Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 13 страница




Міне, Абайдың болыс "ел ішінен тағайындалып қойылса, ол адам тек орыс заңын емес, қазақтың көне заңын да білсе" деп, қадап отырғаны сондықтан. Ал Шәкерім жаңа билікті дерліктей ескі қазақ дәстүріне негізделсе деген пікірді айтты. Әрине, ол ой 1914 жылы білдірілгендіктен де, кәдімгі дербес мемлекеттік билік құру керек дегенге негізделген. Себебі, бұл кезде қазақ даласының ішкі әлеуметтік саяси белсенділігі ұлттық бірлік идеясына бет бұрып еді.

 

 

7. "ҚУ ТІЛМЕН ҚУЛЫҚ САУҒАН ЗАҢЫ ҚҰРЫСЫН..."

(Абай және дәстүр мен тәуелді заң мәселелері)

 

I

 

 

Тағдырдың бір тауқыметі мен тәлкегі бар екені рас. Оны қасарысып жоққа да шығармайық. Алайда дүниедегі ұлылардың өміріне көз салсаңыз, солардың бірде-біреуі өзінің атын тарихта қалдырған кәсібімен тікелей айналыспапты. Тек жанама, көңіл көтерерлік ермек есебіндегі машығым немесе бос уақыттағы қосымша жұмысым деп қараған екен. Гете – сарай министрі, Омар Һайям – ғалым, Тютчев – елші, Салтыков – қазына бастығы, әйтеуір, таза әдеби кәсіппен күн көрген талант аз. Жоқтың қасы.

XX ғасырда ондай жандар бар. Бірақ та туа біткен дәулеті болмаса қаламның ұшымен қанағатын тапқандар шамалы.

Соның бірі – Абай. Отыз төрт жасына дейін өлеңді өнер тұтпаған, қырық бірге дейін оған көңіл бөлмеген жанның сөзбен күнелтемін деп дәме етпегені түсінікті. Көзі тірісінде қаламақы таппақ түгілі шығармаларының басын жинақтап көрмеген адам үшін пәлен деп сәуегейсу артық. Оның үстіне:

Жұрттың бәрі сөз сатқан,

Сатып алып не керек?

Екі сөзді тәңірі атқан,

Шыр айналған дөңгелек.

Сатып алма, сөз сатса,

Ол асылды танымас.

Біләткенің байы – ақша,

Ер жақсысын таңдамас, -

деп, "сөз сатқандардың" бетін бірден қайтарып тастайды.

Абай заманында көшпелі тіршілік үшін белгілі бір қызметтің қажеті де жоқ, реті де жоқ еді. Алайда Абайдың өмірі шұғылданған тұрақты жұмысы бар болатын. Ол – билік айту, яғни би болды. Он төрт жасынан бастап қашан құсалы боп өлгенше қазақ жұрты оны би, болыс деп таныды. Демек, өзі өмір сүрген кездегі қауымға Абай қоғам қайраткері есебінде етене мәлім тұлға. Іштей сөзді өнер деп түсініп, өзінің өзгелерден дара талант екенін сезінсе де, тарихтағы орнымды әдебиеттен табамын деп көңілі сене қойды деу қиын.

Әрине, дәл қазір бұған өре түрегеліп, төбе шашы тік тұратындар табылар. Бірақ шындық, өмірлік шындық солай. Абайдың "етек басты көп көрдім" деуінің астарындағы айтпағы осы. Өнерді, ғылымды кәсіп ретінде қууға "қолын кеш сермеп" қалғанын ол түсінді. Билік айтудан "ес білгелі" қолы босаған жоқ. Абай биліктен кетпеді, ал билік оның өзіне "ерік бермеді". Мұрсейіт пен Сарымолда сияқты іждағатты молдалардың, Кәкітай мен Тұрағұл сияқты жанашырларының, Әлихан Бөкейханов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов іспетті ғұламалардың ниет-ықыласы болмағанда, біз бүгін Абайдың орнына кімді қойып дәріптеп отырарымызды бір жаратқанның өзі біледі.

Сонымен, Абайдың өмірлік шұғылданған кәсібі – билік, оның ішінде болыстықтан тысқары міндеті – кәдімгі дала биі еді. Әрине, әділ би болды.

Мұны неге сонша қазбалап кетті дейсіз бе? Әңгіме Абайдың билік өнері, дәлірек айтсақ, заң мен дәстүр туралы пікірі жөнінде өрбімек. Даланың дәстүрі мен заңын Абайдан артық білетін және оны талдап кеткен адам аз. Сондықтан да оның әрбір ойы тек ақындық ұшқырлықтан қана айтылған ой емес, бидің өз толғауы. Мұнда, қазіргіше айтқанда, заң қызметкерінің, ережеге сәйкес баптары талданады. Әрине, әр сөзінің астары бар. Оған өмір тәжірибесі мен сол билік туралы толғанысы мәйек болған. Біз Абайды бұл тарауда таза заңгер ретінде талдаудан аулақпыз. Оған өре де жетпейді. Бірақ Абайдың өмірлік мамандығы болғандықтан да, заң мен дәстүр жөнінде еркін пікір қорытуға еркіміз бар деп есептейміз.

Әуелі Абай заң мен дәстүрді, жалпы билік тұтқасын қалай түсінді, соған келейік. Өзі қазақты қалай билеу керектігі туралы Ереже жасауға қатысқан ұлы адам өзге жұрттың билік дәстүріне жүгінбеді деу де әбестікке жатса керек-ті. Енді соның әлеуметтік астарына үңілейік.

Ең бірінші Абай жалпы билік ұғымына қалай қарады, соған аял жасайық. Өйткені биліктің өнер адамы үшін екі түрлі мағынасы бар. Бірінші – тура мағынасындағы билік, яғни мемлекеттік басқару жүйесі. Бұл жөнінде азды-көпті сөз айтылды. Екіншісі – жалпы билік, заң, дәстүр іспетті ауқымды мәселені қамтитын философиялық талғам. Қандай қоғамда қандай билік үстемдік құрады, ол неге негізделеді және би (судья) мен заңның арақатынасы қалай ажыратылады немесе неге негізделеді?

Билердің шешімі Абай үшін тек қана басқару жүйесі емес, сонымен қатар халықтың дәстүрі мен танымынан тамыр тартқан "толық ұғым" (концепция). Абай үшін бір елдің заңы екінші елге жетекші бола алмайды. Сондықтан да ол дәстүрсіз патшалық заң түзімін жақтырмай, оның отаршыл пиғылына сенімсіздікпен қарап:

 

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заң құрысын, -

деп сыртқа итереді.

Бұл не қылған "қойма", "қулық сауғаны" несі? "Қысқа күнде қырық құбылатын" заң бола ма? Заң-заң. Оны өзгертуге бола ма?

Заң барлық жұртқа ортақ, оның жолы – ақ жол. Бірақ Абай Ресейдің заңына сенімсіздік білдіреді. Себебі заңның "қысқа күнде қырық құбылуы" сол заңды шығарған елдің мүддесіне икемделіп, пиғылына қарай бұрмаланып отыруына байланысты. Өйткені, отарлық билікті қамтамасыз етуге, соны қорғауға арналған заңда тұрақ болмайды. Ол – мемлекеттің күнделікті саясатына орай бейімделіп, қақпақылға түсіп отырады. Тек бір ғана жақтың – отаршыл биліктің ғана мүддесін қорғайды. Мұны түсінген Абай кекесінмен:

Қисық, болса закон тұр,

Судьяға беруге.

Ол да оязной емес қой,

Алуға теңдік, сенуге, -

деп қандастарына мысқылдай ақыл айтады.

Әрине, сөздің сыртқы қисынына қарап Абай ісің түссе сотқа бер, әділ шешеді деп тұрған сияқты. Бірақ та соның алдында ғана:

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге, -

дейтінін ұмытпаңыздар.

Ендеше, Абай кекетіп, кекесінмен айтып отыр. "Ояз саған теңдік бермейді, теңдік алмайсың, ал әлгі судьяң ояздан да төмен. Демек, оған несіне сенесің? - деп ишара жасайды. Өзі әділетті билік пен би жүйесін жанын сала жақтаған Абай неге заңға соншама тітіркене қарайды? Астары тереңде, алдамшы көбігі бетінде тұрған көлгір, екі жүзді заңға қалай жүрегі жылысын. Өйткені бұл заң елді бітістірмек үшін емес, кетістірмекке бағытталған. Оған дәлел жеткілікті. Ресейдің отарлау жүйесіне негізделген ұлы заңдарын былай қоя тұрып, кәдімгі шенеуніктің пікіріне сүйенсек, қазақты билеу үшін ол халықтың "дәстүрі мен билеу жүйесін есте сақтаған жадын өшіріп тыну керек" екен. И. Мельников қазақты қалай билеу керектігі жөніндегі "Үшінші низамды" жасауға қатысқандардың бірі. Ол өзінің пікірін:

"Халық дәстүрі мен жадына негізделген қазақтың әйелдер мен зат-мүлік, жалпы билік қарым-қатынасы туралы ескі қағидаларға сүйенген халық билері бүгінгі біздің мақсатымызға қарама-қайшы, империяның заң мекемелерінің жүргізіп отырған азаматтық сезім, адамгершілік игілікке кесірін тигізеді, оларды бұдан бас тартуға итермелейді. Дәстүрлі заң мен салтқа және билерге негізделген бұл жүйе мемлекетке қарсы құрылым, қазақтардың бұл дәстүрлі заңын заң ережесіне кіргізу барып тұрған кешірілмейтін қылмыс", -деп жеткізді. Екі пікір екі түрлі тұжырымға жетелейді. И.Мельников ұсынып отырған заңға Абай неге түршіге қарап:

 

Кейбіреуі-закүншік,

Оңдырмассын берсе арыз.

Кейбірі пірге қол берген,

Іші-залым, сырты-абыз, -

дейді?

Жоғарыда қазбалап тұрып айттық, Абай жай ақын емес, кәдімгі заң шығарушы адам. Ол өзінің заманының биі. Демек, негізсіз сөз айтса жауап беретінін біледі. Біле тұрып заңға қарсы келуі қалай? Ендеше, бір гәптің болғаны. Гәп демекші, Абай өмір сүрген заманның түйткілі де, түйнегі де, түрткісі де көп еді. Себебі: Ресей империясының қазақ даласын билеу туралы қабылдаған екі "Ережесі" де дәстүрге сүйенбеген болатын.

Ал дәстүрге негізделмеген заң-қылмыстың көзі! Ол қылмысты империя қасақана жасады. Өйткені, дәстүрсіз заң арқылы елдің елдігін, бірлігін, ортақ қасиетті мүдделерін, салттарын аяққа басып, кімде-кім оны қолдаса жазаға тартуды ойластырды. Елдік рухты өлтіруді заң арқылы жүзеге асырды. Бұл ретте көне қытай философтарының:

"Билеушісінен айырылған мемлекет – құлауға бет алған мемлекет емес, заңынан айырылған мемлекет-құлауға бет алған мемлекет", -("Хуайнань-цзы") деген пікірі еске түседі. Әрине, қазақтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі заңын аяққа басқан Ресей отарлаушы мемлекеті ең бірінші оның мемлекеттігін жойды. Сол мемлекеттікпен қоса заңын да құртты. Демек, қазақ елі толықтай бодан ел болды. Егерде дені дұрыс заң қабылдайтын болса, онда қазақтың қазақтығы қалпында қалмас па еді. Оған қалай жол берсін. Қазақ сол аздыратын заңды қолданған соң қалай оңсын. Не ескі жолмен жүрмеді, ал жаңа низам тек берекесіздікке бастады. Ұстанатын сенімді заң болмағандықтан да иесіз қалған жұрттың есеңгіреген күйін Абай:

Үлгісіз ұлтты үйретіп қалдық кейін,

Көп надандар өзіне тартар бейім, -

деп ашына жеткізді.

Сол берекесіз заңның өзіне бейімделгендерді Абай "көп надандар өзіне тартар бейім - деп отыр. Мұның мәнісі мұнда;

Қазақ үшін дәстүрлі салттың бәрі заң арқылы заңсыз деп жарияланады. Мысалы, көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қолүздік, аттың майы, жиенге тиесілі қырық серкеш пен қырық шыбар тай, бәсіре іспеттілердің барлығы да заңсыз әрекет боп табылады. Күні кеше ғана кеңестік заңның баптарына сүйенген сот пен тергеушілер сол үшін талай азаматтың иініне су құйды. Бір Колбиннің өзі қаншама заң шығарды. Әр қылмыстың ұлттық мінез-құлқына байланысты ауырлы-жеңілді жазасы болады.

Ал Ресей империясы өзінің екі түрлі қоғамдағы билігі тұсында да заңның мұндай ең қасиетті талаптарын аяққа басты. Бұны Шәкерім қажы:

"Қазақтың дауын орыс судьясы бітіргенінің қолайсыздығын біз айтпасақ та тамам қазақ біледі. Мысалы: қазақ көтере алмастай шығын, оның үстіне әдет-рәсімге теріс болып, көп қиыншылық, залал болмақ", -деп ашып көрсетті.

Сайып келгенде, дәстүрге сүйенбеген заң – әділеттің таразысы емес, әділетсіздіктің өлшемі болады. Ол дүниені тек әділетсіздіктің таразысымен өлшейді.

Көшпелі қауымның көрген жалғыз құқайы бұл емес. Сонау Айса пайғамбардың аты-жөні белгісіз заманнан бастап өзінің дәстүрлік заңы мен билігін, елдігін қорғап өмір сүрді. Сонда да өзінің тіршілік тегінің тамырын қиғызбады. Сонау скиф, сақ, хұн, түркі бүтіні (бүдіні) аталған атам замандағы ел билеу дәстүрі ішінара түзетулермен ғана XX ғасырға жетті. Ишпақай, Мөде, Алып Ер Тұңға, Еділ, Бумын (Түмен), Білге қаған, Таян хан, Қайыр хан негіздеген хан сайлау дәстүрі, билер келесі мен сайлау жүйесі, мұрагерлік тәртібі, дәстүрлік рәсімдері, елдік жарғысы өзінің алтын тамырын сақтап қалды. Оған шығыстағы хань патшасының "жібек құрты сияқты біртіндеп кеміру", "тың көтеру" саясаты да, Иран мен Туран шайқасы да, крест жорығы да, сақабалар да өзгеріс енгізе алмады. Тек мұсылмандық таным ғана дін ретінде жан жүрегін дауалап алды. Ал мұның өзінде де дала көшпенділеріне сай негізде санаға сіңірілді. Ол туралы әңгіменің жүлгесі дербес сабақталады.

"Әлем әміршісі" Шыңғыс ханның тұсында ғана әскери заңға байланысты кейбір салт-дәстүр жорық жоралғысына сай бейімделді.

Би қашанда көшпелі елдің мемлекеттік тұлғасы боп саналды. Заң сол билердің келесіне түсіп барып, дәстүрге негізделе қабылданды. Жәнібек, Хақназар, Тәуке, Есім хан, Абылай хан тұстарында билер кеңесі ең жоғарғы беделге ие болып, өзінің сұңғыла шешімдері мен тілмар, әділ, тапқыр тұлғаларымен аты аңызға айналды. Бұл – көшпелі демократияның шарықтау шегі еді. Тек "Ақ табан шұбырындыдан" кейінгі халықтың тұқымының әлсіреуі және екі жаһангердің қос бүйірден істікше қадалуы олардың ғұмыр бақи жинақтаған отаршылдық мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тектік, халықтың негізді сұйылтып, дәстүрін ірітті.

Ешбір жаһангер Ресей патшалығы іспетті көшпелілердің санасын сарылтып, тегін тебінге түсірген емес, Абайдың дәуірі соған дәп келеді. Даланың дана биінің бірі ретінде оның дәстүрінен айырылып бара жатқан ұлтының тағдыры үшін талқыға түсуі заңды еді. Мұны өзге-өзге, сол заманның шетін көрген және сол басыбайлылықты басынан кешірген "қара таяқтар" түсінуге тиісті еді. Алайда "заманына қарай күйлеген" шолақ етектер Абайдың би келесі мен заң туралы пікірлерін XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін түсінбей келді. Дәлірек айтсақ, түсінгісі келмеді.

Онсыз да "етекбасты" күй кешкен Абайдың басын төменшектете тұқырта берді. Ол пікірлерінің бәрін тәптіштеу мүмкін емес. Тек соның басалқысы болған "қызылдардың қырағы қыраны", өзі де сол жалған нысананың жазықсыз кұрбаны болған Ілияс Қабыловтың пікіріне тоқталамыз. Өйткені, дәл осы мақала Абай жөніндегі теріс тұжырымның тізгінін ұстатты. Абай өз заманынан ақылы озған ой иесі емес, шынжыр балақ, шұбар төстің өзі болып шыға келді. Ол елінің бостандығы, рухани тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғадан томсыраған тұрпайы болыс пен "рубасының" шапанын киген үстемтап өкілінің "идеологінің" қатарына қосылды. "Коммунистік-колонизаторлық" кесірлі саясатқа – "қызыл боданға" түскен ұлттың ішінен заманынан ақылы озған адамның шығуы ұнамады. Тегі тектелді. Көзқарастарына толық мән берілді. Қатесін іздеді және ол қатені тапты. Өйткені, Абайды қалайда ұлттың қамын ойлады деген пікірден аулақ ұстау қажет еді. Ұлтшыл, ұлтжанды адамдар ортақшылдар үшін ең қауіпті дұшпан болатын. Жетпіс жыл бойы осы Ілияс Қабылов салған іздің беті толық бүркелген жоқ.

Ал тәуелсіз заң, дәстүрге негізделген заң, ұлттың мүддесін қорғайтын заң деген ұғымдар мүлдем санадан өшірілді. Оның орнына тұлғасыз, тұрлаусыз, массондық идеяға құрылған ұлттық мүддесіз және міндетті түрде империяның мүддесін көздейтін заң түзілді. Енді қай ұлтқа жататыныңды анықтамайтын төлқұжат алуға тақап қалған кезде жаһангердің желкесі үзілді. Сондықтан да біз кейінгі жылдардағы пікірге дәйек етпей, кесірлі кезеңнің басындағы кері пікірмен шектелуді жөн көрдік.

Әрине, сананың дамуы бір адаммен шектелмейді. Уақыттың ығына жығылғансып отырып, Абайды арашалаған Ыдырыс Мұстамбайұлы іспетті жандардың жан айқайы Абайды толық болмаса да оның ойының өзегін сақтап қалуға мүмкіндік тудырды. Әңгіме ел сайлаған би Абай туралы болғандықтан да билік жүйесіндегі әңгімеде ол туралы айтылған пікірді жасырудың да ретін таппадық. Әйтпесе, бұл айтыссыз да діттеген мұратымызға жетудің мүмкіндігі бар еді. Сонымен, Абай кәдімгі би ретінде өмір сүрді. Ұлы таланттың бұл кәсібін де, оның шығармаларын да қарабайырлыққа санаған Ілияс Қабылов оған:

"Әңгімеге арқау болып отырған осынау ақын, оны едәуір дәрежеде ойшыл десек те болады, 1845 жылы текті де құрметті рубасының отбасында туған, өмірінің алғашқы кезеңінде, рубасының мұрагері ретінде, Абайдың өзі де рубасы болды, жүре келе Ресей Қазақ өлкесін жаулап алғаннан кейін қазақ халқының қоғамдық өмірінің біртіндеп дамуына байланысты, рулық негіздері кәдімгідей шайқала бастайды. Ру ішінде жіктелу – бөліну әрекеті туады да, ол Абайдың рубасылық жағдайына әсер етеді.

Өзінің қоғамдық әдеби қызметкерлерінің алғашқы кезінде Абай атқамінерлікке, болыстарға, алдау-арбауға, әділетсіздікке қарсы қазақтың рулық қауымының ескілікті өмір тіршілігін күйретуді қолдайтын ол кездегі режимге қарсы күрес ұранымен қазақтың рулық қауымына еніп жатқан жаңа тұрмыс пен жаңа қоғамдық қарым-қатынасқа қарсы рақымсыз да қатал күрес жүргізді. Сөйтіп, қазақ халқы өміріндегі бұрынғы тәртіпті қалпына келтіріп, рулық қауымды сақтап қалуды жақтайды. Абайдың және Абай тектес ру басыларының белсене жасаған қарсылығы қоғамдық өмірдің тарихи дамуына төтеп бере алмады. Абай және басқалары, қанша безінгенімен, тарихи қажеттіліктің құрбанына шалынып, өздерінің жағдайларынан айрылуға тура келді.

Ақиқат өмір шындығынан қатты таяқ жегеннен кейін Абай өрлеп келе жатқан қоғамдық қатынасқа лажының жоқтығынан бейімделді де, кейін жүре келе ақын содан шабыт алып, оны сақтап, дамыта түсуді (жаңа тауарлы-капиталистік қатынасты) жанын сала жақтады. Біздің қолымыздағы мәліметтер соның айқын куәсі", -деп баға берді.

Абайды орыс оқырмандарының алдында арандатып, халықтың арына айналған Абайды жалған идеяға сатқан және оның ойын бұрмалаған Ілияс Қабыловтың қолында қандай "мәлімет болғанын" біз білмейміз, бірақ та Абайдың шығармасы мен оның өмірбаяндық деректерінен ұлтын арандатуға бағытталған бірде-бір деректің табылмағаны анық. Кері кеткеннің теріс баққан сөзінің түпкі нысанасы:

"Қоғамдық әдеби қызметінің екінші жартысында Абай өз өлеңдерінде қазақ руларын бас қосып, бірігіп, өзара жауығушылықты қоюға шақырады, мәдениетке ұмтылып, халықтың алға басуының бірден-бір жолы – білім алуға үндейді. Міне, осының бәрі өмірінің соңғы кезінде, 1904 жылға дейін, Абайдың жаңа туып келе жатқан қазақ буржуазиясының идеологі болғанын дәлелдейді. Сол себепті де қазақтың ұлтшыл зиялыларының оны тіпті материалист болды деп көтермелеуі тегін емес", -деген пікірін бұлдап өткізу болса керек.

Абайдың орнына Абай болғысы келгендер болды. Қазір де бар. Ертең де дәмелілер шығуы мүмкін. Бірақ олардың жолы бола қоймасы кәміл.

Ұлттық мүддені көздеген азаматтардың бәріне топырақ шашқан "жаңа заманның идеологінің" де бағасын оның сәуегейсіген сөзінен бұрын Абайдың өзі:

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың, -

деп кесім айтқанын есте тұтқан абзал.

Абай қалжыңды көтермейді. Біраз жыл бұрын "Біз Абайдан асып кеттік. Енді ол шалдың аты қазақта өткен ғасырда да ақын болды деу үшін керек – деген ортақолды, өркөкірек бір ақынның күні кеше абайшыл бола қалып, өмірбаяндық дерегін "шайтанқұлақ" (телефон – Т.Ж.) арқылы сұрап, шығарма жазбақ болғаны да ол адамның тәубесіне келгенін танытса керекті. Біз тақырыптан ауытқып кеттік. Жоқ, кешіріңіз, сол тақырыпқа енді келе жатырмыз. Себебі, біз Абайдың ақындығын емес, таза би, болыстық қызметін сөз еткелі отырғандықтан да, оған берілген бағаны аттап өте алмаймыз. Ілияс Қабыловтың осы қылжырлығына ашық қарсы шыққан алаштың ардагер және өжет азаматы ЬІдырыс Мұстамбаев болды. Оның:

"Біздің көп жолдастарымыз Абайды даттағанда оның идеологиясының артта қалғанын, марксизмге көзқарасындағы бірқатар қайшылықтарды көрсетеді де, оның ақын ретіндегі және өз уақытының қоғамшылы ретіндегі тарихи мәнін назарынан тыс қалдырады, тіпті оған пролетарлық идеологияны көрсете алмады деген кінә қояды. Абай алашордашылар мен ұлтшылдарға ұнайды деп те ілік іздейді. Мұның бәрі бос сөз. Абайдың марксизммен қайшылығы, оның қателігі мен өктемдігі бізге жақсы мәлім, бірақ бұдан кеңес жұртшылығы Абайды архивке тапсырсын деген қорытынды мүлде шықпайды. Абай марксшіл бола алмайтын еді. Тіпті Чернышевскийдің, Салтыковтың өзінен, оған қоса тіпті Горкийдің өзінен біраз қайшылықтарды, маркстік емес нәрселерді қалағаныңша табуға болады, ал бұл кісілердің кейбіреуі орыс пролетариатымен, оның таптық санасы өсіп қалыптасуымен бірге өсіп-өнді ғой, жаңа социалистік дәуірде өмір сүріп, орыс халқының рухани байлығының игілігін азды-көпті көріп, Еуропа мәдениетімен таныс болды ғой. Сонда біз марксизм туралы Абайдан не сұраймыз? Чернышевскийлерді, Салтыковтарды және басқаларды ысырып тастай алмаймыз, олар ұзақ уақытқа дейін ұмытылмайды да. Олардың маңызы мен қадір-қасиеті қай дәрежеде марксшіл болғандығымен емес, мүлде басқа нәрседе, Абай туралы біз де осыны айтамыз", -деген сөзі Абайды арандатуға тосқауыл қойды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 375; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.