Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Бап. Бітімгерлік комиссиясы 12 страница




 

ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 194-бап өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр. ред. қара)

194-бап. Жаңа туған балаларды асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыс

Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге (ата-ананың біреуіне) баланы асырап алған күннен бастап және бала туған күннен елу алты күн өткенге дейінгі кезеңге демалыс беріледі.

 

195-бап. Балалардың күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс

1. Жұмыс беруші қызметкерге:

1) ата-анасының қалауы бойынша - баланың анасына не әкесіне;

2) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуіне;

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған әжесіне, атасына, басқа туысына немесе қамқоршысына;

4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерге бала үш жасқа толғанға дейін баланың күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

2. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметкердің жазбаша өтініші негізінде оның қалауы бойынша толық немесе бөлініп пайдаланылуы мүмкін.

3. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс уақыты жалпы еңбек стажына, мамандығы бойынша жұмыс стажына есептеледі.

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды

5. Бала үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, қызметкер жұмыс берушіге өзінің ниеті туралы жұмыс басталуынан бір ай бұрын ескертуге міндетті.

 

 

18-тарау. ҚОСА АТҚАРАТЫН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ

ЕҢБЕГІН РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

196-бап. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты

1. Қызметкер өзі еңбек қатынастарында тұрған бір жұмыс берушімен (негізгі жұмыс орыны бойынша), сондай-ақ бірнеше жұмыс берушімен де қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға құқылы.

2. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қоса атқару жөнінде сілтеме болуы міндетті.

 

197-бап. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға қажетті қосымша құжаттар

Қызметкер басқа жұмыс берушімен қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасу үшін осы Кодекстің 31-бабында көзделген құжаттардан бөлек, негізгі жұмыс орны бойынша еңбектің сипаты мен жағдайлары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) туралы анықтама табыс етеді.

 

198-бап. Қоса атқаратын жұмыс кезіндегі жұмыс уақытының ұзақтығы

Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 82-бабында белгіленген күнделікті жұмыс уақытының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.

 

199-бап. Қоса атқаратын жұмыс кезіндегі жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы

1. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен қатар беріледі.

2. Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы басқа жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші қоса атқарушы - қызметкердің өтініші бойынша демалыс ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақысы сақталмайтын демалыс береді.

 

200-бап. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуды шектеу

Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын он сегіз жасқа толмаған қызметкерлермен және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлермен жасасуға тыйым салынады.

 

201-бап. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жұмыс

берушінің бастамасы бойынша бұзудың қосымша негіздері

Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты, осы Кодекстің 54-бабында көзделген негіздерден басқа, еңбек шарты осы жұмыс өзі үшін негізгі болып табылатын қызметкермен жасалынған жағдайда жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуы мүмкін.

 

19-тарау. АУЫР ЖҰМЫСТАРДА, ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЛАРЫ ЗИЯНДЫ (ЕРЕКШЕ

ЗИЯНДЫ) ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҚАУІПТІ ЖҰМЫСТАРДА ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

202-бап. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлердің жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы

1. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, сондай-ақ оны берудің тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша айқындайды.

 

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 203-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

203-бап. Жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысы

Жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары қызметкерлерге өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, сондай-ақ жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысына құқық беретін ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес беріледі. Демалыстың бұл түрінің ұзақтығын, сондай-ақ оны берудің тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып айқындайды.

 

2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 204-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

204-бап. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу қалыпты еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеумен салыстырғанда жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар (ставкалар) немесе қосымша ақылар белгілеу жолымен жоғарылатылған мөлшерде, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында, салалық келісімдерде немесе ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандарттарына негізделіп белгіленгеннен төмен емес мөлшерде белгіленеді.

Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін жұмысты, сондай-ақ оны берудің тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып айқындайды.

Осы бапта белгіленген еңбекке ақы төлеу шарттары ауыр, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жағдайлардағы еңбегі жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелерімен расталған қызметкерлерге қолданылады.

 

2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 205-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

205-бап. Салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету

Ұйым қызметкерлеріне еңбек жағдайлары бойынша жұмыс берушінің қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтіннен төмен емес нормаларда арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа да дара қорғану құралдары, жуу және зарарсыздандыру материалдары, сүт, емдеу-профилактикалық тағамдары беріледі.

 

20-тарау. МАУСЫМДЫҚ ЖҰМЫСТАРДА ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ

ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

206-бап. Маусымдық жұмыстар

Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайлары бойынша белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезең (маусым) ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады.

 

207-бап. Маусымдық қызметкерлермен еңбек шартын жасасу ерекшеліктері

1. Еңбек шартында маусымдық жұмыстар орындауға арналған шарт жасасу туралы талап және жұмыстарды орындаудың айқындалған кезеңі көрсетілуге тиіс.

2. Маусымдық жұмыстарға арналған еңбек шартын жасасу кезінде қызметкердің өзіне тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатындағы сынақ мерзімі белгіленбейді.

 

208-бап. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлермен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзудың қосымша негіздері

Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлермен еңбек шарты, осы Кодекстің 54-бабында көзделген негіздерден басқа:

1) жұмыс берушідегі жұмыстар өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі аптадан артық мерзімге тоқтатылған;

2) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан қатарынан бір ай бойы жұмысқа шықпаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.

 

209-бап. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлермен еңбек шартын бұзу тәртібінің ерекшеліктері

1. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкер, бұл туралы жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша түрде ескерте отырып, еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзуға құқылы.

2. Жұмыс беруші маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерді еңбек шартының осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылатыны туралы күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша ескертуге міндетті.

3. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкермен еңбек шарты бұзылған кезде, жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлемін жұмыс істелген уақытқа барабар төлейді.

4. Маусымдық жұмыста істейтін қызметкермен еңбек шарты ұйымның таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты тоқтатылған кезде екі апталық орташа жалақы мөлшерінде демалыс жәрдемақысы төленеді.

 

21-тарау. ВАХТАЛЫҚ ӘДІСПЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ

ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

210-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеу ерекшеліктері

1. Вахталық әдіс, қызметкерлердің тұрақты тұратын жеріне күн сайын қайтып келуі қамтамасыз етіле алмайтын кезде, олардың тұрақты тұратын жерінен тысқары жерде еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады.

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер жұмыс өндірісі объектісінде болған кезде оларды тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үймен, жұмыс орнына және одан кері жеткізіп салуды, сондай-ақ жұмыс орындау жағдайларымен және ауысымаралық демалыспен қамтамасыз етуге және олардың тамақтануын ұйымдастыруға міндетті.

Жұмыс беруші қызметкердің жұмыс өндірісі объектісінде болу жағдайларын еңбек шартына, ұжымдық шартқа сәйкес қамтамасыз етеді.

 

211-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеуге қойылатын шектеулер

Вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер, жүкті әйелдер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектер жіберілмейді. Өзге қызметкерлер, егер мұндай жұмыстар медициналық қорытынды негізінде олардың денсаулығына қайшы келмесе, вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартылуы мүмкін.

 

2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 212-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

212-бап. Вахтаның ұзақтығы

1. Объектіде жұмыс орындау уақытын және ауысымаралық демалыс уақытын қамтитын кезең вахта болып есептеледі.

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк он бес күннен аспауға тиiс.

Жекелеген объектілерде вахтаның ұзақтығы қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек және (немесе) ұжымдық шартқа сәйкес күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Теңіз кемелері экипаждарының мүшелері үшін қызметкердің келісімімен вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк бір жүз жиырма күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

 

213-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде жұмыс уақытын және тынығу уақытын есепке алу

1. Жұмыстың вахталық әдісі кезінде айлық, тоқсандық немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бірақ бір жылдан аспайтын кезең ішіндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленеді.

2. Есептік кезең жұмыс уақытын, демалыс уақытын, жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі және одан кері қайту жолының уақытын қамтиды. Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы осы Кодексте белгіленген нормалардан аспауға тиіс.

3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын вахтааралық тынығу кезеңінде бөліп беруге жол берілмейді.

4. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін әрбір қызметкердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының есебін ай бойынша және барлық есептік кезең бойынша жүргізуге міндетті.

 

22-тарау. ҮЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

214-бап. Үй қызметкерлерімен еңбек шартын жасасу және тоқтату ерекшеліктері

1. Үй қызметкерлері деп жұмыс беруші - жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстар (қызмет көрсетулер) орындайтын қызметкерлер танылады.

2. Жұмыс беруші үй қызметкерін жұмысқа қабылдау не онымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы акт шығармайды және еңбек кітапшасына оның жұмысы туралы мәліметтер енгізбейді.

3. Үй қызметкерінің еңбек қызметі еңбек шартымен расталады.

4. Үй қызметкерімен еңбек шарты тоқтатылғаны (бұзылғаны) туралы жазбаша ескертудің мерзімі, сондай-ақ жұмысынан айырылуға байланысты өтемақы төлеу жағдайлары мен мөлшері еңбек шартында белгіленеді.

 

215-бап. Үй қызметкерлерінің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі

1. Үй қызметкерлеріне осы Кодексте белгіленген жұмыс уақыты мен тынығу уақыты ұзақтығының нормалары қолданылады.

2. Үй қызметкерінің жұмыс режимі, оларға демалыс күндерін, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру, оларды үстеме жұмыстарға, түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту тәртібі еңбек шартында айқындалады.

 

216-бап. Тәртіптік жазаны қолдану және алып тастау тәртібі

Үй қызметкеріне қатысты тәртіптік жазаны қолдану және алып тастау тәртібі еңбек шартымен айқындалады.

 

217-бап. Жеке еңбек дауларын шешу

Үй қызметкері мен жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек даулары тараптар келісімімен және (немесе) сотта шешіледі.

 

218-бап. Үй қызметкерімен еңбек шартын бұзу

Үй қызметкерімен еңбек шартын бұзу еңбек шартында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.

 

23-тарау. ҮЙДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

219-бап. Үйде жұмыс істейтін қызметкерлер

1. Жұмыс берушімен жұмысты өз материалдарымен және өзіндік немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс беруші қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдаланып, үйде жеке еңбегімен орындау туралы еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс істейтін қызметкерлер деп есептеледі.

2. Қызметкердің жұмысты үйде орындауы еңбек шартын жасасқан кезде, сол сияқты еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізе отырып белгіленуі мүмкін.

 

220-бап. Үйде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек жағдайлары

1. Үйде істелетін жұмыс қызметкердің денсаулық жағдайына қайшы келмейтін және оларды орындау үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар қамтамасыз етілген жағдайда ғана орындалуы мүмкін.

2. Үйде істелетін жұмыстарды орындауға арналған еңбек шартында:

1) жұмысты қызметкерге меншік құқығымен тиесілі немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, материалдарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдаланып орындау;

2) қызметкерді жұмысты орындау үшін шикізатпен, материалдармен, жартылай дайын өнімдермен қамтамасыз ету тәртібі мен мерзімдері;

3) дайын өнімді алып шығу тәртібі мен мерзімдері;

4) қызметкерге төленетін өтемақы және өзге де төлемдер туралы талаптар міндетті түрде көзделуге тиіс.

 

221-бап. Үйде жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбек қауіпсіздігін және еңбегін қорғауды қамтамасыз ету жағдайлары

Жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, жұмыс берушінің қызметкердің жұмыс уақыты режимін сақтауын бақылау ерекшеліктері, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және үйде жұмыс істейтін қызметкер үшін осы талаптардың сақталуы жөніндегі жағдайлар еңбек шартында белгіленеді.

 

 

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен кодекс 23-1-тараумен толықтырылды

23-1-тарау. Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін реттеудің ерекшеліктері

 

221-1-бап. Қашықтықтан жұмыс істеу

Қашықтықтан жұмыс істеу жұмыс процесінде ақпараттық және комммуникациялық технологияларды пайдаланып, еңбек процесін жұмыс беруші орналасқан жерден тысқары жерде жүзеге асырудың айрықша нысаны болып табылады.

 

221-2-бап. Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек жағдайлары

1. Жұмыс беруші қызметкерге коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын) береді және оларды орнату және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстарды көтереді. Қызметкер меншікті коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланған жағдайда жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері мен төлеу тәртібі қызметкермен келісім бойынша белгіленеді.

Тараптардың келісімі бойынша қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерге жұмыс беруші үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де шығыстар (электр энергиясының, судың құны және т.б.) өтелуі мүмкін.

2. Қызметкердің жұмыс берушімен жұмыс істеу байланыстарының тәсілдері мен кезеңділігі еңбек шартында айқындалады.

 

221-3-бап. Жұмыс уақытын және демалыс уақытын есептеу, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жағдайлары

Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге осы Кодексте белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс уақыты ұзақтығының нормалары қолданылады.

Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылаудың ерекшеліктері еңбек шартында айқындалады.

Жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылаудың ерекшеліктері, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және қызметкер үшін осы жағдайларды сақтау жөніндегі шарттар еңбек шартында айқындалады.

 

 

24-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

222-бап. Мүгедектердің еңбек ету құқығын іске асыруы

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Мүгедектер әдеттегідей еңбек жағдайлары бар не мүгедектер еңбегін пайдаланатын мамандандырылған ұйымдарда жұмыс берушілермен еңбек шарттарын жасасуға құқылы.

2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Медициналық қорытынды бойынша денсаулық жағдайы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтіретін не оның денсаулығына және (немесе) басқа адамдар еңбегінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, мүгедектік себептері бойынша еңбек шартын жасасудан бас тартуға, мүгедекті басқа жұмысқа ауыстыруға, еңбек жағдайларын өзгертуге тыйым салынады.

 

223-бап. Мүгедек қызметкерлердің еңбек жағдайлары

1. Еңбекті нормалау, еңбекке ақы төлеу және еңбекті қорғау жағдайлары, жұмыс режимі, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару тәртібі, техникалық, санитарлық, гигиеналық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптар келісімі бойынша еңбек шартының, ұжымдық шарттың өзге де жағдайлары басқа қызметкерлермен салыстырғанда мүгедек қызметкерлердің жағдайларын нашарлата немесе құқықтарын шектей алмайды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-05-31; Просмотров: 652; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.102 сек.