Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 18 страница




"Болыстықтағы билердің саны сондағы түтін санының мөлшеріне орай анықталады", -деген сөздің де қазақ үшін әжептеуір қызыл шеке болатын науқанды туғызды.

Қазақтың мәйегі рулық негізге ұйыған. Ал "Ережеге" сәйкес болыстықтар рулық негізге емес жер жағдайына қарай бөлінеді. Табиғаттың мінезіне орайластырыла құрылған көші-қон тәртібі бұзылды. Күнгей тек бір елге тиесілі болды. Мал үшін бұдан артық күйзеліс жоқ. Жайлау мен қыстаудың парқы кетті. Әуелі тіршілік амалымен, содан кейін әр рудың "намысы үшін" бір болыстағы ел екінші болысқа ауып отырды.

Оған "Абай жолындағы" даудың басын негіз етсек те жеткілікті. Шарға түсетін кезде Абайға қарасты рулар Оразбайдың түтін санын көбейтпей ме. Тура сол күйді исі қазақ даласы басынан кешті. Күнту сияқты төбенің басында анттасып, сөз байласып ап, қырқадан асқан соң аттың басын тартып, тағы да күңкілдесіп, бірден Оразбайдың аулына астыртын шабарман жібереді. Қазақты құртқан дәл осы түтін басынан би сайлау. Әу баста анттың ішінде болған, ел шар салған кезде нәтижесінің басқа боп шыға келгенінде "намыстанады" да қолына сойылы мен шоқпарын алады немесе кек қайырғансып тағы да сыбырға көшеді. Ол "сыбырдың екпіні" алдыңғыдан асып түседі. Сөйтіп, бітіспейтін жаулыққа ұласады.

Ал билер болса өзінің "астыртын жұмысын" жүргізе береді. Дағдарысқа ұшыраған:

Ел састы, аңқайды,

Би тартты егеске.

Жұрт тағы мал жиды,

Ой қылар бермеске.

Кедей би жантайды,

Сауыр мен өркешке.

Саумаққа ол байды,

Кеңесер би кешке.

Билер келесі – түйені түгімен жұтатын жебірлердің желініне айналды. Түн жамылып жиылып, "байды қалай иітіп сауу" үшін күңкілдесіп, шүңкілдесіп алады. Оған даугер не болыстықтан үміткер "иімесе" істі насырға шаптырып, "билер егеске тартады".

Қазақтың билерінің бопсасына шыдау қиын. Жетпіс жеті ата-бабаңның әруағын бір-ақ қоздырып, қаныңды басыңа шапшытпай тынбайды. "Қанына тартпағанның қары сынсын" немесе "Ағайынның аты озғанша – ауылдастың тайы озсын – деген кереғар мәтелдер кезек-кезек жаныңды жегенде өзіңнің қалай "аттандап!" шыға келгеніңді білмей қаласың.

Бұл да тәсіл. Психологиялық қысым. Қазақша айтсақ – бопса. Биліктің мұндай әккі ырғағы көне қытай ғұламасы Ван-фуға да таныс екен. Ол:

"Ісі әділ адам ұлыққа жағынбайды, ал ісі теріс кісі істі жүргізушіге пара береді, сондықтан да болыс бастығымен екеуі бірігіп ақтың ісін қара етіп шығарады. Егерде адал адамның ісі жоғары жақтан әділ шешіліп қайтса, болыс басқарушы және кіші ұлықтар міндетті түрде жазаға тартылады. Сондықтан да олардың барлығы жабылып адалдың ісін қаралауға тырысады. Қарапайым адам әккі біреумен соттаса қалса, оның ісі оңға баспайды. Өйткені, әлгі әккі қуды облыстағылар, одан кейін ояздағылар қолдайды. Облыстағыларды аймақтағылар қолдайды... Оны Жоғарғы сот бекітеді. Себебі, бір адамның дауы бүкіл аймақтың беделінен күшті емес. Өзіне сөз келмес үшін аймақтағылар қалайда әділдік іздеген адамның мысьш құртып, теріске шығарады. Әйтпесе, өзі орнынан алынады, ол кетсе – облыстағылар да орнынан түседі, одан ояздағылар кетеді. Жоғарғы сот анық-қанығына жеткеннен гөрі соттың шығынын төлеуге асығады. Мұндай соттар байлар мен аярларға ғана көмектеседі", -дейді.

Қандай дәл және биліктің "дөңгелегінің айналысын" (Абай) қалай қазымырлықпен суыртпақтап көрсеткен. Абайдың дәуіріне де сай. Заңды биліктің бар халыққа бар дәуірде ортақ бір қитұрқысы болса керек. Заман да, заң да, дәстүр де өзгереді. Билік басындағылардың пиғылы мен құлқыны және оны қанағаттандыратын "қитұрқысы" өзгермейді. Тек сыртқы тонын шапанға, сулыққа айырбастайды. Парамен, аярлықпен, қараулықпен, қатыгездікпен, әділетсіздікпен "жүрегін жалғайтын" (Абай) тарамыс тамырлары үзілмейді. "Байдікі – байға құяды". Абай мұны:

"Мұның барлығы төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан", -десе, хань әулетінің ғұламалары:

"Мұндай сот байларға ғана болысады және аяр келеді, кедейлер мен әлсіздерді қысымға, қыспаққа алады. Мұндай жағдайда әділдікке жетуге бола ма? – деп назаланады.

Әрине, жетуге болмайды. Қайдан жетесің. "Ереженің" өзі бір қазақты екіге бөліп, оның ішінде елді отарландыруға, халқын басыбайлы етуге барын салған ақсүйектерді заң арқылы қорғап, заңмен үйлестіре пара беріп отырса. Кім ұлттық тәуелсіздікке ұмтылды, кім рухани тәуелсіздік танытты, оның барлығын араңдатқан адамды ерекше күтімге алды. Өзін – өзіне талатты. Абайдың:

Күшік асырап ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтык үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты -

деуінің мәнісі сонда. Бұған "Ереженің" 186-бабындағы:

"Марқұм Шырғазы Айшуақов ханның және сұлтандар Баймұхамед Айшуақовтың, Ахмет пен Арыслан Жантөриндердің отбасына, сондай-ақ бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымовқа қарсы 1844 жылы аттанған жасақтың қатарында жүріп жараланған немесе өлген қазақтардың отбасына түтін салығын төлемеу туралы берілген жарлық және басқа да жеңілдіктер өз күшін сақтап қалады", -сонымен қатар 187-баптағы:

"Белгілі мөлшердегі мал басына салынатын салықтан босатылған бұрынғы хандар Уәли мен Бөкейдің кіндігінен тікелей тараған тұқымдар түтін салығынан босатылады", -деген пәрмендер дәлел.

Хандықты жойған империяның өзі. Бұл ақсүйекке ақсүйектің жасаған мырзалығы ма?

Жоқ. Арандатудың басы. Кім ақ патшаға сенімді қызмет етсе – соның мерейі үстем болмақ. Ахмет Жантөриннің Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті жаншу үшін он жылдан астам тыңшылық жасап, жазалау жасақтарын бастап, екі жақты да қызыл қырғынға батырғаны үшін алған "сыйы", міне, осындай. Өзге төре тұқымдарының да дәл сол кезде қара қазақ үшін күйінді болғаны шамалы. Шен-шекпеннен бас тартқан сұлтан Ғұбайдолла мен Қасым Абылайханұлының балалары.

Жә, кешегі мемлекеттің тұтқасы болған ханның тұқымдарының патшаға сүйенбеске реті де қалмап еді.

"Мал ашуы – жан ашуы – дегенді шығарған қазақ салықтан құтылған қандастарын көрсетуден еш тайынбайды. Арыз-жаланың бәрі осыдан өршіді. Сайлау кезінде, санақ кезінде мал мен жан басы туралы үнемі жасырын келісімдер жасалған. Бірақ олардың ашылмай қалғаны аз. Өйткені, "Ереже" бойынша:

"Егерде жасырып қалғандарды (мал мен жан басын – Т.Ж.) болыстың өзі немесе сайлаушылар әшкерелейтін болса, онда ол адам айып төлеуден құтылады".

Қандай нәзік әрі әккі бап. Ағайынның арасына іріткі салудың ең оңай әрі нәтиже беретін тәсілі. Қазақ ағайынға өкпелемей жүрмейді. Сәл нәрсеге бола Абай айтқан көп "дептінің" бірін айтып шыға келеді. Би мен болыс сайлауынан кейінгі қазақты арандатқан ең үлкен қырқыстың бірі осы салық жөніндегі "Ереже" болды. Абай өзі айтқандай:

Екі елірме бітімге жөн келер ме,

Ақылы болмаған соң артын бағар, -

дегізіп, ағайынды екі адамның әкеден алған еншісін де таласқа салдырған осы қитұрқы бап. Бәйбіше мен тоқалдың балаларын өш қылған да сол. Өйткені, бірі мен бірі байлықтың бәсекесіне түседі. Бәсеке бар жерде – бәсеңдік жоқ. Соны көрген, басынан кешкен Абайдың:

Атаны бала аңдиды, аға ініні,

Ит қорлықпен немене екен сөйткен күні.

Арын сатқан малы үшін антұрғанның,

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.

Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып,

Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.

Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар,

Пәруардигер, жаратқан несін жан ғып!

Ант ішіп күнде берген жаны құрысын,

Арын сатып, тіленген малы құрысын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрысын! -

деп іштей жеккөрінішпен қарауы сондықтан.

Балаға әкесін, ініге ағасын аңдытқан, малға арын саттырған дәстүрлі заң емес, отаршылдардың басыбайлы етуге бағытталған басқару "Ережесі". Ыза боп кеткенде баланды өзіңдей болсын десең "Азғыр, азғыр!" деп Абайдың ашудан жарылып кететіні сол тәуелді бишаралардың жалған билігі. Қазақтың келешегінің үкімі шығарылып қойылған.

Тек "сәті түскен күні" құрдымға құлату ғана қалған. Боранда ықтаған қой сияқты бірін-бірі таптап, жұлып жеп, тоз-тозын шығарады.

Қайда барамыз, неге мұнша жауықтық, өшпенділік қайдан шықты, оның жолы бар ма деп ойлаған тұлға, дербес ойдың иесі табылмады. Табылды. Бірақ аз еді. Және желігіп, жәнігіп алған жұрт оны тыңдамады. Арабтың "Жынды су" ертегісі іспетті ақылдылардың өзі жындандыратын су ішіп, "ақылдан азап" шекті. Абайды өмірден, алдағы күннен түңілдірген азаптың бірі осындай әрекеге түскен, "бір ат үшін күніне жүз құбылған":

Қызығы кеткен ел бағып,

Қисыны кеткен сөз бағып, -

жүру еді.

Бұдан асқан азап бар ма? Осы "Ережедегі" баптардың елді әбден аздырып болғанын жаңа "Ереже" дайындап жатқан И.Мельников те аңғарып, оны өзгертуді ұсынады. Әрине, империяның мүддесіне жыға қисындырады. Ол шенеуніктің "Далалық облыстарды басқару туралы Ереже нұсқасының кемшіліктері туралы" мәлімдемесінде:

"Тұрғындардың күнделікті тіршіліктеріндегі құбылыстарды шешу және олардың талап-тілектерін қанағаттандыру үшін таңдап алынған орыс заңына бірден-бір лайық жол – халық соты емес екенін парықтау лазым, өйткені бұл сот (халықтық "билер соты") жұртшылықтың алдындағы беделінен жұрдай болды, олар өздерінің билерінен қашып қазір орыс тұрғындарына келеді, өздерінің жырларында оны қатты қарғыспен қарғайды, мұны Жер бөлімі дайындаған дала ережесінің (25-бет) жобасына берген түсініктемесінде келтірген бір қазақтың сатиралық өлеңінен анық байқауға болады", - деп жазады.

Халық билері келесінің қадірі кеткенін білген жалғыз И.Мельников емес. О баста жасалған "Ережеден" күткенінің өзі сол болатын. Енді әбден тоздырып біткеніне көзі жеткен соң, қазақтардың өзі бас тартады деген мықыр саясаты болатын. Жаңа "Ережеде" сол халықтық дәстүрдегі би келесін мүлдем қысқартуды талап ете жазған И.Мельниковтің оқыған өлеңі Абайдың өлеңі ме, жоқ, басқа біреудің өлеңі ме, ол жағын ашып айта алмаймыз. Көрсеткен іс қолға түспеді.

Бірақ айтар нысана біреу. Ол – "Ережеге" негізделген би сотының қадірінің кеткені. Бір ғана "Күлембайға" арналған өлең соның барлық қоясынашып береді. Мұның бәрі бізге таныс жайлар. Ендеше: "Өзінің пайдасын бірінші орынға, ал қоғамдық парызын екінші орынға қоятын ұлықтарды" (Ван-фу) қалай биліктен аластауға болады?

Абай өзі би, өзі болыс міндетін атқарған қоғам қайраткері болғандықтан тығырықтан шығудың жолын іздеп, екі түрлі пікірді талқыға ұсынады. Ондағы басты мақсаты: қазақты мынау ала өкпе, ала шапқын болған өзара жаулықтан құтқару. Тым болмаса уақытша тыныс алдырып, елдікке шақыру, есін жиғызу. Болыстық пен билікті бір адамға жүктеуді жақтайды. Болыс пен биді сайлау елді аздырғанын айта келе ол "Үшінші сөзінде":

"Осы қазақ халқының осындай бұзықшылықка тартып, жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң менің ойыма келеді: халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадарлы орысша образование алған кісі болсын. Егерде орталарында ондай кісі жоқ болса, яки бар болса да – сайламаса, уездный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайда болар еді. Уә назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки, жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайлағандық бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінеді", - дейді де ілгеріде мысалға келтірілген "Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы", Әз-Тәукенің "Жеті жарғысы" туралы ойын сабақтай келіп: - "Үйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей (мәңгілік – Т.Ж.) сайланса; олар түссе – жаманшылығы әшкере білінгендіктен түссе, әйтпссе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе, яки оған да ынтымақтаса алмаса; бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай бітім болар еді", -деп Абай дәстүрлі салттың негізінде билеуді еске салады.

Алдыңғысы – қысылған кездегі амал да, кейінгісі – түбегейлеп тексерген ойдың жемісі. Қазақтың ішіне індеттей тараған жанығуды тоқтату үшін тағайындап қоюдың да артықшылығы бар. Бірақ онда отарлық билік дендеп кіріп, тікелей қолқанды суырып алуға жағдай туғызады. Тек білімді адамды қойсын деген сөз ғана тоқтам жасатады. Абайдың өзі де бір рет тағайындалып болыс, бір рет тағайындалып төбе би болды. "Қарамола сиязындағы" заң ережесіне қатысуы және өзінің тікелей араласуы көңіліне демеу берген іспетті. Ол сияздың соңынан арыз-шағым жүрмеді. Соны да ескерген. Дегенмен де бұл да үздік үлгі еместей көрінген. Сондықтан да дәстүрлі заңға бүйірі бұра береді. Абайдың бұл пікірін арада біраз жыл өткен соң Шәкерім де қостап, "Қазақ" газетінің 1914 жылғы 65-санындағы "Би һам билік туралы" мақаласында:

"Менің ойымша билерді азайту керек. Оларды қауым жасырын шармен сайлауы керек. Жаза кесілмейтұғын дауды третейский судқа (Абай айтқан "посредник", аралық сот – Т.Ж.) беру керек. Сайлаулы болсын, третей болсын, биге салған даугердің екі жағы да книгаға жауабын жазсын. Жазу білмесе біреуді тауып жаздырсын. Посредникке келіспесе, сайлаулы бидің жеребеге шыққанына еріксіз салынсын. Жалғыз биге сал демек қалсын. Ақы сұрай келген елдің биіне салма деген қалсын. Себебі дау бітпесе созылып, қазақты барымталастыруға себеп осы болады. Билердің үстінен бір би керек. Олардың біріне-бірі қарсы айтқанын сынайтұғын. Орыс ұлығы, яки жоғарғы би сынаса да, жазулы жолға терісін тауып бұзсын. Бұл туралы тағы да жазамын", -деп тұжырымдайды.

Әрине, одан кейінгі аласапыран заман Шәкерім Құдайбердіұлының ойлағанын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Бірақ ол кісі де "Алаш" өкіметінің төбе биі боп бір маусым кесім кесті. Төбе би сайлау туралы Абай қатысқан 1885 жылғы "Қарамола сиязындағы" ережеде бекітілгенімен нақты тәжірибе жүзінде әуелгі ойдың нәтижесін бермеді. Оған империялық билік жүйесі еркіндік жасамады. Отаршыл шенеуніктер қазақтардың дәстүрлі заңын аяққа таптап, "Ян-те-луньда" айтылғандай: "Көзі көріп тұрғанды тұқырта берді, құлағымен естігенді пір тұтты". Мұның мәнісі: жоғарғы жақ не айтса, тек соны ғана істеді. Заңға сүйенбеді. "Көптің аузын күзетіп, күнелтіп күн" көрді. Басыбайлы, рухани тәуелді, өз бетінше ойлауға, шешуге, кесім айтуға дәрменсіз "мақұл" мен "лаппай, тақсырдың" иесі. Абай мұндай ойсыз, пікірсіз, намыссыз, бисымақтарды:

Тегін ойлап қарасаң,

Мұнда ми жоқ, құлақ бар, -

деп дәл тауып мінеген.

Шындығында да тәуелді рухтан тәуелсіз әрекет шықпайды. Ондай тәуелділіктен қазақ ұлтының толық арылуы үшін тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген бір ұрпақ жаңарып үлгеруі қажет. Ал олардың заманына дәстүр мен дәстүрлі заңның қайсысы жетеді, қайсысы жетпейді, тек бір Аллаға ғана мәлім. Тек сол ұрпақ ғасырлар бойы тепкі мен тебінде қалған елдің телім-телім тағдырының жыртығын жамап, бірде "қазақта қара сөзге дес бермедім – деп, бірде "ақылдың азабын" шегіп, күйініп кеткенде:

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым, сен қажы.

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не лажы! -

деп түңілген ұлы азап иесінің болғанын есте ұстап, ескере жүрсе бір ғанибет болар еді.

Тәуелді заңнан тәуелсіз ождан қымбат.

Ең ұлы, ең қасиетті Заң – Ар-ұят.

Ол қанағатқа, қайырымдылыққа, "суық ақылға", "қол қайратқа" негізделуі керек – дейді Абай тағылымы. Талап және бар. Бұлардың барлығының құдіретін анықтайтын және бағалайтын ұлы күш – мақсат. Сол мақсат болмаса және Абайдың арманын түйсіне жүріп көңілге түюге ұмтылмасақ, тәуелсіз тіршілік үшін талпынбасақ мұнша қазымырланып қаламды қинамас едік. Абайдың тәуелсіз заң туралы ой-тұжырымдарын саралағанда келген бір түйініміз бен пайымдауымыз осы.

Рухани тәуелділіктің ең нәзік әрі жанды тамыры – таным. Абайдың өз тілімен айтқанда "жан бостандығы". Ол дербес тақырыптың желісі. Енді соған көшейік.

 

 

 

8. "АДАМДЫ СҮЙ, АЛЛАНЫҢ ХИКМЕТІН СЕЗ... "

(Абай және діни таным мәселелері)

 

I

 

Жалғанның жалған екенін, жанның тәнге қонақ екенін, "мені мен менікінің мағынасы басқа" (Абай) екенін бар рух-жанымен түсінген әрбір пенде үшін ең нәзік, ең қасиетті, ең намысты әрі құпия сезім – сенім. Сенім – танымның тамыры. Адам Ата мен Хауа Анадан бергі сабақталатын ақыл-ой иесінің түйсігі сол тылсым күштің тұтқынынан шыға алмай келеді.

Қанша есті, есірік, ер жүрек, бауырмал болсаң да "шығардағы жаның басқа".

Сондықтан да жалғанның жалғандығына, дүниенің тәркілігіне, "мәңгілік өмірдің жоқтығына" (Абай), бақилықтың барлығына, мынау "он сегіз мың ғаламның" сенсіз де өмір сүре беретініне, өзіңнің, исі адамзаттың "бүгін – адам, ертең – 1топырақ" (Абай) екеніне сенгің келмей құмығып, құсалы күйге түсетінің кәміл.

Қанша ғұлама болсаң да, қаншама өмірге өш боп тусаң да, өмір сені қалай жаныштамасын:

Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,

Дүние өтерінде шыр айналды, -

деп Біржан айтқандай, жан күйігі ішіне түспеген адам жоқ.

Бар дейміз. Жантәсілім сәтіндегі қиналысын білдірмеген не білдіргісі келмеген, білдіргісі келсе де өзін-өзі тоқтатып, сабырға шақырған адамның айла, амалы ғана. Біз сол амалды малданып, өзімізді-өзіміз жұбатқымыз келеді, жұбатамыз, жұбатуға тырысамыз. Жарық дүниенің сәулесі сөніп бара жатқандағы сананың дәрменсіздігі мен қиналысын, жанның жан таласын ғұмырындағы ешқандай өкініш, ешқандай қуаныш, ешқандай даңқ, ешқандай азап алмастыра алмайды. Өлімді ойламаған, ажалдан сескенбеген пенде – пенде емес, егер шайтанның бар екені және оның Аллаға бойсұнбайтыны рас болса, ол адам тура соның өзі. Көшпелі қазақ философиясы, "Тумақ бар да өлмек бар", "Ағаш бесікке бөленсең жер бесікке кірмек те ақиқат - дейді.

Пәнидің пәнилігі сонда.

Бұл үрейлі сезім, тұңғиықтаным, құтылмайтын шындық "санасында саңылауы бар" адамның барлығын сарсаңға салды. Арлы-берлі замандағы өзгермеген үкім осы. Әйтеуір, ажалды мойындамаған пенде жоқ. Қорқыт та қашып құтыла алмаған. Сондықтан да ақылдың азабына тұншыққан Абай пенде ретінде ет жүрегі езіліп, санасына сабыр ұялатып, өзін де жұбатып:

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,

Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.

Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,

Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, -

деп торыққандай қалыппен шарасыздығын сездіреді.

Шарасыздық, ажалдың алдындағы шарасыздық – әрбір пенденің маңдайына жазылған жазмыштың жазуы. Бақталайың, тағдырың, пешенең деген ұғымдар соның баламалары. Кейде бүкіл өмірің – өзіңнің өліміңе дайындық сияқты көрінуі де сондықтан. Абайдың:

Жарлығына Алланың,

Ерте ойланған көнбек-ті, -

деуінде сондай мойынсұну жатыр.

Жә, "өлімнің бар екеніне" бойсұндық. Сонымен қатар айтылатын тағы бір жалғыздың аты бар емес пе? Бүкіл адамзатты бұ дүниенің қызығын қиып кетуге иландырған, о дүниеден әлдебір медеу тапқан амалы – сол жалғыздық. Оның аты жер бетіндегі пенделердің тілінде әрқалай аталғанымен, танымдық құдіреті біреу.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 312; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.064 сек.