Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 34 страница




Абай мұны өз басынан мысал ала отырып дәлелдейді. Пиғылдың өзгеруін Абай:

"Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек (еді), бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса (ң) керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық: ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық. Еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көңіл айтып тұрса-сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенде-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық", -деп ("Жетінші сөз") ықтияттайды.

Пиғылдың тілегі – Алланы да өзіне қаратып алу. Пиғыл, сол пиғылды туғызған құмарлық пен қызғаныш иман іздемейді. Өйткені бұл ашкөз сезім. Өмірі қанағатты білмеген, араны жабылмаған және жабылмайтын "ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талапты" қаперіне де алмайтын жұлымыр қорқаудың өзі. Ницшенің пайымдауынша ол:

"Ақылды қажет етпейтін, мән-мағына іздеп бас ауыртпайтын, тек қана тән қанағатына құлшынатын дүлей. Сол сезімнің шыңырауына пиғылдың алтын құсы ұя салған, енді алтын жұмыртқаны жия беруден басқа алаңы жоқ жалмауыз тілек қана өмір сүрмек".

Дәл осындай қасиетсіздікті бойына сіңірген, игіліктің ұясына жұмыртқа басып, жан-жағына жалмаңдай көз салып, білім арқылы дүниенің қулық-сұмдығын, "баласына үйреткен" жандар "соның қаруымен тағы да қазақты (Ницше – адамзатты, игілікті – Т.Ж.) аңдысам екен дейді". Ақыры әлгі қызғанышың, пиғылың, көрсеқызарлығың мінезге айналады.

Мінезге ұласқан жүгенсіз сезімнің өзі де дерт.

Бір кездегі жек көрінішті көрінген қылықтар-сүйікті іске, жаныңды түршіктіретін жат әрекеттер-әдетіңе, жиіркене қарайтын жат кісілер-жақыныңа айналады. Қызғаныштың, құмарлықтың, пиғылдың құлы болдың. Өзінді-өзің билеуден қалып, мінезге айналған мініңе тәуелді болдың. Жүрегіңе жын кірді.

Ақылыңның азғыны – аярлық, жаныңның азығы – жалдаптық, тәніңнің қуаты – тауқымет болды. Мұның барлығын ессіз құмарлық биледі. Ницше:

«Бойыңдағы құмарлықтың барлығын жүрегіңе сіңіріп, сенің ашылған араныңа қызмет етті. Сенің ендігі жарылқаушың сол. Жанашырың да сол. Қызба мінездісің бе, зинақорсың ба, құбыжықсың ба, жоқ кекшілсің бе, бәрібір-сенің құмар көңілің-жанашырыңа, бойыңдағы жының-періштеге айналады» – дейді.

Мұндағы жанашыр деп отырғаны пиғылдың екінші мағынасын білдіреді, яғни, кекесінмен айтылған "добродетель" дегеннің баламасы "жын жүрегіңе кірді. Оны мінезіңнен таптың – деген Ницшенің ишарасын Абай:

"... ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен не біреудің орынсыз сөзіне, не бір кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып, үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін – қыларлық, тұрам дегеніне тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік – бір ақыл, ар үшін болсын! – деп ("Отыз екінші сөз") тәрбиеге негіздей бағамдайды, өз ұлтының мінезіне лайықтап жеткізеді.

"Ақылдың сауытына" сыймаған пиғыл мен қызғаныш, Ницшенің сөзімен айтсақ, "жалған жанашыр" о бастағы таза тән мен адал жанды, ақ бата мен пәк тілекті кірлетіп тынды. "Азғырылды", "беріктігінен айырылды", "қайраты" қайтты. Өйткені, ар мен ақылдың сауыты арам пиғылға толы. Енді адамгершілікке "орын жоқ". Ницше мұны: бір кезде сені құмарлық билей бастағанда оны жек көріп, қараниет деп жиреніп едің. Енді сен үшін жалған жанашырдан басқа жақын жоқ, ол сенің құмарлығыңнан жаратылды-деп түсіндіреді. Содан кейін кекесінмен:

"Бір кезде сен жыртқыш төбетті жаныңның түкпірінде тұқыртып ұстап едің, енді сол төбетің күміс көмейлі бұлбұлға айналды", -дейді Ницше. Абай бұл ойды:

Бір нәрсені ұнатса,

Қайта ойланып қарамас.

Мақтанып жұртты шулатса,

Құмары сол қызба бас, -

деген өлең жолдары арқылы білдіреді.

Пиғылдың, қызғаныштың "жыртқыш төбеті" "күміс көмей бұлбұлға айналды" деп отырғаны – құлқынның құлы болдың, енді бұрынғы қылмыс көрінген істің бәрі саған игілік іспетті әсер етеді. Батқан былығың мен шылығың сенің жаныңа рахат әкелетін болады. Сол "иттігің" үшін өзіңе-өзің риза болатын күйге ұшырадың дегені Ницшенің.

"Жаныңа жын ұялаған соң жанығасың. Өзгенің азабынан ләззат аласың. "Қанағат, рақым, терең ойдан" ада-күде арылған соң, "ар ұялар істі" ұмытасың. Әрбір әрекетің өзге үшін айналса, олардың іші күйсе, "күншілдігі қозса" деген "кесірлі пиғыл" бойыңды жеңеді. Арамза ой тәнің мен жаныңды жаулайды. Соның бірі-кейбір қазақтардың ағайынмен араздасқанда айтатын:

"Сенің осы қорлығыңа көнгенше баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма-мұрт қойып кетпесем бе! – деген ("Жиырма бесінші сөз") көкайылдығы.

Бұл адам бойындағы ерік-жігердің, намыстың, ақылдың, әрекет, пиғылдың ерегеске ұласқанын байқатады. Көрсеқызарлықтан, дәлірек айтсақ, рухани не тұрмыстық мұқтаждықтан туған қажеттілік пендені ерегеске итермелеп отыр. Егер ол өзінің алпыс екі тамырын тіксіндірген мұқтаждықты сезінбесе өзгеге итінбес еді, құмарлығы оянбас еді, тілемсектенбес еді.

Ал "жыртқыш тәбетті" "күміс көмей бұлбұл" ретінде ұстаған жыртқыш пиғылдың иесі-момынның күйіп-піскен мінезінен ләззат алады.

Біреуді ызаландырмақ – пиғыл үшін түпкі мақсаттың бірі. Егер арамзалықтан рахат алмаса, онда оның сойылын соғып қажеті қанша? Мұндай мінез қазақтың да бойында бар. Болғанда қандай! Тіпті сондай мекерлікпен істеп, иненің көзінен өткізіп жіберетін кездері көп. "Жалған намыс" деген ұғымды талдаған тарауда оған көз жеткізгендей де болдық емес пе. "Жалған намыс", "жалған мақтан", "орынсыз бекер мал шашпақ", "көрсеқызарлықтың" бәрі:

"... Қазақтың (Ницше бойынша-адамның – Т.Ж.) қазақтан (адамнан) басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ-шариғатта һарам, шаруаға залал, ақылы теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несі дәулет (деп) біліп, қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен? – дейді ("Жиырма алтыншы сөз") Абай өзі де налып.

Сонымен адамның бойындағы ең қасиетсіз сезімнің бірі – пиғыл. Ол көрсеқызарлықтан, арамзалықтан, мекерліктен рухани және тұрмыстық мұқтаждықтан туындайды екен. "Көрсем, білсем" дегеннің бәрі "мен ғана көрсем, мен ғана білсем, өзгелер қызықса, қызғанса, маған тәуелді болса, жыртқыш төбеттерімнің өзі-күміс көмей бұлбұл боп сайраса - деген есек дәмеге жалғасады екен. Яғни адамгершілік қасиеттен жұрдай боп айырылады. Бетін пиғылдың қияметіне қаратқандарға Ницше:

"Бауырым, егер сенің жалған жанашырың қолтығыңнан демеп тұрса, онда өзгеге алаңдама, бетіңнен жарылқасын, ол сені көпірден өткізіп жібереді -дейді.

Ницшенің бұл көпірі-қыл көпір ме, жоқ, ардың, ұяттың, адамгершіліктің көпірі ме? Әлде зұлымдық пен мейірімнің, қатыгездік пен қайырымдылықтың арасындағы көпір ме? Адам именбей өтетін көпір-жұмақтың көпірі емес, адамды тітіркендірмейтін жел-жұмақтың желі емес. Демек, Ницше: теріс баққан бетіңнен жарылқасын-деп тұр ғой. Абайдың:

Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда? —

дегені де соны мегзейді.

Демек, адамның түйсігінде әлдеқандай шекара бар болғаны ғой. Мұны Абай "қанағат" деп атайды. Қанағатсыздықтың пиғылы, яғни қанағатсыздық – барлық ібілістік жексұрын қылықтардың "кесірлі ұясы" екен. Оны Ницше:

"Сен өзіңнің бойыңдағы зәрлі уыңнан бал жасадың, сен қасіреттің сауын сиырын саудың-енді соның тәтті желінін еміп отырсың -деп бейнелі тілмен баяндайды.

Абай осы мінезді сынай отырып, елінің болашағына алаңдап, дүниеден баз кеше отырып, халқының жарасына дауа іздейді. "Қасіреттің сауын сиыры – Абай үшін өзінің туған ұлты. Сондықтан да ол барынша ашына ақтарылып, жұртын сыналай сынап, өскіндерді сақтандыра сес көрсетіп:

"Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ-өнерсіз иттің ісі", -деп ("Төртінші сөз") бір-ақ қайырады.

Расында да, қызғаныш пен құмарлықтан туған жалған жанашыр жақсылыққа жетелемейді. Өрге емес, көрге сүйрейді. Ол-"өнерсіз иттің ісі". Рухани мұқтаждық та рухани мүгедектіктің белгісі.

Сол мұқтаждыққа бас идіріп отырған мінез-тәуелділік. Рухани тәуелділік. Егер пиғылыңа жеңдірсең-қызғаныштың, көрсеқызарлықтың қызыл отына күймес едің. Рухыңды, аранынды билей алмасаң-құлқыныңның құлы болғаның.

Ал "құлқынның құлынан" "есті адам" шықпайды. Тәуелді, басыбайлы күйкі тіршіліктің иесі ғана атанып жүрмек. Ол ешқашанда "толық адам" бола алмайды, тек соның көлеңкесі ғана болып күнелтпек. Өйткені рух-бәрінен жоғары. Ал әлгі "құлқынның құлының" рухы өлген. Тірі өлік деген сол. Ницше ойын дамыта келіп, кекесінді ызасының мәнін аша келе:

"Жалған жанашырлықтың болғаны жақсы-ақ: бірақ та ол – ащы сыбаға, әлгі жанашырлықтың талайы сондағы толассыз соғыс пен қырғынның майданына аттанып, қыршынынан қиылған құрдым ол. Бауырым, соғыс пен қырғын зұлымдыққа жата ма? Алайда сенің жанашырыңа олардың арасындағы бықсыған өсек-аяң, қызғаныш пен күншілдік қандай қажет болса, саған зұлымдық та сондай қажет... Әрбір жанашырың-қызғаныштан жаралған, ал қызғаныш-оңбаған қасиет. Сенің жанашырың-жаның да қызғаныштың отының құрбаны болмақ. Қызғаныштың жалыны-шаян сияқты, сені де улы тілімен шағады. О, бауырым, сен әлгі жанашырыңның (пиғылыңның) сені де, өзін де шағып жатқанын көрдің бе? Адам-пиғылдың құлы (мағынасы бойынша аударылды – Т.Ж.), ендеше сен жанашырыңды сүюге міндеттісің. Өйткені сол үшін сен жанынды бердің",-дейді.

Кекесінмен, таным құдайы Заратустраның атынан айтылған уағызды қазақтың қарапайым тілімен жайдақтап жіберіп, жанашыр деген сөзді адамның бойындағы барлық жаман пиғылдың жиынтық ұғымы деп түсінсек, онда мұның толық баламасын Абайдың:

Кеселді жалқау, қылжақ, бас,

Әзір тамақ, әзір ас.

Сырты – пысық, іші – нас,

болып жүріп, тірімін деме, онанда Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық",-деген сөзі жеткізіп тұр емес пе.

Бұл пікірді талдап, түсіндірудің өзі артық. Тек Ницше "Жанашыр" деп бейнелеп алған ұғымды Абай қазақтың көп мағыналы астарлы сөзімен әр түрлі тіркес арқылы қолданғандығы ғана ұғымның жігін ашып тұр. Егерде:

"Земная добродетельді - "кеселді жалқау", "все демоны-в ангеловты - "қылжақбас", "золотые яйцоны - "әзір тамақ", "сладкое молоко вымениді - "әзір ас", "тяжкий жребийді - "сыртың пысық", "она требует всего духа твоегоны - "ішің нас" деп аударды десек:

- онда "Жалған жанашырға жанынды бергенше - "Алланың жіберген ақ бұйрықты өлімінің өзін артық санаған" Абайдың қаламына іліккен бұл сөз Ницшенің де, Заратустраның да емес, Пайғамбарымның – Абайдың сөзі болды ғой!

Бұдан шығатын қорытынды: пиғыл мен құмарлық, қызғаныш пен көрсеқызарлық іспетті жексұрын мінездер адамға туа бітпейді оны бұзатын-рухани және тұрмыстық мұқтаждық. "Толық адам", тәуелсіз азамат атану үшін рухың тәуелсіз болуы керек. Рухың ақылыңа, пиғылыңа билік ете алмаса, онда "ақ бұйрықты өлім де" бұйырмайды.

Демек, пендешіліктің күйкі тірлігіне түспеу үшін тәуелсіз ұлт, "толымды қоғам", "толық адам" болуы шарт екен.

Абай мен Ницшенің ақыл тоғыстырған жүйелі тұжырымының бірі осы. Әзірше ондай қам-қаракетсіз қоғамға жеткен қауым жоқ. Бірақ ақылың арқылы қасиетсіз қылықтарға сананда тұсау салып:

Жамандық көрсен нәфірәтлі (жексұрын),

Суытып көңіл тыйсаңыз, -

дегеніңіз адамгершіліктің ұясынан шықпайсыз.

"Мінездің сандығындағы қоймаңыз" қашанда игіліктің нұрына толып тұрмақ. Мұқтаждығыңыздың өзі рухани тазалыққа қызмет етпек. Сонда ғана, "нысап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап" жаныңызға жолдас болып, сізді мұратқа жеткізеді. Қос данышпанның осы ой тоғысының өзі түсінген құлдың "тәніне – қуат, жанына – азық".

 

16. "БҰЛ СӨЗІМДЕ ЖАЛҒАН ЖОҚ…"

(Абай және ұлттық намыс мәселесі)

 

Өзіне-өзі сын көзімен қарамаған ұлттың даму келешегі шектеулі. Өткір ой, ащы тіл, мірдің оғындай дәл тиген сөз ұлттың намыс қайрағы іспетті. Ширықтырып, шамырқандырып, бойын жинақы ұстауға дағдыландырады. Үнемі сергек жүрген ұлт қалғымайды. Бірақ та мұқым ұлтты сескендіріп, тітіркендіріп, айтқанын мойындататын тұлғалар әр дәуірде туа бермейді. Ондай тұлғаға қай ұлт болса да қашанда зәру.

Қазақ қауымының жолы болған бір бақыты сондай тұлғаны – Абайды тудыруы.

Біз өзіміздің бойымыздағы, өзгенің мінез-құлқындағы, сол арқылы мұқым ұлттың ішіндегі жағымсыз қылықтарды айнадан көргендей қымсынып, демімізді ішке тартып, мінімізді түзейміз. Жақсылыққа да, жамандыққа да, жан күйігіне де Абайдың сөзін алдыға тартып, бір-бірімізді жұбатамыз, ұялтамыз, марапаттаймыз. Сондықтан да қандай бір ұлттық оқиғаны Абайдың сөзінсіз аттап өте алмаймыз. Абайға жүгініп, Абайға иек сүйеп, Абайдың бағасымен қуаныш, жұбаныш, қайғымызды өлшейміз.

Бұл тағдырдың қазақ халқына жасаған ұлы жомарттығы. "Ит қазақ" (Абай) болса да Абайдың уәжіне бас имейтін бұл ұлттың өкілі жоқ. Ондайлар табыла қапса өзін қазақпын деп есептеуге қақысы жоқ. Бұған бәріміз де мақұлмыз. Абайға барлығымыз бас иіп, тәжім етеміз.

Зады, "ұлттың ұйытқысы" ("отец наций") деген ұғым Абай сияқты тұлғаларға қаратыла айтылса керек. "Ұлттың ұйытқысы" болғандықтан да өзінің ұлты туралы қалай сүйініп, қалай күйініп айтамын десе де еркі. Біз соның сөзіне қарап өзімізді тәрбиелейміз. Мұндай ұлы тұлғалар туралы В.О.Ключевский әзіл араластыра:

"Соловьев пен Толстой екеуінің ғұламалығы таңғаларлық тосын құбылыс: Толстойдың өзіне философияны оқытқаны үшін де Соловьев философ, ал Соловьевтің өзіне философия тауып, одан дәріс алғаны үшін Толстой да философ. Міне, сөйтіп екеуі де таңғаларлық істі жүзеге асырды: біреуі ештеңе оқытпай-ақ ұстаз атанды, ал екіншісі ештеңе оқып жарытпастан ғалым болды -деп айтса да, астарында үлкен шындық бар.

Өйткені бізге, жалпы қазақ ұлтына, Абай ешқашанда оқулық жазған жоқ. Бірақ бәріміз оны ұстаз деп сезінеміз. Сондай-ақ Абай бізге ешқашанда дәріс оқыған жоқ. Алайда бәрімізде өзімізді оның шәкіртіміз деп есептейміз. Әрине, В.О.Ключевский сөзінің астарында аздаған кекесін бар. Ал біздің ниетіміз қалыс. Толстой кімнен не үйренсе де орыстың ұлттық ойының атасы болып табылады. "Ақымақтың да ақылын ал! - деген Олжас Сүлейменовтің емеуріні соны аңғартады. Біз Абайды сынай алмаймыз. Толстойдың алдында тұрған Соловьев сияқты дәріс оқи отырып өзіміз үйренеміз. Сөйтіп, табынған Абайымыз өз ұлтының барлық қоябасын сыртқа шығарып:

"Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тонауы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз", -деп ("Жиырма төртінші сөз") айдай әлемге жайып салады.

Ұлттық ойдың ұйытқысы деп танылған Абайдың бұл пікірін мойындауымыз және Абай арқылы дүние жүзіне мойындатуымыз ұлттық намысқа тимей ме? Соншама жек көрінішті көрсететіндей қазақ халқы тым сүйкімсіз бе еді? Одан да Абайды аудармай-ақ, ішкі дертімізді өзіміз емдеп көрсек, қоябадан арылған соң ғана сыртқа сырымызды алдырсақ қайтеді?

Дәл осылай түсініп, дәл осылай түсіндіріп жүргендер бар. Абайдың тек жоғарғыдай пікірін теріп алып, баспасөзде жариялап: қазақ деген өз бетінше ел бола алмайтын ел екен-деп Б.Супрунюк пен Е. Курдаков сияқтылар арандатып та тынды. Сонда Абайды жат жұрттан жасырып ұстағанымыз тиімді ме?

Жоқ! Біз дүниеге Абай арқылы және Абайдың өткір де терең ойы арқылы танылуымыз қажет. Өзін-өзі сыйлайтын ұлт, өзін-өзі сыйлайтын зиялы қауым Абайды өте дұрыс түсінеді, және Абайдың пікірлерін өз ұлты туралы, сол ұлттың бойындағы дерті туралы айтып отыр деп қабылдайды. Өйткені Абайдың идеясы жалпы адамзатқа ортақ идея. Жалғыз қазақ ұлтының бойындағы кемшілікті қозғамайды, исі адамдық мәселені тілге тиек етеді. Қазақ ұлты ойға ұйытқы болатын ашытқы, өмірлік мысал ғана. Толстойды, Бальзакты, Т.Маннды, Лу-шы4ды, Ақутатаваны, Фолькнерді біз де солай қабылдаймыз. Олардың кейіпкерлері арқылы бүкіл ұлттың жан толғанысын сезіне отырып, өз ұлтымызды да күйініш-сүйінішін жүректен өткіземіз. Әйтпесе, қайырымсыздық пен қатыгездікті туғызатын:

Құйрығы шаян, беті адам,

Байқамай сенбе құрбыға!

Жылмаңы сыртта, іші арам,

Кез болар қайда (қандай) сорлыға, -

дейтін кесірлі сумақайлар әр ұлтта бар. Екіншіден:

Абай ешқандай сескенбестен, қысылып-қымтырылмастан, жүрексінбестен, сеніммен өз ұлты жөніндегі ащы пікірді жалпақ әлемге жариялап отыр. Демек, ұлтының ғұмырының мәңгі екеніне, жалған намысты емес, шыңдықты айту арқылы өзін-өзі тәрбиелеп, қоябасын тазартап, жан сарайын жаңғыртып отыратын белсенді қауым екенін, ұлттық сана-сезімінің жоғары дәрежеде дамығанын паш етеді. Демек, қазақ ұлты өзіне-өзі сенген ұлт. Парасатты қоғам құруға толық қабілетті. Сол қоғамға бет алған қауым ретінде өзін көрсеткен халық екендігін танытты.

Жалған ұлттық намыс-сол ұлттың әлі де толық жетілмегенінің айғағы. Абай өз ұлтын биік саналы сатыға жетті деп, сөздің астарын исі адамзаттық дәрежеде түсінеді деп есептейді.

Ендеше көпке ортақ ойды ішке жасырудың қанша қажеті бар? Дүние ойшылдары Абайды сол ашық жүрегі мен өткір пікірі үшін жоғары бағалайды.

Өлендерінің аудармасы жеткізе алмаған тұстарын "Қара сөздері" толықтырып, оның "жұмбақ жүрегінің" құпиясын ашады. Әлемге беймағлұмдау болып келген ұлтының жан дүниесін түсіндіруге септігін тигізіп, оның мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін, арманын, рухани мүмкіндігін, өмір сүру қабілеттілігін, ойлау дәрежесін танытты. Абайды оқи отырып, оның туған елін ешкім де қорлай алмайды. Қорлағанның өзін қорландыруға Абайдың шығармалары толық кепілдік береді.

Ол өзінің ұлтын жанын бере сүйген. Сондықтан да күйіне сөйлейді. Мұндай құбылыс ұлы адамдардың барлығының да басынан өткен. Белгілі бір сана, таным дәрежесіне жеткенше халқын, түсінуге тырысады, түсіндіруге ұмтылады. Кемелділікке бет алғанда ұлтының бойындағы кемшіліктерді кегі кеткендей ызбармен әшкерелейді. Толстойдың, Лу-шыңның, Достоевскийдің, Гогольдің, Бальзактың тәжірибесі соны дәлелдейді. Абай да солар көтерілген кемелдік шыңына шыққан. Ол тіпті қатты мінеуінен сескеніп:

"Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? - деп күдіктенеді. Ұлтының күйкі мінездері үшін күйінгені сондай, дел-сал күйге түсіп:

"Мен өзім тірі болсам да-анық тірі емеспін. Әншейін осылардың (қазақтардың – Т.Ж.) ызасынан ба, өзіме-өзі ыза болғаннан ба, бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам – ызалана алмаймын. Күлсем – қуана алмаймын. Сөйлегенім – өз сөзім емес, күлгенім – өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде: өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін деймін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде: "Әттең-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау! – деп қайғылы болмай, алдағы тілеу болмаса – артқа алаң болмай өлуге -деп те ("Тоғызыншы сөзі") түңіледі.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 397; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.069 сек.