Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Баяндауыш 2 страница




Өзін меңгеретін сөздермен (сөйлем мүшелерімен) атау, ілік және табыс септігінен басқа септік жалғаулары арқылы байланысып, сөйлемді мағыналық-мазмұндық жағынан қосымша, жанамалай толықтырып тұратын толықтауыш түрін жанама толықтауыш деп атайды. Жанама толықтауыштар өзін меңгеретін мүшелермен біршама еркін байланыста болады. Бұл да толықтыратын сөздің лексика-грамматикалық сипатына байланысты болады. Жанама толықтауыштардың мәндері олардың грамматикалық тұлғаларына сай алуан түрлі болып келеді.

Зат есімдер мен заттанып солардың орнына қолданылған сөздер барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде тұрып, салт және сабақты етістіктерге меңгеріліп жанама толықтауыш қызметін атқарады. Қазіргі оқығаннан сіз ойлаған адамды таппадым (Әуезов).

Жанам толықтауыштар әр түрлі септік жалғауда, әр түрлі тіркестер құрамында айтылатындықтан, олардың мағыналары да әр алуан болады.

1. Зат есімдер мен заттанған басқа да сөз таптары барыс септік жалғауында келіп іс-әрекеттің жанама объектісін білдірумен бірге оның орны болатын немесе барып тірелер затын білдіреді. Абай әңгіме айтуға бір түрлі шешен, шебер болып барады (Әуезов).

2. Жатыс септік жалғаулы жанама толықтауыштар зат есім және заттанған басқа сөз таптарынан жасала отырып, көбінесе, іс-қимыл таралған объектіні зат, құбылыстың орны болған объектіні білдіреді де, негізінен статистикалық жай-күйді білдіретін етістіктерге меңгеріледі. Оның әрекетінде байыпты іскерлік, тиянақты тындырымдылық жоқ (Ахтанов). Жадымызда жаңғырығы қалған зұлмат жылдардың бетін енді аулақ қылғай (Сыр бойы газеті).

3. Шығыс септік жалғаулы жанама толықтауыштар, көбінесе, кісінің күйін, сезімін білдіретін, кеңістік заттық мәнге байланысты қолданылатын етістіктерге меңгеріледі. Шығыс септік жалғаулы жанама толықтауыштарды салт етістіктер де, сабақты етістіктер де меңгере беретін болғандықтан, олардың мағыналық аясы да қолданылу шеңбері де кең болады.

а) Заттың себеп-салдарын білдіреді: Жабай өзінің білместігінен ұялыңқырап қалды (Мүсірепов).

ә) Заттың тегін, неден жасалғанын білдіреді: Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (Алтынсарин).

б) Заттың, құбылыстың салыстырмалы ерекшелігін білдіреді: Мұндай кезде Барлас Абайға күндізгі Барластан тіпті басқа боп көрінеді (Әуезов).

в) Іс-әрекеттің шығар арнасы болған объектіні білдіреді: Игіліктің шойындай күрең қошқыл бетінен ешнәрсенің белгісі байқалмайды (Мүсірепов).

г) Іс-қимылдың өзгеруінің белгісін білдіреді: Ешнәрсе демесе де, жолдасымның осы қарасынан жүрегім лоқсып қалғандай болды (Мүсірепов).

ғ) Логикалық субъектіні білдіреді: Ұлағатты ұстаздан талай шәкірт тәрбие алып шықты (Алтынсарин).

д) Объектіден дараланып, бөлініп, ажырап шыққан затты, құбылысты білдіреді: Ішінде қазақтан төртеуміз (Мұқанов). Ендеше, осы естіген, көрген жайдан жыр туғызса нетеді? (Әуезов).

Сонымен, шығыс септік объектілік ұғымдағы зат есімдер немесе заттанған басқа сөз таптары жанама толықтауыш болады да, ал көлемдік, кеңістік, мезгілдік мәндегі шығыс септіктегі сөздер сөйлемнің пысықтауышы болады.

4. Көмектес септік жалғаулы сөздердің де жанама толықтауыш қызметін атқаратындары көбіне орын-мекендік, мезгілдік, қимыл-процестік мәні жоқ зат есімдер немесе заттанған басқа сөз таптары болады. Мұндай сөздерді меңгеретін құралмен орындалатын іс-әрекетті білдіретін етістіктер және күй – қалыпқа байланысты ортақтастықты білдіретін етістіктер болып келеді. Көмектес септікті жанама толықтауыштар:

а) Іс-әрекеттің орындалу құралын немесе соған жұмсалған объектіні білдіреді: Атты қамшымен айдама, жеммен айда (Мақал). Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың өкпесімен қақты (Әуезов).

ә) Іс-әрекетке іс иесінің басқа субъектімен ортақтас болғанын білдіреді: Раушан Марияммен сүйісіп амандасты (Майлин).

б) Заттың бірөңкей заттардан ерекше белгісін де білдіруі мүмкін: Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсінді (Мақал).

Көмектес септікті сөздер басқа жағдайда сөйлемнің пысықтауыш мүшесінің қызметін атқарады.

Сөйлем ішінде етістіктермен септеулік шылаулардың кей түрімен байланысқан заттық ұғымдағы сөздер де тура немесе жанама толықтауыш болады. Бұл етістіктердің лексика-семантикалық мәнімен айқындалады. – Сіз үшін оралдым,- деп насыбайын бір атты (Мұстафин). Жеңіс туралы сұрастыра берсеңіз, көптеген жәйттерді естисіз, бәрі де мақтау, ел ризығы.

ПысықтауышПысықтауышқа жалпы сипаттамаПысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер

Пысықтауыштың мағыналық түрлеріПысықтауыштың жасалу жолдары

Тұрлаусыз мүшенің бірі болып табылатын пысықтауыш сөйлемде, негізінен, етістіктен болған мүшеге қатысты болып, сол мүшені мекен, мезгіл, мақсаты, орындалу амалы жағынан нақтылап, анықтап тұрады. Нақтырақ айтқанда, “анықтауыш зат есімнен болған мүшені, пысықтауыш етістіктен болған мүшені айқындайды”. Сондықтан кеңірек жайға орналасу керек. Бұл қарт өзге ояз адамдарынан қазақ ішін жақсы-ақ біледі (Әуезов). Осы сөйлемдердегі сын есім сөз табына жататын екі сөздің бірі анықтауыш, бірі пысықтауыш болып тұр. Олардың бұл қызметтері өздері қатысты болған сөздердің жай, біледі мағыналарына байланысты екені айқын.

Пысықтауыштар, әдетте, етістік баяндауыштарға қатысты болғанымен, кейде есім баяндауыштарға да қатысты болуы мүмкін. Кеше урядник осы хабарды әкелген екен, бүгін ел іші шапқын (Мұқанов).

Пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер-үстеулер, үстеу мәндес сөздер, сапалық есімдер мен мекендік, мезгілдік, мақсаттық, амалдық мағыналарда жұмсалатын септеулі (жатыс, барыс, шығыс, көмектес) зат есімдер, етістіктің есімше, көсемше, шартты райлы түрлері. Сондай-ақ, еліктеу сөздер мен көмекші сөзді тіркестер де пысықтауыш қызметінде қолданылады.

Пысықтауыштар мағыналық ерекшеліктеріне байланысты мынадай түрлерге бөлінеді: мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, амал пысықтауыш, мақсат пысықтауыш, себеп-салдар пысықтауыш, мөлшер пысықтауыш.

1. Мезгіл пысықтауыш. Қимыл-әрекеттің шақтық мағынасын мезгілдік жағынан дәлдеп, нақтылап тұратын пысықтауыш түрін мезгіл пысықтауыш деп атайды. Мезгіл пысықтауыштар мынадай жолдармен жасалады:

а) Мезгіл үстеулерден жасалады: Қазір жұмыстың ауыры да, асығысы да осы (Мұстафин).

ә) Мезгіл мәнді зат есімдерден жаз, қыс, көктем т.б. және олардың жатыс, шығыс, барыс, көмектес септіктерінде келуі арқылы жасалады: Жер қазу жұмысына көктемнен кірісті (Мұқанов). Жасымда ғылым бар деп ескермедім (Абай).

Кейбір заттық ұғымдағы сын есімдер жатыс, кейде көмектес септігінде келіп, пысықтауыш болады: Қараңғыда қорқытқан күшті дүрсілді жарықта бір көргісі келіп артына қарады (Мұстафин).

б) Жатыс септігіндегі -ған, -ар тұлғалы есімшелер және -ғалы, -а, -е, -й тұлғалы көсемшелер мезгіл пысықтауыш болады: Туғанда дүние есігін ашады өлең (Абай). Қорықтан күн шыға атқа міндік (Әуезов).

в) Көмекші сөзді кейбір сөз таптары да күрделі мезгіл пысықтауыш жасайды: Сол кезде жартыланған ай туған еді (Мұқанов). Олжабек көпке дейін жауап қайтара алмады (Мұқанов). Осының арасынша Тілеу мен Төлеуіш те келіп қалып еді (Сланов).

2. Мекен пысықтауыштар іс-әрекеттің, қимылдың болу орнын, бет алысын, қайдан шығып, қайда тірелер жерін білдіреді. Жасалу жолдары мынадай:

а) Мекен үстеулері жоғары, төмен, ілгері, кейін, әрі, әрмен т.б. барыс, жатыс, шығыс жалғаулы және -рақ, -рек тұлғалы түрлерінде мекен пысықтауыштар болады: Алысқа кетсе, су жоқ, жақында от жоқ (Мұстафин). Жоғары, төмен үйрек, қаз ұшып тұрса сымпылдап (Абай).

ә) Барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулы есім сөздер қайда?, қайдан? сұрақтарына жауап беріп мекен пысықтауыш болады: Оқуды бітіріп, Қарағандыға жұмысқа бара жатырмын (Мұстафин).

б) Сілтеу есімдіктері мен жақын, алыс, жер, жақ сияқты көлемдік мағынадағы есімдер тіркесіп, кейде соңғы сөздерінің бірсыпырасының алдынан бір, оң, сол сөздері тіркесіп мекен пысықтауыш жасалады: Мына жақта Жанас пен Арыстан ғана өздерінің күйлерін шертуде (Сланов). Оның ұзын қара шудасын бір оң жағынан, бір сол жағынан шұбатып, үзбей будақтады (Мүсірепов).

в) Көмекші есімдермен тіркескен зат есімдер барыс, жатыс, шығыс септіктерінде келіп мекен пысықтауыш болады: Түнге қарай жауынгерлерімізді көпірдің алдына қойсам, күндіз жол бойын өрлей, әр сайдың қабағына қоям (Мүсірепов).

г) Қарай, таман, шейін шылаулары тіркескен барыс, жатыс, шығыс жалғаулы сөздер тұтасымен мекен пысықтауыш болады: Екі дос жаңа құрылысқа қарай бет алды (Иманжанов).

3. Амал пысықтауыштар деп іс-әрекеттің, қимыл-қозғалыстың жүзеге асу амалы мен тәсілін, сапасы мен сындық белгісін білдіретін пысықтауыш түрі аталады. Мағыналық жағынан бұл пысықтауыштар екіге бөлінеді: тәсілдік амал пысықтауыш және сапалық амал пысықтауыш.

Амал пысықтауыштардың бұл түрлерінің өздерін мағыналық жағынан іштей саралауға болады. Тәсілдік амал пысықтауыштар үстеу, еліктеу сөздер, көсемше тұлғалы етістіктер болып келеді де, олардың етістіктермен мағыналық қатынасы қарқындық, қимылдық, бейнелеуіштік болып келеді. Жасалу жолдары:

а) бірден, көзбе-көз, зорға, әрең, тез, дереу, жылдам, шапшаң, шұғыл сияқты үстеулер және оларға -рақ,-рек шырай жұрнақтары жалғану арқылы да іс-әрекеттің түрлі қарқынын білдіретін тәсілдік амал пысықтауыш жасалады: Мен тез барып, тез қайттым (Мұқанов). Ол үйге бірден кіріп келді.

ә) қылт, кілт, тарс, тарс-тұрс, жалт, бұрқ-бұрқ,маң-маң, талтаң-талтаң тәрізді еліктеуіш және бейнелеуіш сөздерден жасалады: Жантық осыны айтты да, қалт тоқтай қалды (Мұстафин). Нұрқожа талтаң-талтаң басып, Шәйкеннің үйіне жөнелді (Мұқанов)

б) көсемшелерден жасалады: Олар бір-біріне күле қарады (Сланов). Жарқырап, міне, жаз келді (Жамбыл).

в) бейнелік үстеулерден шалқасынан, жүресінен, етпетінен, бүге түсіп т.б. жасалады: Ол жүресінен отыра кетті (Мұқанов).

Сапалық амалды білдіретін пысықтауыштар қимылды сапалық жағынан анықтайтын сөздер болғандықтан, мағыналық жағынан анықтауышқа жақын сөз таптары көбіне осы қызметте қолданылады. Бұл сөздер етістіктермен қабыса байланысып, қалай? деген сұраққа жауап береді.

а) негізгі сын есімдер, оның ішінде лексикалық мағыналары етістіктермен үйлесімді болатын түрлері, сапалық амалды білдіреді: Әрине, баланың бәрі де осылай әдемі ұйықтайды (Мұстафин).

ә) сапалық амал пысықтауыш қызметін атқаруға көбінесе туынды сын есімдер бейім болады: Алтын бидай дариядай шалқиды (Сәрсенбаев). Көкшіл түсті үлкен көздері сыр берместей сабырлы қарайды (Әуезов).

б) –ша,-ше жұрнағы арқылы жасалған туынды үстеулер сапалық амалды білдіреді: Бөрененің бір басын нар тартса, екінші басы нарды тартып, таспаша созылады жануар (Мұстафин).

в) жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулы есім сөздер, әсіресе, дерексіз зат атаулары дара немесе күрделі анықтауыштармен, көмекші сөздерімен күрделенген күйде амал пысықтауыш қызметін атқарады: Үй маңындағы гүл, ағаштар өзгеше шеберлікпен егіліпті (Мұстафин). Мен бұл жігітті Ырымбек арқылы білемін (Мүсірепов).

4. Мақсат пысықтауыш іс-әрекет,қимыл-қозғалыстың белгілі бір мақсатқа, талапқа лайық орындалу не орындалмауын білдіреді де, көбінесе кім үшін? не үшін? неге? не мақсатпен? қандай мақсатпен? деген сұрақтарға жауап береді. Жасалу жолдары:

а) Мақсат пысықтауыштар әдейі, жорта, қасақана, бекер, босқа, арнайы тәрізді үстеулерден жасалады. Олардың мақсат пысықтауыштық мағынасы контексте айқындалады. Абай үншіл домбыраны әдейі Әйгерім үшін тартатын (Әуезов).

ә) –у тұлғалы қимыл есімдері барыс жалғаулы болып, кел, кет, әкел, шақыр, бер тәрізді етістік баяндауыштармен тіркесіп келгенде мақсаттық мәнді білдіреді: Сырбай буыршынды шалуға әкелген.

Мақсат пысықтауыштық қызметті айқын атқаратын сөздер көбіне күрделі болып келеді:

а) Зат есімдерге - ғалы,-гелі,-қалы,-келі тұлғалы көсемшелердің тіркесуі арқылы: Бөжейлер Құнанбайдың үстінен арыз айтқалы кетіп барады (Әуезов).

ә) Барыс жалғаулы есім сөздерге бола көмекшісінің тіркесуі арқылы: Бұл бала сізге бола келіпті.

б) Есімдерге үшін шылауының және көмектес септікті мақсат, ниет сөздерінің тіркесуі арқылы: Мұны сол мінезі үшін қадірлейтін (Әуезов). Бекіністі қайтадан алу мақсатымен немістер екі рет шабуыл жасады (Мүсірепов).

в) Қалау, бұйрық рай тұлғалы етістіктерден кейін деп көмекші етістігі тіркесу арқылы, -а, -е, -й, -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшелер кейде жеке тұрып, кейде басқа сөздермен тіркесе топтасып мақсат пысықтауыш болады: Сен әдейі біздің қаланың жағдайын білейін деп келдің (Сейфуллин).

г) Болымсыз есімшеге барыс жалғауы жалғанып та мақсат пысықтауыш жасалады: Қылмыс заңын атамасқа, адам зарын елемеске келіп пе едік осында! (Мүсірепов).

5. Себеп-салдар пысықтауыш іс-қимылдың болу-болмау себебін білдіреді, неліктен? не себепті? неге? деген сұрақтарға жауап береді.

Себеп пысықтауыштар мынадай жолдармен жасалады:

а) -ған тұлғалы есімшеге -дықтан, -діктен қосымшасы жалғану арқылы немесе есімшеге тікелей не тәуелдік жалғауынан кейін шығыс септігінің жалғануы арқылы: Шошынғаннан айқайлап жіберді.

ә) Есімшеден кейін себепті, соң, үшін шылауларының тіркесуі арқылы: Бізді тәрбиелегеніңіз үшін бірінші суретті сізге тарттым (Мұқанов).

б) босқа, құр босқа, бостан-босқа, амалсыздан, шарасыздықтан, амал жоқтықтан үстеулері де себеп пысықтауыш болады: Амалым жоқтықтан өзіңе тікелей келдім. Бұл үстеулердің себептік мағынасы көбінесе контекст ыңғайында айқындалады.

6. Мөлшер пысықтауыш іс қимылдың мезгілдік созылу, көлемдік таралу мөлшері, қайталану дәрежесі, істі істеуге объектілердің қатысы дәрежесін анықтайды. Мөлшер пысықтауыш болатындар:

а) Сан есімдер және олардың шығыс жалғаулы түрлері мен өлшемдік мағынадағы көмекші сөздермен есе, рет, шақырым, бойы, құлаш, қарыс т.б. тіркес түрлері. Бригадир колхоз басқармасының кеңсесіне үш келді (Мүсірепов). Күн күле шығып, арқан бойы көтерілді (Әбішев).

ә) Заттың нақты санын білдірмей, мөлшерін ғана білдіретін сөздер: сын есімдер ұзақ, қысқа, модаль сөздер аз, көп, мөлшер үстеулер тегіс, жаппай, едәуір, талай, түгел т.б. мөлшер пысықтауыш қызметінде қолданылады. Бас инженер ұзақ сөйледі(Шашкин). Ол бірталай бағып тұрды (Әуезов).

б) Сан есімдердің мөлшерлік зат есімдермен, зат есімдердің мөлшерлік есімдермен тіркесінен болады: Ушаковтың үйінде Байжан бір жеті жатты (Мүсірепов). Омбы станциясында біз айға жақын тұрдық (Мұқанов).

Жай сөйлемнің күрделену жолдары

Сөйлемнің бірыңғай мүшелеріСөйлемнің үйірлі мүшелеріСөйлемнің айқындауыш мүшелері

Сөйлемнің оқшау сөздер арқылы күрделенуі

Сөйлем мүшелері сөйлемде жеке-жеке қолданылумен бірге топ-тобымен де қолданыла алады. Осындай сөйлем мүшелері бір сөз табынан да жасалады, және бір ғана синтаксистік қызметтегі әр түрлі сөз таптарынан да олардың бәріне бірдей бір-ақ сұрау қойылады. Бұлардың тұлғалары да көбінесе бір формада болып келеді. Бұндай мүшелер сөйлемнің барлық мүшелері осылай бір сұрауға жауап беріп, бір синтаксистік қызмет атқарып, тобымен бәрі сөйлемнің белгілі бір мүшесімен ғана қатынасқа түсіп сөйлемнің бірыңғай мүшесі бола алады. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері санамалы интонациямен бөлініп-бөлініп айтылады. Яғни олар сөйлемдегі басқа синтаксистік қатынастағы мүшелер сияқты бірсыдырғы, бір-біріне ұласа айтылмайды. Бірыңғай мүшелер бірсыдырғы, бір-біріне тең байланысады. Олар бірінен кейін бірі тізбектеле, арасына басқа мүшелі сөз түспей, әрқайсысы дербес интонациялы кідіріспен қолданылады, сонысымен басқа мүшелерден ерекшеленіп, өзара бір топқа бірігеді. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері сөйлемнің жеке мүшелері тәрізді байланысады және солар сияқты синтаксистік қатынас жасайды. Ал сөйлемнің құрамын ұлғайтып, көлемін кеңейтуге бірыңғай мүшелер де зор ықпалын тигізеді. Өйткені сөйлем ішіндегі әрбір бірыңғай мүшенің жетегінде басқа сөздер болып, олар бірінің үстіне бірі жамала беруі мүмкін: Осыдан ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жинап, бастыру, зерттеуге тиісінше көңіл бөлінбеді (Кенжебаев).

Бірыңғай мүшелер бір-бірімен интонация арқылы немесе жалғаулықтардың көмегімен байланысады. Сонымен сөйлемде синтаксистік қызметі бірдей, көбінесе өзара тұлғалас сөйлем мүшелері бірыңғай мүшелер деп аталады.

Олар біріне-бірі бағынбай, өзара салаласа байланысып, барлығы бірдей дәрежеде бір сөзге қатысты болып тұрады. Бірыңғай мүшелер бір сөзден құралған жалаң не сөз тіркесінен құралған жайылма болады: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста – сөйлемінде бірыңғай жалаң толықтауыштар болса, Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасы, сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?! (Абай) – сөйлемінде бірыңғай жайылма анықтауыштар қолданылған.

Бірыңғай тұрлаулы мүшелер

Бірыңғай мүшелер құрамы жағынан кемінде екі және одан да көп синтаксистік қызметтері бар мүшеден құралады. Сондықтан бірыңғай мүшелі жай сөйлем құрамы жағынан жеке мүшелі жай сөйлемге қарағанда жайылыңқы болады. Бірыңғай мүшелер өзара тәуелсіз, бір-бірімен тең дәрежеде салаласа байланысады. Бірыңғай мүшелердің арасында шамалы кідіріс болғандықтан, олар бір-бірінен үтір арқылы ажыратылады.

Қазіргі дәстүрлі ғылыми тұжырым бойынша бірыңғай мүшелі сөйлемдер жай сөйлем болып есептеледі. Бірыңғай бастауыштар жай сөйлемде бір баяндауышты бағындырады: Бейсен, Шымырбек, Қали құлаған жерді аршып жатыр (Ерубаев).

Бастауыш болатын сөздер тұлғалық жағынан бір тектес зат есімдер болуы немесе бұған қарама-қарсы әр текті зат есімдер болуы мүмкін: Әйтсе де камерадағы ұйқысыз түндер, мазасыз күндер, тергеушілердің кемсітуі, күзетшінің қорлауы, абақты тақсіреті Дулатовтың күнбе күн сағын сындырып, жүйкесін жұқарта берген секілді (Досжанов). Кейде сергіген боп, кейде кергіген боп, бірде біреуге еріп, бірде біреулерді ертіп... Сен ат шалдырмаған шат пен шатқал, қылта мен қуыс, жайдақ пен терең, құм мен шалғын кем де кем (Сүлейменов). Оқта-текте айқай-ұйқай, аттың дүбірі естілді (Сейфуллин).

Сөйлемдегі бірыңғай мүшелер бірнешеу болғандықтан олардың көптігін білдіретін көптік жалғау ең соңғы мүшеге жалғанады. Бұл тәріздес бірыңғай мүшелерге ортақ формаларды, жалпылауыш сөздерді жинақтауыш тұлға немесе жинақтауыш сөз деп атайды. Бұлар мынадай жағдайларда қолданылады:

1. Бірыңғай бастауыш кісі атттары болғанда олардың ең соңғысына көптік жалғау жалғанады. Ондайда көптік жалғауы жинақтаушы қызмет атқарады. Үйде Қажекеңнен басқа Сәбит Мариямен, ағайынды Риза, Шафық Шокиндер, Қалижан Жамалымен, Тайыр Мунирасымен, Қажым, Жұмағали, тағы басқа достар болатын (Күш атасы).

2. Біркелкі бірыңғай бастауыштарды (кей басқа да мүшелерді) жинаушы сөз жинақтау сан есімдері болады: Жұрт тарай бастағанда Михайл, Айдынғали, Жақсылық үшеуі оңаша қалған еді (Сланов).

3. Бірыңғай мүшелерді жинақтау қызметінде бәрі, барлығы да, осының бәрі, көптік жалғаулы деген есімшесі тәрізді сөздер жиі қолданылады: Оның өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай – бұлардың барлығы да ірі феодал болған, ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар (Кенжебаев). Шегір көзді, сары шаш, Бәрі тырдай жалаңаш, Жан-жағымды жын басты (Жұмабаев). Қызғалдақ, жауқазын, сарғалдақ, бәйшешек дегендер... құлырып жайнайды (Әуезов).

Бірыңғай бастауыш әр түрлі жақта тұрса, яғни бірінші, екінші, үшінші жақта тұрса, баяндауыш бірінші жақта тұрған сөзбен көпше түрде қиысып айтылады. Ең соңғы бірыңғай мүшеден кейін жалпылауыш сөз қосылады: Мен, сен Оспан үшеуміз кітап магазиніне барамыз. Бұл мысалдағы үш жақтың да басым жағы бірінші жақ болады. Сөйлемдегі бірыңғай екі бастауыштың біреуі бірінші жақ болса, қалған бастауышы екінші немесе үшінші жақтың қайсысы болғанмен баяндауыш бірінші жақ бастауышпен қиысады. Бірыңғай екі бастауыштың бірі екінші жақта, екіншісі үшінші жақта тұрса, бұл бастауыштардың басым жағы екінші жақ болады да, жалпылауыш сөз де екінші жақта тұрады, баяндауыш та екінші жақ бастауышпен қиысады: Сен, ол – екеуің ауланы тазалаңдар. Бұл сөйлемдегі екінші жақ бастауыштың орны өзгергенмен баяндауыштың екінші жақ бастауышпен қиысуы өзгермейді. Ал үш жақтағы жіктеу есімдігінен болған бастауыштар шылаулар арқылы байланысқан жағдайда баяндауыш өзіне ең жақын тұрған бастауышпен қиысады: Не мен, не сен барасың, не сен, не мен барармын, не сен, не ол бара, не ол, не сен барарсың. Яки мен, яки сен айтарсың, яки сен, яки мен айтармын, яки сен, яки ол айтар, яки ол, яки сен айтарсың. Бұл бастауыштар талғаулық мәнде қолданылып тұр. Мұнда басым жақ үш жақтың біреуі болмайды. Себебі үш жақтағы бастауыштың біреуінің ғана қимыл-әрекеті іске асуы тиіс. Баяндауыш бұлардың әрқайсысымен жеке-жеке қатынасып, жеке-жеке қиысып құрмалас сөйлем құрып алады: Яки мен айтармын, яки сен айтарсың. Алдыңғы баяндауыш ықшамдалғанда сөйлем бірыңғай жай сөйлемге айналады. Ал алғашқы жалғаулықсыз байланысқан бастауыштары үш жақтағы жіктік есімдікті жай сөйлемде үш бастауыштың тұтасып көпше бір жақта ғана тұруы шарт болады. Сондықтан баяндауыш басым жақпен қиысып тұрады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 2008; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.