Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 54 страница




Ал Абайдың еріні тиіп, еркелеткен, бауырына салып ұнатқан, алдына алып жұбатқан немересі Ақылия (Ақыш) апай шынында да ақылдың кені, мейірімнің қайнары еді. Мәкен апай екеуі қатар отырғанда бірін бірі керемет толықтыратын және қаншама адуынды болса да Ақыл апайдың көзінше еркін сөйлемейтін. Тәрбие деген сол. Мәкен апай сондайда рахаттана бір күліп алып: «Майысқақ Қаратай атамыз: Алла Ырғызбайдың тұқымын ерекше жаратқан. Жақсылықты берсе – үйіп - төгіп, «неғылайынсыз» бір - ақ береді. Оның есесіне жаманын да елден ерекше жаман қып жаратады – деген екен. Мен соның жаманы шығармын…» – дейтін.

Сол «жаманның» өзі бүгінгі күннің данышпанымен пара - пар еді - ау. Бір отырыста апалы - сіңілі екеуі шүйіркелесе келіп: «Әй, балам! Біз сырымызды жасырып үйренген жанбыз. Көп нәрсені, оның ішінде адамды да таңдайтын кірпияздығымыз бар. Біз Мұхтардың алдында ғана еркін ашылып, шындықты айтушы едік. Елді білетін, жөні қарақты бір адам шықса тілдесейік деп едік. Саған, балам, көңіліміз ауып отыр. Тек мына мәселелерді сыртқа шығармаймын деп уәде бер. Бізді айтсаң сенен ешкім сыр жасыра қоймас», – дегендерін қалай ұмытарсың. Содан бастап Шыңғыстаудың шежіре қарттары бауырына басып, өз баласындай көре бастады. Ол сонау 1976 жылдың қыркүйек айының 27 күні еді.

Міне, енді Ақыл апайдың дүниеден қайтқанына он жылдан кейін Мәкен апай да мәңгілік мекеніне аттанды.

Ақылия мен Мәкен апай екеуі де өзінің төркіндері туралы өте сараң әңгімелейтін. Ақылия апайдың ұзатылған жері – атақты Оразбай Аққұлыұлының ауылы. Абай мен Оразбай екеуі: «Мәңгілік қастық жоқ, мәңгілік достық бар. Соның белгісі болсын», – деп екеуі де сол кезде бауырына басып отырған немерелерін – Медеуұлы Санияз бен Тұрағұлқызы Ақылияға бесікқұда болған. 1917 жылы Санияз бен Ақылияның тойына арнап Мұхтар Әуезов «Еңлік – Кебек» пьесасын жазып, Ойқұдықта Әйгерім мен Кенженің (Абайдың қызы) отауында сахнаға шығарды. Санияз «Алаш» әскерінің офицері болды. 1931 жылы кеңес өкіметіне қарсы көтерілісті бастаған қайын ағасы Мекайыл Ибраһимұлы екеуі бірге атылып кетті. Олардан қалған жалғыз ұлы сексенінші жылдары дүниеден қайтты. Отызыншы жылдын бастап Ақылия апайдың төркіні туралы тіс жармауы сондықтан.

Ал Мәкен апайдың төркіні – Абайдың соңғы қосағы Еркежанның бауыры Мұхамеджанның ұлы Ұлықбек еді. Жиырма жетінші жылдан бері басы қосылған бұл шаңырақ Абай тұқымдарының иығына түскен ауыртпалықтың бәрін көтерді. Ұлықбек ағамыз қазақтың қабырғалары заңгерлерінің бірі еді. Өмір бойы заң саласында істей жүріп шамасы келгенше Құнанбай тұқымдарын пәле - жаладан құтқаруға тырысты. Отыз бірінші – отыз екінші жылдары ашаршылық пен тәркілеу тұсында Үржар ауданында сот бола жүріп, қуғынға ұшыраған Абайдың тұқымдарын қамқорлығына алды. Кеше ғана өмірден өткен Шәкір Әбенов те сол үйдің «бұтағына қонып, мәуесін татып, аман қалды» (өз сөзі). Ол кісінің Құнанбай ұрпақтары жер аударылған Жамбыл, Шымкент, Сарығаш өңіріне қызметке баруының бір астары осында жатыр еді. Соның барлығының ұйытқысы Мәкен апай болды. Ол кісінің «ырғызбайлығы» сол қиыншылық тұсында да ағайынын бауырына тартып, басын қосып, пәле - жалаға ұрындырмай алып шығуында еді. Соның өзінде де: «Әсіресе, ұлдарға қамқорлығым аз тиді. Соғыс жалмап қойды, әттең… Әттең…», – деп көзінің жасы мөлт - мөлт тамып кетуші еді.

Өзі сөйлеп, өзі күрсініп, өзі күлдіріп, өзі мәселе қойып, өзі шешетін қайран жақсының көзі! Бір сәт дана, бір сәт бала сияқты еді. Өзі де еркелей білетін, сені де еркелетуші еді. Алды кең, барынша еркіндікті ұнататын, тымпиып отырсаң кәдімгідей ұрысқансып. «Кісімсімей, тымыраймай ашық отыр. Сенен басқа кімді ертіп жүрміз. Үйбай, Абайдың бір ауыз сөз білмейтін тұқымдары келді демей ме? Ұрттайтыныңды – ұртта, жалайтыныңды жала. Бірақ танытымай сөйлеп үйрен!», – дейтін де өзі үлгі көрсетуші еді. Сол сөзді малданып тым еркінсіп кеткен тұстарда болды - ау. Болды, Мәкен апай. Қаншама егде тартты дегенмен кездесуде болсын, жүріс - тұрыста болсын алдындағы қауымның назарын бір уыста ұстаушы еді. Соған қарамай жол жүргенде қандай да азап болсын қатты шыдамдылық танытып, қайсарланып, сол қиыншылықты шешуге өзі белсене араласып кететін.

Бір жолы Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңында Мәкен апай мен Ищағы Мағауия немересі үшеуімізді Өзбекстанның Гагарин қаласының тұрғындары кездесуге шақырды. Пәленбай мың шақырым және Шымкенттен ары көлікпен бардық. Мәкен апай бес күндік жүріске шыдап қана қойған жоқ, мінез де танытты. Қайтарда түн ортасында бізді Шыменттің қонақ үйіне жүргізуші әкеп тастады да «қош болың» десті. Әрине, орын жоқ. Мен жерге ұяттан кіріп барамын. Бір уақытта Мәкен апай: «Ей, сен неменеге жасисың. Біз сен үшін жүргеміз жоқ. Әкеміз үшін жүрміз ғой. Сені біз күтуіміз керек. Қане, отыр мыналарға ие боп. Мен көрейін» – деді де ерекше қайратпен орнынан тұрды. Сол кездегі облыстық әкімнің орынбасары Оразгүл Арынғазықызын түнгі сағат екіде оятып алды. Жарты сағаттың ішінде қонақ үйді аяғынан тік тұрғызды, директорын үйінен алғызып, бір бөлмеге әуелі мені орналастырды. Апалы - сіңлі екеуі директордың жеке бөлмесіне түнеп шықты. Таң ата Оразгүл бегім келіп, ерекше күтіммен шығарып салды.

Ол кезде Мәкен апай сексеннің үшеуінде еді. Қандай күш - қуат, қандай кішіпейілділік, қандай «ырғызбайлық»десеңші! Міне, тектің тегеуріні деген сол шығар!

Отарбаға отырғаннан кейін Мәкен апай ал кеп әңгімені ағытсын. Сөзін жазып үлгере алар емеспін. Апайдың сол көңіл - күйін пайдалана қойып, бұрыннан көкейімде жүрген тылсым сұрақтарды қоямын. Бұрын сөзін бөлгенді ұнатпайтын. Бұл жолы «Тоқтай тұрыңыз» – десем тоқтайды. «Бастаңыз» десем – бастайды. Сондай бір шүлен мінезі! Бұл өзінің түндегі қайратына риза болған, бетінің қайтпағанына масаттанған, мына жол азабына шыдағанына қуанған, әлі де бойында тың күштің бар екенін медет тұтқан нағыз ырғызбайлығы ұстаған дүлдүл шағы еді. Сол жолы Құнанбай мен Нұрғанымның некесінен ұл бала болғандығын, оның үш жас мөлшерінде оқыс оқиғадан қаза тапқанын естідім.

Осы деректің өзі - ақ Мәкен апайдың есімін мәңгі құрметтеуге толық жетіп жатыр. Алысып – беріскен уағда бойынша ол оқиғаның жай - жапсарын ашып жатпаймын.

Ал Мәкен апай қазақ руханиятына тек қана Абайдың немересі болғандығы үшін ғана қымбат емес еді. Қазір Абай әндерінің саны қырықтан асады, алпысқа жақындайды деп айтып жүр. Нотаға түсіп, таратылғаны 16 ән. Соның негізгілері Мәкен апайдың айтуымен сонау отызыншы, қырықыншы жылдан бастап нотаға түсірілген. «Ақылбайдың әнінің» ұзына мақамы мен сөзін Мұхтар Әуезовтің есіне салған да осы кісі. Құнанбай әулеті туралы қаншама деректерді таратып берді десеңізші. «Әкемнің (Абайдың) мына әні дұрыс жетпей жүр» – деп жаздырған әндері қанша… Күні кеше Жәнібек шырқап, қалың қазаққа жайған Мұхамеджанның «Қайран, жастық» әні ше… Тіпті Абайдың өлеңін дәл сол Мәкен апайдай тұшынып оқитын адамды табудың өзі енді қиын шығар! Қайран, Абайдың көңіл таты қаймақтана жұққан апай!

Өмір дегеннің табасын қойсаңшы. Абайдың кіндігінен тараған төрт адам өзін соңғы сапарға шығарып салуды аманаттап еді. Қашық сапарда жүргендіктен Мәкен апайға топырақ сала алмадым. Сіздің ата - бабаңыз жақын араласқан, ең аяулысы – Көпбейіт сияқты қонысын да Абайға жайлатқан Мағауия қарияның немересі Мұхтардың: «Абайдың тұқымын біз жоқтамасақ – кім жоқтайды. Атаусыз қалмасын!» – деген уәжімен бағышталған осынау аза сөзімді – менің Мәкен апайдың қабіріне салған бір уыс топырағым деп есептеймін.

Қазақ руханияты үшін Мәкен апайдың дауысы өшпейді. Иә, жаңа мыңжылдық Абайдың немересінсіз басталып барады. Өкінішті. Бірақ қазақ елі Абайсыз өмір сүрмейтіні кәміл. Ендеше, Мәкен Тұрағұлқызының да шырағы жарық болады деген сөз.

 

 




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 307; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.014 сек.