Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 37 страница




Шаң шығармас жол -дағы,

Сілкіне алмас жапырақ

Тыншығарсың сен - дағы,

Сабыр қылсаң азырақ -

деген өлеңіне қатысты жан күйігі де жүрегіңді шымырлатады.

Адамзат ойының алыбы Гете ғұмыр соңында тіршіліктен, қоршаған ортаның даңғазасы мен өсегінен, жеке басындағы қайшылықтардан, үй ішінің ырду-дырдуынан қатты жерінген. Ақылдың азабынан жалғыздық та құтқара алмаған. Сарай маңының сыбырынан қашып, оңаша өмір сүрмек боп, сан рет түкпірдегі иен өлі мекенге кеткен. Бірақ ағыны қатты, иірімі терең, суы лай өзен сияқты катал өмірдің ағысы оны иіріп әкеп тағы да тіршіліктің талқысына қосып отырған.

Абайдың да дүниеден түңілуіне себепкер болған тауқыметті тағдырдың сыйы осы еді.

Абай өз ортасынан асып туған дана болғандықтан да сырласарға кісі таба алмай құмығып, жалғыз өмір сүрді. "Қайран елі, қазағы" мұның "қырық жамау жүрегін" жамаудың орнына оны бөлшектеп жыртып, жыртыс етті. "Нені көксесе – сол өзіне дерт әкелді". Өтірік, есек, дау-дамай, арыз, домалақ арыз, жала, пәле, арандату, сату бір басынан арылмады. Ақыры зәрезеп боп биліктен бас тартып, дүниеден безініп, бетін теріс бұрып әкетті. Кеудесі налаға толып, жүрегін запыран қыжылдатты. Іштегі жиылған назасын:

Әрекемен ел кетті,

Қоқиланды, мақтанды.

Қуат бітті, күн өтті,

Жарылқа, құдай, жатқанды.

Мен – қажыған арықпын,

Қатын, бала қонағы.

Сендерге де қанықпын,

Жұртың анау баяғы.

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып, -

деген күйікпен жеткізеді.

Ақыры "кейіс дүние" оны тағы да талқыға салды. Ағайынның арашашысы болғысы келген Абайдың басына қамшы үйірілді. Атының тізгінін ұстаған Серікбай мен Бегеш іспетті дала данышпандарының арқасында ғана алған бетінен қайтты. Жасыратыны жоқ, бірге туған аға-бауырдың, үш рет неке қиып, үйленген әйелдерінің арасында да тыныштық табарлық береке болмады. Күндестікке бой алдырды. Тек туған балаларының төбесін ғана көріп, алыстан ақыл айтты. Өзі оңашаланған күйі Жидебайға Еркежанның қолына бүтіндей көшті. Кісі қабылдамады. Еркежан Абай үшін соңғы жан ұялайтын бәйтерек іспетті көрінді. Демеу тұтты. Сәл сергігендей күй кешті.

Жалғанның жалғандығына көзі жеткен дана Гете де жүрегіне жұбаныш іздеді. Махаббатшыл кәрі жүрек тағы да бір рет және соңғы рет тұтанды. Он сегізде бір гүлі ашылмаған Ульрикиге ғашық боп, некелесуге қарсы болған қыздың әке-шешесінің уәжіне ренжіп: "Бір жыл күт дейді! Неге бір жылдан соң? Сұмдық қой бұл! – деп құсаланады. Махаббатпен қоса өмірдің де соңғы нұрының өшіп бара жатқанын сезінген Гете Карлсбадқа аттанып, жұрттан оңашаланады. Туған күніне жолдаған неше түрлі қимас сөздер де оны жұбатпады.

Сондай мазасыз күй кешкен Гете жастық күндері өткен Ильменауға жасырынып келіп, орманды өлкені аралады. Ульрикеге үйленуге қарсы болған баласы Август пен досы, шаһзада Август дүниеден қайтқан соң қайғылы көңілі еш сергімеді. "Өліктерді аттап алға кетіп барамын! – деген қапалы Гете мәңгіп жүріп бір кезде өзі аң аулайтын тошалаға бас сұғады. Қалың орманның ішіндегі төбеде орналасқан үйді айналып жүріп, есіктегі карындашпен жазылған жазуға көзі түседі. Бұл осыдан елу жылдай бұрын өзі жазып кеткен әйгілі "Жолаушының түнгі жыры" екен. Соны көзінен жас парлай ағып тұрып оқып шыққан Гете:

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ -

деген жолдарды дауыстай қайталап, өзінен-өзі күбірлеп:

" – Иә, тыншығарсың сен-дағы!.. – деп біраз үнсіз тұрып қалады. Іле қасына ерген хатшысы Эккерманға:

Ал, "енді кетуге болады", - деген екен.

Зерттеушілер осындағы: "Тыншығарсың сен-дағы... Ал енді кетуге болады! – деген сөздердің арасын байланыстыра мағына тауып, Гете өзінің өлетінін біліп, соны мегзеп айтты деп емеурін жасайды. Расында да, араға жыл өтпей Гете көз жұмды.

Махаббатының қызығын, өмір шырынының өзіне бұйырған соңғы тамшысын тата алмай кетті.

"Жолаушының түнгі жырын" аударған 1892-1893 жылдары Абайдың да өмірінде қайғылы оқиғалар бірінен кейін бірі жалғасып, өзегі өртеніп жатты. Өкінішінің орны толмайтын өлімдер ақынды азаның астында қалдырды. Биліктен, ел арасындағы дау-дамайдан жүрегі шайлығып, тіршілік таласынан, өмір тартысынан қажыған кезі еді. 47-48 жастағы Абай жасына жетпей дүниеден түңіліп еді.

Гетенің дүниедегі ең қымбат адамдары қос Август 1828, 1830 жылдары қайтыс болып, жаралы жүрегі қансырап қалса, Абайдың да ең сүйікті інісі Оспан 1892 жылы, сүйікті ұлы Әбіш 1894 жылы өліп, бауыры езілген тұс: "Әбіштен кейін өмір сүрдім деп қайтып айтамын? – деген азалы да қазалы ауыр мезет болатын. Тура сол тұста ол да өзіне-өзі Гетенің: "Тыншығарсың сен-дағы – деген сөзін айтып, бетін бақиға бұрғаны туралы емеурін етіп еді.

Олардың бұл өкінішін ешқандай жұбаныш, тіршілік қуанышы толтыра алмайтын. Екі дегдардың өміріндегі екі өлім олардың рухына өлім ұрығын септі. Шаһзада Август пен Август Гете – Гетенің, Оспан мен Әбіш (Әбдірахман) Абайдың тіршіліктегі үмітінің соңғы сәулесін үзіп кетті. Екеуінің де "махаббат пен ғадауаттан" жұбаныш табамын деген дәмесі де жүзеге аспады. Әр қайсысы өзінің өмір сүрген ортасы мен дәстүріне тән азапты басынан кешірді.

Бірақ адам ретінде жеке басының қорлануы тұрғысынан шеккен қасіреті мен азабы бірдей еді. Абай өзінің жеке басының күйігін:

Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік,

Өмірдің қызығынан күдер үздік.

Жылы жүрек суынды, жара түсті,

Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік, -

деген жолдармен емеуірін танытты.

Бұдан артық дәл Абай өмір сүрген заманда ашық айту мүмкін емес еді. Әрине, ойына келген әрбір ойды қағазға түсіріп отыратын хатшысы бар Гетенің жан дүниесі Абайға қарағанда біз үшін жалаңаштанып қалғандай көрінеді. Сонда да өмірбаяндық жазбаларының соңғы бөліктерін көзі жұмылғанша жария етпеуі Гетенің де "жұмбақ адам" күйінде қалғанын байқатады.

Ұлылардың жан сырын ұлылар ғана айтпай түсінеді. Ал кәдімгі пенде үшін оның бәрі жұмбақ және жұмбақ күйінде қалады. Олар өзінің қасіреті мен азабы туралы ешқашан да ашып айтпайды. Даналардың өз заманының қам-харакетімен, мүдде-мұратымен, уайым-жұбанышымен кірігіп кететіні сондай, олардың жеке басының көңіл-күйі мен қоғамдық тарихи ой астарының ара жігін ажырату мүмкін емес. Және бұл екі ұғымды бөліп қарауға тағы да болмайды.

Даналар сол болмыс-бітімнің бүтіндігі үшін де дана атанып отыр. Әйтпесе, жекелеген ұлы тұлғалар әр ұлттың ішінде ондап саналатыны анық. Абайдың "Жиырмасыншы сөзіндегі" өлшем – кез келген адамның ойы мен бойына шақ келмейді. Ақылда да, сол ақылды билеген жүректе де, жүрекке "қуат беретін қайратта" (Абай) да шек бар сияқты. Дүниеден алаңсыз түңілу тек қана даналардың сыбағасы іспетті. Мінезіне жеңдіріп барып шешім қабылдаған қызба талант иесі болмаса, саналы түрде құнығу данышпандардың ғана еншісіне жазылған "жазымыштың жазуы" сияқты көрінеді де тұрады. Бұған осындай дананың бірі Абайдың:

"... Осы жалығу деген – әрнені көрем деген, көп көрген: дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп – жеткен ойлы адамнан шығады. Соншалық өмірдің баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген, білгендер тіршіліктен жалықса да болады. Бұлай болғанда: ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанимат екен деп ойлаймын",- деген сөзі айғақ.

Гете де, Абай да даналық ойдың тұғырына тірелген, мәңгіліктің иірімінен үйіріліп шыға алмаған жандар. Оларды өмірден түңілдірген тұрмыстың, болмыстың тұйықтығы емес-ойдың қымақ тірелуі. Себебі даналардың бұл торығуы жай ғана реніштен тумаған, жалғанның жалғандығына көзі жеткен соң ғана денесіне де, санасына да у боп жайылған. Жасында "әр нәрсені күтті, дәметті. Не бітті?" (Абай).

Есейе келе соның "баянсызына көзі жетті". Гете де, Абай да жас кезінен бастап рухани бостандыққа ұмтылды. Бірақ "ер жеткен соң да уысына түспеді", "ерте оянды, толғанды, алайда "еркі өзіне тимеді" (Абай).

Рухани тәуелділік-даналар үшін тозақтан да, түрмеден де асқан азап еді.

Ауыздығымен алысқан асау көңілдің жуасуы не оған шек қойылуы қорлықпен тең көрінді. Олар өмірде де, өлеңде де, қоғамда да рухани тыйымның болмауын қалайды. Өзгенің ойы мен мүддесін сыйлай отырып, өздерінің де қиялы мен қылығына тосқауыл болуын талап етті. Бұл тілегін:

"Мен жас кезімнен-ақ: өзімнің ішкі жан дүнием өзінің табиғи ерекшелігіне қарай дамуы қажет, ал сыртқы дүние – маған өз заңы бойынша әсер етсін – деп шешкен болатынмын... Мен жан дүниемді барлық жат нәрседен азат етуге тырыстым, ал сыртқы дүниедегі әрекеттің бәріне құрметпен қарауға ұмтылдым", -деп түсіндіреді Гете.

Бұл арманына Гете жете алмады. Абай да сол үшін қамығып:

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме! -

деп жалбарынғандай күй кешті.

Бойларының қуаты, ойларының қуаты бар кезінде "айлаға да, ашуға да шырақ жағып", мысымен басқан тіршіліктегі қайшылықтар енді оларға дес бермеді. Өз дәуірі өздерін салынды құсап сыртқа итере бастады. Ал ондай қорлыққа көнетін тұлға Гете мен Абай емес еді. Абайдың да, Гетенің де шығармаларының тамырының қасіретпен суарылуының кілтипаны сонда. Олар рухани тірі өлік болудан қатты қорланды. Абайдың:

"Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін. Әншейін, осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам – ызалана алмаймын. Күлсем – қуана алмаймын. Сөйлегенім – өз сөзім емес, күлгенім – өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі", -деп ("Тоғызыншы сөз") түңілуі соны растайды.

Сол қасыретімен де олар өз өмірін өнер туындысына айналдырды. Тіршілік тынысының әр сатысы қайшылықты құбылысқа толы болды. Бұл оларға әрі рухани, әрі шығармашылық азықтың нәрін берді. Бірақ та адам ретінде жүйкесін тоздырып, ғұмырын қысқартты. Үміті мен жұбанышынан айырды. Оқымысты А.А.Аникст бұл қасіреттің басты қозғаушы запыраны жөнінде:

"Гетенің трагизмінің тамыры – ол өмір сүрген кездегі Германияның әлеуметтік-саяси өмірінің қайшылығында жатыр", -деп пікір түйді.

Дәл осы тұжырымды Абайға да қарата айтуға болады. Абайды "тірі өлік" еткен де сол Абай өмір сүрген қоғамның, оның ішінде басыбайлы, бодан ұлттың дерті еді.

Гетенің тұсында Еуропа жұрты азамат тарихындағы мүлдем жаңа дүниенің табалдырығын аттау алдында тұрды. Француздардың саяси, қоғамдық, әскери қозғалыстарының өзі немістердің түсінігінің астаң-кестеңін шығарып кетті. Бұл дүрлігу Гетенің де жүрегін тілімдеп, санасын сабылдырды. Сол аласапыранды "Фауст" арқылы бейнеледі. "Фауст – Гетенің өзі.

Фаустың түңілуі – Гетенің түңілуі, Фаустың толғауы – Гетенің толғауы. Махаббаттан да, ғадауаттан да, жалғаннан да жалыққан Фауст шыбын жанын Әзірейілге сатып тынады.

Сөйтіп, "дүние кейістің" азабынан құтылғандай күй кешеді. Абай да мұны сезініп:

Мен көрдім дүние дейтін иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін, -

дейді ғой.

Жалғанның жалғандығы мен тәркі дүние – Гетеде де, Абайда да басты тақырып болып табылады. Оларды табыстырып тұрған да, "тыншығарсың сен-дағы – дегізіп тұрған да осы жан күйігі. Құмығып өлуден сақтап қалған басты күш – 1олардың таланты. Гете мұны өзі де:

"Менің қалай қайғырғанымды жеткізу үшін құдай маған қабілет берді", -деп мойындайды.

Демек, ішіне у толған "у мен дертті" өлең арқылы сыртқа шығарып, жүрегінің басына тұнған запыранды ақ қағазға төккен. Сөйтіп жанын жұбатқан, рухын тазалаған. Абай да дәл сондай жолмен жүрегіндегі дертті емдеген. "Іші өлген, сырты сау" Абай құсаланаған сәтінде өлең жазып, зар-мұңын соған шаққан. Содан соң ғана бойы жеңілдеп:

Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,

Көңілден кернеген кек көмілгендей.

Болады жылауға да, сенуге де,

Жүректің басына у төгілгендей, -

күй кешті.

Бір сәтке жүректі сыздатқан күйіктен дамыл таппады. Демек, қабілет – екі данышпанға да аса қажетті қасиет болған.

Егерде олар дарыннан ада-күде болғанда қалай тіршілік құрып, ғұмыр кешетінін елестетудің өзі де қиын. Құсалықтан құмығып жүректері жарылып кетуі де мүмкін еді. Оларды бір жаратушының өзі ғана мұндай азаптан құтқарды. Қайшылық пен қасіретті бір басына үйіп-төгіп бере тұрып, одан арылатын мүмкіндікті де сыйлады.

Бұл Гете мен Абайдың өзі үшін тауқыметті азап болғанымен де, исі адамзат үшін игілікке айналды. Дүние тағы бір данамен толықты. Даналардың тіршілік алдындағы дәрменсіздігі сондай, өзінің өмірлерін ықтиятпен өткізуге шамалары жетпеді. Герман Гессенің:

"Гете өзінің жеке өмірімен де және бойындағы қабілетімен де кәдімгі ақындықпен сарай қызметкерінің, рух пен ақынның, табиғатқа табынушы мен рухани уағызшының арасындағы үйлесімсіздіктің басын біріктіре алмай кетті, бір адамның екіге бөлінуінің нәтижесінде күйініші қатты күйікке, адам төзгісіз қақтығыстарға жолықты, сөйтіп, жан дүниесіне қым-қуыт жарықшақтар түсті – деген пікірдің жаны бар.

Қайшылықсыз тіршілік болмайды. Бірақ та даналардың қайшылығы қашанда сәбилік аңқаулық пен даналық ойдың арасынан туындайды. Тыйым салған нәрсеге әуес келеді де, істелуге қажетті әрекеттен бас тартады. Ақылына сезімі жеңістік бермейді. Гете ақындықты ұстанып, шаһзаданың министрі болудан бас тартса, рухын ақылға бойсұндырса, табиғат пен таным арасындағы сергелдеңін тоқтатса – талай күйіктен құтылар еді. Бірақ оған тәуекел етпеді.

Абайдың да "етекбасты" болуының бір парасы осында жатыр. Ол да талантты тағдырының, ақындығы мен ақылының, болыстығы мен болмысының арасындағы қайшылықты жеңе алмады. Өмірде де, өлеңінде де "суық ақылдан бойын аулақ тартып", "жүрек, сенің дегеніңе көндім – деп сезімге бас иді.

Бұл ақылсыз жүрек, алғаусыз сезім билеген тұста "адамды заман билемек" (Абай).

Ал Гете мен Абай өздерін заманға билеткісі келмеді. Әрі адам, әрі дана болып өмір сүргісі келді. Бұл дерт екеуіне де ортақ еді. Сондықтан екеуінің де өмірі құсалықпен аяқталды.

 

 

II

 

Сананың торығуы – ақылдың ісі. Гете мен Абайды "дүниеден жалықтырған да" сол ақыл. Олар бұл тұжырымға тосын немесе әлдеқандай нәрсеге көңілі қалғандықтан, жеке басындағы уайым-қасірет жүрегін кеміргендіктен келген жоқ.

Әрине, олар да пенде.

Бірақ "өліктерді аттап алға кетіп барамын – деген Гетенің, "жүрегінде қайғы теспеген иненің жасуындай жер қалмаған" Абайдың торығуында бұдан да үлкен заманауилық себеп бар.

Жақыны мен балаларының өліміне екеуі де қатты күйзеліп, жоқтау жазған. Тіпті Абайдың шығармаларының тең жартысы Әкімбай мен Оспанды, Әбдірахманды жоқтаудан тұрады. Ал Мағауияның қазасының тұсында Абай дүние қайғысын сезуден қалып еді. Оның денесі құсаға толып, зар болып төгіліп жатты. "Тән қуаты мен жан азығының" өзі Абайды қасіреттің теңізінен алып шығуға дәрменсіз болатын.

Алайда, кез келген дана сияқты Абай да жанына үңіліп, өткен іс, кешкен тағдыр, татқан дәмнің бәрін санасында саралап, өлеңі мен "Қара сөзі" арқылы түбіне жеткізе талдап қойған болатын. Ол үшін әрбір құбылыстың мәні айқын, анық әрі бәрі де мағынасыз сыпат алған-ды.

Гете де осындай қорытындыға келді.

Ол өзінің өмірбаянын жарты ғасырдан астам уақыт бойы жазды. Арасында ұзақ-ұзақ үзіліс жасады. Өмірінің аяқталып келе жатқанын білген ол өзінің іс-әрекетін, мінезін қайшылықтары мен кемшіліктерін, жақсылықтары мен жамандықтарын, торығуының себептерін, өмірден іздеген және тапқан не таппаған арман-мұратын, жұбаныштары мен реніштерін, ақылға, қайратқа, жүрекке жүгінген тұстарындағы шешімдерін талқыға салды.

Талдады. Өкінді. Жұбанды. Тағы да талқыға салып, тағы да таразылады. Өзін-өзі аямай ақылдың талауына тастады. Гете өзінің бойындағы бұл қасиеті туралы ескерте келіп:

"... Мен өмір бойы бір ғадетімнен жаңылған жоқпын: мысалы, мені қуантқан, не азапқа салған немесе қызықтырған нәрсенің бәрін дереу өлеңге түсіріп, көркем бейне жасауға машықтандым, сол арқылы өзімнен-өзім есеп алдым, сыртқы дүние туралы түсінігімді түзетіп не тексеріп барып іштей өзімді-өзім жұбаттым", -дейді.

Демек, Гетенің әрбір көркем бейнесінде, өлеңінің астарында ақылдың ықпалы мен тәжірибенің табы бар.

Өлең-шабыты қысқандықтан, біреуді жек көріп не ұнатып қалғандықтан кездейсоқ жаза салған ұшпа сезімнің желігінен тумайды екен. Әр адымын осындай ақылды есепке жеңдірген Гетенің өмірде де, өлеңінде де жалғандыққа баруы мүмкін емес.Бірақ жеке басы мен қабілетінің арасындағы қайшылықты жеңуге "күнделікті тексеру мен тергеу де" септігін тигізбеген. Мұндай өзін-өзі сақтандыруды Абай да ұстанған. Ол өзі түгіл өзгеге де соны үлгі тұтып:

"Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің (өткізіппісің)? Жоқ, болмаса не қылып өткізгенінді өзің де білмей қалыппысың? -деп сұрақ қояды.

Екі дегдардың айтар ойы мен нысанасы біреу: ол-адам өз өміріне есеп беріп, көргенін көңілге түйіп, содан тиісті қорытынды жасап, мағыналы ғұмыр кешуі керек, яғни Абайша айтқанда, "толық адам" болуға ұмтылған лазым. Гете де "есеп беруді" өз басына қарата айтқанмен, ішкі сырын қауыммен бөлісіп отыр. Өйткені ол әрбір сөзінің түптің-түбінде оқырманға жетерін білген. Ол Шиллерге жазған хатында:

"Менің өзімнің жеке басымның өзімшілдігінен биік тұрғаным сондай, өзімнің өткен өміріме және іс-әрекеттеріме үшінші бір адамның басынан кешкен тарихи оқиға ретінде салқынқандылықпен қараймын", -деп жауап береді.

Ақылына жеңдірген адамның жүрегі де суық болады. Өзін өзгелермен тең ұстайды. "Өмірбаяны" арқылы жан құпиясын ашудың мәнісі де сонда. Абай да оны түсінген. Түсінгендіктен де:

Арғын, найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме, -

немесе:

Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап Қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар толғанар, -

деп өзінің ақындық харакетінен хабардар етеді.

Мұндағы: "арғын мен найманды жиып сөзіне таңырқатудың, "ақынның бел буынып, дүние кірін жуу үшін ойды сөзге айналдыруы, қыранша қарманып мұң мен зарды қозғаған надан мен зұлымға кектене толғанып, шиыршықатуы – Гетенің "көргенімді көркем бейне жасауға асығамын – деген мағынасын толық береді.

Гетенің оқырманы – қарсы алдында, кітапқа шүйіліп, ширығып отыр.

Ал Абай өзінің қауымының бейнесін дала дәстүріне сай суреттейді. Абайдың тындаушысы – би кеңесінің, ауызекі айтыс пен даудың, билік төрелігінің ішінде. Ол жазулы қағазға емес, естіген құлаққа сенеді. Сондықтан да оның сомдаған образы-өмірлік құбылыс. Соны сығымдап тұжырымдап барып өзіне-өзі "есеп береді".

Бұл – еліктеу, ой алмастыру, сөз жарыстыру емес. Даналардың ақыл-ойының өз беттерінше іздеп тапқан ой жемісі. Ой толғанысы.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 340; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.084 сек.