КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
В глазах знатаков 47 страница
Үшінші уәжге бұдан артық дәлелдің керегі шамалы. Ендеше: Дулаттың, сонымен қоса Шортанбай мен Бұқардың ақындық рухы мен мұрасын тулақша сүйреткенiмiз жеткен сияқты. Оған Дулаттың да, Шортанбайдың да, Бұқардың да, Абайдың да түгi кетпейдi. Ендi олардың әруағы бiздi тулақша сүйретiп жүрмесiн - дегіміз келеді. Әрине, салиқалы да салмақты зерттеулер мен мәтіндік салыстырулар қажет-ақ. Бірақ, барлық пайымдаулар мен тұжырымдар Дулатты, Шортанбайды, Бұқарды тұқырту үшін емес, тұлғаландыру тұрғысынан жасалғанда ғана аманаттың жолын қиянат кеспейді. Абайдың астарлы сөздерінің көзге көрініп тұрған үш-төрт түйткілін ғана жеңілдете тілге тиек еттік. Терең талдап, дәйекті талдауға мақала жүгі көтермеді. Алайда бұл ешқашанда назардан таса етпейтін күрделі де маңызды мәселе.
22. “КЕМШІЛІГІ ӘР ЖЕРДЕН КӨРІНІП ТҰР-АУ…” (Абай өлеңдерінің текстологиясы туралы)
Қаншама сүзгіден, салыстырудан өтсе де Абай өлеңдерінің текстологиясы күні бүгінге дейін бір ыңғайға келмей-ақ қойды. Әр басылымды қайталап оқып, ондағы мәтіндерді алдыңғы басылымдармен салыстырған сайын жаңа сұрақтар туындайды. Мұхтар Әуезов, Бернияз Күлеев, Сағди, Сұлтанбек Қожанов, Даниал Ысқақов, Әрқам Ысқақов, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Әбіш Жиреншин, Қайым Мұхамедханов, Мұратбек Бөжеев, Бейсенбай Байғалиев сияқты араби қадыммен жазылған қолжазбаның мәтінін оқып, шағатай үлгісіндегі орфография мен сөздің түбірін ажырата алатын оқымыстылар да, Заки Ахметов, Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахметов, Жұмағали Ысмағұлов сияқты ғұламалар да атсалысты. Алайда ұлы ақынның мұраларының мәтіні орфографиялық, грамматикалық, емілелік жағынан бір ізге түсті деуге әлі ерте, оған да түрлі себептер мен қисындар бар. Сондай-ақ Абай өлеңдерінің шығу тарихы мен шығыс тілдеріндегі сөздерге жасалған тәржімалық түсініктемелерде де жаңсақтықтар байқалады. Оның басты кілтипандары: бірінші – Мүрсеиіт қолжазбасының екі нұсқасы және Самарбайдың, Оразкенің қолжазбалары өзара текстологиялық салыстырудан өткен жоқ. Әр қолжазбадағы кей сөздер мен тіркестер мағыналас болса да, олар нақты ажыратылып оқылмаған немесе түпкі мәтіні нақты емес. Зады көшіре-көшіре жатталып кеткендіктен де, кейін ойша жазылған кезде түпнұсқадан ауытқып, дәлсіздікке жол берген сияқты. Мысалы Абай ауылының қарттары: Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап.- деп ауызекі жатқа айтатын жолдар жинақтарда: Ақылың мен еңбегің екі жақтап,- деп басылған. Бұл жаттап көшірушілер мен жатқа айтушылардың жадындағы жаңылыс. Еңбек пен қайраттың арасында мазмұндық алшақтық болмағанымен де, сөздің астарлы әдібін ашқан кезде бұл екі сөздің мағынасы екіұшты емеуірін танытады. Еңбек - іс-қимылды, фанилік тіршіліктегі харекетті білдіреді, ал қайрат ұғымы - “суық ақыл, ыстық жүрек, рух қайратымен” астасып, философиялық терминге айналып кетеді. Екінші: Ахмет Байтұрсынұлының емілесіне дейінгі араб әрпінің жазу үлгісін тек көңілмен жобалап, мағынасын қуып қана оқуға болады. Дауысты әріптер (мысалы а, е, ы) кейде жазылып, кейде түсіп қалады. З, қ, т, х әріптері қос-қостан, үш-үштен таңбаланады. Олардың өзі өзара өте ұқсас. Мысалы, Жүсіп - Түсіп, Нүсіп, Несіп; Жәлел - Халел, Дәлел, Зәлел; бірі - бәрі, бәрі - бірі болып оқыла береді. өйткені олардың тағдырын бір нүкте (.), екі нүкте (..) ғана шешеді. Ал қолжазбада оларды ұзын бір сызықпен (-) тарта салады. Содан барып “ық” - “иық” боп оқыла береді. Мысалы бұрынғы жинақтардағы: Өзі зордың болады ығы да зор- деген жол 1995 жылғы академиялық басылымда: “Өзі зордың болады иығы да зор”- деп түзетіліпті. Қайдағы иық? Сонда Абай: Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады иығы да зор - яғни, арлының, ұяттының иығы зор болады дей ме? Бұл пайымды текстологиялық түзету емес, кәдімгі абсурд. Ал енді барынша қадағаланып, зер салынып шықты деген жинақтардың өзінде қаншама сәйкессіздік бар десеңші. Үшінші себеп те осыдан туындайды. Әр бастырушы, не баспа, не ғылыми мекеме ешкіммен ақылдаспастан Абай өлеңдерін өздері редакциялдап, өздері грамматикалық, орфографиялық түзетулер жасап, өзінше тыныс белгісін қойып шығара береді. Баспаларға ешқандай шек қойылмағандықтан да қай басылымды көшіріп басса да еркі. Сөйтіп 1995 жылы академиялық басылымда түзетілген сөз 1957 жылғы не 1977 жылғы басылымдағы нұсқамен жарық көре береді. Қадағалайтын адам жоқ болғандықтан да оған ешқандай сұрау да, тоқтам да қойылмайды. Сондықтан да, түптің түбінде Абайдың басылымын бір мекеме - не мәдениет министрлігінің баспа жөніндегі департаменті, не Тіл комитеті, не әдебиет институты, не нақты бір адам қадағалап отырғаны құба-құп болар еді. Әйтпесе біріміз “ығы зор” деп, біріміз – “иығы зор” деп алмакезек “ықтасып, иықтасып” жүре беруіміз әбден мүмкін. Ал оқулықтар мен әдістемелік құралдарда бұл тіркестердің қалай жазылып, қалай жатталып жүргенін бір құдай білсін. Менің бір шәкіртім “Қалың елім, қазағымды” жатқа айтып тұрып: Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – дегенді: Өздеріңді түзелер дей алмаймын Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың- деп суылдата жөнелгенде төбе шашым тік тұрып, шәт-шәлекейім шыққаны бар. Мен олардың уәжін бетбақтырмай: - Абай - елің, жерің, малың, таланға түсіп, империяның меншігіне айналды. Сенде билік жоқ. өз ырқың өз қолыңнан кеткен соң енді оңалуың қиын деп отыр - деп шыж-быж боламын. Шәкіртім: - Кітапта солай жазылған - деп Абайдың мерейтойына қарсы қаптап шыққан қалта басылымдарының бірін көрсетті. Дымым шықпай қалды. Сөйтсем, жалғыз ол жинақта емес, ғылыми түсініктемесіз жарық көрген басылымдардың басым көпшілігінде солай екен. Ал, енді бұған не дейсің? Төртінші: Абайдың өлеңдеріне текстологиялық салыстырулар жүргізілгенде тек қана бір өлеңдегі бір сөз жалаң алынады да, жадағай түсініктер беріледі. Ақынның бүкіл болмыс-бітімін ашатын оның көркем ойлау жүйесі мен көркемдік жүйесі назардан тыс қалады. Абай өзінің өмірінің екінші жартысында “Қара сөзге” қатты ден қойған және онда айтылған кейбір философиялық пайымдауларын поэзия тіліне түсірген. Сондықтан да өлеңдері мен “Қара сөздеріндегі” діни-философиялық терминдердің ұғымдық мағынасы бірдей, кейде сол екі жанрдағы көркем мәтіндердің өзі бір-біріне түсініктеме беріп тұрады. Әсіресе Алла ісіне қарасты туындыларда бұл көркем машық анық байқалады. Текстологиялық салыстырулар мен түзетулер жүргізілген кезде Абайдың көркем ойлау жүйесіндегі осындай ерекшеліктерге мән берілмегендіктен де, аттас сөздер мен мағыналас ұғымдар, орайлас тіркестер әр қалай жазылып (хауас, Ћауас, қауас), әр сипатта (ћауас - өмір, бұл дүние, о дүние) түсіндіріліп келеді. Бесінші: Абай өлеңдерінің шығу тарихы мен жазылған жылдары туралы мәліметтердің біразы жалаң ғана баяндалған немесе жалған топшылаулар мен болжамдарға құрылған. Ағайын-туыстарының жағымды-жағымсыз әрекеттері мен оғаш мінездерінің себебінен туған жырлар туралы мәліметтердің жасырылып қалғаны жөнінде Тұрағұл өзінің естелігінде атап өткен болатын. Заманы жақын, тумысы бір болғандықтан да Мұхтар Әуезов те бұл мәселеге тереңдеп барудан бойын аулақ ұстаған. Бүгінгі таңда ол мағлұматтарды құпия ұстайтындай ешқандай себеп-салдар жоқ. Әр нәрсе анық та қанық айтылуы тиіс. Алтыншы: өлеңнің өзіне тән буын, ырғақ, ұйқас сақтау заңдылықтары, ауыспалы теңеумен емеуірін білдіру, сөзді дыбысталуы, айтылуы бойынша қолдану сияқты ерекшеліктері бар. Оны грамматикалық, орфографиялық қалыпқа салып, қарабайырландырудың зияннан басқа пайдасы жоқ. Міне, осындай тым “сауаттылықтың” да Абай өлеңдеріне кесірін тигізіп тұрған тұстары байқалып қалады. Мысалы: “Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп басталатын өлеңдегі: Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,- дегендегі “тыныштықтың” “тық” деген жалғауы маған үнемі артық жазылған сияқты көрінеді де тұрады. Егерде ырғақ пен буынға, сөз мағынасына жүгінсең: Саудагер тыныш сауда қыла алмай жүр,- болуы керек қой. Бұл арадағы кілтипан араб қарпімен жазғандағы “тыныш” деген сөзде. Осындағы соңы “ш” әрпінің құйрығы сүйретіліп жазылғанда “қ” қарпінен айнымай қалады да, “тынышыңыз” “тыныштықтық” боп шыға келеді. Бұл жаңсақтық барлық басылымға тән. Ырғақ пен буынның сақталып-сақталмауында тұрған ештеңе жоқ сияқты. Алайда барлық мектептер мен арнайы курстарда Абайдың өлеңдерін жатқа айту міндет екендігін ескерсек, бұл тармақтың “тілге жеңіл, жүрекке жылы” тимейтіні анық. Мәселе соны ажыратып, мағына, буын, ырғаққа сай дұрыс оқуда. Осы реттен алғанда менің: Қатының сені сүйсе, сенде оны сүй, Қоржаң суық келеді кей сасық ми- дегендегі “қоржаңға” да күдігім бар. Неге ми “қоржаң” болуға тиісті. Қоржаңдаған ми суық бола ма? Жалпы, ми қоржаңдай ала ма? Зады жоғарыдағы қадыми әріптің жазылу заңдылығын және “ж” мен “д” әрпінің бір нүктемен ажыратылатынын, “а” әрпінің ерекшеленіп жазылмайтынын, жазылса да оны “а” деп оқу міндет емес екенін, “ң” әрпінің мүлдем жоқ екенін ескеріп: Көрден суық болады кей сасық ми – деп оқысақ қайтеді? Сонда Абай: жаман әйелдің құшағы мен төсегі көрден де суық болады. Сондықтан да сүйгеніңнің көңілін суытпа. Сен де оны сүй – деп отыр емес пе? Сөз бен мағына енді үйлескен сияқты. Сондықтан да, отыз жылдан бергі әдетім бойынша Абайды жыл сайын қайталап оқығанда осындай сәйкессіздіктер мен селкеуліктерді байқап, көңіліме түйіп жүрген ой екшеулері мен тұспалдарымды жария түрде білдіріп, төмендегі мәтіндерге көпшіліктің назарын аударғым келеді.
Бала жасымнан көңіліме қонбай жүрген бір жолдың түйінін шешудің сәті енді түскен сияқты. Әңгімені содан бастайын. Абайдың әр басылымынан әр жолы: “Құдай берген бұл достық - кәннің бірі” – дегенді оқығанда сондағы “кәңге” және оған берілген: каң – қытайдың пеші, ол достық көңілдің жылылығын білдіреді, немесе - кеніш, рудник. Ауыспалы мағынасы - мейірім, Алланың бір аты - деген түсініктемеге осы уақытқа дейін еш мойынсынбай келетінмін. Академиялық басылымда “ кеннің бірі” деп түзетіліпті. Маған осы “Құдай берген достықтың” мағыналық тұспалы да, оқылуы да, емеуріні де басқа сияқты болатын да тұратын. Абайды жыл сайын түгелдей оқып, қайыра саралаған сайын осы сұрақ мазалап, сол сөздің тұсына белгі қойыла-қойыла, оның өзі бір “ақ шомның көшіне” айналыпты. Сол “кәннің” кілтипаны мен үшін оп-оңай шешілді. Мәселе “кәнде” де, “кеңде” де емес, мәселе араб әрпіндегі “к” мен қатаң “т”-ның, “с”-ның ұқсас жазылуында және көшіріп жазған адамның қолтаңбасында екен. Олар: “---“ және “---“ деп жазылады. Енді арабша оңнан солға қарай сүйкеліп келе жатқан қалам “т” мен “с”-ның басын сәл көтере сүйретіп жіберсе (әдетте солай) бітті, аумаған “к”-нің өзі боп шыға келеді. Сонда: Өңкей надан антұрған, Қанша айтса жөн бе екен? Бос жүріп құр қалған Өміріңе тән (сән-?) бе екен,- болып оқылады. Яғни: осы антұрғандық сенің өміріңе тән бе, әлде бос жүрген өміріңнің сәні ме – деген мағынаны білдіреді. Біздің ойымызша бұл арада “тән бе екен” деп оқыған орынды сияқты. Сөз сонда ғана орнын табады деп есептейміз. Тағы бір тәмсіл: Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз, Жалғандықпен жасалған көңіл жүгі- деген жолдардағы “көңіл жүгіне” күмәнмен қарап, өзімнің жастайымнан ақсақалдардың айтуы бойынша жатталып қалған жадыма жүгіндім. Мен бұл жолды: жалғандықпен жалғанған көңіл жібі – деп айтады екенмін. Көңілдің жалған жібін жалғап жалған дос болуы – ұғынықты. Ал “көңілдің жүгі” деген не? “Көңіл жасалады” деп қолдану орынды ма, жалпы “көңілде жүк” бола ма?- деген сұрақ қоямын. Дәл осы жолдың: Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз, Жалғандықпен жалғанған көңіл жібі- деп жазылғаны дұрыс сияқты көрінеді де тұрады. Себебі, мұндағы “жалғанғанның - жасалған, жібінің - жүгі” боп жүруі тағы да сол қолжазбадағы қолтаңбаны ажыратуда кеткен ақаулық іспетті. “Жасалған” мен “жалғанған” сөзі “жслғн”, “жүгі мен жібі” сөзі “жбг” деп жазылатынын, ал оған “а” мен “ү”-ні (“Ү” әрпі араб әліпбиінде мүлдем жоқ) ойдан қосып оқу керектігін ескерсек, біздің пайымдауымыздың шындыққа жақын екенін аңғару қиын емес. Тіпті бұлай оқуға келіспегеннің өзінде “көңіл жүгі” деп емес, “көңіл жігі” деп оқу керек. Сонда ғана “жасалған” деген сөз орынын табуы мүмкін. Осыған дейінгі барлық басылымдарда “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай”- дегендегі қарашаға – ноябрь, желтоқсанға - декабрь деп түсінік беріліп келді. 1995 жылғы академиялық басылымда бұл түсінік алынып тасталыпты. Зады, қазір қараша, желтоқсан айлары бақшадағы балаларға да белгілі болғандықтан қажетсіз деп табылған іспетті. Шындап келсек, қазақтың ай қайыруында және осы өлеңнің шығу тарихын көркем бейнелеген М.Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясында желтоқсан – маусымның (тоқсанның) аты, қараша – октябрь, күздің айы. Ал декабрь – қыстың нағыз өзі, оны ұмытпасам, “бірдің айы” дейді. Ықтырмада қара суықтан қорғанған күздің соңғы айларында - қарашада шаңырақсыз күрке тігіп, қыстаудан қозы көш жерде ғана отырады. Қар түссе қыстауға жылжи салады. Демек, Абайдың қолдануындағы “желтоқсан мен қарашаның” мағынасы бүгінгіден өзгеше. Ендеше түсініктемені алып тастаудың қажеті жоқ. Осы өлеңдегі: Тоңған иін жылытып, тонын илеп- дегендегі “тоңған иі”- деген де орынын таппаған тіркес. И - тері, теріге тұз себіліп жағылған ашыған айран, жансыз нәрсе. Ал жансыз нәрсе “тоңа ма”? Тоңбайды, қатады. Ал Мүрсейіттің қолжазбасында бұл тіркес “мұздаған и” деп жазылыпты. Бәсе, и- тоңбайды, онда жан жоқ, иленген тері кебеді, қатады, мұздайды. өзге мәтіндерді түзеткенде Мүрсейітке жүгініп, өзгерттік – делінеді де, енді Мүрсейіттің өзінде солай жазылған сөз неге қаперге алынбайды. 1909 жылғы басылымда қате көп кетті- деп Кәкітай мен Тұрағұлдың өкінетін жайының бірі осындай қателер болса керек. Демек бұл жол: Мұздаған иін жылытып, тонын илеп- деп оқылуы тиіс. Сонда сөздің қисыны келеді. Сөздің төркіні мен мәтінінің негізін іздегенде, сөздің сүлбесін не мағынасын қуа-қуа “шабыттанып” кетіп, әуелгі нұсқа мен емеуріннен ауытқып, “арқаланып Арқаға шығып кететін” кезіміз де бар екен. Сөзді - сөз, ойды - ой қуып, “сауыттан” - “суат” жасап шығаруға болады екен. Мысалы “Алла деген сөз жеңіл” деген өлең тек қана діни терминдер мен ұғымдарға құрылып жазылған. Бұл өлең - Абайдың “Отыз екінші”, “Отыз жетінші”, “Отыз сегізінші”, “Қырық үшінші” сөздеріндегі Алланы ақылмен танудың жолдары туралы пікірлерінің өлеңмен тиянақталған нұсқасы. Соның ішінде жан қуаты мен тән қуаты жөнінде ой толғаған тұсына арналған. Онда ақылмен ой қуатының өлшеуі - сауыты бар, одан асып кетсе: “жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хамы қылады, “һой-һой!” менен, мақтанменен қауымды адастырып бітеді...Дүниеден надан бір ессіз боп шығады, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады”, яғни “бекер босқа езе-дүр”- дейді. Бұрын бұл өлеңнің ортаңғы жолы: Дененің барша қуаты, Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл сауаты, Махаббат қылар тәңірі үшін- деп басылып келді. 1995 жылғы академиялық басылымды дайындаған ғұламалар “сауаты” дегеннің қате екенін білген. Бірақ оның қара сөздегі “ақылдың сауыты” деген сөз екені еске түспей, поэтикалық мағынаны қуа келе: “Жүректің ақыл суаты” деп өзгертіпті. Жоқ, олай емес, дұрысы: Жүректің ақыл сауыты- болуға тиісті: Өйткені “жүректің ыстық қайраты мен ақылдың” “өлшеуін білмек - бір үлкен іс”. Ыстық қайратты суық ақыл суытады, сауытынан асырмайды. “Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын. Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез-келген қызықққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын” (“Отыз екінші сөз”), яғни: Дененің барша қуаты, Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл - сауыты, Махаббат қылса тәңірі үшін- дейді Абай. Жоғарыдағы “Отыз екінші”, “Отыз жетінші”, “Қырық үшінші” сөздердегі жүрек пен ақылдың қуаты, оның өлшеуіші, ақыл мен мінездің сауыты туралы ежелеп тұрып айтылған сөзден кейін, жүрек пен ақылдың “суаты” емес, “сауыты” екені туралы ешқандайда бақас әңгіме болуға тиісті емес. Қисындыдан қисынсыздық іздеу - Абай айтқан пәле мен күдік қуған “бақас ғылым” болмақ. Ал бұл екі сөздің жазылуында еш айырма жоқ, тек “а” әрпін орынына дұрыс қоя білсең болды. Сонымен “жүректің ақыл - сауыты” екендігіне шүбәсіз иланудан басқа лаж қалмайды. Абайдың шығармаларындағы араб, парсы тілдерінен алынған сөздердің дұрыс оқылуы мен берілген түсініктерге кей кезде күмәндансам да, сөздікпен ғана тәржіма жасай алатын болымсыз сауатыма сенбейтін едім. Енді қадыми арабты да, ислами философияны да оқып-тауысқан тоқымыстылардың көмегіне сүйене отырып, сол күдігімді ашық талқыға салғым келеді. Абайдың “Жаманбаланың баласы өлгендегі” шығарған бір шумақ өлеңіндегі: Белгілі сөз: “Өлді, өлді”, Белгісіз оның мекені- деген алғашқы екі жолдың мағынасы түсінікті. Ал одан кейінгі: Не халатқа әурілді, Қайда, қандай екені?- деген қос тармақтағы: “халатқа” дегеннің мағынасы - хал-ахуал, әурілді дегеннің мағынасы - қаңғыбас деп берілген түсініктер маған еш түсініксіз еді. Енді қолжазба мен қадыми араб жазуындағы үлгіні салыстыра парықтап қарасам, бұл һаят, яғни, өмір деген сөздің ныспысына сүлдер тартып тұр екен. Араб қарпіндегі жазылуына қараңызшы: “Һаят” – пен “халат” қандай ұқсас. “Л” мен “я” да әлифпен жазылады. Мұны сүйкектетіп жазсаңыз олардың ешқандай айырмасы болмай қалады. Жоғарыда Абай өзінің “Қара сөздеріндегі” пікірлерінің кейбірін өлеңге түсіргенін айттық. Бақи мен фәнидің арасындағы ғайып дүниесін түсіндіруге арналған “Отыз сегізінші сөзіндегі” Алланы тану, өмір мен өлім туралы толғамында жаратқан иенің Тоқсан тоғыз сипатын айта келіп: “Оның екеуі ғылым мен құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы бұларға шарх (түсінік). Ал алтауының бірі – хаят, яғни, тірлік” – дейді. Міне, Абай жоғарыдағы өлеңде осы һаятты тілге тиек етіп отыр. Демек, қандай халде “әурілдің” дегеннен көрі, қу жаның қандай ћаятқа - өмірге тап болды, оның (рухыңның) мекені қайда?- деп сұрауы орынды. Сондай-ақ, осын жолдағы: “Әурілдінің”- қай жаққа кетті- деген мағынаны беретініне де дәркүмәнбіз. Әурілдіні парсы тіліндегі “уардтан” (ауард) шығару да тиянақсыздау тәржіманың бірі. Өйткені “уардтың” ішінде “л” әрпі мүлдем жоқ. Сөздің түбірін құрап тұрған “л” мен ”р”-сіз (біз “аулр”- ді іздеуіміз керек қой) сөздің мағынасын табу мүмкін емес. Одан көрі: қай һаятқа ауды, қайда қандай мекені?- деп оқысақ әлде қайда түсінікті. Біздің аңғаруымызша, осы “әурілдінің” шешуі жаңағы “Отыз сегізінші сөздегі” “Һаят” туралы түсініктен кейінгі: “Алланы бар дедік, ғылым құдіреті сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олуда (болуда- Т.Ж) боларлық нәрселер ме?”- дегендегі “олуда” - “күш, қуат болуда”- тұрған сияқты. Шағатай стиліндегі “олуда” - “болуда”- деген сөздің өзі боп шығады. Тек “олу-дүр” деген - “әурілді” деп қате оқылған. Бұл екеуінің қадымша жазылуында еш айырма жоқ. Демек бұл жолды:
Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 400; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |