Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 44 страница




Даналардың ой тоғысуы – тұңғиық тылсым. Оған бойлау-ақылға сын. Монтень мен Абайдың арасындағы философиялық ойлардың үндестігі соны аңғартады. Бұл мұратқа жеткізетін жалғыз-ақ жол бар. Ол – таным. Ал ең қиын жол – таным жолы. Сондықтан да ойымызды:

"Жоғарыдағы талдаған пікірлеріме қайта оралып, қадағалап айтарым мынау: ең бастысы – талғам мен ғылымға деген махаббатты ояту, онсыз біз кітап кемірген есектерді ғана тәрбиелеп шығарамыз", -деген Монтеньнің сөзімен аяқтаймыз.

Абай мұны:

"Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі – ақымақтылық", -деп қысқа қайырады.

Ал бізге бұған қосылудан басқа амал қалмайды. Себебі жөн сөзге қарсы шығып: кімнің "есек" немес "ақымақ" болғысы келеді дейсің.

 

 

20. "ОЙЛЫ АДАМҒА ДҮНИЕДЕ ТҮК ҚЫЗЫҚ ЖОҚ..."

(Абай және көне қытай философиясындағы "өлім" мәселесі)

 

Өлімге өлшем жүрмейді. Анығы: кез келген өлім – ұлттық қасірет емес. Күніне мың адам пәниге келіп, мың бір адам бақиға кетіп жатады. Марқұмдардың әрқайсысына мына жалғандығы исі пенде кірпігін бұлай берсе, дүниенің көз жасы құрғамас еді. Бірақ әр адамның қазасы – аза. Ол – ең алдымен сол адамның рухының өшуі. Айналасы үшін тағы бір шырағының сөнгені. Тіршілікте жанына жақын тартқан жанашырлары үшін – уайым-қайғы.

Өлімнің өзіне өлшем жүрмегенімен де, сол өлімді өлшейтін сезімге өлшем жүрсе керек. Әйтпесе, бір адам үшін исі адамзат, мұқым ұлт, бір қауым ел, бір ру, бір топ ағайын мәңгілік қара жамылып отыра алмайды. Қанша қайғырса да белгілі бір мөлшерде сезімін тежейді. Тежей алмаса тағдырдың теліміне түскені. Мұның екінші астары – тіршіліктен жалығу, дүниеден күдер үзу, тәркі дүниеге бет алу. Ондай шешімге кез келген пенде бел буып, бетін бұра алмайды. Өлімге бойсыну үшін де сол өлімнің мән-мағынасын, тіршілік философиясын, жалғанның түпкі тұжырымын ("конечный смысл бытая") түсінген тұлға болуы шарт. Сондай пәруәрдигер ғана өлімді өлшей алады немесе өлшеуге қақысы бар. Әрбір пенде өлімнің өлшемін кесіп-пішсе, онда осы өмірдің мағынасы жойылуы мүмкін.

Абай-өлімді өлшеген тұлға. Абай қазасы – исі адамзат ойының бір алыбының өлімі, қазақ ұлты үшін қасірет болды. Әрине, оны мұқым дүние аза тұта алмады. Оған Абай емес, Абайдың отаршыл елдің тепкісінде өмір сүрген заманы кінәлі еді.

Өлімді өлшеп айту – тосын ұғым. Дегенмен де Абай әрбір адамның қазасының үстінде сол адамның бағасын беріп, өлімінің өкініші мен жұбанышын таразылап отырады екен. Тұрағұл Абайұлы: "Әкем айтып отырушы еді: "Қайғы жас жүрекке қатты батады екен. Бәкемнің өліміндей қатты батқан өлімді көрмедім – деп (Құдайбердіні – Бәкем деуші еді). Мағауияның өлгендегісін айтқан жоқ, бұрынғы Оспан мен Әбдірахманның өлімін өлшеп айтып еді", - деп еске алады.

"Оспанның өлімі – елдік пен ездіктің сыны – депті.

Әбдірахман дүниеден қайтқанда: "Әбіштей баласы өлген әрбір әке – қалған өмірін өмір сүрдім деп есептемеу керек. Енді несіне өмір сүремін – депті. Келіні Мағышқа басу айтқан:

Бір шешеден туғанда

Бәрінен кетті тәуірім.

Көтермеске амал жоқ,

Көрдім дүние ауырын.

Аясаңшы, апырмау,

Әке, шеше, бауырын...

Шыны сорлы мен-дағы,

Мағаш байқап қараса, -

деген әкелік өксігі де соны аңғартады.

Мағауияның қазасы тұсында қасіреттің уыты Абайдың бойына толық жайылып кетті. Оған өз өлімі арқылы жауап берді. Мұндай пайымдаулар көп.

Көршілес төлеңгіт елінің сыйлы биі Меңаяқ қайтқанда бата оқырға барған Абай: "Меңаяқ өзінің атының басын алып жүретін адам еді – депті. Абайдың бұл өлшеміне риза болмаған ағайындары: "Ол не дегеніңіз, Абай-ау, Меңаяқ өз атының басын ғана емес, рулы елді билеген адам емес пе? – депті. Сонда Абай: "Елді билеуден адам өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келсе, бағы көтерілсе әркім таққа отырады. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ содан аулақ жан еді. Оның зор адамдық қасиетінің өзі сонда", - деп жауап беріпті.

Бұл – дүниенің және адамның ішкі құпиясын білген адамның бағасы. Сондай-ақ көңіл жықпас үшін көңіл айтқан мезірет те емес. Өлім арқылы марқұмның тіршіліктегі бағасын, тіршіліктегі іс-әрекеті арқылы оның өлімінің өлшемін білдірген суық ақылдың жемісі. Яғни "Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме", - деген Абайдың өз сөзінің уәжі.

Ал қазақ халқының рухани өмірі үшін Абайдың қазасы ешқандай өлшеммен өлшенбейді.

Өлімге соншама суық қарап, әр адамның қазасын өлшеп отырған Абай өзінің дәл сол жылы, Мағауияның қырқына қарсы өлетінін білген. Ағайын жұрты соған дайындалған. Жидебайдан елін көшіріп, Балашақпаққа қоныс жаңғырту-бой жасау ғана. Елдің басы қосылған жайлауда, кең жерде пәнимен қоштасуды жөн көрген. Келімді кетімді кісілердің "Бауырымдап!" келуіне ыңғайлы орын сайлаған. Мұның барлығын Абайдың бір кезде өзі жазып кеткен:

"Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгермейді. Пенде де бір іс бар – жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны өзі тапқан емес. Оған егер бір іліксе – адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкініп тастап кетсең де ақырында тағы келіп жеңеді", -деген сөздің өз басына келуі еді.

Сүйікті ұлының өлімін "өлшей алмаған" данышпан Абай, оған теңер сөз таба алмай қиналған жоқ. Сол өлімге өзінің өлімін қосып өлшеуді кейінгіге қалдырған.

"Мені дерт меңдеп барады. Мағауияның қырқын мерзімінен үш күн бұрын беріңдер. Ұзамаспын – деуі; көңілін сұрай келген дәрігер Бөжейге: "Менің дертім тәннің дерті емес – жанның дерті. Оған ем жүрмейді - деп емделуден бас тартуы; баласының қырқын берген күні күтушілердің бәрін таратып: "Сендерге үш күн мұрсат. Демалыңдар. Үшінші күні таңнан қалмай келіндер – деп жөн сілтеуі бетін өлімге бұрған пенденің жай емеуріні емес.

Дәл айтқан күні таңертең көз жұмған.

Сонда мұның барлығы кездейсоқ әулиелік пе? Жоқ.

Абай өзінің "жан қуаты мен тән қуатының" сарқылғанын, енді қаншалықты күшінің қалғанын есептеп болжаған. Болжай отырып:

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,

Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.

Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,

Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан, -

деп, өлімге өзі де бойсынады.

Бұл өлімді әбден зерттеп білген адамның ғана қолынан келетін салқынқандылық. Мұндай салқынқандылық кез келген пенденің, оның ішінде ақылды пенденің қолынан келе бермейді. Ал Цицероннан бергі философтардың барлығы да, Монтень айтқандай, ақылын өлімге дайындалуға жұмсады.

Ең бақытты адам – өзінің бақталайына жазылған ең қиын пьесаның соңғы көрінісін жаны қиналмай, суық ақылмен, тән рахатымен орындап, Алланың аманатын өзіне ризалықпен қайтарып берген адам. Өйткені, өлім мен өмірдің арасында ымыра жоқ. Иманды үйіріп тұрып өтірік айта алмайсың дей келіп Монтень:

"Өлім менің өмірлік әрекетімнің жемісі, менің сөздерім аузымнан ғана шықты ма, жоқ, шын жүрегімнен шықты ма, сол сәтте ғана анықталады", -деп өзінен-өзі сынақ алады. Абай да өміріне есеп беріп, өлімге бес жыл бұрын дайындалып қойған. Соңғы бес жылда тек қана ажалдың келетін сәтін күтумен күнелткен. Иә, өмір сүрмеген-күнелткен! Оның мұндай құмығулы көңіл күйін үйін тінтіп, тергеу үшін келген орыс тыңшылары да байқап, Абайды о дүниеге бет бұрған адам екенін ресми мәліметтерінде баса көрсетіп, жазып кеткен. Соның бір дәлелі:

Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма,

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

Амалсыз тағдыр бір күн кез болмап ма,

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан,

Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?

Сонда жауап бере алман мен бейшара,

Сіздерге еркін тиер байқап қара.

Екі күймек бір жанға ғаділет пе,

Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! -

деген өлең жолдары.

Бұл жай ғана өлең емес. Абайдың соңғы айтар сөзі. Өміріне есеп беріп, өлімге бет бұруы. Ол өзінің үмітсіздігін жария ете отырып, жанын түсіну үшін сауға сұрайды.

1898 жылы жазылған бұл өлең – оның өз өміріне берген қорытындысы. Өзі көп айтатын "жан қуатының" қайта бастағанын сезінген зауалды тұсы. Өлімнен сескенбей, оның бетіне тура қараған қасіретті кезеңінің басы. Бұдан кейінгі "таусыншақ күндері" сол өлімнің мән-мағынасын талдаумен, өзін-өзі іштей жеумен, ақылын кемітумен өтті. Ойы сан саққа сабылып:

Адам ғапыл дүниені дер: "Менікі",

"Менікі – деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі? -

деп сұрақ қояды.

Абай дүниедегі ғұламалардың өлімі мен өмірі туралы пайымдауларының біразын ақылмен саралаған адам. Барлық діннің философиясын оқыған, көңіліне тоқыған. Соның ішінде: "Будда діні – мен айналысатын нәрсе екен. Әттең қолыма кеш түсті! - деп өкінгені белгілі. Абай жай оқырман болып қалатын адам емес. "Будданың" ғұламалық пәлсафасын терендеп түсінген. Соған жаны құмартқан. "Будданың жолын" тани келіп, өзінің ақыл-ойының жемісін тергісі келді. Бірақ та "ақылы кермек татыған" тұста тағы да бір удың дәмін татуға жүрегі дауаламады. Оның кейінгі тұстағы өлеңдерінен бұл сарын анық байқалады. Әрине, мұны Абай дінін айырбастауға ынтыққан екен деп түсінуге болмайды. Будда-Абай үшін танымның бір көзі. Бұрын құпиясын білмеген ғылымның жолын тәнті көру ғана. Бір таңғаларлық жай, әлемді ақылмен табындырған даналардың барлығы да өмірінің соңында осы Буддаға бір соғып, көне қытай философиясын ақылына жұбаныш етіпті. Монтень де, Гете де, Ницше де, Толстой да, Абай да бұл салада қатты қайрат танытып, құлшына кіріспек болған. Бірақ бәрі "қолын тым кеш сермегеніне" өкінген. Мұның өзі зандылық па, әлде таным таңсықтығы ма, кім білсін. Ұлылардың түсінігінің-тәркі дүниемен аяқталуының өзін қандай сыпат-себеппен түсіндіреміз? О дүниеден рахат іздеу олар үшін мына дүниеден тез құтылудың оңай жолы сияқтанған іспетті бір амалдары емес пе? Бойларын басқан ой мен ақылдың салмағын жеңілдетудің, одан құтылудың бір тәсілі деп қараған жоқ па екен? Ол да мүмкін-ау!

Ендеше, біз де Абайдың өлімге көзқарасын сол көне қытай дегдарлары мен әлем философтарының ойымен жарыстыра бір талдап көрсек қайтеді. Талдауға жеңіл соғу үшін біз олардың пікірін тырнақшаға алмай, өз атымыздан баяндау арқылы жеткіземіз. Таным жолындағы барлық кілтипанның тамыры – дүниеден жалығудан басталады. Бірақ соны қалай қабылдап, шешім шығарсаң, қалған өміріңнің мәні соған байланысты болмақ.

Монтень: "Өлімнің өзі – өмірден құтқаратын бостандық, сондықтан оған құшақ жая ұмтылу қажет – дейді. Кун-цзымен (Конфуцимен) ақыл жарыстырған Мен-цзы да соған ден қояды. Ол: данышпандар өзінің тәні мен жанын дүниенің құлы етпейді. Сондықтан да қуанышы мен қайғысының өлшемі бірдей. Қараңғы бақи дүниені, ақылды қамаған ой арпалысын шетке ысырып тастайды. Сөйтіп, Даомен (Мәңгілік өмір иесі) өзі жалғыз бетпе-бет шығады-дейді. Абай да сол сарынмен:

Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,

Еркелік пен достықты ауыр көрген.

Ақылы жоқ, ары жоқ, шуылдақты,

Күнде көріп, тұла бойы жиіркенген, -

дейді.

Мұндағы: "қараңғы бақи дүние" мен "Қараңғы саңырау қайғы", "шетке ысырып таста" мен "еркелік пен достықты ауыр көру - деген ұғымдар бір мағынаны білдіреді. Абай: "Қайраттанып, сілкініп тастасаң тағы келіп жеңеді – деген тағдырдың жазмышын айтады. Ал тағдырдың иесі – Алла. Демек, бәрі бір жасағанның қолында. Соны ақылмен танып, өліммен бетпе-бет жүздес дегенді емеурін етеді. Бірақ ол бұл пікірге бірден келмеген. Неше түрлі айла-амал қарастырған. "Ақ өлімді" мойындай тұра соған тең келетін дауа іздеген. Алайда:

"Ақылы түгел, ойлы адамның баласы-осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің айыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суи бастайды".

Енді не шара? Пенде шіркіннің мына "кейіс дүниеге келгенде" өмір сүрдім дейтін жұбанышы жоқ па? Әлде бәрі де Абай айтқандай "жалығудан" тұра ма?

Ницше: "Жан дегеніміз-жалығу, ол тек қызыл сөз ғана. Тәніңді күт, сонда мағына бар - десе; Монтень: "Аз өмір сүрдің бе, ұзақ өмір сүрдің бе, екеуі де өліммен аяқталатын болған соң, бәрібір емес пе? Өзі жоққа айналатын тәнің үшін өмірдің қысқалығы мен ұзындығының пайдасы шамалы – дейді. Қытай данасы "Хуайнань-цзы" да: сені ештеңе қызықтырмаса, ашуландырмаса, өкіндірмесе, онда бақи қараңғылығының өзі сені ең қасиетті қазынаға бастап тұр ғой. Онда ақиқат та, өтірік те, туу да, шалықтау да жоғалады-деп уағыздайды. Абай да бұған ой қосып:

Ақыл мен жан – "Мен өзім", тән – "Менікі",

"Мені" мен "Менікінің " мағнасы екі.

"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан.

"Менікі – өлсе өлсін, оған бекі, -

деп тиянақтай түседі.

Мына дүниені қымбатсынып тұрған бірі жоқ. Өлім – олар үшін ең рахат тыныштық, барлық қам-харакеттен, азаптан арылудың ақ жолы іспетті. Абай жалғанның бұлай құбылатынын да талдап, оның тұрақсыздығын:

"Дүние бір қалыпты тұрмайды, адамның уақыты, өмірі бір қалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдайтағала бір қалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бір қалыпта тұра алады? – деп баян қылады.

Абайдың мұндағы танытып отырған емеуріні – тіршіліктегінің барлығы қозғалыста. Қозғалыстың соңы – жалығу мен тоқырау. Бұл екеуі өзге өлшемге – өлімге алып келеді – деген тәмсіл. "Хуайнан-цзы" да: "Тірімін, демек, өлімнің қарамағындамын", -деп жазылған.

Абай болса өзгеге емес, өзін нұсқап: "Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін", -дейді.

Мұның себебін, осындай тәркі дүниелік қорытындыға келіп отырған даналардың өзі түсіндірмесе, біздің ой-өреміз оған жетпейді. Тек бәрінің де пайымдауларын жарыстыра келгенде байқағанымыз, олардың "өлім өлшемі" бойынша кез келген данышпан өмірінің бір белесінде дәл осындай тұжырымға келуі тиісті екен. Сократ: "Ой қуу дегеніміз – өлімге дайындалу"; Монтень: "Соңғы жантәсілім – өмірден жалығудың соңғы сәті – десе; қытай даналығы: "Шын дана өзінің ішкі тұжырымын санамен бекіткен кезде, бұдан хабары жоқ адамға олар тірі өлік боп көрінеді – дейді. Абай да дәл соны растағысы келгендей:

"Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін, сыртым сау болса да – ішім өліп қалыпты", -дейді ой жарыстыра.

Абайдың өзінен бұрын өмір сүрген ғұламалардан айырмашылығы – тіршіліктен үміттенеді. Әлдеқандай жұбаныш іздейді. Өзінің "іші өлген" жағдаятын бақилық заңдылық деп қабылдамайды.

Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп,

Осы күнді күн демес қарғап, мінеп.

Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,

Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.

Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,

Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін.

Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,

Кетірер деп мазақтап жұрттың арын, -

деп, өлімнен ойын тартқысы келеді.

Бірақ ақыры соған бойсұнып: "ашулансам – ызалана алмаймын. Күлсем – қуана алмаймын, сөйлегенім – өз сөзім емес, бәрі де әлдекімдікі – деп жұмбақ емеурін ғана танытады. Өзге ғұламаларда мұның барлығы мәңгілік тыныштықпен табысу болып табылады.

Даоның уағызы бойынша: өлім арқылы аспанның аясына қанат қағып, Тәңірдің құшағына еніп, онымен бірдей дағуаға ие боласың. Яғни әлемнің өлшемі – Тәңірдің өзі. Абай сияқты бойын тексеріп, қаналмайды. Даоның жолы – софылық жол. Ал софылықты Абай қабылдамайды. Адамды Алланың жолынан тайдыратын бағыт ретінде сынайды:

"Бұл – ұстануға келмейтін, пендені аздыратын бағыт. Адамның адамға масылдығын уағыздайтын жол. Сен үшін кім өнер қумақ, сені кім асырамақ, жауыздықпен кім күреспек? Әншейін, шындықтан, "кейіс дүниеден" бас сауғалаған бір далбаса сананың жетегінде кеткеннен не пайда? Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күнде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық? – деп кейіс білдіреді.

Абайдың өлшемі жалаң ой қуған, ақыл сауған қуақы мен тақуа пәлсафашылардың тақылдақ пайымдауына негізделмеген. Барлық күйініші мен сүйініші өмірден алынған. Өз ғұмырының пайдасы мен өтеуін есепке алмаған. Абайдың философиясы – өмірлік тәжірибеден туған философия. Оны ескермей "есті кісінің" қатарына қосылмайсың. Абайдың ойының қарапайымдылығы да, күрделілігі де сонда.

Ол Даоның тақуаларына ұқсап: өзіммен-өзім болсам жетіп жатыр. Дүниенің түпкі мағынасы сол, аспанның аясында үндестік тапсам, мәңгілікке жеткенім демейді. Монтеньге бойсынып:

"Маған салса, құдай дәл қазір жанымды алса да ризамын, жантәсілім сәтінде қиналсам өзге үшін емес өмірім үшін қиналатын шығармын. Менің жолым ашық: мен өзімнен басқаның бәрімен де жарым-жартылай қоштасып қойғамын – деп өзімшілдікке де баспайды.

"Ішім өлген", "Тірі емеспін" десе де, Абай көптің мұқтажы үшін күйіп отыр. Абайдың дерті өз дерті емес, көптің дерті. Мақсатының дәл солай екенін:

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харакет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамы әуелден Тәңірі ойлаған,

"Мен сүйгенді – сүйдің – деп иең сүйсін.

Көптің бәрі – көп деме, көп те бөлек,

Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.

Ғаділет пен мархабат – көп азығы,

Қайда көрсең, болып ба, соған көмек, -

деп білдіреді.

Ал мұндай "өлімді өлшеуге" аспан асты да тарлық жасайды. Сондықтан да кейде өзінің "ақылына" өзі күйініп:

"Ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын – деп азаптан шығар жолды іздейді.

Өзіне ғана жұбаныш іздесе, онда:

"Біздің өзіміз тірі жүргендіктен ғана – айналамыздағының бәрі тірі көрінеді, біз өлген соң олар да бізбен қоса өледі. Бір өлім – екінші өлімнің басы болып есептеледі", -деп Монтень сияқты қысқа қайыра салар еді.

Абайдың ойы осы араға келгенде тұйыққа тіреледі.

Өзінің "өлімінің өлшемін" тауып тұр. Философ ретінде жалғанның жалғандығын баяғыда-ақ аңғарып қойған. Абай үшін "өлімнің өлшемі" жаңалық емес. Бірақ әрбір өлімнен тіршіліктің мағынасын іздеген. Әйтпесе, жат жұртты былай қойып, өзінің бауыр еті – балаларының "өлімін өлшеп бер" деген ешкім жоқ оған. Өзі көңілімен екшеп, ақылымен таразылап отыр. Өлімнің өзінен мағына, көңіліне жұбаныш таппақ. Мына "сұм жалғанның" бодауы боларлық көпке ортақ ой тұтқасын ұстамақ. Ал ажал құрығының құтқармасын:




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 607; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.069 сек.