Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 29 страница




Шариғаттың билігін қазақ арасынан аластауға тырысқан миссионерлер мен дәбірлердің ұмтылысына тосқауыл қойып, дәстүрлі заңның негізіне шариғат жолын кіргізді. Қарамола сиязындағы Абай қол қойған заңда соның барлығы қамтылған И.Мельниковтің және басқа ұлықтар мен тақуалардың жазбаларында, ғалымдардың мақалалары мен кеңестерінде, тіпті Радлов, Бартольд іспетті ғұламалардың еңбектерінде де қазақтың дәстүрлі билігінен шариғаттың заңдарын аластауды ұсынады. Бұған Абай да көнбеді. Оның себебін әрі інісі, әрі рухани шәкірті Шәкәрім:

"Қазақтың ескі жолының бірталайы шариғатқа да жанасады. Шариғат ешқашан тастай қатып қалмайды әр заманның ықпалына қарай іс қылуға лайықтайды. Оны тастай қатыратын шала молдалар. Шариғаттың тастай қатқан жері-әр заманға бірдей іс те. Тастай қатпайтұғынның мысалын көрсетуге болады. Мысалы: ғазар. Яғни қиын болса-қылмай-ақ, өзгерт – деп кеңшілік қылады", -деп дәлелдейді. Ислам қағидаларының мағынасын теріс түсіндіріп және теріс түсініп келгендер баршылық. Ал шариғатты шала түсінгендер дін жолын халыққа жек көрінішті етіп көрсетеді. Қасаң тартқан бұл теріс тұжырым XX ғасырдың аяғында да санамызда жібіп, жөнін таппады. Абайдың:

Алла асыраған пендесі аш бола ма? –

дегенінің мәнісіне де үңілмей келдік.

Исламның басты қағидаларының бірі – Алланың кешірмейтін күнәсі жоқ. Тек шын көңіліңмен сеніп сұра деген уәж.

Ал біз шариғат жолы десе бітті, қатыгез тобырдың жиылып алып бір адамды таспен ұрып өлтіргенін көз алдымызға елестеміз. Бірақ, Айса пайғамбарды кергіге сап, қол-аяғын керіп тұрып, шегелеп асып өлтіргенін де білеміз ғой. Демек, Абайдың айтқаны дұрыс, дүниедегі "неше мың түрлі діннің бәрі де бір үлкен құдай бар деп келді". Алла пендесін ешқашан алаламайды. Рахым да, қайырым да, жаза да, әділеттілік те, мейірім де-ортақ.

Ендеше, өзге діндегілерді азғыру – Алланың жолынан тайдыру деген сөз.

Бірақ отаршыл ел мен әккі әулиелер оған назар аудармады. Қалайда бодан елін шоқындыруға құлшынып, ол пиғылын заңмен бекітті. Мешіттерге жандармериялық бақылау жасалды. Мұны 1868 жылы "Екінші низам" арқылы заңдастырды. Осы "Низамның" "Қазақтардың құқы" және "Қазақтардың діни істерін басқару" туралы бөлімдерінде шоқындыру бағыты анық көрініс берді. Оны:

"251. Қазақтар дін ісі бойынша Орынбордағы дін ислам мүфтиятына қарайды. 252. Қазақтардың жергілікті жердегі діни істерін молда жүргізеді, ол азаматтық басқармаға, сол арқылы Ішкі істер министрлігіне бағынады. 253. Қазақтардың арасында бір болысқа бір молда бекітіледі... 255. Молданың сайланғаны туралы ақпаратты уезд бастығына жолдайды, ол мұны бекіту үшін облыстық басқармаға жібереді. 256. Молдалар Облыстық басқарма мен Әскери губернатордың шешімімен бекітіледі не босатылады... 258. Мешіттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады... 259. Мешіттің жанынан жергілікті балаларды оқыту үшін мектеп ашуға молда міндетті түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек",- деген заң баптарынан анық байқауға болады.

Мұнда дін ұстау жолының бәріне шек қойылған.

Сайлаған молланы ұлықтар бекітеді. Оған ішкі істер министрлігі, яғни полиция бақылау жасайды. Өз бетімен мешіт салуға еркі жоқ. Бала да оқыта алмайды. Жоғарыдағы хатта айтылған архирей басқармасының нұсқауының барлығы заң жүзінде бекітілді. Мұнда тек дінге тыйым салу деген сөз ғана жетпей тұр. Бірақ та дәл осы низамның 247 және 248-баптарындағы:

"Христиан дінін қабылдаған қазақтар өзінің ауылында тұра береді немесе қырдағы орыс тұрғындарының арасына көшіп келуіне де болады, ол қазақтарға тиісті құқықтың бәрін пайдалана алады. Христиан дінін қабылдаған қазақтар қауымдастарының рұқсатынсыз-ақ қалаға немесе селолық жерге емін-еркін орналаса алады",- деген заң ережесінен халықты қайда кақпайлап отырғаны анық көрінеді.

Оның үстіне христиан дінін қабылдаған қазақтарға көмек көрсету және олардың құқын қорғау туралы ерекше нұсқаулар оязға үздіксіз түсіп жатты. Құнарлы жерді меншіктеуге, кәсіпшілікпен айналысуға, тегін несие алуға келгенде оларға орыстармен бірдей жеңілдіктер берілді. Сыйлық ретінде ақшалай қаражат та бөлінді.

Дайындалып жатқан үшінші низамда мұның барлығы ашық айтылып, тікелей шоқындыруды заңдастыруға бағытталды.

Шоқындыру науқаны тек діни мекеменің ғана құзырындағы шаруа емес, мемлекеттік сыпат алды. Бұған монархияның жеке өктемдігіне тосқауыл қояды деген Думаның мүшелері де ықпал жасаған. Оған Тұрар Рысқұловтың "1916 жылғы қазақ-қырғыз көтерілісі" атты мақаласындағы:

"Бұл тұрғыдан алғанда Мемлекеттік Думадағы пікір таластары істің мәнісін ашып берді. Сонау 1910 жылы министр Кривошейннің баяңдамасынан кейінгі Думадағы жарыссөз қызу өтті, әсіресе, оңшыл күрескер (октябрист) Трегубовтың сөзінде Таяу және Қиыр шығыстағы "қозғалыстың" мақсаттары мен міндеттері туралы анық айтылды. Сөйтсек бұл (отарлау – Т.Ж.) тек ішкі жер дағдарысын шешу үшін ғана емес, сонымен бірге жерді кеңейткеннің үстіне кеңейте беру үшін жаңа аймақты жаулап алуды көздейді екен. Думаның кейбір мүшелерінің (ұлтшылдар) аузынан шыққан сөздерге қарағанда бұл орыстардың "мәдени парызын" орындау боп саналады және ол (отарлау – Т.Ж.) азиаттық халықтардың арасында православие дінін таратып, шоқындыруға жағдай жасауы керек көрінеді. (Сол Трегубовтың бес миллион қазақ халқын православие дінінде деудің орынына мұсылман етіп көрсеттің деп әкімдердің біреуіне ашуланып сөйлеп, қатты реніш білдірген сөзін оқыңыз). Жерге қоныстандыру және өңдеу басқармасының бастығы Кривошейн 1912 жылы Түркістанға келіп кеткеннен соңғы өзінің есебінде Қазақстан мен Түркістандағы отарлау ісін барынша күшейту керектігін атап өтті", -деген пікірі анық дәлел болады.

Демек, Думаның мүшесі Трегубов тегін шаптығып отырған жоқ. Ол үшін қазақтар "Екінші низам" шыққан соң-ақ жаппай шоқынуы тиіс еді. Көшпелілерді православие дініне көшіру – күн тәртібіне қойылудан кеткен, шешілген, біткен іс. Әйтпесе, қаншама "қара жүзді" болса да бұлай аптықпас еді.

Шоқындыру саясаты мемлекеттік құпия болудан қалып, ашық әрекеттің майданына айналғандығын осыдан-ақ көруге болады. Мемлекеттік дәбірдің өзі мұншама "намыстанатын жәйбарақаттақ іс" болғанына қарағанда шоқындыруға аттанатын "крест жорығының" әскери-жазалау шаралары да күні бұрын қарастырылып, қаражат бөлініп, жасақтары дайындалып қойған. Түркістан уәлаятындағы жазалау әскерлерінің 1916 жылы сақадай сай тұруы соны тиянақтай түседі.

Абай өлгеннен кейінгі алты жылдан соң мемлекеттік ашық саясат ретінде талқыланған бұл науқанды ақын жан-тәнімен сезінді. "Ғақлиясының" соңғы сөзін діни беріктік пен "нандыру" мен "нандырамның" арасындағы айырмашылықты талдауға арнауы тегін емес. Басына күн туған ұлт жер бетінен жойылып кетпес үшін жорта "нандым" дер, бірақ рухты күшпен "нандыртамын" деудің өзі де – "антұрғандық".

Әрине, миссионерлер мұны да ойластырып, "тиісті нұсқауын" қағазға түсіріп қойды. Оны жоғарыда оқыдыңыздар. Бірақ та рухани күрес ешқашанда тоқтамайтын еді. Бұған православие дінін ертерек қабылдаған және исламның ибадатына енбеген қалмақ, хахас, саха, бурят жұртының Көк-Тәңірін қайтадан жаңғырта бастауы дәлел. Олар ата-баба сеніміне қайта орала ма, жоқ па, тарихтың талқысындағы мәселе.

Әңгіме – рухтың өлмеуінде. Оның өлмейтін және өлтірмейтін жолдарының бірі – ант.

Ант – ең қасиетті ұғым. Адамзат адамзат болғалы ант беруден асқан қасиеттілік, антты бұзғаннан, Абайша айтқанда, "антұрғаннан" асқан қасиетсіздік жоқ. Ел мен ер арасындағы бітім мен соғыстың кепілі де осы ант. Есте жоқ ескі заманда көшпелілер білек тамырын жарып, қан алмасып барып аңдасқан (анттасқан). Бір сөз үшін қас, бір сөз үшін дос болу да содан қалған. Абай зерттей оқыған Монтень анттың адамзат ғұмырында алатын орны туралы:

"Кез келген анттың күштілігі сондай, сөзінде тұру үшін адамдарды өз өмірін қиюға мәжбүр етеді. Гректер мен парсылардың арасындағы соғыс кезінде: сондай шабытпен және көтеріңкі рухпен жазылған және сол сертінде тұрған гректердің антының бірінші бабында: өз еліміздің заңын парсылардың дәстүріне өзгерткенше қан майданда қаза тапқанымыз жақсы деп жазылған. Ал гректер мен түркілердің арасындағы соғыс кезінде қаншама адам өзін сүндетке отырғызбас үшін немесе шоқындыру рәсімін көрмес үшін азаппен өлуді таңдап алды десеңізші! Дәл осындай жанын қасым ететін антқа негізделмеген дін жоқ", -деп жазды.

Дін жолындағы мұндай қаталдықты Абай да айтқан.

Біз бірнеше рет жүгінген: "иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек - деген сөзі соны толық жеткізеді. Сондай-ақ Абайдың өлеңдері мен "Қара сөздерінде" "антұрған" деген ұғым көп қолданылады. "Ант ұрғанға қосылмай, кел, кет қаңғып", "Ант ұрғанға қосылма, қапылыста!", "Антын, арын саудалап", "Антпен тарқайды, жиылса кеңеске", "Анттасып тарқады", "Арын сатып, ант ұрып іздегені", "Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп", "Ант ішіп күнде берген жаны құрсын", "Ант ұрғаннан құдайым сақтасын деп", "Ант ұрғандық қылығын Алла ісі деп - келетін тіркестер жайдан-жай айтылмаған. Мұнда ерекше мағына бар.

Абай үшін дүниенің ең үлкен қарғысы – "ант ұру", анттың атқаны.

Өйткені қасиетті "Құран-кәрімде" ант беруді ерекше қадірлейді және сақтандырады. Себебі: Аллаға берген антыңның айғақшысы – бір Алла. Антыңа Алла кепілдік береді. (91). Антты тек жақсылық ниетпен қабылдасаң ғана сауапқа жатады. Анттың жолы ауыр. Сондықтан да "Құранда":

"Біреуге жақсылық жасамаймын десеңдер, дін жолынан қашсаңдар, адамдардың арасын жақындастыруға дәнекер болғыларың келмесе, онда Алла атымен ант етпеңдер. Алла сендердің сөздерінді де естіп, жағдайларыңды да біліп тұрады. Мақсатсыз берген анттарың үшін Алла сендерді жазаға тартпайды, жазаны сендерге қасақана ішкен анттарың үшін бұйырады. Анығында Алла әрі кешірімді, әрі мейірімді", -деп жазылған.

Ал отаршыл ұлттар мен миссионерлер шариғат жолын ұстанып, "Құранды" қолына алып ант бергендерді ғазауат сахабалары іспетті денесі түршіге жек көрді және өзгелерге де жек көрінішті етті.

Қай елде де сол ұлттың дініне орай қасиетті кітап ұстап, мандайына төсеп, ерніне тигізіп ант рәсімін жасайды. Қазақта Абылайдан кейін "Құран" ұстап қазаққа серт берген ел басы әзірге жоқ. Хан Кененің жөні басқа. Ол ұлт-азаттық көтерілісінің басында тұрғандықтан да бодан елдің қасарысқан рухының нысанасы болды. Тұтас билік қолына тимеді. Біздің "Құранды" құрметтемеуімізде империялық миссионерлік пен коммунистік миссионерліктің дін исламды жек көрінішті етіп көрсетуінің рухани тәуелділігі жатыр. Ал, Борис Ельцин "Інжілді" қысылып-қымтырылмастан, жан бауыры ери ерніне тигізді.

Әрине, мұның барлығы психологиялық тәуелділіктің Абай айтқан "нәзік әрі шетін жолын" кесіп өте алмағандық. Ес жиғызып, етек жапқызатын нағыз рухани бостандық алда. Ол заман сөзсіз келеді. Дінің үшін қысылып-қымтырылатын заман да ұмытылатын күн де туды. Енді соны рухыңа қайтадан шықпастай етіп сіңіру ғана қалды.

Ант – ардың шекарасы. Пәни мен бақиға бірдей жүретін иман кепілдігі. Өйткені, ант, "Құранда" жазылғандай, бір Алланың өзі айғаққа жүретін рәсім.

Ұлтының рухани тәуелсіздігін қалайда сақтау үшін Абай "ақыл ойын да, қол қайратын да", қалам үшін де аяған жоқ. Өзі болыс, би, төбе би болған тұстарда қазақтың дәстүрлі заңы мен шариғат жолын қатаң ұстанды және оны жүзеге асырды.

Бұл да тәуелсіздік үшін әрекеттенген күрестің бір түрі еді.

Ол 1885 жылы мамыр айында өткен Карамола сиязында бұл тұрғыдан алғанда қатты күш шығарды. Ояз бастығының ұйғарымымен Абай Құнанбайұлына тапсырылған қазақтарды басқару туралы "Ережеде" ант беру рәсімі ресми түрде қағазға түсті. Әрине, оған ұлықтар мүдделі емес еді. Бірақ та көпке топырақ шашудан сескенді. 74 баптан тұратын "Ереженің" он бір бабы ант рәсіміне арналды. Бұл – шариғат жолының биліктен, рухани өмірден шеттетілмеуінің кепілі еді. Абай соған отарлаушы әкімдерді мәжбүр етті.

Бұл тарихи дерек дәстүрлі қазақ заңы мен билеу құқығы туралы өте мол мағлұмат береді. Оны түбірлеп түбегейлі зерттеу заң ғылымы мамандарының еншісіне тиесілі. Біз тек рухани тәуелсіздіктің бір белгісіне саналатын ант рәсіміне аял жасаймыз. Әрине, оның астарын тереңдете талдауға да ишара танытар ек. Бірақ негізгі арнаға түсінікті, әрі ұзағырақ сөз болғандықтан да әлқисасыз қысқа қайырамыз.

Ант рәсімін билік "Ережесіне" кіргізу-шешімнің, даудың, айғақшының, бидің қара қылды қақ жаратын әділетті болуын көздеген ниеттен туған. Ант рәсімінің орындалуы "Ережеде":

"10-бап... Мүбәда, жауапкер адам айғақтың сөзін қабыл көрмесе, айғақ сөзінің растығына дау сомасына қарай ел салынып, бір кісі жан (Ант – Т.Ж.) берсе керек... 14-бап. Күмән жауапкердің елінің болыснай молдасының алдында құран бірлан қасам (ант – Т.Ж.) айтылады. 15-бап. Күмәнға (ант беретін кісі- Т.Ж.) төрт кісі ұсталса, бір кісі өтпесе даудан төрт бөліктің бір бөлігі тиеді, өтпегені осы рауішлі болып хасапланады-дур. 16. Күмән етілген уақытта даугердің көз болмағы міндетті емес, бірақ молла даугердің келмегендігін жазып қойса керек. Күмәннің (анттың) уақыты сол уағдалы күнінің күн батуына шақты. 18. Күмәнға ұсталмайды: молда, ел билеушілер, қажылар, 18 жасқа жетпегендер, алпыс үштен асқандар; төре қазақ үшін һам қазақ төре үшін күмәнға жарамайды. 21. һар күмән болыснай молданың хұзырында өтсе керек. Молданың қателігі зұлымдығы болса жұрт тексереді. 22. Жалған күмән еткен кісіге айып салынар-дүр. Түйе бастатқан бір тоғыз. 23. Күмән етпесе қанша мал, нәрсе бұйырылады-дүр-күнәға кім ұсталған һаммасын толық қылып билігінде анық қылып жазарға би міндеті-дүр. 24. Күмәннің күнін ұзарттырмаққа сыйымды себеп болса болыс, яки өз елінің бір биінің куәландыруы бойынша мүмкін. 25. Күмәнші, жаншы, төреші болып даугердің ықтияры бойынша билік айтады-дүр. Мұның билігін жауапкер бұза алмайды. Бұл билік копияның сыртына жазыла – дүр – деп баяндалған.

Соншама жек көрінішті, сұмдык көрінетіндей еш қатыгезді де, қораштығы да, оғаштығы да жоқ кәдімгі әділетті көздеген ниеттің көрінісі. Дүние елінің бәрінде де өздерінің қасиетті кітаптарын ұстап, ақиқатты ғана айтатынына куәлік беретін сенім кепілі ғана.

Ант рәсімінің бір парасы "Құранның" "Шәмші сүресінде" жазылған. Айғақ иесі, куә адам "Құранды" ұстап тұрып:

"Мейірімді, қайырымды Алланың атымен бастаймын!

Күннің және оның нұрының (Алланың) атымен ант етемін! (I).

Күннен кейін шығатын Айдың (Алланың) атымен ант етемін! (2).

Күн жарығы нұрландырған күндіздің (Алланың) атымен ант етемін! (3).

Қараңғылық басатын түннің (Алланың) атымен ант етемін! (4).

Аспан және оны жасаған иемнің (Алланың) атымен ант етемін! (5).

Жер мен оны жаратқан иемнің (Алланың) атымен ант етемін! (6).

Рухтың және оны құдіретті етіп берген, оған жақсылық-жамандықты білдіріп тұратын жасағанның (Алланың) атымен ант етемін! (7,8) -деп ішіңнен қайталауың керек.

Ант беруден бас тартуға қақың бар. "Құран" оған салауат жасайды. Антты жақсылық үшін ғана бер – дейді.

Ең қиыны – жалған ант беру. Ол адамға екі дүниеде сауап жүрмейді. Бұл да түсінікті. Ант болған соң оның бір қатаң тыйым салатын құдіретке ие болуы да заңды. Абайдың ықпалымен жүзеге асқан ант рәсімі коммунистердің жарғысы шыққанша жойылған жоқ. Ұлтты рухани тұрғыдан сілкіп, сестендіріп келді.

Демек, Абай рухани тәуелділіктің сақталуына қалам әрекеті арқылы үлес қосты. Өкінішке орай, осындай рух қарсылығына қарамастан ресейлік архирей басқармасы жаппай шоқындыру науқанына кірісу туралы жарлық берді. Шаймерден Қосшығұлов жіберген хаттағы Абай оқыған жарлықта:

"1902 жылы 61 пәрмен бойынша Ақмола мекемелерінде жарлыққа сәйкес қазақ молдалары дін ісінен шеттетілді. Егер молдалар пәрменді бұзса қатаң жауапқа тартылып, "Ереженің" 79 тармағы бойынша жазаланады. Крестьян басқармасының бастығы мұны қатаң бақылауға алып, мәлімет беріп отыруға тиіс. Осындай шаралар арқылы істі оңға қойып, жолға түсіріп алған соң миссионерлерді жіберу керек. Олар қазақтардың ұстанған дінінің дұрыс емес екендігін және Иса пайғамбардың жіберуімен келгендігін, сонымен қатар Заң бойынша патша ағзам қандай дінді ұстанса, оның құзырындағылар да сол дінге кіру керек екендігін, ал қазақтардың дінінің бұл дінге... жат екенін дәлелдеуі тиіс. Содан кейін император ағзам бүкіл консульдықтарға: "Менің құзырымдағы қазақтарым ислам дініндегі мүфтиге бағынатын, бірақ та ислам шариғатына қазақтардың бағынғысы келмейді. 68 жылғы Ереженің 97 және 98-тармақтарына сәйкес олар мүфтилік бағынудан алынып, әр болыста діни рәсімді өтеу үшін жеке-жеке молда сайланған болатын. Сонымен бірге молдалардың міндеті-туған балаларды тіркеп, оларға ат қою болатын. Қысқасын айтқанда, шариғаттың барлық заңын орындауға тиіс еді. Алайда қазақтар өзінің молдаларының талаптарын орындамады, оларды көзге ілмеді, өзінің рухани дәстүрін ұстанды, балаларына – Қойлыбай, Жылқыбай, Итаяқ деп ат қойды, кейін өздеріне арнап орыс мектебін ашуды талап етіп, өтініш білдірді. Мектеп ашылды. Енді қазақтар өзінің дінін өзгерткісі келетіні туралы өтініш жасап отыр – деп хабарлау керек", -деп жазылып тұр еді.

Мұндай қолдан жасалған арандатуларды кеңес өкіметі тұсында да сан рет көргенбіз. Демек олар да коммунизмнің немесе Лениннің жолымен емес, әккі "әулие әкейлердің" жолымен жүргені ғой. Мемлекеттің аты өзгерген, заты қалған. Әйтпесе, қазақ ұлтының дінін өзгерту туралы хат жазып, күнәні мойнына көтеріп жүрген кім? Кремльде қазақ халқының атынан тілімізді құртсын деп сөйлеуге қай қазақ өкілдік берді? Бәрі де Әбілхайырдың жасырын анты құсаған жалған дақпырттың кесірі.

Өзін-өзі құрбандыққа байлаған ұлт – ұлт емес. Ал қазақ ұлты бойындағы көптеген қиянқилы мінездеріне қарамастан ондай миғұлалық пен мәңгүрттікке жеткен жоқ. Жүрек оты өшкен емес.

Мұның зауалына кім ұшырайды? Және оны кім сұрайды? Бір ұлттың екінші ұлтқа көрсеткен жәбір-жапасы қақында "Құранда":

"Ей, иман келтіргендер! Бір қауым екінші бір қауымды мазақ етпесін. Тәлкекке ұшыраған қауым Алла алдында өзін тәлкекке салған қауымнан жарқынырақ көрінуі мүмкін - (ІІ)-деп жазылған.

Ал сондай "тәлкекке түскен қауымның" бірі – қазақ ұлты.

Жат жұртты қарғаудан аулақ болайық. Мүмкін, тарих пен тағдырдың пешенеге жазған жазмышы сол шығар. Бірақ Абай сияқты ұлылардың "күйесің жүрек, күйесің" деп кеткен запыраны енді қайтьш сыртқа төгілер. Олар "жан күйігі мен жар күйігін" көрге өзімен бірге ала кетті ғой. Оны қуып қайтеміз. Өзінің ойын Лермонтовтан тәржімалаған:

Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай.

Нені сүйдім, дүниеде, неден күйдім,

Қазысы оның-арым мен бір-ақ құдай.

Жүрегім екеуіне жалбарынар,

Рақымы мен әділі сол деп жылар.

Мен тентек пе, түбінде кім жазалы,

Қайғыны жіберуші өзі сынар, -

деген өлеңі арқылы айтқан Абайды Жаратушы иемнің өзі арашалар.

Көптің күнәсін біз көтере алмаймыз. Анығы: Абай айтқаңдай, "екі өлмек жоқ, екі аһирет жоқ, екі жұбаныш жоқ... Дүние қайғысын – аһирет қайғысынан, дүние қуанышын – аһирет қуанышынан, дүние қызығын – аһирет қызығынан жоғары қойған адам мұсылман емес". Демек, Абай: өзіңнің тұтқан дініңнен айырылма. Иманды айырбастама. Қандай жек көрінішті етіп көрсетсе де ол сенің рухың дейді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 284; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.007 сек.