Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 14 страница




Бұдан кейін Абайдың шыққан тегі мен құрған билігіне байқап баға беретін болды. Оның үстіне Ыдырыс Мұстамбаевтың:

"Оны осылай деп білуімізге Абайдың патриархалды отбасынан шыққаны да, өзінің болыс болғаны да бөгет емес. Жеке адамдардың тарихи қызметін бағалаған кезде олардың әлеуметтік тегін елге сіңірген еңбегі басып кетуге тиіс. Бұған қатысты мысалдар көп-ақ, бірақ оны келтірудің қажеті жоқ. Егер жеке адамның тарихи қызметі тұтас алғанда оның кейбір адасқан кезінен жоғары тұрса, оның жеке басының кемшіліктерін кешіруге болады. Тарихты тұтас бір ұрпақтың рухани көсемінің моральдық жағынан азғындап, құлауға дейін жеткен кездері де кездескен, мәселен, бұған Гейнені мысал етсек те жеткілікті. Абай болыс ретінде сол ортаның жемісі. Ал Салтыков қазына палатасының басқарушысы болған. Ескі бюрократтық сатыда бұл кішкентай қызмет болмаған", -деген уәжі де кейінгі жазушыларды ойға қалдырса керек.

Өйткені, Абайға тағы бір шабуыл жасаса дәл сол тұрғыдан келгенде орыстың біраз ұлыларының аты аталар еді. Ұлтшыл боп көрінуден төбе шашы тік тұратын, оның үстіне Абайды терең түсінетін зиялылар түрмеде жатыр еді. Ыдырыс Мұстамбаев та жазықсыз жазаға тартылды. Бірақ ол өзінің азаматтық қабілетін танытып кетті. Елінің алдындағы парызын өтеді.

Елуінші жылдары да, тіпті тоқсаныншы жылдарға дейін Абайдың өмірбаяны оның алдына кесе көлденең тұрды. Қалайда Абайды жаладан аршу үшін Мұхтар Әуезов "Қарашығын" туралы арнайы тарау жазып, ақылды болыс, би ретінде көрсетуден бойын аулақ салды. Әрине, көркем бейне үшін сыйымды тәсіл. Бірақ та көзкарас, өмірбаян тұрғысынан алғанда өмірдегі Абайдан бас тартуға болмайды.

Абай – өз заманындағы беделді болыс, би есебінде қоғам қайраткері болды. Ол қазақ қоғамының ең талмалы тұстарын жақсы білді. Соның ішінде билік заңының отаршылдық ықпалда құрылуына қарсы шықты. Ал:

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек, -

деген сөздің астарына үңілетін болсақ, бұған аз мысалмен емеурін таныттық қой деп ойлаймыз.

Абайды шындықтан алыстатып көрсетіп, арашалағысы келгендер де кездесті. Ниеті дұрыс. Бірақ "шын сөздің бетін бояудың" (Абай) реті жоқ. Сондықтан да біз заң мен дәстүр туралы сөз қозғағанда Абайды таза би, заң шығарушы ретінде қараймыз.

Ал би ретіндегі Абайдың ең басты күресінің бірі заң мен дәстүр арасындағы байланысты сақтау, сөйтіп көшпелілердің мыңдаған жыл бойы пайдаланып келе жатқан билік уәжін Ресейдің отаршыл, басыбайлы заңынан басын аршып алу еді. Бұл ретте Абайды тек қана Ресейге қарап, басын шұлғытып қойғандар және соған санасы уланып қалғандар ұлы ақынның сонау отаршылдыққа деген рухани күресін мойындағысы келмей, тымырая қалатыны да түсінікті. Абай "өз дәуірінің жемісі" болғандықтан да, ол елінің дәстүр-салты бұзылып, ол әдет-ғұрыптар өктемдікке құрылған заң баптары арқылы жойылып бара жатқан күнді билер келесіне түскенде басынан кешірді, әрі сол бір қарама-қайшы төреліктің уәжін сәйкестендіре отырып, билік айтуға мәжбүр болды.

Ең ақырында заң ұлттық дәстүрге сүйену керек екендігіне әбден ден қойды. Абайдың өз ұлтының мүддесін ойлауға толық қақы бар болатын. Ондай сезімнен арлы-берлі замандағы ешқандай данышпандар бойын тартпаған болатын. Оған Ыдырыс Мұстамбаевтың "Ақын Абай және оның философиясы" атты мақаласындағы:

"Философия, публицистика, әдебиет пен өнер, эстетика адамзаттың рухани мәдениетінің сабақтас салалары екенін ұмытуға болмайды. Бұған көз жеткізу үшін мынадай мысал келтірейік: Пушкиннің "Ресейдің жемқорларына" деген сұмдық уытты өлеңі бар, бұл өлеңінде ол XX ғасырдың I жартысында Николай I тағалы табанының астында зар илеген поляк халқының халықтық-революциялық қозғалысына жала жабады. Сонда не, бұл арада Пушкин жай адасты ма, әлде жаңылысып қара басты ма? Жоқ! Бұл – кемеңгер ақын-классиктің, ұлттық ақынның орыс мырзасы ретіндегі әлеуметтік соқыр сезімінің жалт етіп бір көрінуі. Пугачев көтерілісін Пушкин мағынасыз да қатыгез бас бұзарлық деп атаған. Оның "Бородино жылдығы" сияқты бірқатар кертартпа өлеңдері де бар, олардан шенеунік-төрелік идеологияны байқайсың", -деген ойы мәйек бола алады.

Ұлттық намысты ойлау, қорғау, шамдану дәрежесіне көтерілмеген ақын – ақын емес, сезімі топастанған өлеңші ғана. Олардың ой ұшқырлығын, әсершіл сезімін, шамкөс шабытын тек солардың ақындық қасиеті ғана ақтап алады. Мұндай ақындарға кесімді үкім жүрмейді. Гейне де, Пушкин де, Абай да сондай тұлғалар.

Сондықтан да Абайдың би, болыс болғандағы өмір – ғұмырының көлеңкесі емес, керісінше, ұлтына сіңірген еңбегі. Дәл сол заманда Абайдың қолынан одан басқа еш нәрсе келе қоймайтын. Қайта отарлау тұсында көкірегіне ой түскен, елінің басыбайланып бара жатқанын аңғарған билік иесінің болуының өзі үлкен қоғамдық құбылыс. Сол Абайдың басқару мен билік үлгісі иісі қазаққа ықпал етіп, жарға бет алған халықтың бетін қайтарды емес пе.

Ұлы ақын билік иелерін кемелдікке, рухани тәуелсіздікке, әділдікке, ұлт қамын ойлауға шақырды. "Күлембайларды" мысқылдап, түңіліп:

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың, -

деп күйінуі сол ұлтжандылықтың белгісі.

Абай заманындағы ең діттеген басыбайлылық – заңның отаршылдық пиғылға қызмет етуі еді. Империя қазақтың дәстүрлі заң жүйесін бұзып, қасақана қазақтың тіршілігіне кереғар заң жобасын жасады. 1868 жылы 21 қазан күні ұлы мәртебелі ағзам қол қойған "Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша Ереже", қазақтар "Екінші низам" немесе "Жаңа низам" деп атап кеткен қазақ даласын басқару туралы заң тура осы отаршылдық пиғылда жазылды. Абай бұл кезде билікке енді араласып, би ретінде аты шығып, болыстықтың тізгінін тартып жүрген тұсы. "Жаңа низамның" барлық іш майын ақтара зерттеуіне толық мүмкіндігі болды.

Ол өзінің өміріндегі барлық билікті соған сәйкес жүргізуге міндетті болды. Дәстүрлі қазақ билігімен "орыс заңының" арасындағы айырмашылықты ғана емес, оның әлеуметтік астарын да терең түсінді. "Жаңа низам" қазақты әділ билеу үшін емес, оны басыбайлыландыру, рухын өлтіру, салтын жою үшін, берекеге емес – әрекеге, бірлікке емес – күндестікке құрылғанына көзі жетті.

Баста – ми, қолда – малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын, -

деп ашынады.

Бұл сөздің астары өте терең. "Баста миға" талас қылғаны деп отырғаны-билердің әділ шешіміне, дәстүрлі би келесінің кесіміне, оны сайлаудың құрылымына "Жаңа низамның" өзгеріс енгізіп, ғасырлар бойы ұлт дәстүріне, ұлттық мүддесіне, өмірлік тіршілігіне бейімделген заңды бұзып, дала данышпандарының тәжірибеге негізделген уәжіне "ми таластыруы". Демек, бұл "Низамның" қалыптасқан ұлттық басқару жүйесін мүлдем құртуға бағытталғанын мегзейді. Ал "малға талас қылғаны" билерге тиесілі сыбағаны үкім үлесінен айырып беруі. "Күш сынасқан күндестік" дегені – сайлау жүйесінің бір руды екінші руға қарама-қарсы қойып, бақ таластыруы.

Сырты "көпшіл" көрінген "Ереженің" мақсаты қалайда қазақты біріктірмеу еді. Сол үшін де олардың арасындағы "қиғылықтарды" қалт жібермей бақылап отыру мақсатымен барлық билік генерал-губернаторға берілді. Болыс, би сайлауына ояз тікелей басшылық етті. "Ереженің" 41 және 44 баптарында бұл анық көрсетіліп:

"Дала облыстарындағы барлық іс қағаздары (акт) мен оны облыстық қалалардағы бекіту ресімдері Облыстық басқармаға жүктеледі, ал уездік жердегі және уездік қалалардағы сенім хаттар мен әр түрлі іс қағаздарын уезд соты бекітеді... Әрбір уезді басқару уезд басқармасының еркіне беріледі", -деп жазылды.

Басқару әкімшілігі тұрғысынан алғанда, бұл дұрыс та шығар. Бірақ қазақтың болыстары мен билерінің құқы қайда қалады. Егерде ояз бен болыс басқармасы олардың шешіміне қол қоймаса, онда бұларды сыйлап қажеті қанша? Сайланған адамның билігі билік болып қалуы тиіс. Екінші: осы "Ереже" бойынша екі түрлі басқару заңы бар. Ресейлік орыстарға жеке заң, ал қазақтар үшін қосымша заң шығарған. Сыртқы сұлбасы дұрыс. Ішкі құрылымы – керіс. Өйткені, жаңағы қазақтар сайлаған билер мен болыстар ең соңында облыстық басқарманың бір бөлімі ғана болып қалады және оның өзінде ол кеңседе міндетті түрде орыс соты отыруы тиіс. Қазақтар үшін болыстықтан жоғары лауазым қаралмаған.

Сайып келгенде, "Ереже" қазақтарды мемлекеттік басқаруға іліктірмеуге және оның империя мақсатына сай келмеген істерін қақпайлап отыруға, тыйым салуға бағытталған, бұл әрекетті заңды түрде "заңдастырған" заң болып шыққан. Осының өзін көп көрген И.Мельников "жаңа низамдағы" жалған заңды бұдан да қатайтып, қазақтың құқын мүлдем жоюды талап етеді. Ол отарлау билігінің неғұрлым оңтайлы, өзгермелі болуын, ал діни шариғат жолына тыйым салуды басты шарт етіп ұсынады. "Үшінші низамда" соны ескеруін өтініп, мәртебелі ағзамға:

"Ақсүйектердің билік құрылымы тұсында қазақтардың арасындағы ханның үкімі өте әлсіз болды, сондықтан да халықты негізінен рубасылары, ақсақалдар мен билер келесі қалыптасқан халықтық дәстүр бойынша, оның ішінде "Құран" мен сүнниттердің бұрмалаған жолымен басқарып келеді. Өркениетті жолға түскен, үкімет бекіткен заң арқылы басқарылатын елдерде өмірдің дамуына байланысты және ыңғайға қарай бұл заң кез келген уақытта күшін жоюы, өзгерілуі мүмкін. Ал мұсылман елдерінде... бұл заң ислам діні өмір сүріп тұрғанда өзгермек емес", -деп ақыл береді.

Әрине, уақыт ағымына қарай бейімделеді. Оны Абай да айтқан. Бірақ И.Мельниковтың заң құбылмалы болуы керек дегендегі пиғылы мүлдем басқа. Оның көкейін тесіп тұрған ой: қазақтарға хан билігі жүрмейді, оларда мемлекет те және мемлекеттік заң да жоқ. Билейтіндер – рубасылары, ақсақалдар, молдалар. Солардың ықпалын жойып, күнделікті мүддемізге орай тез өзгертіп отыратын, қазақтарға құйрығын ұстатпайтын заң керек. Ол заң империяның саясатына сай құбылып отыруы тиіс. Қалыпты заңның қажеті жоқ – деген пиғыл.

Абайды алдай алмайсың. И.Мельников ойлаған арамза қулықтың астарын дәл тауып, оның осы шырғасына түскен қандастарының мінезін:

Көрсе қызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың, -

деп мысқылдай шенейді.

"Көрсе қызар" дегені – күнде өзгеріп отыратын заңға көзін салып, кез-келген сәтте "ләппай, жаңа нұсқауды білеміз", - деп екі иығын жұлып жеп отырған саясаттың құлы. Кеңес тұсындағы күн сайын шығатын қаулылардың астын сызып, бейімделе қалатын шенеуніктің Абай дәуіріндегі "үлгісі". "Байлауы жоқ" дегендегі "байлау – кесім, заң. Тұрақты ұстанатын заң жоқ. Не дәстүрдің салтымен үкім айта алмайсың. Себебі: сол сәттегі империяның мүддесі не, соны білу қажет, ол үшін "көрсе қызар, қызыл көз" болу шарт.

Абай айтақпен билік айтатын заңға қарсы. Айтақшыл болғысы келмейді. Одан да қазақтың дәстүріне негізделген, ханға да, қараға да ортақ тұрақты дәстүрлі заңмен кесім жасауды қалайды. Ол бір сөзінде ноғайлардың "дінге беріктігіне" сүйінеді. Сондағы айтпағы, шариғат жолының да дұрыстығын аңғарту, екіншіден, христиан дінінің ықпалымен билік жүргізуге деген ішкі қарсылығы еді.

Дрепэр мен Спенсерді талдап оқыған Абай шенеуніктердің тырнағының астындағы кірді аңғаруы онша ақыл жұмсауды қажет етпейтін. Пушкиннің:

Ол да мені тырнағымнан таныды,

Мен де оны құлағынан таныдым, -

дегені іспетті Абай да оларды "құлағынан" таныды.

Ал, Абайдың "тырнағын" олар кейіндеу көріп қалды. Тінту жүргізді. XX ғасырда Абайдың сол тырнағын біз тірнектеп тұқылдаттық. Әсіресе, Пушкиннің "құлағынан таныдым" дегені – ол есек еді, ал "менің тырнағымнан танығаны – мен арыстан едім - деген емеуріні болатын. Абай ақыл-ойдың арыстаны болмаса: "... ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына көнбес едік", - деп жалын күдірейтіп тұрып сес көрсетер ме еді. Сондықтан И.Мельниковтің көмекейіндегі көктүйнекті Абай бүлк ете қалғанда-ақ аңғарып үлгерген. Сол Абай айтып отырған "ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы" сол тұста қазаққа бұйырмап еді. "Ереженің" 92-93-баптарындағы қазақтарға қаратыла жасалған сот құрылымындағы:

"Жоғарыда бекітілген облыстарының ішіндегі, Сібір, Орынбор мекемесіне қарасты қазақтар: әскери сотпен, Империяның жалпы заңының негізімен және халық сотымен сотталады... Опасыздығы, үкіметке қарсы қарсылық көрсеткені, өкіметке қарсы келгені, почта мен қазына көліктеріне шабуыл жасағаны, телеграфтарды бұзғаны, христиан дінін қабылдаған адамдарды өлтіргені, қызмет басындағы адамдарды өлтіргені үшін қазақтар әскери сотқа тартылады", - деген ерекше ереженің өзі-ақ "законсыз зорлықты" аңғартады.

Біріншіден, неге тек қана қазақтар деп айтып тұр? Қылмыскер – бүкіл империяға ортақ қылмыскер емес пе? Украин да, белорусь та, қазақ та Ресейдің боданы. Ал, заң неге ортақ болмайды? Себебі, әскери сот – тек соғыс жариялаған немесе соғысып жатқан елге қолданылатын төтенше жаза. Демек, патша қазақтарды өзінің дұшпаны, ата жауы деп санаған. Кез келген уақытта жазалау әскерін жіберіп, қырып салуға дайын тұрған. Әскери соттың шешімі қайта қарауға жатпайды. Түпкілікті шешім болып есептеледі. Екіншіден, кәдімгі сот пен халық сотының күшін әлсірету. Бар билікті әскердің күшімен сескендіре жүзеге асыру. Үшінші, жазаның мөлшерін, үкімді тұрақтандырмай "құбылтып" отыруға жеңіл болудың айласы. Сот – заңға емес, бұйрыққа негізделген. Абайдың "ұлықсыған орыстардың... законсыз зорлығы" деп отырғаны осы. "Ереженің" сыртын емес, ішіндегі мерезін сезінген Абай сондықтан да:

Орыс айтты: "Өзіңе ерік берем – деп,

"Кімді сүйіп, сайласаң бек көрем – деп.

Бұзылмаса оған ел түзелген жоқ,

Ұлық жүр: "Бұл ісіңді жек көрем – деп, -

отаршыл пиғылдың қоясын сыртына шығарады.

Біз бұл жолдарды басқару, болыстық құрылым жөнінде сөз қозғағанда пайдаланып едік. Ал сот, заң, би сайлау мәселесіне қолдануымыздың да еш айып-шамы жоқ сияқты. Өйткені, жоғарыдағы бір шумақ-қазақтарды сотқа тарту қақындағы "Ереженің" көмейдегі бүлкілін ашып тұр ғой. Заң бойынша қазақтардың халықтық дәстүріне сай билердің келесін қалдырған сияқты. "Өзіңе ерік берем" деп емеурін танытқаны сол. "Кімді сүйіп сайласаң бек қоямын – дейді. Болысты, биді, старшынды сайлайсың. Бидің шешімін әскери сот кез келген уақытты бұза алады. Бұған жұрттың көзі жетіп, реніш білдірсе: "Бұл ісінді жек көремін – деп әскери сотқа тартады.

"Ереже – елдікке емес, ерегеске құрылған заңның нақ өзі болып шықты деген осы емес пе! Содан барып Абай:

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге.

Қалай сабыр қыларсың,

Жазықсыз күнде сөнуге? -

деп заңның өзіне сенімсіздік танытады.

Жазықты болсаң да – жазықтысың, жазықсыз болсаң да – жазықтысың. Ояз – іштегі рухани бостандығыңды басыбайлыландыратын, жүрегіңнің отын өшіретін, көнсең – жөніңмен, көнбесең – күшпен бас идіретін "зандағы қылмыскерлер". Күн сайын жазықсызды жазалауға қалай арың шыдайды? Міне, Абайдың емеуріні. Бұдан асырып айту да қиын. Ояздың заңсыздығын заңдастырып беріп отырған заңның өзі. Отаршыл, өктем, өзгенің рухын жоюға арналған аяр заң.

Жалпы, отарлаушы империядан бодан халық үшін дәстүр мен азаматтық, теңдік, адамгершілік тұрғысынан келетін заңды дәмету далбасалық. Ондай инабаттылыққа жүгінсе отарлап несі бар. Ағылшындар да, француздар да, испандықтар да, ұлыбританиялықтар да, португалдықтар да соны негізге алады. Алайда, әлемдегі отарлаушылардың ішіндегі Ресей мен Қытайдың пиғылы мен тәбеті төтенше болды. Бұлар малыңды да, жаныңды да бірдей басыбайлы еткісі келеді. Байлығыңды алады. Өзің шоқынасың. Тіліңді, дініңді қоса олардың еркіне бересің. Халықтың текті-тексіздігі оларға бәрібір. Бойына сіңіре береді. Таза ұлттық қан олар үшін қымбат емес. Жұтып қоюға әзір. Қаншама шоқынсаң да қазақтың ағылшынға сіңуі не олардың өз ішіне сіңіруі екіталай. Ұлттың қан тазалығын бәрінен жоғары қояды.

Ондай пиғылды қазақтың екі ұлы көршісіне бермек. Сондықтан да олардың заңдары тек "тәбетке" құрылды. Сол "тәбеттің" арқасында олардың саны күрт өсті. Ал әр тұқымнан құрылған тобырда қасиет болмайды. Бұл – орыс ұлтына айтылған сөз емес. Өзінің саясаты мен заңын осы "тәбетке" құрған дәбірлері мен миссионерлеріне қаратылған қарсылық. Өйткені, солардың аяр саясатының негізінде қаншама халық өзінің ұлттық ерекшелігінен, тілінен, дәстүрінен айырылды. Мұндай аярлыкқа негізделген саясат пен заңды ақтап ала алмайсың. Өйткені ол заңның мойнында бір адамның емес, бірнеше ұлттың қаны мен жаны тұр. Абай мұны:

Үлгісіз ұлтты үйретіп қалдык, кейін,

Көп надандар өзіне тартар бейім, -

деп астарлай сөйлейді.

"Үлгісіз" дегені – "заңсыз" дегені. Яғни заңсыз елге бодан, рухани тәуелді, басыбайлы болды. Ілгері тартқан игі нысаналардан кейінге қалдық. Өзінің халқын құлдықта, басыбайлылықта ұстаған монархия өзге жұртты жарытпайды. Дүние ағымы алға кетті. Надан елмен надан заңға теліндік – деп, екінгенінің белгісі.

Еуропа мен Американың ақыл-ойының дамуы туралы ілімнің негізін зерттей оқыған Абай үшін монархия "Ережесінің" отарлау пиғылына құрылғанын аңғармау мүмкін емес. Аңғарды. Ойланды. Абай қатардағы кең қолтық болыс, тілмар шешен емес, "қазақтың күзетшісі" болайын деген тұлға. Орыс империясы мен Еуропадағы отаршылардың арасындағы отарлау саясаты мен оның тәсілдерін жақсы сіңірді. Кейбір идеяны солардан да алды. Ол өз бағасын да білді. Өйтпесе:

Патша құдай сыйындым,

Тура баста сөзіңе.

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме.

Арғын, найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме, -

деп сеніммен айтпас еді.

Ол өзінің болыс, би сайланған кезіндегі әділдігіне, сөзінің салмағына сенеді. Кесім мен шешімнің барлығын дәстүрлі заңға сәйкес жүргізді. Тек Бәрібаев (Бурабаев) іспетті көпестер ғана "Ережені" алдына тартып, арыздың астына алды. Абай мұны да жеңді. Ақылымен, парасатымен, ең бастысы отарлаушы империяның заңдарын жақсы білген заңдарымен жеңді. Дрепэр мен Спенсердің еңбектеріндегі Еуропаның отарлануы туралы пікірлерді жанына азық етті. Ол рухани тәуелсіздіктің түбінде бір боларына сенді. Сенгендіктен де:

Кеселді түйін шешілсе,

Кердең мойын кесілсе,

Келмеп кетпес кезіне,

О да құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің,

Тәңірдің құрған тезіне, -

деп нық сөйлейді.

Абайдың өзін көтере сөйлеген осынау жалғыз өлеңінің астарында қаншама ыза, бостандыққа құштарлық, ішкі қанағатсыздық, рух өрлігі және "етекбастылықтың" қорлығы жатыр десеңізші. Ондағы:

Қайран сөзім қор болды-ау,

Тобықтының езіне, -

деген сөз – жалғыз тобықтыларға арналмаған, исі қазақтың "езі" мен "есеріне" қаратылған.

Себебі "законсыз зорлықтың" өзі сол "ездіктен" туып отыр. Кезінде Еуропаның заңына өзгеріс енгізген көшпелі қауым бүгін соның дәргейіне көшіп, шылауына еріп отыр. Ол тарихи заңдылықты Абай Дрэпердің:

"Азиаттық халықтардың тоқырауға ұшырауын мен олардың тектік қасиетінің бірден-бір әлсіреуінен деп топшылаймын. Азия тектік негізі жағынан әбден қалжырады, соның нәтижесінде табиғи және саналық тосқауылдар пайда болды да, бұлар Азияның қол-аяғын байлап, тынысын тарылтты. Азиялықтар темір шеңберлі мыңдаған тирандардың тырнағына ілінді, бәрінен қиыны, олар көптеген тілдік алшақтықтарға ілігіп, бышырап кетті... Бұл жағдай халық көтерілісі мен өзара соғыстардың нәтижесінде өзгеруі мүмкін еді, бірақ ол халықтың өміріне әсер етпеді, олар мыңдаған жылдар бойы өз дәстүрін сақтап қалды... Алайда осынау сұрықсыз тылсымның тіршілігі өзгеріп, әлсіреген, көне, тұлданып бара жатқан халықтың жаңа толқынмен араласып түлеуі ғажап емес – деген пікірі арқылы болжауы мүмкін.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 368; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.054 сек.