Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

В глазах знатаков 6 страница




Замананың талқысынан өткен шақта халықты ақыл билеу керек еді. Ал қазақ жұрты мінезіне жеңдіріп алды.

Өзінің даму сатысының ең қуатты кезеңін ХІІ-ХІҮ ғасырдың тұсында басынан кешірген көшпелі қауым Алтын Орда ыдыраған соң кемелділікке қадам басуы тиіс болатын. Ұлттық тұтастықтан айрылып қалған соң ұсақ хандықтардың шолақ қырғыны оған мүмкіндік бермеді. Ағалы-інілі екі адамның бірі – Тоқтамыстың, бірі Темірдің әскеріне қолбасылық еткеннен кейін ортақ ұлттық намысты тауып алудың өзі де қиын іс.

Тағдырдың тезіне орай біздің тарихымыз осындай ащы шындық пен қасірет, тағдырдың тәлкегі арқылы қалыптасты. Көшпелілердің бағы Алтын Орданың ыдырауымен бірге қайтты. Осындай аса зауалды тарихи кезеңде "ақылдың билігі" қажет-ақ еді.

Өйткені:

"Халық өмірінің екі сатысы бірден оңай ажыратылады: алғашқы сатысында халық өзінің мінезіне сүйеніп өмір сүреді: бұл жастық кезеңі, саяси түйсікке билеткен күшті құштарлықтың, зор қозғалыстың жетегінде жүрген үмітті дәуірі. Бұл тұста халықтың көкірек отының күшімен әр салада өшпейтін із қалады немесе сол ескерткіштің негізі қаланады. Халықтың дамуының екінші сатысында – халық есейеді, осы уақытқа дейін мінезіне жеңдіріп келген әдеті бірте-бірте ұмытылып, ақылына ерік береді. Ойлану, бұрын қалтқысыз сенетін нәрсеге күдікпен қарау, істеген харекеті ақылға сыйымды ма, жоқ па деп саралау, бұрын ешқандай да өзгертуге болмайтын мәселелердің басқа қырынан келіп, орнын ауыстырып, әр қырынан қарау – халықтың екінші сатыға, яғни ақылға билік берген есею дәуіріне қадам басқанын көрсетеді", - дейді С.М.Соловьев.

Көшпелі қауымның тарихы дәл осындай "ақылға билік беретін" дәуірде өзінің табиғи мінезіне жеңдіріп алды. Адамзат мүлдем басқа сатыға көтерілгенде "көшпенділердің көші" жұртта қалды.

Озған елдің шоқтығы биік, көзі қырағы, ойы алысты болжайды. Петрдің арқасында Ресей сондай деңгейге көтерілді де түзден олжа іздеді. С.М.Соловьевтің: даму сатысының биік деңгейіне жеткен, ақылға билеткен ел өзінен төмен тұрған елге өктемдігін жүргізеді және бағындырады, онда тұрған түк те жоқ, бұл әділетті заңдылық деген пікірдің жаны бар. Әрине, Ресейдің отарлау саясатын, оның ішінде көшпелі жұртты отарлауын: «орыс халқының кеңдікке, мұхитқа ұмтылуы, ол қорғаныстық сыпат алды" деп бағалауын теріс тұжырым десек те, халық санасының тарихи даму кезіндегі мінез-құлықты дәл ажыратып отырғаны анық.

"Жеңгенді жазғырмайды". "Ақылды билікті" Абай мойындап:

Мен мақтанның құлы емес,

Шын ақылға зорлық жоқ –

деп лажсыздық танытады.

Шындыққа қарсы тұра алмайсың.

Өкінішке орай көшпелі елдің тарихы өзінің мінезімен жасалды.

Бірігетін тұста – бөліндік, ақылға салатын кезде – араздастық. Мамайдың, Тоқтамыстың, Едігенің, Ақсақ Темірдің қол астында 250-300 мыңнан әскер болды. Олар өзара екі-үш рет майданда кескілескен ұрысқа шықты. Әр ұрыстан кейін жасағын қайта жасақтады. Сонда өзара қырғынға түскендердің саны миллионнан асып жығылады. Сол елу жылдың ішіндегі еркек кіндіктінің аласапыраны халықтың да мінезіне әсер етті. Әкесіне қарсы баласы жорыққа аттанды. Бір-бірін танымады. Қылыштасты. Қырқысты. Екеуі екі ханның ұранын шақырды.

Бұл арада қайдан ұлттық мүдде, ұлттық ортақ намыс бола қойсын.

Биліктің басына тұлға емес "тұқымдар" таласты. Ал халықта оның еркінен шығатындай жігер табылмады. Себебі: есею дәуірінен өтпеді. Ел басында "бір кемел болса", онда "ақылды" артынан еріп", Монтень айтпақшы:

"Егерде дәл осындай жүгенсіз және парықсыз көсемнің артынан ілесе қалсақ, онда қандай да болмасын айламен де, сұңғыла ақылмен де бізді оның соңынан еруге көндіре алмас еді: мұндай өсек пен дақпырттың, жеңіл-желпі пікірдің арасынан иненің жасуындай сәулелі жолды таба алмайсың. Мұндай аумалы-төкпелі, жалтақ мақсаттың керегі жоқ: оданда бәріміз де ақылдың дегеніне көніп, соның жолынан таймайық, егерде көпшілік қауым мақұл көріп, қолдаса біздің соңымыздан ерсін" – дер еді.

Өкінішке орай ондай кемел ол заманда тумады. Көшпелі жұрт атадан қалған "екі жақсы қасиетті" – елдік пен намысты ұмытып, басы бірікпеген күйі рушыл күндестіктің көлеңкесінде қалып қойды. Бұрын түздегі жауға қарсы аруақ шақыратын ел, енді өзінің ағайынына аттанғанда әруақ шақырып, атой салатын болды. Рушылдықтың "қаны басына шапқан ел", Абай айтқандай:

Татулықты бұрынғы

Не қылып ол ойласын:

Ашып берер жауыңа,

Өзі көрген қоймасын.

Желіккен жауың кез болса,

Араздығы сөз болса:

"Бәрекелді, батыр!" – деп,

"Мықты боп бара жатыр!" – деп,

Мақтап-мақтап қоздырар, -

күлкілі күйге жетті.

Бәйгенің дауы, палуанның күші, құстың тұяғы, тазының азуы "әруақтаудың" күшімен шешілді.

Ал отаршыл жаһангер Ресей болысты – болысқа, ауылды – ауылға қарсы қойып, өштікті бұрынғыдан да өршітіп жіберді. Олар үшін елдік деген ұғымды қалайда өшіру керек. Ол мақсатына тез жетті. Жалпы, Абай өз халқын жек көрген нигилист емес. Оның ызалы сөзінің астарында халқына деген ұлы махаббат жатты.

Бірақ өзге елдің өрісіне қарап отырьш кейде түңіле сөйлеп:

"Жер жүзінде екі мың миллионнан артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұртты тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн бар ма екен? Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?" - деп теріс қарап кететін кезі де бар.

Осы айтылғанның бәрі де шындық. Әлі де ұлттық мүддеміз бір мақсатқа жұмылды, аңду, алдау, арбау, арыз қойылды деп айта аламыз ба?

Сыртқа ұмтылмай, түзден қанағат іздемей, ақылға билік бермей, ортақ ұлттық мүдде мен мінез таппай, рухани тәуелділіктен құтылмай, жалған мақтан мен намысты доғармай басыбайлылық психологиясынан, тәуелді мінез-құлықтан арылу мүмкін емес.

Ал одан арылмасақ, Абай айтқандай, "жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз андып өтеріміз" анық.

Қазақтан жомарт, қазақтан дарқан кең, қазақтан қонақжай, қазақтан сауықшыл, қазақтан батыр, қазақтан бауырмашыл, қазақтан құшағы кең, қазақтан ақ көңіл халық жоқ деген мақтанды енді ойланып айтатын кез жетті. Кімге жомарттық жасадық, неге жомарттық жасадық, бауырмалдығымыз қайда көрінді, қалай қабылданды, нендей қайырымы болды, батырлығымыз қайда көрінді, кімді қонақ қылдық, кімге құшақ аштық, кімге не бердік және неге бердік? – деп ақылға салмақ салатын кез жетті.

Намыстансақ "Біз кетіп, қазақтар өздері ғана қалатын болса, онда бірігіп өмір сүре алмайды. Біз – олардың татулығының кепіліміз", - деген сөзге намыстанайық.

Жоғарыдағы "орынсыз мақтанға" жол бергенше орнын тауып, ой айтайық. "Есепті достың, есесі кетпес" дегенді еске алатын кез келді. "Берекеге қас болып, айтаққа желігетін, ел тыныш болса – ерігіп өле жаздайтын" (Абай) заман өтті. Енді жалған мақтан мен жалған намысты күйттеп, мәселені мінезбен шешудің жөні жоқ. "Досқа күлкі, дұшпанға таба қылмай":

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,

Оның да алған жоқ па құдай құлқын! –

дегізбейік.

Абайдың арманы да, көңіл қалауы да осы. "Орынсыз мақтаннан" арылайық ағайын. Жат мақтасын.

 

 

4."ЖАЛЫНАМЫН, МҰНДАЙ СӨЗ АЙТПА БІЗГЕ..."

(Абай және идеологиялык, тәуелсіздік мәселесі)

 

 

Даналық ойдың маржаны тереңде жатады. Оны түсіну және дұрыс талдап, ұғу үшін де санаңмен саралап, түйсігіңмен терең топшылау қажет. Ұлылардың астарлы тұжырымдары қатпар-қатпар. Оны теңіздің бетіндегі көбік сияқты қалқып алу-қиянат. Бірінші: даналықтың мәйегін өзің қате түсінесің. Екінші: жалған түйін арқылы өзгені адастырасың. Ең бастысы ұлылардың ойын бұрмалайсың. Шын зиялы үшін мұндай қиянатқа барғаннан гөрі үндемегеннің өзі ғанибет. П.Я.Чаадаевтің: "Тәңірім жар болсын, мен өлеңіммен де, қара сөзіммен де Отанымды ақ жолынан тайдыратын бірде-бір жалған сөз айтпаппын!" – деп тәубесіне келуінде де сондай үлкен мән бар.

Өйткені, ғылымның жолы таза жол, ғылым – "ар ұялар іс". Өкінішке орай, мұндай қиянат Абайға да жасалды. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі жекелеген жолдарды мысалға ала отырып, оның астарын байыптамай, Абайдың айтар ойына кері мағынада сипат бере талданады. Мұндай жағдайлар ұзақ уақыт белең алып келді.

Егер Абайды әрбір өзгерген заманның саясатына бейімдеп құбылта берсек, онда оның мұраларын түсіну тәмсілін мүлде жадағайлап жіберуіміз мүмкін. Абайдың пікірлері мен теңеулерін, бейнелі тұжырымдарын оймен саралап, ақылмен аңғарып, таза ниетпен қорыта білу шарт.

"Біз тарихтағы оқиғалардың деректерін көп білеміз, бірақ та әрбір құбылыстың себебіне ой жібермейміз" – деп В.О.Ключевский айтқандай, Абайдың өлеңдері мен ғақлияларының ұзына мазмұнын жатқа білсек те оның астарына назар салмаймыз.

Жалаң түсінеміз. "Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел", - деп Абайдың өзі тегін ескертіп отырған жоқ.

Абай "қызықты, қыздырмалап айтқан хикаяны" тыңдайтын оқырманға зәру емес. Оған өзінің ойына ой қосатын, оны тереңдетіп талдайтын, түсінетін зерделі жан керек. "Әншейін күн өткізбек" әңгіменің адамы – Абай емес. "Абайға абай болайық!" – деген даурығу бар да бәтуа жоқ. Себебі: "Некені молда бұзар" дегендей, осындай жалған, теріс тұжырымдардың қалыптасуына ең бірінші мұрындық боп жүргендер – ғалымдар, әдебиетшілер, мұғалімдер. Бірі – жазады, екіншісі – насихаттайды, үшіншісі – жас ұрпақтың миына сіңіреді.

Сөйтіп, Абай "өз сөзіне өзі иелік ете алмай" қалады. Ақыры қазақ ұлтының рухани тәуелсіздігі үшін күрескен Абайдың сөзін өзгеге емізіп, тәуелді етіп қойдық.

Міне, "Шала молда құранды теріс оқыр" дегеннің кері осы.

Ал қиянатын кім көтереді?

Ұлы жүрегімен ұлтын сүйген Абайды ұлтшыл деп ешкім де айта алмайды. "Тәңірім жарылқасын, мен өз отанымды өзімнің жеке басымның мүддесі үшін емес, отанымның мүддесі үшін сүйіп сынадым" – деп П.Я.Чаадаев айтпақшы, қазақты Абайдай сынап-мінеген адам жоқ. Өзге ұлтты да құрмет тұтқан, жақсы қасиеттерін еліне үлгі еткен. Бірақ та кез келген даналар іспетті өз халқының және өзге жұрттың, әсіресе отаршыл мемлекеттің бойындағы жаһилдік пиғылды астарлап отырып ашып берді.

Теріс тұжырыммен түсіндіріліп келген Абайдың сондай еңбегінің бірі оның "Жиырма бесінші сөзі". "Білім – орыста", "Дүниенің кілті – орыста" деген сөздер әрбір оқу орнының маңдайшасына жазылды. Абай орыстан өзге халықтың мәдениеті мен ғылымын мансұқ еткен және оны мойындамаған тәрізді.

Егерде осы сөздің астарын ашпай, таза мағынасында қолданса, Абайды біз бар болғаны ағартушы деп қана таныр едік. Оның ұлылығы сонда, жай сөзінің өзінде терең мән жатады. Тура осы "Жиырма бесінші сөзде" ол не үшін оқу керек және патшалық отарлаушы мемлекеттің ағарту жүйесінің түпкі мақсаты не, оны қазақ шәкірттері қалай түсініп, елінің бостандығы үшін қалай жаратуы лазым, рухани еркіндікке қалай жетуі тиіс, соны бағамдай отырып, жалданып оқығаннан жалдамалы басыбайлы адам шығады деген мәселені қозғайды. Егер көкейіндегі қыжылды жеткізбесе Абай қаламын сияға батырмас еді.

Абай орыс қоғамының даму бағытын, оның ағымдарын, еуропалық өктемдік пен славяндік үстемдікке құрылған ғылымның қандай пиғылды көздегенін, оның жат жұрттықтардың ойлау жүйесі мен дәстүрлі мәдени танымын жоюға бағытталғанын жақсы білді. Тіпті ол жүйе орыс халқының өзін сауатсыздыққа итермеледі. Ол жөнінде А.И.Герценнің өзі:

"Орыс халқы кітап оқымайды. Сондай-ақ Вольтер мен Дантені шаруалар емес, дворяндар мен орта шаруалардың бір бөлігі ғана оқитынын сіз білесіз. Ресейдегі орташалардың ішіндегі сауаттылары баяғыда халық болудан қалған дворяндарға сүйенеді... Бір сөзбен айтқанда, Петр I бергі Ресейдің тарихы – дворяндардың тарихы, білім де соларға арналған", - деген пікірі шындыққа саяды.

Сонда орыс халқының өзінің мүддесін толық өтей алмайтын ағарту жүйесі "тағы даланың қайсақтарына" қалай тәлім бермек? Сперанскийдің қазақ даласын отарлау туралы жоспарын, "Бірінші низамның" баптарын зерттеген Абайдың таза орысшыл болуы екіталай. Егерде біз түсіңдіріп жүргендей мағынада орыс ғылымын насихаттаса онда Абайдың қазақ халқын рухани тәуелділікке тәрбиелегені болып шықпай ма. Ендеше Абай таза орысшыл ма? Оның ғылымына сүйсінгенде не мақсат көздеді? Тілін, дінін, тұрмыс-салтын, дәстүрін қабылдауға уағыздады ма? Жоқ, оған белгілі бір шек қойды ма? Бұл тұрғыдан алғанда «Жиырма бесінші сөздің» астарын тура мағынада түсінуге болмайды, Өйткені отарлаушы жаһангер мемлекет және оныңзиялы ғалымдары ешқашанда қазақты оқытуға құмар болған жоқ. Оқу-ағарту жүйесінің барлығы қазақты тәуелді етуге және діні мен тілін өзгертуге бағытталды. Мұны біз табынып жүрген орыс ғұламаларының өздері де ашық мойындап, қазақтың рухани дүниесіне сәуле түсірмеуге тырысты. Мәселені толық түсіну үшін Санжар Аспендияровтің "Қазақстан тарихындағы":

"Орыс тілін білудің өзі қанаудың көзі болып табылады. Генерал-губернаторлардың кеңсесінен бастап болыстың хатшысына дейінгі аралықтағы тәржімашылар патшалық отарлаушылардың далаға тереңдеп бекуіне және сіңуіне ықпал етті... Патшалық өктемдік ағарту саласында да жүргізіліп, "самодержавие" мен "православие", "ақ патшаға" адалдық рухында "тәрбиелеу" деген бағытқа негізделді. Бұл бағытты тек қана өкіметтің ресми өкілдері ғана жүзеге асыруға тырысқан жоқ, сонымен қатар Погодин, Григорьев, П.П.Семенов-Тяньшанский сияқты ғалымдар мен профессорлар да соны ұстанды, олар "Ресейдің тарихи-мәдени міндеті" – шетжұртты орыстандыру және сіңіріп (жұтып) қою саясатын жүргізу деп ұқты. Шындығына келгенде жаңа отарлау жүйесін қамтамасыз ету үшін патша өкіметіне "кадр" керек болды. Жоғарғы және орта дәрежелі басқару жүйесінің қызметкерлері ресейлік бюрократияның әккі, Салтыков-Щедриннің уытты қаламының қарғысына ұшыраған сұмырай қызметшілерінен іріктелді. Осындай сұмпайылардың ең сұмпайысы Қазақстанға жіберілді" – деген пікірін мысалға келтірсек те жетіп жатыр.

Осындай обырлық және тәуелділік, үстемдік пиғылы өктемдік құрған Ресейдің оқу жүйесін Абай жақтауы мүмкін бе? Онда:

"Баламды медресеге біл деп бердім. Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім", "Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой. Иә тілмаш, иә адвокат, болсам деген бәрінде ой", "Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге", - деп шәкірттерді сақтандырмас еді ғой. Мұның барлығы жоғарыда С.Аспендияровтің айтқанындай "даланы отарлауға" қызмет ететін кәсіп екенін Абай өте терең түсінген. Бұл пиғылын орыс шоқындырушылары мен ғалымдары жасырмаған. Ашық жүргізген. Ыбырай Алтынсариннің "пірі" болған Н.И.Ильминский орыс оқуының мақсатын:

"Оларды оқытудағы басты назар мынаған аударылуға тиісті: бұл жастар өздерінің туыс ортасын жатсынбасын, олар өзінің ауылына қайтып келген соң, мектепте алған мәліметтерін таратсын. Сондықтан да бұл шәкірттерге аса жоғары білім мен тәрбие берудің мәнісі жоқ. Қазақтарды біздің орта дәрежелі оқу орындарымызға тарту зиянды", - деп түсіндірді.

Ал керек болса! Біз ғой Н.И.Ильминскийге көше атын бергенді азсынып, оған ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасап жанығып жүрміз. Абай айтқан "орыстың зор білімі" осы болса, онда бұл "білім" бізге "дүниенің кілтін" емес, басыбайлылықтың, тәуелділіктің кілтін қолға ұстататын болды ғой. Өзгені былай қойғанда бүкіл түркі тарихының шежіресін бір ізге салған ғұлама ғалым В.В.Бартольдтің де пиғылы таза болмапты. Түркілердің тарихы оған тек тарих пен атақ үшін және "өлі тарих" жасау үшін керек екен. Әсіресе, зиялылардың ішіндегі ғұламалардың өзі екінші бір халықтың жер бетінен жойылып кетуін тілеп:

"Түземдіктерге олардың өз тілінде ғылыми мағлұматтарды тым көп бермеу керек, сондай-ақ сол арқылы олардың әдебиеті мен мәдениетін орнықтыра дамытуға жағдай жасамау қажет, мұның барлығы олардың орыстануына кесірін тигізеді", - деуінің өзі төбе шашыңды тік тұрғызады. Мұндайда еріксізден еріксіз Абай –

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап, -

деген жолдары ойыңа түседі.

Көшпелілердің "өлі тарихын" тірілткен академиктің сол халықтың "өлімін тілеуі" түсініксіз. Бұл пікірді оқығанша В.В.Бартольдті пір тұтқан қазақтың бірі біз едік. Иә, "Ғылымды білімді болу деп жиі шатастырамыз. Бұл барып тұрған тұрпайы түйсіксіздік. Ғылым дегеніміз тек қана білім емес, ол – таным, яғни білімді орынды пайдалану деген сөз", - деп В.О.Ключевский тауып айтқан. Бартольдтің білімділігінде шек жоқ, ал танымынан тәрбиесіздік танылып қалғаны оның жеке басының қайшылығы және Ресейдің мәдени дәрежесінің, өресінің жемісі. Басқаша ойлауына жол да қалмап еді. Әрине, кейін өзгеріске ұшырады. Бірақ та:

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл,

Не жазып кетсе – жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл, -

деп Абай айтқандай, Бартольдтің "улы сиямен жазылған ащы сөзін" енді өшіре алмайсың.

Өкініштісі, Бартольд сияқты ойлайтын академиктер жалғыз емес еді. П.П.Семенов-Тяньшанский, Ф.АЩербина, П.И.Пестель, С.Солевьев іспетті тұлғаларда бір халықтың екінші халықты құлдануын тарихи заңды құбылыс деп қабылдады. I мемлекеттік Думаның депутаты Т.И.Седельников академик Ф.А.Щербинаның қазақтардың жерін тартып алу туралы зерттеуін сынай келіп:

"Қазақтардың жерін келімсек қоныс аударушыларға алып беру туралы мүлдем заңсыз әрекеттермен айналысқан даланың Ф.А.Щербина мен А.А.Кауфман сияқты беделді "зерттеушілері" мен "білгіштері" қазақтардың мұқтажы мен талаптарымен бетпе-бет келгенде олар "көшпелі өмірдің тіршілігіне тән өзіндік ерекшелік" дегенді желеу етіп, отырықшы-егіншілерді алдыға тарта қояды, әйтпесе, олар "нағыз орыс жер иеленушілеріне" пайдалы тұрғыдан жүргізілген даланы отарлауды тоқтатып, қазақтардың өзін жерге орналастыру туралы қиын да күрделі іспен айналысқан болар еді", - деп пікір білдіреді.

Демек, академик Ф.А.Щербина қазақ халқын өз жерінен қуып шығып, оны бүтіндей отарлау жоспарын жасаған және теріс ғылыми тұжырым түйген. Жалған ғылыми бағыт ұстанған. Мұндай ірі-ірі көз бояушылыққа барған академиктердің соңынан оның жолын қуған Лысенколар мен Мищуриндердің шығуы және аңызға пара-пар дәрежеде дәріптелуі заңды да. "Нағыз ұлы болудан гөрі өзіңді ұлымын деп көлгірси көрсету әлдеқайда оңай", - дегенді "қанатты сөздің шебері" Ключевский өзінің осындай әріптестеріне қаратып айтса керек-ті.

Әйтпесе, исі империяны алға дамыту үшін оның рухани дәрежесін көтерудің орнына етегінен тартып, бар пиғылын бодан елді тұншықтыруға жұмсай ма. Мысалы, Ө.Әбдімановтың дерегі бойынша, балаларын өз бетінше оқытқан қазақтарға бірінші жолы 10 сом, екінші жолы 30 сом айып салып, үшінші жолы 5-15 тәулік мөлшерінде түрмеге отырғызу туралы үкім шығарылыпты. Егер оқу жағдайы дәл осындай болса, онда Абайдың "үндеуі" қалай жүзеге аспақ? Бұл қитұрқыларды Абай білмеді деуге әсте болмайды. Өз баласын да, өзгелерді де оқытқан тәжірибесі бар. Ел сенген болыс. Ендеше жаңағы "Жиырма бесінші сөзді" қалай түсінуге болады? Жалған көзқарасты, ұлттық өктемдік пен өштікті жақтаған ғалымдардың тағлымы отарлаушы мемлекеттің мүддесімен сай келетін және XIX ғасырдың жартысындағы Ресейде:




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 310; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.041 сек.