Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 43 страница




 

 

19. "ӨЗ СӨЗІМ ӨЗІМДІКІ..."

(Абай және Монтень)

 

 

Аузыңды Айға білеп, ақылыңды сауып, шабытыңды шақырсаң да, өмірлік тәжірибеден алынған қанатты сөзді халықтың өзі шығарған даналықтан асырып айта алмайсың. Сенің ақылың – бірдің ақылы, халықтың ақылы – мыңдікі. Сен бір өмірдің тәжірибесінен пікір түйесің. Ал халық тәжірибесі – миллионның тәжірибесі, мыңдаған жылдың өмірлік қорытындысы.

Сондай ғайыптан туған қанатты сөздің бірі – "Ақыл – алыс, ой – 1шалыс – деген нақыл. Қай ділмардың аузына түссе де шындықты дәп басып, тауып айтқан.

Өйткені, исі адамзатқа ақыл ортақ. Ақылмен істеген істен үлгі, ғибрат, тәжірибе аласың. Өнерін үйренесің. Ақылға сондықтан да шекара қойылмайды. Ал "ойдың шалыс екені" де рас. Ешқашанда бірадам мен екінші адамның, бір ұлтпен екінші ұлттың мүддесі мен діттеген ойы бір арадан табылмақ емес. Тек адам ойының шыңырауына жеткен данышпандар ғана өмірлік тәжірибе арқылы бір арнада тоғысып қалуы мүмкін. Олардың бірін-бірі білуі, көзбе-көз отырып пікірлесуі, кітаби дүние арқылы танысуы шарт емес. Бірінің өмір сүріп кеткенін не оның дүниеде бар-жоғын екінші дана білмеуі де мүмкін.

Бұл – даналықтың қағидасы. Монтень мен Абай да сондай өзара бейтаныс тұлғалар.

Олардың арасын үш ғасыр уақыт бөліп тұр. Тілі де, діні де, өмір кешкен ортасы да жат. Алайда, М.Горькийдің: "Араға бір ғасыр салып барып Монтень Вольтердің қолын қысты – деп бейнелеп айтқанындай, үш жүз жылдан кейін Монтень мен Абай бір-біріне қол созды. Екеуінің де дүниеден қайтар алдында тыңшылық тінтуден өтіп, мырзақамаққа түскені болмаса, олардың мүддесін одақтастыратын ештеңе жоқ еді. Бірақ "ақыл-алыс, ой-шалыс". Екеуінің басын артына қалдырған "Өмірлік тәжірибелері" мен "Қара сөздері" қосты. Олардың саяқ жүріп, санатқа қосқан ой ұшытан ұрпақтары жалғады. Бұл-қиыннан қиыстырған қисын емес, кәдімгі ғылыми сабақтастық. Өзгеге дәлелді былай қойғанда, Спиноза мен Спенсерді, Дрэперді, Дарвинді, Льюис пен Шопентауэрді оқыған Абайға Лев Толстойдың сүйікті кітабы "Өмірлік тәжірибелерді" білмеді деудің өзі оғаш пікір. Қалай болған күнде де Монтень мен Абайдың ісі адамзат ойына тәжірибеден туған философиялық пайымдаулар арқылы үлес қосқаны және оны дамытқаны анық. Тіпті бір кезде Монтеньнің "Тәжірибелері - еуропалықтар үшін, Абайдың "Қара сөздері – қазақтар үшін тағылым оқулығының орнында да жүреді. Екеуі де даналық ойларын жеке бастарының өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, ішінара дәйекке келтіргені болмаса, қағидалы ақылгөйсуден бас тартып, пікірлерін еркін жеткізді. Даналар мен даналықты құрметтей отырып, ділмарсудан бойларын аулақ ұстады. Дербес, тәуелсіз және өз пікірін ешкімге күшпен таңбайтын ойлау жүйесін қалыптастырды.

Мұндай үлгідегі даналық кітап: Монтеньге дейін – француздардың, тіпті мұқым еуропалықтардың, Абайға дейін – қазақтардың, исі түркі қауымының арасында жазылмап еді. Бұлардан кейін де ол дәрежеге көтерілген ғұламалық пайымдаулар ұшыраспайды. Өзгені ойға алмағанда, Монтень мен Абайдың шығармаларының өзі ерекше тағдырымен бір-бірін бауырына тартып тұр.

Адамға араша жүргенмен, даналыққа дәнекер жараспайды. Олар өз ырқымен ынтымақ құрады. Еңбектерін қалай тәпсірлесең де Монтень мен Абай шамданбайды. Өйткені екеуі де өздерінің іштегі запыраны мен жалынын сыртқа шығару үшін жазған. Пікірлерін қабылдауды міндет етпейді. Монтень:

"Өзгелер үшін өзегіміз талғанша өмір сүрдік, енді тым құрығанда, қалған өмірімізді өзіміз үшін сүрейікші... Мен өзімнің пайдам туралы да, даңқымды шығару үшін де құлшынып отырғаным жоқ. Ондай жүкті көтеруге күшім де жетпейді. Бұл кітаптың басты мақсаты – өзімнің ағайындарым мен достарымның көңілін жұбату... Сөйтіп, бұл кітаптың мазмұны – менің өзім боп табыламын, ал осындай келімді-кетімді ойларға мән беріп, назарынды саласың ба, жоқпа, ол өз еркің. Хош! – десе;

Абай да Монтеньнің тура осы пікірін қостағандай болып:

"... Жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірді қайтып, не қылып өткіземіз? Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін... кімде-кім ішінен керекті сөз тапса-жазып алсын, ия оқысын, керегі жоқ десе-өз сөзім өзімдікі... – дейді.

Жә, "ақыл – алыс, ой – шалыс – деген. Бұл ақылмен ойлап табылған данышпандық пікір емес. Шарпысқан ойдың шалыс түсуі. Кездейсоқтық та болуы ғажап емес дейік. Бірақ:

"Ойлы сөзді ханзадалар жақтырмайды, ал қырт сөзді менің жаным жек көреді" (Монтень); "... Сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, сөзді танитұғын шошқаны баққан жақсы – деп бір хакім айтқан екен" (Абай); "Философтардың дені өзіне-өзі пікірімен өлім кесті немесе ақыл-оймен соған бойсынып, дүниеден түңіліп кетті" (Монтень); "... Осы жалығу деген-әр нені көрсем деген: көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің баянсызын біліп-жеткен ойлы адамнан шығады. Соншалықты өмірдің баянсызын, дүниенің әрбір қызығының артының шолақтығын көрген, білгендер тіршіліктен жалықса да болады. Бұлай болғанда: ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанимат екен деп ойлаймын – (Абай) – деген пікірлердің жарыса мазмұндасып жатқанын да "Ойдың шалыстығына" жатқызамыз ба? Мұның бәрін кездейсоқтыққа тели берсек, онда кездейсоқтықтың өзі кездейсоқтық емес заңдылыққа айналып кетпей ме?

Ендеше, Монтень мен Абайдың арасындағы ой мен пікір жарыстығын даналардың өмір тәжірибесі арқылы қорытқан тұжырымдарының тоғысуы деп бағалаған және оны мойындаған жөн. Оған Мұхтар Әуезов нұсқаған дәлел де бар. Абай Лев Толстойдың шығармаларын өте сүйіп оқып, оны рухани серік еткен. Даналығын дәріптеп, інісі Шәкәрім арқылы хат жаздырып, онымен ой бөліскісі келген. Тірісінде сол мақсатына жетпегенімен Шәкерім Абайдың дегенін орындап, Ясная Полянаға барды. Орыстың данасымен сұхбаттасты. Онда да көркем шығарма туралы емес, ғалам философтарының пікірлері хақында әңгіме-дүкен құрды. Оның ішінде марқұм Абайды мазалаған, ынтықтырған мәселелердің болуы кәміл. Ал Лев Толстой Монтеньнің "Тәжірибелерін" күн сайын парақтап, өзіне жаңа пікір тауып, өзінің жүрегімен өзі сырласу мақсатында "Круг чтение" атты еңбек жазған. Мұхтар Әуезов "Қара сөзді" талдай келіп:

"Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді. Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесуге мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізді көрінеді. Кейбір сырт сипаттарын қарағанда, Лев Толстойдың "Круг чтение" деп аталатын еңбегіне ұқсас. Толстой өзінен басқа ойшылдардың көп-көп жайлардан жазған толғаулы терең пікірлерін жиып топтап, өз оқушыларына бірнеше кітап етіп ұсынған. Бірақ Толстой "Круг чтениеде" оқушылармен тыныш, тату әңгіме өткізем дейді. Сөз бастағанда әрбір жайлардан өз ойларын келтірмейді. Абайдың "Қара сөздерінде" Сократтың сөздерін, дін үгітшілерінің сөздерін келтіргендей болады", -дейді.

Толстойдың "Круг чтениесін" Абай сөзсіз оқыған. Оған кепілдік беруге болады. Ендеше, ондағы Монтеньнің "Тәжірибелерінен" алынған үзінділерге Абайдың назарын аударуы табиғи нәрсе. Сондықтан да Монтень мен Абайдың арасынан үндестікті іздеуіміз де заңды әрі соншалықты үмітсіз де тақырып емес. Әрине, Абай Монтеньді қандай дәрежеде білді және қалай қабылдады-деген сұраққа толық жауап беру қиын. Танымдарының тамырласып жатуы да неғайбыл нәрсе. Алайда даналардың ойының тоғысып тұруының өзі кез келген тәуекелді ақтауға татиды. Оның үстіне негізгі арна-рухани тәуелсіздік мәселесі тұрғысындағы ой өрімдері де "ұйықтап жатқан жүректі оятты". Сондай-ақ:

"Әуелі ақылыңды, миыңды тазартып ал: бұл асқазанынды тазартқаннан гөрі әлдеқайда пайдалы", -деп Монтень:

Кірлеген жүрек өзі үшін,

Тұра алмас әсте жуынбай, -

деп Абай айтқандай, біз де ойлардың ойын шайқап көрейік.

Монтень мен Абайдың: "Өз сөзім өзімдікі – деуі, шындығына келсек, олардың сыртқы емеуріні, өздерінің ойларын еркін жеткізу үшін өзін-өзі жұбатқандары. Мұндай "қыстырмалар" ғұламалардың барлығында кездеседі. Екіншіден, дәл осы сөз екеуінің де баяндау тәсілін, шығармаларының құрылымын, тақырыпты таңдау мүмкіндігін аңғартады. Екеуі де еркін әңгіме арқылы "жанының жарасын" (Абай), "рухани тәжірибесін" (Монтень) ашады. Оларда жалаңдық жоқ. Бәрі де қарапайым тілмен, бірақ сондай түйінделген пікірмен, шымыр да ширақ баяндалады. "Жүрегінің түбіне кір жасырмайды", "қисық, қыңыр келгендерді" (Абай) өздеріде қабылдамайды. Өздерінің "жан тазалығына, пікірлерінің адалдығына" сенімді, мақсаттары анық. Мұны Монтень:

"Қай кезде болса да барлық адамның мақсаты біреу: ол бостандықта және тәуелсіз өмір сүру, бірақ та адамдар соған жеткізетін дұрыс жолды дұрыс таңдай білмейді", -деп баян етеді.

Ал рухани бостандық пен азат өмір Абайдың арманы. Ол өзінің барлық қуатын ұлтының "дұрыс жол таңдай білуіне" жұмсап:

"Өстіп жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ,... өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? – деп өзегі өртенеді.

"Өрістерлік күн бар ма? – деп Абайдың мегзеп отырғаны Монтеньнің: "еркін және тәуелсіз өмір сүру – деген ұғымын толық жеткізеді. Өйткені Монтеньнің тұсында Францияда тақ пен діни көзқарас үшін кескілескен майдан жүріп жатқан. Лев Толстой Монтеньнің осы рухани ерлігін жоғары бағалап, "еркін тәрбие туралы бірінші пікір білдірді – деп мақтады.

Монтень де, Абай да жан сырын сыртқа шығарудан жасқанбайды және ешкімнен еш нәрсе жасырмайды. Тіпті діни көзқарастарды да ашық талдап, өз тұстарындағы тақуа мен молдаларды, "әулие әкейлер" мен имамдарды қатты сынады. Қатып қалған діни қағидалар қатігездік тудырды. Монтеньнің өмір сүрген кезінде сондай тәуекелшіл көзқарастары үшін Этьен Доле, Пьер де Ла-Раме, Джордано Бруно сияқты ғұламалар тірідей отқа өртелді. Сондай қауіптің төнгеніне қарамастан Монтень:

"Өзінің еркін ойы үшін адамды тірідей отқа өртеу-оның өмірін өте жоғары бағалау болып табылады", -деп тура айтты.

Абайдың "Жиырма сегізінші", "Отыз сегізінші" сөздеріндегі Алланы тану туралы пікірлері батылдығы жағынан Монтеньнен кем түспейді. Ол жаттандылыққа – нақыли исламға қарсы болып, олардың құдайтағаланың құдіретін бұрмалағанына ашынады. Пікірін дамыта келіп:

"Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге бола ма?" "... Егерде бұл жолы жарым жартыларына ғана (софылар мен диуаналарға) айтылған болса, жарым-жарты растық дүние бола ма? Рас болса әммаға бірдей растық болсын, алалаған растық бола ма һам ғадалет бола ма? – деп сұрақ қояды.

Әрине, Монтень мен Абайдың жоғарыдағы сөздеріне қарап оларды дінсіз деуге болмайды. Екеуі де өз діндерін қадір тұтқан және Құдайды мойындаған. Монтень:

"Құрайдың құдіреті жердегі өлшемге сыймайды, ол одан әлдеқайда кең. Егерде құдайдың құдіретін біздің ақыл таразымызбен өлшесек, онда сөзсіз күнәға тап боламыз, жер бегіндегі қам-харакеттердің жақсы жолға қойылып, табысқа жетуіне қарай құдайды бағалауға болмайды, өйткені сол әрекетімізбен құдайдың қаһарына ұшырауымыз ғажап емес? - десе; Абай: "... Аллатағаланың заты ешбір сыпатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сыпаттар бірлан тағрифлап (анықтап, айырып) танымаққа керек... Біз Алла тағаланы өзінің білгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім (ғұлама) ақыл еріштіре алмайды. Аллатағала-өлшеусіз, біздің ақылымыз-өлшеулі. Өлшеулі мен өлшеусізді білуге болмайды", -дейді.

Демек, Монтень мен Абайдың Жаратушы туралы ұғымдары бір арнада тоғысады екен. Анық нәрсені дәлелдеп жатудың өзі де артық. Тек әр ұғымның астарын діни қағида тұрғысынан түсіне білу қажет. Бұл арада пәлендей түсініктің қажеттілігі шамалы.

"Бізге зұлымдықты, мейірімділікті беретін тағдыр емес, ол бізге тек шикізатты ғана ұсынады", -дейді Монтень.

Тағдыр мен жазымышты Абай да мойындайды. "Тағдырдың жарлығын білесіздер, өзгермейді - деп нақтылап тұрып айтады. Жаратушы адамға керектінің бәрін жаратты. Бірақ:

"Жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ (жамандықты) қылдырған (істеткен) құдай емес; ауруды жаратқан-құдай, ауыртқан құдай емес; байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қалған құдай емес", -дейді Абай.

Монтеньнің "тағдыр" мен "шикізат" деген сөзін Абай нақты ұғыммен қолданады. Өзгеше мағына жоқ. Екеуінің де түйіні бір. Жаратушының адам игілігіне жаратқан ырыздытан қалай ұқсата аласың, ол – адамның өзіне байланысты. Қасыны келмеген іске Алланы куәға тартып, тағдыр мен жазмышқа ренжуге болмайды. "Бай қылмақ, кедей қылмақ – құдайдан – деген сөз жай ғана сылтау. Оны жеңу үшін Аллатағалам саған қуат берді, ақыл сыйлады, ғылымды өсиет етті. Көрсін деп – көз, естісін деп – құлақ, істесін деп – қол, жүріп-тұрсын деп – аяқ берді дегенге саяды екеуінің пікірі. Мұның өзі даналардың ой тоғысының ең үлкен бір дәлелі. Бір таңданарлық нәрсе қос ғұламаның орайлас ойын індете келе:

"Барлық философиялық пікірге қызығу – таңданудан басталады да, содан кейін барып зерттеу жалғасып, ақыр аяғында түк те түсінбеумен аяқталады", -деп Монтеньнің өзі айтқан күйді біз де басымыздан кешірдік.

Оның басты себебі, Монтень мен Абайдың көзқарасының алшақтығында емес, керісінше үнемі үндесіп отыруында. Егерде:

Мақсат, талап, тәрбие, бала тәрбиесі, таным, бостандық, жан бостандығы, рух, рухани азаттық, діни еркіндік, еркін ой, мінез, мінездің қалыптасуы, таным, шындық, намыс, жалған намыс, жалған мақтан, жан, тән, жан мен тәннің азығы, мейірім, қатыгездік, қызығу, қызғаныш, өмір, өмірдің мәні, тәжірибе, заң, дәстүр, билік, жүректің сипаттары, қайғы, уайым, ерік, жігер, ар, ұят, нысап, байлық, кедейлік, фани, бақи дүние, өлім, ақ өлім, өлім философиясы, мәңгілік ғұмыр, құдірет, ғайыптың ісі, сезім, түйсік, хайуани және адами түйсік, жан қуаты, тән қуаты, бақас дүние мен бақас ғылым, жақсылық пен жамандық, мінәжат, сенім, махаббат пен ғадауат, тәркі дүние, өнер, сөз өнері, өз еркіңді билеу, өзіңді-өзің тәрбиелеу, достық пен дұшпандықтың себебі, қанағат, рахым, жалған, жалған дүние мен жалғыздық, қасаң қағида мен қисындар, сана мен сезім, болмыс пен жаратылыс, адамгершілік пен қатыгездік туралы Монтень мен Абайдың пікірлерін жарыстыра салыстыратын болсақ, онда бұл еңбектің аяғына жету үшін бір ғұмыр да аздық ететін жайы бар.

Сондықтан да, Абай айтқандай:

"Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес", -деген пікірді қанағат етуге тура келеді.

Жоғарыда тізіліп берілген философиялық ұғымдардың әрқайсысы қақында пайымдалған ғылыми еңбектердің өзі кіші-гірім кітапханалардың сөресіне сыймайды. Білім – теңіз. Ал теңіздің суының ащылығына көз жеткізу үшін, оны тойғанша мөлдектетіп ішудің қажеті жоқ, бір тамшысын таңдайыңа тамызсаң да жетіп жатыр. Сондықтан да құшағың жетпейтін нәрсені құшақтаймын деудің өзі әбестік. Өйткені, Монтень мен Абайдың ұштасқан ойларын салыстырып қана өту – жеткіліксіз, олардың айтайын деген пікірінің ортақ екеніне дәлел келтіріп, түсінік беру керек. Танымның талабы осылай.

Бұл біздің жағдайымызда мүмкін емес және оның аса ділгірлігі жоқ сияқты көрінеді.

Ең бастысы – бұл екі еңбек те еркін ойдың жемісі екендігінде. Монтень мен Абай өздерінің өмірлік тәжірибесінен түйген тұжырымдарын адамның игілігіне жаратуға ұсынады. Күнделікгі етекбасты өмірдің көріністеріне мән бере назар аударып, жақсылығына – сүйіндіріп, жамандығына – күйіндіріп, ақылға таразы боларлық ғибрат қалдырды.

Мағыналы өмір сүрудің кепілі – өзіне-өзі сыншы боп, әрбір әрекетіне себеп беріп, оны "жүрек – айнасына" түсіріп, көкірегінді шаң қаптырмай тазартып отыру екен. Сонда ғана толық адам дәрежесіне – кемелдікке жетесің. "Кірлеген жүректі дер кезінде жуып" отырсаң-жан сарайың да, рух сарайың да, ар-ұятың да таза қалпын сақтайды. "Өзіне-өзі күн сайын, апта сайын, тіпті болмаса жылында бір есеп алып отырмаған адамды есті кісінің қатарына жатқызуға болмайды" (Абай). Мұны Монтень ғұлама да қостайды. Ол:

"Сократ сыйынған тәңірінің: "Өзіңді-өзің таны - деген өсиетін шын пейілмен орындап, өзін-өзі дұшпанындай жек көріп есеп алғандықтан да, ол данышпан деген атаққа ие болды. Кімде-кім дәл осындай жолмен өз ішіне үңілсе, оның нәтижесін ешқандай қысылып-қымтырылмастан жария етуіне болады – дейді.

Өзінен-өзінің жай ғана есеп алуы "толық адам" болу үшін жеткіліксіз екен. Егерде:

"Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлерді күнде тексерсең, (ол) күнде (үстемелеп) асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер: "Ал мен жоғалдым – деп, хабар беріп жатпайды. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді... Жүректі: мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсеменен кірлетпей, таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан болып түседі. Оңған нәрсе тұла бойына жайылады, тез ұмыттырмайды. Егерде бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, ия қисық, ия күңгірт көрсетеді. Енді ондай нәрселерден оңды ұғым болмайды", -дейді Абай.

"Жүрек – адамгершіліктің бейнесі, "ақылдың сауыты" (Абай). "Айна – ар, ұят. Адам өзін-өзі тексергенде ең бірінші "жүрек айнасына" үңілуі шарт. Яғни, "ар ұялар іс қылдың ба", жоқ па, соған көзің жетуі тиіс. Ол – табиғатқа, адамға, жанды, жансыз нәрсеге жасалған қиянат па, жоқ па, бәрібір. Тура осы талапты Монтень де қояды. Ол Абайдың сөзін:

"Табиғат – ананың таңғажайып суретін көз алдына елестете отырып, өзін соның бір бояуы санаған адам... дүниедегі құбылыстың құдіретін толық сезінеді. Мынау айдай әлем – өзіңді-өзіңе толық танытатын, бізді күн сайын түзетіп отыратын қасиетті айнаның өзі", -деп қостағандай болады.

Баяндау тәсілдері, мысалға алған дәйектемелері, ойын жеткізу мәнерлері әр қилы болғанымен де, айтар ойы және бейнелеп жеткізген теңеуі – бір нәрсе. Айна. Жай айна емес, жүректің айнасы. Ар мен ұяттың, адамгершіліктің кіршіксіз айнасы.

Абайдың ең жиі әрі қилы-қилы мағынада қолданатын сөзінің бірі – жүрек. Жүрек – кейде тура мағынасында қолданылса, көбінсе, адамгершілік, тағдыр, көңіл, өмір, махаббат, сезім іспетті жалпылама ұғымды береді. Абайдың шығармаларындағы "жүректің" образы дербес зерттеуді қажет етеді. Және адамды қызықтыратын таңғажайып тақырып. Дегенмен де, "жүрек – айна" дегенді адамгершілікке қатысты қолданды деуге толық негіз бар. Өйткені Абайдың:

Жүректе айна болмаса,

Сөз болмайды өзгесі.

Тыңдағыш қанша көп болса,

Сөз ұғарлық кем кісі, -

деген өлеңі сол пікірді растайды.

Мұндағы емеуріні: әуелі адамгершілігің болмаса, онда қалған ақылды тындамай-ақ қой. Сен сияқты жүрегімен емес, "құлағымен тыңдайтындар" онсыз да көп дегенге саяды. Яғни "Көңілсіз құлақ – ойға олақ – дейді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 329; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.