Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 12 страница




Бұл дегеніңіз мәңгілік бітпейтін және бітіспейтін жаулық, жауыздық, аласапыран!

Кісі өлімі жоқ демеңіз, өзінің ашу кегі, ызасы, күресі, "намысшылдығы", "ерлігі мен елдігі" жағынан "Ақ табан шұбырынды, Алқа көл сұламадан" еш кем емес. Рухани жағынан, ұлттың келешегі, тұтастығы тұрғысынан алғанда одан гөрі қауіпті майдан. Кәніккендік те, дәніккендік те бар. Өйткені:

Сорлы қазақ сол үшін,

Алты бақан, ала ауыз

бопжүр.

Әйтпесе, Абай билікті мансұқ етпейді.

Бірақ биліксіз – биліктегілерден жерінеді. Билік-ол үшін елдіктің кепілі. Елді Күлембай да, Күлембайлар да емес – би, рухани дербестігі бар тұлға – "единица" басқарса дейді. Себебі:

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болары, - анық.

Бұл – "жан бостандығына" ие, өзінің кісілігін, кісілік намысын қорғай алатын кісілікті кісі деген сөз. Елді – ел ететін толық билік иесін жақтайды. Тобырды – тобыр деп қарайды.

Өйткені, әлгі Күлембайлар сияқты:

Наданның сүйенгені көп пен дүрмек.

Сол дүрмек – тобырды бастайтын:

Единица кеткенде,

Не болады өңшең нөл? –

деп кесіп айтады.

Тобырлық психологияға құрылған Ресей қоғамын П.Я.Чаадаев:

"Қалада және өзге де ортада өмір сүретін адамдар өздерін көпшіліктің ішінде жүрмін деп ойлайды: олар үшін – шынтаққа шынтағың тиіп, бір арада топтанып, отардағы қой сияқты ұйлығып тұру көпшіліктің ішінде өмір сүру болып табылады", -деп сынайды. Абай да:

Не пайда бар – мың надан,

Сыртын естіп таңдансын.

Одан-дағы бір есті,

Ішкі сырын аңғарсын.

Өздеріңде ойлаңдар,

Неше түрлі жан барсың.

Ғылым да жоқ, ми да жоқ,

Даладағы аңдарсың.

Жүрегіңмен тыңдамай,

Құлағыңмен қармарсың.

Соны көріп, соларға,

Қайтіп қана сарнарсың?! –

деп түңіле қарайды.

Абайдың бұл ойы өлең жолына қиысқан шабытты шақтың шалқуы емес. Жүрегінің түбінен сүзіп, тұнығын алған тұжырымды пікірі.

Ол өзінің "Қарасөздеріндегі" пікірін өлеңге, керісінше өлендерінде айтылған сөзін "Қарасөздерінде" тағы да бір таным талқысынан өткізіп, саралап, пысықтап алады. Кездейсоқ пікір мен тұжырымның Абайда кездеспейтіні де сондықтан. "Отыз тоғызыншы сөзінде" Абай толық билік иесіжөнінде қазақтың өткен дәуіріндегі билеу жүйесінен мысал ала отырып, "қазақтың екі артық мінезінің" бірі ретінде былай баяндайды:

"... Ол заманда елбасы, топбасы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жаман-жақсы өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылар қалай қылса, қалай бітірсе, халық та соны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. "Қой асығын қолыңа ал, қолыңа жақса – сақа қой", "Бас-басыңа би болсаң – манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса – жанған отқа күймессің - деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған (дейді екен). Берген соң қайтып бұзылмақ түгіл жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шынымен жетесінде жоқ болмаса, олардың қамын жемей қайтеді? -дейді.

Әр сөзінің астарына үңіліңізші. Толық билік иесі-ешкімнен мал дәметпейді. Демек, экономика жағынан тәуелсіз.

Қайта "жетпегенін жетілдіруге" тырысады. "Бәрі өз бауыры, өз малы". Рухани жағынан да тәуелсіз. Отар емес. Сондықтан да азбайды, елді де аздырмайды. Ол толық биліктің иесі, яғни, тәуелсіз мемлекеттің биі. Руының өкілі деп және қарамайды. Бұл қасиеттің барлығы:

"... арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айрылдық. Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық", -дейді Абай.

Ал рухани басыбайлы етуге құрылған отаршыл билік жүйесі сол "единицаларды - тұлғаларды құртуға бағытталған еді. Бұл кез келген империяның мақсаты. Оған дәлел іздеп жатудың қажеті шамалы. Абайдың өзі-ақ соның мысалы бола алады. "Етек басты көп көрген" Абай итаршылардың талауына бір кісідей-ақ ұшырады.

Ұрысса – орыс,

Елгс болыс,

Үйден үрген ит құсап, -

деуі тегін емес.

Өз үйінің төріндегі биліктің төбеті боп өзінің төрінен босағасына қарап үреді.

Босағасының бұл түрі Күлембайлардан гөрі сергек, алайда ақылсыз жандайшап емес, нағыз арандатушы. Оны Абай билікке сай емес деп қорлана мысқылдамайды, қайта қауіптенеді. Ол қасақана қастандықтың құтпаны. Халыққа қауіпті әрі қызыл көз, қанды қол пәленің өзі. Күйіп кеткен Абай ондайлар туралы:

Танымадық, Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі, -

деді.

Зар заманның бір сыпатын Жанақ ақын:

Асқар тауды бұлт басып, мұнар алып,

Теріскей тебіні жоқ бел болған кез.

Ханнан-қайрат, байынан-қайыр кетіп,

Телмірген теңдігі жоқ ел болған кез...

... Жуан қамшы той бастар көсем болды,

Елірмелі екі есті шешен болды.

Би кетті малдылардың айтағында,

Пәленді мұқатып бер десең болды.

Алдыңда күткен күннің түсі суық,

Бізді соған барады өмір қуып, -

деп зарына қосады.

Иә, "Телмірген, теңдігі жоқ ел болған кез!". Қандай қисыны мен қиуы келіскен сөз.

"Елірмелі екі есті шешенге" еліккен ел де берекеден айырылып, әрі-сәріге түсті. Жанақ ақын айтқандай "кешегі шеп бұзып, ту құлатқан батыр құрып, тебінгі сауған ұры ер болған кез". "Екі есті" (екі елдің мүддесін көздегенсымақ болып жүрген жалтаң, екі жүзді болыс) шешен (қырт, демогог) болды.

Жанақтың "Жуан қамшы той бастар" дегені – диктатура. Ол монархиялық па, империялық па, пролетариаттық па, коммунистік пе, әскери ме, Жанақ үшін бәрібір – "жуан қамшы". Күш. Ол өз дегеніне мәжбүр етеді. Билік иесі:

Өзі ұлыққа,

Қадірі жоққа

Қарамай-

Өз халқына,

Сөз қайырмай,

Жөнді айырмай,

Тұра шабар талпына.

Бұл "талпыну - елдікке, берекеге, ұлттық тұтастыққа шабуыл.

Елдегі еркек,

Босқа селтек,

Қағып елін қармады, -

дейді Абай ондайларды.

Елді қорғайтын ер-азамат елін аңдитын ұры-қарыға айналды. Отаршыл жікшілдікке құрылған билік құрылымы нәтижесін берді. Іштен ірітті, жаны мен арын өлтіріп, жанығуды ғана қалдырды. "Еміренбейтін, енді піспейтін - басы бірікпейтін желөкпе тобырға, мәңгүртке айналды. Абай мұны:

Ел де-жаман,

Ер де-жаман,

Аңдығаны өз елі.

Елде – сияз,

Ойда – ояз,

Оңбай-ақ тұр сол жері.

Кетті бірлік,

Сөнді ерлік,

Енді кімге беттемек? -

дептереңдетіп, күбірткі жеген тамырдың күйдіргісін басады. Демек, елдік пен ерлік рухы сөнген. Рухани басыбайлылыққа бой алдырған. "Енді кімге беттемек? - яғни қайда бармақ,кімге сүйенеді ел, өзі кім болмақ? "Тайса аяғың кімкөмбек?". Бұл – өлімге, халық, ұлт ретінде жойылуға беталды" дегені ғой Абайдың. Ішің-рухың өлген соң:

Сөзге емексіп,

Ел керексіп,

Не болады мақтаның, -

дейді Абай.

Ал, Жанақ ақын да содан сескеніп:

Алдыңда күткен күннің түсі суық,

Бізді соған барады өмір қуып, -

дейді. Сондықтан да ұлттың өзін-өзі жойып жіберуге итермелегеніне:

Бейілі шикі,

Ақылы күйкі,

Осы жұрт па тапқаның, -

дептүңіледі Абай.

Бұл арада Абай ойы мен бойын "ақындыққа" алдырады. Абай елден емес, пысықтардан жерініп отыр.

Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел, -

деуі де сондықтан.

Оның бұлай күйінуге толық қақысы бар. Себебі: ол сол дерттің емін тапқан дана. Бірақ:

Тыңдаушысын ұғымсыз,

Қылып тәңірім берген-ді.

Осы жұрт соншама неге меңіреу болды? Өйткені ұлттық өр рухтың орнын отаршыл апиын-көкнәр биліктің буы басып:, тұла бойын желік жеңген, - еді. Әйтпесе:

"Қазақта адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды: ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, байлаулылықтың жоқтығынан азады. "Білместігімнен қандым" дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – бәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі "айда, батырлап" қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе, құдайға терістіктен, ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?» -дейді Абай.

Тобырдың аты – тобыр. Тобыр – халық емес, ал халық – ұлт емес. Бұл әлеуметшіл философтар дәлелдеген тұжырым. Абайдың "көп шуылдағы" ұлт емес, тобыр.

Қазақ ұлтының парасат мәйегі, зейін зердесі, ұғымталдығы, көңілі, дәстүр-салты өзге жұрттан кем емес. Өзгелерді де тамсандырған. Мәселе, ұлттық мінезді тобырлық психология жеңіп бара жатқанында. Ленин мен Сталиннің тұсындағы "жеке басқа табынушылықтың" тууына сол тобырлық тәуелділік ұйтқы болды.

Абайдың "жүректе жігер, байлаулылықтың жоқтығы" деп отырғаны-рухани тәуелділік.

Тәуелділік психологиясы жыл өткен сайын "қазақтың сүйегінен өтіп, сүтімен сіңіп бара жатқаны" жанына батады.

Ұлттың тұтастығының мәйегі ірігеніне ашынады. Жалған намыс пен мақтанға желігіп, пәлені өзі іздеп тауып алады. Кіммен дос, кіммен қас екенін ажыратпай, құр "аттанға!" желігіп, тұра шабатынына налиды. Сондықтан да:

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі май, бірі қан боп екі ұртың, -

дейді.

Неге қазақтың бір ұрты май, бір ұрты қан? Неге жақсы менен жаманды айырмады?

Қазақ жетесіз халық емес, оның барлығын біледі. Бірақ Абай мегзеген гәп мынада: осы болыс пен би сайлауы тұсында пәлеге ұрынбай кеткен билеуші бар ма? "Өштік пен өсек, жалаң, арыз неге тыйылмай кетті? Қандай айла-тәсіл қолдансын, әйтеуір, ебін тауып, шарды көп жиып, басым дауыспен болыстыққа сайланды. Енді оның сөзі заң болуға тиіс қой. Ояздың, ұлықтың, губернаторлықтың, жер басқармасының, жандармерияның оған араласуға құқы жоқ қой. Бірақ "ақылы мен айласы өзгеден артық" сол "ел жақсыларының" үш жылғы билік кезінде үстінен арыз кетпеді. Неге? Ол туралы архив деректерін байқап отырсаңыз, осы "таусылмайтын өштікті" қоздырып отырған ояз бен ішкі істер кеңсесі екеніне көзіңіз анық жетеді. Сайланған болыстың үстінен қарсыласы міндетті түрде арыз жазады. Сотқа, оязға арыз жазатын қазақтың өзі емес, кеңсе қызметкерлері ғой. Болыстың бопсасын босатады да өзіне тәуелді етеді. Ол билікке еркін кірісе бастағанда тағы да қарсы арыз ұйымдастырылады. Әрине, оны өңдеп, заң баптарына лайықтап жазатын жаңағы болыстың арызын туралап берген кеңсенің адамы. Демек, ақтайтын да, қаралайтын да өздері. Бұл жолы онсыз да әрекемен өткен сайлау мерзімі бітіп қалған болысты екінші арыздың иесіне жығып береді. Араға бір жыл салып енді әлгі болыстықтан түскен адамды қайта түрткілеп, кейінгісін алдыңғысына тізе бүктіреді.

Міне, "таусылмайтын өшпенділіктің" сыры осында. Бұл бір генерал-губернаторлықтың дәргейіндегі қолданылған тәсіл емес, үш өлкеге де ортақ басқару жүйесінің саясаты. Мақсаты – қазақты қазаққа дос қылмау.

Бірінші және екінші низамның ережесінің өзі соған құрылған. Кезек-кезек жеңіп дәніккен арызшылар әр жолы "әділдікке жеттім" деп күпінеді. Негізінде олар ит пен мысықтың ойынын ойнап жүр еді. Бірін біріне жегізбейді, талатады да қайтадан ырылдастырады. Ал желіккен адамның демігін басу қиын. Ақылдың өзі "аттанға" жәнігіп алады да, "ұрты бірде-қан, бірде-май" боп жүреді. Абай:

Құтырды көпті қойып аз-ғанасы,

Арызшы орыс – олардың олжаласы! –

болды дейді.

Міне, дәл осы арада Абай отаршыл, іріткішіл пиғылды дәл басып әшкерелеген.

Болыстық биліктің ұлтты өзара өштестіруге құрылғанын Абай түгіл Құнанбай да білген. Құнанбайдың тұсындағы билік кезінде қазақ жері-қазақтың меншігі болатын. Дау-шар, жер дауы, барымта мен сырымта дауы қазақ билерінің кеңесімен шешілетін. Абайдың кезінде жер патшаның меншігіне айналды. Құнанбайдың Абайды шақырып алып, үш түрлі ақыл айтатыны сондықтан. "Болыстық биліктің өз еркі өзінде емес - тәуелді дейтіні сол.

Шындықты таба алмайсың. Ояз оған жібермейді. Ашынған соң:

Бірде оны жарылқап, бірде мұны,

Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы, -

деп ұлықтардың өзіне ызбар танытады.

"Қуды ұнатқан" жалғыз Семей қаласы емес, иісі отаршыл биліктің әкімшілігі. Ол-Қызылжар ма, Ақмешіт пе, Теке ме, Ақмола ма, Ташкент пе-бәрібір. Бірді-бірге айдап салып, бір жолы-біреуін, екінші жолы-екіншісін қолдап, кезек жығып беріп отырды. Біреуіне толық жеңгізбейді. Өйтсе-өштік өшіп қалмай ма?

Қазақ ұлты ұлттық бірлігін сақтап қалса – генерал-губернатордың сыңсыған сумақайлары неге отыр? Қандай жұмыспен айналыспақшы? Қазақ өзін-өзі оларсыз да басқарып келеді емес пе? Отар елдегі кеңселер сол үшін керек. Қанша жомарт болса да өзіне жетпей жатқан қаржыны патша тегін шаша ма?

Осындай арандатуға еріп, "әрекемен кеткен елін" көрген Абайдың:

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып,

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып.

Барымта мен партия,

Бәрі мастық, жұрт құмар.

Сыпыра елірме, сұрқия,

Көп пияншік не қылар? -

деп түңілуі орынды.

Абайдың тұсында қазақтың мас болатындай – араққа, құмар болатындай – көкнәрға ауызы еркін тие қойған жоқ. Бір адам, екі адам, он адам ғана тартқан шығар. Мастық-араққа мастық емес, "құмарлық – апиынға құмарлық емес, "пияншіктігі – алкаголик емес, ол-жалған мақтанға, барымтаға, партияға – билікке мастық. Абайдың өз тілімен айтқанда "тұла бойын жеңген желік", билікке, өштікке деген құмарлық. Ақылға, парасатқа, тоқтамға келуден кеткен ұлттық психология. Абай түңіледі, түңіле отырып:

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай.

Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай, - дейді.

Малды қазақ баға алады ғой. Бағып та келеді. Абайдың "мал баға алмай кеттің" деп мегзегені: мал да өзіңдікі емес, жаттыкі. Бүкіл игілігің – империяға қызмет етеді. Яғни, "өз малыңды өзімдікі дей алмайсың - дегені.

Абай жарықтық елдікті қалай сақтау керектігі қақында айтудай-ақ айтқан. Бірақ соны түсінетіндей "елін ұғымды" етіп бермегеніне кімді кінәлаймыз? Бүгін де соны түсініп жатқанымыз шамалы сияқты көрінеді де тұрады. Құдай қателестіруге жазсын.

Сонымен, Абай өз заманындағы отаршыл ырыққа құрылған билік жүйесін тәркі етті және оны әшкереледі. Бірақ тірелген тығырықтан шығатын жол көрсетті ме? Енді соған келейік.

 

 

III

 

Әрине, ол қазақ халқын отарлаудан құтқарып, толық азаттыққа жеткізетін "Алаш" партиясының бағдарламасын жасаған жоқ. Бұл оның міндеті де емес еді. Патшалық мемлекеттің басқару жүйесіне де өзгеріс енгізуге ұмтылған жоқ. Тек "тұла бойын желік билеген елді" бір сәтке сабырға шақырып, "билікке құмарлықтан", "билікке мастықтан" құтқаратын, саябыр таптыратын және қазақтың қолына тиетін билік тізгіні-болыстық пен би сайлау жөнінде пікір білдірді. Дәстүрлі заң үлгісін жасағысы келді. Бұл өзі жеке әңгіме. Біз тек билікке қатысты әңгімесіне ғана тоқталамыз.

Сонымен, қос низамның ережесімен бекітілген билік жүйесіне Абай қарсы болды. Енді өзі қандай үлгі ұсынды. Бұл жөнінде "Үшінші сөзінде" "қазақты" бір-біріне қаскүнем, қызметке таласқыш болатындығының" себептерін талдай келіп, оны болыстық биліктің жүйесіздігінен көреді. Отаршыл билік елдікті азғырудың ұйытқысы. Себебі:

"Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік "шапты, талады" деген әр түрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание-тергеу шығарады. Өтірік: көрмегенін-көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса-оның адамдығының кеткені, егер жалынбаса-тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені. Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, езіме дос болып, жәрдемі тиеді деп; егер қас болса-бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп", -дейді Абай.

Сондықтанда, "қазақ ішінде "ісі білмес, кісі білер"деген мақал шықты". Абайды толғантатыны – ең бастысы – ел қамы. Ұлттың береке-бірлігі. Елді әрекетке бастайтын, өштікке итермелейтін, елдігін аздыратын билік ережесіне тоқтау салып, сәл де болса тыныс беретін жол іздейді. Әрине, өзінің ұсынған жолын империя шенеуніктері қостайтындай және олардың тәжірибесінде бар жолды таңдайды. Империядан тыс билік нұсқасын ұсынса сөзі өтпейді әрі ол жүйені тез іске асыруға болатындай етіп қарастырады. Тығырыққа тірелген тұйықтан шығарғысы келеді. Сол ойымен:

"Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң менің ойыма келеді: халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадірлі орысша образование алған кісі болсын. Егерде орталарында ондай кісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уездный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайда болар еді. Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді", -дейді Абай.

Амалының жоқтығынан осындай ұсыныс жасауға мәжбүр болып отырғанын сөз иінінен-ақ байқауға болады. Бірақ шұғыл жүзеге асатын және патша әкімшілігі оны қолдай қоятындай жолды таба алмайды.

Табуы да мүмкін емес.

Өйткені, кез келген ұлттық дәстүрге құрылған билік үлгісін отаршыл мемлекет қостайды. Керісінше, осы бір арандатқыш болыстықтың билігі оларға "ұлтшылдық" көрінеді, оны жойып орнына приставтар мен попты әкелудің жоспарын қарастырып жатқан. Оның үстіне Абай үкімет билігінің болыстық жүйесі мен қоса би құрылымын да бүтіндей өзгертуді ұсынды. Осы екі билік қатар қолданылған жағдайда қазақтың дәстүрлі билігі қалпына келер еді деп үміттенеді.

"Пәлен қадарлы білімі бар адам" деп отырғаны – арнайы білімі бар, заң мен билікті ұштастыратын қоғам қайраткері. Демек, билікті "ақыл иелеріне" берсе дейді. Олардың арасынан Күлембайлар шықпас еді, шықса да әйтеуір бір үміттенерлік, "анадан гөрі иығы асқандық" байқалар еді деп көксейді Абай. Шәкерім қажы да осы жайды қозғайды. Ол:

"Қазақтың дауын орыс судиясы бітіргенінің қолайсыздығын біз айтпасақ та тәмәм қазақ біледі... Билік туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Бірақ ол жолы ұмытылған. Себебі көбінесе орыс законына қарағандықтан болар. Мәселен, сайлау туралы закон пара-жақындықпен би болуға ыңғайлы болып, аузына не келсе соны айтқан. Және бір себебі, жазылмай қалғандықтан", -дейді.

Билік туралы заң мен оның құрылымының өзгеруі уақыт талабына айналғаны анық байқалады.

"Тағайындау" мәселесі де тегін қойылып отырған жоқ. Абай: ол адам халықтың өз ішінен шықсын, сол халықтың өкілі болсын деп отыр. Қазақ оқығандары патшалық отаршыл биліктің "Үшінші низамы" дайындалып жатқанын білді. Соған алдын ала пікір қосты. Империя да "тағайындап" қоюды жақтады. Бірақ онда биліктің барлығы жоғарыдан төменге баспалдақтап түсіп, сөзсіз орындалуға тиісті болды. Яғни ол орынға тек әскери генерал-губернатор мен ояздың адамдары қойылды. Бұл дегеніңіз-жергілікті ұлттан ерік кетіп, әлгі таласып жүрген болыстығынан да айрылып қалды деген сөз.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 538; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.077 сек.