Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 48 страница




Не һаятқа олу –дүр (бола-дүр)

Қайда қалай мекені?-

деп еш күмәнсіз сеніммен оқуға болады.

“Дүр” - бара – дүр, келә – дүр, бола-дүр” – дегендегі бізге таныс “дүр”. Демек жанның мекені “не һаятта бола-дүр” дегеніміз, қай дүниені пана етеді – деген философиялық сұрақ болып шығады. Яғни бұл арада Абай: рухың не һиятқа тап болды - қандай дүниеге тап болды, қайда оның мекені - деп сұрап тұрғаны анық.

Бұрынғы қадыми араб, жадиди араб әрпінен крилл харпіне қотарылғанда қиындық тудыратын сөздердің де қатары бір шама. Сондай-ақ өлең сөздің ұйқасы үшін қажетті, өз кезеңінде ауызекі сөзде жұмсақ дыбыспен созылыңқырап айтылатын, ұйқасқа орайластырылған, араб әрпіндегі жұмсақтық белгіс ғайнмен “жәнә” (және), “кәнә” (кәні) деп оқылатын сөздер бар. Дыбыстауға құрылған бұл сәйкессіздік Абайдың ғана емес, Ахаңның, Жақаңның, Мағжанның шығармаларын қотарғанда да байқалып қалады. Кейінгілерінің заманы жақын әрі жадид емлесін өздерінің көзі тірісінде қолданғандықтан да ондағы дыбысталу мен жазылу арасындағы үйлесімсіздік ешқандай мағыналық өзгеріс әкелмейді. Тек дыбыстық, ұйқастық қана айырма байқалады. Оның өзі де дауыстап оқығанда жойылып кетеді де мағыналық сипатын жоймайды. Ал Абайдың тілі оған да көнбейді. Мұндай сөздердің қатарының өзі әжептәуір. Мысалы: барлық басылымдарда:

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,

Жаңа сүйгіш адамзат көрсе қызар-

дегендегі “жаңа сүйгіш” тіркесі сондай үйлесімсіздіктің біріне жатады. Неге екенін білмеймін барлық басылымда, оның ішінде емілелік тұрғыдан жан-жақты сараланған академиялық басылымда да “жаңа сүйгіш адамзат” делініп жүр. “Жаңа сүйгіш адамзат” дегеніміз “жаңа қазақ” деген емеурін мен мағына береді. Бұған қарағанда “ескі сүйгіш адамзатта” болуы мүмкін ғой. Бірақ олай емес, Абай: жалыққан, орынсыз шалқыған, іш пысқан және сүйгіш, көрсеқызар адамзат бар деп отыр, яғни әлгі жолды:

Жәнә (және) сүйгіш адамзат, көрсеқызар-

деп оқыған орынды және шындығының өзі солай. Бұған қарсы уаж айтудың өзі де қиын. Осы “және” мен “жәнәнің” ұйқасқа ілігіп, “жаңалап” жүрген бір тармақ - “Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол” атты өлеңнің үшінші шумағының екінші жолы. Онда:

Бала туса күзетер шілдехана,

Олар да өлең айтар шулап жана-

делініп жазылған. Дұрысы: Олар да өлең айтар шулап және –ғой. Мағынасы бұлдыр “жанадан” мағынаны ашатын “және” әлдеқайда орынды. Ал оқыған кезде ескі дыбысталумен “жәнә” деп оқи берсе – айып емес.Пушкиннің шығармасындағы көне славян сөздерін сызып тастаған не өзгерткен орыс текстологі кездеспейді.

Абайдың тұсындағы жазба әдебиетте еміле, тыныс белгісі сақтала бермейтін. Тіпті еміле ережелері жоқ та болатын. Қадыми қазақ жазуында тырнақша, сызықша, нүктелі үтір, қос нүкте, бас әріп сияқты т.б. белгілер қойылмайтын. Ал бүгінгі таңда бұлар үлкен грамматикалық қате және сөздің мағынасын өзгертіп жіберетін күкірт қышқылы сияқты. Мәселен:

Қулық пенен құбылдан,

Жалықсаң, жақсы жансыңдар-

дегендегі “құбылға - құбылу, өзгеру” деп (1961) түсінік беріліпті. Академиялық басылымда бұл сілтеме алынып тасталыпты. Әрине, ежелеп барып емеурінді түсінуге болады. Иә, ежелеп барып. Егерде осы “құбылды” тырнақшаға алып жіберіп:

Қулық пенен “Құбылдан”,

Жалықсаң, жақсы жансыңдар,-

деп жазсақ Абайдың кекесінді ойының мағынасы да ашылады әрі бүгінгі көркем тілді жатырқап өскен жас оқырманға да түсінікті болады. Ал мұндай емілелік екшеуден өтуге тіленіп тұрған сөздердің саны біршама. Мысалы: “Әзімнің әңгімесі” дастанындағы үшінші шумақ 1961 жылғы жинақта:

Мал тапқан бір іздеп таппақ болып,-

ал, 1995 жылғы басылымда:

Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып-

жүр. Буын, ырғақ, мағына жағынан екінші мысал бұрынғыға қарағанда барынша анық. Дегенменде өлеңнің ырғағы мен мазмұнына қарасақ екі айырылған ағайынды екі жігіт бір-біріне:

Мал тапқанда бір іздеп таппақ болып,-

уәде берісіп айырылысқаны көрініп-ақ тұр.

Енді осы дастанның соңындағы адасқан Масғұтқа кезіккен екі қыздың жігітті алып қалығысы кеп:

Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,

Достықпен жүрек еріп, тәуір еттік.

Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,

Еліңе жеткізуге біз де жеттік-

дегендегі екі “жеттіктің” біреуі әрі артық, әрі мағынасыз. Қыздар неге “жетті”? Қалай десекте қолжазба қате оқылған. Анығы:

Еліңе жеткізуге уәде (уағда) еттік.

Мұнда араби қолжазбадағы “уәде (уағда) еттік” дегендегі “уәдені ” қате оқып жіберген. “У” мен “д”, “ж” әріптері қосылып кеткенде ажыратылмай қалады. Араб пен қазақ қарпіндегі сәйкессіздіктер бір ізге түспеген, орфографиялық, грамматикалық жүйе қалыптаспаған тұста кеткен, Кәкітай мен Тұрағұл айтқан “көп қатенің” бірі. Одан басқа мұнда тұрған түк те хикмет жоқ. Дәл сондай қадым мен жәдидтің арасындағы оқу әдісінен кеткен “опық” жердің бірі Лермонтовтан аударылған “Ой” өлеңінің екінші шумағындағы екінші жол. Барлық басылымдарда да:

Жасынан білер ескі шалдың мінін,

Аптық жерін, ақылға кеш енгенін,-

деп жазылып келеді.

Осындағы “аптық жері” деген сөз - түп нұсқадағы “ошибками отцов” дегенннің баламасы екенін тек көңілмен болжап, сезім түйсігімен ғана түсіне аласың. Ал осы сөздің түпкі төркіні “опық жерін” екеніне мен еш күмәнсіз сенемін. Өйткені барлық араб сөзінің алдына, оның ішінде “о”, “ғ” әріптерінің алдына көбінесе ғайын (“ға”) белгісі міндетті түрде қойылады. Мұны “аптық” емес, “опық” деп оқу керек. Сонда шалдың опық кетер жерін, ақылға кеш енгенін, яғни өткен өмірінің мәнсіз өткенін кеш білгенін түсіну оп-оңай. Оған қолдан “аптықты” қолданудың еш реті жоқ. Қазақ “аптығы басылмады, аптығыңды бас” деп асығып-үсігіп, желігіп келген, ентігіп тұрған адамға айтады. Ал бұл арада өткен өмірге опық жеп, “қолын мезгілінен кеш сермеген” адамның өкініші бейнеленген. Сонда бұл шумақтағы:

Жасынан білер ескі шалдың мінін,

Опық жерін, ақылға кеш енгенін.

Өзі өнерсіз өмірден тез суынар,

Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін,-

деген басты ой ап-анық әрі жатық ашылады. Осы өлеңнің соңғы шумағындағы:

Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың.-

дегендегі буын мен ырғақ санын арттырып тұрған “тыныштың” әу бастағы Абай қолданған нұсқасы “тыш жатасың”, яғни “тек жатасың” екені анық.

Бірақ ауызекі сөзді жазба сөзге түсіріп, “тыштан” қорқудың реті бар ма еді? Бұл сөз мәдениетін сақтаудың ақ жолы емес. Абайдың өзі “не жазып кетсе- жайы сол” демеп пе еді? Дәл осы “тыныштық” тағы бір жерде өлеңнің ырғағы мен буынын бұзып тұр. Өлең: Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да- деп”өңкей келісіммен сыңғырап” келеді де, ортасында:

“Саудагер тыныштық сауды қыла алмай жүр” –

деп сөйлемге айналып кетеді. Дұрысы:

Саудагер тыныш сауда қыла алмай жүр,-

екенін өлеңнің өзі сұрап тұр. “Тықты” тықпалағанмен өлең тықылдап тұрған жоқ. “Бір дәурен кемді күнге бозбалалық” атты өлең академиялық басылымда барлық қателіктерінен арылып, сөз де, еміле де орынына қойылыпты. Тек:

Той болса тон киелік, жүр баралық,

Бірімізді біріміз аударалық-

дегендегі “аударалық” деген сөз менің назарымды аударғанына да бірталай жыл болды.

Бұл арада “Бірімізбен біріміз аударыспақ ойналық” дегенді мекзеп отыруы мүмкін – деген оймен бұл сөзге мәтіндік салыстыру жүргізілмегенге ұқсайды. Ол да мүмкін. Дегенмен де мынадай сұрақ қойып көрелікші. Жігіттер жаңа тонды аударыспақ ойнау үшін киді ме? Жоқ, керісінше:

Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,

Күлкіні онша күйлеп шуламалық-

деп бірін-бірі сабырға шақырып отыр. Демек бұл Абайдың:

Бір жерде отырсаңдар басың қосып,

Біріңнің - бірің сөйле сөзің тосып-

деген өлеңіндегі ойдың жаңғырығы. Ендеше мұндағы екінші жолда: Сол тойда:

Бірімізді біріміз аңғаралық,-

деп отыр.

Бірімізді біріміз силап, сөзімізді тосып сөйлеп, бірімізге біріміз қарай жүрейік, сонда қадіріміз артады - деген емеурін жасайды. Бұрынғы “сүйкімі, киімі жоқ шалдуарлық” деген сөзге мағынасы бойынша – “сүйкімі, икемі жоқ” деп қалай мәтіндік өзгеріс енгізілсе, бұған да сондай қисынды қолданған дұрыс.

 

Реті келгенде және оқтай тиетін ұтымды тұста, әсіресе кекесіннің қисыны келгенде жат тілдегі жаргондарды сөз арсына қыстыра қою әлемнің барлық ақындарына тән мінез. Мұндайда арабтар - парсының, орыстар - француздың, ағылшындар – немістің, не өлі латын тілінің сөздерін қолданған. Әр ақын өнерді қай тілде бойына тоғытып, сөзін сіңірсе, сол елге тән ұтқыр сөзді орынымен өлеңіне кіріктірген. Гетенің, Байронның, Пушкиннің пародиялары мен памфлеттері соған дәлел. Абай да бұл “дәстүрден” сырт қалмаған. Танымдық-философиялық туындыларында араб пен парсы, ал сол заманға қатысты билік, сайлау саласына қатысты өлеңдерінде орыс сөзін пайдаланған. “Занимайся пряматой”, “самордный сары алтын”, “өзі залым зәкүншік”, “прошение жазуға”, “единица жақсысы” сияқты сөздерді орыс әдебиетіне ден қойып, өзі де қалада қыстап шығып, кәтәләжкеге “бас сұққан” жылдары сөз арасына жиі кіріктірген. Менің ойымша:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға,-

атты кекесінді-ызалы, астарлы сарказмға толы өлеңінде сөз арасына сіңіріп жібергені сондай тегі білінбей кеткен,

“Біләткенің байы – ақша” – деген сияқты орыстың сылқита қолданатын бір жаргоны бар. Бұл жылдары Абайдың тергеу астында жүріп жандармдармен, солдаттармен, абақты күзетшілерімен жиі араласуына тура келгенін ескерсек, күнде естігендіктен де “пес” деген сөздің құлағына сіңісті болып қалуы әбден заңды. Әрі бұл өлеңді: “1890 жылы Семейге Барон Таубе “ деген генерал-губернатор келіп, бірсыпыра болыстарға шекпен, қылыш силаған, өзіне де қос ауыз мылтық бұйырған кезде, әлгіге есі кете мәз болған болыстарға ыза болып”, қалада шығарған. Қысқасы әңгіме:

Бір бес надан, оңбассың,

Нансаң, онын қосқанға.

Жасық, жаман болмассың.

Жамандықтан қашқанға,-

деген шумақтағы “бес надан” туралы болып отыр.

Өлеңді де, шумақты да тұтас оқып шығып, ой екшеген адам осындағы “бес наданның” кекесінге қандай қатысы бар екенін түсіне алмай кідіріп қалады. Неге он надан емес? Абай бұл өлеңінін алдыңғы екі жолында:

Қуанарлық қыз емес,

Жылтырауық таққанға,-

немесе:

Осы да есеп бола ма,

Ар, абұйыр тапқанға?-

деп ессіз қуаныш иелерінің қамсыз мақтанын кекеп алады да:

Қасиетін бойының

Бекер төгіп шашқанға,-

деп, немесе:

Миың болса жолама,

Бос желігіп шапқанға,-

деп ызалы зіл тастайды.

Өйткені, “ақыл көзбен бақсаң” шен-шекпенді жабудағы себебі, аярлықпен алдап-арбап, сені “түсірмекші қақпанға”. Соны ұқпай арсалаңдаған ағайындарына:“Бір пес надан оңбассың”- дейді. Бір де, бес те, емес, пес? Қазақшаласақ “бір ит надан екенсің, оңбассың!”- деп отыр. Бұл “пес” кейін “ит” мағынасында Абай өлеңдерінде жиі қолданылады. Сонымен қатар дәл осы “пес”, “пәс” деген сөз парсыша да, ұйғырдың ауызекі сөзінде де “бұралқы” деген ауыспалы мағынаны білдіреді. Мұндағы “Бір бес надан” – “бір бес күндік дүниенің” өзгертіліп қолданған түрі емес. “Біләткенің байы ақша” дегендегі “біләтке” сияқты сімтік, “пес “ деген сөз.

“Песті» орыс және парсы поэзиясын қанына сіңірген Абайды былай қойғанда, қарапайым халық өкілі Ауған ақынның өзі сараң да қытымыр Көшен болыс өлгенде:

Айналайын Көшенім,

Сөзге жүйрік шешенім.

Қыс өлмедің, жаз өлдің,

Қозыға тиді кеселің.

Қазғанда көрің қатты боп,

Майрылды жүзі тесенің…

Басыңнан асты-ау кеселің.

Қызыңды ұрайын пес едің.

Сексен жаста өлмейтін,

Құдайдың сонша несі едің?-

деп сөз арасына “сіңіріп” жіберген.

Демек, Абай да “бес наданды” емес, “жайы мәлім шошқаның түрткенінен жасқанған” “песті” айтып отыр. Егер сөз төркіні осылай болса онда, екінші жолдағы “нансаң, онын қосқанға” деген тіркесті де қайта қарауға тура келеді. Алдыңғы “пес” – “беске” айналғанда, санды қуалап, “оған” мен “анықтың” – “онын” болып оқылып кетуі әбден мүмкін. “Ғ”мен “ң”, “ы” әрпі жоқ қадыми араб жазуы үшін бұл барынша ықтимал. Мысалы, қаріптеп жазылғанда “тәнк” деп оқылатын сөздің “таңның” болып оқылғаны сияқты. “Танктің” таң екенін “атар таңның” деген тіркесті ойға түсіру арқылы арасындағы әріптер дұрыс қойылған. Сол сияқты “бір пес” деген сөз де “бір бес күннің жөні жоқ аптығарға” деген әйгілі өлең жолының санадағы жаңғырығы арқылы “бір бес надан” болып дұрыс ажыратылмаған деген болжау айтамыз. Сонда “қақпанға түсіру үшін” өтірік алдап-арбап, оқалы шапан жапқанға: губернатор мені құрметтеді, кісі қатарына қосылдым – деп сеніп, жас баладай қуанып, ауылына шүйіншіге кісі шаптырып ар-ұятын сатқандарға ызаланып:

Бір пес надан оңбассың,

Нансаң анық (ұлық қатарына) қосқанға,

Жасық, жаман болмассың,

Жамандықтан қашқанға,-

деуі орынды-ақ сияқты. Кейінгі:

Жәйі мәлім шошқаның,

Түрткенінен жасқанба.

Бір ғылымнан басқаның,

Кеселі көп асқанға,-

деген жолдар да алдыңғы “пес наданға” иек сүйеп тұр.

Мұндағы “шошқа” – шелтірейіп шекпен жауып тұрған “орыс” генерал-губернаторы екені түсіндірмесе де белгілі.

Абайдың өлеңдері жиырма реттен астам қайталанып, салыстырылып, орынды-орынсыз түзетулер енгізіліп басылды. Соларды салыстыра оқып отырып, Кәкітай мен Тұрағұлдың: 1909 жылғы басылымда қаріп пен сөз қатесі көп кетіп, өлеңнің мазмұны бұзылып шықты. Жер алыс, қол қысқа болғандықтан да оны түзетуге мұрша келмеді - деген сөзін есіме алған сайын төменде келтірілетін екі сөзге еш ойланбай-ақ түзету жасағым келіп тұратын еді. Егерде “билік тізгіні менде болса”, осындағы “Менсінбеуші ем наданды” атты өлеңдегі:

Татулықты, тыныштықты,

Қоңыр көрер, кем көрер-

дегендегі “қоңырды” – – “қорлық” деп; “Антпенен тарқайдыдағы”:

Таласып тарқайды,

Ақшадан төрт -беске,-

дегендегі “ақшадан – ды” - “ақшамға” деп еш ойланбастан өзгертер едім – дейтінмін. Қазір де бұл екі сөздің грамматикалық қате екеніне еш күмәнім жоқ.

Сенбесеңіз талдап көрейік. Абайдың осы өлеңдегі басты ойы және ызалы пікірі: наданды ақылсыз деп қор тұтып, менсінбей, өзі-өзі зор тұтып, заманды түзетпек болғанда – көп надан қарысып ырқына көнбеді, түрлері жан шошырлық боп еліріп, кейін шегіне кекжиді. “Әрине” деп қойып әрекеге кетті, қоқиланып, мазақ етті. Содан әбден қажыған “арық” әрі анық зарлы ақын, өзге жұрттың алдында өз жұртын жұрт деуге ұялды. Өйткені барымта мен “партияның (биліктің)” алкаголигі (мастық) мен апиыншысына (құмар) айналған “сыпыра елірме, сұрқия, көп пияншік” түк ұқпады. Себебі олар:

Татулықты, тыныштықты,

Қорлық көрді, кем көрді.

Назар салыңызшы, “қоңыр көрген” жоқ, қорлық көрді. Ілгері жүр десе – кекжиді, түзел десе – бұзылды. Орынсыз мақтанды – зор тұтты, татулықты, тыныштықты – қор тұтты.

Ұрлық пенен қулықты

Қызық көрді, өңі енді.

Сонда әлгі терісбаққандардың “қоңыр көрініп” тұрған “қоңыр” қылығы қайсы? Қоңыр мінезі ме, қоңыр желі ме, қоңыр күйі ме? Жоқ және жоқ, тіпті қисынсыздан өткен қисынсыздық бұл. Абай зор тұтқан қасиеттерді қор тұтып жүрген күлембайлар:

Татулықты, тыныштықты,

Қорлық көрер, кем көрер.

Ұрлық пенен қулықты,

Қызық көрер, өңі енер.

Олай етпесе, “татулықты, тыныштықты “қоңыр көрсе”, “ұрлық пен қулықты” жай қызық үшін істеп, қылмысына “өңі енбесе” түзеліп кетпей ме?! Ілгері ел болып кетпей ме?! Онда Абайдың “түзетіп, ұялып, қорланып” несі бар? Ендеше:

 

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым сен қажы!

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы?-

деп неге түңіледі.

Өйткені, тату, тыныш жүрсе, ұрлық пен барымтаға шықпаса, екінші бір керауыз оны азғырып: “жуас, момын, әрекетсіз, ез”,– деп мазақ етті. Барымтаны – батырлыққа санайтын қазақ үшін жуас, адал атану “ қорлық” емес пе? Әрине, қорлық. Ендеше жоғарыдағы сөз де “қоңыр” емес, “қорлық”. Ендеше мұны өзгертпеу - абайшыл атанып жүрген сіз бенен бізге де “қорлық” болмақ.

Антпенен тарқайды, жиылса кеңеске,-

деп басталатын өлеңнің соңғы шумағындағы “ақша” да сондай қисынсыз сөздің біріне жатады.

Тіпті мұны мәтіндік емес, әріп қатесі десе де болады. Себебі мұнда жетпей тұрғаны “м” деген жалғыз-ақ әріп. өлең мазмұны былай: Кеңеске жиналғандар бірімен бірі аңдысып, егесіп, сөзбен ырғасып, ақыры біріне-бірі жаулық етпеске ант беріседі. Ешкінің өсіміне тай алған кедей би енді “байды сауудың” жолын іздейді. Сөйтіп, анттасқан бидің ескі даулары еске түсіп, өзімен жемдесті оңаша шығарып алып тағы да егес тудырып:

Таласып тарқайды,

Ақшамда төрт-беске.

Бірлікті шайқайды,

Араз боп өнбеске.

Ия, тәңертеңнен бесінге дейін егескен даукестер, екінті де олжа бөлісіп, ақшамда келесі даудың ұшығын шығарып, соны қайтсем өршітемін деп, күндізгі бітім мен бірлікті, антты іркіттей ірітіп, шайқап, ақшамда төрт-бестен бөлініп үйді-үйіне кетіп бара жатады. Иә, ақшада емес, ақшамда! Әйтпесе:

Таласып тарқайды,

Ақшадан төрт-беске,-

дегеннің қандай мағынасы бар.

“Ақшадан төрт-беске” деген тіркес-төрт-беске бөлінген ақшаны бөлісе алмай таласып тарқайды – дегенді әсте білдірмейді. Тіпті төрт-бес жерге ақша қойып, сол үшін таласты дегенді естіген қазақ бар ма өзі? Масқараның өзі сол емес пе. Қандай би алдына ақшаны қойғызып қойып дауға түсуші еді. Ендеше мұны “ақшада” емес “ақшамда” деп еш ойланбастан түзету керек. Сөздің реті келгенде айта кетейік, “қорлық” пен “ақшамды” дәл қазір де қадыммен сүйкетіп жазсаң, “қоңыр” мен “ақша” деп оқуымыз әбден мүмкін. Өйткені бұл сөздерді сүйрете жазғанда “р” мен “қ” әрпі бір- бірінен айнымай түседі. “Ақша” мен “ақшамыңызда” тіпті айырма болмай қалады. Өлеңнің мағынасының өзі сөздің төркінін тектеп тұрғандықтан да бұл жайды бұдан әрі қазымырлана қазып жатпаймыз.

ІІ.

Көшпелілердің көркем ойлау жүйесінің шығыстық және батыстық бейнелеу тәсілдері мен образдар шоғырына тоғысқан, аса күрделі әрі ұлттық бояуы қанық Абай поэззиясындағы астарлы өлеңнің бірі “Қыс”. Қысты “ақ киімді, денелі, ақ сақалға” шендестіре теңеуі қазақ поэзиясындағы соңғы үрдіс. Кейбір зерттеушілер мұны христиан дініндегі танымға жетелейтін Аяз атамен – Санта Клауспен салыстырады. Абай соны үлгі тұтты дегісі келеді. Абайдың кәрі құдасы мен Аяз атаның түпкі тегі мүлдем қарама-қайшы. Яғни, Аяз ата христиандық таным. Ол - жомарт, мейірімді, ғайыптан пайда болып сый-сияпатқа кенелтіп тастайтын мұсылман дініндегі Қыдыр атаның түп төркіні. Ал “ақ сақалды қыс - кәрі құда” оған мүлдем қарама-қарсы ұғым береді. Кәрі құда қатал. Түсі суық. Соқыр. Мылқау. Демалысы үскірік. Мазасыз да қытымыр. Долы әрі пәрменді. Оған қарсы шығу мүмкін емес. Ең бастысы малдан тегін олжа дәметіп отыр. Бұл “кәрі құда” қазақтың: “Кәрі құданың кәрінен сақта”– деп айтатын мәтеліндегі кәдімгі кәрі құда. Кәрі құда келсе бітті, бүкіл рулы ел әбігерге түседі, ол түскен үйдің иесін өзге ауыл күле мазақтап, өзі де соятын малын, кигізер киімін, алдына салар малын дайындап, сәлем беруге асығады. Неге және Абайдың өзі осынша кеспеттеген кәрі құда кім? Және кәрі құданың ерекше статусы қандай? Әдетте қыз ұзатылып кеткеннен кейін бір жылдан соң оның бауыры әпкесін іздеп барады. Бұл барлау. Әпкесінің түскен жері қандай, қалай орналасыпты, күтімі келісіп пе, киімі оңбап па, ең бастысы бала көтеріп пе, жоқ па, соны аңғаруға барады. Құда баланың күтімі, ойын-сауығы, жоралғысы, әзіл жарасымы аңызға пара-пар боп өтеді. Құдашалардың да көңілі жадырап қалатын тұс осы. Ал салт бойынша қыздың әкесі жігіттің әкесі арнайы шақырғанда ғана барады. Әйтпесе жолаушылап немесе ғайыптан сол ауылға соққанның өзінде де ол отау үйге қонбайды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 393; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.