Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 22 страница




"Алтынсарин қазақтардың ортасында өзі мектеп ашса, орыс һарпін сонда қолданса, оны орыс елінің адамдары әдейі істеп отыр дегізбей, өзі ашқан сияқты боп сырт көзге көрінсе және оны ашқызып отырған орыс чиновниктері екенін халық сезбейтіндей егіп жымысқылап жүзеге асырса, бұл идея Алтынсариннің идеясы болып халыққа сіңіп қалар еді", -деп астыртын сыпсыма хатты Ағарту министрлігіне жөнелтіп жатты.

Бұл шырғаға Ыбырай жақсылап тұрып түсті. Өзінің миссионер болып шыға келгенін бірте-бірте түсінді. Екі оттың ортасында қалды. Мұны Мұхтар Әуезов:

"Ол шіркеу мен мұсылмандық ықпалдың қысымында қалды, екі бүйірінен бірдей шаншу қадалды. Мұсылмандар болса оны қазақ шәкірттерін шоқындырғысы келді деп күстаналады, ал оған ресми түрде кеңес берген Ильминский болса нағыз миссионер-християнның өзі еді, ол жұрттың бәрін осы мектеп арқылы тезірек орыстандыруға болады деп сендіріп, өзінің діттеген идеясын табандап тұрып жүргізді", -деп түсіндірді.

Ақыры Ыбырайдың исі орыс жұртынан түңілуіне алып келген мұндай оқиға кездейсоқ жай емес-ті. Смағұл Садуақасұлы өзінің сөзін бұдан әрі:

"Бұдан дарынды да, елге жайылған атақ-даңқы да асып түспесе кем емес тағы бір қазағымыз өткен, Ол – Шоқан Уәлиханов. Бұл – орыстың Шығыстағы адал күрескері болған. Уәлиханов патша үкіметінің соғыс министрлігіне дерек жинау үшін Қашқарияға құпия сапар шеккен, дүниеден өтеріндегі мінезіне қарасақ, оның да ақыры Алтынсарин сияқты аяқталғанын көреміз. Ол да өмірінің соңында барлық орыс достарынан безген; орыс армиясының осынау бір сымбатты офицері кең қолтық қазақ шапаны мен қырдың саптама етігін киіп, сахараның шалғайындағы бір ауылда бұл пәниден өткен. Сібір аймағының билеушісі Ядринцев өзінің азанамасында: Шоқан Уәлихановтың қасіретті қазасы еуропалықтар үшін өктем ескерту, бұл әрі орыс адамын ойландыратын сабақ, - деп атап өткен болатын. Жұртымыздың ұйқыдан оянуының таң сәрісінде тіршілік кешкен зиялы қазақтарымыздың мәдени Еуропамен қалай араласып, не харекет қылғандығын байқау үшін осы екі мысалдың өзі-ақ жеткілікті ғой деп ойлаймыз... Алтынсарин мен Уәлихановтың басына төнген ішқұса қасірет сол кісілердің өзімен қоса о дүниелік болған шығар деп үміттенеміз", -деп жалғастырады.

Өкінішке орай, Смағұл Садуақасұлының бұл үміті ақталмады. Ыбырай мен Шоқан отаршылдық пен миссионерліктің соңғы құрбаны емес еді. Аяр ағартушылықтан құтылғанына қуанған оқу ағарту комиссарының өзі де төрт жылдан кейін "коммунистік колонизаторлықтың" құрбандығына шалынып, Шоқанның тағдырын құшты.

Ал Абай сол үмітті сәтті көре алмай түңілумен дүниеден өтті.

Аса талантты Шоқанды қабірге жетелеген дерттің бірі де осы миссионерлік ағартушылық еді. Түркі халықтарының қамқоршысымағы ретінде танылған Н.М.Ядринцевтің өзі Шоқанның қыршыннан қиылған өлімін шоқындыру идеясына пайдаланғысы келді. Ол үшін Шоқан ең алдымен насихаттың құралы, содан кейін барып ғалым болатын. Шоқанның Черняев жорығынан, Петербургтегі ғалымдардың миссионерлік пиғылынан көңілі қатты қалып, ақыры орыстық идеяны ұстаған әкесіне де ренжіп дүниеден баз кешіп кетті.

Өзіне бейтаныс елді жағалап, Алтынемелдің топырағын жамылды.

Бұл да халқына көрсеткен бір мінезі еді.

Шоқан өзінің әрбір ақыл-ой жетістігі арқылы ұлтын рухани тәуелділікке баулитынын сезді. Мұның тарихи миссиясы миссионерлікке жол ашу екендігін кеш түсінді. Түсінді де өз таланты мен талабына тыйым салды. Шоқанның ең үлкен қасіреті сол еді. Оның перзенттік парызын адал өтей алмайтыны анық еді. Себебі, мұның астарын Шоқанды жақсы көрді деген Н.М.Ядринцевтің өзі:

"Бұратаналардың экономикалық және азаматтық тіршілігінің жақсаруына байланысты бұратаналардың рухани дамуы (шоқындыру деп түсініңіз – Т.Ж.) мен білім алуына көмек көрсетуді ойлайтын да кез туды. Біз бұл арқылы жалпы адам құқығының еркімен қоса көптеген бұратана нәсілдерін құткара аламыз деп батыл айта аламын. Егерде біз олардың арасынан сауатты, қаны мен тегі бір, сол халықтың рухы мен мінезін білетін, халықтың тарихымен тамырласып, өзінің жан дүниесі мен жүрегін, махаббатын бұратаналарды будандастыру (эмансипациялау, яғни шоқындыру – Т.Ж.) іспетті біздің ұлы мақсатымызды жүзеге асыратын және бүкіл ғұмырын өз бауырларын қорғауға (жат діннен – Т.Ж.) жанын сала бағыштаған адамдарды тәрбиелеп шығармасақ, онда біз бұратаналарға әсер ететіндей өзге тәсілді ойлап табуымыз кәдік, онда біздің қайырымды құтқарушы қайраткер, ең бастысы, бұратаналардың қабілетті, қамқор жетекшісі және ұстазы болуымыз екіталай. Бұратаналардан мұндай тұлғалар өте аз шықты. Керісінше, біздің уағызымыз бұратаналарға кесірлі кейіпте сіңірілді. Орыстандырылған әр түрлі тәржімашылар, шолақ етектер (кеңсе қызметкерлері) және басқарудың тетігін меңгерген бұратана сұлтандар мен тайшылар орыс қанаушыларынан да бетер қиғылық салып, өзінің туыстарының ең кесірлі дұшпаны мен жәбірлеушісі болып шыға келді. Шоқан Уәлиханов пен Доржы Банзаров сияқты жалғыз-жарым тұлғалар ғана өзінің халқын жалынды ыстық жүрегімен және еуропалық ғылымның жарқын да салауатты парасатымен сүйе жүріп бұратаналардың үмітсіз келешегі мен тұйыққа тірелген қасіретіне көзі жетті, сонымен қатар қалыптасып келе жатқан жаңа жағдайдың (орыстандырудың – Т.Ж.) шатқаяқтығын сезіп, қайғы-қасірет жұтқан олар жанталаса айқайлап, өздері шыққан қапас шыңырауға қайта құлады", -деп ашық жазды.

Шоқанның ширыға шымырқанып, ақыры тұңғиыққа батып тынуының себебін Н.М.Ядринцев дәл тауып отыр.

Шындығында да, асыл текті, бекзат ойлы, сұңғыла намысты Шоқан өзін ет комбинатының қасапханасына отарды бастап баратын қу мүйізді серке – "козел – провокатор" іспетті сезінді. Бұдан үлгі алған ұрпақты да сол тауқымет күтіп тұрды. Оның шенге де, шекпенге де, әке үгітіне де қарамай бетін патша кеңсесінен теріс қаратуының мәні осында жатыр еді.

Мұндай талантты тұлғалар орыс империясына да, православие миссионерлеріне де аса қажетті-тін. Шоқан Петербургте жүріп соны түсінді. Тіпті, "мен сізді туған бауырымнан да артық сезіммен сүйемін" деген ұлы Федор Михайлович Достоевский, XIV ғасырдағы "Алтын орда" төресі Арсыланбектің тұқымы Федор Михайлович Достоевский бұратаналардың шоқынуын тарихи заңдылық деп бағалауы сол тұстағы орыс оқымыстыларының барлығының да миссионерлік көзқарасты қатты ұстанғандығы және оны "бұратаналарды құтқару, оқу ағарту" жолындағы "ұлы мақсат" ретінде бағалағаны – діні басқа ұлттың рухын қорлау еді. Ең бірінші боп оны ұғынған және сол рухани тәуелділікке шыдамай булығып өлген иман иесі – Шоқан Уәлиханов болатын.

Орыс мәдениеті оны ақыл-ойдың биік парасатына көтерді, орыс отаршылдары мен миссионерлерінің "құтқарушы ағартушылық саясаты" оны көрге тықты.

Сондай құрбандықтарға күйінген Абай кейде өзін-өзі:

Ары кеткен алдағыш,

Мені-ақ алда, сөкпейтін.

Балы тамған жас қамыс,

Ормасаңшы көктейін, -

деп салауат жолына атайды.

Дербес тәуелсіздікті ойлаған қазақ оқығандарының патша тұсында да, кеңес тұсында да түрмеге түспей құтылғандары шамалы. Олардың дені "көктей орылып" кетті. Абайдың бұл сөзі Шоқанға айтылған жоқтау сияқты.

Өйткені қарауылдың ұшына қашанда таланттылар бірінші ілінеді.

Ал империя мен православие миссионерлері ең алдымен жат жұрттың арасынан шыққан оқымыстылар мен таланттыларды өз ықпалына алып, ырқына көндіруге тырысады. Олар орыс тәрбиесінен тәлім алған тұлғалардың тарих сахнасына көтерілуіне мүдделі болды.

Миссионерліктің өзегі – уағыз, уағыз өзегі – насихат.

Насихат арқылы православие мен отаршыл империяның беделін асыру көзделді. Олар қалай сақ қимылдаса да орыстандыру мен шоқындыру саясатының әшкереленетінін білді. Білгендіктен де халықтың рухани ашуын жұмсарту үшін тілге тиек ететін "ұлы үлгі" қажет еді. Ғылымға миссионерлік қызметінің себепкерлігімен келген Н.М.Ядринцев өзінің "Орыстық Шығыстағы бұратаналарды ағарту" атты мақаласында:

"Соңғы уақыттарда алдына жалғыз-ақ мақсат – қазақтарды орыстандыруды ғана көздеген оқу жүйесін бастауға бірнеше талпыныс жасалды, оның ішінде ерекше пансионаттар мен интернаттар болыстар жинаған қаржының күшімен ашылды, яғни мұңдай мекемелердің ашылуынан зәресі ұшатын қазақтардың өз қаржысы жұмсалды... Оқу мен орыстандырудың бұл тәсілі пайда әкеле ме, жоқ па, белгісіз, бірақ та қазынаның көк тиыны шықпайтыны анық. Сұлтандардың балаларының бірен-сараны әскери оқу орындарында тәрбиеленіп жатыр, мұның өзі тек Батыс Сібірдегі қазақтардың санына шаққанда өте мардымсыз. Жоғарыдағы келтірілген деректерге жүгінсек, біз бұратаналарды оқытуға көңіл бөлмеппіз, бұл ортадағы ағарту жұмысы ешқандай да нәтиже бермепті. Отарға айналдырған елдердегі Англияның жат жұрттың терісін сыпыра қанап жатқандығы туралы қанша қақсасақ та, Индияда мектептер мен университеттер пайда болды, индустардың арасынан Рамогун Рой, Дворканат, Жиджибтай сияқты тамаша ғалымдар мен қайраткерлер шықты, мектеп салуға және еуропалық өркениеттің жетістігімен бұратаналарды таныстыру үшін қыруар қаржы бөлінді", -деп өкінді.

Несі бар Н.М.Ядринцевтің, мемлекеттік деңгейдегі миссионер-ғалымның, өкінсе-өкінетіндей жөні бар еді.

Ресей бодан елдеріндегі бұғаулы саясат арқылы өзінің де мешеулігін танытты. Әлем жағрафиясында отарлау қартасы жасалып жатқан тұста қылышқа сүйенген Ресей рухани өмірге келгенде тоңмойындық мұжықтық можантопайлық көрсетіп алды. Өзін-өзі әлемнің алдында ақтау үшін енді қалайда бодан елден міндетті түрде миссионерлік ағартуды жақтайтын тұлға жасап шығару қажет болды. Ондай шырғаға түскен Ыбырай Алтынсарин ажал алдында иман қайырып, 99 молдаға жаназа шығартты. Алла алдында күнәсін жуу үшін "Мұсылмандық шарты" атты діни оқулық жазды. Шоқан Абылай атасының мінезіне салып "қылыш үстінде серт беріп" шыға келді.

Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел.

Алдыңғы толқын – ағалар,

Артқы толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер, -

деп өзі айтқандай, ендігі кезек Абайдікі болатын.

Алдыңғы толқын ағаларының жан күйзелісін Абай білді ме, ол жағы беймағлұм.

Шоқан Семейде жүргенде Абай сонда шәкірт болатын. Ф.М.Достоевский келіп қымыз ішіп, тойға қатысатын Тінбайдың үйінде жатты. Таныс-таныс еместігі ешқандай құжат арқылы әлі дәлелденген жоқ. Бірақ та Шоқанның атын, оның қыршын жасында қаза тапқанын, оқымысты ғалым болғандығын жақсы білді. Шоқан оқыған Омбыдағы кадет корпусінде туған ағасы Халилолла оқыды. 1851 жылы Құнанбайды Омбы түрмесіне кепілдікке алып, Қарқаралыға жеткізген Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиұлы болатын. Демек, Абай Шоқанның қасіретін білді. Ал Ыбырай туралы дерек түгіл жорамал да айтуға негіз жоқ. Естуі, не орыс һарпімен шығарған әліппесін оқуы мүмкін. Соларға туған күн Абайға да туып, миссионерлер оны да жағаттай бастады.

Семейдегі орыс достарының бәрі де оның шын жанашыры емес еді.

Шіркеудің свещенниктері мен поптардың бетін қайтарған пікірталастарына қатысқандығы туралы ауызекі әңгімелер сақталған. Алайда Абайға жасалған осы жыпсыма жөнінде Мұхтар Әуезов "Абай жолының" қысқартылып қалған тұсында барынша ашық және анық баяндады. Мұның егжей-тегжейі Мекемтас Мырзахметовтің "Қазақ қалай орыстандырылды?" атты кітабында тарқатылған. Мұхтар Әуезов қиын кезеңнің өзінде миссионерлік "ізгілік әрекеттерін" шығармасына тегін арқау етпеген.

Абай Семейдегі ақ шіркеудің жанындағы қазақ пен ноғай, татар балаларын шоқындыратын діни мектепті қалаға барған сайын көрді және шіркеудің тақуаларымен де, ағартушы-миссионерлерімен де сан мәрте жолығып, пікір таластырды. Христиандық уағыздарды насихаттайтын кітаптармен де танысты. Ол неғұрлым рухани шабуыл күшейген сайын, соғұрлым исламның тарихы мен танымына талдау жасап, танымын тереңдете түсті.

Рас, ол әуелде діни айтыстан бойын аулақ салған.

Бірақ ақыры дін исламның басына шоқыну шындап төнгенде Семей шаһарындағы "ізгі миссионерлер" ұйымдастырған таным тайталасына қатысып, жеңіп шыққан. Ол жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Н.М.Ядринцев көксеген "ізгілікті ұлы адамның" барлық шартына Абай сай келетін. Ақыл-ойы озық. Орыс мәдениетін сүйеді және біледі. Томырық мінезді патша дәбірлері Абайды икемге келтіріп, бопсалау үшін қала жандаралының бастығын жұмсауы заңды. Абайдың басынан дау кетпей жүргенде оны сескентіп барып "ізгілікке тартпақ" болған.

Бұл жайларды архив деректері де растайды. Ендеше, "Абай жолының" соңғы нұсқасына кірмеген жандарал мен Абай арасындағы әңгіме Мұхтар Әуезовтің көркем қиялы емес, өмірлік шындық болып табылады. Сөзіміз дәлелді шығу үшін жариялауға Мұхтардың жүрегі дауаламаған, бірақ жазуын жазып қалдырған оқиғадан қысқаша үзінді келтіреміз. Лосовский өмірде болған, Абаймен біршама уақыт жақсы араласқан адам. Онда:

"Кейінгі сөзінде жандарал христиан дінін, соның ішінде православиені барынша мақтап, ұзақ сөйледі. Киргиз сияқты Ресей империясының қарамағына кірген Сібір бұратана өкілдерінің көпшілігі өз діндерін тастап, шоқынып жатқанын көп таратып айтты. Және солардың осындай тарихтық өзгеріс арқылы ислам дінінде отырған қазақ сияқты елдердің бұдан былай тез өсетінін, бақытқа тез жететінін баяндап, дін үгітшісі сияқты боп кетті. Бір кезек бұны үндемей, ойланып тыңдап отырған Абайдан үлкен үміт еткендей сөйлеп барады. Абайға ақылшы боп толғанады. Бір ғана Пушкин, Лермонтовтар емес православие шіркеуінің үлкен ақылды, білімді өсиетшілері бар екенін де айтты. Сол жөнінде Қазанда аты шыққан миссионер Ильминскийді, Түркістанға мәлім миссионер Остроумовты және әсіресе өзімен таныс, Омскіде тұратын әрі ағартушы, әрі зор миссионер Алекторовты да айтып өтті...

... Сол елдердің шоқынған тарихтарын еске ала отырып, жандарал сондай зор жауапты жұмыста жергілікті беделді княздар мен рубасылардың, бектердің көп пайдасы тигенін айтты. Кейбір княздарды олардың көп пайдалы істер істегені үшін его императорское величество Петерборға шақырып, үлкен алғыстар білдіргенін айтты. Ол ғана емес, Иркутскінің және Батыс Сібірдің кейбір губернаторларын да осы жолда жақсы ізгілік іс істегені үшін святейщей синод көп алғыс айтып мақтаған екен. Екі губернатор Петерборға шақырылып барып, көп сыйлықтар алыпты. Аса қадірлі монаршая милость жарияланғанын да жандарал еске салып өтті - деп баяндалады.

Бұндай бопсаға Абай:

- Өз халқымның ортасындағы менің абыройымды, беделімді ұлық дәрежелі әкімдер мұншалық ілтипатпен бағалайды деп ойлаған жоқ едім. Және халқыма менің ететін әсерімді осындай жолмен пайдалануды ұлықтар ойлар-ау деп күткен де емес едім... Менің халқым діндар болмаса да, фанатик болмаса да өздерін мұсылманбыз деп санайды. Оның тарихы, болашағы жақсылыққа ауысып өзгереді, өседі деп үміт еткенде, мен мүлде дінді өзгерту арқылы жақсылыққа жетеді екен деп ойлаған емеспін. Халқым шала мұсылман болса-мен өзім де сондай мұсылманмын. Шала діндар күйінде күн көремін. Бұл жасқа шейінгі өмірімде дін ұстазы, дін өсиетшісі болып көргемін жоқ. Сөйтіп мен нашар молда болған кісі едім. Енді менен: "жақсы поп жасауға болады - деген сіздердің сенімдеріңіз қалайша туғанын аңғарып болғаным жоқ - деп жауап береді. Сөйтіп, Лосовский Абайды ұға алмай, әзірше ең алдымен миссионерлік міндетті алатын (адамды) Құнанбаев ете алмай кетеді".

Дәл осындағыдай сөз дәлме-дәл айтылмағанымен Абай мен миссионерлердің арсында мұндай әңгіме болғаны шындық.

Бірақ та халықтың "дінін өзгерту арқылы жақсылыққа жетуге болады", өзінің ақылмен таныған иманын тастап "жақсы поп шығады" деген уағызға сенетін және ондай арандатуға көнетін адам Абай емес еді. Сыпайылық сөзді Мұхтар Әуезов жазушы ретінде қолданып отырғанымен, Абайдың орыс миссионерлеріне өкпесі қазанның күйесіндей қарайып шығып еді. Ал "Ұлы тұлғаларды" торға түсіруді жоспарлаған Н.М.Ядринцев, А.Е.Алекторов сияқты миссионер оқымыстылар болатын. Генерал-губернатор да, жандармерия да, прокурор да, сот та, ояз да бұл пәрменді құлшына орындап, "қасиетті синодтан" алғыс алып, олжаға бөккілері келді.

Құлқын не істетпейді десеңші!

Әйтпесе, сол "ізгі жақсылықты" ең әуелі басыбайлы орыс мұжықтарына жасаса, тілектерін Айса пайғамбар қабыл етпейтін бе еді? Қайдам. Қайта сауапқа жатқызатыны һақ емес пе.

Бұл арбау мен алдау кейін де тоқталмады. Әуелгіде мәдениет пен ғылымды үйрену үшін жағаттаған А.Е.Алекторовтан Ахмет Байтұрсынұлы түңіліп барып, бостандықтың жолына түсті. Мұндай аяр "ізгілікті" орыстың бір ғұламасы А.Н.Кононов әшкереледі. Ол түркі мәдениеті мен тілін зерттеуді сылтау етіп миссионерлік әрекет жүргізген "ағартушылардың" XIX ғасырда неге көбейіп кеткенін:

"Ресей империясының шығысын саяси-экономикалық тұрғыдан игеру үшін ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстарды православие шіркеуінің ықпалы аясында алдын ала "идеологиялық тұрғыдан игеру" қажеттігі туды. Бұл міндетті шешуді православие миссионерлері өз мойнына алды, олар өздерінің болашақ кұрбандықтарының (сөздің мағынасы бойынша аударылды – Т.Ж.) тілін меңгеріп, тіршілігімен танысып, дәстүр-салтын білу үшін ерекше камқорлықтағы оқу орындарында арнайы дайындалды", -деп түсінік береді. Иә, сол миссионерлердің аты тарихта уағыздарымен емес, ғылыми еңбектерімен есте қалды. Тағдырдың тәлкегі деген осы. Олар мұқым ұлтты жойып, дінінен аздыру үшін келді де ақыры сол ұлттың рухани тарихшысына айналды. Қазақша өлең жазатын А.Е.Алекторовты қазақтар ұлттың жанашыры деп қабылдап, көкке көтеріп бақты.

Бұл сауаттылық па, сауатсыздық па, әлде намыссыздық па, кім білсін. Әй, осы соңғысы шығар.

Қазақтарды салтанатты түрде шоқындыруға арнайы кафедралық соборды салған Зеньковтың атына көше берілді: "Мұнда сарттарға, иттерге және қазақтарға серуендеуте рұхсат етілмейді - деп төрт құбыладағы қақпаның алдына жазылған демалыс бағының ішіндегі собордың православие дініндегілерге қайтарылып беру рәсіміне тәуелсіз ұлтымыздың тәуелді басшылары қатысты.

Сонда олар өздерінің қандай рухани қорлықтың алдында тұрғанын сезді ме екен? Қайдам. Мансап үшін иманның да бөгеті болмағаны ғой. Ендеше тәуелсіз елді қандай ар-ожданмен басқармақ? Орыстың белгілі ақыны Ярослав Смеляков әлгі жазуы бар тақтаның сілемін көріп, "Алматы бағында" атты өлең жазып, сол бір сорақы топастық үшін Қазақ ұлтынан исі орыстардың атынан кешірім сұрап:

"Я перед тобой чуть-чуть виноват ", —

деп жайдан-жай айта салды дейсіз бе?

Жоқ. Өзге-өзге, Ярослав Смеляков көлгірситін ақын емес. Мұның барлығы рухани тәуелділіктен әлі де толық арылып болмағанымыздың кесірі. Өз ұлтын өзгенің алдына тізелетіп, бас идірген ел ағалары ар-ожданына жүгініп, халықтан салауат сұрауы лазым.

Тәуелсіз елдің ұлы мен ұлтаны да тәуелсіз болуға тиіс.

Ұлтының өткен тарихын, намысын, рухын саясаттың мүддесіне бағындырып, өзін-өзі жеңе алмаған қайраткер-қайраткерлік түгіл, қатардағы азамат атануға қақысы жоқ. Заманында Шоқан мен Ыбырай, Абай мен Ахмет түңілген шіркеу саясатын, соларды жер астына жетелеген "ізгіліктің, ұлтты қорлау үшін жүргізілген әрекетті қайта тірілту-еліңді, еліңді ел еткен дегдарларды, өзіңді әкім еткен жұртыңды менсінбеу, ішкі рухани сезімнің тұлдығы. Кафедралық собордың қайта ашылуы: сен рухани құлсың бұл бақшаға саған кіруге рұқсат етілмеген, сендер осы арада салтанатты түрде жаппай шоқынуға тиіс едіңдер, шоқындырамыз, біздің "игілікті ізгі миссиямыздың идеясы" өлген жоқ, сен бодансың. Біз сенің жаһангеріңбіз – деп үнсіз жар салып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан тұқымды тұқыртып тұратын болады.

Бұл оқиғаға қазақтың бүгінгі зиялыларының бәрі де кінәлі. Кезінде орыстың атақты тарихшысы В.О.Ключевский шіркеудің қорқаулық пиғылы қақында еш сескенбестен:

"Отбасымызға жандары-жарқын және еш алаңсыз келуіміз үшін театрға барамыз, жаныңды жегідей жеген қыжылды сонда қалдырып, жайбарақат басып үйге қайтамыз. Бірақ та театр мен шіркеуді ешқашанда бір-бірімен шатастыруға болмайды, өйткені шіркеуді қыз-ойнаққа (балаган) айналдырудан гөрі, қызойнақты шіркеуге айналдыру әлдеқайда қиын. Бұдан көрермендер ұтылмайды, мінәжат етушілер ұтылады: алғашқылары көрермен болып қала береді, бірақ мінәжат етпейді, ал екіншілері құлшылықты қояды, бірақ ешқашанда көрермен болмайды -деген болатын.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 327; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.058 сек.