Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 42 страница




"Жоқ, сен: жақсылық, жамандықты жаратқан құдай, бірақ қылдырған (оны істеткен) құдай емес; ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес; байлық, кедейлікті жаратқан құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ", -деп ойын түйіндейді.

Бұл өзі, Абайдың ескерткеніндей, "бек шетін, бек нәзік" мәселе. Барлық діни танымдардың терең ғылыми зерттеулерге негізделгеніне қарамастан, әр заманда да әрбір адамның жүрегін тітіркендіріп, ішкі қарсылығын тудыратын пікір. Абай сол екі ұдай сезім күйін өте ептілікпен шиыра келіп, қара қылды қақ жарып отыр. Оның бұл көзқарасын өз замандастары мен шәкірттері де жақтыра қоймаған. "Орысшылсың, дінсізсің! – деген күстаналаулар содан туған. "Бірақ осының бәрімен қатар Абай фанатик те емес. Мұсылманның көп молда, көп кітабы даттаған фанатик, схоластик дінді ұстанбайды. Шығыс жағасынан алған нәрдің бәрін Абай өз ақылымен, сыншыл, ойшыл ақылымен, бірақ, әрине, санашылдық жолымен өзінше қорытып алады. Бұған кірген бұйымдардың басы – ислам діні, онан соң Шығыс поэзиясы және мұсылман ғылымының ілгері-соңғы ғұлама философтарының сөздері болады". Абай осындай биік танымға тек өзі ғана жол тауып шықпаған. Оған жоғарыдағы Мұхтар Әуезов емеурін танытқан "шығыстың ғұлама философтары" ой салып, бағыт сілтеген. Ал солардың ең беделділері Софы Аллаяр мен Ғазали, Жалаладдин Ауғани мен Дауани, түркі жұртының ішінен шыққан Шаһабуддин Маржани. Қасаң қағидаларды сынаған, дінді ғылыми арнаға бұрған да солар еді.

Исламияттағы қайшылық – Алланы танудан, оған күмән келтіруден немесе пайғамбардың ақ жолына сенімсіздіктен туған жоқ. Қайшылық – мүһминдердің өз танымында еді. Ол "Құранды" түсіну, талдау мәселесіндегі қарама-қайшы бағыттардың мәмілесіз қақтығысынан туды. Кейбір тәмсілдерге заманның ағымына қарай өзгеше баға берілмеді. Шариғаттың қатып қалған қағидаларын жібіткілері келмей, оны мәңгілік заң ретінде қабылдады. Бұл Алланың өзі сілтеген ақ жолын тұйыққа тіреді. Мұхаммед пайғамбардың:

"Кімде-кім ғылымды және ғалымды сүйсе, жаннатта сол менің көршім болады -деген хадисін ұмыт қалдырады.

Соның нәтижесінде бір кездері даналық пен ғылымның бесігі болған елдің ақыл-ойының дамуы тоқырауға ұшырады.

Дінислам – қатып қалған қағида емес, рухани ұлы ұғым.

Дін – адамзатты ілгері жетелеп, игілікке жеткізуі тиіс еді. Таза мұсылмандық таным жөніндегі пікірлердің өзара қайшылығын былай қойғанда, қоғамдық ойдың дамуына тұсау болды. Бұл – ислам дінінің емес, соның насихатшылары мен уағыздаушыларының жіберген қателігі болатын. Шаһабуддин Маржани бұл ағымға тосқауыл қойып, исламның ұлы Мусаллихы – реформаторы атанды. Ол: дінді – біліммен сіңіруге, Алланы ақылмен тануға, Алла жаратқан нәрсені адамның ақылымен зерттеп, білуге болады. Шындыққа нұқсан келтірмей, нақты жазаға тартпай, ақиқатты ақылмен дәлелдеу керек. Ол үшін діні мен нәсіліне қарап жатырқамай, адамзаттың әр қауымы тапқан амалды танымның мүддесіне пайдалану қажет деп төрелік айтып, өз көзқарасын дәлелдеп шықты.

Бұл өзі ертеден келе жатқан діни философияның шешілмеген түйіні болатын. Ақжан Машановтың зерттеуі бойынша баяндасақ, "Құранды" түсіндірудегі пікір қарама-қайшылығы атақты халиф әл-Мумин мен ғұлама Ахмед ибн Ханбалдың тұсында басталыпты. Халифтың ықпалындағылар: "Құран" араб тілінде жазылған. Сондықтан оған талдау жасап, түзетіп, түрліше түсіндіруге болады деген қағиданы ұсынып, қолындағы биліктің күшімен хадистерді орынды-орынсыз бұрмалаған, хадистердің мағынасын өз мүдделеріне пайдаланған. Ал ғұлама Ханбал бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, Алланың аяны арқылы жазылған "Құранды" еш өзгертуге де, басқа кітаптар сияқты онымен пікір таластыруға да болмайды деген.

Шындығында, дұрыс пікір осы екі бағыттың ортасында еді.

Жәдидшілер: "Құранды" түзету – күнә, бірақ шариғаттың қағидаларын түсіндіріп, оның астарлы сырын ашып, мүһминдерді дұрыс жолға бағыттап, заманға үйлестіре қолдану – парыз деп тұжырым жасады.

Абай бұл пікірді өзінің "Отыз сегізінші сөзінде" тиянақты әрі пайымдылықпен талдап береді. Ол:

Алла – хаһ, пайғамбар – шын, иман – кәміл, ғибадат – парыз екендігін сөзсіз мойындайды. Бірақ "Құранды" жаттанды діни құралға айналдыруға қарсы. Абай – Алланы ақылмен танып білуді жақтайды. Ол құр илануға қанағаттанбайды.

"Сен Алла тағаланың билігіне, "Құранның" оның сөзі екендігіне, пайғамбарымыз – Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу ғалейһи уассалам оның (Алланың) тарапынан елші екендігіне иландың. Жә, (сонымен) не бітті? Сен Аллатағала үшін иман келтіремісің, ия өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Жә, өзің үшін келтірдің, жә иландың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді... Оның үшін Аллатағаланың Хаят (өмір), Ғылым, Құдірет, Басар (көру), Сәмиғ (есту), Ирада (тілеу), Кәлам (сөйлеу), Тәкин (жоқтан бар жасау)", - іспетті "ғайыпты сипаттарын" ақылмен, ғылыммен біліп, жүрекпен сез -дейді Абай.

Абайдың тұжырымдары, ғұлама Ақжан Машановтың мағлұматы бойынша, тікелей Шаһабуддин Маржанидің пайымдауымен астасып жатқан көрінеді. Әл-Мухмин мен Ахмад ибн Ханбалдың бақасына (таласына) ғылыми талдау жасаған Маржани, Алланың рухани өсиетіне нұқсан келтірмейтін, бірақ әл-Мүһминнің пікіріне тосқауыл қоймайтын ортақ тұжырым ұсыныпты.

Қазіргі дінисламның даму бағдары соған сүйенген.

Алла туралы түсінікке Абай сан рет оқталып, әр түрлі қырынан, әр түрлі көзқарастардың тоғысуынан ой түйеді. "Жиырма жетінші сөзіндегі" Сократ пен Аристодимнің ғұламалық таласында да Жаратушының сыпаттары жан-жақты тәпсірленеді. Соған қарағанда Абай өзінің діни философиясына тек қана мұсылман ғұламаларының даналық ойын азық етпеген, көне римдік, ежелгі юнандық, еуропалық ғалымдардың да пікіріне жүгінген. Барлық ой тоғысын ақылмен саралай келе, әр сөз бен сөйлемді ақылды есеппен бір-біріне сабақтастыра отырып, тұжырым түйеді.

Бұл реттен алғанда, Абайдың пікірі Маржаниден де тереңірек тамыр тартқан. Маржани барлық діни-философиялық бақастықтарды салыстыра отырып, қарама-қайшы пікірлерді "жарастырушы" (А.Машанов) міндетін атқарды. Тарихи танымды тәжірибе арқылы тоғыстырып, өткен жылдардың сабағын қорытқан ғұлама тұжырымдамашы, жаңашыл-муссалих атанды. Ал Абай болса, танымды түсіндіруші ғана емес, өзінің ойын өзгелер талдайтын философқа айналды.

Бұған Маржани төрелік айтқан әл-Фараби мен әл-Ғазалидің арасындағы философиялық таласқа назар салып, тура сол мәселеге Абайдың қалай қарағанын аңғарта кетсек те, көзіміз анық жетеді.

Бір ескерте кететін жағдай, әл-Фарабидің қазақ топырағына қайтып оралуына Маржанидің осы мақаласы тікелей септігін тигізіп, түрткі салған. Ғалым Ақжан Машанов бала кезінен жаттап өскен Мағжанның:

Түріктің кім кемсіткен музыкасын,

Фараби тоғыз шекті домбырасын?

Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,

Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын? -

деген өлеңін еске алып, оның шығу тегін тектей келе Маржанидің "Ғалия" медресесіне ат басын тірейді. Мол қазынаға жолығады. Сонда сақталған әл-Фарабидің араб тілінде шыққан кітабын ғалым бізге де көрсетті. Әрине Маржанидің төл еңбегінің қолда болмауы ойды еркін өрбітуге өре салады. Бірақ та ғұлама ғалымның нақты дерекке негізделген пайымдаулары қиялға қанат бітіріп, пікірге түрткі болды. Іргесі ашылған іргелі мәселе келешектегі зерттеушілердің көкжиегін кеңейтері сөзсіз. Сонымен, бастапқы ойымызға қайтып оралайық.

Ежелгі ғылымның барлық саласына санасын сарғайтқан әл-Фараби дүниенің тылсымын ашу үшін Сократ, Аристотель, Платон іспетті оқымыстылардың ғылыми еңбектерін талдап, түсініктемелер берді. Ибн-Сина да табиғаттың сырына ғылым арқылы үңілді. Бұл ұлы көш Ұлықбекпен аяқталды. Шығыс ғылымын тоқыратқан Әбу-Хамид әл-Ғазалидің діни көзқарасы болды. Ол Алланы ғылым жолымен тануды барынша қостай отырып, "ғылым-білімді исламдық жолдан іздеу керек, басқа елден, әсіресе, бұтқа табынған гректерден ғылым іздеу, оның логикасын, философиясын, талымын қолдау исламды бұзады – деп есептеді (А.Машанов).

Діни философия, табиғаттану, таным тұрғысынан ислам әлеміне жаңа түсінік әкелген әл-Ғазали сыни пікірімен өз заманында өте жоғары бағаланған ғұлама. Оның әл-Фараби туралы жоғарыдағы сыны Фарабидің ұмыт қалуына себепкерлік еткен сияқты. Дегенмен де, Ибн Рушд өзінің "Қарсылыққа қарсылық" атты зерттеуінде әл-Фарабидің "Табиғат матбуғатын" білімнің көзі деп бағалап: "Жаратылған дүниені танымаған Жаратушыны тани алмайды – деп тұжырымдады. Әл-Фарабидің де, Ибн Рушдтың да жат жерде қайтыс болуы ұсынған діни философияларының исламиятқа жақпағанынан деп түсіну керек.

Шаһабуддин Маржани осы екі бағытты талдай келіп тағы да "жарастырушы пікір айтып, ғылыми мәмілеге келтіреді". Әл-Ғазали "Философтарға қарсылық" атты еңбек жазуы арқылы ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Екеуі де шындыққа бас иіп, ақыры бір жерде тоғысты. Ғылым – адамның бір парыз ісі – деп тұжырымдады.

Абай "Отыз жетінші сөзінде" ғылымды Алланың сегіз сипатының бірі ретінде түсіндіреді. Жаратушы – ұлы ұғым. Оған үкім жүрмейді. Ал ол жаратқан нәрсеге ғылыммен талдау жасап, түйсіну-адамдықтың, ақылдың, хайуандықтан айырмашылықтың белгісі. Ақылды ғылымды пайдалана отырып адамның игілігіне пайдалану уәжіп. Аллатағала:

"Жансыздарға еті ауырмайтын болып, жан иесі – хайуандарды ақыл (ды) адам баласы асырайтын қылып һам олардан маһшарда сұрау бермейтұғын қылып, олардың һаммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан... Миллион хикмет бірлан (ғылыммен) жасаған машина, фабрика адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы (ның) махаббат бір лаң адам баласын сүйгендігі емес пе", -дейді Абай.

Абай үшін қасиетті үш ұғым бар. Ол – Алланы жаныңнан да тәтті көріп сүю. Адамзаттың бәрін "бауырым!" деп жақсы көру және һах жолын ұстау. Демек, адамзаттың ақылы мен махаббаты ортақ. Қай дәуірде өмір сүрсе де ол Алланың жаратқан пендесі. Ендеше, әл-Ғазалидің ежелгі юнан ғылымын шеттетуі-бақас ғылым. Ол:

Дін де осы, шын ойласаң – тағат та осы,

Екі дүние бұл тасхид (рас)-хаһтың досы, -

деп қорытады.

Яғни, исі адамзатты сүю хаһтың – Алланың ісі. Жаратылыстың құпиясын ашып, адамның керегіне жаратуды Алланың өзі парыз еткен – дейді.

Абайдың бұл пікірі Маржанидің талдау, түсінігімен толық қабысып жатыр. Ендігі бір ой тоғысы Абайдың өзі:

Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Мұны жазған білген құл,

Ғұламһи Дауани,

Солай депті ол шыншыл, -

деп есімін құрметпен атаған Жалаладдин Әд-Дауанидің философиясын талдау барысында нышан танытады.

Абайдың өзі тереңдеп оқып, философиялық пайымдауларын зерттеп:

Сөзін оқы және ойла,

Тез үйреніп, тез жойма, -

деп ұрпаққа үлгі тұтқан ғұламаның бірі және бірегейі осы Дауани.

"Қырық үшінші сөзіндегі" шығыстық ғылыми атаулардың дені "Тәннің азығының бәрі – жибили, жанның, ақылдың азығы – кәсіби". Жанның қуаты, тәннің қуаты – деген ұғымдар Дауанидің пікірінен өрбіген. Жәуән-мәрттік, сезім түрлері, толық адам іспетті пайымдаулары М.Мырзахметовтың еңбектерінде барынша толық талданғандықтан да оған тоқталып жатпаймыз.

Дауанидің философиялық көзқарастарын Ш.Маржани де тәпсірлеп, ғақли ғылым мен нақли сөздердің мәнін тереңдеп ашады. Содықтан да Абайдың діни көзқарастарының бір тамыры ретінде ескерте кетудің еш әбестігі жоқ.

Түптің түбінде, Ш.Маржанидің "Өткен бабалар өмірінен" атты энциклопедиялық еңбегі тәржімалана қалса, онда абайтанушылардың көкейіндегі шешілмей жүрген біраз мәселелеріне жол ашылатыны даусыз. Ғақли ислам мен нақли ислам бағыттарының арасындағы танымдық бақастықтың өзі бір ғалымның өмірін арнауды қажет ететін аса ауқымды әрі күрделі тақырып. Әзірше бұған тісі бата қоятын философтың да, әдебиет зерттеушісінің де табыла қоюы қиын. Ол үшін ең алдымен Дауани мен Маржанидің ілімін меңгеруі тиіс. Онсыз бұл бағытта нәтижеге жету мүмкін емес. Соларды таратып талдағанда ғана Абайдың философиялық көзқарастарын толық ашуға, түсінуге болады.

Әзірше Абайдың шығыстық діни философиясының тамырын іздегендегі ілгерілеген бір сала-софылық ой ағымы. Қазақ даласында туған немесе тектік туыстығы бар Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани іспетті ақындардың өлендеріндегі софылық дәстүр қазақ ғылымында біршама талданды. Бірақ та Софы Аллаяр, Әбу-Хамид ибн әл-Ғазали, Жалаладдин Әд-Дауани сияқты исламның аса ірі ғалымдарының философиялық пайымдауларын таратып талдамай, алдыңғы екеуі арқылы тұйықталып қалу да діттеген мақсатқа жеткізбейді. Абай соңғы үшеуінің еңбектерін түпнұсқадан оқығандықтан да, "түрлендіріп шыққан ойдың" күретамарының өзін ұстамай, ой ұшығын аңғара алмайсыз.

Бірақта "Отыз сегізінші сөзіндегі" софылық, тәркі дүние, диуаналық, Аллаға ессіз ғашықтық туралы пікіріне қарағанда Абай софылық көзқарасты қолдамаған. Оны ғақли исламға да, нақли исламға да жатқызбайды. Сондықтан да дүниенің бар қам-харакетінен бас тартқан пенде өзінің адамдық парызын толық орындай алмақ емес, ол толық мұсылман қатарына қосыла ма, жоқ па-деген сауал қояды. Бұл ойын:

"... Күллі адам тәркі дүние болып жүддә тарихатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Олай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқыды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Харами микрухи (арам, мәкіру ырыздық) былай тұрсын: құдайтағаланың қуатымен ижтиһад (зейінді) ақылыңмен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне (нәсібіне), онан көрмек хұзырға (берекеге, уайымсыз тыныштыққа) суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек-ақылға, әдепке, нысапқа дұрыс па? Сахиб ниғметке (құдайдың бергеніне) шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздіктен күнәһар болмайсың ба? Екінші: бұл жолдағылар қор болып, дүниеден жоқ болып кету де қауіп бар. Кәпірлерге жем болып кетуі де. Қайсыбір сабырсызы жолдан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын деген болып көрселер керек. Егер де бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты растық дүниеде бола ма? Рас болса, әммаға бірдей растық болсын, аллаға растық бола ма һам ғаділег бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек",- деп жеткізеді Абай.

Шындығында да, исламияттың бар мүһмині софылық құрып, тәркі дүние көшіп кетсе, онда ол халық, ұлт, адам қалай күн көреді. Кәпірдің құлы бола ма? Алланың адал парызын кім орындайды? Кім еңбек етеді, оларды кім асырайды? Барлық үмметтің осылай істеуі ақылға сыймайды. Ендеше, Алла әуелде: сен софы бол, тәркі дүние кеш, ал сен оларды ғылымыңмен, еңбегіңмен асыра-деп бөле-жара жарлық та берген жоқ. Ендеше, софылық-барлық дін исламға ортақ және міндетті жол емес. Ол жеке басының тәні мен жанының күйігіне шыдамаған пенделердің бірен-саранының әрекеті ғана. Дін орнына софылықты ұстануға болмайды.

Міне, Абайдың берер тұжырымы осы.

Абай мен Қожа Ахмет Иассауидің арасындағы философиялық софылық сабақтастықты тым дәріптеп, екеуінің пікірін бір арнадан тарату-қисынсыз. Өйткені екі ойшыл да жалған жалғастық пен туыстыққа зәру емес. Себебі екеуі де бір-біріне мүлдем қарама-қарсы бағытты ұстанған, ғылыми мұраттарына "ақылмен" келген ой иелері. Қандастығын ғана сылтау етіп, қайшы келетін көзқарастарын зорлықпен телу-екеуіне де күнә.

Дінислам философтарының арасындағы үлкен даулы мәселенің бірі-"ғалами бақас" ұғымы. Мұны, "Ғаламның жаратылуы туралы пікір таласы" деп те тәржімалауға болады. Он сегіз мың ғаламның, оның ішінде, Ай, Күн, Шолпан, Жер, Сәуле, Жел, Су іспетті табиғи құбылыстардың пайда болу себептерін ашатын ғылым. Бұл мәселеге өзге діндегілер де ортақ жауап таба алмай келеді. Әзірше тоқтасқан мәміле жоқ. Бірақ айтыс, тартыстар толассыз жүріп жатыр. Ақжан Машанов мұны:

"Ғалам бақас дегеніміз – даналық пен надандықтың майданы – деп дәл тауып айтты.

Үздіксіз таластың майданына айналғандықтан да бұл ұғым ғылымдағы жалған бәсеке деген мағынаны да береді. Дауды-дауласу үшін туғызған жаттанды уағызшыларды Абай қатты мінеді. Әрбір пікірдің арасынан бақастық іздеу – һарам пиғылдың харакеті. Бақастық үшін ғылым үйренбе. Ғылымды жақсылыққа жұмсау үшін меңгер. Анық хакім бол. Хакім – ең жоғарғы ұғым. Ол жаратушыға бір табан жақын адам дейді Абай. Ол өзінің бұл ойын:

"Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса – дүние ойран болар еді. Фиғыл пенденің қазығы (пиғыл дүниесінің тұтқасы) – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде солардың истихражы (ақылы, ойы) бірлан рауаж (шешімін) табады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, ләкин осы хакімдер жасаған, таратқан істер "әддүния мәзрәғатул" аһирет (дүние-аһиреттің егіні)-дегендей, аһиретке егіндік болатын дүние сол. Әрбір ғалым-хакім емес, әрбір хакім-ғалым... Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық пиғыл, "әлнисан ғадду ләма жаһилге" (көңілін жаманшылыққа жеңдіргендерге) хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап – парсыдан тіл үйренсе: бірлі-жарым болымсыз сөз – бақас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады... Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ...", -деп тәпсірлеп береді.

"Ғалам бақастың" ғұмыры келте бағыт. Бірақта: "Шала молда дін бұзар - дегеннің мән-мағынасы әлі де құнын жойған жоқ.

Абай дінді қатты ұстанды. Ал қожа-молдаларды "білімсіздігі, бұзық пиғылы, жалған бақастыққа құмарлығы" үшін аяусыз сынады. Өйткені олар "дағарадай" сәлдесін басына орап ап, "Құранды" теріс оқыды. Бүйтіп, өзін де, өзгені де күнәһар қылғанша, тыныш жүрсін деді.

"Ғалами бақасқа" Шаһабуддин Маржани де түсініктеме берген. Алайда Абай іспетті ашына әшкерелемегенімен де, ғақаи ғылымының Ұлықбектен кейін тоқырап қалғанын осы "ғалами бақастың", "нақыли исламның" кесірі деген емеурін танытқан.

 

 

Міне, Абайдың діни философиясына жәдидшілердің көрсеткен әсері, оның ішінде Шаһабуддин Маржанидің сыртқы ықпалы, осындай.

Әрине, мұның барлығы нақты ғылыми дәлел емес, ой ұшқындарының жарқылын ғана аңдатқан емеурін. Абай – жәдидшілердің де ойын дамытып, "өз ақылымен" тың пікірлер тұжырымдаған, өзінің ойлау жүйесі мен философиясын қалыптастырған дербес ойшыл ретінде де тұлғаланады. Бірақ та, қағидасы қатал исламияттың еркін ойына есік ашқан жәдидтік бағыттың ықпалын ескерусіз қалдыруға болмайды.

Қорыта тұжырымдасақ, Абайдың діни философиясының ұлы өзегін:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаһқа жол емес, -

деген өлең шумағы толық аңғартады.

Абай дінді рухани тәуелсіздіктің рухы, "жан қуаты" деп бағалады. Ал пенденің жаны бір Алладан басқаға тәуелді болмауытиіс. Исламияттың ұлы ойшылы "Құран" хадисте-ріне мүлдем тосын және тың түсінік беріп, діни философияны жаңа сатыға көтерген:

"Ақындықтың Әбілхаят (Мәңгілік өмір сыйлайтын – Т.Ж.) суын ішкен, өлімді жеңген, мәңгілік тірлік тапқан Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін жыл жылдап қайырмақ".

Ұлы Мұхтардың осынау сөзін сәл ғана өзгертіп: "Абайдың тарихтағы мүшелі мың жылдап қайырылмақ – деген пікірмен ойымызды аяқтаймыз.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 326; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.048 сек.