КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
В глазах знатаков 26 страница
Осылай дей тұра Абайдың пәниден сырт қарап кетуіне не себеп болды? Етекбастылық па, бір басына ерік тимегендік пе, соқтықпалы, соқпақсыз заманы ма? Әйтеуір, "ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған" "толық адамның" торығуы емес. Осы үшеуіне де бағынбайтындай боп асқынған, асып-төгілген дүлей күштің долы сезімінің, жүйкелері жалаңаштанған намыстың шарасыздығы. Адамның төзім атаулы тамырлары заман запыранының қысымынан жарылып, денеге тұтас у жайылып: Егер менің ішімді жарып көрсең, Жылауыңды ұмытып, шошыр едің! - дегізген шарасыз шақтың шарпуы. Мұны пәлсафалық тұрғыдан ақылға салып, жоққа шығаруға болады. Бірақ өмірлік шындық тұрғысынан алғанда мойынсұнасың. Мойынсынасың да Абаймен қоса түңіліп кетесің. Түңілмесеңде, әйтеуір, жүйкеңнің бір тамыры үзіліп кетері анық. "Ақылдың көзі ашылған" мұндай қатерлі сәттерде жекелеген пенделер өзіне қол салып, тұлғалар торығып, ал кейбір ұлттар жанталаса қыстығып, жаппай бақилыққа мойынсұнып, өзін-өзі өлімге байлаған не жанұшыра жаттың жағасынан алып, қылыштың жүзінен жан тапсырған. Шындықпен бетпе-бет келгенде сана ақылды есеңгіретіп жібереді. Оған қарсы төзіп тұра алатын пенде де, тұлға да, ұлт та аз. Миы темір болмаса, әйтеуір бір күйзелісті бастан кешірері анық. Санадағы мұндай қиямет қайымнан өткен ақыл иесі мәңгілікке бет алған парасатты қасиетті бойына сіңіреді. Ондай қасиеттің иесі өзіне-өзі кез келген сәтте тоқтау салып, басу айталады. Алдағы күннің сәулесі үшін бүгінгі азабына шыдайды. Ал мұны жеңген ұлт ешқашанда мінезіне жеңдірмейді, ақылына жүгінеді. "Ақыл көзінің ашылған" тұсындағы мұндай жанталас күйді В.О.Ключевский: "Санамен өзіңді-өзің тану-жеке адамның немесе исі халықтың өзін-өзі қалай танып-тәрбиелегенін көрсететін өте қиын және баяу жүзеге асатын тар жол, тайғақ кешу арқылы жететін құбылыс. Сол жанкешті өткелге төтелей жетудің бір жолы-абзал жандарды еске алуға арналған салтанатты мінәжаттар болып табылады, бұл-сәл аялдап, деміңді ішіңе тартып, өткен өмір, кешкен ғұмырыңды саралап, санада екшейтін қас-қағым сәттегі айшықты мезет. Осындай кемелділік кезеңінде тоқтап, деміңді ішіңе тартып тұрып кейін қалған заманның салмағын саралап, алдағы күннің барар бағытын анықтайсың", -деп бейнелейді. Абай да өзінің ғұмырының аяқталып келе жатқанын сезінгендей күй кешіп, өмір мен өлімнің есебін жүргізді. Абай әсте өлімнен сескенген пенде емес. Ол "иманына сеніп", ажалға қарсы жүрді. Тіршіліктің пәнилігіне көзі жеткен Абайды түңілдірген сананың сары уайымы еді. "Өзін-өзі тануды" адамдықтың белгісі ретінде санаған ғұлама: "Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса, жұмасына бір, ең болмаса айында бір өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алған бергі өмірді қалай өткіздің екен, ахиретке, не дүниеге жарамды күніңді өзің өкінбестей өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? -дейді. "Ақылдың көзін" күн сайын аршып, өз жүрегінен өзі есеп алып отырған Абайдың көңіл қалтарысында қалып қойған көлеңкесі болып, сол өкініші өзегін өртеп жалғаннан теріс қарап кетуге мәжбүр етті ме? Зады, Абай өзінің жеке басы үшін ешқашанда опық жеп, өксіпқұсқан пенде емес. Ол "жарлы емеспін, зарлымын" дегенде – адами тілегінен туған арманды қозғап отырған жоқ. Оның әр сөзінің астарында "ел" деген ұғым жатыр. Қарақан басының қамын ойлап қамыққан ақын болса – Абай,ұлттың Абайы, ұлттың мұқым қасиетін бойына жиған, соныңөзінде де алдырмайтын "жұмбақ жан" деңгейіне жетпес еді. Ол "ақылдың көзін" өзі үшін емес, елі үшін аршыды. Сол елі үшін санасын саралады. Абайдың "өзінен-өзі есеп алуы – Абайдың Абайдан есеп алуы емес, ол – қазақтың – қазақтан, ұлттың – ұлттан есеп алуы. Бұған Абайдың толық қақысы бар еді. Абайдың тұсында сондай бір ұлы кезеңге көтерілген қазақ ұлты жардың шетінде тұрды. Не еңіске қарай құлап кетуі, не өзін-өзі тежеп, буырқанып барып бетін түзеп алуы қажет еді. Мәселенің ең бастысы: ұлт боп өмір сүру керек пе, жоқ сіңіп, жер бетінен жойылып кетуі керек пе – деген сұраққа жауаптабу болатын. Мұндай зауалды шақтарды ұлт өміріндегі шешуші кезең екендігін дәп басқан В.О.Ключевский: "Ұлы тұлғалар – халық өмірінің талқыға түсетіи шағымды сәттеріндегі кепілдік сияқты. Көзге көрінбейтіп сондай бір нәзік қарым-қатынас арқылы өзін қоршағап ортаның ұсақ әрі құм боп шашылып кеткен мүдделері әлгі тұлғаның бойына жинақталады да жеке адамның құдіретті қасиеті оның құлшынысы мен қайраты арқылы көкейкесті мәселелердің басын қосып, үлкен мақсатқа ұластырады» сонымен қатар қоғамның бойына жинаған қуат күші мен мүмкіндігінің көзін ашады және дамуының алдағы жолын көрсетіп береді. Мұндай ұлы тұлғалар-халық санасының даму өлшемі мен оның келешек өмірінің көрсеткіші ретінді бағаланады. Олардың сәулесінің шағылуынан біз өзімізді өзіміз тура айнадағыдай ап-анық көреміз, сол сәуле арқылы өзіміздің жанымызға үңілеміз, ол біздің кім екенімізді өзімізге түсіндіріп береді. Тарихтың ұлы қорғандарының (құлыптастарының) қасиеті сонда, олар халықтың өзін-өзі тануға деген санасын оятады", -дейді. Шындығында да В.О.Ключевский пір тұтып отырған Пушкин орыс халқы үшін сондай ұлттық тұлға. Сондай-ақ ұлттың тағдыры ұлы талқыға түскен заматта оның барлық қасиетін бойына жиған Абайдан басқа тұлғаны қазақ арасынан табу қиын. Тіпті іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Кеше де, бүгін де, ертең де Абай-Абай болып қала береді. Әрине, таланттар да туар. Бірақ Абай жалғыз. Бұл осал әрі құрметті сыбаға емес еді. Абай ұлтының мұқым мұң-зарын, бақыты мен сорын, қызығы мен қасіретін сезіп қана қойған жоқ, оны санасына сіңірді, жүрегінде шайқады, ақылымен саралады. Ақыры тұла бойы "у мен дертке" толды. Кеудесінен асып миына шапқан запыран 1903 жылы мамыр айындағы Шаймерден Қосшығұловтың хатымен қоса келген Діни басқарманың құпия жарлығын оқыған сәтте жарылды да кетті. Сол күннен бастап Абай мына жарық дүниеге ту сыртын беріп, пәниден бақилыққа бетін бұрды. Тура бір жыл өткенде ахиретке оранды. Бұл ұлттың қазасы емес, азасы еді. Абай өз өлімі арқылы қазақтың рухын оятып, В.О.Ключевский айтқандай, "халық өмірінің талқыға түскен шағымды сәтінде" өзінің өлімі арқылы "көзге көрінбейтін сондай бір нәзік" түйсікпен "бас-басына би болған қазақтардың" "ұсақ әрі құм сияқты шашылып кеткен мүдделерінің басын қосып" ұлттық ортақ мақсатқа тоғыстырып кетті. Ел жұрты Абайдың "жүрегінің түбіне терең бойлай" отырып, өзін көрді, өзінің жанына үңілді. Жидебай-қорған да, құлыптас та емес, халықтың ұлттық санасын оятқан, қазақтың рухы көмілген қасиетті мекенге айналды. Сонда Абайдың: Егер менің ішімді жарып көрсең, Жылауыңды ұмытып, шошыр едің! - деп отырғандағы сұмдығы не еді? Ол: "Патша бодандығындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру, бір дінге кіргізу ережеге байланысты құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, күш қолданусыз, зорлаусыз, алайда асқан ептілікпен, айламен: "Олардың өзі дінге кіруге ризашылықтарын берген-міс - деген желеумен жүргізілуі тиіс, "Өздері православие дініне енуге өтініш білдірді, өздерінің еркімен енді - деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек",- деген патшалық діни басқарманың жарлығы еді. Мұны оқыған бәйтерек морт сынды. Бірақ өртеңге шыққан өміршең тамырын сақтап қалды. Көктегенде де өртеңге көктеді. Мына хаттан кейінгі Абайдың жан азабы шындығыңда да адам "шошырлық еді". Мұқым ұлттың ең соңғы рухани тәуелсіздігінің тамыры қиылмақ, "Қалың елі қазағы, қалың жұрты" имансыз ғұмыр кешпек. Сол сәтте Абай жүрегін жұбататындай тиянақ таппай, тірі күйік болғанша, рухты өшірмейтін өлі аруақ күйінде ұлтының рухын демейін дегендей тәркі дүниенің етегінен ұстаған сияқты. Бұдан артық азалы хабарды ешкім естірте алмас. Ол бұған дейін екі рет күдер үзіп көрген. Бірақ соңынан ақылға жеңгізіп, айныған. Әуелі де Қоңыркөкшеде Әбеннің қамшысы сермелгенде, ел ішінен безген. Оны найман Серікбай мен керей Бегеш: "Ей, Абай, сен тобықтының Абайы емес, мұқым қазақтың Абайысың. Тобықтыға сыймасаң да алашқа сиясың. Еліңді тастап ер атанбассың",-деп барып райынан қайырған. Екінші жолы Әбдірахман қыршынынан қиылғанда: "Бұдан кейін де өмір сүрдім деп ахиретке қайтіп айтамын", - деп бетін күнбатысқа қаратып жатып алғанда қалың қауым жиылып кеп үйіріліп тұрыпты. Сонда елінің бір ақсақалы Абайға кеп: "Абайжан, мына еліңе неге көңіл айтпайсың. Әбіш деген ұлы қайтыс боп, қайғыдан не істерін білмей сенделіп қалды", - депті. Абай басын көтеріп алып: "А, солай ма еді. Әбіш менің ғана балам деп жүрсем. Ел баласы екен ғой. Мұным ағаттық болған екен. Барайын, барайын", - деп басын көтеріпті. Дәл осы жолы оны жұбататын ешқандай дауа, амал жоқ еді. Өйткені, елдің өзі жұбату тілеп тұрған. Ал оларды жұбататындай "жан қуаты", "ыстық жүрек", "суық ақыл" Абайда да қалмап еді. Бұған өзге түгілі өмірін мектеп ашып, қыр қазақтарын "орыс рухында" оқытуға арнаған Ыбырай Алтынсарин марқұм да шыдай алмапты. Ол 1889 жылы 20 ақпан күні Орынбор оқу аймағының татар, башқұрт, қазақ мектептері жөніндегі бақылаушы Василий Владимирович Катаринскийге Ор қаласындағы мұғалімдік мектептің директоры туралы: "Аса қадірлі Василий Владимирович! Сізге қайғылы хабар естіртуге тура келеді. Біздің Бессонов Алексаңдр Григориевич ақылынан адасқан тәрізді. Оның өз оқушыларына жасаған мүлдем қисынсыз қылықтарын осылай деп түсіндірмесе ешбір болмас. Әңгіме мынада: ол мұғалімдік мектептің үшінші және төртінші класында "Інжіл" мен "Уағыз" сабақтарын бере бастаған көрінеді. Бұл кластардың окушылары оны қаламаса да бастаған ісін бір ай бойы жүргізген. Соның салдарынан, бір жағынан мұғалімнің ашуы келіп, кейін, өз шәкірттерін мүттәйім, тағы сол сияқты намысты сөздермен балағаттауға дейін барған, тіпті балаларды желкелеп сабаған кездері де болған... Бұл оқиғаға менің қатты қынжылатын себебім сол: мұғалімдік мектеп оқушылары ықыласпен келетін орын болып қалып еді, олар осында белгілі бір дәрежеде білім алуға біржолата бекінген еді және іс жүзінде қазақтардың тұрмысына пайдалы адамдар бола алады. Егер, олар Александр Григориевич тілегендей, христиан дінін таратушылар болып қалмаса, онда дүниеге парасатпен қарайтын, түрлі фанатикалық идеяларға тосқауыл қоятын қазақ халқының ойы мен экономикасының өркендей беруіне көмектесіп отыратын адамдар болар еді. Мұндай орашолақ, жарымес басшы тұрғанда мұның бәрі күл-талқан болып, көкке ұшпақ! Қаттырақ айтқаныма кешіргейсіз, тіпті кісінің ызасы келеді екен! – деп ашына жазды. Арада бес ай өткен соң үлкен Ыбырай дүние салды. Дерттің емін ешкім таба алмады. Екі Ыбырайды да өлтірген – құсалық еді. Оның ішінде екеуі де шіркеудің аярлығына шыдамады. Рухани тәуелділікке көнгісі келмеді. Дерттің тамыры бір. Екеуі де өмірінің соңында миссионерлік аярлығы үшін тіршілігінде қатты бағалаған Ресей мәдениеті мен ғылымынан күдер үзді. Үлкен Ыбырай соңғы екі жылда мектепті тастап ел ішіне барып жатып алды. Ашық пікір қарсылығына барды. Сол үшін облыстық губернатордың тергеуінде болды. Қандай ұқсастық десеңізші. Бүкіл ғұмырлық мақсатының күл болғаны екеуінің де күре тамырын қиып кетті. Олар сөздері үшін емес, елінің келешегінің кесілгеніне күйінді. Әйтпесе, екеуі өз дініне берік, ойындағы жек көрінішін: Мейлің өзің, монастырь қылған істі, Алла ісі деп көңіліңде көрсең күшті. Хаһ салған жол – кеудемде бір закон бар, Оны құдай өзгеңнен кем демес-ті. Ақтығымды біледі сол көкірек, Сол законге билеткен біздің жүрек. Алла берген қауіпті осы сырым, Көрге бірге өзіммен барса керек, - деп айта алатын, иманын сатпайтын тұлғалар еді. Тұпнұсқа Михаил Юриевич Лермонтовтікі. Бірақ соған өзгеше астар бере, ұлтының ішкі шеменін сыртқа шығара аударған Абай. Абай діни уағыздың жүріп жатқанын білді. Көзімен де көрді. Тіпті ашық мінбе арқылы пікір де таластырды. Қалайда мұсылман қауымын жолдан тайдырудың қамын қарастырған миссионерлердің қара ниетін Абай аңғарды. Ал Ыбырай Алтынсарин өзі басынан кешірді, белгілі мөлшерде шырмауыққа шырмалып, шырғаға да түсті. Өмірінің соңында ғана өкініп, бойын жиып алды. Алайда "қолын тым кеш сермеп" еді. Өйткені, Алтынсарының баласы шәкірттікке ілінген күні-ақ миссионерлік уағыздың ырқына көшкен болатын. Шәкірт кезінде-ақ Ыбырайға өзінің сүйікті ұстазы "аса қайырымды Николай Иванович Ильминский": "Миссионерлік дегеніміз-бұл да өзінше рухани соғыс, мұнда да соғысушы жақтар өздерінің жоспары мен күштерін еш уақытта ашық жарияламайды",- деп жасырын майдан ашқан болатын. Қайран даланың аңқау да аңғал азаматы! Мұны өлерінен бес ай ғана бұрын білді-ау. Сондықтан да "тіпті кісінің ызасы келеді екен! - деп күйінгеніне шынымен сенесің. Ол өзінің іс-әрекетінің, Н.И.Ильминскийдің сөзімен айтсақ, "орыс мектебінің шет аймақтардағы халық ағарту жұмысы-миссионерліктің бір түрі болып табылатынын - білді ме екен. Білген. Кештеу білген. Әйтпесе: "Қазақ халқына тамырын терең жайған озбырлыққа қарсы күресу – қиын-ақ. Ал болмашы бір сылтау тауып, қара басының күйкі тірлігі үшін адал адамды жойып жіберуге дейін баратын өкімшіл өкімет орындарымен жұмыс істеу бәрінен де қиын және қауіпті", -деп жазбас еді ғой Ыбырай. Ал "құпия соғыс" толассыз жүріп жатты. Абайға келген хат соның ең түйінді жарлығы болатын. ЬІбырай Алтынсаринді аңдыған шіркеу Абайды да еркіне жібермеді. Омбыдағы бас архиепископ Абайдың өзіне жолданған хатты біліп отыруына қарағанда В.О.Ключевскийдің: "Інжіл - полицияның жарғысына айналды – деген сөзінің өте дәл табылып айтылғанын дәлелдейді. Шіркеудің барлық пиғылы Абайдың: Балы тамған жас қамыс, Ормасаңшы көктейін, - деген өлеңін еске түсіреді. Олар бала тәрбиесі арқылы қазақ ұлтының болашағын құртуға ұмтылды. Белгілі дәрежеде оған қолдары да жетті. Мына құпия хаттан миссионердің өз күшіне сене бастағаны анық байқалады. Онда бұл жөнінде: "Ауылдарда, старшындарда "ауыл мектебі" деген бүркеніш атпен мектеп ұйымдастырылып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашқыда қазақтардың көңілін табу үшін оларға қазақ мұғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс окуын оқытып, балалармен орысша сөйлеуді, қазақ әрпін қандай жағдайда болсын қолданбауды тапсырып, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек. Бірақ оны заң ретінде қолданбау керек -деп жазылды. Яғни, бұл: Жұрт-бала, еш нәрсені тартып алма, Білдіртпей ептеп алсаң-залалы жоқ, - деген Абайдың тәржімасына дәлме-дәл келеді. Жазылған сөздің мағынасы біреу, бірақ мақсаттары кереғар. Архирейдің жарлығы-елді азғыру, діннен бездіру; ал Ю.Лермонтов жазып, Абай аударған өлең сол шіркеудің қомағай уағызшыларының қорқау пиғылын әшкерелеу мақсатын көздейді. Баланың пейілін пиғылға айналдырған ата-анаға ыза болған Абайдың: Әкесі мен шешесі баланы аңдыр, О да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр! - деп күйініп кететіні осындай сұрқиялықтарды сезінгеңдіктен болса керек. Шындығында да азғыру, діннен бездіру майданы өте ұқыптылықпен, әккілікпен жүргізіліп жатты. Бұл бағыттың ту ұстаушысы Н.И.Ильминский әрбір қадамын өте сақтықпен басып, Ыбырайға қарап түсін жылытты да синодтың обер-прокуроры К.П.Победоносцевке: "Бұратана халықтар арасындағы миссионерлік мектептердің жағдайын жақсарту керек, жақсартқанда оның программасын жаңа педагогиканың талабы бойынша ұлғайтып, оқыту әдістерін жетілдірудің қажеті жоқ, керісінше, Қазанның қасиетті әулиелерінің жүйесі негізінде бұратаналық-миссионерлік бағытты күшейту керек -деп ақыл береді. Бұл нұсқау орындалды да. Абайдың: Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы. Жас өспірім, көк өрім, Бейне қолдың саласы. Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы, - деген өлеңі сол өмірлік шындықты көргендіктен туған ойлар. Абай орыс мектептерінің түпкі мақсатын түсінді. Қалай болған күнде де "жас өспірім, көк өрімнің" ең бірінші рухани бостандықта болғанын, иманның аузынан кетпегенін қалады. Шариғатқа берік, дінге қатал болса олардың шіркеу шырғасына шырмалмайтынын білді. Сондықтан да "закон іздеген" баланың санасы миссионерлердің уағызына уланбай тұрып тілі кәмилаға келсе-деген тілек қосады. Мектепке бір ілінген соң Ильминскийдің жоғарыдағы тәсілінің ықпалында кетері сөзсіз. Ондай баланың "енесіне шапқан жаман айғыр құсап" шыға келетінін Абай көріп жүрді. Көзі әріп таниды, яғни "көз ғана сауатты". Ал көкірегі ұйқыда, "көңіл көзі ашылмаған". Оған елдің, ағайынның, ақиқаттың қажеті шамалы. Өйткені, миссионерліктің шалығына ұшыраған "жас өспірім, көк өрім" патшалық ұлықтар мен миссионерлердің арқасында еш нәрсеге қаймығып, намыстанбайды. Сондықтан да олар: Ынсапсызға не керек, Істің ақ пен қарасы. Нан таппаймыз демейді, Бүлінсе елдің арасы, - деген мәңгүрттің, Абайдың тілімен айтқанда, "антұрғанның нақ өзі" болып шығады. Оларды мұндай күйге душар еткен миссионерлік мектепке жүргізілген: "Сонан кейін мына тәсілге көшу ұсынылады: барлық мектептердің мұғалімдерінен "мұғалім" деген инспектордың арнайы бекіткен куәлігін талап ету керек, ал инспекторға қазақ мұғалімдеріне куәлік беруді әдейі қиындатып, сарсаңға салып, қасақана кешіктіру туралы алдын ала тапсырылып қойылуы тиіс. Куәліксіз сабақ берген мұғалімдер қатаң түрде заң арқылы жауапқа тартылсын. Осы тәсілмен молдалардың санын кемітіп, ол міндет ауыл старшиндеріне жүктелсін. Поптарға белгілі адамдар ғана мұғалімдікке алынсын. Содан кейін ретіне қарап сылтау тауып: "Старшындар өздерінің ақымақтығынан және істің мәнісін білмегендіктен ананы-мынаны бүлдірді-міс, халық санының өсуі кеміп кетті-міс - деген, тағы басқа да молдалар туралы лақап таратып, ауыл мектептерін молдалардың қолынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамға тапсыру керек -деген саясат еді. Таныс көрініс. Мұны кеңес өкіметі тұсында "отарлаушы коммунистер" өте әккілікпен пайдаланды. Ұлт мектептерінің мұғалімдері жұмыссыз қалып, қазақ факультеттері бірінен соң бірі жабылды, Сырттай оқу жүйесі сондай шала сауатты маман дайындаудың "оңтайлы тәсілі" болды. Өзге-өзге, дәл осы "тәсіл" Николай Иванович Ильминскийдің қаламынан шыққаны анық еді. Өйткені ол әлгі жарлықты дайындаған синодтың прокурорына: "Біз үшін бұратыаналар орысша сөйлегенде – жаңылып, қызарып, ал жазған кезде – көптеген қате жіберетін болып, тек губернатордан ғана емес, төменгі шенді бастықтардың бетіне де үрейленіп, қорқып тұратын болса – тіпті жақсы болар еді -деп нұсқау берген еді. Мұны Абай аңғара қойып, мұндай "қамқорлықта" өскен шәкірттерді: Орыс тілі, жазуы - Білсем деген таласы. Прощение жазуға Тырысар келсе шамасы, - деп баға береді. Бұл – кекесін де, мінеу де, жек көру де емес. Істің өзегін жарып, мәнісін аңғарған ақыл иесінің ащы наласы. Шәкірттерге жаны ашығандық. Өйткені олардың білімі "еліне қарауыл болайын" деген ниетті көздемейді, керісінше, "қарақшылықка" итермелейді.
Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 314; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |