ме?

Жоқ. Мұнда жек көрінішті жүйкеге әсерін П.Я.Чаадаев:

"Ұлы діни танымдардың даму тарихы тұрғысынан алғанда Мұхаммед пайғамбардың ислам дінін дүниеге әкелуін ақыл-ойдың тамырлы бұтағының көктеуі деп бағалау қажет. Мұндай маңызды шындықты қандай да бір кертартпа таным болса да сыналмай мойындауы шарт: егерде біздің дініміздщ жауы-мұсылмандар екенін ойымызға күштеп сіңіргенін ескеріп бір рет пайыммен сараласақ оған көзіміз анық жетеді, өйткені оларға деген өшпенділіктің соқыр сенімін тудырып отырған да сол дүлей сенім. Әйтпесе, Иисус Христос туралы еске алынбайтын "Құранның" сүресі жоқ екенін сіздер білесіздер", -деп баяндады.

Діни мойынсұнбаушылыққа, әрине, тәрбиенің де үлкен әсері бар. Бірақ барлық кілтипан тек осында ғана емес. Тұрақты және мемлекеттік саясат дәрежесінде жүргізілген жек көрсетудің астарында шемен боп қатқан пиғыл жатты.

Оның бірінші себебі: дін – ұлттық рухани бірліктің, ұлттық тұтастықтың, ұлттық тәуелсіздіктің, ұлттық қасиеттің, ұлттық дәстүр мен рәсімнің көрінісі әрі соның құдіретті кепілі. Отарлаушы елдің ең сескенетіні де осы және түпкі мақсаты да сол ұлттық мақсатты жою. Ұлттық намыс пен рухани тұтастық тұрған жерде ұлттың басыбайлы болуы мүмкін емес. Демек, өктемдікке орын жоқ.

Қандай да болмасын қасірет пен қырып-жоюға қарамастан ұлттық тұтастығын сақтаған жұрттың жұтап қалғаны жоқ. Бостандық рухы ғасырдан-ғасырға көрінбейтін сезімнің нәзік сәулесі арқылы сүзіле өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыр. Мұны уағыздаушылар да, уәкілдер де жақсы білді. Сондықтан да отарлаушы елдің ақыл-ойы ұлттық дербестік сананы өшіруге бағытталды.

Бұл ретте патшалық әкімдердің де, ғалымдардың датақуалардың да мүддесі тоғысып, бір арнада табысты. Ұлттық бірлікке іріткі салудың тәсілдері мен әдістері ұзақ талқыланды. Соның ішінде қазақтың "қадірлі қамқоршысы" ғалым Н.М.Ядринцев мынадай "оқу бағдарламасын" ұсынды. Ол өзінің "Шет аймақтағы ұлттардың тұңғыш шырағдандары және артта қалған халықтарды ағарту" атты еңбегінде "ағартудың" тәжірибесі мен нәтижесін талдай келе:

"Бұдан біраз уақыт бұрын қазақ даласындағы кейбір мектептер мен интернаттарға бұратаналардың балаларын зорлап беруге мәжбүр еткенде, мұны заманақырдың белгісі деп ойлаған олар кедейлердің балаларын сатып алып, мектепке өткізді. Ұсақ ұлттарды орыстандыру мәселесі – өзекті күйдіретін мәселе, бірақ орашолақ және дөрекі жүргізілген бұл мәселе іс жүзінде жиі-жиі ашық зорлыққа ұласып, жек көрініш туғызып келеді. Өкінішке орай, ақырының не боларын ойланбастан, орыстандырудың бұл түрін бұратаналардың мектептеріне де енгізу ұсынылып отыр. Егерде әлгі ұлыстар орыстармен жақындасып, орыс тілін жақсы меңгеріп кетсе, әрине, онда сөз басқа... Ал өзінің ұлттығын, өзінің тілін, өзінің дінін сақтап қалуға барынша тырысып отырған, осы қасиеттерін бұзуға барынша түршіге қарайтын ұлттар мен ұлыстар жөніндегі іс-әрекет мүлдем өзгеше жүргізілуі тиіс. Мұндай ұлыстарға білімді ана тілінде сіңіріп, қасиетті кітаптардың оқулығын тәржіма арқылы оқытқан дұрыс; оның өзінде де сол ұлыстың сенімі мен мінезіне қарай білім беруді қандай бағытта жүргізу қажеттігін ойластыру лазым... Біздің ойымызша, жат дінді ұстанатын, бірақ оларды шоқындыруға бірте-бірте бейімдетіп келе жатқан ұлыстардың барлығын оқу мен ғылымға тарту үшін бұратаналарға арналған арнайы бағдарлама керек, оларды зорлықпен мәжбүр етіп өшпенділігін қоздырғаннан гөрі ебін тауып еппен қимылдаған абзал", -деп ақыл береді.

Бұл – балға араластырып берген умен тең еді.

Жалпы білімге тәрбиелеуі, мектеп ашуы, оған шәкірттерді мәжбүрлікпен тартпай, еркімен қабылдауы – бал да, ал оларды бірте-бірте шоқындыруға бейімдеуі, ұлттық бірлікті, дінді, дәстүрді, тілді жоюға ұмтылуы, тек бүкіл білім бағдарламасын соған орайластыра жасауы – у болатын. Қазақ ұлтын Н.М.Ядринцев даланың аңғал көкжалы ретінде бағалап, оның ішіне у себілген жемтік тастап, алдап аранға түсірмек болды. Ал әккі бөрі арбауға көнбегенмен, көзі ашылмаған бөлтіріктердің аузы күйетіні анық. Арбалғандар да, аузы күйгендер де, араннан шыққандар да, шыға алмағандар да болды. Қазақ даласына көз қиығы түскен, Шоқанды өзге ұлтқа насихаттауға ынталы пейіл танытқан, сол арқылы "бірте-бірте орыстандыруды жүзеге асыруды көздеген, сырты жылы, өзегі мұз Н.М.Ядринцевтің және сол сияқты "жанашырлардың" түпкі пиғылын танығын Абай:

Ішімен жау боп, сыртымен,

Кім тояр қылған құрметке, -

деуі сондықтан.

Шындығында да, қырға келген оқымыстылардың "іші жау, сырты ғана" дос еді.

Өзге-өзге, түркі халықтарының әдеби үлгілерін жиып, мәңгілік ескерткіш қалдырған В.В.Радлов сияқты ғұламалардың өзіне қазақтың рухани сенімі, ұстанған діні ұнамады. Ашық айтпағанымен, іштей қазақтарды шоқындыруды жақтады. Ислам дінін жек көрінішті етіп көрсеткісі келді. "Түркі тайпаларының халық әдебиетінің үлгілері" атты жинақтағы алғы сөзінде ол сол ниетті аңғартып:

"... Ал кітаби өлең халық арасына там-тұмдап болса да берік орныға бастаған исламның өкілі-ислам дінін таратуды мақсат тұтқан және бірте-бірте халық рухын ығыстырып келе жатқан діннің ұрығы. Шындығында да, ол баяу әсер ететін у тәрізді, бірден-бірге күшейіп келеді... Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір "Жұм-жұманың" әсері даланы кезіп жүрген молдадан артық тәрізді» -деп жазды.

Демек, ұлты неміс, тікелей отаршылдық әкімшілікке қатысы жоқ В.В.Радловтың өзі өмірін арнаған ұлттың дінін мансұқтап, оның жазуын жоғалтып, кирилл харпіне көшіруді ұсыну-миссионерліктің еуропалық сыпат алғанын дәлелдейді.

Ұлттың рухани тұтастығын ыдыратудың аса қауіпті әрі аяр, ұзақ жылдарға арналған жоспарын Абай өлерінен бір жыл бұрын білді. Архирейдің нұсқауында жоғарыдағы Н.М.Ядринцев пен В.В.Радловтың ұсыныстары толық ескерілді. Онда қазақ даласына орыс оқуы дендеп кірген соң:

"... Қазақтардың өз атынан бізге шоқындырушы уағызшы керек деген арыз ұйымдастыру керек. Бұл міндетті орындауға жіберілген адам (уағызшы) қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге міндетті, оларды өзімен бірге ертіп жүріп бойын үйретсін, өзімен қол беріп амандасқан қазақтардың өкілінс сый-сияпат көрсетсін, өзіне тартсын. Дінге үйір қыла берсін, сөйте жүріп: "Қазақтардың дініне ешкім де қысым көрсетпейді - деп пікір тарата берсін, ал олардың уағызға келуі және тыңдауы өздеріне пайдалы, бір-біріне қастық жасамауға, шындықпен өмір сүруге көмектеседі деп сендірсін. Қазақтарды осылайша тыныштандырып алған соң мынадай ұсыныс жасау керек: "Мұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, сол үшін жазаға тартылуы керек - деп жарлық жасау керек. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралады. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек",- деп кесімді үкім шығарылып қойған еді.

Бұл сөзді оқу Абайға өте ауыр соқты. Өзіне бодан болған елдің тағдырын сол мемлекет емес, дін басқармасы шешеді деп ойлады ма, жоқ па, кім білсін. Бірақ кез келген жылы жүзді миссионердің жылмиғанына еріп жүре беретін қандастарын Абай жақтырмады. "Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға", "Ояз бардағы қылықты, ояз жоқта етпейді", "Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап – дегеннің бәрінде Абайдың ішкі қыжылы бар.

Елдік бірлікті ірітіп отырған сол мінез.

Жоғарыдағы дін басқармасының жоспарының дені іске асты. Он алтыншы жылғы көтерілістің қанды оқиғасы әлгі "крест жорығының" бір көрінісі болатын. Бұл қазақ ұлтының ең соңғы тұяқ серпер тұсы еді. "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым! – деп күңіренген Абай мұндай жаппай қырғынды көрмегенімен, оның ұрпақтары зауалдан құтыла алмады.

Он алтыншы жылғы, отыз бірінші жылғы, қырық бір-қырық бесінші жылғы тауқыметтен соң алты қазақтың бірі ғана тірі қалды. Үш жігіттің екеуі соғыста қаза тапты. Бұдан артық "крест жорығының" өзі де "қырып сала алмас" еді.

Ислам дініне деген өшпенділікті қоздырудың екінші бір себебі: еркін елдің азат рухын өлтіру еді. Дін – адамның ең соңғы медеті. Кейде ол ұлттың ұлттық қасиетін сақтап қалуға барынша ықпал жасайтын күш ретінде көрінеді.

Мысалы, шоқынған қазақтардың арасынан қайта үйірін тапқандар шамалы. Олар өздерінің қаны қазақ екенін білді. Бірақ пайғамбары басқа болған соң пәлендей парық таппай, ақыры сіңіп кетті. Олардан кері қайтқан із жоқ. Мұсылмандықты қабылдап, қатарға қосылғандар сирек. Тек Сәбит Мұқановтың әңгімесінде ғана ондай оқиғалар ұшырасады. Мұның кілтипаны, миссионерлер шоқынған адамның бірнеше ұрпағына дейін үзілмейтін аңду қойып, бақылау астына алғандығында және олармен қалай жұмыс істеудің әдіс-тәсілін сызып, қағазға жазып кеткендігінде. Абай оқыған хатта бұл туралы:

"Сол кезде қазақтар: "Бізді орыстар үнемі күзетіп отырар деймісің – деп православие дінін қабылдайды, іле-шала орыстарды алдап, кресті сандықтың түбіне тыға қойып, өзінің дінін ұстауды жалғастыра береді. Міне, осы кезде барып ауылға шіркеу мен мұнара салып, қолына күн сайын крест ұстатып отырғызып, уағыз тыңдату қажет. Сонда ғана татар мен сарттардың қазақтарға жасайтын ықпалынан құтыламыз", -деп көрсетілген еді.

Бұған қарсы уәж айтып жатудың өзі артық. Тек өзегіңді өксік пен буырқанған қорлық сезімінің қыстыққан ызасы ғана үнсіз өртейді.

Сол уытты ызаны Абай Лермонтовтан аударған:

Өлтірер, жерге тығар, молда қоймас,

Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас.

Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,

Басқыш болып аспанға шығара алмас.

Бикүнә зорлықпенен шыққан жаным,

Бейіске басшы болар деме, залым! –

деген жолдар арқылы жеткізеді.

Ұлттың "крест жорығынан" кейінгі үйілген денесі-тақуалар мен "әулие әкейлердің" төбесін бейістің көгіне жеткізер баспалдағы бола алмайды дегенді аңғартады.

Әрине, "әулие әкейді - деп аударуы түсінікті. Абай бұл сөзді өзгеге емес, өз халқына қаратып айтып отыр. Ал неге татар мен сарттарды жек көрінішті етіп көрсетті дегенге келсек, оның шешуі оңай. Сол арқылы тектес халықтардың арасына сына қағып, өзара өшіктіру мақсатын көздеді.

Ұлттық өшпенділік-діни соғыспен пара-пар. Зорлап, мәжбүр етіп шоқындыру – Абай үшін таң емес. Ол әр діннің жолын, қағидасын білді. Сондықтан да оның құдай жолы емес екенін түсініп:

"Құдай тәбәрака уә-тағаланың барлығының үлкен дәлелі: неше мың жылдан бері әркім әр түрлі қып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі һам неше мың түрлі діннің бәрі де: ғаділет, махаббат құдайға лайықты – дегендігі. Біз Жаратушы емес, Жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пәндеміз. Сол ғаділет пен махаббатқа қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. "Нандым, сендім" демек – "нандырамын, сендіремін" деген емес", -дейді Абай.

Демек, "қылыш үстінде серт жүрмейді", яғни адамды зорлап сенімге мәжбүр етіп, шоқындыруға болады, бірақ оның рухын өлтіре алмайсың. Өйткені оның сенгені-бір Алла. Алла біреу. Ол сенің зорлық пен қорлығыңды көріп тұр, сезіп тұр және үкімін әділ әрі махаббатпен шешеді – дегенге саяды.

Абай діни басқарманың мұндай қитұрқы қулықтарымен таныс еді және қал-қадірінің жеткенінше өз дәргейіндегі күшпен қарсы күресті.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 343; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.067 сек.