Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 45 страница




Адамзат-бүгін адам, ертең-топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ,

Ертең өзің қайдасың білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ, -

деп өлеңмен айтып кеткен.

Абай санасын қамалаған ойдан шығар жолды өзі таппаса да, торығып, түңілгенін "жұртқа жаймай", көптің көңілін сергіткісі келгендей сәл байыз тауып:

"Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғандықтан күл, ызалы күлкінің өзі де қайғы", -деп өз уайымын өзгеден аулақтатып әкетеді.

Қандай азапты ақыл, неткен темір төзім? Ақылға уландым десе – дегендей. Шын күліп, шын сөйлей алмаған соң, ойының да кермек татитыны анық қой. Абайды күйдіріп тұрған – ақындығы мен азаматтығы. Ұлтына деген сүйіспеншілігі. Ал өзге философтар бұл мәселе үшін онша басын ауыртпайды. Тек қана даналықтың емшегін сауған. Әрине, бұл – өзге данышпандарды өз ұлтының тағдыры толғандырмады деген пікір тудырмайды. Бірақ дәл Абайдың басындағыдай азапты олар сезінген жоқ. Азат ұлттың азат ойшылдары болды. Тәуелді ұлттың тәуелсіз ойшылы болудың өзі де адамды тірідей кеміретін құрт қой. Ол – ақылдың, ойдың, намыстың жемісі.

Дао ғұламасы:

"Жалығу мен торығу – жанның есігі мен терезесі -дейді.

Абай сол "есік пен терезені" таба алмады. Өзінің ақылы мен жанының "есігі мен терезесі" емес, көптің көңілін жұбататын "есік пен терезені" таппады.

Себебі ол – өлім мен өмірдің мағынасын философиялық тұжырым, ғылыми қорытынды шығару үшін іздеген жоқ. Ұлты үшін ақыл азабымен алысты. Жанын жегідей жеді. Сондықтан да қытай тақуалары құсап: "Өлім – азап, шудан құтқарады, күйінішті де көрмейсің; таңғажайып кеңістікке тап боласың, көзіңді күйбең тіршілікке салмайсың, ақылың еркін самғайды. Қалғып кеткендей бір рахат күй кеш, өлім өміріңді әлдилейді. Туғаның мен өлгенің бірдей болады. Өлім мен өмірдің айырмасы жоқ – деген тақуалық уағызға қанағаттанбайды. Ондай "жеңіл олжаны" кәсіп көретін Абай емес.

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қылар,

Хакихат та, дін – дағы тереңінде, -

деп таным тамырын қаза береді.

Абай "Хуайнань-цзыдағы": Аспан Тәңіріне жанымды аманатқа тапсырғанда, "ақылды еркімен жібере отырып", соның соңына ерсең пейішке барасың – деген уәжге де ой жібереді. "Иман-парыз" туралы пікірлері соның айғағы.

Пейіш дегенің бар нәрсе ме? Бар болса – оған кім барады? Ақылы сенбей Абай еш нәрсеге аял қылмайды. Тіпті жұмаққа да сенбейді. Міне, Абайдың қасіреті осы. Ол қасірет – ақиқат пен ақылдың қасіреті.

Ол өзінің санасын өзі алдап, жанын жалған жұбатқысы келмейді. "Ақ өлімнен" де, "қара өлімнен" де мән іздейді:

Кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей,

Бақи қоймас фанидің мінін көрмей.

Міні қайда екенін таба алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей, -

деп, ақыры – соңында ол "мінді" де табады. Мұны "Отыз төртінші сөзінде" ашық айтып, бір түйінді ұстағандай болады. Ол:

"Жұрттың бәрі біледі, өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын. Қазақ осыған да амал жоқ – нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және: "һамманы жаратқан құдай бар, аһиретте сұрау алады, жамандыққа – жазғырады, жақсылыққа – 1жарылқайды: жазғыруы да, жарылқауы да пенде ісіне ұқсамайды, бекірек есепсіз қинауы бар, бекірек есепсіз жетістіруі де бар – деп; "Бәріне сендік - дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін. Олар: "Сендім! – десе де, анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді. Ол екеуіне анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтып түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз? – деп сұрақ қояды.

Неткен суық ақыл! Исі адамзат данышпандары көңіл тоқтатып, адамның жұбанышы сол болар деп үнсіз қалдырған мәселеге де Абайдың ақылы байыз таппайды. Шынды-ғында да, о дүниенің барлығы рас, ол қандай – оған ақыл жетпейді. Абай мұны мойындайды. Бірақ жұмақ па ол, жоқ, ғайып дүниесі ме? Сол жұмақтың өзінде мағына бар ма? "Абай сынына толмаған сөзді аузына алмайды – деп замандастарының айтқан сөзінің бір шындығына дәлел осы.

Жаңағы пендені дәметтірген екі үміт – екі ұдай күйге түсу, екіге жарылу – деген сөз. О дүние мен бұ дүниенің қызығын қатар көремін деудің өзі – күпірлік. Екі дүниені қатар алдама. Бақидағы қызықтан үміттенсең – бұ дүниеде жанынды аялама, еңбек қыл, ақылынды сау, дүмше, дүмбілез тіршілік кешпе дейді.

Байлықты – барлық, қызықты – жұбаныш, саулықты – мәңгілік кепіл деп ұқпа. Осы өмірде көрген қызығыңа о дүниеде сұрау бар. Сонда иманды жолдас ете аласың ба, жоқ па? Оған қандай сенімің бар? Жалған намыс, "сөз сауған мақтан", бопса мен құқай, мәрттігі жоқ "мырзалық", қауқарсыз қарғану, салмақсыз ант қай мұратыңа жеткізеді? Екі ұшты сенім-сенім бе?

Бұл сұрақты қытай ғұламалары да қояды. Олар:

"Даңқ пен билік, байлық пен пайда – бұлар өктемдіктің құралы, бірақ сол қолыңды тәңірге ұсынып, оң қолыңмен өзіңді-өзің бауыздай аласың ба, бұған нақұрыс та келіспейді. Демек, өмір Тәңір дүниесінен де қымбат дегенің ғой? – дейді.

Иә, пенде атаулы байлықтан бас тартып, өзіне-өзі қол салмайды. Өлімнен өмірді жоғары қояды. Демек, әлгі Тәңірге сендім дегені қайда? Абай осыны талдай келе:

"Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айту мүмкін емес. Олай болғанда қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы – ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес", -дейді қатал қабақпен.

Яғни екі өмір, екі өлім, екі тумақ, екі тірілмек жоқ.. Бәрі де бір-ақ беріледі. Ендеше ол дүниенің, не бұл дүниенің қамын же. Алланы да, адамды да алдама. Бір-өмірге, бір-өлімге дайындал. Сол үшін күрес деген қағида ұсынады.

Өмірді қадірлемесең өлім де сені қабылдамайды. У Гуан барлық байлығын тәрік етіп Тәңірінің құшағына кіремін деп өзін-өзі иірімге лақтырды. Бірақ оны Тәңірім қабыл-дамады. Себебі, тәні мен жанын қадірлемеді – дейді қытай данышпандары. Абай да өмірден мысал алып, бұл ойды:

"Егерде екі нәрсе кез болса: бірі – ахиретке керекті, бірі – осы дүниеге керекті, бірін алса – екіншісіне тимейтұғын болса; сонда біреу ахиретке керектіні алмай: "Екінші бір кез келгенде алармын – деп, "Жоқ, егер кез келмейтұтын болса, кең құдай өзі кеңшілікпен кешірер – тағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас – деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе ахиретті дүниеге сатқан жоқ деп нануға бола ма?... Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп,...құр "Ой, Тәңір-ай! – деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам? – деп қорытады.

Расында да, екі дүниені бірдей алдағанның несі адам? Монтень де, Ницше де, Мен-цзы да, Абай да өлімге тура қара дегенді ұстанады. Болмыстың билігіне көнесің. Ендеше санаңа сабыр бер. Тәңірге сен. Бар жұбаныш – соның қолында дегенге Абай өзінше қырынан келеді. О дүниедегі көретін қызығынды өзің білесің. Бірақ мына дүниеде тату, дос бол. Рахатын бірігіп көр дей келе:

"Адам баласына – адам баласының бәрі дос. Не үшін десең:

дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей;

ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, маһшарда сұрауың бірдей;

екі дүниенің қайғысына, пәлесіне – қаупің; екі дүниенің жақсылығына – рахатың бәрі бірдей екен;

бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің де дүниеге қонақ екенсің;

біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің тағына, малына күндестік қылып, иә көрсеқызарлық қылып көз алартпақ лайық па? – деп өсиет етеді.

Иә, бұл Абайдың өсиеті. Өлеңінде де соны баса айтып:

Көп қызығы татиды қу өмірдің,

Татуды – араз, жақынды – жат қыларға! -

деп сауал қояды.

Қайталап айтамыз, бұл – өлім мен өмірдің мән-мағынасын талдайтын философиялық пайымдау емес. Өсиет. Абайдың өсиеті.

Сонда нені медет тұтып, неге мойынсын дейді? Өлімге ме, өмірге ме? Екеуі де емес-иманға сен:

"Иман – Алланың... пайғамбар арқылы жіберген жарлығына мойынсұнып, иланбақ. Әуелі не нәрсеге иман келтірсе, соның һахтығына ақылмен" жетпек. Екінші – оқып, үйрену арқылы иман келтіріп, соны берік ұстап қалу керек. Біреу өлтіремін десе, мың кісі мың түрлі қорлық көрсетсе де, одан айнымай, шыдау керек".

Өзге амал жоқ. Өзін де, өзгені де, адамды да, Алланы да, өмірді де, өлімді де, иманды да алдау – арсыздық. Мәселе – мұсылман дінінің тіліңді "кәлимаға келтіру туралы" пары-зында емес, ол барлық діннің уәжінде бар. Соңғы сөзің – жаныңды бір Жаратушыға аманат тапсыруға бағышталуы тиіс.

Иманның салмағы ауыр. Зілді. Иманды алдаған адам – өз мәйітін өзі қорлатан адам. Абай жантәсілім сәттегі психологияны саралаудың қиындығын түсінеді. Сондықтан да иманның қадірін ерекше бағалайды. Ол иманды, антты бұзған:

"... Мұндай пенденің жүзі күйсін! – дейді.

Қарғыспен тең сөз! Бұдан өткен қарғыс болмайды.

Мағынасы: өз мәйітінді, өз өлігіңді, шіритін денеңді, өшкен рухыңды сыйла. Тым құрыса, соларды қорламай өл! – деген иман үкімі. Бұл үкімді Абай:

Дүниеге дос – ахиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей орныға аямас.

Дүниеге – ынтық, машһарға – амалсыздық,

Иманын түгел деуге аузым бармас, -

деп қостайды.

Тірі адам – тірлігін жасайды. Өлгенде иман – парыз.

Адам-өмірге жылап келеді, кейіп өледі. Оның медеті, "көр жолдасы" (Абай) тек қана-иман.

Демек, "Өлімнің өлшемі де – иман!

Абайдың Өлімге көзқарасы қатты түңілуден барып қалыптасқан. Ол өмірді жек көрмейді. Қызығын иманға айырбастамайды. Бейіштің бағынан да, хор қызынан да, жұмақтың төрінен де дәме етпейді. Оны бір жаратушының еркіне қалдырады. Тек қана: "Көр жолдасым – иман болса екен?" - деп тілейді. Бар тілеуі:

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме! -

деген жалбарынуға пара-пар өкініші ғана.

"Есірке!" – дейді!

Өзінің құсалы жанына бұдан басқа лайықты сөзді таба алмайды.

"Есірке!.."

О, опасыз өмір! Пендені соншама зәрезеп етіп, запы қылғаны несі екен? Жаны қысылғанда:

Күйесің, жүрек, күйесің,

Күйгеніңнен не пайда.

Дүниеде нені сүйесің,

Өмір қайда, дос қайда? -

деп көмекке шақырғандай болады.

"Есірке!..." – дейді тағы да!

Шын жалыққан екен-ау, жарықтық? Аясақ етті! Есіркесек етті тірісінде!

Абайдың өзі бұлай құмығып өткенде, расында да:

Ойлы адамға дүниеде түк қызық жоқ, -

екен ғой дейсің.

Қандай үрейлі, зілді, ауыр әрі қатал, бірақ ғаділетті сөз!

Абай қазақта жалғыз. Сол жалғыздықтан құсалы болды. Мұның тауқыметін оның өзі:

"Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылдықтың бәрі соның басында! – деп айтып кетті.

Абай – ақыл майданында жалғыз қалған адам. Алла, мұндай жалғыздықтан сақтасын!

Абайдың жанына үңілсең – үрейленесің!

Тәні де, Жаны да мынау жалғаннан жалыққан.

Бетін теріс қаратып алып, тірі адамға тіл қатпай үш күн жатып, таң алдында: "Ух, келген екен ғой! – деп ажалдың келгеніне қуанғандай боп күрсініп, тіршіліктен уланған ішкі жалыны сыртқа бір-ақ шығыпты.

Ақылдан уланған сана солай тыным тапты. Ақылдың азабы – қарғыспен тең екен ғой! Ақыры, "Өлген орны – қара жер – сыз болды". Жеке зират бұйырмады. Қабірі үш рет қазылды. "Есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме – десе, дегендей еттік-ау!..

Енді есіркейік, тыныштық тап, "күйіп тұрып сүйген жүрек!.."

 

ҮШІНШІ БӨЛІМ: «МЕН БІР ЖҰМБАҚ АДАММЫН…»

 

 

21. «МЕН ДЕ ОНЫ ТЫРНАҒЫНАН ТАНЫДЫМ...»

(АБАЙДЫҢ АСТАРЛЫ СӨЗДЕРІ)

 

 

Даналардың ойы қашанда жұмбақ. Олар өздерінің емеуіріні мен сөз астары арқылы адамзаттың ойына мәңгілік ақыл азығын қалдырады. Ал көркемсөзде бұл ерекше тамырланып, барған сайын шорлана бермек. Шекспирдің “Быть или не быть!”, Пушкиннің “Мен де оны құлағынан таныдым, Ол да мені тырнағымнан таныды”, Абайдың “Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!”- деген ұғымдарының астарын сарқа саралап, сарасын таптық деген сөзуар мен ойсоқтыны кездестіргеміз жоқ. Бұл ұғымдар жаңа заманның тумысымен түрленіп, бұрынғыдан да тереңдеп, мағыналанып, тамырланып барады. Шекспирдің шындықтың бетін ашуға ұмтылған сұрағы қазір “жаћанданып”, философтар мен физиктердің, теологтардың түйсігінше ғаламдық ұғымдағы тектің тетігіне тіреліп, жаратқанға қаратылған қисынмен қиыстырып жүр. Оған қарағанда, ХІХ ғасырдағы бүкіл орыс қоғамының салтанатты тоқырауын кекесінмен астарлаған Пушкиннің өлеңіндегі: “Мен де оны құлағынан таныдым, Ол да мені тырнағымнан таныды”, – деген емеуірінін түсіндіру оңайырақ. Салтанатты думанның ішінен қылт ете қалған “құлақ” – кәдімгі халық ауызындағы қалыптасқан “салпаңқұлақ”, яғни жандармерия тыңшысы. Атын атап айтсақ, атақты алаяқ Булганин. Екінші, ол – сол салпиған құлағын жымыра жасырып, елдің өзін мазақтап тұрғанын түсінбейтін нағыз миқұла есек. Ал тырнағынан танылып тұрған арыстан – ақынның өзі. Демек: сен – есексің, мен – арыстанмын. Сені мысыммен-ақ басып тұрмын – дегені. Бұл өлеңнің жай ғана бергі астары, ал түпкі нысанасы – барлық қоғамға тән түйсіксіз ажырық аран. Ауыспалы осы мағына Чаадаевтан бастап күні бүгінге дейін Ресейдің аңғарлы зиялыларының астарлы тұспалына айналды. Көркем сөздің тұздығын келтіріп, ащы ойдың кермегін таттырып, емеуіріннің әсерін асырып келеді. “Құлағынан көрініп тұр емес пе”, “тырнағанан танылды” – деп емеуірін танытсаң-ақ жетіп жатыр, одан әрі талдап, түсіндіріп, сұрап жатпайды.

Мұндай таңдайының астына тиек қойған уытты сөздер мен тіркестер, астарлы ұғымдар мен емеуіріндер қазақта да қадау-қадау. Алысқа мекземей-ақ, бір “Абай жолының” өзінен-ақ ондап мысал келтіруге болады. Ал бұл ретте дана Абайдың жөні тіпті басқа. Әзілдің өзін астарлап айтатын, туысына да тұспалдап сөйлейтін, ішіндегісін емеуірнен біл дейтін қазақ үшін мұның өзі үлкен ілім әрі жоралғы жоба. Оны ажыратпай адымыңды аттай алмайсың. Жоғарыдағы Шекспир мен Пушкиннің емеуіріндерінің астары мен шығу тарихына, тарихи текстологиялық сыпаттамасына, әлеуметтік астарына қатысты түсініктемелер мен зерттеулердің анықтамалық көрсеткіштері түзілген. Сондықтан да даналардың “жасырын жұмбақтары” толық шешілмесе де, олардың нені мекзегені туралы молынан хабар алатындай ғылыми негіз жасалған. Бұл өте өнегелі және үрдіс алатын мәселе. Себебі, данышпандардың әр сөзінің астарынан мағына іздеп, оны ұлттық идея дәрежесіндегі ұстанымға айналдыруға ұсыныс етіп жүргендердің саны біреу емес, бірегейлене бастады. Ал идея таза да адал түсінік, онда жасырын бейіл мен пейіл араласпауы тиіс. Яғни, ұлттық идея саф қалпында сақталуы керек. Абай позиясының мағынасы “сырты күміс, іші алтын, айналасы теп-тегіс жұмыр келіп, бірыңғай келісім тауып” тұруы қажет. Даналардың шығармалары – күрделі көзқарасқа негізделген құбылыс болғандықтан да олардың түпкі қозғаушы күші мен көркем ишарасының бұрмаланбай жетуі неғайбыл. Қазақта Абайдан көп басылым көрген ақын, зерттелген данышпан, зерделенген ғұлама жоқ. Алайда соңғы жүз жылдың ішіндегі басылымдар мен зерттеулер, текстологиялық салыстырулар мен өзгертулер, дәйектемелер мен тұжырымдар үнемі бір бірімен қайшыласып не қарама-қайшы келіп, бір-біріне “тура келмей, қырын келіп ” жатады. Бірыңғай сипатта тұтастық ала бағаланған туындыны табу қиын. Тұспалды мәтіндер – ұлттық рухтағы ақындардың бәріне тән. Бұл әдебиеттану іліміндегі теориялық, тілдік, текстологиялық шетін мәселе. Бірақта дәл Абай сияқты шығармашылығы тұтастай “жұмбақ мәтіннен құралған” ақын сирек. Заман ағымы, оқырмандардың тілді қолдану қоры, көркем мәтінді қабылдау қабілеті, әсерлену тәсілі, елестету мүмкіндігі, сезіну жүйесі, жеке сөзді түсіну аясы мүлдем өзгеріп барады. Архайзмдер ғана емес, бүтіндей бір шумақтар бұлыңғыр тартып, өлі тіркес қалпында көз қарықтырады. Оларды түсінбей не түсіндірмей Абайдың жүрегіне терең бойлай алмайсың. Басқаны былай қойғанда, күнде радиодан естіп, әбден құлаққа жатық болған: “Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған. Қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған”- деген өлең жолдарындағы: “Қиуа” деген сөз қандай астармен қолданылып тұр”- десе не деп жауап берер едіңіз? Әр сөздің түсіндірмесін компьютерге түсіріп алған қазіргі есепшіл, әсершіл жасты жалпы өлеңнен алған әсермен уата да, сендіре де, тіпті дәлелдей де алмайсың. Шындығында да, осы Қиуа деген не мағына береді? Хиуа – кезінде қазақ үшін экзотика болған шаћардың аты. Алыс, тосыннан кездескен адамды:“Хиудан кездескен қарағым-ай” – деген. Ал онда неге “шабады, қисынын қалай табады, тағыны неге қайырады?” – деген сұрақ туады және айдаладағы шаћардың тағы аңға қандай қатысы бар? Көркемдік те, өмірлік те логика қайсы? Біздіңше, кезінде бір рет пікір таластың негізіне айналып, іле жауапсыз қалып, қанша тестологиялық салыструлардан өтсе де жинақтан жинаққа Қиуа болып өзгеріссіз келе жатқан дәл осы “Қиуаның” осы араға килігуінде ешқандай логика жоқ. Бұл ешқандай “Хиуа” шаћары да емес, Абайдың “Бүркітші” атты өлеңіндегі кәдімгі – қиын қия, қиян деген сөз. Саятқа шыққанда түлкі бұтаға бұғып, жартасқа тығылып, қиын-қыстаулы шатқалға түсіп кетпес үшін қағушылар қиын-қиын жерге тосқауыл қойып, аңның алдын орап, жасқап тұрады. Ашыққа шыққан соң ғана қыранның томағасын сыпырады. Қансонардан шабыттанып, “алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған” кезде ғана ақын “қиыннан (құз-қиядан) шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырады”, яғни, “қуатты ойдан бас құраған” өлең шумақтарын қағазға түсіреді. Көшпелі өмірдің тоятты шағы да осы қансонар. Ендеше, жинақтан жинаққа ауысып келе жатқан Хиуамыз қай Қиуа? Орынсыз астарлы экзотика мен символика іздеп, көшпелілердің көркем көрінісінен көз жазып қалғанымызды өзіміз де қызды-қыздымен аңғармай қалған сияқтымыз. Демек, біз бұл мысал арқылы, астарсыздан астар іздеген әсіре әсердің жетегінде кеткенімізді анық байқаймыз.

Кезінде осы “Сегізаяқтағы”: “Күпілдек мақтан, табытын қаққан, аңдыған, баққаны”- деген жолдардағы “табытын қаққан” дегеннің мағынасын түсінбей, оны өзге де Абай жолдарымен қатар “тағыны қаққан” (аң қаққан) деп өзгертуге ұмтылғандар болған. Неге бос тұрған табытты қағады, қазақ аңды қағады деп “ғылыми сипаттама” берушілер де табылған. Ақырында М.Әуезовтің де қиналыңқырап барып: өлім азайып, жаназа шығару тоқтап, мешіт қайыр-садақасыз қалғанда, мәйіт жөнелтушілер табытты таяғымен қағып, қаза тілейтінін естігенде ғана, Абайдың дұрыс қолданғанына көзі жетіп, арнайы түсініктеме беріп, өзгерісті тоқтатқан. Әйтпесе, қазір біз: “Күпілдек мақтан, тағыны қаққан” – деп тақылдап жүретін едік. “Табытын қаққан” мен “тағыны қаққанның” арасындағы көркем және мағыналық астарлы айырмашылық пен әсер қуатының әр күйге түсіретін тітіркендіруші күшінің поэзиялық шамырқанысын терең сезінбес едік. Ал “табытын қаққан” деу арқылы танымдық тұрғыдан да, бейнелік тұрғыдан да адамды шіміркендіріп тұр. Күпілдек мақтан иесі мен табытты қаққан мәйітшінің пиғылы мен қимылы тұтаса келіп, соншалықты жеккөрінішті қосарлы жағымсыз образға айналған. Мұнда көркемдік қисын да, қиыннан қиыстыру да, қосарлай астарлап шенеу де бар.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 457; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.044 сек.