Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 38 страница




"Даналар ешқандай да ережеге бағынбайды, өзгелер еліктейтін өмір құбылысын олардың сөздері жасайды", -деген А.Аникстың пікіріне еш нәрсені алып-қосуға болмайды.

Сөйтіп күн сайын өзін-өзі тергеп, әр қылығы мен мінезін ақылға жеңдірген "есті кісінің" өзі өткенінен сескеніп:

Көңіліңе дайын тұр ғой менің жайым,

Дұшпандығың қатайған шығар сенің.

Егер менің ішімді жарып көрсең,

Жылауыңды ұмытып шошыр едің, -

деп тұла бойынды шымырлатады.

Бұл жәй ғана тәржіма басындағы тілге оралған сөз емес. Ермек үшін, тіл жаттықтырып, ойын қайрау үшін Абай өзгенің өлеңіне жүгінбейді. Ақын мен ақынның шеккен қасіреті мен кешкен күйінің тағдырластығынан, соны түсінуден және өзінің айтар ойымен қабысып жатқандығынан да өзі: "Ішін дерт меңдеген ақын – деп бағалаған Лермонтовтың өлеңін аударған. Сол арқылы өзінің көңіл-күйін білдіріп отыр. Өйтпесе:

"Әуелі ойлап үйреніңіздер, содан кейін барып жазуларыңызға болады! – деп Буало оқымысты айтқандай, ойламай өлең жазатын ақыныңыз Абай емес.

Абайдың "өзінен алған есебінің" басты нәтижесі осы. Қош, екі данышпан да үнемі өзінің жүрегінен есеп алып отырыпты. Сонда өткен өмірлеріндегі қателіктері мен қайшылықтары, көздері жеткен міндері не екен? Неге қанағаттанбады? Әлде көңілге медет, жұбаныш тұтатындай ештеңе жоқ па екен?

Ата тек, тұрмыс, билік, дәулет, бақ тұрғысынан алғанда олардың өзегін өртейтіндей ешбір себеп жоқ еді. Тұрмыстан мұқтаждық көрмеді. Ешкім оларды басынған емес, басынғысы келсе де басына алмайтын. Махаббаттың ғазауаты ма? Ол әрбір пенденің пешенесіне жазылған табиғи сезім. Бұл реттен қарағанда екеуінің өмірлік ұқсастықтары өте көп. Қарабайырлау тәсіл болса да қызық үшін, білмек үшін салыстырып көрейікші. Сонда мынаны байқаймыз:

Гете тоғыз жасында эпистолярлық роман жазып, оны кәдімгідей бастырып шығаруға ниеттенген. Абай да өзінің ақындық қабілетін 9-10 жасында аңғартып, Зере әжесіне еркелеп дұға – өлең шығарған. Ал төркініне қайтып бара жатқан әйелге арнаған:

Кім екен деп келіп ем түйе қуған,

Қатын ғой күлдәрімен белін буған.

Төркініңнің бергені жауыр айғыр,

Бауырыңды ұрайын бірге туған, -

деген өлеңін 10-11 жасында суырып салып айтыпты.

Роман болмаса да романға лайықты көркем ой мен суреткерлік, көрегендік бірден байқалады.

Бір ауыз өлеңмен айдалада түйесін қайыра алмай далақтап шауып жүрген, белін күлдәрімен буған әйелдің астындағы жауыр айғыр жүрмегендіктен ызаға булыққанын, ол айтарды сараң төркінінің бергенін тасқа таңба басқандай анық әрі қысқа сөзбен толық жеткізіп тұр емес пе? Бұдан артық суреткерлік, шеберлік бола ма?

Он-он бір жастағы бала үшін жарап тұрған шығарма. Гетенің романы да сол дәрежелес еді.

Екінші: екеуі де өміріндегі өз орнын қаршадайынан бастап-ақ сөз өнерінен іздеген және ұстаз тұтқан адамдары да бірдей. Мысалы Абай: "Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фердоуси, Хожа Хафиз-бұ хаммаси медет бер және ақындықтарыңа сыйынамын ("Ия шағири фарияд") – деп он үш жасында табынған шығыстың шайырларына Гете ақылы марқайған тұста басын иеді. Соларға еліктейді, "Шығыстың жеті жұлдызы – деп атайды оларды.

Керісінше, Гете "пір тұтып, ізбасары ретінде мойындап, үлгі тұтқан Спинозаны" (Аникст) Абай отыз бен қырықтың арасында оқыды. Оқыды да оны өзіне рухани ұстаз тұтты. Мұның өзі екі данышпанның көзқарастары менрухани тағылымының тамырластығын танытады.

Ұстаздары ортақ шәкірттің мақсаттары мен пікірлерінің де ұштасып жатуы табиғи. Өмірге, өнерге, қоғамға деген пайымдаулары мен түсініктерінің де үндесуі соның дәлелі.

Үшінші: Гете де, Абай да өзі өмір сүрген ортадағы ең лауазымды мемлекеттік биліктің басында болды. Гете – герцог Августтың сарай министрі дәрежесіне көтеріліп, қашан көз жұмғанша тақтан түспеді. Абай да қазаққа тиесілі болыстық пен би кеңесінің тізгінін ұстады. Ресми сайланбаған аға сұлтанның міндетін атқарды. Сондықтан да:

Қазақта қара сөзге дес бермедім,

Өзім де басқа шауып, төске өрледім, -

деп Абайдың өзі айтқандай, Гете екеуінің билікке жетпедім деп өкінетін жөні жоқ.

Ал "еңбегіңді білерлік еш адамның жоқтығы" мүлдем басқа нәрсе. Ол – жеке адамның өзіне емес, көпке тиесілі шаруа.

Төртінші: олардың ақындық мінездерінен де ұқсас ұшқындар байқалып қалады.

Шабыт – ақынның қанаты. Бірақ ол сол бір сәттің ғана көрінісі емес. Шабыт дегеніміз – сол күнгі, не бір айдан бергі, тіпті өмір бойғы ойыңа жиған нәрсеңнің бір мезетте буырқана бас қосып, сыртқа шығуы. Ақынның құдіреттілігі сонда, сондай бір қас-қағым шақты қалт жібермей қағып алып, ойын шашыратпай жинақтай әсерлендіріп беруінде.

Абай ақынның мұндай шағымды сәтін өте дәл басып:

Адамның кейбір кездері,

Көңілде алаң басылса,

Тәңірінің берген өнері,

Көк бұлттан ашылса –

Сылдырап өңкей келісім,

Тас бұлақтың суындап,

Кірлеген жүрек өзі үшін,

Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз! – деп осындай бір тамаша сезіммен рахаттана бейнелейді.

"Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шыққан сөзде" арман да бола қоймас, сірә! Бірақ ойды ерітіп, сөзді еркелету үшін де "бас" талант керек! Денсаулықта қажет екен. Гетеге де бұл таныс жай. Ол өзінің шабыт құшағына бөленген сәті туралы:

"Ақындық дарынның оянуына, әрине, кездейсоқ, тосын жайлардың әсер етуі мүмкін, бірақ та жаныңды жадыратып, көңіліңді шайдай ашатын қуанышты сәті - шабыттың тосыннан келген кезі, тіпті ол кейде өз еркіңе еш көнбейді... Ұйқыңнан ояна келген сәтте де сені қытықтап, ұйқыңды ашады... Сол кезде көңілімді қозғаған ерке сезімді асыға қағазға түсіруге ұмтыламын... Оңды-солды шашылып жатқан парақтардың қайсысы қандай күйде қолыма түссе, соны аударып жатпастан өлеңді сүйкектете жазып шығамын... Мұндайда қарындаштан оңтайлы құрал жоқ, сырылы білінбейді, ал қалам үш сықырлап ойыңды бөледі... Әдетте мен таңертең ерте жазуға отырамын, алайда кешке қарай, тіпті жеңіл шарап пен көңілді ортаның әсерінен желігіп келген түн ортасы кезінде кез келген өтінішті орындай аламын, тек көңілімді қозғайтын себеп табылса болды, қалғанын менің өзіме жіберіңіз – деп сүйсіне жазады.

Байқайсыз ба, шабыт қысқан кездегі Гетенің де, Абайдың да көңіл күйі бірдей. Екеуі де: "еркеленіп шығатын сөздің басын құрайтын – қуатты ой" дейді. "Адамның кейбір кездерінде... Тәңірім берген өнердің бұлты ашылып, тас бұлақтың суындай сылдырап", өлең боп құйылады екен. Оған "көңілдің алаңы басылған" тыныштық қажет екен. Өнерге үйір дерт иесінің бәрінің басынан кешетін күй. Бірақ та даналардың толғанысының орны басқа. Тұрағұл Абайұлы әкесінің шабытты шағын:

"Таңертеңнен кешке дейін көбінесе кітабын оқады да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындаш, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды. Сол өлең жазардағы түрі: бір құсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаурайды; естір-естіместей көп күңіренгеннің үстіне күбірлеңкіреп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды", -деп еске алады.

Гете мен Абайдың шабыты қысқан сәттерінде "өлеңнің тығыны суырылып кеткендей" емін-еркін құйылады екен.

Екеуі де ойын қағазға қарындашпен түсіреді. Шабыттың тасқынына ие бола алмай, ойларын түсіруге қарындашы жазып үлгермейді екен. Шабытты пір тұтып:

"Ол – қуат, табиғат сыйы, құдай сыйы... Ақындық шабыт шын келгенде адам-жай жабайы адам болмайды – деп отырады екен Абай.

Сондай рахат күй сыйлаған өлеңді жазып біткен соң Абай керексіз бір зат құсатып оны қасына тастай салады екен. Өзге біреу жинайды. Кей түндері таң атқанша шамның жарығымен отырып, шабытын түнмен жарыстырып шығатын әдеті де болыпты.

Қысқасы, Гете де, Абай да шабыты келгенде күй таңдамаған. Нөсер сияқты құйылып, арыны басылғанда бір-ақ тынған.

Қос дегдардың тағы бір әдеті – өз замандастарының бойындағы мінді көрсе бітті, іле соны сынап, әр түрлі тұспалмен суырыпсалма сықақтар шығаруы... Абай үшін бұл дәстүрлі және өзі ең жиі қолданған жай. Шығармаларының негізгі өзегін құрамаса да елеулі орын алған. Өзі бастапқы бір, не екі жолды айтып, қалғанын өзгелердің жалғастыруын машықты әдетіне айналдырғаны тағы бар. Неміс ұлтының дәстүрінде болмаса да дәл осы тәсілді Гете мен Шиллер екеуі біраз ермек қылған екен.

Бұл Гете оқырманы үшін таңданарлық құбылыс.

Адамның сыртқы келбетін табиғат жаратады. Ата-ананың тегі пішіндейді. Бірақ та ұлылардың сырт тұлғасы ішкі әлеміне қабысып жатса бір ғанибет емес пе. Егде тарта келе адамның ішкі қасиеті сыртына шығып, оның ақыл-ойының да дәрежесін аңғартатыны анық. Алайда даналықты қалай бағаларсың? Ал Гетенің сыртқы пішіні ішкі даналығына сай болыпты. Ол туралы ұлы ақын Г.Гейне:

"Гетенің сыртқы тұлғасының өзі оның ішкі даналық ойымен үндесіп, таңғажайып адамға тән қасиетпенен дараланып тұратын. Оның сыртқы тұлғасының өзі шығармашылығындағы толғаныстарына сай даналықпен даралана көрінетін", -деп жазды.

Абайдың да қасына сырт көз жақындауға батпаған. Ешқандай адам көзіне тура қарай алмайды екен. Кірпігінің астарына қызыл сызық жүргізгендей боп қаталай қалғанда, үлкендердің өзі сескеніп, не төмен, не қырын қарап кететін болыпты. Тұрағұл Абайұлы мұны:

"Жасынан ашумен махаббаты қатар қолданғаннан, қатын-балалары да, ауыл-ауданы да, бір жағынан, жылы махаббатты жомарт мінезін сүйіп, бір жағынан, жазатайым болса ашуланып кететұғын мінезінен қорқып жүретұғын еді", -деп баяндайды.

Мұны қаталдық дейміз бе, даналықтың пішіні дейміз бе, әлде табиғи жаратылысынан біткен мінездері ме? Оған баға бере алмаймыз. Тек қос ұлы адамның мінезінің де, тәлімінің де, сыртқы тұлғасының да адамға бірдей әсер етуі таңдандырады.

Сонымен, олар өзінен-өзі есеп алғанда, бойындағы бар артықшылық пен кемшіліктерін електен өткізгенде тапқан түйткілі қайсы? Соншама қапаланып, дүниені сыртқа ысырғандағы торығуының себебі не екен?

Біз олардың пенде ретіндегі күйінулерін назардан тыс қалдырайық. "Жұмбақ жандардың" құпиясы оңай ашылмайтынын және оған мұрсат та бермейтінін:

Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!

Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,

Қазысы оның – Арым мен бір-ақ Құдай! -

деп өздері айтып кеткен.

Сонда олар неге налып, өмірден неге түңіліп кетті? Тіршіліктің қай қызығынан тоят, қай құбылысынан қанағат таппады?

Оларды Тәңірінің орнына қойып, табынып жүргендер де болды. Керісінше, қарсы шығып, мінез көрсетіп, жанын күйреткен сол заманның арыстандары да бар еді.

Гете мен Абайдың ақыл дұшпаны болу үшін де ақыл керек! Тек олар сол ақылын "етекбасты ит тіршіліктің қамы" үшін жұмсап, қадірін кетіргені болмаса!

Екіншіден: олардың бойында ішкі зар-мұңын жеткізетін табиғи қабілеті жоқ болды. Істеген харакеті мен айтылған сөзі өзімен бірге кетті. Ал олардың қарсыластарының – Абай мен Гетенің бақыты" сонда, олар даналық мәйегін сыртқа шығарып, ұрпаққа ұғындыратын сөз қалдыратын ұлы талантқа ие еді. Әйтпесе, даналардың өмірінің соңында дұшпанына айналған адамдардың барлығы да әуелде олардың досы болды. Ақыл жарыстырды, ақыл қосты, тіршіліктің сан қиыншылығынан алып шықты.

Абай дүниеден өткенде бір шабарман туысы Оразбайдың ауылына құйындата шауып келіп, алқын-жұлқын есіктен кіре салып, "Сүйінші, Абайдан құтылдық, сүйінші! – деп айқай салыпты. Сонда Оразбай басын көтеріп алып, қамшымен әлгі туысын тартып-тартып жіберіп есер немеге:

" – Ей, сен не деп отырсың? Абай бүкіл қазақтың Абайы емес пе? Мен оның өзімен – жаумын, сөзімен – дос емеспін бе! Енді мен сөзімді ұғатын адамды қайдан табамын. Кім сөзімді ұғады! – деп жылап жіберіп, бата оқырына қысырақтың үйірін қосыпты. Ақылсыз болса Оразбай мұны істемес еді. Гетенің де ақылды дұшпандары мінез тұртасынан Оразбайдан кем түспеген. Әркімнің жауы да өзінің ақылына сай, дәрежелес келмек. Әйтпесе, данышпан мен ақымақты өзара жауықтыратындай ортақ мүдденің табылуы да кәдік нәрсе ғой. Дұшпан мен данышпан, не ақымақ пен ақымақ қана жекпе-жектің майданына шығуы тиіс. Ал Гете мен Абай өздерінің данышпан екенін білген. Гете өзінің жай пенделіктен даналыққа жеткенін мойындап отырып, өлеңді күрес құралына айналдырғанын: "Поэтикалық дарын өзгелерге қарағанда маған аса қажеттірек еді, өйткені менің мінезім өзімді дүниенің бір басынан екінші басына (пендеден даналыққа – Т.Ж.) бір-ақ шығарды. Сондықтан да, менің осы уақытқа дейінгі жариялағандарым – үлкен бір жан сырының бөлшектеген мінәжаты еді – деп баяндайды.

Абай да өз тұлғасының даналық сыпат алғанын қысылып-қымтырылмай ашық жариялап:

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға.

Екі көзің апарып,

Құр қарайсың аспанға, -

деп көпшілікке мәлімдеме жасағандай болады.

Гетенің жеке басының қайшылығы, өз ұлты өзін түсінбей, "ұлы керенау" жан атағанын тарқатып жатпайық. Қандай жала мен нала болса да басын тік ұстап, арыстан текті кейпін сақтапты. Әрине, өз қатесін де ұққан. Бірақ, өлеңнен басқаға оны ашып айтпаған. Абай да өзінің бойындағы дарын қасиетін және оған ешкімнің теңесе алмасын білген. Ақылы мен қайратына сенген. Сол сенімнің салдарынан өмірде қарама-қайшылықтарға тап болған. Кейде мінезіне де жеңдірген. Соны Гете сияқты мойындап:

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан кем емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес! -

деп өзін-өзі тергеуге алады.

Мұның басты себебі: екеуіне де өзі өмір сүрген заманының қайшылықтарына ресми түрде баға беру өте қиынға соқты. Өйткені олардың пікірі – шешуші пікірдің бірі еді. Қай пікірді қостаса да міндетті түрде ұлты екіге бөлініп, қарсылас жақ бұлардың дұшпанына айналады. Ал топпен алысудан гөрі жеке адаммен "айтысып, тартысу – өздеріне де оңай соғатын. Бірақ "тобырларды" үнемі өлеңмен шаншып отырды. Сондықтан да олар өзгеден гөрі өнеріне сенді. Өз жанына үңіле келіп Абай:

Сеніскен досым да жоқ, асығым да,

Ақыры өлең қылдым жасыдым да, -

дейді.

Демек, "поэтикалық дарын" Абайға да қажет болыпты әрі содан өзге дос таппапты. Гетенің "жан сырының бөлшектенген мінәжаты еді – деуі соны аңғартады. Бір өлең арқылы тағдырын байланыстырып, бір тұғырда тас құдай боп тұрған үш ақын – Гете, Лермонтов, Абай үшін: өлең – өмірлік қажеттілік еді. Мұны олар:

Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,

Тулағыш мінезің бар жүрек сенің.

Сонда сенің отыңды басатұғын,

Осы өлең – оқитұғын дұғам менің! -

деген жолдары арқылы жеткізеді.

Әрине, өлеңге Абай мен Лермонтовтың ғана қатысы бар. Бірақ дәл осы жолдарды Гетенің де айта алатынына және оған толық қосылатынына шүбә жоқ. Енді ілгеріде қойған сауалға жауап іздесек, Гете мен Абайдың, жалпы даналардың өмірден жерінуінің басты себебі – олар өзінің талантын еш шүбә, күмәнсіз және мойынсұна мойындауды талап етеді екен! Иә, күдіксіз мойындауды, күмәнсіз илануды және ешқашанда алдынан кесе көлденең өтпеуді талап етеді!

Бұл – дананың даналығы ма, балалығы ма, жоқ ақылы үшін талап еткен кепілдігі ме? Тым өркөкірек пе? Герцен күрескердің:

"Гетені өмірге әкелу үшін немістердің жиырма ұрпағы құрбан болса да мен өкінбес едім! – дегеніне қарағанда әлгіндей тәкапарлықты қаралай да алмаймыз.

Мүмкін, тарихи һәм табиғи зандылық па екен?

Себебі даналар өзінің жан азабын ешқашан да тікелей дұшпаннан көрген емес. Олар жалпылай тұжырымдайды да, ақыры торығуын дүниедегі етекбастылықтан көреді. Біздің ұзақ қазымырлап келе жатқан салыстыруларымыздың түпкі межесі – осы торығудың себебін ашу.

Ендеше, даналардың торығуының тамыры – етекбастылықта.

Бұлар өзі өмір сүрген дәуірден әлдеқандай бір санадан тыс келісім іздеген. Ал ондай келісім тарихта болған жоқ. Қазақтың қара өлеңінде айтылғандай, "бірде көл, бірде шөл болған дүние" заманалар сайын алмасады. Соған даналар өзгеріс енгізгісі келеді.

Бірақ өзі қойған затын өзі орнынан таба алмайды. Екінші рет түзетеді. Тағы да талқаны шығады. Ақыры ыза болып, сөзінен у төгеді де бетін теріс қаратып әкетеді. Әлгі "етекбастылығына" ақыры өзі қорланады. Мұндай ізсіз кеткен есіл уақытына өкінген Гете:

"... Мені жұрттың бәрі ылғи да тағдырдың еркесі деп атайды. Өзімнің сыбағама өкпелейтін не өмірдің тауқыметіне налитын жайым жоқ. Алайда соның барлығы - ауыр еңбек пен қажырдың жемісі, жетпіс бес жас өмірімнің ішінде өзімнің рахатым үшін бір ай өмір сүрмеппін деп батыл айта аламын. Мен өзінің орнында жатпаған тастарды орнына қоюдан қолым тимеді... Менің әрбір адымымды іштен де, сырттан да шалушылар болды. Нағыз бақытым – менің поэзиялық шығармашылығым еді", -депті.

Абайдың да жан дүниесі түршіге еске алатыны – осы етекбастылық. Оның: "Атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ – деген болатын. Бірақ та, бар арманын, қапалы көңілін "Бірінші сөзіндегі":

"Алыстық, жұлыстық, айқастық, тартыстық – әурешілік көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық – қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын... Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, аққағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса – жазып алсын, яки оқысын; керегі жоқ десе: "Өз сөзім өзімдікі – дедім де, ақыры соған бел байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ", -деген пікір толық жеткізеді.

Мұны өлеңінде де тілге тиек етіп:

Сұм дүние, тонап жатыр, ісің бар ма,

Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?

Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,

Желікпен жерге тықпас кісің бар ма? -

немесе:

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға да, ашуға жақтым шырақ, -

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ, -

деген жолдары арқылы "сыртқа жайды".

"Нағыз бақытым – менің поэзиялық шығармашылығым еді", - деген Гетенің өзін-өзі жұбатқан сөзін Абай:

Өзгеге көңілім тоярсың,

Өлеңді қайтып қоярсың.

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың, -

деген өлеңімен білдіреді.

Демек, екі дегдардың дерті де, дертінің дауасы да – өлең екен. Торықса да толғануын тоқтатпапты. Олардың тыныш та өмір сүруіне болатын. Тіпті махаббаттан да тоят табуы мүмкін еді. Алайда олар тарих пен туған ұлтының тектік ныспысы алдындағы парызын түсінді. Ұлтының ішкі әлемін сыртқа шығарып:

"Ақындық ойдық жасампаз ғұламасы, адамның ішкі әлемінің кұдіретті патшасы әрі әміршісі ретінде көрінді" (В. Г. Белинский).

Өлең – олардың жан дүниесін "етекбастылықтан" емдеген ортақ дауасы болды.

 

 

Өзінің ұлтын данышпандары сияқты беріле сүйетін және олардан артық туған халқын сынайтын ақыл иесі табыла қоймайды. Қазақ ұғымымен айтқанда, даналар ұлтын "қанын шығара сүйеді, жанын шығара күйіндіреді". Міне, осы бір тәуекелшіл сезім қайшылығынан барып ішкі рухани егес пен түсінбеушілік туындайды. Мұндай екіұдай түйсінуге тұлға емес тобыр араласқан тұста барып дананың "мінезі сандығынан шығып" кетіп (Абай), ие болудан қалады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 308; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.071 сек.