Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 53 страница




1904 жылы мамыр айында өзінің күтушісіне айтқан аян-үкімі орындалды. Қыр еліне исі Еуропа мен Шығыстың мәдениетін сепкен Абайдың дәстүрін ілгері дамытады деген ең сүйікті шәкірті, үшінші ұлы Мағауия ауыр дерттен дүниеден қайтты. Бұл – Абайдың рухани үмітінің үзілуі еді. Құсаға құса қосылып, қайғыға қайғы жамалды, Абайдың жүрегін аза жайлады. Өлімнің жақындағанын сезген ол Мағауияның қырқын мерзімінен үш күн ерте бергізіп, үшінші күні бетін ел-жұрттан теріс қаратып жатып, Шыңғыстаудың сыртындағы Балашақпақ деген жерде дүниеден өтті. Оның денесін сырғауыл бесікке салып, жүз шақырым жердегі Жидебайдағы қыстауға әкеп жерледі. Абайдың қырқын Семей қаласында берді. Сол күні түнде үлкен ұлы Ақылбай кенеттен қайтыс болды. Абай ауылы үш бірдей өкінішті қазаға ұшырады.

Сол жылы ел ішінде жұт болып, мал мен жан күйзеліске түсіп, қазақ ұлты қатты қиналысқа жолықты.

Шындығында да, бұл бүкіл Абай тұқымының басына түскен зауалдың басы еді. Жыл өткен сайын өлімге өлім, азапқа азап қосылып, бір кезде исі қазаққа үлгі болған ұрпақтан XXI ғасырға жалғыз ғана тұқым аманат жетті. Екі некеден туған жеті ұл, үш қыздан қалған ұрпақ сол ғана. Олар тосын дерттен кеткен жоқ, барлығы да патшалық, содан кейін кеңестік жазалау саясатының құрбаны болды. Қуғындау мен жер аударылудың нәтижесінде Абайдың ата мекенінде бірде-бір тұқымы тұрмайды. Бұл қазақ тұрмысыңда кездеспейтін аса қасіретті көрініс. Бұл мағлұматтарды айтпай Абайдың үрім-бұтақтарының басына түскен зауалды түсіндіру және түсіну мүмкін емес. Исі адамзаттың қазақ даласындағы ақыл-ойының шамшырағы атанған Абайдың артында тірі қалған ұрпақтары да осал емес болатын. Олар әке ісін одан ары жалғастырды. Шығыс халықтарында әке дәстүрі қатаң сақталғандықтан да, ұлы ойшылдың ұрпақтары әкесіндей болмаса да, соған ұқсап бақты, соның жолын ұстады. Өкінішке орай, қазақ ұлтын бодан еткен Ресей империясында азаттық пен демократияға, рухани бостандыққа жол ашыла қоймады. Патша тұсында да, кеңес өкіметі кезінде де ұлттың зиялыларын жаппай жазалау, бас еркін шектеу, мысын басу, атып, жер аудару саясаты мемлекеттік басты шараға айналды. Сондай ауыр да қасіретті күй ең бірінші Абай ұрпақтарының басына төнді. Бұл жөнінен алғанда, Абайдың шығармаларынан гөрі үрім-бұтақтарының жолы болмады.

Абай үш рет неке қидырған. Ең үлкен бәйбішесі Ділдәға он алты жасында үйленген. Ол қазақтың аңызға айналған биі Қаз дауысты Қазыбектің тұқымы, Алшынбайдың Жүсіп деген баласының қызы. Ділдә Абайдан екі жас үлкен болатын. 1924 жылы мойынсеріктің тұсында дүниеден қайтты. Ділдәдан Ақылбай (1861-1904), Әкімбай (1866-1874), Әбдірахман (1869-1895), Мағауия (1870-1904), Гүлбадан (1863-1932), Райхан (1871-1896) атты алты бала көрді. Ал екінші әйелі өзі ұнатып қосылған Айгерімнен (1856-1918), Тұрағұл (1875-1934), Мекайыл (1884-1931), Ізқайыл (1895-1929), Кенже (қыз, 1901-1932) есімді төрт бала дүниеге келді.

Абайдың көзі тірісінде және өзімен қатар өлген балаларынан басқаларының барлығының да 1924-1934 жылдардың арасында шаһит болғанын жақша ішіндегі цифрдан байқауға болады. Бұған сол жылдардың аумағында көз жұмған 8 немересін, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жеті шөбересін қоссаңыз, ұлы ақынның ұрпақтарының қандай заман зауалына ұшырағанын аңғару қиынға соқпайды.

Қазақ дәстүрімен үйленген үшінші әйелі Еркежаннан бала сүймеген. Абайдың інісі Оспаннан көтерген Еркежанның сәбилері ерте шетінеп кеткен. Абай осы Еркежанның отауында дүние салды.

Кеңес өкіметі тұсында жалғыз Абайдың емес, Абайдың әкесі Құнанбайдың да өзге балалары қуғынға түсті. Оның басты себебі: Құнанбай кезінде тек төре тұқымдары ғана сайланатын аға сұлтандық қызметке сайланып, "қарадан шыққан хан атанғандығы", Меккеге барып қажылық етіп, қасиетті қалаға "Тақия – мейманхана салдыруы еді. Қарағандыға қарайтын Қарқаралы қаласындағы "Құнанбай мешіті" әлі де бар. Құнанбай да, Абай да және өзге де тұқымдары 1924 жылға дейін өз аймағындағы билікті өзгеге бермеген болыс, билер еді. Сондай-ақ заманның ауқымын, дүние өркениетінің бағытын, ел болашағын, күнделікті саясаты және оның астарын қалт жібермей бағып, өзіндік бағдар жасап, іс-әрекетін белгілейтін өте сауатты, елін сүйген, талантты тұқым болатын. Ол екі биліктің тұсында да жалған даурықпаға ілеспеді.

Абайдың үлкен ұлы Ақылбай ақын, композитор болды. Ол Кавказдағы ұсақ ұлттар өмірінен "Дағыстан", Африкадағы тайпалар туралы "Зұлыс", Шәмілдің ұлт-азаттық көтерілісі жөнінде "Шәміл" дастандарын жазды. "Ақылбайдың әні" атты ән осы күнге дейін ел ішінде аса ынтамен тыңдалады. "Жаррах" деген дастаны бүгінгі күнге жетпеді. "Медғат-Қасым" дастаны ғана сақталған. Абайдың қолжазбалары мен балаларының шығармаларын және суреттерін, үй іші заттарын конфискеге ұшыраған тұсында Жағыпар Мағауияұлы оны Ділдә мен Әйгерімнің зираттарының қасына көміп кетеді. Ищағы Жағыпарқызы елуінші жылдары арнайы топпен іздеп барып қаздырғанда көмбені біреу ұрлап әкеткені анықталады. Сөйтіп, бұл – Абайдың және оның балаларының рухани тоналуы болып шықты.

Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман Томскіде, одан кейін Санк-Петербургтағы Михайлов артиллерия училищесінде оқып, әскери қызмет істеп жүрген кезінде Алматы қаласында сырқаттан қайтты. Оның Рахила атты жалғыз қызынан қалған Ай (Мағрипа) Бестәмиқызы Жаймурзина Алматы қаласында тұрды.

Тағдыр зауалына ұшырап, ерте дүние салған осы үшеуінен басқа Абай тұқымының барлығы да кеңес тұсында әділетсіз қуғын-сүргіннің кесірінен қаза тапты. Шыққан тегі бай болғандықтан да Абай шығармалары 1933 жылға дейін дау-дамайдың арқауы болды. Одан кейін де оның көзқарастары бұрмаланып көрсетіліп келді. Ұлттық бодандық, рухани бостандық, діни еркіндік, таным қақындағы шығармалары теріс түсіндірілді. Ал 1927-1931 жылдардың арасында Абай тұқымының бірде-біреуі өзінің туған жерінде қалмады. Сол кездегі үштіктің тілімен айтсақ "байшыл-буржуазияның кәкір-шүкірінен (халам) толық тазартылып, тамырымен жұлынып бітті".

Абайдың Әйгерімнен туған үш ұл, бір қызы бұл азапты түгелдей бастарынан өткерді. Ел ағасының орнын Тұрағұл Абайұлы басты. 1917 жылы қазақтың тұңғыш саяси партиясы "Алаштың" басқарма мүшесі, халық биі болды. "Алашорда" үкіметінің құрамына кірді. 1919-1920 жылдары кеңес үкіметі алаштықтарға кешірім жариялаған соң Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов іспетті мемлекет қайраткерлері Тұрағұл Абайұлының аулынан баспана тапты.

Қазақ автономиясының "Алаш Орда" үкіметінің негізін қалаушылар тұтқындалған кезде Тұрағұлға да тергеу жүргізілді. 1927 жылы жер аударылды. Баспалап жүріп Ташкент қаласының маңына орналасты. 1932 жылғы ашаршылықта Алматыға келіп, түрмеден жаңа ғана босаған жазушы Мұхтар Әуезовтің көмегі арқылы үкімет басшысы Ораз Исаевқа жолықты. Ол осы 1932-1933 жылдары "Әке туралы" естеліктер мен "Абай шығармаларының жазылу тарихы" атты еңбектерін М.Әуезовтің үйінде жатып жазды. Бұдан бұрын да М.Горькийдің, Неверовтің, Дж.Лондонның әңгімелерін қазақшаға аударған болатын. Қуғынға ұшыраған Тұрағұл Абайұлы 1934 жылы Шымкент қаласында жасырынып жүріп Мәкен деген қызының қолында қайтыс болды. Сүйегі Шымкенттегі қорғасын заводының астында қалды.

Ізқайыл мен Мекайыл Абайұлдарының тағдыры да осының керін құшты. Ізқайыл 1929 жылы қуғын мен тергеудің нәтижесінде 34 жасында өмірмен қоштасты. Ал Мекайыл Абайұлы мен Шәкерім Құдайбердіұлының өмірін кеңес өкіметінің жалдаптарының туралап атқан оғы қиды. Шәкерім Құдайбердіұлы – Абайдың немере інісі, Құнанбайдың Құдайберді деген баласынан туған. Жасынан жетім қалғандықтан Абай бауырына салып тәрбиелеп өсірген. 1905-1906 жылдары Стамбол, Қаир, Бағдад, Мекке шаһарларына сапар шегіп, қажылықпен қоса кітапханаларды да қарап шыққан. Лев Толстоймен жолығып, Шопентауэрдің философиялық ілімдері туралы пікір алмасып, хат жазысқан. "Жолсыз жаза", "Қалқаман-Мамыр", "Қазақ-қырғыз һам хандар шежіресі", "Әділ мен Мария", "Үш анық", "Ләйлі-Мәжнүн" іспетті дастандар мен прозалық романдардың, философиялық толғаулардың авторы. "Алашорданың" төбе биі болған.

1907 жылдан бастап Шыңғыс тауының сыртындағы жалғыз үйлі тошаласына жеке қоныстанып, жалғыз өзі өмір сүрген. Жиырмаға тарта ән шығарған. Қазақтың философиялық поэзиясы мен философиялық ағымының негізін қалаушылардың бірі.

1931 жылы Шыңғыстау ауданының тұрғындарының барлық малы тартып алынған соң ел-жұртты ашаршылық жайлады. Бұған шыдамаған халық кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске шықты. НКВД-нің А.Қарасартов бастаған жалдаптары иен қыстауда жалғыз жатқан Шәкерімді ұстап, далада атып өлтірді. Сүйегін құдықтың ішіне тастайды. Араға тура 30 жыл өткен соң Ахат Шәкерімұлы әкесінің сүйегін тауып алып, Абайдың Жидебайдағы зиратының қасына жерлейді. Абайдай кейінгі қазақтың ұлы ақыны, философы 1989 жылы ғана ақталды. Ол орыс, фарсы, түркі, араб тілдерін жетік меңгерген еді.

Мекайыл Абайұлы да сол 1931 жылғы қарулы көтерілісті ұйымдастырушылардың қатарында ұсталып, Абайдың күйеу баласы Саниязбек Медеуұлы Оразбаевпен бірге атылып кетті. Бұл көтерілістің әділетті іс үшін басталғанын тарих ақтады. Мекайыл Абайұлы қазақ халқын жорта ашаршылыққа ұшындырып, даланы олардан босату туралы әуелде патшалық самодержавие жоспарлаған, кейіннен больщевиктер, сталиндік-голощекиндік "коммунистік колонизаторлық" (С.Сәдуақасов) жүйе жүзеге асырған қырып-жою әрекетіне қарсы күресіп, елінің қамы үшін қаза тапты.

Абайдың белінен тараған ұлдарының көзін осылай құртқан кеңес өкіметі оның немерелерін де жазасыз қалдырған жоқ, Бішкек, Ташкент, Тоқмақ, Жамбыл қаласына жер аударылған немерелері ашаршылықтың зардабын тартып, саяси қуғынның сүргінінде жүріп қиыншылықпен көз жұмды. Әубәкір Ақылбайұлы асқан шешен, кісіні бетке қаратпайтын суырып салма ақын болған. Інісі Исрайылмен қосылып Огинскийдің "Полонезін", Моцарттың "Түрік шеруін", татардың "Бала Мискенін", "Цыган қызы Аза" тағы да басқа романстар мен қазақ күйлерін скрипка, мандолин, домбыра, сырнай, гитараға қосып, оркестрмен музыка ойнайтын болған. Бұған бүкіл Абай ұрпақтары қосылған. Оларға еуропалық өнерді арнайы үйреттірген Абай еді. Ақылбайұлы Әубәкір "Шыңғыс таумен қоштасу" атты өлеңінде өзінің тағдырын, қуғынға, тәргіге, ашаршылыққа ұшырағанын толғана жариялайды. Ақыры, босқында жүріп көз жұмды. Зүбәйір Тұрағұлұлы осындай тауқыметпен 1933 жылы пәнимен қоштасты. Абайдың аса бір үмітті немересі Жебірейіл Тұрағұлұлы 1930 жылы Ташкент қаласында Орта Азия ауыл шаруашылық мақта институтында оқып жүргенде өлді. Әнші, әдебиетші, күйші болатын.

Абайдың үміт еткен сүйікті ұлы, еуропалық романдары мен өнерін ел ішінде насихаттап, ауызша таратушы, әдебиет сыншысы ретінде танылған Мағауия Абайұлының отбасы да ауыртпалықты көп көрді. Абайдың бірінші әйелі Ділдә 1924 жылы кей деректе 1926 жылы. Біз М.Әуезовтің дерегіне жүгіндік кіші ұлы Жағыпардың қолында дүние салды. Жағыпар 1927 жылы тәргіге түсіп, бас паналап орыс ішіндегі Ульба-форфост деген жерде қоныс аударып, мұғалімдік етеді. Мағауияның әйелі Дәмегөй және Мұхтар Әуезовтің жары болған, таптық тұрғыдан күйінді боп, арандатушылардың кесірінен ажырасып тынған Кәмилә Мағауияқызы Қазақстан мен Қырғызстанның біраз жерін қайғылы қам көңілмен аралап, өмір сүру үшін қажырлықпен талпынып, ақыры ашаршылықтан сүзіліп жүріп, Арқаға аты шыққан ару осы Жағыпардың шаңырағында 1932-ашаршылық жылы дүниенің опасыздығы туралы опық жеп жатып күрсіне көз жұмды. Араға екі жыл салып барып Жағыпар да өмірмен қоштасты. Сөйтіп, 1934 жылы Абайдың ең соңғы ұлы мен немерелері толықтай "тамырымен қиылып", кеңес өкіметі мақсатына толық жетті.

Тек Бішкекке кетіп (жер аударылып), ашаршылық жылдары тігіншілік өнері қолғабыс тигізіп, базарға тақия, қамзол, орамал іспетті ұсақ-түйекті тігіп, соны сатып күнелткен Уәсилә Мағауияқызы ғана аман қалды. 1934 жылы қазақтың опера және балет театры ашылғаннан кейін Мұхтар Әуезов Уәсиләні сонда ұлттық киім тігетін шебер етіп орналастырды. Уәсилә өте зерек, алғыр, Абайды көзі көрген парасатты адам еді. Ол өзінің тігіншілік өнері арқылы жиырма жылдың ішінде толықтай жоғалуға айналған ұлттық өрнектер мен киім үлгілерін қалпына келтіріп, қазақ өнерінің жаңа арнасының дамуына зор үлесін қосты. Уәсиләнің үлгісімен тігілген киім-кешектер Абай атындағы опера және балет театрының, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында әлі де пайдаланылып келеді. Қазір де соған қарап көшпелі өмір тұсындағы қазақтың киіз үй жиһаздары мен киім үлгісін, ою-өрнектерін, қолданбалы өнер бұйымдарын сол Уәсиләнің үлгісіне қарап жасайды. Уәсиләнің және Бәстәми Мұсабаевтың, Әрхам Ысқақовтың, Қатпа Қорамжановтың (Абайдың күтушісі болған) әңгімелерінің негізіне сүйене отырып, Абайдың рухани баласы Мұхтар Әуезов "Абай жолы" эпопеясын жазды. Ол дүние жүзінің отыздан астам тіліне аударылды. Лениндік және Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Уәсилә Мағауияқызы 1954 жылы Алматыда жерленді.

Тағдырдың тәлкегімен сан-саққа бытырап, әр жердегі балалар үйі мен жатақтарда өмір сүрген Абайдың шөберелері бір-бірін жақын танымастан Ұлы Отан соғысына аттанды. Ғабдісәлам және Әлихан Әубәкірұлы Ақылбай немересі, Енгіман мен Ехсан Әбдірахман немересі, Берекехан мен Жошыхан Мағауия немересі, Ғұзайыр мен Әлішер Мекайылұлы Абай немересі, Тоқташ Зікайылұлы Абай немересі, Алпаш (Алыпарсылан) Жебірейілұлы Тұрағұл немересі және Ищағы Жағыпарқызы Мағауия немересі, жиыны он ұл бір қыз майданға қатысты. Олардың арасынан екеуі ғана Алпаш Жебірейілұлы мен Қиыр Шығыста авиаполкта болған Ищағы Жағыпарқызы ғана аман оралды. Алпаш Жебірейілұлы 1990 жылы Алматыда қайтыс болды.

Тағдыр тозағының торынан сүзіліп шыққан Абай ұрпақтарының XXI ғасырға тірі жеткендері – Мәкен Тұрағұлқызы Абай немересі (2000 жылы дүниеден қайтты), Ищағы және Ғазел Жағыпарқыздары, Ай (Мағырипа) Әбдірахман немересі, Күлзипа және Нәзипа Исырайылқыздары Ақылбай немересі. Ұлдан жалғыз-ақ еркек кіндікті қалды. Ол – Айдар Бағыфурұлы Ақулбаев, 1949 жылы туған. Геолог. Оның жалғыз ұлы Данияр Санкт-Петербургтегі гидрометерогеология институтының мұхиттану (океанология) факультетін тәмамдады. Қазақтың тұңғыш Жан Кустосы бола ма, жоқ па, оны болашақ көрсетеді. Ал ондай мүмкіндік Даниярдың тегінде (генасында) бар. Бұл шежіреге қазақ дәстүрі бойынша Әбдірахманнан басқа қыздан тараған тұқымдарды қосқамыз жоқ.

Айта кететін бір жайт, қудалауға түскен тек қана Абай ұрпақтары емес, исі Ырғызбай тұқымдары да сол күйді басынан кешірді. Соның ішінде Абаймен бірге туысқан он баланың біреуі Смағұлдың үрімі еш хабарсыз ғайып болған. Абайдың тұңғыш кітабын 1909 жылы Сант-Петербургтан шығарған Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың Даниял атты мемлекет қайраткері болған ұлы 1930 жылы бір рет ұсталып босатылды да, 1937 жылы ату жазасына кесілді. Әрхам Кәкітайұлы Абайдың Семейдегі мұражайының іргесін қалады. Ақын турасында естелік қалдырды. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге көп үлес қосты. Әрхамның үрім-бұтақтары өзінің туған жерінде тұрады.

Сондай-ақ 1927-1931 жылдары Ырғызбай тұқымдарын жаппай жазалау науқанында большевиктік террор мен "коммунисттік колонизаторлық" саясатқа қарсы болған Абайдың бірге туған ағаларының балалары Бердеш Құнанбаев пен Зият Шәкерімұлы Құдайбердиев 1931 жылы Қытай жеріне ауып кетті. Зият Шәкерімұлы Шығыс Түркістанда мәдени үйірме ашып, газет шығарды, ойын-сауық үйірмесін құрды. 1938 жылы НКВД-ның барлаушылары ұстап әкетті. Зиятты Монғол Республикасында атылды деген жорамал бар. Анық-қанығы белгісіз. Зият пен Бердештің балалары елуінші жылдардың аяғында қазақ еліне қайтып оралды. Олардан еркек кіндікті ұрпақтар бар. Бердеш Әзімбайұлы отанына қайтып келген соң да тергеуге алынды. Бірақ жаппай кешірім жариялаған жарлық шыққан соң босатылып, өзінің туған жерінде қайтыс болды.

Сөйтіп, соңғы жетпіс жылдың ішінде Абайдың екі әйелінен туған 10 баласы мен 19 немересінен жалғыз-ақ ұл бала қалды.

Шәкерімнің Сүфиян, Ғафур, Қабыш атты ұлдары да кеңестің қуғынында ажал тырнағына ілікті. Ғафур 1929 жылы түрмеде өзіне-өзі қол салды. Скрипкашы, музыкант, ақын Қабыш Шәкерімұлы 1932 жылы ашаршылықта айдалада қаңғып өлді. Кәмилә Ғафурқызы тірі. Ахат Шәкерімұлы ұзақ жылдар бойы шет жақта тасаланып жүріп, 1961 жылы елге қайтып оралды. 1984 жылы дүние салды. Дәулет Физулиұлы Ахат немересі Алматыда.

 

 

ІІ

 

Үшінші мың жылдық басталғанда Абайдың соңғы немересі, тағы бір жақсының көзі өмірден өтті. Қазақ руханиатын Абайдың рухымен жалғастырып тұрған соңғы кіндік жіп үзілді. Құнанбай әулетінің басына түскен тағдыр тауқыметінің бәріне төзіп, ер тұлғалар шыдамаған «заманың илеуіне» (Абай) шыдап, қасарыса күрескен «жан қуаты қайратты», жүрегі нәзік Абай мен Әйгерімнің немересі Мәкен Тұрақғұлқызы тамыз айында сексен сегіз жасында фәниден бақиға аттанды.

Сонымен… Абайдың соңғы немересімен де мәңгілікке бақұлдастық. Енді «атадан – алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ», – деп күңіренген Абайдың соңында көңілге медеу тұтарлық ер тұяқ – шөпшек қалды. Оған да тәубә.

«Ух» деп қойып демін ішіне алып, терең күрсініп қойып, сондай бір жалынды қуатпен сөйлеп кеткенде адамды мысы басып, біресе тебірентіп, біресе уайымдатып, біресе серпілтіп, сенің ақыл - ойынды, сезім - жүйкеңді арбап алатын. Кейде өзімси жаныңды ерітетін, кейде әлдекімге наласын білдіріп күңірене жөнелгенде, өзегіңді өртеп жіберетін. Әкесінің (Абайдың) екі - үш өлеңін жатқа айтып, оны талдап: «Заманның мына күйігі сол емес пе», – деп тәмсілдеп барып басылатын, жоқ, онымен басылмайтын…

Сол бір сәтте шыңыраудан көтерілген теңіздің толқыны сияқты тұла бойын әлдеқандай күш керней бастайтын. Тыныс алған сайын кеудесі көтеріліп, көзі оттанып, бойы тіктеліп, артық дыбысты жақтырмай шамырқана, екі жаққа кезек тербеліп, кенеттен… ән шырқай жөнелетін.

Сонда әлгі тар кеудеден ғаламат бір күңіренген сарын шығатын. Дыбыс тамағынан емес, жүрегінің қабы ашылғандай қозғалатын. Ондайда Мәкен апайдың бүкіл денесі қобыз боп кеткендей көрінетін. Және дауысы өзіне бағынбай, кең ғаламға қарай алып қаша жөнелетін. Оған өзі де ие бола алмайтын. Қаншама шебер деген дыбыс режиссерлерінің өзі микрофонды біресе алыстатып, біресе жақындатып, жарғағы жарылып кететіндей көруші еді. «Сәл даусыңызды басыңызшы» – деген өтінішке қатты налып: «Ей, сендер менің сөзіме иелік етіңдер. Әніме тиіспендер. Тура реті келгенде өзім сүйсініп айтпасам жыным тарқамайды. Ішімдегі өмірдің татын әнмен жуамын. Маған сендер түгіл Мұхаң да, Ерзакович те тиым сала алмаған», – дейтін…

Міне, сол көмекей – қобыздың да үні үзілді. Ол дауыста ұлы Абайдың күрсінісі, жаны, қуаты, рухы бар еді.

Жазмыш Абай мен Әйгерімнің некесінен туған үрім - бұтаққа ерекше мінез бен тағдыр берді. Мекайыл өжет, билік тізгіні қатты, өзгенің тағдырына екпіндей араласып, өзін өзге үшін отқа салатындай істің адамы ретінде ел есінде қалыпты. Алаш ардагері Әлихан көсемнің Мекайылдың бойындағы ерекше ұнататын мінезі де сол екен. Сол Мекайыл 1931 жылы Семейдің 70 - ке жуық ел ағаларымен бірге бір түннің ішінде атылып кетті. Тұрағұл – сабырдың, ақылдың, түпкі ойдың иесі, алаштың қайраткері болды. Әлекең – Әлихан, Ақаң – Ахмет, Жақаң – Міржақып, Халел Ғаббасов оны өздеріне тең дос тұтты. Заманның барлық тепкісін ақылмен жеңді. Ең соңында… Мәкен апайдың қолында Шымкент қаласында лашық үйдің бұрышында жасырынып жүріп дүниеден өтті, жасырын көмілді, зираты да сол жасырын күйінде қалды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 446; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.038 сек.