Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 41 страница




Осы жеті томдық Абайдың кітапханасында болған. Кейін Мұхтар Әуезовке сыйға тартылған. Бірақ Абай ұрпақтары қуғынға ұшыраған жылдары қолды болып, із-түзсіз жоғалып кетті.

Ол отанына қайтып оралған соң жәдидтік – жаңашыл бағыт ұстап, Қазаннан "Ғалия" медресесін ашты. Бұхара, Самарқан, Стамбул, Мысыр, Таяу Шығыс сапарларындағы діни тәжірибені жинақтай келіп, исламияттағы қате түсіндірілген қағидалардың шын мәнін мүһминдерге уағыздады. Оның жәдидтік ілімі қазақ елінің арасына Семейдегі, Омбыдағы, Троицкідегі, Қарқаралыдағы мешіттерде дәріс берген шәкірттері арқылы кеңінен тарады. Абай оқыған Ахмет Риза мешіті де сол Маржанидің бағытын ұстанып, ғылымның бар саласын оқытты. Ол:

"Өзінің дінін, тілін, елін білгендер ғана орысша оқыса, ол жақсы. Оны білмей орысша оқыса, онан қайыр күту қиын – деген қағиданы ұстанды. (Л.Машанов. "Әл-Фараби және Абай").

Абайдың "Жиырма бесінші сөзіндегі":

"Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана таза оқыса болды. Оның үшін бұл жер дәрілхарап. Мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек... Онан соң білім, өнер керек екен. Соны үйренейін, не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек... залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек", -деген пікірі Маржанидің жоғарыдағы жәдидтік бағдарымен тікелей ұштасып жатыр.

Ол 1889 жылы 71 жасында дүниеден қайтты.

Ғұлама ғалымның жолын қуған баспагер Каюм Насыри мен Исмағұл Таспаралы түркі ұлтының оянуына, олардың ортақ мүддеге топтасуына, рухани тәуелсіздік пен ұлттың азаттыққа ұмтылуына жанкештілікпен еңбек сіңірді. Кезінде ата-бабалары шоқынған, тегі түркі орыстың ұлы жазушысы И.С.Тургеневтің көмегіне сүйене отырып Исмағұл Таспаралы өзінің туған қаласы Бақшасарайда "Тәржіман" атты газет шығарды. ХІХ-ХХ ғасырдың ішінде мұқым түркі тектес ұлттардың арасында дәл "Тәржімандай" беделге ие болған басылым жоқ. Рухани бостандық пен ұлт-азаттық рухты, адамзатқа ортақ игілікті насихаттағаны үшін Исмағұл Таспаралы Нобель сыйлығына ұсынылды. Бірақ та, "массондар ложасы" мен римдік, ресейлік миссионерлердің, шовинистердің кесірлі кедергісінің нәтижесінде сыйлық берілмеді. Мұхтар Әуезовтің кепілдігіне жүгінсек, Абай 'Тәржіман" газетін жаздырып алып, үзбей оқыпты. Міне, осындай дүниежүзілік беделге ие болған жадидшілер исі ислам дүниесі мен түркі әлемінің санасына төңкеріс әкелді. Олар біріншіден: барлық тұжырымды "Құраннан" алатын "мүтәкәләм" бағытын өзгертіп: математика, химия, жаратылыстану, қоғамтану, жағырафия пәндерін игере отырып, дінді ғылым дәрежесіне көтерді, сөйтіп Алланың жасырып қойған шындығын ақылмен табуды ұсынды.

Екіншіден: Әр халықтың өзінің тіл ерекшелігіне сай жазу-сызуын қалыптастырып, дыбысталуы бойынша әріптермен белгілеуді мақсұт етті. Сол арқылы "Құранды" да әр ұлттың өз тіліне аудара отырып оның мағынасын сол тілде жеткізіп, түсіндіріп, тәмсілдерін талдап дінді "жаттаумен" емес, санамен сіңіруді шарт етіп қойды.

Үшіншіден: ұлы рухани (дін исламның) және тарихи (түркілердің) тұтастыққа ұмтылуын басты нысана – идеология дәрежесінде көтерді. Бұл мәселені ғазауат пен жаһатсыз, сана мен санат, таным мен тарих тұтастығы арқылы ғылымға сүйене отырып, ақылмен бейбіт тұрғыда шешуді көздеді.

Жәдидшілер: руханият пен тектік, тілдік, тарихи тұтастыққа жеткенде ғана жаһанды билеген жаһангерлердің аранына жұтылмай, дін мен тілді, жерді сақтап қалуға болады деп есептеді. Бұлай істемеген жағдайда, бет-бетімен кеткен мүһминдер мен түркілердің бірінің басын біріне қоспай, шіркеулік және отаршылдық жаһангерлердің оларды отарлап, рухани тәуелді етіп алуы, текті аздыруы әбден мүмкін екендігін ғұламалар білді.

Тіпті, болжап білген жоқ, тарихи және рухани тәуелділіктің қорлығын өз бастарынан кешті. Әсіресе, Ресейдің бодандық бұғауына бұрын түскен татар, ноғай, қырым татары, оған іле қазақ елі діни және саяси езгіні жүрегімен сезініп, рухани намысы ерте оянды. Жаһангердің араны – кең, ақылы – аяр еді. "Еділ мен Жайыққа қол салып, ел мен жерді алған" (Мұрат Мөңкеұлы) қомағай жаһангер, тәбетін тояттатуға келгенде барлық ар-ұяттан, сабырдан айырылып, "жемтігін" бірден шайнамай жұтып жіберуге тырысты. Империяның бұл пиғылын көрнекті татар тарихшысы Альфред Хасанұлы Халықов деректі құжаттарға сүйене отырып:

"Татарлардың ұлтының негізін құртып, орыстандыру үшін олар (Ресей империясы – Т.Ж.) өздерінің әдеттегі әрекетіне көшіп, қалайда зорлықпен шоқындыруды қолға алды. 1713 жылы: жарты жылдың ішінде барлық татар мырзаларын күшпен шоқындыру туралы Петрдің жарлығы шықты. Егер бұдан бас тартқан жағдайда олар барлық құқынан айырылып, үйі мен жері тартып алынатын болды. Татар жер иелерінің бір бөлігі өзінің байлығынан айырылып қалудан сескеніп христиан дінін қабылдады да кейіннен орыстанып кетті (Мысалы: Карамзиндер, Аксаковтар, Баскаковтар, Юсуповтар, Ишболдиндер, Тенишевтер, Молосовтар, Шереметьевтер т.т. әулеті). Татар мырзаларының бір бөлігі өзінің қора-қопсы, қонысымен бірге Орта Азия мен Орал өңіріне қоныс аударды... Олардың саны 1730 жылдары 200мың адамға жетті... 1730-1760 жылдары Архиепископ Лука Конашевичтің жауыздық-қорқаулықпен жүзеге асырған шоқындыру әрекеті Еділ бойын қан қақсатты. Соның нәтижесінде 100 мың діні басқалар шоқыншық атанды. Мешіттер жабылды (тек 1744жылы ғана 418мешіт қаратылды), мектептер жабылды, шоқынудан бас тартқандар ата мекенінен зорлықпен қуылды", - деп әшкереледі.

Дәл осындай құлдықпен кәпірліктің қамытын ілгерінді-кейінді түркі ұлттарының бәрі де киюге тиісті болды. Көнбесе – зорлықпен мәжбүр ететін. Қалай қарай қоныс аударып, іргесін аулақ сақтағанмен "темір ноқтадан" қазақтың кең даласы да, Орал таулары да, Орта Азия өлкесі де құтқара алмайтын. Сол дәуірде "кәпірдің қылышы" жалаңдап тұрды да дүниені түгел отарлауға көшкен еді. Ал Ғазірет-Әлінің зұлпұһары қынында жатты, тіпті пайғамбар жұртының өзі – арабтар ағылшынның құрығына мойынсұнып келе жатты.

Бұл қасіретті ғазауатпен де, жаһатпен де серпіп тастауға исламият пен түркі жұрты дәрменсіз еді. Қаһарлы қару – кәпірлердің қолында болатын. Жалған намыс пен көзсіз мұсылмандық мұқым ұлтты қырғынға әкелетін. Құрбандар – шейіт, жер – бейіт болатын мұндай зауалға өзге амал табу қажет еді.

Жадидшілер "зар заманның" мұндай зауалды ағымын "суық ақылмен" талдады. Олар ХІХ-ХХ ғасырларда ислам дүниесі мен түркі әлемінің адамзаттың даму сатысынан кейін қалып, тоқырауға ұрынғанын мойындады.

Құдіреті күшті жалғыз Алла жебеп, Түркістанның тұтастығы мен азаматтығын сақтау үшін – дінге де, ұлттық дәстүр мен санаға да, оқу жүйесіне де, сыртқы-ішкі саясатқа да жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін түсінді және сол үшін күресті. Ахмет Байтұрсынұлының "Төте жазу әліппесі" мен Әлихан Бөкейханұлы құрған "Алаш" партиясы сол жәдидшілердің ықпалы арқасында өмірге келді.

Бірақ өзі сондай аңсаған бұл күнді Абай көре алмай кетті.

Мұхтар Әуезовтің де Маржани мен Насыриді қайта-қайта атап, Исмағұл Таспаралының "Тәржіман" газетінің қыр еліне көптеп таралуын ескерте беруі – бұл нысаналардың қазақ ішіне сіңіп, жеміс бере бастағанын айту еді.

Патшалық Ресей тұсында да, Кеңестік Ресей тұсында да осындай игілікті ұлы бағыттың ғылыми тұжырымы, саясат ретінде қудалануының, оның ту ұстаушыларын жазаға тартып, есімін ауызға алдырмауының, ілімін насихаттатпай, талдатпай, тыйым салуының себебі не? Себебі жәдидшілердің ілімі империяның отарлау, шоқындыру, жерді жаулау пиғылына қарсы еді.

Екі империя үшін де исламиятпен рухтанған түркі халқының бауырласуы, тілінің, дінінің, тарихының, жазуының ортақ болуы – аса қауіпті бағыт болатын. Ежелден еркіндікке, кеңістікке бойын үйреткен түркі қауымы бірлесіп кетсе, оларға жалынан да сыйпатпайтын. Неғұрлым өзара ала ауыз, дінге селсоқ, бірінің жазуын бірі оқи алмаса, соғұрлым тез басыбайлануға, рухани тәуелденуге бейімделетін.

Сондықтан да Абайдың жадидшілерге деген көзқарасы, олардан алған үлгісі, тәлімі айтылмай келді. Абайдың діни, тарихи, мантихи (логика), танымдық, философиялық, дүниеауилық, ұлттық, қоғамдық пікірлері арабияттан, парсияттан таралды. Таяу Шығыстан туған рухани ілім мен көзқарасты бойына сіңірді деген біржақты ұғым қалыптасты.

Бетін қасиетті Қағбаға қаратқан абайтанушы ғалымдардың ниеті дұрыс болғанымен де, түркі дүниесінің ақыл-ойының даму тарихы мен тәжірибесін сыни пікірден сырт қалдыруы жалған пайымдауларға жол ашты. Тек қана түркі әлеміне ғана емес, исі исламияттың қағидаларына тың көзқарас әкелген, оның даму жолын анықтаған Шаһабуддин Маржани, Каюм Насыри, Исмағұл Таспаралы, Заки Уәлиди іспетті түркі нәсілінің рухани көсемдері ұмыт қалды.

Абайтанушылардың жүрегі дауаламай, тәуекел еткендерінің таным қайнарын таба алмай, тұспалға ұрынуының кілтипаны осында жатыр. Бірақ та олардың ілімі мен есімі аталмаса да:

Мұны жазған кісінің,

Атын білме, сөзін біл!

Осы жалған дүниеден,

Шешен де өткен не бұлбұл,

Көсем де өткен не бұлбұл.

Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл-мизан (таразы), өлшеу қыл, -

деп Абайдың өзі айтып кеткендей, түркі табиғатының ақыл өлшемі болып Абай, Мағжан, Мұхтар сияқты ұлылардың жүрегінде өмір сүрді.

Алайда, бір өкінішті жайт, бұл ғұламалар жәдидшілер жөніндегі түйінді тұжырымдарын ұлтының игілігіне жарата алмай, ұрпағына жеткізе алмай, мәтқапыда кетті. Қазақ оқымыстыларының арасында бұл мәселеге назар аударып, абайтанудың жаңа бір қайнарының көзін ашқан адам – сол жәдидшілердің ықпалында сауатын ашқан "қаратаяқтардың" соңғы өкілінің бірі Ақжан Машанұлы. Келер сөзді сол дегдардың пікірінен өрбіте отырып, Абайдың рухани ұстазы Маржани кім, көзқарасы қалай қалыптасты, ойлары мен тұжырымдары қай жерде тоғысты, соны аңғартамыз.

Исламият пен түркі тарихындағы жәдидшілердің заман сахнасына шығуы кездейсоқ құбылыс емес. Дін тарихы – таным тарихы. Ал танымда тоқырау болмауға тиіс. Ол да адамзаттың даму сатысымен қоса жаңа баспалдаққа көтеріліп, қоғамның ішкі заңдылығына байланысты бағыт-бағдарын анықтап, уағызын соған орай жүргізуі парыз.

Дүниедегі қасиетті кітаптардың барлығы да қадым заманындағы қалпын сақтап келеді. Оған ешкім өзгеріс енгізген жоқ. Өзгертуге қақысы да жоқ. Бірақ сол қасиетті кітаптың ішіндегі айтылған құдай сөзінің астарын жіті аңғарып, заманның ағымына, даму дәрежесіне қарай тың түсініктер беріліп, талдау жасалып, жаңаша мағынада тәпсірленіп отырмаса – ақыл – ойдың тоспасына айналады.

Әлемдегі ұлы діндердің барлығы да мұны іс-тәжірибеде қолдануды үмметтік парыз ретінде мойынсына қабылдады. Ислам дүниесінде де дәстүрге айналды. Әрбір жұма сайын мешітте уағыз айтылып, діннің түрлі қағидаларының мағынасы талқыланды. Заман тудырған қайшылықтарға сол аптаның, күннің арасында өткен оқиғаларға діни тұрғыдан баға беріледі. Шариғат бойынша оған қандай көзқарас ұстану қажеттігі шешіліп, оны "Құран" хадистерімен негіздейді.

Мұхаммед пайғамбардың салып кеткен бұл жолы әлі де ықтиятпен орындалып келеді. Сол дәстүрдің негізінде ислам діні діни таным ретінде де, саяси қозғалыс ретінде де, рухани дәстүр ретінде де дүние жүзіндегі ең беделді және белсенді руханияттың бірі есебінде алдыңғы қатарда келеді. Мұқым мүһминдер сол үшін де тәубе етіп, иманыңызды үйіресіз. Бұл заңдылықты Абай:

"Аманту" (иман келтіру) оқымаған кісі бар ма?

"Уәктубихи " (іліміне сену) дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлықпен – ол сіздерге, сіз де – оларға.

Заман, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезімен нәби (елші) келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф (алланы тану) Алла еш жерде өзгермеді, -

деп баян етеді.

Мұндағы негізгі тұжырымын, өзінің "Отыз сегізінші сөзіндегі":

"Аллатағаланың өзі – хахихат жол... Сіз "Аманту биллаһи кәмәһуа би әсмайиһи уәсифатиһи" дедіңіз. Ол есім – Алланың һамма ол Аллатағаланың фиғылғазимларының (ұлы іс-ниетінің) аттарын, олардың мағынасын біл – деген пікірмен тиянақтайды.

Алланың елшілеріне – нәбилері және ғылыммен ақиқат көзі жеткен хакимдер шариғаттың қағидаларына заманға сай өзгеріс енгізбек. Демек, қатып қалған уәжіп жоқ. Тек: "Алланың өзі де, сөзі де рас – екендігіне кәміл сенсең болды. Пиғылыңа – иманың күзетші – дейді Абай.

Әрине, бұл сөзді құдайсыздықтың диірменінен өткен ұрпақтың алдында қымсынбай айтуға болады. Бірақ та XIV-XIX ғасырларда осы пікір үшін отқа өртеніп, лақтырылған тастың астында қалып өлуге болатын.

Жасыратыны жоқ, бұл тұста ислам діні өзінің танымына өзі тұйықталып қалды. Таным талқысына түспеген соң, бір кезде дүниені даналығымен таң қалдырған араб жұртының ғылымы құлдырап сала берді. Ғұламалардың орнын тақуашыл молда мен имам басты. Олар барлық білім-ғылымды жоққа шығарды.

Бұл бағыт исламиятқа көп кесірін тигізді. Шариғат қағидалары заманға бейімделе талданбады. Софы Аллаяр ғана дінді ғылым дәрежесіне көтерді. Ұлы өзгеріс пен түсініктерді мүһминдеріне сіңірді. Соның өзінде де әуел бастағы қалыптанаса алмады.

Ислам діні әу баста екі түрлі танымдық әдіспен таралған еді. Оның бірі – ғылыми ғақал бағыты. Бұл – дінді ғылым жолымен танып ұстану. Екіншісі – діни нақли ғұрып. Ол жаттанды уағызға бойсұнды. Ұлықбектен кейін алдыңғы жолды ұстағандар болмады. Әсіресе, Орта Азиядағы имам-ұстаздар мұны дінисламның бірден-бір таза жолы деп қабылдап, жайдақтыққа ұрынды. Сөйтіп, екіұдай жол қалыптасты.

Діни-нақал жолының алды-артын соқыр наным билеп алды..

Бұл – кәдімгі жаттанды сөз, исламиятты кемсіту, Алланы жоққа шығару емес. Софы Аллаяр, әл-Ғазали, әл-Фараби, Маржани назарын салған, Алланың сөзін сөйлеп, оның мағынасын сабырлы парасатпен мүһминдерге жеткізген ғұламалардың пікірі.

Өйткені, "Алланы жүрекпен сезіп, ақылмен танып барып иман келтіру" (Абай) парыз. Ал "құранды теріс оқыған шала молдалар" адамның санасын тұмандандырып, сенімді соқыр түйсікке айналдырды. Адамды әрекетсіздікке, рухани басыбайлылыққа, тағдырға көнбістікке, басына қандай бақ қонып, қасірет орнаса да оны Алланың жазмышы деп мойынсұна қабылдауға ғадеттендірді. Соның нәтижесінде, харекетсіз құлшылық пайда болды. Жақсылық та, жамандық та, байлық та, кедейлік те, ақылды-ақымақ болу да тек бір Алланың қолында – деп жұрттың ұнжырғасын түсіріп жіберді.

Рухты өлтірді.

Бұл Алланың ақ жолына мүлдем қарама-қайшы қағида еді. Жәдидшілердің жолын ұстаған Абай мұндай бағыттың имансыздыққа жетелейтінін қатты ашып айтты. Ол мүһмин жамиғаттың назарын өзіне аудара келіп:

"Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу есті, біреу есер болса; біреудің көңілі – жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі-жамандыққа мейілді; "Бұлар неліктен? – десе біреу, сіздер айтасыздар: "Құдайтағаланың жаратқанынан, (соның) бұйрығынша болған іс – деп. Жә, олай болмаса, біз құдайтағаланы ғайыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді құдайтағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Бір залалсыз момынды ауру қылып, қор қылады екен. Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті – бейіске шығарамын деп, бұзықты – тозаққа саламын деп айта тұра: пендесінің біреуін жақсылыққа мейірлендіріп, біреуін жаманшылыққа мейірлендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін – жақсылыққа бұрып, біреуін – жаманшылыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі құдайтағаланың ғайыпсыз, мінсіз ғафур (кешірімді) рақымдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те – бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қалса (не істегісі келсе) қыла (істей) береді. "Оны ғайыпты болады дей алмаймыз – десең, ол сөзің: "Құдай тағаланың ғайыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз – дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығымен не табады? Бәрін қылушыға (істеушіге) қалдырушы (істетуші) өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтін еш нәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса-дағы, құдайдан келген жарлықты қалап (істеп) жүр екен дейміз бе? Құдай тағала: әрбір ақылы (ғылымы) бар кісіге иман парыз деген, әрбір иманы бар кісіге – ғибадат парыз деген екен. Және әрбір рас іс ақылдан (ғылымнан) қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдайтағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда? "Мені таныған – ақылмен (ғылыммен) таныр – дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақылы тоқтамаған соң діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып қылған ғибадат не болады? – деп терең мағыналы сұрақ қояды.

Алла туралы ұғым "Бек шетін, бек нәзік" мәселе болғандықтан да, біз Абайдың сөзін толық келтіріп отырмыз. Осы сұрақты өзімізге де қоялықшы. Байқап қарасаңыз, Абайдың қиюын тауып, қисынымен өрбіткен сауалының бәрі орынды сияқты. Қаншама діни пайымдылықты ұстандық дегенмен, біздің өзіміз де Алланың жазмышын мойындаймыз ғой.

Сонда Алланың ұлы қисыны қайда?

Абайды осыншама тереңдеп, Алланың жеке басына көз қиығын салуын М.Әуезов "Ғазалидей сыншылықты ұстанып, Ғайсаның дініне жақындап барды – деп түсіндіреді және оны жәдидшілердің әсерінен көңілге түйген пікірі есебінде талдайды. Ал Абай өзінің "Қара сөзінде" Алланың құдіреті туралы әрбір ойын сондай реттілікпен сабақтап, бір ойдан бір ойды тудырып, сөзінің салмағын арттыра келіп, соңындағы бір-ақ сөзбен пікірін түйіп тастайды.

Бұл – дінсіздік те, "Ғайсаның дініне жанасқандық та", "Ғазалидің сыншылығын ұстанған" таза тәпсіршілдік те, Софы Аллаярдың "діни философиясы" да емес, дүниені жаңа көзқараспен тануға ұмтылған Шахабуддин Маржани сияқты жәдидшілердің ғылыми бағыты. Соны тереңдете тамырлатып, көркем философиялық ғақлия дәрежесіне жеткізіп, батыл сұрақ қойып отырған Абай ғұлама.

Шындығында да, егерде дүниедегі барлық жақсылық пен жамандықты істеп және істетіп отырған Алланың өзі болса, онда оған қалай "ақылмен сеніп, иман тілеп, ғибадат етесің?" Осылай жазудың өзі күнә. Бірақ Абай Алланың шындығына күмән келтірмейді. Алланың хаһтығын, растығын мойындайды. Сондықтан да ол:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй "бауырым – деп,

Және хаһ жолы осы – деп әділетті", -

деп "Қара сөзіндегі" пікірдің астарын аша түседі. Бұдан әрі:

Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар хаһ,

Мүһмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.

"Құран – рас, Алланың сөзі дүр ол,

Тәуиліне жетерлік ғылымның шақ, -

деп ойын нақтылайды.

Сонда Абайдың айтқысы келгені қандай нысана?

Мұндағы басты мұраты – Алланың атымен көз алдын көлегейлеп, Растың бетін көрсетпей, танымды емес, тек мүнәжәтті ғана уағыздаған әсіре ұстаз – имамдарды, қазақ арасындағы молдаларды әшкерелеу. "Бұзық пиғылды", ғылымға қарсы, жаттанды нақыл иелерін:

Ақыл мен хауас (сезім) барлығын,

Білмей-дүр, жүрек сезе-дүр.

Мүтәкәллимин мантикин (дінді түсіндіруші адам),

Бекер босқа езе-дүр, -

деп оларды сынға алады.

Алла атын жамылып, халықтың, ұлттың, жеке адамның басына түскен ауыртпашылық пен қасіретті, жақсылық пен жанашырлықты "жазмыштың ісі" деп мойындату – өзіңнің үмметіңе, ұлтыңа, жекелеген пендеңе өлім тілеу. Барлық хикмет пен ниғметті тек Алладан күтіп, өзіңді-өзің тәрбиелемесең, ішіңді иманмен тазартпасаң, жамандықтың, зұлымдықтың бетін қайтару үшін харекеттенбей, құдайтағаланың жазуы сол деп мойынсынсаң, онда өмірде не мән қалады? Соны ақылмен таразылап, шешім қабылдап жүзеге асыр. Құр құлшылық – сауап емес дей келіп Абай:




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 388; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.074 сек.