Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 24 страница




Қазақтың ішінде де сондай "іштен іріту", "танымдық әрекеттер" жүріп, дәл Абай өмір сүрген тұста "жемісін бере бастады". Қазақтың арасынан шоқыншықтар мен "шоқындылар" шықты. Тектік тұтастықтың бұндай азуына Абай көндіге алмады. "Көндікті-міс", "мұсылманшылықтан бас тартты-мыс" дегеннің бәрі де жалған абайшылдардың бопсасы.

Егер Абай қазақтың шоқынуын жақтаған болса – ол Абай болмас еді. Бұл – ұлтының рухын сатумен пара-пар нәрсе. Ұлтын сатқан адам – ақын болмайды.

Абайдың ақындық ақылы болмаса, онда оның қазақ ұлты үшін қадірі жоқ. Қазақша өлең жазған Алекторовтың бір сыңары ретінде бағаланар еді. Абай рухани тәуелділікке қарсы күресті. Ұлтын рухани қорғанысқа шақырды. Бұл жолда барлық мүддесін құрбан етуге салауат айтты. Ол ұлттың бірлігін рухани нысанаға топтастыруға бағыттап:

""Ырыс алды-тірлік" дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ. Ол тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам-өлімді жау көріп, аһиретке дұшпан болады. Жанын қорлатып, жаудан қашып, еріншек атанып, ез атанып дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан "тірлік - ол емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны атады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың... "Артын ойлап ұялмас" болып жүріп "тірімін" деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық! -дейді.

Бұдан артық жеріне жеткізіп айтудың өзі де қиын.

Абайдың мұнша таусылып отырғаны XIX ғасырдың аяғында қазақ ұлты өзінің даму сатысын тоқтатуға мәжбүр болатындай межеге жетіп, жардың басында лықсып тұрған. Тек сәл ғана дем берсе шыңырауға құлауға бет алатындай жағдайды отарлау әкімшілігі мен православие жойыттары дайындап үлгеріп еді. Солтүстік халықтары мен Урал өңіріндегі ұлттар мен ұлыстарды жаппай шоқындырып, дәніккен тақуа-миссионерлер тырнаған Ұлы Далаға қарай шеңгелдей салды.

Шіркеудің араны ашылғаны сондай, ол мұқым мемлекеттің идеологі болды. Григорий Распутиндердің патшамен тең дәрежеде үкім жүргізіп, сарайды бейбастақтыққа айналдыруы Ресей жағдайындағы заңды нәтиже болатын. Діни сенімді нәсілдік өктемдікке жеткізген отарлаушы елдің уағыздаушылары В.О.Ключевский дәл тауып айтқанындай:

"Інжіл - полицейлердің жауынгерлік жарғысына айналды".

Мемлекет билігіне сұғын дәл Ресейдегідей қадала қадаған дін басыларын Еуропаның өзге шіркеу иелерінен кездестірмейсің. Ресей ежелден-ақ еуропалық мүдденің жаңғырығына айналып, оның үлгісін қалайда бір жағынан ши шығара қолданып келді. Ол ешқашан толық еуропалық, не толық ресейлік нысана ұстанбады. Үнемі "азиялық" мінезбен меңгеріп, нақты бағыттан ауытқып отырды.

Бірақ та ол екі нәрсені: отаршылдықпен миссионерлікті зәндеміне жеткізе жүргізді. Және бұдан үкімет басына қандай жүйе келмесін, ешқашанда бас тартып кешірім сұрап көрген жоқ.

Ұлы халық деген ұғымға еті үйренген. Одан айырылу – ұлттық қорлықпен тең. Бұл біздің пікіріміз емес, Бердяев, Соловьев, Ключевский, Герцен, Чаадаев іспетті ғұлама орыс ойшылдарының ғылыми тұжырымы.

Мұны дәлелдейтін дәйектемелерді он-он бес бет көлемінде келтіруге болады. Діни философияның арнасын аршыған Бердяев Ресей мемлекеті мен ресейліктердің көзқарасы таза православиелік танымда ғана емес, православиелік-орысшылдық бағытта қалыптасатынын, кей тұстарда православиелік саясат ұлтшылдықпен, ал ұлтшылдық пиғылдың православиелік азанмен, араласып, ерекше бір "орыс әлемін" жасайтынын тиянақтап тұрып жазып кетті.

Мұндай тоғысулар қауіпті.

"Қаражүздіктер" деп аталатын бұл бағыт Ресейдің жұрт көзіне жек көрінішті, жексұрын жаһангер атануына мәжбүр етті. Поптар мен тақуалар, діни оқымыстылар жандармерияның жазалау міндеттерін атқарды, кей тұста соттың орнын алмастырды. Діни уағыз бен жазалау әрекетінің арасында шек қойылмады. Мұны христиандық отарлау саясатының маманы В.Говитт жан-жақты талдай келіп:

"Қанаушы шеңгеліне түскен барлық бөгде діндегілер мен бөтен нәсілділерге өздерін христиандық нәсілміз деп атағандарды көрсеткен тағылығы мен аяр қатыгездігі бұрынды-соңды тарихи дәуірлерде кез келген нәсілдің, оның ішінде ең тағы, ең қасиетсіз, ең арсыз нәсілдің қырғын-топалаңынан асып түсті", -деп жазды.

Дүние тарихындағы отарлаумен аты шыққан ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда еуропалық нәсілдердің әлемді бөлісу барысындағы ашкөздігі, шындығында да, ешбір "заман-ақырмен" салыстыруға келмейтін. Ресей де өзінің сыбағасын алып қалуға ұмтылуы заңды. Бірақ та өзге отарлаушылар діни шоқындыруды алдына мақсат етіп қоймады, яғни шіркеу мен жандармерия жең ұшынан жалғаспады. Шіркеу оларда өзінің сенім жолын құдайдың уағызы дәрежесінде пайыммен жүргізді. Бүкіл ұлтты емес, жекелеген адамдардың қарақан басын қарауылға алды. Ұлтының басына төнген рухани қауіптен құтылудың бірден-бір жолы таным күші, иман беріктігі, ішкі рухани қозғалыс екенін Абай түсінді. Түсінгісі келмесе де шоқындырудың зардаптарын саралай келе сондай тұжырымға келді. Бұл жай ғана діни сенім емес, ұлтты Дрэпер айтқан "үйлесімнен" сақтап, "мүдде мен қолайына" қарай бейімделіп, қадым заманынан қанына сіңген қасиет пен дәстүрден, тілден, тіршілік көзінен айырылып қалмауға ұмтылған перзенттік парыз еді.

Абай-біз түсінген мағынадағы ессіз ұлтшылдың қатарына жатпайды. Ол өз ұлтын жанымен, қанымен, танымымен, іс-әрекетімен, бүтін болмысымен "ессіз беріле сүйген" ұлт сыншысы. Қазақты дәл Абайдай бетін шиедей ғып сынаған ешкім жоқ және сынай да алмайды, ол үшін өз ұлтын сондай дәрежеде сүю керек. Бұл ретте Герман Гессенің Гете туралы:

"Даналық сөзді айту – кез келген заманның, кез келген халықтың және кез келген тілдің пешенесіне жазыла бермейді, сондай-ақ құбылыстың құдіретін білетін және сөз шебері боп туған ғұлама кез келген ғасырда өмір сүрмейді, алайда кез келген дәуір мен кез келген халық ортақ қазынаға өз сыбағасын қосады",- деген пікірі Абайдың тұлғасын толық бере алады.

Абай сияқты өз ұлтыңды батыл сынап, басқа ұрып отыру үшін Абайдың жүрегі керек. Гетеге берген Гессенің бағасындағы шартқа сай келуің қажет. Қандай мейірімді ұлт болмасын кез келген талантты тұқымын ретсіз тайраңдатып қоймайды.

Абайды мінеген міні үшін жазғырған қазақ әлі туған жоқ. Туа да қоймас.

Өйткені оның әрбір сөзі – сол ұлттың өз сөзі. Сол ұлттың ойлау жүйесінің жемісі. Абайдың ойы өз ұлтымен ғана шектеліп қоймайды, исі адамзаттың сана дәрежесіндегі кеңістікке шығып, ақыл-ойдың дамуына тың ағыс, тыныс береді, ой қосады. Оның пайымы:

"Адам баласына – адам баласының бәрі дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде-туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің,- бәрі бірдей; аһиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, маһшардағы сұрауың бірдей; екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың, бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге қонақ екенсің; біреудің білгеніне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, иә көрсеқызарлық қылып көз алартпақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетіммен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? – деген ортақ дүниеауилық парасатқа саяды.

Бұған қарап Абайды массондық тұлғасыз, ұлттық ерекшеліксіз "ғылыми коммунизмнің" таным жақтаушысына жатқызуға болмайды. Ол Гете, Пушкин, Лу-шың сияқты аса терең ұлттық парасат иесі.

Өзге ұлттың бәрін, мұсылманы бар, кәпірі бар, буддасы бар, түгелдей үлгі етіп отырып, өз ұлтының да қасиетін жоғары қояды. "Інжілді", "Тауратты", "Зәбірді", "Құранды", Будда әфсанасын санада саралай келіп, олардың ақыл, инсан мәйегін сора келіп, өз ұлтының рухани қорғанышын танымнан іздейді. Таным болғанда "дін исламға" тиянақтанады.

Тіпті, ашып айтсақ, жойылып, сіңіп, шоқынып кетуден сақтайтын бір медеуді иманнан іздейді.

Шындығында да, мұсылмандықтың қатал шарты мен мінәжаты, иманның ділі қазақты бурят, хахас, ойрат, чуваш, мордва іспетті халықтардың кебін құшып жаппай шоқынудан сақтады. Әйтпесе, Абай Құнанбаев – Алексей Кириллов, Тұрсын Жұртбай – Тимофей Журавлев болып шыға келер еді. Оған тосқауыл жасаған Абай сияқты ұлттық тұлғалар. Олар миссионерлікке өз ұлтының мүдделерін қарсы қойды. Бопсаға буыны босағандарға қарата:

"Құдайтағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік? – демек, "Құдайтағала сеніменен бірдей жаратып па? - демек, құдайтағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл-ойсыз, өнерсіз, надан адамның ісі. Оған құдайтағала: көрме, естіме, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкі мен ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып алып, хайуан бол деген жоқ", -дейді.

Мұндағы әр сөздің астарында мағына бар. Ең бастысы "ішкі қазына" деп отырғаны-рухани тұтқа.

Алдағанға, аярлыққа, азғырғанға көнген адамның Алланың атын жамылып ақталуы Абай үшін сатқындыққа салынады. Рухани сатқындыққа себеп жүрмейді. Өзінің "ойсыздығын, надандығын" Аллаға "жала жабу" арқылы ақтауға жол жоқ. Өйткені, жаһангердің жойыттығы мен миссионерлердің жаһилдығын "көрмей, естімей" отырғансығанына Алла жауапты емес. Көрсе де – көрмегенсіп, білсе де – білмегенсіп, естісе де – естімегенсіп, "ескермегенсіп, есіне сақтамағансып" көлгірсу – адамдықтың емес, "хайуандықтың белгісі". Саналы хайуан. Ал намысына тиіссе-шамдана беретін, оған "ақылды хайуан бол деген ешкім жоқ".

Міне, рухани қорғанысқа, "ішкі қазынаны жоғалтпауға" шақырған Абайдың амалы осы. Мұны қазіргі саяси тілмен айтқанда азаматтық мойынсұнбау дейді. Отаршылдық пен шоқындыру саясатының түпкі нәтижесі қалай аяқталғанын Абай дегдар Дрэпердің:

"Халықтарды сіңістіріп, будандастырып жіберетін екі түрлі себептердің қайсысы қолайына келіп тұрса, сол үйлесім жеңеді, тіпті будандасу күшпен, мысалы жаулап алу арқылы жүргізілсе де оны тоқтата алмайды. Мәселенки, Италияны тағылықпен басып алу арқылы бірнеше ғасырдың ішінде сол уақытқа дейін сондай үйлесім тауып тұрған шығанақтағы Римнің тектік тұтастығын түбірімен өзгертті: ескі дәстүрлер жойылды, көне дін шеттетілді, тіл құрыды. Бірақ та жеңген тұқым жеңілген жұрттың көсемдігін мойындады. Олар Дунай бойының аңыздарын ешқандай қынжылмастан ұмытты да ұлы республикашылар заманының даңқына масаттанып шыға келді. Будандасқан қан будан ойды тудырады. Өзі италияндық, осы жайды терең сезіне білетін жоғарыда атап өткен мемлекеттік ұлы қайраткер, мынаны аңғартты: Цезарь мен Помпей жоғалды, олардың орнын Иван, Матвей мен Перт алды. Тағылардың кісі есімдерінің өзі сырт көзге де және былай да тағылық идеяның белгісі болып табылады. Күткендегіміздей, осы бір будандасқан қауымның дәстүрі де, тілі де, кісілер мен жер-су аттары да өзгерді, өзендер, қалалар мен адамдар жаңа атқа ие болды", -деген пікірін көз қиығымен қарап шыққанда-ақ түсіне қойғаны анық.

Дәл осы күйді қазақтар да басынан кешті.

Абай заманында-ақ нышан танытқан бұл "үйлесім" жыл өткен сайын үстемелей түсті. Қызылжар – Петропавловскі, Алматы – Верный, Аякөз – Сергиополь, Селебі – Челябі, Сарытау – Саратов, Үйшік – Гурьев атанды. Ал адам аттарына келсек, тағдырдың тәлкегіне орай, бүкіл ғұмырын қазақтың ұлт-азаттық күресіне жұмсаған, басын тура мағынасында айтқанда, қылышқа қидырған Хан Кененің тұқымының бірі XIX ғасырдың орта тұсында мәжбүрсіз шоқындырылғанын, оның немересі Кеңес Одағының қолбасшысы, батыр генерал-майор Моисеевский Александр Гаврилович деген атпен мәлім болғанын айтсақта жеткілікті. Тұтқынға түссе де тұқымын ұмытпаған бекзада анамыз тегін ұмытпау туралы өсиет қалдырса керек. Генералдың жұбайы оның суретінің сыртына "Құрметті Нәтәй Әзімханұлы (Кенесарин – Т.Ж.) аяулы Хадиша Ибыраймқызы (Нәтәйдің әйелі), осы бір адамның бейнесін мәңгілік ұмытпасаңыздар екен, бар күшін сарқа жұмсаған және өмір бойы өзін қазақ халқының өкілімін деп есептеп кетті -деп жазуына қарағанда текті адам тектілігін танытатынын байқатады. Шоқынғаны үшін Александр Гаврилович төре жазықты емес еді. Жазықты-отаршыл ел мен қиянатшыл шіркеу тақуалары.

Нақты дәлелденбеген есеп бойынша жиырма мыңнан астам адам шоқындырылды. Соның ішінде қаншама қаны бұрқыраған ыстық сезімді, зерек зейінді тұқым будандасып кетті десеңізші. Аты аңызға айналған адвокат Плеваконың шешесі қостанайлық Алма атты қыз екенін, азамат соғысында әйгіленген генерал Корниловтың шешесі қарқаралылық Рахия, әлде Рахила есімді әйел екенін дәйекке келтірсек те жеткілікті.

Алтын Орданың тұсында басталған шоқындылардың ұрпағынан орыстардың мақтанышына айналған Державин, Карамзин (Қарамырзаның тұқымы), Тургенев (Түргеннің тұқымы), Бекетов (Бекет), Менделеев (Меңділінің тұқымы), Достоевский (Арсылан бектің тұқымы), Куприн (Құлыншақтың тұқымы), Ахматова (Ахмет ханның тұқымы) іспетті тұлғалардың атын атасақта біраз жайды аңғарамыз. Дүниенің рухани тұтқасы христиандық сенім деп тұжырым ұсынған П.Я.Чаадаев шіркеу миссионеріне қарата:

"Сіздер славяндық ерекше таным әлемін құрғыңыз келеді ғой, ендеше өз кезегінде татарлар (Алтын Орда құрамындағылар – Т.Ж.) неге татар (Алтын Орда – Т.Ж.) әлемін құруға талпынбады? Осы екі нәсілдің өткен тағдырын салыстырып көріңізші, сонда сіздерге қарағанда татарлардың (Алтынордалықтардың – Т.Ж.) табысқа жету мүмкіндігі әлдеқайда көп екендігіне көзіңіз жетеді. Өйткені олар өздерін жауынгер қағанатының негізін қалаушы ретінде көрсете білді. Мұхаммед дінінің күні өтіп бара жатқаны аян, бұл-шындық.

Олар әзірше мұсылман болып тұрғанда, әлемдік сахнаға тағы да жарқылдап шыға алмайды, алайда сәті түскен сәттердің бірінде олар христианға айналады-міне, сол кезде олардың күні туады. Дүниені өте бір тосын болашақ күтіп тұр: әлемнің жартысы-славяндарға, жартысы-татарларға (бұрынғы алтынордалықтарға- Т.Ж.) қарайды. Міне, сол сәттен бастап адамзатты билейтін екі ұлы идея – пан-славяндық пен пан-татаршылық (Алтынордашылық – Т.Ж.) болады. Әрине бұл екі жүйе адамзат қоғамының ілгері даму қозғалысын сондай қарапайым күйге түсіретінін мойындау керек -деп пікір айтқанда, шоқынған алтынордалықтардың тектік сыпатын мегзеуі де мүмкін.

Мұсылман дінінің жойылып бітуіне және мұсылмандардың шоқынатынына кәміл сенудің астарында, Ресей миссионерлерінің бағытынан толық мағлұмдар болғанын аңғартады.

Чаадаев үшін Ресейдегі мұсылмандардың шоқынуы – рухани зандылық еді.

Демек, Дрэпердің римдік текке өкінгені сияқты Абайдың да тек үшін алаңдауы орынды болатын.

Абай дінсіздіктен қатты сескенді және ессіз берілген тәркі діншілерді де, яғни әсіре әулиешілерді де жаратпады. Дінді "ақылға, әдепке, ынсапқа" (Абай) лайықтап ұстап; "құдайтағаланың қуатымен талап, ақылың арқылы тапқан рахатынды көр, қызығын кеш, оған суық көзбен қарама – дейді Абай. Мұның астарында ұрпақ пен өмірдің қамын ойлаған қамқорлық жатыр. Тәркі дүниеге еріккеннің иманы да пәтуасыз келеді. Оның санасында парық пен пайым ұғымы ажыратылмайды. Тектік дамудың мүддесі оған жат. Бұл – ішкі қарсылықтан, рухани қорғаныстан айырылған адам. Күрес қабілеті жойылған. Былайша айтқанда, дін жолындағы мәңгүрттер. Абай ондайлардан мұқым елді сақтандырады. Халықты "уайымсыз салғырттықтан" сескендіреді. Мұның кесірін:

"Сахиб ниғметке (құдайдың жомарттықпен берген қабілетіне, қуатына) шүкірлігің болмаса, (онда сен) әдепсіздігіңмен күнәһар болмайсың ба? Екіншісі: бұл жолдағылар қор болып (ұрпақсыз кету) кету қаупі бар. Кәпірлерге жем болып кету де, қайсібір сабырсыз жолдан тайып, сабырмен (осылай) бір қарар (біраз жүре) тұрармын деген (мен) кетселер де керек. Егер де бұл жол жарым-жартылай (тәркі дүниешілерге) ғана айтылған (көрсетілген) болса, (онда) жарым-жарты рас (шындық) дүниеде бола ма? Рас (шындық) болса – әммаға бірдей рас (шындық) болсын, алалаған растық бола ма һам (ол) ғаділет бола ма? Олай болмағанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда-кәмәләт та (толысу) жоқ", -деп түсіндіреді.

Күрес қабілеті, пендешілік сезімі, рухани қорғану түйсігі, ұрпақ жалғастыру мүддесі, сабырлы пайымы қалыптаспаған әулие-әулие емес.

Алланың оларға жеке дара шығарған жарлығы жоқ. "Растық", шындық – біреу. Бұл жолды "ұстаған жұртта – ғұмыр жоқ", яғни өмір сүруге қақысы жоқ не "кәмәләтқа жетуге" дәрменсіз калады. Ұлтты жоюға бастайтын жол. Сондықтан да Абай діни арандатудан қатты тітіркенеді. Ол өте қауіпті тәсіл. Мұндай "жарым-жарты растықты" малдана берсе олардың "кәпірлерге жем болып кетуі де" мүмкін, "жолдан тайған сабырсыздардың" ұшырауы да сондықтан.

Абайдың ой ағымы осыған жетелейді. Ал тарихшы Санжар Аспендияровтың дәлелдеуінше:

"Арандату әрекеті патшалық саясаттың төрінен орын алды, әлемдегі өзге де империялық күштер сияқты оны әккілікпен пайдаланғаны" даусыз.

Әрине, отаршыл әкімшілікпен біте қайнасып, "жандармерияға айналған" миссионерлер де сол "арандату әрекетін" барынша әккілікпен ептеп-септеп жүзеге асырып жатты. Олардың бұл аярлықтары іле әшкереленіп те жатты. Өйткені миссионерлік уағызды жүргізуге православие шіркеулерінің мәдени, рухани өрісі мен әдебі жетпеді. Орысшыл-ұлтшылдықпен суарылған діни уағыз құдайдың ақ сөзінен гөрі ақ патшаның жарлығына ұқсап кете берді. Ал жергілікті жерлерде поптар мен урядниктердің айырмасы жоққа тән болды. "Қайырымды әкей" қайырымсыз қылыш иесімен шеру тартып, қатыгездікті қатар тұрып жасады. Ғайса пайғамбардың дінімен емес, шіркеудің шермиген попынан жұрт сескенді. Зады, жаугершілік те, миссионерлік жорық та, отарлау саясаты да сол зорлықшыл елдің бет-бейнесін, ішкі мәдениетін, даму дәрежесін көрсетеді.

Ұлт пен ұлттың сіңісу заңдылықтарын жете зерттеген Дрэпер бұл жөнінде ой сабақтай келе:

"Ең басты мына үш заңдылықты есте ұстау керек: 1) Жат жерге аяқ басқандардың саяси қозғалысы олардың қандай қоғамдағы қандай тектен: жұмысшылар табынан ба, әлде, зиялылар қауымынан ба, қайсысынан шаққанына байланысты. 2) Тектік тұтастық қоғамның беріктігіне кепіл береді, бірақ кей тұстарда тоқырауға ұшырауы мүмкін. 3) Тек қана қаны будандасқан адамдардан құрылған қоғамның әлеуметтік әрекеті үнемі үстемеленіп отырады, егерде қанның араласуы өте төмен болса, онда қауымның белсенділігі де соншама төмендейді", -дейді.

Бұл реттен алғанда қазақтың жолы болмады.

Әңгіме – орыс қоғамында емес, сол орыс қоғамына сыймаған жырындылардың қазақ даласына "құрметпен" жер аударылуында еді. Зиялылардың ортасына сыймаған "зиялылар", шіркеуді шіріткен поптар мен тақуалар, әскери антты бұзған есерлер, кеңсенің қадірін кетірген шенеуніктер, су жұқпас сот пен парақор прокурор, мақтан сүйгіш генералдар мен жалған ақпар жазғыш көшірмешілер келді. Ал саяси сенімсіздердің жөні басқа болатын. Қысқаша қайырсақ, С.Аспендияровтың сөзімен айтқанда:

"Жаңа отарлау саясатын жүргізу үшін патша өкіметіне салиқалы "мамандар" керек болды. Әкімшілік аппаратының жоғарғы және ортаңғы буыны Салтыков-Щедриннің сайқымазақ қаламы мен қарғыс таңбасы басылған ресейлік бюрократияның сужұқпастарынан сұрыпталып алынды. Осы топқа жататындардың ішіндегі ең сорақысы Қазақстанға тап болды. Алыс аймақтан лауазым мен орден іздеген мансапқор, қымқырып-жымқырып қойған не тақырға отырған дворяндардың бозөкпелері т.б. осында ағылды. Олар сайлау барысындағы жөнсіздіктермен күресуді ойлағаны былай тұрсын, патшалық отарлау жүйесінің ең сорақы әрекеттерінің гүлденіп, өркендеуіне тікелей қолғабысын тигізді. Қазақстанды басқару туралы низамнан кейінгі кезеңде – қызмет бабын бас мүддесіне пайдалану, парақорлық, қарапайым халықты әкімшілік атынан тану, мұндай бейбастақтығы үшін жаңадан келген келімсектердің қолтығына су бүрку әрекеттері барлық жерде жаппай орын алды. Сол кездегі патша әкімшілігінің үстінен сот істерінің құжаттарын (Мәселен, губернатор Головачевтің, полковник Колзаковтің қылмысты істерін) архив сөрелерінен көптеп табуға болады".




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 324; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.034 сек.