Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 39 страница




Ал тобырдың жанығуы басталады. Абай айтқан "жалған намыс", "жалған мақтан", "жалған отаншылдық" өршелене өршиді. Ақыры "тән мен жанды улап" (Абай) тынады.

Ұлт пен дананың арасын ушықтырып, "жанын күйдірген" оқиғалар Гете мен Абайдың да басынан өтті.

Олардың өз ұлтына деген сезімінің күрделілігі де сонда жатыр. Әрине, даналар ұлттың түпкі қамы мен мұрат-мүддесін көздеді. Ал тобыр дәл қазіргі сәттегі шолақ әрекетті дәме етті.

Барлық ұлылар сияқты, Гете мен Абай да ұлтының тағдырына ұшқалақтық танытпады. Әр нәрсенің астарын байыптап барып, іштей шешім қабылдады.

Германия сияқты тарихтың талқысына сан рет түсіп, әлемнің даму бағытын өзгерткен, пәлсафалық мектебі – ақыл-ойдың бесігі болған мемлекетте, бәрін де есеппен істейтін, әр қадамы мен сөзін санап барып шешім қабылдайтын неміс ұлтының өз ішінде Гете дегдардың тағдыры бірде – дана, бірде – диуана дәрежесінде бағаланып келеді. Оның аты мұқым ұлтқа жек көрінішті болған жылдар да кездесті. Гетені неміс ұлтының қасиетті тұлғасы ретінде қайтып оралуы үшін басын өлімге тіккен оқымыстылардың саны да біраз баршылық. Сондай күйінішті рухани кезеңде Бехер неміс жастарына:

"Гете туралы жазылған өсиетсымақтан тұратын қайдағы бір кітапшалардың желігінде кетіп, өздеріңді өздерің адастырмаңдар, өздеріңді өздерің шырғалаңға салмаңдар, оның атына байланысты таратылған адам төзгісіз өсекке еріп, өздеріңді Гетеден бет бұрғызып әкетпеңдер. Ақкеріштен жасалған Гетенің қартайған сәтіндегі ұлыққа ұқсаған бейнесіне қарап өздеріңді алдауға жол бермеңдер; Гете туралы жазылған күлді бадам шимайға сенбеңдер, керісінше, одан жиренбей, Гетенің нақ бейнесін оның шығармаларынан іздеңдер, сонда ғана оның өзін табасыңдар", -деп үндеу тастады.

Даналар саясатқа бағынбайды. Сонысымен де әрбір билеушіге қауіпті.

Гете сол өзі өмір сүрген заманда да қорғасыннан құйылғандай тік әрі тәкәппар қалпынан жазбапты. Тіпті ішкі жан дүниесіне де ешкімді жақындатпапты. Жеке адамға қатысты болса бір жөн, ұлтының, тіпті мұқым Еуропаның тағдыры талқыға түсіп, тас-талқаны шығып жатқан тұста да сыртқа сыр бермепті.

Гете өмір сүрген дәуірде дүние астан-кестен төңкеріліп, қоғамның іші судай сапырылысып жатты. Жеті жылдық қантөгісті соғыс, американың азаттық күресі, француз төңкерісі, Наполеонның даңқ тұғырына көтерілуі және күйреуі, қасиетті Рим империясының құлауы іспетті оқиғалар бүкіл адамзат тарихындағы зауалды мезеттер еді. Соның барлығын басынан кешіре отырып, ешқандай саяси іске араласпай не пікір білдірмей, томаға-тұйық өмір сүруі расында да адам сенгісіз жай. Гетені біресе – Прометей, біресе – Зевс, біресе – "ұлы керенау", "тәкәппар тақуа", "тас құдайға" теңеуге себепкер болып келе жатқаны да оның осы үнсіздігі.

Тіпті неміс ұлтының тағдыры оны толғандырмады, тек қана өзінің даңқын күйттеумен күйбең тіршілік өткізді – деген желеудің кейде тарихи шындық ретінде қабылданатыны да бар. Мұның барлығы Гетенің жеке басының қайшылығы. Дейтұрғанмен де ол ішінен неміс ұлтын өте нәзік әрі ұлы махаббатпен сүйді. Сүйе тұрып оның даму жолын, дәстүрлі билік пен құрылымнан ауытқудың жолын қолдамады. Өз ойын ол:

"Әрбір ұлтқа өзінің болмысына тән мінезі мен заманалар бойы рухани қажеттілігіи өтеп келген дәстүрлі тіршілігі ғана жарасады, ал өзге ұлттан көшіріп алған мінез оған қонбайды. Белгілі бір дәуірде белгілі бір ұлтқа азық болған тағам, екінші ұлтқа у болып тұншықтыруы мүмкін. Сондықтан да, ұлттың өз жатырында өсіп-өнбеген, қажетсінбеген қайдағы бір жат жұрттық ықпалды жүзеге асырамын деп жанталасуы бәрібір сәтсіздікке ұрынады, әрі ол ессіздік, мұндай төңкерістердің барлығы да сәтсіздікке ұшырайтыны анық – деп білдіреді.

Гете мемлекеттік құрылымның күрт өзгеруін онша мақұлдамаған. Ұлт ішіндегі бұлғақ пен аласапыранның зардабынан сескенген.

Дүние тарихы төңкеріліп жатқанда "тас құдай" қалпын сақтап, айтар пікірін тек көне грек, рим аңыздарының оқиғасы арқылы білдіруі топ пен тобырға ұнамады. Оның атақ-даңқына ежелгі әдебиеттің әсер еткені сондай, Генрих Гейненің өзі Гетенің неміс тілін білетіндігіне таңданыпты. Әйтпесе, грек тілінде сөйлесуге дайындалып келіпті.

Әрине, қылыш пен семсердің, зеңбіректің, атойлаған аттың күшімен тарих жасалып жатқанда Гетенің ештеңе естіп, білмегендей, көрмегендей "керенау күй кешуі" таңданарлық.

Әсіресе, бүкіл Германияның тұрғындары бірігіп Наполеонға қарсы көтеріліске шығып, мемлекетін азат ету майданын ашқанда да Гетенің үнсіз қалуын неміс жұрты сатқындыққа балады. "Жаза" атты ұлттың ерлік сезімін, қаһармандық рухын оятатын журнал шығарып жатқан тарихшы Г. Луденнің ерлікке шақыратын өлең жазып беруі туралы өтінішінен бас тартуы сондай кінә тағуға түрткі салды. Сонда қаны қайнап кеткен Гете бұған сестене қарсы шығып:

"Бостандық, халық, отан деген ұлы идея мені бейтарап қалдырады деп ойлап отырғаннан саусыз ба? Онда қателесесіз, ол идея біздің жанымызда, ол біздің жанымыздың бір бөлшегі, ешкім де ол сезімді өз денесінен сылып тастай алмайды. Германияның тағдыры менің жүрегіме ыстық қан құйып тұр. Көптеген қасиеттері арқылы сүйіспеншілік оятатын, бірақ жалпылай алғанда бақытсыз неміс халқы туралы ащы ойлар жүрегімді қыжылдатады", -деп жауап берді.

Гетенің неміс ұлтын шын ниетімен сүйетініне, ол үшін жаны күйетініне профессор Г.Луден сенді. Бірақ та отан басына қасіретті күн туып, азаттық үшін мұқым ұлт қанын төгуге ұмтылып жатқанда Гетенің осыншама салқындық тартқанын тарихшы ғалым түсінбеді. Алайда жаманаты ақынға қалды.

Сонда Гетенің көздегені не? Жан тыныштығы ма? Бейжайлық па? Наполеонның монархияны құлатуын іштей жақтағаны ма? Мұндай үміті де болған. Бірақ ол үшін ұлтының азаттық сезімін тұншықтыра ала ма? Гете өзінің бұл шешімін мүлдем басқаша ойлау жүйесі арқылы түсіндіреді. Ол Луденге:

"Сіз неміс халқының оянуы, дәуірлеуі туралы пікір айттыңыз, сондай қасірет пен қанның құнына келген сол бостандықты осы халық қолында ұстап тұра алады деп ойлайсыз ба? Жұрттың ұйқысының қатты болғаны сондай, дәл осындай сілкіністен кейін де оның санасының оянуы екіталай. Бұл қозғалыстың барлығы дәуірлеу емес қой. Күшпен көтеріліске шығару да намыстың оянуы болып табыла ма? Әңгіме мыңдап қана саналатын сауатты жастар мен ересектер туралы емес, миллиондар мен қалың қауым жөнінде болып отыр. Біз сонда неге қол жеткіземіз немесе қандай жетістікке жетеміз? Сіз ғой: бостандық дейсіз, алайда бостандық дегеннің орнына арылу, құтылу дегенді қолдансақ орынды болмас па екен, құтылғанда да жаттың жапасынан емес, жат мінездің қанауынан құтылайық-деп ұрандасақ қайтеді... -деп қарсы сұрақ қояды.

Гетенің бұл болжамы бұлжымай келді. Германия биліктің қысымында қалды.

Гете ең бірінші ұлттың рухани тәуелсіздігін алдыға бекер көлденең тартқан жоқ. Рухани бостандық – ұлттық дәуірлеудің кепілі. «Жат жұрттың емес, жат мінездің қанауынан құтылайық» – деп жар салуының себебі сондықтан. Өркениеттің ағысында азат ұлт ретінде өмір сүрген неміс жұртының ішіндегі қайшылықтардың өзі Гетенің санасын сабылдырғанда, ұлты отарға айналған, рухани басыбайлылыққа түскен Абайдың назасы қандай болғанын тәптіштеп жатудың өзі артық, бірақ қажет.

Гете айтқан, "бостандық, халық, отан" деген үш ұлы идея Абайдың да "жанының бір бөлшегіне айналып, жүрегіне ыстық қан құйып тұрған" киелі күш еді.

Қазақ халқының да "көптеген қасиеттері сүйіспеншілікті оятқанымен", жұртының аузынан "тағы, қасиетсіз, жабайы, мақұлық, сауатсыз" деген сөзді ғана естіді. Гете ұлттың өзін-өзі билеуіне өзгеріс енгізсе деп тілесе, Абай сол ұлттың отарлаудан құтылуын армандады. Гетеден гөрі оның қазақтың "бақытсыз халық" деп атануына себебі жеткілікті болатын. Неміс ұлтының өкілі "жат жұрттың мемлекеттік құрылымын орнату үшін" күрессе, Абайдың ұлты ұлт азаттығына жетуді аңсады. Ал Гете:

"Ұлттың өз жатырында өсіп-өнбеген, ол қажетсінбеген қайдағы бір жат жұрттық ықпалды жүзеге асырамын деп жанталасуы – ессіздік – десе, сол "ессіздік" қазақтың басына төніп, оны тұншықтырып бара жатқан болатын.

Кенесары хан, Шоқан іспетті бостандыққа ұмтылған жеке тұлғалар шыққанмен, Гете айтқан "қалың қауым мен миллиондар тобы" әлі де ұйқыда болатын. "Күшпен көтеріліске шығарып, қасірет пен қанның құны арқылы" бостандық алу мүмкіндігі де қазақтың пешенесіне бұйырмай тұр еді.

Сондықтан да жоғарыдағы үш мәселе жөніндегі Гетенің пікірі мен Абайдың ойы бір жерден шықты.

Абай да ең алдымен ұлттық намысты ояту үшін рухани бостандыққа жетуіміз керек – деді. Ол қолға қару емес, қалам алу қажеттігін, яғни ұлттың ұйқыдан толық оянып, сана- сезімінің биік дәрежеге көтерілуін насихаттады. Ол үшін сол өзің тәуелді болып отырған елдің – Ресейдің "дағуасына кіру үшін тілін біл, өнерін үйрен", қашан "заңсыз законына көнбейтін күйге жеткенде ғана" қимылға көш. "Ырқына көнбе! – деді.

Міне, дәл осы пікірі үшін Абай өз заманындағы билік иелеріне жек көрінішті көрінді. Олар Абайды "орысшылсың! – деп кемітті. Өзгені былай қойғанда әкесі Құнанбайдың өзі оны мін етіп таңды. Бұл Гетеге тағылған айыппен бірдей еді. Бірақ Абайдың үлгі-насихатының астарын "қалың қауым мен миллиондар түсінбеді". "Шоқыншақ екен Абай! - деген өсек те таратты. Оның орыс достарымен араласуын, ауылына қонаққа шақыруын түршіге қабылдап, Мефистофельге жанын сатқан Фауст сияқты тіксіне қарасты. Ал кеңес тұсында Абайды ұлттың жауы деп жариялады. Сөйтіп:

Ненің қайдан екенін таба алмассың,

Телміріп терең ойдың соңына ермей, -

деп ақыл айтқан жұртты өзін талдауға салды.

Өмірінің соңғы он бес жылында Абай билікке мүлдем араласпады. Ресми сайлаудан бас тартты. Бірақ та қоршаған ортасы одан қалыс қалуға мүмкіндік бермеді. Ақыры "тұщы етіне ащы қамшы тиді". Содан бастап мүлдем "жасып", "жүрегін кемірген қайғыға" қарсы қайрат көрсетпей, бойын өлімге ұсына берді. Абай адамның уайымын жеңетін "жан қуаты – қайрат екенін жақсы білді. Гете де сол рухани күшті өте жоғары бағалаған. Эккерманның күнделігіне үңілсек, бұл туралы өмірлік дерекке жолығамыз.

1831 жылы 12 ақпан күні Эккерман "Қасиетті кітапты" оқып отырып, ондағы бір суретке көзі түседі. Онда Христостың теңіздің бетімен жүзіп бара жатқаны бейнеленіпті. Ал әулие Перт толқынның үстінде оған қарай жүгіріп барады екен. Бірақ бір сәтке өзінің сенім рухын жоғалтып алады да, суға бата бастайды. Осы сәттің бейнеленгенін көрген Гете:

" – Бұл ең бір ғажайып аңыз. Сондықтан да осы суретті мен өте жақсы көремін. Мұнда асқақ ой жатыр: адам өзінің сенімі мен қайратының, қажырлы рухының нәтижесінде ең қиын бастаманы (Істі – Т.Ж.) жүзеге асыра алады, ал қалай рухани сенімнен айырса, солай өзінің басын өлімге тігеді", -депті Эккерманға.

Шындығында да бұл аңыздың астары терең. Адам рухы – тіршіліктің қуат көзі. Онсыз тіршілікте тиянақ таба алмайсың. Барлық істің ұйытқысы – рухани сенім. Абай да өзінің өлеңінде мұны:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап, -

деп тілге тиек етеді.

Мұндағы Абайдың "ақыл" деп отырғаны Гетенің сөзіндегі – сенім, яғни рухани күш.

"Қара сөзінде" Абай бұл мәселеге әр қырынан оралады. Және Гетенің "рухани сенім мен қайрат" деген сөзін әр түрлі мағынада береді. Кейде оны әңгіме ретіне қарай "жүрек" деген сөзбен де алмастырады. Жүрек – қуаттың көзі. Мәселе: жеке ұғымдардың қалай аталуында емес, оның беріп тұрған мағынасында. Мысалы, қайрат, ақыл, жүрек туралы сөз қозғалатын "Он жетінші сөзінде" үшеуінің таласына төрелік айта келіп:

"Үшеуің ала болсаң – жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдайтағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы", -деп тұжырымдайды.

Дәл осы арадағы Абайдың жақтап тұрған "жүрегі – рухани сенім. Гете сүйінген адамның бойындағы ең ұлы қасиет. Ал осы "жүрек" ұғымын талдаған "Он төртінші сөзінде" Абай жаңағы айтылған сенім, қайрат, рухани табандылықтың барлығын бір "жүректің" ішіне сыйғызады. Адамдық қасиеттің мағынасы жөніндегі ойын дамыта келіп, өз ұлтының бойындағы мінін сынап, оның себебін:

"Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе – жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білседе, арсыз, қайратсыздығынан – ескермей, ұстамай кетеді", -деп түсіндіреді.

Бұл Гетенің: рухани сенімі мен қайраты жоқ адам суға кетеді – дегенінің мағынасын толық береді. Абайдың "байқау" деп отырғаны – сенім, жүректегі қажырлы жігер, рух; ал қайраты – кәдімгі қайрат, "жан қуаты". Бұларсыз адам өзінің басын өлімге тігеді – деп түсіндірсе Гете, Абай әлгі қауқарсыздықтың салдарын:

"Әйтпесе, құдайға терістіктен, ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, өз бойын өзі тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгілі, адам ба өзі", -деп мінейді.

Өзіне-өзі қатал талап қойған Абай өмірінің соңында өзі соншама сыпаттап, насихаттаған рухани қайратты неге ұстай алмады? Қаншама рет "өзінен-өзі есеп алып":

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым, -

десе де, дегеніне жете алмады. Гете:

Әр ойымен өмірдің құпиясын білуге ұмтылған жан. Оның қайнар бұлағын өзінің жүрегінен (рухынан) табады, - деп (жолма-жол аударма), барлық дүниенің кілтін рухтың қолына береді. Абай да билікті "жүрекке сеніп" тапсырады. Өмірдің мұқым құпиясы мен болмысын:

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,

Бүлк еткізбек қалайша соқса тамыр, -

деп түсіндіреді.

Гетенің "өмірдің құпиясы" дегені – "жүрегіңнің толқыны", ал "тамырдың соғуы – "жанның қайнар бұлағы". Әр түрлі сөзбен бейнеленсе де, поэтикалық, философиялық емеурін біреу. Ол – тәуелсіз, қайратты, жігерлі, өзіне-өзі сенімді рух.

Абай сол рухты да тәркі етті.

Гетенің ең үлкен бақыты – оның отаны, ұлы бостандықта еді. Сондықтан да ұлттық басыбайлылық, рухани тәуелділік деген ұғымдар ол үшін өмірінің соңында санасынан сызылып қалды. Жүрегінде ешқандай да алаң болмады. Оны толғандырған – мәңгілік пен бақилық, жеке бастың қайшылығы мен еркіндігі, дүниедегі құбылыстардың қарама-қарсы заңдылықтары мен себептерін көркем бейнелеу, пенде ретіндегі уайым-қайғысын жеңу мәселесі.

Бірақ дана суреткер ретінде өзі өмір сүрген қоғамның қайшылығы жүрегінде шайырланып, тұтқырлана берді. Жұбанышты жырынан тапты.

Абай үшін мұның барлығы керісінше болды. Әр жыл өткен сайын ұлтының тағдыры темір ноқтаға қысыла түсті. Жаппай жазалау, жаппай шоқындыру, қазақ ұлтын құнарлы жерден ығыстырып, оны крестьяндандыру, басыбайлы жұмысшыға айналдыру, тілін жою, рухани тәуелді мәңгүртке ұшырату саясаты барған сайын қатты қарқынмен жүргізіліп жатты. Оның себебі мен салдарын Абай түсінді. Сондықтан да жеке басының уайым-қайғысына ұлтының қасіреті қосылған Абайдың "тілі – ащы, сиясы – у" болды. Ресейдің отарлау мен шоқындыру, крестьяндандыру саясатын әшкерелей отырып, оның өркениетінен үйренуді насихаттады. Өз сөзімен айтсақ:

Әділет пен ақылға,

Сынатып көрген, білгенін.

Білдірер алыс-жақынға,

Солардың сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл –

Не жазып кетсе – жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл, -

деп жүрегі налаға толды.

Ол соңғы үш-төрт жылда қолына қаламды сирек алды. Мына дүниеден баз кешіп, жақсылығына да, жамандығына да сүлесоқ қарап, өз жүрегін өзі уайыммен кемірді. Соншама сенген, сүйген, сырын ашқан өлеңі де оған қолұшын бермеді. Абай жалғаннан жалыққан соң не жалықтырған соң бетін теріс қаратып кеткен жоқ. Ол шын мәнінде санасымен сарғая езіліп, жүрегімен егілген құсадан қаза тапты. Иә, жай өлген жоқ, қаза тапты. Себебі, Абай өзінің рухани күрес майданын ешқашанда тастаған емес.

Жүрегім менің-қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әр неден.

Өлді кейі, кейі – сау,

Кімді сүйсе бұл жүрек.

Кімі-қастық, кімі – дау,

Сүйенерге жоқ тірек, - 1

... Қанжүректі қайғылы-ау,

Қайрыла кет сен маған.

Қасиетін ойлан-ау,

Қам көңілдің тынбаған, -

деп тағдырын торығуға шалдырғанына кешірім сұрағандай болды. Жасып, шарасыз қалып танытып, "тыншымаған қам көңілімнің қасиеті мен қасіретінің себебін сен ойларсың, енді - дегендей, емеурін жасап, дүниеден Абай өтті.

Гете де өтті. Бірақ ол дегдардың "ғадауатты махаббаттан" басқа онша көп жүрегінің басына төгілген запыран жоқ еді. Ол ақын ретінде де, адам ретінде де, адамның ақыл-ойының барлық мүмкіндігіне ие болған дана ретінде де бойындағысын сарқып беріп кетті. Өмірі де, қоғамы да, ұлты да оған бұл мүмкіндікті жасады.

Ал Абайға сол құрметтің бірі де бұйырмады. Абайдың "улы сия, ащы тілі мен долы қолы жазып" кеткен ең соңғы өлеңі:

Несі өмір,

Несі жұрт?

Өңшең қырт,

Бас қаңғырт, -

деп аяқталды.

Шынында да, Абайдың қадіріне жетпеген қандай жұрт едік? Онда "несіне өмір сүрді?". "Өңшең қырт" болмасақ, бұған да бір жауап іздеп,"бас қаңғыртуға" тура келетін шығар.

Абайға тарих өз бағасын берді. Енді әрбір қазақ сол қасиетті бойыңа сіңіріп, келер ұрпақтың жүрегіне дән етіп себуі парыз. Арына жүктелген аманат.

Даналар өлді. Даналық ойы қалды. Олардың даналық мәйегі-адамзаттың мәңгі таусылмайтын рухани азығы. Біз сол үшін де олардың рухының алдында бас иіп, мың мәрте тағзым етіп, тізе бүгеміз.

 

 

18. "МҰНЫ ЖАЗҒАН КІСІНІҢ АТЫН БІЛМЕ, СӨЗІН БІЛ!.."

(Абай және исламияттағы жадиттік бағыт)

 

 

Даналардың таным құпиясы ешқашанда толық ашылмайды. Тамыры табылып, түбірі жалаңаштанып қалған дана-данышпан, яғни, "жұмбақ жан" (Абай) болудан қалады. Абай да сондай түйсік түйіні шешілмейтін шыңырау, Оның "суықақыл, күшті қайрат, ыстық жүректің" қуатына сүйеніп, көңіл көрігінде балқытқан ойының астарын Ұлы Мұхтар Әуезов те толық аша алмай кетті. Ақыл мәйегі мен түйсік-танымының жетпегенінен емес, "арпалысып тұрып алған заманалардың" (Қасым Аманжолов) екпіні ырық бермеді.

"Заман адамды илеп" (Абай), тағдырын өктемдіктің диірменіне салып, үгітіп жіберді.

Сол "заманның қас-қабағына қарап күйлемегендіктен де" (Абай) Мұхтар Омарханұлы рухани әкесі Абайдың "зарлы да жаралы" жан дүниесін, "заманына сыймаған" даналық тұлғасын бар болмыс-бітімімен көркем ой мен ғылыми пікірі арқылы зерлеп берді. Ол үшін ғұлама ойлы ғалымдық зейінін де, ұлы қуатқа ие суреткерлік талантын да беріле жұмсады. Өкінішке орай, ұлы қаламгердің өзі де дана Абай туралы толғамын, ең бір шағымды тұспалдары мен тұжырымдарын ашық әрі еркін білдіре алмай, әр кезде орайы келген тұста сөз арасын көмбе ғып көміп кетіп отырды.

Ұлы Мұхтар Абайдың "қаралы көңіліне түскен ақылдың нұры". Ал жарық бар жерде-көлеңке де бар. Сол сияқты Абайдың "қырық жамау жүрегіне" сәуле түспей қалған, түссе де Мұхтар Омарханұлы қыртысын жаза алмаған, жазуына мүмкіндік бермеген, бірақ, "есті кісіге" емеурін танытып кеткен қалтарыстар бар.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 642; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.099 сек.