Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 50 страница




Жоғарыдағы айтылғандардан шығатын қорытынды мынадай. Біріншіден: Абайдың өлеңдерін жинақ етіп шығарғанда бір-ақ басылымға, 1995 жылғы академиялық жинаққа сүйеніп жариялау керек. Сонда мәтінде ала-құлалық болмайды. Екіншіден біз және өзге де зерттеушілер білдірген текстологиялық пайымдаулырды қайтадан саралап, екшеп, бір ізге түсіру қажет (соның ішінде “қорлық” пен “ақшам” деген сөздерді бұрынғы жіберілген грамматикалық қатені түзеу есебінде ешқандай бақассыз қабылдау керек деп есептейміз). Ал “Қара сөздердегі” мәтіндік кілтипандар жеке талдаудың арқауы. Оқырмандарға ой салып, пікірімізге тамыздық берген алдыңғы мақаламызға орай алып-қосарымыз әзірге осы.

 

 

23. «АЛТЫН ӨЛЕҢНЕН БІЛІНДІ ІСТІҢ ЖАЙЫ...»

(Абайдың орыс тіліне аударылуы туралы ой)

Поэзия – халықтың жан жүйесімен, жан дүниесімен астасып жатқан құбылыс. Кез - келген елдің көңіл жүйкесін босату үшін, не түсіну үшін оның рухани күші – поэзиясын таразылау шарт. Ал, өзге жұртқа мәдени мұрамыздың қадір - қасиетін білдірудің де бірден - бір жолы – сол маржан сөзімізді жеткізе алуымыз арқылы сабақталады. Мұндай үлгі, қазақ өлеңінің құдіреті біз үшін – Абай. Әр кезде, әр жас та, әр түрлі көңіл - күйде жаңа қырынан ашылатын ұлы Абайдың әлі таным - түйсігімізде сөгілмеген көбесі қаншама?

Жә, бұл адамның ой дәрежесі мен ішкі мәдениетінің, сана сарасының еншісіне тиесілі әңгіме.

Ал, сол халқымыздың рухани айнасына айналған қасиетті қазынамызды өзге халықтың жүрегіне жеткізе алдық па? Мәселе – осында. Ұлы ақынға деген құрметімізден мін табу қиын. Алайда оның өзегін жарған өлеңдері өзге тілге, оның ішінде орыс тіліне қалай аударылды. Оған мән беріп көрдік пе? Бұған бірден жауап беру қиын. Абайдың әр жылдары шыққан орыс тіліндегі кітаптарын түп нұсқасымен салыстыра оқып отырып, қазір екінің бірінің аузынан шығатын: «Абайдың бұрмасына жету қиын, ойы емеуіріні, тілдік бояуы жетпейді», – деген сөздерге де дүдәмалмен қарадық. Себебі Абайдың өз өлеңдерінің ұзын – ырғасы сақталып, ойы мазмұндалып болса да дұрыс жетті ме өзі. Бұл сұрақтың астары бірте-бірте ашылар. Оған дейін ойға дәйек ретінде бір мысал келтірейік.

Қадірлі оқырман, Сіздер қазір әлем әдебиетіндегі ең үздік пейжаздық лириканың бірін, табиғаттың тамылжыған шағын кестелей өрнектеген өлеңді оқисыз. Оны білмейтін поэзияны қадір тұтатын ет жүректі, адам бола қоймас. Назар салыңыз:

На воде, как челнок луна.

Тишина ясна, глубока.

Лишь в овраге челночь черна,

Да шумит в тишине река.

Авторы ойыңызға түсті ме, кім жазған? Табиғат жыршыларының қайсысы бұл? Гете ме, Фет пе, Никитин бе, әлде Есенин бе? Жоқ. Тіпті қазақшаға аударып көрейік. Әрине, түп нұсқаға әсірелеп, ұйқас, ырғақ іздеп нұқсан келтірмес үшін қара сөзбен тәржімалайық.

Су бетінде Ай қайыққа ұқсайды,

Терең тыныс тыныштық.

Тек жырада түннің қара бояуы,

Тыныштықты бұзды тек,

өзінің шуылы.

Ал енді өлең авторы есіңізге түсті ме? Тек айдың су бетінде қайыққа ұқсап қарайып, айлы түнде жыраның қара бояулы көлеңкеге іркілдеп тұруы, әлгі «терең тыныштықты» өзеннің гүрілі бұзуы сенімсіздік тудырады. Феттен де, Никитиннен де таппадыңыз, ә? Оқа емес. Мүмкін есіңізге түсер, екінші шумағымен танысыңыз:

Вверху и внизу глубина.

Лунный свет в лепестках цветка.

Пробежит по деревьям волне –

И затих порыв ветерка.

Әлі де нақты жауапқа қиналып тұрсыз ба? Көріністі дәлірек елестету үшін аударып көрейік. Сонда ойыңызға оралар. Бұл ретте жолма - жол тәсілге жүгінейік.

Биіктікте де, төменде де тереңдік.

Айдың нұры жапыраққа қонады.

Ағаштарды толқын тербеп өтеді.

Желкем жел де тына қалды кенеттен.

Таппадыңыз ба? Өкінішті - ақ. Өздеріңіз күнде ыңылдап әндетіп жүрген, бесіктегі кезіңізден бастап құлағыңызды жаңғыртқан өлең ғой бұл. Өлең болғанда қандай! Жарайды қиналмаңыз да, қысылмаңыз. 1985 – жылдары орыс тілінде жарияланған Абай өлеңдерін оқып отырып біз де қай шығармасы екенін ажырата алмағамыз. Жазылған жылын, шумағын салыстыра келіп, өзімізше жорамалдадық. Иә, бұл әйгілі «Желсіз түнде жарық ай» ғой. Сол! Тоны теріс аударылып кигізілген мүлдем басқа дүние екені айтпаса да түсінікті шығар. Алдыңғы екі шумақты сіздер де жатқа білерсіздер. Сонда да салыстырып көріңізші.

Желсіз түнде жарық Ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны – терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді өзі.

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

Орыс тіліндегі аудармадан поэзиялық лепті, нәзіктікті жібектен тоқылған мінсіз келісімді іздемей - ақ қояйық. Алайда табиғаттың өз суретін айнытпай беруге болатын еді ғой. Теңеу мен пейзажға қиянат жасау қылмыс емес пе? Ал, енді келесі аударма:

Крадучись, минуты считай,

И пугайся своих шагов.

«Мен не деймін, бикем не дейдінің» кері демеске лажыңыз болмас. Абай не дейді, аудармашы не деп тұр? Абай үшінші жақпен сөйлемеп пе еді, аудармада екінші жаққа ауысып кеткен. Көркем аудармадағы еркіндік, творчестволық ізденіс дегенді түсінеміз. Құптаймыз. Бірақ, түпнұсқаны бұрмалау, қиянат жасау емес қой. Ақынның:

Дем ала алмай дамыл қып,

Елең қағып, бос шошып, –

дегенін:

Ах, скорее, милый, встречай,

Здесь, в тени прибрежных кустов, -

деп түп нұсқада атымен жоқ кейіпкерді ойлап тауып, оның аузына сөз салуы (аудармашысы – А. Глоба) жауапсыздық, тіпті, салғырттық.

Егер, ашығын айтсақ, аударма деуге жүрек дауалмайды. Бұл өлең 1945 - жылы Л.Соболевтың редакциясымен, М. Әуезовтың алғы сөзімен Москвада шыққан жинаққа енбеген. Екі сөз шеберіне тәржімәның ұнамауы да мүмкін. Қалған басылымдардың бәрінде де кездеседі.

Әрине, құрметті оқырман, үлкен әңгімені тілге тиек еткенде әу бастан Сіздерді сынағандай көрінуіміз әбестік те шығар. Бірақ, істің түп төркінін індетіп, із кесер болсақ – жоғарыдағы сұрықсыз аударманың жарық көруіне ең бірінші өзімізді өзіміз кінәлаудан бастау керек сияқты. Абайды дәл осылай бұрмалап, ойын өзгертіп бояуын бұзып, одақ көлеміне ұсынуға кім еркіндік берді? Рухани бұйығылық, мәдени мұрамызға енжарлық, қамшының ұшы өзіңе тікелей тиіп жатпаған соң үндемей құтылатын немқұрайлық емес пе? Одан басқа сылтауды табу да қиын. Ал Абай поэзиясы, оның рухы әрқайсымыздың төл дүниеміз, өзегемізді өртеген ойымыз, жандүниеміз, жанжүйеміз ғой. Ендеше ешқандайда салғырттық жасамай, үнемі қырағы көзбен қарап, қызғыштай қорғауымыз керек.

Біз, осы мақалада Абайдың орысша аударылған алты өлеңінің көркемдік дәлдігін, ой салмағын, тілдік, образдық емеурінін назарға іліктіріп, ұлы ақынның ұлы тілдегі тәржімасының дәрежесімен таныстырып, істің жайынан хабардар етпекпіз. Мүмкін, келешекте бір септігі тиер деген үміттеміз. Сонымен…

 

І. «Сегізаяқ» – «Восьмистишия»

«Сегізаяқ» өлеңі – құрылымы жағынан алғанда ырғақ пен ойға құрылған. Мазмұны тұрғысынан қарасақ мұнда таза лирикалық әуеннен көрі ашына отырып мінеу басым. Ойды сатиралық уытпен астарлайды. Ырғақты ішкі булыққан ыза еңсеріп, шамырқандыра шымырлатады. Егер бұл өлеңді аударғанда ұлы ақынның интонациясын, кекесінді уытын түсінбесе – онда жадағай мінеуге арналған дүние болып шығады. Орыс тіліндегі В.Державин мен Л.Озеровтың аудармаларында сол тереңде жатқан шымырлаған ыза жетпейді. Жалаң сөздің мағыналары ғана сақталған. Бұл музыка тілімен айтқанда скрипкаға арналған әуенді арфамен орындағандай әсер қалдырады. Ал, екі аударма бір - біріне қандай кереғар болса, ұғымдық, бейнелік алшақтықтар да дәл сондай дәрежеде түпнұсқадан алыстап кеткен. Яғни, теріс мағына береді. Дәлелді болуы үшін мысал келтірейік. Әрине, барлық көңілге күдік ұялатқан шумақтарды тіркеп шығу мүмкін емес. Тек ішінара ғана салыстырайық.

В.Державиннің аудармасы:

Ценней жемчугов,

Ты прах перед темной толпой.

Л. Озеровтің аудармасы:

Сможет жемчуг – нить,

Умный оценить

А дешевка – радость глупцов.

Абай:

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар баһра ала алмас

 

***

В Державиннің аудармасы:

Киплю и горю,

Когда посмотрю,

На них безобразные нравы.

Л.Озеровтің аудармасы:

Вся душа в огне,

Холод по спине,

Лишь увидишь глупцов, их ложь.

 

Абай:

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде.

 

***

В.Державиннің аудармасы:

«Исправтесь, друзья! –

Советую я, -

Все лживы бесчестны, лукавы!»

 

Л. Озеровтің аудармасы:

Трижды умным будь,

Укажи им путь –

Похвалы у них не найдешь.

Абай:

Жігерлен, сілкін.

Қайраттан, беркін,

Деп насихат бергенде.

***

 

В.Державинyнің аудармасы:

Не молвят про общие нужды

Л.Озеров аудармасы:

Пустозвон за один с хитрецом.

Абай:

Мейірленбес еш сөзге.

***

В.Державинyнің аудармасы:

Их не пристыдить,

Не переродить (?)

Друг другу на чеки они чужды (?)

 

Л.Озеровтің аудармасы:

Что благой совет!

В нем и мысла нет;

Сын не хочеть ладить с отцом (?)

 

Абай:

Пайдасыз тақыл –

Байлаусыз ақыл.

Атадан бала ойы өзге.

***

В. Державинннің аудармасы:

Полно лишь одним,

Бахвальством пустым,

О, темное, злобное стадо!

 

Л. Озеровтің аудармасы:

Чванство, хвастовство,

Пьянство, мотовство –

Вот их жизни беспутной цель.

 

Абай:

Күпілдек мақтан,

Табытын қаққан,

Аңдығаны, баққаны.

***

В. Державиннің аудармасы:

И пусть пропадут,

Не правда и кнут,

Добра от насилия не жди ты.

 

Л. Озеровтің аудармасы:

Защити свой скот,

Избегай забот, (?)

Не давай себя унижать.

 

Абай:

Малыңды жауға,

Басыңды дауға,

Қор қылма, қорға, татулас.

***

В. Державиннің аудармасы:

Стесненная грудь,

Не может вздохнуть,

Не тело – мой дух окровавлен.

Л. Озеровтің аудармасы:

На щеке слеза,

Горе жжет глаза,

И на душу тяжесть легла.

 

Абай:

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды.

***

В. Державиннің аудармасы:

Ты знанья алкал

Весь мир обыскал,

В ногах не смыкал свой вежды?

 

Л. Озеровтің аудармасы:

Я знаний искал –

От скитаний устал,

Я глядел и туда и сюда (?)

 

Абай:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім

***

В. Державиннің аудармасы:

В ночи (?) кричал,

И горомко звучал,

Не голос утесов ответный.

 

Л. Озеровтің аудармасы:

Я с утеса кричал,

Мне просто отвечал,

Отвечали и горы и дол.

Абай:

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Одан да шықты жаңғырық.

 

Оқырманның ойына еркіндік беріп, бір рет көз жүгіртіп шыққанның өзінде қай шумақ туралы әңгіме қозғайтынын алдын ала болжауға мүмкіндік беру мақсатымен түпнұсқаны әдейі соңынан келтірдік. Осындағы асты сызылған жолдарға назар салыңызшы. Тіпті, жоғары көркемдік талапты, поэтикалық қуатты, сөз астарын былай қойғанда, мағыналық ұғымын зерделеп көріңізші. Мүлдем басқа әсер беріп тұрғанына көз жеткізу қиынға соқпайды. Біз «жығылып тұрып, буыны құрып», «жамбасқа батар ұйқы жоқ», «қысылған жерде – жан жалдау» – деген таза ұлттық бояуды сіңірген, дәл баламасының табылуы өте қиын ұғымдардың: «и вновь упадет, и снова встанет» – «истомлен да костей», «перед силой властей», «не век я бессонницей болен» – «так жестка постель – не уснуть», «ты в трудное время и душу продашь» – «хитрость, ложь осаждают нас, в трудный час, испытанье час» – деп қарабайырланып жетуі туралы әңгіме етуді жоғарыдағы дәйектемелерден кейін артық деп есептейміз.

Әрине, тек соңғысының өзі аударма сәтті шыққан жағдайда үлкен мін болып есептелер еді ғой. «Надандар баһра ала алмас» – деген ұғымды беру үшін онша қиналатын не бар. Ал Абайдың бұл сөзін «ты прах перед темной толпой», «а дешевка – радость глупцов» деп ойдан және жалпы өлеңнің құрылымына қиыспайтын сөздермен мағынасын бұзған. Аудармашылар әйтеуір надандыққа қарсы жазылған шығарма екендігін желеу етіп, әр шумаққа екіден – үштен «надан» сөзін пайдаланыпты. «Сегізаяқ» тек надандыққа ғана қарсы емес, халықтың өзге де жатымсыз, жағымсыз қасиеттерін сынаған,әлеуметтік талғауға құрылған дүние. «Атадан бала ойы өзгені» – «сын не хочеть ладить с отцом»; «деп насихат бергендені» – «похвалы у них не найдешь»; «күпілдек, мақтан, табытын қаққанды» – «Чванство, хваствовство, пьянство, мотовства»; «тарылды көкірек, қысылды жүректі» – «на щеке слеза, горе жжет глаза»; «екі жаққа үңілдімде» – «в ночах не смыкал свой вежды»; «күнде айғай салдымда» – «в ночи кричал»; «одан да шықты жаңғырықты» – «мне простор отвечал, отвечали и горы и дол» – деп күндізді түнге ауыстыруының өзінен аудармашылардың жауапсыздығын байқаймыз. Ал, осындай кәдімгі қарапайым этиканың өзі сақталмаған жерде автордың ойына деген адалдықты талап етуге бола ма?

Абайдың орыс тіліндегі аудармасында мұндай күйге ұшыраған жалғыз «Сегізаяқ» қана емес. Осы тектес көп өлеңнің біреуі ғана. Тырнақша ішіне алып айтар болсақ «орыс тіліне аударылу барысындағы үлкен ерекшеліктердің бір қырынан» хабардар етеді.

 

2.«Әуелде бір суық мұз»«Острый разум чист…»

 

Осы өлеңдегі аударылуға ең қиын тиетін сөз – «толық адам». Бұл шығарма – Абай жырларының ішіндегі философиялық бағытқа бет бұру сәтінде дүниеге келген туынды. Шығыс пәлсафасымен астаса өрілген ойдың мәйегінде ақыл, қайрат, жүректі тең ұстап, жан қуаты мен азығы – жүректің үш түрлі сүйе білу әміріне – иманигүлге бағынған адам – толық адам деген астар жатыр. Абай соны қарасөзбен жырлаған. Бұдан кейінгі шығармаларында одан әрі тереңдей түседі. Сондықтан да аудармашы Абайдың философиялық талдауларын, ғақлияларын толық зерттемей тұрып «әуелде бір суық мұз, ақыл зеректің» байбына жетіп, айтар ойын оқырманға жеткізе алмайды. Онсыз жай ғана өсиет, ақыл сөз күйінде қалып қояды, яғни, шығарманың сыртқы қауызын алудан аспайды.

Өкінішке орай аудармашы А.Штейнберг дәл осы қателікке ұрыныпты. Тіпті, «толық адам» деген ұғымды кіргізбепті де. 1945 жылы «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол» өлеңін осы өлеңге қосып, алты шумақ етіп аударған. 1985 жылғы Абайдың таңдамалыларында екі өлең үш шумақтан бөлек - бөлек берілген. Аударма да аздап өзгеріске ұшыраған. Редакцияланған. Дегенмен де екі нұсқа да түпнұсқадан, әсіресе, Абайдың өзі көздеген мақсаттан ауытқып, басқа рең (әрине, нашар) алған. Мұндағы кілт – ақыл, қайрат, жүректің философиялық астарында. Ақыл – суық, қайрат – көзсіз, жүрек – ыстық. Үшеуі біріккенде ғана толық адамдық мәнге ие боласың.

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,

Бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Орыс тіліндегі соңғы аудармада ұлы ақынның нақты ұғымы бұрмаланып, «зерек ақыл мұз қабаттарындай» «острый разум чист, словно плает ледяной» – деген теңеулік сипат алған. Абайда ол теңеуден, әсірелеуден көрі нақты ой басым. Ал екінші жолда:тентек жүректе – «ыстық аптап» делініп («В непослушиваемым сердце – кипуучий зной»), «ыстық жүрек»(бұл Абайда ыстық сезім, алғыр, сергек мағынасында) тентек мінезге ауысады. Ұстамдылықтың, талаптың, табандылықтың барлығы рухани қайраттан шығады деген ойды:

Терпливую мысль и пылкую страсть,

В силах ты обуздать лишь волей своей, -

деп жайдақтатады.

Біріншіден «сен» деген екінші жақтың сілтемесі жалған. Екіншіден: Абай шыдамдылық пен құштарлығыңды өзіңнің ерік - екпініңмен билейсің – демейді. Қайта олар: қайраттан қуат, нәр алады ғой. Ақын ойына қарама қайшы.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Аудармасы:

Только тот, кто сердце и разум скует,

Непреклонной волей – достигнет высот.

Осы жолдың 1945 жылғы үлгісіндегі:

Чувство, волю и разум сведи в одно,

Лишь тогда величье тебе суждено, –

деген тәржімасы түпнұсқаға бір табан жақын.

Абайдың айтып, мезгеп отырған «толық адамы» жұмбақ күйінде қалған. Абай:

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

 

Аудармасы:

Что без воли в стасти сила ума(?)

Неразумному сердцу – и в полдень тьма.

Осындағы сұрақ белгісі қойылған бірінші жол өз бетінше бөлек тұр. Қапаста қалған ессіз жүректі – шарасыз булыққан, тіршілік жанталасына құмартқан Абай бейнелеген образдың баламасына теңестіруге келмейді. Мұнда табиғат, болмыс стихиясының философиясы жатыр. 1945 жылғы тәржімада:

«Ноет сердце, постыла ему тюрьма»;

1985 жылғы нұсқада:

«Не разумному сердцу – ив полдень тьмо», –

деп, «тулап, қайнаған, шарқ ұрған жүректі» біресе түрмеге, біресе қапасқа түсіреді.

Егер сөз бен ұғымның бірлескен диалектикасын іздейтін болсақ, Абайдың жүрегі еркіндіктің белгісі емес пе!

Әрине, таза философиялық, танымдық категориялардың өлеңмен өрлеуі, поэзия тілімен баяндалуы – орыс поэзиясында қалыптаспаған дәстүр. Оның барлығын саралап, талдап жеткізуде қиындықтардың кездесуі заңды. Бірақ та одан қашып, автордың нұсқаған жолынан ауытқып, жеңілге жалт бұрылудың да қажеттігі шамалы. Ондай өзін-өзі ақтамайтын тәсілдерге әуестік Абай өлеңдерінің көптеген аудармасында ортақ кемістік ретінде көзге шалынады.

Әуеліде жоғарыдағы өлеңмен бірге, кейін дербес туынды ретінде басылған: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, құмарлық бір нәпсі үшін болады сол» – деген өлеңнен бір - екі мысал алай ықшы. Бұл екі тармақта құмарлық пен ғашықтың айырмасы – құмарлық нәпсіге ерік беретінін мегзейді. Оны аудармашы А.Штейнберг:

Две дороги – любовь и страсть – предо мной,

Похоть властвует плотью моей земной, – деп келтіреді.

Абайда авторлық «мен» жоқ. Екіншіден ұлы ақын «нәпсі менің жанымды, тәнімді билеп тұр» – демейді. Ғашықтық - «мен не болсам болайын, сен аман бол» дегізетін адамгершілікке жетелейді. Ал құмарлық нәпсіге итермелейді деп сөгіп, ескерту жасайды.

 

Абай:

Көңілімнің рахаты сен болған соң

Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.

 

Аударма:

Ты – мой разум! Ты волю мою взяла.

Без тебя в душе мгла и зола.

Абайдағы жан рахатын, нұрлы сезімді «мұнар мен күлге» айналдырған. «Нұрыңа жан қуансындағы» жарқын сүйініш көлеңкеге ауысып сала берген.

Абай:

Ғашық келсе жеңер бойыңды алып,

Жүдеген безгек ауру сықылданып

 

Аударма:

Я – твой твой раб, Истерзав и дразня,

Ты меня леденешь, сжигая меня.

 

Өзге ақынды білмеймін, дәл Абай өз сезімін, асыл сезімін қорлап «мен сенің құлыңмын» деп арзандатпаған. Қайта ондай жалғандықты сынап: «мұнда жоқ алтын иек, сарыала қыз… Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз, түбі терең сөз артық бір байқарсыз» – деп, жасанды әшекейден бойын аулақ салды емес пе?

Міне, Абай өлеңдерінің аудармасындағы екінші кемшілік.

 

3. «Жарқ етпес қара көңлім»«Вовек моя душа не расцветет».

 

Табиғат пен адам жанының құбылыстарын жарыстыра суреттеп, психологиялық параллелизм арқылы болмыстың көріністерін салыстырып, көңіл - күйді шебер жеткізу – Абай поэзиясының ерекше құдіретті қасиеттерінің бірі. Асылы мұндай тәсіл орыс поэзиясының да дәстүрінде бар, қалыптасқан нышандар. Сондықтан да таза ұлттық мінезге, тілдік әуенге құрылған өлеңдерге қарағанда өзге тілге тәржімалануы соншалықты қиынға соқпайды. Бейнелеу мен салыстырулардың өзара тұтастығын, үндестігін сақтап, ыждаһатты ізет қойса – діттеген мақсаттың шыңына шықпағанымен, деңгейлес дәрежеге жеткізуге болады. Өкінішке қарай, Абай поэзиясының жолы бұл орайда да ауыр болғанын төмендегі мысалдар дәлелдейді. Әрине, деңгейлес дегенде, біз бұл өлеңдегі әр сөздің баламасының орыс тілінде кездесетіндігін, ұғымдық мағыналарының нақты берілу мүмкіндігін мегзеп отырмыз.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 321; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.127 сек.