Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

ХУЖУРАТ 8 страница




“Көктердің жолдарына жетіп, Мұсаның Тәңірін байқаймын. Расында мен оны өтірікші деп ойлаймын.” Осылайша Перғауынға жаман істері көркем көрсетіліп, жолдан тосылды. Перғауынның тәсілдері, мүлде жойылуда. (37)

Иман келтірген кісі: “Әй елім! Маған ілесіңдер. Сендерді тура жолға саламын” деді. (38)

“Әй елім! Шын мәнінде бұл дүние тіршілігі, уақытша пайдалану. Сөзсіз ақырет, ол; тұрақты жұрт.” (39)

“Әлде кім бір жамандық істесе, сонда ол, соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал және ер, әйел кімде-кім сенген түрде ізгі іс істесе, ал міне солар; жаннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді.” (40)

“Әй елім! Маған не болды? Мен сендерді құтылуға шақырамын. Сендер мені тозаққа шақырасыңдар.” (41)

“Әрі сендер мені Аллаға қарсы болуға сондай-ақ білмеген нәрсені Оған ортақ қосуға да шақырасыңдар. Мен, сендерді өте үстем, аса жарылқаушы Аллаға шақырамын…” (42)

“Күдік жоқ, шын мәнінде сендердің мені шақырған нәрселерің, дүниеде де ақыретте де шақыруға лайық емес. (Немесе олар шақыру күшіне ие емес.) Сөзсіз бәріміздің қайтар жеріміз Алла жақ. Расында шектен шығушылар, олар тозақтық.” (43)

“Таяуда менің айтқанымды түсінесіңдер. Мен ісімді Аллаға тапсырамын. Күдіксіз Алла, құлдарын толық көруші” деді. (44)

Енді Алла, оны, олар жасаған сұмдықтарынан қорғады. Перғауындықтарды сүркей азап баурап алды. (45)

Олар ертелі-кеш отқа ұсынылады. Қиямет-қайым болған күні: “Перғауындықтарды азаптың ең қаттысына кіргізіңдер.” (46)

Сол уақытта олар тозақта керкілдеседі. Нашарлары, паңсығандарына: “Расында біз сендерге ерген едік. Ал енді сендер, бізден оттың бір бөлімін кетіре аласыңдар ма?”,-дейді. (47)

Паңсығандары: “Расында бәріміз тозақтамыз. Күдіксіз Алла, құлдарының арасына үкім беріп қойған” дейді. (48)

Оттағылар, тозақтың сақшысына: “Раббыларыңнан тілеңдер. Азабымыздан бір күн жеңілтсін” дейді. (49)

(Тозақ сақшылары): “Сендерге елшілерің мұғжизалармен келмеді ме?”,- дейді. Олар: “Әрине!”,- дейді. (Сақшылар): “Ендеше жалбарыныңдар, кәпірлердің тілегі мүлде зая кетуде” дейді. (50)

Расында елшілерімізге иман келтіргендерге дүние тіршілігінде де, куәлікке тұратын (қиямет) күні де әлбетте жәрдем етеміз. (51)

Ол күні залымдардың желеулері кәдеге аспайды. Оларға қарғыс болады. Және жұрттың жаманы да солардікі. (52)

Расында Мұса (Ғ.С.) ға тура жол беріп, Израил ұрпақтарын Тәуратқа мұрагер қылдық. (53)

Ақыл иелеріне тура жол әрі үгіт. (54)

(Мұхаммед Ғ.С.) ендеше сабыр ет. Шын мәнінде Алланың уәдесі хақ. Ертелі-кеш күнәңның жарылқануын тіле. Раббыңды дәріптеп, мақта. (55)

Алланың аяттарына байланысты өздеріне бір дәлел келмесе де тартысқандардың көкіректерінде өздері әсте жете алмайтын бір менмендік бар. Енді Аллаға сиын. Күдіксіз Ол, толық естуші, аса қырағы. (56)

Әлбетте көктер мен жерді жарату, адамдарды жаратудан зор. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді. (57)

Соқыр мен көруші тең емес. Сондай-ақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер мен жамандық істеушілер де тең емес. Аз ғана түсінесіңдер. (58)

Расында қиямет сағаты келеді. Онда шәк жоқ. Бірақ адамдардың көбі сенбейді. (59)

Раббыларың: “Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді” дейді. (60)

Ол сондай Алла, сендерге түнді тынығу, күндізді көру үшін жаратты. Күдіксіз Алла, тым кеңшілік иесі. Бірақ адамдардың көбі шүкірлік қылмайды. (61)

Міне осы Алла Раббыларың. Әр нәрсені жаратушы; Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Қайтып адастырыласыңдар? (62)

Осылайша Алланың аяттарына қарсы келгендер адастырылады. (63)

Ол Алла сендерге жерді тұрақ, көкті күмбез қылды. Сондай-ақ сендерді бейнелегенде көркем бейнеледі. Және де таза нәрселерден қорек берді. Міне осы Алла, Раббыларың. Төтенше ұлы Алла, бүкіл әлемнің Раббы. (64)

Ол тірі Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Ендеше дінді Оған арнап, нағыз ынтамен өзіне жалбарыныңдар. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббына лайық. (65)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Маған Раббымнан ашық дәлелдер келген заман; сендердің Алладан өзге жалбарынғандарыңа құлшылық қылуыма тыйым салындым. Сондай-ақ әлемдердің Раббына бой ұсынуға бұйырылдым” де. (66)

Сондай Алла сендерді топырақтан, сосын мәниден, сосын ұйыған қаннан жаратып, кейін бөбек қып шығарып, соңыра ержеткізіп, кәртейтеді. Кейбіреулеріңді (ержетуден) бұрын өлтіреді. Кейбірің белгілі мерзімге жетесіңдер. Әрине ойланарсыңдар. (67)

Ол сондай Алла, тірілтеді әрі өлтіреді. Қашан бір істі бұйырғысы келсе, шын мәнінде оған: “Бол” дейді. Сонда ол бола қалады. (68)

(Мұхаммед Ғ.С.) Алланың аяттары турасында тартысқандарды көрмейсің бе? Қалайша айналдырылады? (69)

Сондай осы Кітапты, елшілерімізге жібергендерімізді жасынға шығарғандар, олар жедел біледі. (70)

Сол уақытта олардың мойындарында ажырғылар, боғаулар болған түрде сүйреледі. (71)

Қайнап тұрған суда болып, сосын отқа жағылады. (72)

Сосын оларға: “Алладан өзге ортақ қосқан нәрселерің қайда?”,-делінеді. (73)

Олар: “(Өзгелер) бізден ғайып болды. Бәлкім біз бұрын еш нәрсеге шоқынбаушы едік” дейді. Алла кәпірлерді өстіп тентіретеді. (74)

“Бұл сендердің жер жүзінде орынсыз мәз болып, масайрауларыңның салдарынан.” (75)

Оларға: “Ішінде мәңгі қалатын тозақтың есігінен кіріңдер. Тәкаппарлардың орны нендей жаман!” (76)

(Мұхаммед Ғ.С.) енді сабыр ет. Алланың уәдесі хақ. Ал енді мейлі оларға еткен уәдеміздің кейбірін саған көрсетсек те (көзің тірісінде болса да) немесе саған өлім берсек те (бұрын қайтыс болсаң да) олар Біз жаққа қайтарылады. (77)

Расында сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік. Ешбір елші Алланың рұқсаты болмайынша бір мұғжиза келтіре алмайды. Қашан Алланың әмірі келсе, ақиқат бойынша үкім етіледі. Бұл жерде бұзақылар зиянға ұшырайды. (78)

Ол сондай Алла, Сендер үшін малдарды жаратты. Кейбірін мінесіңдер де, кейбірін жейсіңдер. (79)

Оларда сендерге түрлі пайдалар бар. Олардың үстінде көңілдеріңдегі қажетті жерге жетулерің үшін; оларға мініп және кемеде тасымалданасыңдар. (80)

Алла сендерге белгілерін көрсетеді. Ал сонда Алланың қайсы белгілеріне қарсы келесіңдер? (81)

Олар жер жүзінде кезбеді ме? Сонда өздерінен бұрынғылардың соңының не болғанын көрер еді. Олар, бұлардан көп және күшті әрі жер жүзінде қалдырған деректері мықты еді. Сонда да табыстары олардың істеріне жарамады. (82)

Өйткені оларға, елшілері, мұғжизалармен келгенде, өз қастарындағы білімге мардамсыды да ажыуалаған нәрселері бастарына жетті. (83)

Ал енді азабымызды көргенде: “Жалғыз ғана Аллаға сендік. Сондай-ақ Оған ортақ қосқан нәрселерімізге қарсы келдік” дейді. (84)

Бірақ, азабымызды көргендегі сенімдері оларға пайда бермейді. Өйткені, Алланың құлдарына байланысты болып, келе жатқан жолы осы. Бұл жерде кәпірлер зиян көреді. (85)

41. ФУСИЛӘТ

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Ха Мим. (1)

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тарапынан түскен. (2)

Бұл Кітап, білген ел үшін аяттары ашық-ашық баян етілген арапша Құран. (3)

Қуандырушы, қорқытушы. Алайда олардың көбі жалтарады. Сондықтан олар құлақ салмайды. (4)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар: “Сен бізді шақырған нәрсеге жүрегімізде бір перде құлақтарымызда бір кереңдік бар. Сондай-ақ біз бен сенің арамызда далда бар. Сондықтан сен өзіңше істе де біз өзімізше істейік” деді. (5)

(Мұхаммед Ғ.С.): “Мен де сендер сияқты ғана адаммын. Маған Тәңірлерің бір-ақ Тәңір екендігі уахи етілуде. Сондықтан сол бағытқа жөнеліңдер әрі Одан жарылқау тілеңдер. Аллаға серік қосқандарға нендей өкініш” де. (6)

Сондай зекеттерін өтемегендер солар; өздері ақыретке де қарсы. (7)

Расында иман келтіріп, ізгі іс істегендер, олар үшін таусылмайтын сыйлық бар. (8)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Сендер жерді екі күнде жаратқанға қарсы келесіңдер ме? Сондай-ақ Оған теңеулер жасайсыңдар ма? Бұл бүкіл әлемнің Раббы” де. (9)

Жерге үстінен асқар таулар жаратты да құт-береке қойып, жер жүзіндегілердің ризықтарын төрт күнде шамалады. Бұл сұраушылар үшін тура жауап. (10)

Сосын көкке жөнелді. Ол, бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: “Екеуіңде ерікті немесе еріксіз түрде келіңдер” деді. Екеуі де: “Бой ұсынған түрде келдік” деді. (11)

Оларды жеті көк етіп, екі күнде жасады. Сондай-ақ әр көктің міндетін өзіне білдірді. Жақын көкті жұлдыздармен әшекейледік әрі, қорғауға алдық. Осы тым үстем, олық білуші Алланың тақдыры. (12)

(Мұхаммед Ғ.С.) Олар бет бұрса: “Сендерге Ғад, Сәмүд елінің басына келген найзағай сияқты апатты ескертемін” де. (13)

Сол уақытта оларға ілгері кейін елшілер келіп: “Аллаға ғана құлшылық қылыңдар” дегенде, олар: “Егер Раббымыз қаласа, әлбетте періштелер түсірер еді. Расында біз сендер арқылы жіберілген нәрсеге қарсымыз” деді. (14)

Сонда Ғад елі жер жүзінде орынсыз өздерін жоғары санап: “Бізден артық күшті кім бар?”,-деген еді. Олар өздерін жаратқан Алланың олардан көрі күштірек екендігін білмеді ме? Олар, аяттарымызға қарсы келді. (15)

Оларға дүниеде қорлық азабын таттыруымыз үшін өздеріне сәтсіз күндерде суық дауыл жібердік. Әрине ақырет азабы одан да сорлаушы. Оларға көмек етілмейді. 16)

Ал енді Сәмүд еліне келсек, оларға тура жол көрсеттік; бірақ олар туралықтан көрі көзсіздікті жақсы көрді. Сондықтан оларды қылықтарының салдарынан қорлық азабының найзағайы қолға алды. (17)

Сондай иман келтіріп, сақсынғандарды құтқардық. (18)

Сол күні Алланың дұшпандары тозаққа айдалуға жиналып, сонда олар алды-артын тосады. (19)

Ақыр олар оған барған кезде; оларға құлақтары, көздері және терілері олардың не істегендеріне айғақ болады. (20)

Олар терілеріне: “Не үшін бізге куә болдыңдар?”,- дейді. (Терілері): “Бізді әр нәрсені сөйлеткен Алла сөйлетті; сендерді алғаш рет жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар” деп жауап береді. (21)

Сендер өздеріңе құлақтарың, көздерің және терілерің айғақ болады деп жасырынбаушы едіңдер. Тіпті Алла, істегендеріңнің көбін білмейді деп ойлаушы едіңдер. (22)

Міне осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың, өздеріңді жойды да, сонда зиянға ұшыраушылардан болдыңдар. (23)

Егер олар, енді шыдайтын болса, олардың орны от. Олар, кешірім тілесе де қабыл етілмейді. (24)

Оларға сыбайластар қостық. (Шайтандарды ерікті қылдық). Сонда оларға алды-артындағы нәрселерді әдемі көрсетті. Сондықтан бұлардан бұрын өткен, жын және адам баласынан болған елдерге берілген азап әмірі бұлардың басына да келді. Өйткені олар, зиянға ұшыраушылардан еді. (25)

Және қарсы келушілер: “Бұл Құранды тыңдамаңдар, оқылғанда шуылдаңдар. Бәлкім жеңіске ие боларсыңдар” десті. (26)

Әрине қарсы қелгендерге қатты азап таттырамыз. Сондай-ақ істеген жамандықтарының сазайын береміз. (27)

Міне осы Алланың дұшпандарының сазайы от. Олар үшін онда мәңгілік орын бар. Аяттарымызға қарсы келгендердің жазасы (осы). (28)

Қарсы болғандар: “Раббымыз! Жыннан да, адамдардан да бізді адастырғандарды көрсет! Оларды табандарымыздың астына салайық. Ең төмендегілерден болсын” дейді. (29)

Расында: “Раббымыз Алла” деп, сосын мықты тұрғандар, оларға періштелер түседі де: “Қорықпаңдар, кейімеңдер! Сендерге уәде етілген жаннат арқылы қуанышқа бөленіңдер” дейді. (30)

“Біз, дүние тіршілігінде де ақыретте де достарыңбыз. Сендерге ол жаннатта көңілдерің көксеген нәрселер бар. Сондай-ақ сендерге не тілесеңдер бар.” (31)

Бұл аса жарылқаушы, тым мейірімді Алла тарапынан бір сыйлық. (32)

“Шын! Мен Мұсылмандарданмын.” деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады? (33)

Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді. (34)

Бұл қасиет; сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ бұл сипатқа зор несібелілер ғана ие бола алады. (35)

Ал енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші. (36)

Түн мен күндіз және күн мен ай Алланың дәлелдерінен. Күнге де, айға да сәжде қылмаңдар. Оларды жаратқан Аллаға сәжде қылыңдар; егер Оған құлшылық қылатын болсаңдар. (37)

(Мұхаммед Ғ.С.) егер олар тәкаппарланса, Раббыңның қасындағылар (періштелер), Оны күндіз-түні дәріптеуден жалықпайды. (38)

(Мұхаммед Ғ.С.) расында жердің құрғап қалғанын көресің. Сонда Біз оған жаңбыр жаудырған мезгілде құлпырып көпсуі Алланың дәлелдерінен. Күдіксіз оны тірілткен Алла, өліктерді де тірілтеді. Өйткені Оның әр нәрсеге толық күші жетуші. (39)

Шын мәнінде сондай аяттарымызда бұрмалаушылық жасағандар, Бізге жасырын емес. Ендеше отқа тасталған біреу жақсы ма? Немесе қиямет күні аман-есен келген біреу жақсы ма? Қалағандарыңды істеңдер. Сөзсіз Алла, не істегендеріңді толық көруші. (40)

Расында өздеріне Құран келген кезде, қарсы болғандар бар. Шын мәнінде ол, ардақты бір Кітап.(41)

Оның алдынан да артынан да бос сөз келмейді (араласпайды). Аса дана, өте мақтаулы Алла тарапынан түсірілген. (42)

(Мұхаммед Ғ.С.) саған сенен бұрынғы елшілерге айтылған ғана айтылды. Күдіксіз Раббың жарылқау әрі күйзелтуші азап иесі. (43)

Мүбада оны бөгде тілде бір Құран қылсақ, әлбетте олар: “Аяттары неге ашық баян етілмеген? Арапқа бөгде тілде айтыла ма?”,- дер еді. “Ол Құран иман келтіргендерге бір тура жол және шипа” де. Ал иман келтірмегендердің құлақтарында кереңдік бар. Сондай-ақ Құран оларға бір соқырлық (қараңғылық). Олар ұзақ бір жерден шақырылғандай. (44)

Расында Мүса (Ғ.С.) ға кітап бердік. Сонда ол туралы да таласылды. Раббыңнан алдын ала бір үкім болмаса еді, әрине араларында іс біткен болар еді. Анығында олар, шәк ішінде одан күдіктенуде. (45)

Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе де өзіне тән. Раббың құлдарына зұлымдық істеуші емес. (46)

Қиямет мезгілінің мәліметі Аллаға тән. Оның білуінен тыс, жемістердің ешбірі қауашағынан шықпайды. Және ешбір ұрғашы жүкті болмайды да, тумайды. Оларға: “Менің ортақтарым қайда?”,- деп сұралган күні, олар: “Саған ұсындық; бізден оған куә болушы жоқ” дейді. (47)

Бұрынғы шоқынғандары олардан ғайып болды. Өздерінің қашар жерлері болмағанын түсінді. (48)

Адам баласы жақсылық тілеуден жалықпайды да, егер оған бір жамандық душар болса, сонда мүлде күдер үзіп, үмітсізденеді. (49)

Ал егер оған шалдыққан бейнеттен кейін өзіне жанымыздан мәрхамет етсек: “Бұл менің ақым; тіпті қиямет-қайым боларын да ойламаймын” дейді. Мүбада Раббыма қайтарылсам да сөзсіз мен үшін Оның жанында тағы жақсырағы бар” дейді. Әлбетте осындай қарсы болғандардың не істегендерін түсіндіреміз. Сондай-ақ оларға азаптың ауырын таттырамыз. (50)

Қашан адам баласына бір нығмет берсек, бет бұрады да өз жағына қыңыраяды. Қашан оған бір сұмдық душар болса, сонда ол, көлемді түрде жалбарынады. (51)

(Мұхаммед Ғ.С.): “Көрдіңдер ме? Я, осы Құран Алланың қасынан келген болып, сосын оған қарсы келсеңдер, ол ұзақ қайшылыққа түскен біреуден артық адасқан кім бола алады?” (52)

Құранның мүлде шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе? (53)

Абайлаңдар! Расында олар Раббыларына жолығудан күдіктенуде. Көңіл бөліңдер. Әрине Алла әр нәрсені толық меңгеруші. (54)

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Ха Мим. (1)

‘Айн Син Қаф. (2)

(Мұхаммед Ғ.С.) Тым үстем, аса дана Алла (Т.) саған да, сенен бұрынғыларға да осылайша уахи етті. (3)

Көктердегі, жердегі барлық нәрсе Оныкі. Ол тым жоғары, өте зор. (4)

(Алладан қорқып) көктер үстінен жарыла жаздайды. Періштелер Раббыларын дәріптей мақтап, жердегілерге жарылқау тілейді. Көңіл бөліңдер. Күдіксіз Алла, тым жарылқаушы, төтенше мейірімді. (5)

Сондай Алладан өзге ие жасап алғандарды; Алла бақылайды. (Мұхаммед Ғ.С.) Сен оларға кепіл емессің. (6)

Осылайша қалалардың орталығы (Мекке халқын) әрі маңындағыларды қорқытуың және де болуында шәк жоқ күні, жиналуды ескертуің үшін; саған арапша Бір Құран уахи еттік. Ол күні бір топ жаннатта, бір топ тозақта. (7)

Мүбада Алла қаласа оларды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда Алла, кімді қаласа, мәрхаметіне бөлейді. Залымдарға дос та, көмекші де жоқ. (8)

Я, олар Алладан өзге ие жасап алды ма? Негізінде Алла, өзі ие; Ол өліні тірілтеді. Және Оның әр нәрсеге толық күші жетуші. (9)

Сендер тартысқан нәрсе турасында шешім жасау Аллаға тән. Міне осы Алла, менің Раббым. Оған тәуекел еттім, әрі Оған мойынсал болдым. (10)

Көктер мен жердің жаратушысы; сендер үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, хайуандар үшін де жұптар жаратушы. Өстіп сендерді өсірді. Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші. (11)

Көктер мен жердің (қазыналарының) кілті Оған тән. Кімді қаласа, несібесін кеңітеді де шамалайды. Өйткені Ол, әр нәрсені толық білуші. (12)

(Мұхаммед Ғ.С.) Алла Нұх (Ғ.С.) қа нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ыбырайым, Мұса және Ғиса (Ғ.С.) ға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды: Дінді мықты орындаңдар да, дінде бөлінбеңдер. Сенің шақырған нәрсең мүшріктерге ауыр келді. Алла оған (сен шақырған дінге) кімді қаласа, оны сайлайды. Кім Оған бейімдесе оны тура жолға салады. (13)

Олар өздеріне білім келгеннен кейін араларындағы көре алмастықтың салдарынан ғана бөлінді. Егер Раббың тарапынан, белгілі бір мерзімге дейін сөз бекіген болмаса еді, әлбетте араларында іс біткен болар еді. Расында олардан кейін Кітапқа мұрагер етілгендер де әлбетте одан шәк ішінде күдіктенуші. (14)

(Мұхаммед Ғ.С.) міне сол үшін ақиқатқа шақыр да бұйрылғаныңдай мықты тұр. Олардың ойларына ілеспе және оларға: “Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік қылуға бұйырылдым. Алла, біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың. Біздің ісіміз бізге, сендердің істерің сендерге тән. Сендер мен біздің арамызда тартыс жоқ. Алла арамызды қосады. Және қайтар орын сол жақ” де. (15)

Дін қабылданғаннан кейін Алла турасында дауласқандардың даулары Раббыларының қасында босқа. Оларға ашу және қатты азап бар. (16)

Ол сондай Алла, Кітапты және өлшеуді шындықпен түсірді. Қайдан білесің? Қиямет жақын шығар. (17)

Оған сенбегендер, асығыс тілейді. Сенгендер, одан үрейленіп, оның хақ екенін біледі. Сақ болыңар! Ол мезгіл жайында тартысатындар, әлбетте ұзақ адасуда. (18)

Алла (Т.) құлдарын өте аяушы. Кімді қаласа, несібе береді. Ол өте күшті, тым үстем. (19)

Кім ақырет пайдасын қаласа, оған оның пайдасын арттыра түсеміз. Ал және кім дүниенің пайдасын іздесе, оған одан береміз. Оған ақыретте несібе жоқ. (20)

Немесе дін тұрғысынан Алла бұйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын ортақтары бар ма? Егер Алланың шешімі бекіген болмаса еді, әрине араларында іс бітер еді. Күдіксіз залымдар үшін күйзелтуші азап бар. (21)

(Мұхаммед Ғ.С.) залымдарды, қылмыстарының жазасы келуінен шошығандарын көресің. Ал сондай иман келтіріп, түзу іс істегендер, жаннат бақшаларында болады. Олар үшін Раббыларының қасында не тілесе бар. Міне сол, ұлы кеңшілік. (22)

Міне Алла, иман келтіріп, түзу іс істеген құлдарын қуанышқа бөлейді. (Мұхаммед Ғ.С.): “Сендерден бұған жақындық махаббаттан басқа ешбір ақы тілемеймін” де. Кім бір жақсы табысқа ие болса, оның бұндағы жақсылығын арттыра ттсеміз. Күдіксіз Алла, тым жарылқаушы, шүкірлікті бағалаушы. (23)

(Мұхаммед Ғ.С. олар сені): “Аллаға өтірік жала қойды” дей ме? Алла қаласа, сенің жүрегіңді де бітер еді. Алла, өтірікті жойып, өз сөздерімен шындықты шынға шығарады. Өйткені Ол, жүректегілерді толық біледі. (24)

Ол, құлдарының тәубесін қабыл етеді де, күнәларын кешіреді. Әрі не істегендеріңді біледі. (25)

Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің тілегін қабыл етіп, кеңшілігімен арттыра түседі. Ал қарсы болғандар үшін қатты азап бар. (26)

Егер Алла құлдарына несібені кеңітіп жіберсе, әлбетте жер жүзінде бүліншілік шығарады. Бірақ қалаған мөлшерде несібе береді. Өйткені Ол, құлдарынан толық хабар алушы, көруші. (27)

Ол сондай Алла, олар күдер үзгеннен кейін жаңбыр жаудырып, рахметін шашады. Ол мақтаулы ие. (28)

Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол, оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді. (29)




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-27; Просмотров: 318; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.087 сек.