Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 16 страница




Бұған қарап Абайды мұқым би атаулыға қарсы қою – қате. Ол түсінбегендіктен немесе түсінгісі келмегендіктен туған. Абай билерді елдің намысын қорғайтын тұлға ретінде ұстанып, олардың жағымсыз мінездерін көргенде кәдімгідей күйініп:

Бас қосылса арысқа,

Кім шабады намысқа, -

деп ұранға ұқсас сауал қояды.

Алдамшы жемтік сияқты биліксіз билікке желіккен билерге налиды. Сол билік қалай болса деген ойға қалады. Өзі жалғыз мұңданып, "суық ақылмен", "у толы тәнімен", "өлген жанымен" қаруланып, ақ қағазға запыран төгеді. Конфуцийдің дәстүрге негізделген билік қағидасында заңды: "Дана заманның ауқымына қарай бейімдейді, ақылды оны уақыт талабына сай өзгертеді", -деген қанатты сөзі бар.

Абай да іштей осыған бекінеді. Дана билерінің заманының өткенін, келмеске кеткенін біледі. Біле тұра ұлттық мәйектің іріп кетпеуі үшін дәстүрлі билікті сақтағысы келеді. Оның бұл нысанасы әрқалай бағаланып, түрлі тұжырымға сірге тартты. Жалпы дәстүрлі билікті шартты түрде сақтау арқылы патша өкіметі таптық қанауды күшейтті, феодалдық қоғамның үстемдігін сақтап қалды, кедейлер қаналды, байлар кенелді дегеннің уәжін түсінуге болады. Заманына сай "көлеңкесі үлкеннің ығына жығылған" (Абай) амал дейік оны. Бірақ сол дәстүрлі заңның артында ұлт тағдыры тұрғанын түсінуге тиіспіз. Абайдың пікірін талқылау арқылы Абайды сүйкімсіз етіп көрсетуге тырысудың өзі күпірлік. 1925-1990 жылдардың арасында мұндай әрекеттер сан мәрте қайталанды. Оның ішінде заңгерлер де, пәлсафашылар да, атеистер де, әдебиетшілер де, тарихшылар да, компартияның идеологтары да болды. Сол пікірдің түйіні:

"... Рубасылар мігірсіз өсіп келе жатқан өмірдің жаңа қоғамдық сатысына қарсы жаулық ниетін жасырмай, әр түрлі амал-айланың бәрін қолданып, қатыгездікпен қасарыса күреседі. Бұл процесс Абайдың әдеби-қоғамдық қызметінің бірінші жартысында жазылған өлеңдерінен айрықша айқын көрінеді. Абай осы кезеңде, яғни 1886 жылы өз өлеңдерінде қазақ халқының өткен өмірін марапаттап, жаңа қарым-қатынасты күстаналайды", -дегенге саяды.

Абайдың танымдық әлемі кең. Өмірдің кез-келген құбылысына тап келсең де, әйтеуір оның бір ауыз сөзі тіліңнің ұшына оралып отырады. Ілияс Қабыловтың қай өлеңді алғанының ("Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман – Т.Ж.) бұл арада керегі шамалы. Мәселе – түйген тұжырымында. Ол Абайдың астарлы ойына үңілмей, өзіне қажетті-ау деген тұсын пайдаланған. Абайды мысалға келтіру керек, бірақ оның өзекті нысанасын өзгертпейтіндей етіп сақтықпен қолданған лазым. Әйтпесе, асау ат сияқты ерден лақтырып жығып кетеді де өзің айдалада сандалып қаласың. Абайдың 1886 жылы жазған өлеңінің негізі "қазақ халқының өткен өмірін марапаттап, жаңа қарым-қатынасты күстаналау" емес, керісінше сынау еді. Сыншының: "жаңа қарым-қатынасты күстаналау" дегендегі – "жаңа қарым-қатынасы – орталық заң болса, онда бұл Абайдың "рушылдығы" емес, ұлтжандылығы. Байшылдығы емес – байыптылығы. "Қазақтың өткенін марапаттау" емес – ұлттық қасиетті сақтауға ұмтылғаны. Әйтпесе:

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде осы елде дәнеме жоқ,

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, -

деп күйінбес еді.

Түсінген жанға Абай қазақтың өткенін емес, бүгін мен ертеңін ойлайтын "саналы" жан іздеп отыр ғой. Елі мен жерінің тағдыры туралы "мейір қанып" сөйлесетін азаматты аңсайды. Қырық қатпарлы, қырыс пікірлі патша дәбірлерінің жер өлшеуші, саяхатшы, сез жоюшы, мал санаушы боп жүріп тыңшылық етіп жүргендердің мәртебелі ағзамға:

"Өркениетті елдің бүгінгі өмір құрылымымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жағдайда қалыптасқан, дәстүрлі заңға негізделген халық билерінің соты халыққа қатты ықпал етіп отырған сияқты көрінгенімен, билердің бұл сотын қазақ даласында қолдауға тыйым салу керек, оны империяның тәжірибесінен өткен, тұрғындарды тәрбиелеуде (басыбайлы етуге деп түсініңіз – Т.Ж.) ғаламат жетістікке жеткен Александр II императордың заң институтының ережесімен жұмыс істейтін тиімді мекемемен алмастыру қиындыққа түспейді", - деп ызыңдап жүргенін Абай білді.

Біле тұра дәстүрлі билікті ұстанды. Оған "Қарамола сиязындағы" заң жобасы айғақ. Мұнда билер өзінен бұрынғы көшпелі мемлекеттің билерінің жарғысын жаңғыртты. Билікке де, билеушіге де қатар талап қойып, оның әлеуметтік, саяси астарына мағына берді. Билік пен дәстүрді бір-бірінен бөліп қарамайды, заң мен дәстүрді қат-қабаттап өреді.

Қазақ өзін-өзі жаңа бодандық жағдайда қалай билемек керек, нені мұрат етуі тиіс және сақтанатын қауіп не? Мұны ойлағанда Абай күшті мемлекеттің басқару жүйесін талдамайды. Ондай құдіретті күшті елінің қолына ұстатпайтынын анық таныған. Ол бергі, қолжаулық пен Қолшоқпар есебінде жұмсалатын әрі-сәрі билік пен заңды ғана талдайды. Берекесіз билік-әрекенің ұйтқысы, "антұрғандықтың" басы. Сондықтан да империялық ойлау жүйесімен қанағаттанған хань әулетінің ғұламалары билеу мен биліктің мәйегіне жалпы ұғымды талқыға салса, Абай жалқыны алады. Бұған келгенде Абай тәжірибеге сүйенеді. Билікті және сол биліктің иесін қабаттастыра қарайды. Дәлірек айтсақ, ол патша үкіметінің көшпелі жұртты қасақана жауласуға итермелеген болыс пен би сайлауының жүйесіне қарсы.

Себебі: Ресей ережесінің баптары қазақ дәстүріне, салтына, тұрмысына, тіршілік мүмкіндігіне сай келмейді. Екіншіден, заң бойынша жазаға тартатын кесімдердің құны мен ауыр-жеңілдігінің парқы мүлдем басқаша еді. Мысалы, өмірі түрме салып, түрмеге жатып, алды-артынан әскер айдап жүруге үйренбеген, қабырғалы үйді қапас деп санайтын қазақ үшін үш күн түрмеге жатқаннан гөрі үш жылқысын беріп, айып төлеген әлдеқайда жеңіл. Сондай-ақ үш сом – Ресей тұрғыны үшін арзан болғанымен, қазақ үшін ол бір жылқының құны. Қоғамдық өмірдің барлық құбылысын зерттеген ғұлама Шәкерім Құдайбердіұлының:

"Қазақтың дамуын орыстың судиясы бітіргенінің қолайсыздығын біз айтпасақта тамам қазақ біледі. Мысалы: қазақ көтере алмастай шығын, оның үстіне әдет-рәсімге теріс болып көп қиыншылық, залал болмақ", - деуі соған кепіл. Бұған қоса ол: - "Билік туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Бірақ ол жол ұмытылған. Себебі, көбінесе, орыс законына қарағандықтан болған -дейді пікірін дәлелдеп.

Бүкіл ғұмырын елінің арасындағы дау-шарды бітістіруге арнаған, он төрт жастан бастап көзі жұмылғанша би, болыс болған Абай інісі Шәкерімнен гөрі ол қайшылықты терең сезінді әрі күн сайын іс жүзінде сәйкестіре қолданды.

Көшпелілер тіршілігіне әлмисақтан бері көк бауырдай жабысып келген жер дауы, жесір дауы, барымта мен сырымта, құн дауы іспетті "дәстүрлі даулар" өзге ұлтқа түсініксіз. Бұлардың кесімі де басқа. Тіршілік қаракетіне сай өзін-өзі ақтайтын да, өзін-өзі жоққа шығаратын да жақтары бар. Жеке басынан гөрі елінің, ұрпағының мүддесін көшпелі өмірге сай қорғау ниеті бірінші мақсатқа айналды. Әмеңгерлік заңы сондай ықылымға құрылған.

Даланың кеңістігімен өлшегенде ұзатылған қыздың төркініне балаларын жетектеп қайтуы ел үшін қорлық, өйткені ұрпағын әйелдің соңынан ертіп жіберіп отыр. Ұрпақ-қазақ үшін ең асыл байлық. Елдіктің, ездіктің, тектілік пен тексіздіктің өлшемі. Екінші, балалы әйел қайда сияды, қайда барады, төлеген қалың малын әкесіне қайтарып бере ала ма? Баланы қалай тәрбиелейді? Үшінші, қайтып келген қыз өзінің бақытын қайтып таба ала ма? Біреудің баласын біреу асырай ала ма? Сол ұзатылған елінен де бір азамат табылса құба құп, әрі тұқымды қаңғытпайды. Қадыр ақынның:

Бір жаманы-үйленіп жеңгесіне,

Бір жақсысы-жесірін қаңғытпаған, -

деп таразы басын тең ұстап салыстыруы сондықтан.

Әрине, тіршілік болған соң әмеңгерліктің әбігері мен дәмігері де кездескен. Бірақ ол әу бастағы көшпенділердің өз ұрпағын алаңсыз қамтамасыз ету мен тегін сақтаудан туған ықыластың нақты және заңды көрінісі емес. Оған "Қарамола сиязындағы" Абай қатысқан 1885 жылы мамыр айында Шар бойында жазылған "Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесіндегі":

46-баптағы: "Егер қалыңдығы өліп қалып, балдызы жездесіне бармаймын десе, алған қалыңмалын қыз әкесі күйеуіне қайтарады";

47-баптағы: "Байы өлген жесір қатын: сүйсе байының туысқан бір бауырына, яки ағайынына тиеді, егерде сүймесе – ықтияры өзінде";

51-баптағы: "Егер байы өлген қатын, баласы жоқ болса да, бар болса да байға тимей отырса – байынан қалған барша малға ие болып, өзі билеп тұрады", -деген дәстүрлі заң уәждері айғақ.

Мұның барлығы көшпелі өмір заңдылығынан туып отырған дәстүр. Исі қазақ пен қырғыз жұрты рәсіміне айналдырған бұл әмеңгерліктің де белгілі дәрежеде жатымды, үйлесімді жақтары болған. Қазірдің өзінде де жеке басының қызық-шыжығынан ұрпағының бақ-талайын жоғары қоятын отбасы иелері дүниенің төрт құбыласының кез келген түкпірінен табылады. Хань әулеті тұсындағы пікір таластырған ғұламалардың "Хуайнань-цзы" атты жинағында дәстүр мен заң туралы:

"Заң – дәстүрден барып қалыптасып, дәстүр – көптің көңілінен шыққанда ғана орнығып қалады. Көптің көңілінен шықты деген сөз, қауымдардың ойының бір жерден тоғысқанының айғағы. Биліктің мағынасының өзі сонда. Сондықтан да не нәрсенің болмасын тамырын тапқан адам, оның сабағын сипалап сандалмайды. Тамырды ұстаған адам – ұсақ-түйекке алданбайды. Заңды тәңір жаратқан жоқ, топырақтан да (бүкіл тіршілік атаулыны айтып отыр – Т.Ж.) туған жоқ, ол адамдардың арасында қалыптасты, сондықтан да олардың өзі өзгеруге толық қақысы бар, өзіңде бар нәрсені өзгенің де иеленуіне тыйым салма (Абай: "Өзіңде бармен көзге ұрма – дейді – Т.Ж.), өзіңде жоқты өзгеден тап деп талап етпе (Абай: "Қыстауы тарлық қылса-арызы жеткенді, сыйы өткенді, байлық қызметімен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ... әр қазақтың ойы осы – дейді). Төменгі жұртқа жүретін пәрмен лауазым басында отырғандарға да бұлжымас дәргей, халыққа тыйым – саған да тыйым (Абай: "Өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек – адамның нұрын, гүлін бұзады") – дейді.

Енді осы талаптың дәл Абай заманында орындалуы мұмкін бе? Жоқ. "Хуайнань-цзыдағы" дәстүрмен, заңмен билеуді-жақшаның ішіндегі сөздерге назар аударсаңыз-Абай жақтап отыр. Бірақ ол дәл осы заманғы билік пен билеу тәсіліне риза емес. Біріншіден, империя заңы дәстүрдің негізінде жасалып отырған жоқ. Онда "малдың мүддесі", яғни тұтынсам, алсам, жесем деген тұтыну пиғылы, барсын, келсін, жүрсін деген өктемдік пәрмені басым. Билік береке әкелмеді, берекесіздік тудырды. Тыныштық әкелмеді, лаң салды. Бұл заң – елдің өз заңы емес, отаршылдық аяршылдықтан шыққан, зорлап телінген заң. Ол "Ереженің" басты зияны мынада:

"Мәселен: сайлау туралы закон пара – жақындықпен би болуға ыңғайлы болып, кім болса сол би болып, аузына не келсе соны айтқан. Және бір себебі – жазылмай қалған", -дейді Шәкерім.

Абайдың да қатты күйініп, елдің қасиеті кетіп, билердің не дәстүрлі заңды ұстанбай, не "Ережені" толық сақтамай, құр сандалыспен өткен құрғақ ділмарлығына ызаланып:

Келелі кеңес жоғалды,

Ел сыбырды қолға алды, -

деуінің мәні сонда.

Абай өте дәл айтып отыр. Дауды кеңесіп шешетін "келелі кеңес" келмеске кетті. Ескі түзілім жойылды, жаңаның жолы салынбады. Қоғамдық өмірдің іші азынап, құр ызыңы қалды. (Хаос). Мұнымен отарлаушы империяның шенеуніктері санасқан жоқ. Олардың пайымдауынша:

"Болыстар сияқты сайланып қойылатын қазақтардың халық сотын қоғамдық сананы дамытуға ықпал жасайтын, мәдениет пен өркениетке жетуге ынталандыратын қоғамдық басқарудың бір үрдісі ретінде бағаламау қажет, өйткені ол биліктің негізі кәдімгі дәстүр мен дәстүрлі заңға құрылған заманда қалыптасқан құқықтық қатынастың, яғни, тағылық заманның сарқыншағы, оның үстіне идея тұрғысынан алғанда да, өмірлік қолдану тұрғысынан алғанда да пайғамбардың үмметтерінің еш уақытта өзгертуіне болмайтын, даму атаулыны жоққа шығаратын, мәңгілік бұзылмайтын мұсылмандық жолдың сәулесі түскен заң", -еді бұл. (И.Мельников).

Бұл менменсудің ақыры: "Осы күнде қазақ ішінде "ісі білмес, кісі білер" деген мақал шықты. Оның мәнісі – ісіңнің түзулігіне жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығына жетерсің деген сөз", -дегенге алып келді.

Бұл – заңды сыйламаушылық. Ал ол дәстүрдің бұзылуынан немесе дәстүр-салтпен сәйкес келмегендіктен, онымен санаспаудан туады. Өйткені, империя қай заңын қазақтың дәстүр-салтына ыңғайластырып қабылдады дейсіз. Дәл осы сұраққа бүгін де жауап бере алмаймыз. Ұлттық ерекшелікке байланысты және соны қорғайтын заңды қабылдаған жарлық көрдіңіз бе? Жоқ. Барлығы да бір кездегі ұлы орталықтың, одан кейін бейтараптық (массондық) ағымның құзырындағы құқықтардың үйлестірілген тәржімасы. Республика деген сөзден бастап заңның соңғы баптарына дейін рухани тәуелділіктің салқыны есіп тұрады. Заңға қатысты ұғымдардың (терминдердің) өзі ұмытылғандықтан да, оның қазақша аудармасын тәжірибе жүзінде пайдалану мүмкін емес. Заңда, шығарған заңгер де "ығы зордың" ықпалынан айрылып болған жоқ. Хань дәуірі ғұламаларының:

"Ізгі ниетті мемлекет өзінің дәстүріне жүгінеді, қауіп-қатер жайлаған мемлекет өзінің заңына жүгінеді",-деген сөзі Абайдың "жұртқа бірдей закон болмаса... законсыз зорлығына көнбес едік -деген ишаратымен астасып жатыр.

Қазіргі күннің өзінде жұрт сайлаған өкілдердің күнде кеңес құрып, жарлықтың үстіне жарлық шығарып жатқанына қарағанда, хань дәуірінің ғұламаларының уәжі дәл келіп тұр. Шаңырағы шайқалған, заңдық іргесі құлаған қазақ мемлекетінің әлі біраз уақытқа дейін дербес, тәуелсіз заңға ие болуы неғайбыл. Дәстүрсіз заң-толыққанды заң емес. Бұл-ұлттың өзін-өзі сыйламауы. Заңсыздықты заңдастырған заңға ұлттың емешесі иій қоймайды. Ол сөзсіз алашапқынға, аласапыранға, сенімсіздікке алып келеді. XIX ғасырдағы қазақ арасы дәл сондай күйге түсті. Осының барлығын ақылға салып, саралай келе, Шәкәрім Құдайбердіұлы:

"Осы ескі жолдың көбі осы күнгі өмірге қолайлы. Бұрынғы ережелер де көбінесе сол жолға сүйеніп айтылған. Соларды тексеріп, қолайлысын алып, осы күнгі өмірге келімсізін түзетіп, бір жоба жол қылып жазса, қазаққа содан қолайлы жол болмас еді. Оны жазу қазақтың ескі құлақты кемеңгерлері мен оқымысты жастарының ақылдасуымен табылады. Өзге жұрт қазақ жайын қанша білем десе де, анық жете білмейді", -деген пікір білдіреді.

Шәкәрім айтып отырған, "ескі кұлақты кемеңгерлік пен оқымысты жастың" бейнесі Абайдың тұлғасына толық сыйып тұр. Мұндағы ойдың түп қазығы да Абайдың "Қара сөзінде" жатыр. Онда билердің қызметіне қатты талап қойылады. "Үшінші сөзінде" ол:

"Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайлаған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы "Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын", Әз-Тәукенің "Күлтөбенің басында күнде кеңес" болғандағы "Жеті жарғысын" білмек керек. һам ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ", -дейді. Енді осындағы пікірді тарқатайық. Абайдың "татымды толық билік" деп отырғаны – Заң ғой. Заң болғанда жай заң емес, Ата Заң – Конституция. Ал жоғарыда айтылған "Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы", Әз-Тәукенің "Жеті жарғысы" қазақтың Ата заңы. Абай сол көшпелілердің Ата Заңын заманға сай өзгертіп пайдалануды ұсынады. Тек ұсыныспен шектелмей, ол тұжырымын нақтай түсіп:

"Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: "Би екеу болса, дау төртеу болады - деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Үйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке кесілмей (мәңгілікке – Т.Ж.) сайланса: олар түссе-жаманшылығы әшкере білінгендіктен түссе, әйтпесе – түспесе. Ол биге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке (төбе би – Т.Ж.) сайлап алып, біте (бітістіре – Т.Ж.) берсе, яки оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып, жүгінсе сонда дау ұзамай бітім болар еді", -дейді Абай би.

Көшпелі қауымның тарихында бар тәжірибеге сүйенген Абайдың бұл ұсынып отырғаны-Конституциялық сот. Дамыған елдердің өзінде де, Американың штаттарындағы соттарда да тура сондай дербес төбе билер бар ғой. Ешкімге тәуелсіз адам ешқашанда жеке мүддесі үшін қамырдан қылшықты суырмайды, сондай-ақ қара қылды қақ жарады емес пе. Әділет кімде, соның сөзін сөйлейді.

Бас қосылса арысқа,

Кім шабады намысқа, -

дегенде келеге түсетін, міне, осындай төбе билер.

Төбе бидің билігі жойылған соң көде билер қаптап кетті. "Бас-басына би болды", "елдің сиқын бұзды". Әлде сол заманда төбе биге лайық адам табылмады ма? Шынымен қазақ тағылықтан арыла алмап па еді? Ендеше, Шоқан Уәлиханов неге болыстыққа өтпей қалды? Абайдың өзі неге санаққа ілінбеді? Мұхаммед-Салық Бабажанов ше? Думаға сайланған Әлихан Бөкейхановты қайтеміз? Бұлар өзге биліктен бас тартса да қазақтың төбе биі болып елін "өркениетке" бастаудан бас тартпас еді ғой! Бұл адамдарды патша дәбірлері жақсы білді. Абайды болыстыққа тағайындап қойған солар емес пе? Бірақ солардың барлығы неге қуғынға түсті? "Ереже" жобасы жасаларда олармен неге ақылдаспады? Гәп осында еді. Оның себебі қазақтарды басқару жөніндегі "Ереженің" 102-бабында:

"Жергілікті тұрғындардың ісін қарап, шешім шығару үшін осы Ережеде көрсетілген уездердің әрқайсысына уездік сот тағайындалды". 103-бабында:

"Уездік сотты генерал-губернатор ұсынып, юстиция министрі бекіткен соң барып үкімет тағайындайды", -делінген.

Демек, сот сайланбайды, тағайындалады. Біріншіден, "Ереженің" қазақтарды басқару жөніндегі баптарында олар үшін болыстықтан жоғары лауазым қаралмаған. Болыс пен бидің өзін ояз бастығы, одан облыстық басқарма, ең соңында генерал-губернатор бекітуге тиісті. Сондай-ақ болыстар мен билердің үкімін орындауға шабармандар мен старшындар ғана міндетті болған. Бұл дегеніңіз, жергілікті өкіметтің жандармерияға, қазақ әскеріне, орыс әскеріне еш ықпалы жүрмейді деген сөз. Кәдімгі қуыршақ өкімет. Арнайы мамандардың болуына қарамастан оларға қазыналық қызмет берілмеген. Тілмаштықтан аспаған, яки асырмаған. Оған И.Мельников мырза:

"Қазақтардың табиғи қабілетінің сондай күштілігіне қарамастан көшпелі өмір салтының кесірінен олардың арасынан шыққан дәрігерлер мен заң қызметкерлері кездесе бастаса да, олар азаматтық істерді әлі де толық меңгеріп кеткен жоқ", -деп көлгірсіп "баға" берді.

Қазына кеңесшісінің ақыл-ойы, іскерлік қабілеті Шоқаннан, Абайдан, Мұхаммед-Салықтан, Әлиханнан қанша асып кеткенін кім білсін, бірақ қыр азаматтарының дәл осындай лауазымға қолын жеткізбеу үшін жанталаса жанығып, "Ережеге" кіргізіп жүргеннің бірі өзі болатын. Қазақтарды ояз бастығы түгілі мұғалімдікке жолатпау үшін берілген жасырын нұсқаулар империя кеңсесіне үсті-үстіне тоғытылып жататын.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 316; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.037 сек.