Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 25 страница




Мұндай сорақылықты әр болыс пен би сайлауында көріп жүрген Абайдың отаршылдық әкімшіліктен және оларға сүйенген миссионерлерден түңілсе-түңілгендей-ақ жөні бар еді. Өйткені бұзылған қоғамға бодан болған ел де бұзылып сала берді.

Олардың азып-тозбауға мұрсаты келмеді.

Параға, жалаға, пәлеге, өтірікке, арызқойлықка бойы үйреніп, еті қызып алған соң оларды тоқтату мүмкін болмады. Бұл ұлттық дертке айналды. "Күйе тез жұғады" деген сол. Ал жақсылықтың жолы қашанда ауыр. Қазақ даласына Пушкиннен бұрын пушка, Толстойдан бұрын тақуа жетті. Соның салдарынан, "жауынды алдап қайттым деп, құдайдан қорықпай, иман жүзін тоздырған", "саудасы – ар мен иман болған" антұрғандар пайда болды. Ондай пасықтардың пиғылының астарын ашқан Абай:

"Басына һам өзіне ерекшелік бермек-адам ұлын (баласын) бір бұзатын іс. Әрбір наданның біз тарихатқа кірдік деп жүргені-біз бұзылдық дегенімен бір болды", -деп түйіндейді.

Мұндағы "тарихат – пайғамбардың ақ жолы, сенім мен танымның, адал ниеттің, ақ тілектің жолы. Сол ниеттің өзі қылмысқа пара-пар. Рухани қорғану үшін күрестен бас тартқан оны мойындағысы келмей, сылтауратып "әрекеттен" бас тартқан "тарихатшы - "бұзылғанмен бірдей", яғни "бұзылған", ниеті бұзық, демек, кәпірдің азғырындысы. Ол өзіне қаншалықты "ерекшелік бермек" болса да надан, имансыз күйінде қалады. "Адамның ұлы" атанбайды. Абай мұны тезге салатын рухани көсем іздеп, қорғансыз көп әулиеден тұрлаулы бір тұлғаны артық көріп:

Имансыздық намазда,

Қызылбастар салған жол.

Көп шуылдақ не табар,

Бастамаса бір кемел, -

дейді.

Абай бұл пікірді дер кезінде және өте орынды айтып отыр. Рухани тоқырауға ерген "уайымсыз салғырт" тобырдың ден алып бара жатқан тұсында топан суындай лықсыған тобырды салауат пен сабырға шақыратын "бір кемел" керек-ақ еді. Өйткені:

"Патша ұлықтары қазақтың "қаймағы бұзылмаған таза рухына" мұсылмандардың ықпал етуінен қатты сескенді. Сондықтан да қазақ даласын әкімшілік тұрғысынан қайта құрумен қатар бұл өлкені будандастыру мен орыстандыру жұмыстарын қоса жүргізетін миссионерлік-отаршылдық мақсаттағы мекемелер құрылды. Сонымен қатар, бұл әрекет бағынған халықтардың бодандыққа деген сенімін, самодержавиенің "мәңгілік" екендігіне деген көзқарасын қалыптастыруға да бағытталды, олардың қатарына қазақтар мен келімсек мұжықтар да жатқызылды" (С.Аспендияров).

Ресей жаһангерлігі ел мен жерді отарлау туралы пиғыл танытқан Петр I патшаның тұсында-ақ рухани езгіні қоса қамдастырды. "Қазақ даласын Азияның кақпасы" деп Петр нұсқаған заматта шіркеудің "әулие әкелері" рухани арбасудың жоспарын жасады. Ұлттың "ең шетін, ең нәзік" (Абай) талмауыт тұсын дәп басып, сананы уландыруға ұмтылды.

Бодан жұртты орыстандыру мен шоқындыру әрекетін түбегейлете жүргізу үшін 1731 жылы Сенаттың қасынан "Шоқындыру кеңсесі" құрылды. Ол негізінен Еділ бойындағы татарларды арбауға бағытталды. Бұл азғыруды ғылыми негізге түсіру мақсатымен 1797 жылы Қазан руханият (духовный) академиясы ашылды. Миссионер мамандар дайындалып, олар "орыстандыру палатасы" мен "қоныстанушылар кеңсесінің" дәбірі болып шықты. Солардың бастамасымен 1869 жылы Мәскеуде миссионерлер қоғамы ұйымдастырылды. Олар бодан ұлттарды орыстандырып, шоқындырудың нақты іс жоспарын талқылап, жүзеге асыруды ұсынды.

Ондағы басты бағыттың бірі – қоныстанушылар арқылы күштеп шоқындыру еді. Ал әскери жорықты сәл кейінге қалдырды. Қазандағы руханият академиясының жанынан "қазақ ұлтының сүйікті қамқоршысы" Николай Иванович Ильминский жанығып жүріп "Мұсылмандарға қарсы күрес бөлімін" ашып, оны өзі басқарды. Оның "достығының" астарын осыдан-ақ түсінуге болады. Патша ағзамның тікелей жарлығымен Түркістан өлкесін шоқындыруға дайындайтын архирей кафедрасы құрылып, ол Алматы қаласында орналасты. 1901 жылы Алматыда миссионерлік эпархиальдік мекеме ұйымдастырылды. Алматыдағы кафедралық соборда қазақтарды салтанатты түрде шоқындыру рәсімі өткізілетін болып жоспарланды.

Мұндай рухани шабуылды Абай өте жіті бақылып отырды. Ақыры өзі де таным майданына араласып кетуге мәжбүрлік танытты.

Себебі, бұл аяр саясаттың артында шіркеудің можантопай жаһилдері тұрды. Жалпы еуропа елдеріндегі шоқындыру әрекеті өте дөрекі, күшке сүйенген қатыгездікпен және барлық ғылым, мәдениет атаулыны тұншықтырумен жүргізілді. Бұл ретте Америкадағы "қайырымды әкейлердің" оқу орындар мен аурухана ашып, садақалар беру арқылы дінге тартқанын тілге тиек ете келе Джон Виллиам Дрэпер:

"Жаңа сатыдағы дамыған қоғамға Рим шіркеуінің жіберген ұлы, тіпті өліммен пара-пар қатесін үнемі есте ұстай отырып баға беруге болмайды. Егерде ол дер кезінде ғылымды қамқорлыққа алып, оның дамуына септессе ғой, онда бүгінгі күні бүкіл Еуропаны билеп-төстеп отырар еді. Тамаққа тығылған тасқа ұқсамай, исі адамзаттың дамуының жанды рухани күшіне айналар еді. Күшпен зорлап оқытуды жүзеге асырамын деп "қасиетті кітаптың" бетін тас қып жапқызды, ол табиғаттану оқулығының көзін құртқысы келді, бірақ та ол мүмкін емес екен... Біздің ұлттық санамыздың дамуы барысында американдық әулие әкелер мұндай аса зор жойыттық қателерден бойын тартып жүргені абзал. Олар: Қасиетті кітапты жаппай оқыту үшін табиғаттың заңдылығы туралы оқулыққа да тиісті орын қалдырмай тұрып, ниеттерінің жартысы ғана орындалатынын есте ұстауы қажет. Олар: жаратылыста екі-ақ ұлы кітап – Сөз (уағыз) бен іс (ғылым) барын-әрбір адам сол екеуінің қайсысын болса да ешқандай қауіп-қатерсіз, алаңсыз оқуға және өзінің ақылына сай пікір білдіруге құқылы екенін де ұмытпағаны жөн", -дейді.

Православие шіркеуі римдік ықпалдың шеңгелінен шыға алмады. Мұндай діни таным әуелі аярлықпен, алдаумен, ақыр соңында күшпен насихатталды. Насихатталған жоқ зорлықпен таңылды.

Абай мұндай тоңмойын зорлыққа рухани қарсылықты қарсы қойды. Ұлтын антқа беріктікке, рухани қаталдықка, тұрлаулы тәуекелшілдікке, "атылып, иә сол үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ғой – деп "қалшылдайтын" (Абай) қазақты қаншылдыққа шақырады. Ол ойының ойлаған нысанадан алыс жатқанына өкініп:

"Өздерің көріп-ақ жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, өлімге шыдаймын деген де қазақ көргенім жоқ, өз кеңірдегін ғана көрсетеді-ау: "Қиылып қана қалайын!" – деп. Егер осы бойынша лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да қайратымен-ақ кісі айдындандыратұғын адам болғаны ғой! Егер шын айғайды көргенде кірер жерін таба алмайтұғын дарақы, жұртты: осы сөзіммен айдындырамын, мына кәпірден кісі шошитын екен-дегізіп айдындандырайын деп айтып отырған құр домбытпасы болып, босқа қоқиып отырса, соны не дейміз? Әй, құдай-ай! Жанға мырзалық қылатұғын, ердің жадағайда-ақ сертке тұрғыштығы, малға мырзалығы, дүниені бір тиын есепті көрмей тұғын жомарттығы-әр түрлі белгісі бойынша тұрмас па! "Ұялмас бетке талмас жақ береді" деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі-дағы", -дейді өз-өзінен түңіліп.

Абайдың бұлай ашынатын жөні де бар болатын.

Біріншіден, сенген елінің белбеуі бос еді. Жаппай шоқынып кетпесе де ерікті-еріксіз, лажды-лажсыз, шын ниетімен немесе алданып, обырлықпен шоқынып жатқандарға сұрау салынбады. Тіпті жетім-жесірлерді шіркеуге әкеліп "миссиядан" өткізіп жатқанда да бас көтерер мұсылман табылмады. Рухани қорғанышсыз қалған байғұстар ата-баба аруағын қор етіп, "әулие әкейдің" жетегінде кете барды.

Елді үйіріп отырған бай мен билердің көз еті өсті. Мүскінді қайтсын. Күні ертең сол крест менің мойныма тағылар деген ой қаперіне кірмеді. Пәлен рудың ішіндегі пәлен дегеннің ұлы "Ақшіркеуге кіріп шоқынып кетіпті. Әлгі менімен бақталастыратын түген болыс не қарап жүр. Қанын кәпірге сатып. Әй, өзіне де сол керек, пәлемнің – деп іркілдей күлді.

Мұндай пұшайман күйге түскен екі баланы Абай шіркеудің қасынан қонақжайына әкеліп, кейін аулына алып кеткен еді. Ал надан, жалған намысшыл:

"Байлар... бір күн болса да дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малмен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда: адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, білім-еш нәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса құдайтағаланы да паралап алам-дейді. Оның діні, құдайы, халқы, білім-ұяты, ары, жақыны, бәрі-мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе, қолы тие ме?".

Жаны тотықпаған жастардың қайраты қайралмаған, сана мен намысқа суарылмаған жасық қаңылтыр сияқты еді. Отаршыл билердің іріткісі мен уағызы өтіп кетіп еді. Абайдың "Жас өспірім замандас қапы қылды" деген өлеңінде олардың құлқынның құлы ғана болып қалғаны қатты әжуаланады. Мақсат, мұрат, ұлт, рух мүддесі оларға жат. Себебі:

Жамандык, жақсылықпен оған бір бәс,

Дін ісін, құдай ісін айыра алмас.

Арын сатып, ант ұрып іздегені –

Бір семіз ат, аяғы – бір табақ ас.

Мұндай жалмауыз қомағаймен ұлттың рухани қарсылығын оята алмайсың. "Албасты қабаққа қарап басады" деген.

Миссионерлер ұлттың қалғып кеткен осынау мәтпақы тұсын дәл тауып, шұғыл әрекетке көшті. "Уайымсыз салғырттарды" түртіп оятпас үшін 1903 жылы мамыр айында Абай тіміскіге түсіп, тергеуге ілінді. Сондағы тағылған басты айып: "мұсылман діншілдерінің реакциялық қозғалысына қатысты” – делінген желеу еді.

В.О.Ключевскийдің тауып айтқанындай, полицияның міндетін атқаруға көшкен дін уағыздаушылары осы бір өліара шақта жанталасып-ақ бақты. Аласұрып айдынданып шыға келді. Өйткені, XIX ғасырдың аяғында XX ғасырдың алғашқы баспалдақтарында қазақ даласы марғау тыныштыққа оранғандай болды. Ұлт-азаттық күрес толас тауып, құрбандыққа үнсіз мойынсынғандай еді. Шоқындыру рәсмиятын дереу бастап жіберуге ұмтылды.

Алайда қазақ ұлты өзінің қарсылық рухын толық тұншықтырмап еді. Дрэпер айтқан "әлеуметтік белсенділік" қозғалысы шымырлай жүріп жатқан. Жаппай шоқындыруға кіріспек болған православие архирейінің жарлығының көшірмесі қолына түскен Шаймерден Қосшығұлов сонау Көкшетаудан бұл хатты Шыңғыстаудағы Абайға жолдайды. Ол хат Абайдың қолына жетпей жатып, 1903 жылы 21 мамыр күні Омбыдағы Дала генерал-губернаторының кеңсесінен Семей облыстық әскери губернаторына шұғыл телеграмма соғылды. Онда Дала генерал-губернаторының:

"Өлкенің бас архиепископының өтініші бойынша, Сізден мынаны анықтап беруіңізді өтінемін. Көкшетау қаласынан Шаймерден Қосшығұловтың атынан Арқат Почта-телеграф кеңсесіне Ибрагим Құнанбаевқа жолданған хатты хат иесі алды ма, жоқ па, соны біліңіз. Хат тапсырылмаса ұсталынып қалынсын",- деген мағынадағы бұйрығы жазылған еді.

Діни көсемінің пәрмені өлке ұлығының, облыс ұлығының, ояздың алдынан бір-ақ күнде өтіп, сол күні Арқат бекетіне:

"Көкшетаудан Қосшығұловтың атынан Ибрагам Құнанбаевқа жолданған хат Арқат почта кеңсесіне келіп түсті. Қастандық насихаттың тоқтатылуына және Құнанбаевті ақылды, түсінігі мол адам ретінде білетіндігіме байланысты хатты тапсыруды өтінемін. Оны алған кезде ояз бастығы қатысып тұрсын", -деген пәрмен түсті.

Хат қандай жағдайда болсын, әйтеуір, Абайға табыс етілгені анық.

Дін-исламның қауіп-қатерге ұшырағаны, бірігіп күресу үшін не істеу керектігі, қандай ақыл қосары қақындағы Шаймерден Қосшығұловтың жеке хатымен қоса архив тігіңдісінен 1891 жылғы қыркүйек айында Діни (архирей) басқармасының Мәртебелі Ағзамға мұсылмандар арасына Иса пайғамбардың православиелік дінін тарату туралы жасаған ұсынысын қабылдағаны туралы құпия мәліметтің көшірмесі де шықты.

Мұны оқығанда Абайдың қандай көңіл күйде болғанын нақты сезінбесек те шамалап түсінуге болады. Құпия тапсырма:

"1902 жылы 22 наурызда Мәртебелі ағзамның бекіткен заңына сәйкес мемлекеттік құпия істер жөніндегі кеңесші: "Патшаның бодандығындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру, бір дінге кіргізу Ережеге байланысты құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, күш қолданусыз, зорлаусыз, алайда асқан ептілікпен, айламен; "Олардың өздері дінге кіруге ризалығын берген-міс - деген желеумен жүргізілуі тиіс. "Өздері православие дініне енуге өтініш білдірді, өздерінің еркімен енді - деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек" деп нұсқау берді", -деген сөзден басталатын.

Архирей ағзамның, екі бірдей губернатордың, ояздың төбе шашы тік тұра алашапқынға неге түскені енді түсінікті. Мұндай қауырт һам құпия мәліметті таланға тастағаны үшін патша да, патриарх та бастарынан сипамайды.

Бұл мәлімет Шаймерденнің қолына қалай түсті, бізге беймәлім. Бірақ та 1902 жылы 22 наурызда патшаның мұсылмандарды шоқындыруға жарлық бергені, ол науқанға дайындықтың құпия түрде жүріп жатқаны анық еді. Егер дүние тыныш, төңкеріс пен соғыс басталмаған жағдайда, бұл шоқындыру шамамен 1913-1925 жылдардың арасында "салтанатты түрде" ресмияттан өтетін еді.

Бұдан кейін Абайдың жүрегінің басына толған ащы запыран мен у жарылып-ақ кетті. "Ішім толған у мен дерт" десе-дегендей күйікті күйге түсті. Күңіренді. Күңіренді де түңілді.

Бетін бұл дүниеден теріс қаратып әкетті. Артына:

"Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық. Ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық. Еш нәрсеге көңілмен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық. Көңіл айтып тұрса-сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сыры қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейсіз... Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те-білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, (бірақ: "Біз де білеміз! - деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз", -деген сөзі қалды.

Бұл, "Қарғыстың ең жаманы - "өзің білме, білгеннің тілін алма" деген сөздің кері іспетті.

Абай ұлтының бар қасіретін жүрек тамырымен сезінді. Уайымға да, үмітсіздікке де, торығуға да салынды. Қайта сергіді. Қолын сермеді. Алайда рухани қорғаныстың құдіретіне бас идіре алмай кетті. Ашынса-ашынатындай жөні де бар еді.

Ол ұлтының ұлы кемшіліктерін кешіре білді.

Ал ұсақ-түйекке келгендегі "қырт мінезі" мен "қырт мақтанына", "уайымсыз салғырттығына", "қорыққыш жүрегіне, айнығыш көңіліне, босаңсыған буынына", рухани қорғансыздығына төзбеді. Соншама ұлы да жұмбақ, алып ой мен парасат иесі, ел ағасы мұратына жете алмады. Бұл орайда Герман Гессенің Гете марқасқа туралы:

"Оның бойындағы бір қасиеттің: күйкі тірлікке қанағаттанбай ұлы мақсатты іздеуі, мәңгілік орындалмайтын арманды аңсап, соны нұсқаудың өзі-ақ адамды өзіне ынтық етті әрі соның өзі таңданатындай ғажап көрінетін. Алайда жыл өткен сайын менің түсінігім еселей тереңдеп, мынаған: - Гетенің жан күйігі – тек оның жеке басының ғана жан күйігі емес, тек зиялылардың ғана жан күйігі емес, сонымен қатар рух пен сөзді қадір тұтатын әрбір немістің жан күйігі екендігіне көзім жетті. Гетенің тағылымы мен тәліміне соқпай, сәтті, сәтсіз аяқталған мақсат сүзгісінен өтпей неміс жазушысы атануы мүмкін емес", -деген пікірі тура Абайға қаратыла айтылғаңдай.

Өзін қазақ жазушысымын деп есептейтін әрбір қаламгер, өзін оқымысты санайтын әрбір қазақ зиялысы, өзін қазақпын деп санайтын әрбір қазақ Абайдың жан күйігінің сүзгісінен бір өтіп шығуы тиіс. Өйткені Абай қазақ ұлтының бүкіл болмысы мен ар-ожданының, рухының, ақыл-ойының нысаналы нысанасы. Кешегісінің, бүгінгісінің, ертеңгісінің де кепілі. Ол тек қана ұлы ақын емес, ол тек қана бір елдің рухани көсемі (идеологі) емес, ол бір ұлттың жиынтық қасиеті. Тіпті ол соның барлығын қосқанда да асқақтап тұратын, "ішкі қазынасын" бермейтін жұмбақ жан.

Ол сол мәңгілік "жұмбақ жан" күйінде қала береді.

Тағдыр оған барлық тауқымет пен тауфихты, рақат пен азапты, қуаныш пен ренішті, махаббат пен ғадауатты, даналық пен балалықты, мәрттік пен қарттықты, жомарттық пен сараңдықты, дана мен наданды "ақ бұйрықпен" (Абай) алдына тосып отырды. Оны сол арқылы сынағысы келгендей, тілін ащы ғып жаратып, соның уытын төгіп кетсін дегендей сыңай танытып, "соқтықпалы, соқпақсыз жерде есіріп, мыңмен жалғыз алыстырып" қойып, "қолайлы жағдай" жасаған сияқты.

Абай соның бәріне төзді.

Бірақ патриарх ұсынып, мәртебелі ағзам қол қойып, мақұлдаған мына рухани қорлыққа шыдамады.

У бойына тұтастай жайылып кетті.

Себебі бұл хатта шоқындырудың барлық қитұрқысы айтылған еді.

Ол келесі әңгімеде сабақталады.

 

11. "ОЙЫНДА ЖОҚ ОЛАРДЫҢ, ШАРИҒАТҚА ШАЛАСЫ... "(Абай және шоқындыру мектептері)

 

 

Арнасын таппаған-ақыл, өрісін таппаған-ой, сарасын таппаған – сана жаныңа жайылып, тәніңе сіңген умен тең.

Ақылдың азабын тартқан Абай: "Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп қалып, қамалып қалмақ – ол өзі де бір ант ұрғандық және әрбір кісінің қылығына күлсең-оған рақаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы", -деп өзгені уатқанымен де өзін-өзі жұбата алмады.

Жұбатуға "жан қуаты" жетпеді.

Ал ғұламалардың ғұмырдан түңілуі – "неғылайыны жоқ" түңілу. "Ақылың – у, ойың – кермек" татыған соңғы түңілу, өмірден "жалығу " – әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсыздығын білген, ойлы адамнан шығады". Ғаламның қандай құбылысына зер салса да оның тәркілігін, жалғанның жалған екендігін, жарық сәуленің арасында да өлім шуағы бар екенін санасымен саралап, қайырымсыз қайғыға "бой алдырды".

Бұны тіпті Абайдың өзі пейіл бере мойындап:

"Соншалық өмірің баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген, білгендер тіршіліктен жалықса (да) болады", -деп ақтай сөйлейді.

Бұл не: Абайдың жалған мен жарық дүние арасындағы, мәңгілік пен бақилық арасындағы, өлім мен өмір арасындағы ақыл арпалысының қайшылығы ма? Жоқ, пейілін пенделікке жеңгізіп, тәркі дүние пәлсафасына ырық берген ақындық пәни сезімі ме? Бәрі де мүмкін.

Бірақ Абайдың танымы – "ұлттың жиынтық қасиеті", "Рух пен сөздің жан күйігі" (Г.Гессе) екендігін ескерсек, бұл пайымға байыз табу қиын.

Демек, дүниеден түңілу пәлсафасы – ақынның пәнилік тіршіліктегі сезімге беріліп кеткен тұсындағы осалдығы. Санасы-саралыққа, ақылын-сабырға, ойын-ұстамдылыққа ұйыта алмаған. Дәлірек айтсақ, "ақыл көзі ашылып", "жан қуаты" шымырқанған сәтіндегі жалғанның, пәнидің ащы шындығына шыдай алмай, осы "дүниедегі... басының бір ауырғаны" (Абай) болса керек.

Бұл-ақылдың азабы, сананың сарғаюы, жүректің "жалығуы". ЬІзалы күлкінің өзі де қайғыға айналған отамалы түс.

Әрбір пенденің, жеке тұлғасының, мұқым ұлттың "ақыл көзінің ашылуы" (самосознание) қашанда "уайым-қайғысыздығыңды уайым-қайғы қылады" да сананың сәулесінен ұстаған пенде мен тұлға, исі ұлт:

"Сол уайым-қайғысыздықтан құтылатын орынды харакет табуы керек һам (солай) қылу керек. Әрбір орынды харакет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпайды, орынды харакетпен азайтады!"




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 362; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.