Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 35 страница




Мұндай көңіл күйді:

Ойлы адамға дүниеде түк қызық жоқ,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін, -

деген Абайдың өз ойымен ғана түсіндіруге болады.

Жалғаннан жалыққан "ойлы жан" жалғыз Абай емес. Дүниеден түңілген де, "алаң болмай елуге" бекінген де тек Абай емес. "Ақылдан азап шегіп", рухани жалғыздықты сезініп, құмыққан да бір Абаймен шектелмеген. Барлық қасірет пен кесепат тек өзінің басына үйіп, оған өмір сүрген ортасы мен айналасы кінәлі іспетті көрініп қапаланып, қашып құтылуға тырысқан бәдәуи – дана да Абай емес. Толстойдың бар мұрасынан бас тартып, үйінен қашып кетіп, түздегі бекетте өлуі – бұл шешімінің дұрыс емес екендігін, даналардың балалық мінезін танытады. Олар қайда болса да бұл уайымнан құтыла алмайтын. Өйткені, олар өзі өмір сүрген қоғамнан қайда қашып құтылар еді? Ешқайда. Абайдың ұлылығы сонда, дерттің, қоғамның, ұлтының ұшыраған дертінің себебін ашып, оны талдап кетті. Дауасын білгенде ол ешкімнен жасқанбайды. Ол өзінің ұлтына қарата:

"... Өстіп, жер жүзіндегі ұлттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ... өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма? – деп ("Жиырма төртінші сөз") сөз тастап, намыс қайрайды.

Абай ұлтының дертін тапты. Дерттің себебін ашты. Емін ұсынды. Енді емдеу ғана қалды. Сол кеселді дертті сылып тастауға ұмтылған ұлы емші, ұлтының емшісі – Абай.

Абай ұсынған емнің ең дауасы – өзіңе-өзің сын көзбен қарауың. Адамның сыншысы-адамның тәрбиешісі де. Тәрбиеші сыншы-намысыңа тот бастырмайды. Мұны Абай:

"Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғандықтан күл, ызалы күлкінің өзі де – қайғы", - деп ("Төртінші сөз") түсіндіріледі.

Мұндағы "қайғының" астарына мән берсең, Абай "ызалы күлкінің өзі де – тәрбие", -деп емеурін танытқанын аңғарасың. Бұл ретте "ызалы күлкі" деген сөз тіркесі Ницшенің "дух тяжести" деген ұғымның мағынасын береді. "Дух тяжести" де адамзаттық тәрбиенің құралы. Абай қазақтың танымы арқылы пікір қорытса, Ницше исі адамзаттың биігінен тұжырымдайды. Мәселе, бірінің ойының кеңдігінде, екіншісінің аясының тарлығында емес, ойды өрістетудің тәсілінде. Әйтпесе, Ницшенің адамзатқа ұсынып отырған өзге "емі" жоқ, ол да тура Абай айтқан дауаны ұсынады. Ол Заратустраның атынан шалқи әрі астарлай сөйлеп:

"Мен өзімнің жүрегімдегі дүлей періме (пиғыл, жаман қылық – Т.Ж.) үңілгенімде, оның әрі терең, әрі әуегей (күлкі) ("рахаттанып күлу – Т.Ж.) екенін, әрі байыпты ("ызалы күлкі – Т.Ж.) әрі салмақты ("Ызалы болғаннан күлу – Т.Ж.) екенін байқадым. Бұл – Қасірет Рухы ("Ызалы күлкі", "қайғы – Т.Ж.) еді, барлығының салын суға кетіріп, төмен қаратып тұрған сол. Ашумен емес, ызалы күлкімен оның көзін жояйық. Аттаныңдар, Қасіретті сейілтейік! – дейді.

Сөз қолданыстары мен тіркестерінің өзгешелігі болмаса, жақша ішіндегі ұғымдармен салыстырсаңыз, екеуінің де пікірлері орайлас. Адам өзінің бойындағы "жаман қылықты" "ызалы күлкімен" емде дейді.

Ал "ызалы күлкі" дегеніміз – ұлттың өзін-өзі қорғау қабілетін арттыратын сыни көзқарас. Сөз. Ызалы сөз. Уытты сөз. Улы сөз.

Сөздің тыңдаушысының құлағының тосаңдығына, санасының салғырттығына, сезімінің сүлесоқтығына, жігерсіз талабына назаланбаған ғұлама жоқ. "Жанбай жатып сөнуге" бейім тұратын немкеттілік пен немқұрайлылық әр ұлттың бойында бар. Әзірше кілең зерек зиялылардан тұратын ұлттық қоғам дүние тарихында кездескен емес.

Абайдың тұсында қазақ жұрты рухани отаршылдықты басынан кешіргендіктен де томаға тұйық, үмітсіздеу өмір сүруі заңды да еді. Өйткені оларға дүние сәулесі өлеусіреп барып жететін. Соған қарамастан Абай бұл бұйығылық пен бойсұнушылықты жақтырмайды, сілкініс пен сергек көңілді, саналы әрекетті, рухани қарсылықты, әрбір ұлттық харакетке ой сала қарауды қалайды. Мұны ол:

"Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз: "Біз де білеміз! – деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз – деп ("Жетінші сөз") жеткізеді.

Ұлттық үмітсіздік – хайуани сезім. Заманның қасапханасына кетіп бара жатқаныңды біліп тұрып тұяқ серіппеу – хайуандық түйсік. Ақылға, ашуға, қайратқа, ерікке ерік беріп, "шырақ жағатын" кез осы.

"Көзінен басқа ойы жоқ, адамның надан әуресін" көре-көре қапаланған Абай кейде:

Менсінбеуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып.

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарасып, -

деп түңіліп кетеді.

Абай өзінің тұлға дәрежесіне жеткен кемелділігін түсінеді. Бірақ етегінен тартқан надандықтың осыншама тұңғиық, топас, томырық күш екеніне назар салмаған. Үміт ете жүріп әбден ығыры шыққанда бірден өзегі өртеніп, ойының өті жарылып шыға келген.

Мұндай түңілу әрбір "ойлы адамға" тән құбылыс. Абай қазақтың надандығына ғана емес, сол заманның, сол қоғамның, сол ортаның әлі толық жетілмегеніне, адамның өмір сүруіне рухани жағдай жасалмағанына назаланады. Сөйте тұрып сол назалы елінің ішіндегі "көкірегінде сәулесі барларға" сөзін арнап:

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып, -

дейді олармен сырласқысы келіп.

Егерде бүкіл ұлтты жек көріп, оның келешегін үмітсіз деп таныса, жаппай "сыпыра елірме, сұрқия" десе – онда қазақ үшін мұншама намыстанып несі бар. Абай өзінің ұлттық намысын, ұлтының намысын жат жұрттың алдына жығып бермейді. Қайта солармен иық тіресе тұрып адамзаттың белсенді қауымына айналса, өзге жұрт та қазақпен санасса, оның пікірімен, мүддесімен, ырқымен есептессе, сөйтіп, төрткүл дүниенің төрт құбыласы түгел қазақ ұлтының жұмыр жерде өмір сүріп жатқанын сезініп отырса, азаматтарының ақыл-парасаты ұлтының ішінде ұйлығып қалмай, "түзден қанағат іздесе – деп армандайды. "Шіркін, сондай күн туар ма екен! – деп аһ ұрады.

Әйтпесе, "қазақтың жауы – қазақ – дегенде, өз ұлтын мүлдем тұқыртып, іске алғысыз тобырдың жиынтығы деп отырған жоқ.

Абайдың осы бір ауыз сөзін малданып, орынды-орынсыз қолданып: міне, бізден елдік шықпайды, Абайдың өзі солай деген-деп даурыққандардың өзі топас. Сол адамның өзі "жаулық істеп" отыр. Абайға да, ұлтына да өштік, менсінбеушілік сезімін оятып, теріс түсінік берген адамды бұдан басқа қалай бағалауға болады.

Абай "қазақтың жауы – қазақ – дегенде ұлтының өзін емес, заманға сай бейімделмеген самарқаулығын, дәстүрге айналып бара жатқан жағымсыз қылықтарын, отаршыл жүйе тудырған билік жүйесін, қаскүнем саясатты, соған "сыпыра еліккен" шенқұмарларды, араздықты қоздырудың себепкері-рушылдықты, жалған намыс пен мақтанды мегзейді. Міне, соны түсінбей елді де, өзін де желіктірген қазақтың ұлттық ынтымағын бұзып, бірін-біріне жауықтырып жүргендер, соған "ессіз ілескендер" "қазақтың жауы" дейді.

Осы бір "жаныққан ессіз жанталастың жеңсе, соны ұлттық мүддеге айналдырса, "бір қазақты бір қазақ дос көрсе – Абайдың арманы сол.

Әйтпесе, жаулық, өшпенділік, күншілдік, басыбайлылық, есірік пен жалған желігу-қазақтың ұлттық қасиеті емес. Ол тәуелділік әкелген жабыспақ дерт. Не рухани, не экономикалық, не діни. Не билік, не ұлттық еркіндігі жоқ елден не күтуге болады? Ештеңе де.

Әуел баста, "қазақтың ата-бабасында ерік те, намыс та, елдік те, ұлттық мүдде де" болған. Абай оны өлеңінде де, "Қара сөзінде" де үлгі ретінде ұсынады. Тіпті жеріне жеткізе талдап та береді. "Берекеге қас қылған, айтаққа желіктірген, ел тыныш болса ерігіп өле жаздайтындар" кімдер? Ұлт боп ұйып, ел боп еркін жүрген қауымды:

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз,

Сорлы қазақ (ты) сол үшін,

Алты бақан ала ауыз, -

еткен;

Өзіне-өзін күндеткен,

Жақынын жалған міндеткен,

... Ұятсынбай, ойланбай,

Қой дегенге тіл алмай.

"Іс қылдырған "

Мал мен бақтың дұшпаны,

Кеселді пысықты, -

"Көбейткен " кім?

Қазақтың өзі ме? Өзі болса соны еркімен істеді ме? Соңда ол шынымен берекесіз, бейімсіз, желөкпе ұлт болғаны ма?

"Қазақтың қазаққа жаулығы – қазақтың мүддесін қозғаушы ма еді? Әлде елдікке ұмтылған ел болмай, ерлікке бастайтын ер тумады ма?

Онда тура сол заманда даланы кекті құйындай дүрліктіріп жүрген Хан Кене қайдан шықты? Тіпті Абайдың өзі осы ақылды іштен туа үйреніп келген жоқ қой. Оның ойына шырақ жаққан сол қазақ қауымы, оның ата сөзі.

Ендеше, "қазақты қазаққа жау қылған" жүйе – отарлау саясаты. Билік, заң, дәстүр, діни таным, тәрбие отаршыл мемлекеттің ықпалына көшкен соң, қазақ ұлты барлық тұрғыдан алғанда да қаңтарылып қалды. Зорлықшыл мемлекеттің күшімен, шіркеу мен шенеуніктердің арбауымен еріксіз жаңа қоғамға бейімделді. Сол отаршыл қоғамның ұлт еркінен тыс ұлтқа зорлап жат қылықты таңуының және жанықтыруының нәтижесінде тәуелді ұлттың ішінен:

Бір сөз үшін жау болып,

Бір күн үшін дос болып,

Жүз құбылған салт шықты.

Міне, "қазақтың жауы" болған қазақтар осылар!

Әйтпесе, қазақ ұлтының ұлттық қасиеті – жаулық емес! "Қазақтың жауы – қазақ! – деп жүргендер Абайды түсінбеген, түсінгісі келмеген. Абайды арандатып, Абай арқылы өз мүддесін көздеп, өзінің сүйкімсіздігін өзгеден көріп, "жақынын жалған мінейтін" "кеселді пысықтың" нағыз өзі! Жаласын Абайға қалдырып, "ел тыныш болса... ерігіп өле жаздап!" жүрген "сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауыз!" ол. Өзінің иттігін ұлтына жауып құтылғысы, ақталғысы келген "мал мен бақтың" дұшпаны.

Ондайларға бұдан артық сөз шығарудың өзі әсірелілік. Әйтпесе:

Бұл сөзімде жалған жоқ,

Айтылмай сөзім қалған жоқ.

Абайлаңыз, байқаңыз,

Елдің жайы солай-ды, -

деген Абайдың емеурініндегі "елдің жайының" қандай екенін ойлы, аңғарлы қауым аңғарса керек. Ал Абайдың ұлттық мұраты:

"Шындықтың сәулесі мені шапағатқа бөледі: мен сөзімді кесірлі тобырға (мағынасы бойынша аударылды – Т.Ж.) емес, сөзді ұғарлық көкірегі ояуларға арнаймын! Заратустра табынды (тобырды – Т.Ж.) қорыған бақташы да, ит те емес! Ол сол табынның (тобырдың – Т.Ж.) арасынан соңынан еретін кемелді іздеп келді! -деп Ницше айтқандай:

Өзін-өзі зор тұтып,

Түзету еді заманды.

Оның бұл мұраты дәл осы заманда жүзеге аса қалмағандығымен де өзінің жемісін берді, қазір де беріп келеді, болашақта да:

"... Көп өсіп, көктей өсіп... өсе бермек күн санап та жыл санап!" (М.Әуезов). Абайға:

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе-өкінбек, -

болған "кеселді пысықтың" қажеті жоқ.

Сондықтан да қазақтың "иығынан асыра сөз сөйлейді" және оған толық қақысы бар болатын.

Себебі ол өзін ұлтынан жоғары қойған жоқ. Сол ұлтының қызығы мен күйігіне қатар малынып, қуанышынан күйінішін көп көргендіктен де денесін ақылдың уы жайлады. Әсіресе, "алашқа іші жау боп, сырты күліп" жүрген "кеселді пысықтың" лаңын көргенде жаны қатты түршікті.

"Кесірлі пысық – "толық надан" емес. Мына "күйлеген заманның" күйітін білді, оның айнымалы тілін тапқан. Сауаты да бар. Алайда олардан қайыр жоқ. Қайырсыз пысықтан жат жақсы. Өйткені:

"... орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы (да) қазақты аңдысам екен дейді. (Олар мұны)... қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйренуі керек еді. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық кісі шыға алмай тұр" ("Жиырма бесінші сөз").

Қазақты анду үшін қазақ боп туып, "дүниенің кілтін тауып", "кеселді пысық" атанудың пәлендей қиындығы жоқ.

Мұндайлар Абай заманында да болды. Бірақ олардың іскерлік аясы тар еді. "Кеселді пысықтар" қазір де бар. Білімді. Шалымды. Ғылыми дәрежеге де ие. Дүниенің төрт бұрышын шарлайды. Алыпсатарманға келгенде алдына жан салмай жалақтап тұр. Ендігі пиғылы-қазақты аңду. Өзі жетіп алған соң қолындағы байлығы мен "қаруын" қазаққа, туған ұлтына қарсы пайдаланбақ.

Саудаменен аты шыққан саудагерлердің мінезіне Абайдың "Қара сөзіндегі":

"Осы күнде қазақ ішінде: "ісі білмес, кісі білер" деген мақал шықты. Оның мәнісі: ісінің түзулігінен (әділдікке) жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің деген сөз... Байлар, олар өздері де бір күн болса да дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малмен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда: адалдық, арамдық, ақыл, ғалым, білім-еш нәрсе малдан (ақшадан – Т.Ж.) қымбат демейді. Мал болса (ақша болса – 1 Т.Ж.) құдайтағаланы да паралап алам дейді. Оның діні, құдайы, халқы, білім – ұяты, ары, жақыны, бәрі – мал (ақша – Т.Ж.). Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де қолы тие ме? – дегеннен ("Сегізінші сөз") асырып мінездеме бере алмайсың.

Абай әр сөзді орнына қойып тұрып бағалап берген.

Дүниеде байлықтан да қымбат құндылық – ұлттық қасиет екенін жадынан шығаруға ешқандай азаматтың құқы жоқ. Абай:

"Қазақтың жауы – қазақ! – дегенде сондай "кесірлі пысықтарды" айтып отыр.

Иә, заманның бұлай боларын Абай білмеді. Бірақ өз ұлтының жан дүниесі мен жүйке-жүйесіне ой жібере отырып, мұндай да "азғыруға бейімділігі" барлығын байқап, ашына сөйлеген. Тіпті өткіншек мінез емес екеніне көзі де жеткен сияқты. Алданып, арбалып, қорланып, әрекеден зәрезап болғаны сондай:

"Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді? Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілі тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем: сөйлеспесем, мәжілісте, сырлас, кеңесте болмасам керек еді. Тобына бармай: "Не қылды, не болды? – демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның (екеуінің) бірін тұтпай болмас еді", -деп өзіне-өзі күдік келтіреді.

Абайдың бұл күдігі – саудагерлердің көздеген пайдакүнем күдігінен басқа. Рухани түңілу, ұлтынан безіну немесе ұлтын жасырып жақсыаттану емес.

Жағымсыз мінез, сумақай-сылтың, қаскүнем, көрсеқызар, билікқұмар, ақшақұмар адамдар әр ұлтта бар. Абай ұлтын сүйе отырып, сондайлардың қазақтың ішінде болғанына намыстанады. Сол жағымсыз мінездің ұлттық мінезге айналып кетпеуі үшін жаныңа батыра айтады.

Өзінің туған анасы мен өгей анасының мейірленуін еңбегі қатпаған сәби де сезеді екен!

Ендеше, Абайдың қазақ туралы батыл қолданған сөздері мен айтқан пікірлеріне исі ұлттың өкілінің бас иіп мойындауы заңды. Абай ол үшін өзінің екі туып бір қалғаны, "ұлтының ұйытқысы!". Сондықтан да исі қазақ халқының өкілі оның;

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым, сен қажы!

Айтып-айтпай өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы?

деп қынжылуының себебін түсінеді.

Шындығына көшсек, ұлтымыздың бойындағы адамды қажытса – қажытатындай кесірлі қылықтар көп-ақ. Бірақ ол мұқым жұртты жек көрінішті етуге немесе одан бас тартуға себеп бола алмайды.

Кезінде атышулы Г.В.Колбин де: "Мен Абайды оқып шықтым. Қазақтың барлық жамандығын жақсы жазыпты. Өзі нағыз интернационалист ұлы ақын екен! – деп мысқылдап еді. Оның сүйсініп тұрып оқығаны Абайдың қазақты мінеген тұстары. Партияның "оқшантайынан шыққан адамның" можантопай түсінігі соған ғана жетуі заңды. Ал зиялы қауым Абайдың қазаққа айтылған-әрбір ұлттың бойындағы "кесірлі қылыққа" айтылған сын екенін түсіндірмей-ақ түсінеді.

Сондықтан да, Абайдың ілімі исі қазаққа ортақ. Әттең, ең өкінішті жері, Абай өзге тілге аударылғанда оның сөзінің астарының қағыс қалып қалуы, айтар ойы ашылмай, басқа ұрғандай етіліп қарадүрсін, сөзбе-сөз жеткізілуі. Мұның өзі Абайды әр саққа жүгіртуге ілгішек болып келеді. Ал әрбір санасы тұманды орманның жанына барып оны талдап тұра алмайсың.

Бұл енді өзіміздің, исі зиялы қауымның кінәсі. Оған Абайдың қатысы шамалы.

Дегенмен де, ұлттың өз ішіндегі "кесірлі пысықтарды" "желіктіріп" отырған жасырын күш те аз емес. Олар Абайдың қазаққа қадірінің қандай екеніне көзі жеткен соң, арандатуды тура Абайдың өзінен бастады! Әсіресе, қазақ елі тәуелсіздік алған тұста мұндай рухани қастандық өрши түсті. Оның себебі...

 

II

 

 

Тәуелсіздіктің жолы ешқашанда тауқыметсіз болған емес. Оның ішінде рухани, психологиялық тәуелділіктен арылу үшін сананың көлеңкесіндегі күдіктің жойылуы қажет. Өзге халықтың парасатына, ақыл-ойына үстемдік жүргізіп дағдыланған өктемдік пиғыл бір ұрпақ ауыспайынша жойыла қоймайды. Американдықтардың зәңгірлерге, ағылшындардың индиялықтарға, француздардың алжирлықтарға, испандықтардың үндістерге деген астамшылдығы мен кемсітуі екі ғасырдан бері сақталып келеді.

Демек, бұл қазақтың да пешенесіне жазылған "сыбаға" деп түсінген абзал. Бірақ барлық рухани "жан бостандықтан" (Абай) "егеменді" деген елеусіз сөзбен, екіұшты ұғыммен бүркемеленбей, ұлттың рухани тәуелсіздігі ашық насихатталуға тиіс.

Қазақ елінде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты рухани тәуелсіздікке қарсы өте қауіпті азаматтық қасарысу, ішке бүккен егес, тістене отырып дық, сыздана отырып сес көрсету қозғалысының пайда болуы занды. Мұны азаматтық мойынсұнбау деп те бағалаған жөн. Ерте ме, кеш пе ол күш буырқанбай қоймайды. Оның басты себебі қазақ елін мекендеген орыс тілді тұрғындардың сол елдің Мемлекеттігін мойындамауында және оның ең асыл нысаналары мен қасиеттерін менсінбеуінде. Өзінің тарихи "міндетін" орындай алмаған өктем ұлт енді өзі бастап, бірақ аяқтай алмай кеткен рухани, саяси және экономикалық қастандық әрекеттерін бодандықтан құтылған азат ұлттың мойнына арта салды. Сөйтіп, отаршылдықтың барлық кесірін сол ұлттың бойындағы "кесірлі қасиет" деп жариялап, дербес мемлекет ретінде өмір сүруге қабілетсіз деп көрсету үшін қандай да болсын арандатудан бас тартпады. Бұл рухани қастандық-өктемдіктің, отарлау саясатының кесірі толық жойылғанша тоқтамайды. Мүләйімси қалып, мұқатуға тырысады. Мысалы: көпұлтты мемлекеттің ішіндегі ұлттық түйіншектерді тек қана жергілікті ұлт шешуі керек және ұлттық қауіпсіздікке сол ғана жауапты, кез келген шиеленістің түйткілі жергілікті ұлттан шығады, сондықтан да олардың төзімді, шыдамды болуы керек деген бір жақты саясат сондай "кесірлі ойдың" кермегінен туған. Тәуелсіз мемлекеттің тағдырына оның азаматтығын алған өзге ұлттардың да жауапты екенін назардан тыс қалдырып, мемлекет өміріндегі күнделікті қам-қаракетте қалайда олардың көңілін табу-майпаздау, басынан сипап жұбату саясатын жүргізуге мойынсындырады. Сөйтіп, енді қазақ елі солардың рухани кепіліне айналмақ. Бұл тәуелділіктің бір түрі. Олар өзіне өктемдіктің оңтайлы жолын таңдап алды. Ал экономикалық өктемдік те өзге ұлттың қолында. Жекешелендіру толық аяқталып болған соң өндіргіш күштердің дені жергілікті емес ұлттардың игілігіне айналды. Оған еш таңданудың реті жоқ. Өйткені өнеркәсіптің дені ұлы империяның саясатының ырқымен ауып келген отарлаушы "еңбек армиясының " қолында. Олар экономикалық тәуелсіздік пен жекеменшіктік құқ алған соң әкімшілікке бағынбайды, өз дегенін істетіп алпауыттар күні ертең Сіздің мемлекетіңіздің мүддесін ойламақ түгілі жалынан да сипатпайды. Ал рухани өктемдік пен арандату үстемелеп жүргізіле бермек. Әкімшілік әрі экономикалық тәуелділіктен арылмаған мемлекеттің қауқарсыздығынан және еркіндікті желеу еткен жел сөздің желігінің салдарынан рухани өмір саласында бейпілауыздылық, көлгірсіген көсемдік, аярлыққа құрылған- "аңқаулық" өрши түседі. Тағдыр басқа салды, біз көндік, ұлттардың туыстығын сақтайық деген ниет те, саясат та дұрыс. Бірақ бұл екі жаққа да тең жүргізілуі тиіс.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 327; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.057 сек.