КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Тау-кен-химия шикізаты
Тау-кен-химиялық шикізат фосфорит, апатит, барит, флюорит, табиғи таза күкірт, глауконит және алунит кенорындары түрінде дараланады. Фосфориттер, апатиттер. Республиканың фосфат рудаларының есепке алынған қорларында негізгі рөл фосфорит рудаларының үлесінде. Республиканың фосфориттеріт екі түрлі, олар микротүйірлі фосфориттер және жалбырлы фосфориттер деп аталады. Фосфорит кенорындары республиканың екі аймағында шоғырланған, олар – Кіші Қаратаудың фосфоритті алабы (микротүйірлі фосфориттер) және Ақтөбенің фосфоритті алабы (жалбырлы фосфориттер). Кіші Қаратау фосфоритті алабында 14 өнеркәсіптік кенорын анықталған (Шолақтау, Ақсай, Көксу, Жаңатас, Көкжон т.б.), олардың балансқа тіркелген жалпы қоры 550 млн. т. Алаптың болжамдық ресурстары 2 млрд. т шамасында деп есептеледі. Ақтөбе фосфоритті алабы 9 кенорынды біріктіреді (Шилісай, Алтай, Богданов, Көктөбе т.б.), бұлардың баланстағы жиынтық қоры 125 млн. т фосфор пентаоксиді. Бұл қордың ауқымды бөлігі (90 млн. т) Шилісай кенорнында шоғырланған. Алаптың болжам ресурстары 104 млн т Р2О5 деп шамаланады. Фосфат шикізатының резервтегі қорларының қайнар көзі ретінде Көкшетау өңіріндегі кейбір нашар зерттелген кенорындардың апатит рудалары аталады (Красномай интрузиялық массивімен байланысты қалыптасқан) Фосфат шикізатының тағы бір өте маңызды резервтік нысаны – Торғайдың темір кенорындарындағы (Соколов, Сарыбай, Қашар т.б.) құрамына апатит кіріктіретін магнетит рудалары болып табылады, бұлардың байыту өнімдерін тазалау барысында жылына 100 мың т-дай таза апатит концентратын алуға болады. Республикадағы апатит рудаларының болжам ресурстары 147 млн. т фосфор ангидриді шамасында деп есептеледі. Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде (Маңғыстау, Арал маңы, Торғай) жалбырлы фосфориттермен қатар түйірлі фосфорит шоғырлары да кең тараған, алайда бұлар әзірге фосфорит рудаларының болжам ресурстарының балансында қосымша рөл атқарады. Десек те, олардың өндіру және байыту технологиясы өте қарапайым болуы бұл шикізаттарға деген қызығушылықты арттыра түседі. Фосфат шикізатының атауға тұрарлық концентрациялары фосфатты-глауконитті құмдар құрамында да ұшырасады (батыс қазақстан және Павлодарлық Ертіс маңы). Бұлардың қорлары мен болжам ресурстары жүздеген млн. т-ны құрайды. Фосфоритті-глауконитті рудалар кешенді минералдық тыңайтқыштар алудың жоғары сапалы шикізаты болып табылады. Барит. Бариттің негізгі барланған қорлары (95%-дан астамы) Орталық және Оңтүстік Қазақстан өңірінде шоғырланған. Бұлар таза бариттің дербес кенорындары болып табылатын Жалайыр, Кентөбе, Шығанақ, Аңсай және Ақшешек кенорындары түрінде көрініс береді. Жалайыр және Кентөбе кенорындарының есепке алынған қорлары 7 млн. т, келелі (перспективалық) қорлары 15 млн. т шамасында деп есептеледі.Шығанақ кенорнының қоры 10 млн. т шамасында, Аңсайдың бұл көрсеткіші 74 млн. т, Ақшешектікі 50 млн. т шамасында (болжам ресурсы). Бариттің Қазақстандағы өзге қорлары кешенді баритті-полиметалды және баритті-колчеданды кенорындармен байланысты. Бұл кенорындардан барит қосымша түрбөлшек түрінде өндіріледі. Бариттің ірі қорлары бір топ қорғасынды-мырышты кенорындар құрамында (Жайрем – 55 млн. т, Бестөбе – 32,3 млн. т, Қарағайлы – 20 млн. т шамасында, Тұйық – 7,3 млн. т) және Кенді Алтайдың колчеданды-полиметалды кенорындарында (Новолениногорск – 2,4 млн.т, Орлов – 3,8 млн. т, Ертіс – 0,7 млн. т, Белоусов – 0,4 млн. т, Гусляков – 0,3 млн. т, т.б.) шоғырланған. Бариттің азын-аулақ шоғыры Бадам және Құлан сияқты флюоритті-баритті және Ауыртас деп аталатын целестинді-баритті кенорындарда белгілі. Қазақстанда барит өндіруді арттырудың перспективасы Шығанақ және Аңсай сияқты бариттің бұрыннан белгілі біршама ірі дербес кенорындарын игерумен және баритті кешенді рудалар құрамынан шама келгенше толығырақ бөліп алу шараларымен байланыстырылады. Флюорит. Қазақстан флюориттің минералдық шикізат базасымен қанағаттанарлық дәрежеде ғана қамсыздандырылған. Бүгінгі таңға шейін флюориттің бірнеше кенорындары табылып барланған. Олардың ішіндегі ең ірілері Оңтүстік қазақстандағы Тасқайнар кенорыны, ол кальцитті-флюоритті және кварцты-флюоритті рудалардың стратиформалық жатыны түрінде оқшауланады. Желілі кварцты-кальцитті-флюоритті құланкетпес, Мыңарал, Шығыс Қаражал, сол сияқты флюоритті-баритті Бадам кенорындары шағын кенорындар санатына жатады Флюориттің атауға тұрарлық ресурстары Орталық Қазақстандағы Солнечное кенорнының карбонатты-флюоритті рудаларының (балқыған» әктастардың) құрамында белгілі. Флюорит кенорндарының ешқайсысы өндіріске енгізілмеген, яғни олар резервтегі кенорындар. Фтор тек қана Кіші Қаратау алабының фосфорит рудаларын өңдеу барысында жол-жөнекей алынады. Жалпы алғанда, флюорит рудаларының қазақстанда анықталған және дәлелденген қорлары ондаған млн. т-мен өлшенеді. Табиғи таза күкірт. Күкірттің шағын-шағын екі кенорны белгілі, алайда олар да жетімсіз зерттелген. Оның біреуі (Подгорненск) Каспий маңы ойысының шығыс бөлігінде, екіншісі (Үлкен Бурылтау) Шу-Сарысу ойысында. Подгорненск кенорнын іздеу сатысында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде анықталған күкірттің болжам ресурстары 5 млн. т шамасында деп есептеледі. Кенорынның рудалар жерасты шаймалау әдісімен өндіруге жарамды. Каспий маңы ойысының күкіртке деген мүмкіндіктерін сөз еткенде мына мәселе маңызды. Ойыс ауқымында кеңінен тараған тұз күмбездерінің қалқатастарында (кепроктарында) табиғи таза күкірттің көптеген шағын-шағын білінімдері анықталған, алайда аталған ойыстың күкірт өндіруге деген жалпылама перспективасы әлі де болса толық нақтыланбай отыр. Бұл орайдағы басты проблема – күкірттің өнеркәсіптік шоғырларының өзіндік индикаторы болып табылатын қалқатасы сульфатты-карбонатты жаралымдардан құралған тұз күмбездерін ешбір күмәнсіз оқшаулай білу әдісінің әлі де болса жасқталмай отырғандығы. Қазақстан ауқымында табиғи таза күкіртпен қатар колчеданды рудалардағы жалпылама күкірт пен пирит құрамындағы күкірттің айтарлықтай ресурстары белгілі. Кенді Алтайдың кенорындарындағы жалпылама күкірт пен пириттегі күкірттің қорлары ондаған млн. т-мен өлшенеді деп есептеледі. Мәселен, Николаев кенорнында 14 млн. т, Орлов Кенорнында 8,6 млн. т күкірт бар болуы тиіс. Жоңғар Алатуындағы кенорындардың Текелі тобы ауқымында күкірттің 10 млн. т-дан астам қоры жинақталған. Майқайың, Абыз, Қосмұрын т.б. кенорындарының рудалары да да күкіртпен айтарлықтай дәрежеде қаныққан. Күкірттің мол ресурстары республиканың түсті металлургиясына қарасты зауыттарының күкіртті газдарында да баршылық. Күкірттің мол қоры Каспий маңы ойысына тиесілі әйгілі мұнай кенорындарын өнеркәсіптік игеру барысында қосымша түрде өндіріліп жатқандығы белгілі. Глауконит. Республикада глаукониттің үш кенорны белгілі, олар – Қызылсай, Тікбұтақты және Селеті кенорындары. Мұғалжар жоталарындағы Қызылсай кенорнына тиесілі кварцты-глауконитті құмдардың өнеркәсіптік категориялар бойынша барланған қоры 100 мың м3 шамасында, құмдағы глауконит мөлшері 85-97% аралығында. Павлодарлық Ертіс маңының Селеті кенорнына қарасты фосфатты-глауконитті құмдардың Р1 категориясы бойынша есептеліп шығарылған болжамдық ресурсы 722 млн. т-ны құрайды. Құмдардағы глаукониттің үлесі 60-80%. Бұл кенорынның глауконитті құмдарының сапасы Өзбекстанның Тәшкент облысындағы әйгілі Чанги кенорнының кварцты-глауконитті құмдарының сапасынан да артығырақ. Батыс Мұғалжар жоталарында орналасқан Тікбұтақты кенорнының глауконит кіріктіретін таужыныстарының (рудаларының) Р3 категориясы бойынша есептелген болжамдық ресурстары 350 млн. т-ны құрайды. Бұл рудалардағы глаукониттің үлес салмағы 50-60% шамасында. Қазақстанның фосфатты-глауконитті рудалары кешенді агрохимиялық тыңайтқыштар алудың жоғары сапалы шикізаттары болып табылады. Батыс, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен глаукониттің жаңа кенорындарың табылу мүмкіндігі жайлы болжамдар қалыптасқан. Алунит. Алунит кенорындары мен оның білінімдері Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан аймақтарында белгілі. Бұрын алунитті рудалар тек қана глинозем өндіретін шикізат ретінде қаралған болатын, сондықтан оның қоры айтарлықтай ірі болған жағдайда ғана (150 млн. т-дан кем болмаған жағдайда) мұндай кенорын есепке алынатын. Осы қағидаға сәйкес, өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін Қазақстанның балансында алуниттің жалғыз ғана кенорны тіркелген-ді, ол – Орталық Қазақстандағы барланған қоры 181,5 млн. т Босаға кенорны болатын. Қалған кенорындар бойынша болжамдық ресурстар ғана анықталған, олар Бүркітті (250 млн. т шамасында), Көшен (30 млн. т-дай) және Ақтайлақ (40 млн. т шамасында) кенорындары. Оңтүстік Жоғар тауларында табылған кенорындар әлі де барланған жоқ. Олардағы алунит рудасының болжамдық ресурстары 30 млн. т шамасында деп есептеледі (Қызылшоқы – 16 млн. т, Архарлы – 10,5 млн. т). Тау-кен-техникалық шикізат. Қазақстанның тау-кен-техникалық шикізат базасы бір топ маңызды пайдалы қазбалар жиынтығын құрайды, олар – отқа төзімді саздар, династық және флюстік кварциттер, кремнийлі таужыныстар, доломиттер, магнезиттер, флюстік әктастар, пішіндеме құмдар, саздар, талшықтастар (асбестілер), вермикулиттер, мусковиттер, графит, цеолиттер, бентонит саздары, шунгиттер. Металлургияға қажетті бейруда шикізаттар. Бұларға отқа төзімді және қиын балқитын саздардың, династық кварциттердің, доломиттің, магнезиттің, флюстік әктастардың, пішіндеме құмдардың және саздардың алуан түрлі кенорындары жатады. Қазақстанның металлургиялық өнеркәсібі шикізаттардың бұл түрлерімен біршама тәуір дәрежеде қамсыздандырылған, жетімсіз шикізат магнезит қана. Азын-аулақ проблемалар металлургия талаптарын қанағаттандыратын флюориттің және тасқұйма өндірісінде пішіндеме материал болуға жарарлық бентонит саздарының кенорындарын игеру мәселесінде де ұшырасады. Отқа төзімді шикізат рөлін атқаратын жоғары глиноземді кианит рудаларын бөліп алу технологиясы да әзірге шешілмеген., бұл рудалардың тым-тәуір кенорындары Мұғалжарда, Кенді Алтайда және Орталық Қазақстанда ұшырасады. Отқа төзімді саздар. Отқа төзімді саз кенорындарының көпшілігі Орталық және Солтүстік қазақстан аймақтарында. Мұндай кенорындарға жататындар: кенорындардың Амангелді тобы (Арқалық, Жоғарғы Ашут, Төменгі Ашут, Үштөбе т.б.), сол сияқты дербес қаралатын Ертіс маңы, (Прииртышск), Суханов, Краснооктябрь, Берлин, Многоцветное, Степное (Далалық) кенорындары. Саздардың мейілінше мол қорлары Амангелді тобына қарасты кенорындарда шоғырланған (100 млн. т шамасында). Алайда өзге аймақтарда да отқа төзімді саздардың біршама ірі кенорындары баршылық, олардың мысалдары ретінде Мұғалжар маңындағы Қызылсай (жалпы қоры 12, 3 млн. т), Оңтүстік Қазақстандағы барланған Ленгер (8,5 млн. т), Қасқасу (1,8 млн. т), Қордай (4,7 млн. т), Шыңгелді (7,5 млн. т) кенорындарын, Шығыс Қазақстандағы Жаңасемей (1,5 млн. т), Алғабас (6,7 млн. т), Горностаев (10-15 млн. т), Жаңа дәуір (10-15 млн. т) Семияр (2.0 млн. т) кенорындарын атауға болады. Қазақстан металлургия өнеркәсібінің отқа төзімді саздарға деген сұранысы жоғарыда аталған кенорындардың барланған және бекітілген қорлары есебінен ондаған жылға қанағаттандырылған. Оларға қосымша бентонитті саздардың кейбір сорттары, талькті тастар, магнезит және графит шикізаттары да отқа төзімді шикізат ретінде пайдалануға жарамды. Династық және флюстік кварциттер, кременийлі таужыныстар. Кварциттер мен кремнийдің негізгі өнеркәсіптік қорлары Орталық және Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған. Орталық Қазақстанда онға жуық кенорындар белгілі. Олардың ішіндегі ең ірілері Ерементау (жалпы қоры 50 млн. т) және Тектұрмас (60 млн. т) кенорындары. Бұл өңірлердегі кварциттердің жиынтық қоры 150 млн. т, болжамдық ресурстары 250 млн. т шамасында. Оңтүстік Қазақстанның ауқымында анықталған ірі кенорындар – Мақпал (140 млн. т) және Жаңатас (74 млн. т) кенорындары. ІІ-ші Шығанақ (қоры шамамен 200 млн. т) және Ақбастау кенорындары шамалап бағаланған. Солтүстік Қазақстан ауқымында диастық кварциттердің Бобров кенорны барланған (48 млн. т), өзге де бір топ шағын кенорындар белгілі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы кварциттік шикізат базасы өндірісте және металлургияда флюс ретінде қолдануға, сол сияқты кремнийлі балқымалар өндіруге толығымен жеткілікті. Доломит. Доломиттің ірі қорлары Солтүстік және Орталық Қазақстанда. Бұл өңірлерде бір топ ірі кенорындар барланған, олар: Алексеев (жалпы қоры 36 млн. т), Қарабауыр (71 млн. т), Сарықұм (106 млн. т) кенорындары. Бұл аймақтардағы доломиттің келелі (перспктивалық) ресурстары 400-500 млн. т деп шамаланады. Оңтүстік Қазақстан аймақтары да доломитке кенде емес, мұнда да бірнеше кенорындар мен кен білінімдері анықталған. Олардың ішіндегі ең ірілері Көкжон, Жаңатас (112 млн. т), Тектұрмас, Баянкөл (100 млн. т шамасында), т.б. кенорындар. Жалпылама болжам бойынша, аталған кенорындарға тиесілі доломиттердің бәрі де металлургиядағы отқа төзімді материалдар ретінде толығымен жарамды. Магнезит. Отқа төзімді магнезиялық бұйымдар дайындауға жарамды магнезит қоры республика ауқымында төрт кенорынға шоғырланған, олар – Сарыкөлболды, Кеңеспай, Масьянов және Кеңтарлау кенорындары. Магнезит кенорындары әдетте серпентиниттердің морылу қабатымен байланысты қалыптасатын кобальт-никель және тальк кенорындарымен орайлас орналасады. Сондықтан да жоғарыда аталған барлық кенорындарда да тальк-магнезит рудалары ұшырасады. Осы рудаларға 20-30% шамасында таза магнезит қосқан жағдайда отқа төзімді магнезиялық шикізат дайындалады. Әлі де болса жете зерттелмеген магнезит кенорындарының ішіндегі ең ірілерінің бірі Курчум кенорны, мұндағы магнезит рудаларының қоры 342 млн. т-ны құрайды. Тальк-магнезит рудаларының шағындау кенорындары Шар және Горностай гипербазит массивтерімен байланысты, мұндай кенорындар Алтай мен Шыңғыс–Тарбағатай жоталарының өзге де өңірлерінде ұшырасып отырады. Магнезит қорлары әйгілі хромит кенорындарын кіріктірген Кемпірсай рудалы ауданында да белгілі. Мәселен, осындағы Миллионное хромит кенорнындағы магнезиттің қоры 5 млн. т,, жалпылама болжамдық ресурстары 14,1 млн. т, ал «таза» магнезит шикізатының қоры 1 млн. т. Қажет болған жағдайда еліміздегі магнезит қорларын одан да әрі ұлғайту перспективасы толығымен бар. Флюстік әктастар. Минералдық шикізаттың бұл түрі де Қазақстанда жетерлік. Флюстік әктастардың жүздеген кенорындары анықталған, ірі-ірі қорлары есептелген. Бұл шикізаттың келелі (перспективалық) ресурстары бірнеше млрд. т деп шамаланады. Флюстік әктастардың ең ірі қоры Орталық Қазақстанда, мұндағы ірі кенорындар ретінде Керегетас (1 млрд. т шамасында), Оңтүстік Топар (225 млн. т), Волынск (238 млн. т), Софиевск (91,2 млн. т) кенорындарын атауға болады. Балансқа алынған қоры 700 млн. т шамасында. Аталған кенорындардың флюстік әктастары жоғары сапамен сипатталады. Олардың басым бөлігі химия өнеркәсібіне, атап айтқанда кальций карбидін алуға жарамды Химиялық құрамы жағынан флюстік шикізат болуға жарамды әктас кенорындары Қазақстанның өзге аймақтарында да баршылық. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда Екпінді, Мыңарал, Алтынемел, Ақтау кенорындары, Шығыс Қазақстанда Сажаев және Кондратьев кенорындары, Солтүстік Қазақстанда шекубаев және Қызылжар кенорындары белгілі. Пішімдеме құмдар мен саздар. Бұл шикізаттардың кенорындары Қазақстанның барлық аймақтарында да бар. Олардың ішіндегі ірілері: Орталық Қазақстандағы Қарасор кенорны (100 млн. т шамасында); Солтүстік Қазақстандағы Боскөл, Чаглинка, Апанов пішімдеме құм кенорындары; Оңтүстік Қазақстандағы Дарбаза (құм және саз), Боздақ (құм), Жылға, Қосқұдық және Аққұм кенорындары; Шығыс Қазақстандағы Бакланий мүйісі (құм және саз), Таған, Күнген (саз) кенорындары; Батыс Қазақстандағы Мұғалжар кенорны. Пішімдеме саз ретінде бентонитті саздардың Верховое, Южное, Андреевск, Елдерсай, Келес, Дарбаза, Монрак кенорындарын пайдалануға болады. Бұл шикізаттардың қоры аталған кенорындармен шектеліп қалмайды. Қажет болған жағдайда, пішімдеме құмдар мен саздардың өзге де талай-талай нысандарын табу перспективасы жоғары. Тау-кен-техникалық шикізаттардың өзге де түрлері ретінде дәрістің бұған дейін тарауларында сипатталған, алайда қолданылу аясы біршама кең өзге де бейметалл пайдалы қазбаларды атауға болады, олар: талшықтастар (асбестілер), вермикулит, слюдалар (мусковит), графит, цеолиттер, бентониттер, шунгиттер. Бұлардың ішіндегі іс-тәжрибе үшін барынша маңыздылары талшықтастар, вермикулит, цеолиттер және бентониттер. Талшықтастар (асбестілер). Қазақстандағы талшықтас ресурстары антофиллит-талшықтас, хризотил-талшықтас және родусит-талшықтас кенорындары есебінен қалыптасады. Антофиллит-талшықтастардың негізгі кенорындары Оңтүстік Мұғалжар өңіріне шоғырланған, олар – Бөгетісай, Қитарсай, Қайыңды, Июльское, Солнечное кенорындары. Бұлардағы антофиллит-талшықтастардың жалпы қоры 1,1 млн. т руда, 91,3 мың т талшық. Аталған кенорындардың ішіндегі ең ірісі Бөгетісай кенорны, оның қоры бүкіл қордың 2/3 бөлігін құрайды. Қалғандары шағын кенорындар (әрбіреуінің қоры талшыққа шаққанда 6 мың т-дан аспайды). Аталған кенорындар тобына көршілес Қайрақты талшықтасты белдем орналасқан, мұндағы талшықтардың қоры 5 мың т, болжамдық руда қоры 30-40 мың т. Қайрақты белдемінің солтүстік-шығыс жағында Теңелдітау талшықтасты белдемі белгілі, мұндағы талшықтардың болжамдық ресурстары 50-60 мың т. Жалпы алғанда, еліміздің антофиллит-талшықтасқа деген сұранысы Оңтүстік Мұғалжардың жоғарыда аталған кенорындарының барланған қорлары есебінен қанағаттануы тиіс. Барланған қорды осы өңірдегі шағын кенорындар мен кен білінімдері есебінен өсіру перспективасы да жоқ емес. Еліміздегі хризотил-талшықтас шикізатының қоры мейілінше мол. Бұл шикізаттың ең ірі нысаны Жетіғара кенорны, оның қоры 16,5 млн. т. Мөлшері жағынан екінші ірі кенорын Орталық Қазақстандағы Ешкіөлмес кенорны, оның барланған қоры 10,3 млн. т, кәделі (перспктивалық) қоры 20 млн. т. Кенорын ірі бола тұрса да, ондағы талшықтастың орташа мөлшері тым төмен және талшықтарының беріктігі де мақтарлықтай емес. Осы жайттарға байланысты бұл кенорынды игеру әзірге экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Хризотил-талшықтастың шағын-шағын кенорындары Оңтүстік Мұғалжарда (Білге), Солтүстік Қазақстанда (Батиманов), Балқаштың батысында (Хантау), Шығыс Қазақстанда (Белогорск), Орталық Қазақстанда (Шайтантас) белгілі. Родусит-талшықтастың өнеркәсіптік кенорындары ретінде Жезқазған өңіріндегі Қумола және Үшбұлақ кенорындарын атауға болады. Бұл кенорындар игеруге толық дайындалған. Есепке алынған қорлары жағынан ірі кенорындарға жатады. Шикізаты «көкшіл талшықтас» деп аталатын құнды түрдің техникалық талаптарын толықтай қанағаттандырады. Мұндағы родуситтің барлық түрлері де температура мен химиялық әсерлерге өте төзімді, сорбциялық және диэлектрлік қасиеттері жоғары, дисперсиялық қабілеті де айтарлықтай. Сондықтан да бұл родуситті әр түрлі бұйымдар жасауға жеке түрде де, өзге түрбөлшектермен қоспа түрінде де еш қиындықсыз пайдалануға болады. Родуситтің шағын-шағын нысандары Теңіз және Шу-Сарысу ойыстарында да белгілі. Вермикулит. Қазақстанда вермикулиттің 10 кенорны анықталған, олардың алтауы барланған. Бұлардың ішіндегі ең ірілері – Мұғалжар жоталарындағы Алтынтас және Шолақ Қайрақты кенорындары. Бұлардың есепке алынған жиынтық қоры 20 млн. т, оның 2/3 бөлігі Шолақ Қайрақты кенорнының үлесінде. Аталдған кенорындар орналасқан ауданда тағы бір кенорын барланған, ол – Қаратас кенорны. Бұл кенорынның қоры 525 мың т, болжамдық ресурсы 1,5 млн. т. Жалпы алғанда, Мұғалжар өңірі еліміздің вермикулит өнеркәсібінің өте ірі және өндіріске дайындалған шикізат базасын қаматамасыз ететін бірден-бір аудан болып табылады. Қазақстанның өзге өңірлері де вермикулит шикізатына құралақан емес. Солтүстік Қазақстанда Барчинск кенорнының қоры есепке алынған (450 мың т). Бұл кенорын вермикулиттен өзге гидрослюданың да ірі нысаны болып табылады (1,7 млн. т). Республикамыздың оңтүстігінде, атап айтқанда Қаратау жоталарында өнеркәсіптік мәні бар Құлан және Ірісу кенорындары ашылған. Құлан кенорнындағы вермикулиттің есепке алынған қоры 16,8 мың т болса, ондағы екінші бағалы шикізат болып табылатын гидробиотиттің қоры 124,6 мың т. Ірісу кенорнының мөлшерлеп бағаланған ресурстары 1,2-1,5 млн. т. Құлан кенорнының жанында шағын ғана Жыланды кенорны белгілі (болжамдық ресурсы 100 мың т шамасында). Бүкіл Қаратау жоталары бойынша вермикулиттің болжамдық ресурстары 5-6 млн. т шамасында деп есептеледі. Өнеркәсіптік тұрғыдан қызғылықты нысандар ретінде Есіл өзені бойындағы Құбасадыр және Сарысу-Теңіз өңіріндегі Неожиданное кенорындарын атауға болады. Бұлардағы вермикулиттің болжамдық ресурстары, тиісінше, 3-4 млн. т және 2 млн. т. Алайда бұл екі кенорында да әлі де болса бағалау және барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақтарының вермикулитке деген жиынтық перспективасы 10 млн. т шамасында деп есептеледі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы вермикулит қорлары жылу және дыбыс өткізбейтін материалдардың республикаға қажетті мөлшерін өндіруге толығымен жеткілікті. Слюда (мусковит). Ұса қабыршақты слюданың (мусковиттің) Кулет кенорны Солтүстік Қазақстанда белгілі. Кенорын өзінің мөлшері жағынан орташа кенорынға жатады. Өнеркәсіптік категориялар бойынша есепке алынған қоры 19,7 млн. т. Шикізат өзінің сапасы жағынан өнеркәсіптегі әр түрлі жабындар (покрытия) жасауға қажетті оқшаулаушы материалдар өндірісінің талаптарын қанағаттандыруға жарамды. Оңтүстік Қазақстан өңірінде ұсақ қабыршақты слюданың Қайыңды кенорны мөлшерлеп зерттелген, бұл мусковит шикізаты уатылған слюдалар дайындауға жарамды. Бұл кенорындағы мусковит қоры 600 мың т шамасында деп есептеледі. Шығыс Мұғалжар антиклинорийінде слюда кіріктіретін бірнеше пегматиттік желілер анықталған, бұлардан да мусковит өндіруге болады. Слюданың мол резерві ретінде Қалбаның сирек металл кенорындарын атауға болады, бұлардан слюданы қосымша түрде өндіру шаралары жолға қойылған. Бұл өңірдегі Ахметкино кенорнында 150 мың т, Бакенное кенорнында 300 мың т, Юбилейное кенорнында 100 мың т, Қалайытапқан кенорнында 220 мың т, Жоғарғы Баймұрза кенорнында 160 мың т слюда бар. Графит. Қазақстандағы белгілі кенорындар негізінен ұсақ қабыршақты графит нысандары болып табылады. Қалғұты кенорнындағы (Кіндіктас жоталары) графиттің жалпы қоры 10 млн. т шамасында, оның 1,1 млн. т-сы өнеркәсіптік категорияға жатқызылған. Қарағайлы кенорнының С1 және С2 категорияларына тиесілі қоры 9,5 млн. т, ал Делбегетей кенорнының Р1 категориясы бойынша есептелген ресурстары 4 млн. т. Ақжайлау және Аягөз өңірлерінде бір топ шағын кенорындар белгілі. Балтерек және Сиякезең кенорындары бұрынырақ игерілген. Оңтүстік Қазақстандағы Ақмола кенорны мөлшерлеп зерттелген. Жоңғар Алатауында, Кетпен және Кіндіктас жоталарында бірнеше шағын-шағын кенорындар мен кен білінімдері белгілі. Орталық Қазақстанда біршама ірі Сарытоғанбай кенорны белгілі, оның болжамдық ресурстары айтарлықтай мол деп есептеледі. Мұғалжар жоталарында Ақтасты және Бөгеткөл деп аталатын екі ірі кенорын белгілі. Бұл нысандардағы графитті талшықтастар ені 60 м, ұзыны 6 км-ге созылатын жолақ түрінде көрініс береді, кейбір жекелеген графит линзаларының қалыңдығы 3 м-ге жетеді. Тақтатастардағы графиттің орташа мөлшері 8 % шамасында. Бұл кенорындар әлі де болса толық зерттелмеген. Қорыта айтқанда, республикамызда графиттің сенімді шикізат базасын қалыптастыруға толық мүмкіншілік бар. Цеолиттер. Қазақстанда төрт цеолит кенорны белгілі, олардың екеуі (Шаңқанай және Тайжүзген) толық барланып, қорлары өнеркәсіптік категориялар бойынша бағаланған. Мөлшері жағынан бұл нысандар орташа кенорындарға жатады. Тайжүзген кенорнындағы (Шығыс Қазақстан) цеолиттердің есептелген қоры 7 млн. т, болжамдық ресурстары 215 млн. т. Оңтүстік Жоңғар Алатауындағы Шаңқанай кенорнының есептелген қоры 4,3 млн. т. Оңтүстік Қазақстан аумағында тағы да екі кенорын мөлшерлеп бағаланған, олар – Алтынемел (болжамдық ресурстары 41 млн. т) және Қаржантау кенорындары. Қазақстандағы цеолит кенорындарын игерудің тау-кен-техникалық жағдайы қолайлы. Цеолит шикізатын қажет қылатын негізгі тұтынушылар – ауыл шаруашылығы, цемент, химия және металлургия өнеркәсіптері. Бентониттер. Республикада бірнеше бентонит кенорындары барланып, олардың болжамдық қорлары есептелген. Қорларының бір бөлігі С2 категориясы бойынша анықталған. Жекелеген кенорындар мөлшерлеп қана бағаланған. Практикалық тұрғыдан қызығушылық тудыратын нысандар Оңтүстік және Шығыс Қазақстан аймақтарында. Оңтүстік Қазақстанда Дарбаза және Келес кенорындары белгілі, олардағы бентониттің жиынтық қоры 58 млн. т-ы құрайды. Жиынтық қоры 100 млн. т-дан астам тағы да үш кенорын ашылған, олар – Андреев, Дзержинск және Елдерсай кенорындары. Бұл кенорындарда бентонитпен қатар полыгорскит саздарының ірі қоры анықталған (380 млн. т-дан астам), бұл мөлшердің үштен екісі (236,8 млн. т) Дзержинск кенорнының үлесінде. Шығыс Қазақстанда бентонит саздарының Маңырақ кенорындар тобы белгілі, олардағы бентонит саздарының жалпылама болжамдық ресурстары 50 млн. т шамасында. Таганск (10,6 млн. т) және Динозавр (4 млн. т шамасында) кенорындарының саздары өте сапалы болып келеді. Солтүстік Қазақстанда үш кенорын барланған (Құсмұрын, Верховое және Южное), олардың С2 категориясы бойынша есептелген қорлары 180 млн. т-ны құрайды, оның өнеркәсіптік категорияға жататын бөлігі 40 млн. т шамасында. Қазақстандағы бентониттер мен полыгорскит саздарының шикізат базасы оларды өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының сан түрлі салаларында табысты түрде қолдануға мүмкіндік береді. Шунгиттер. Шунгиттердің Қазақстандағы ең ірі кенорны Бақыршық кенорны. Бұл кенорындағы шунгиттер мен шунгит кіріктіретін таужыныстардың қоры 60 млн. т. Бұл кенорындағы шунгит шикізаты өзінің құрамындағы органикалық көміртектің мөлшерлік және металлургиялық процестер нәтижесінде өзінің баю мүмкіндіктері тұрғысынан түрліше болып келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қордың (60 млн. т) органикалық көміртекпен жақсы қаныққан (20-28% Сорг.), жеңіл баийтын түрлері 1,8 млн. т, орташа қаныққан (4-20% Сорг.), біршама тәуір баийтын түрлері 22 млн. т, нашар қаныққан (Сорг. мөлшері 4%-дан төмен және қиын баийтын түрлері 36 млн. т. Бақыршық кенорнының шунгиттері шунгизит деп аталатын көмпиіп ісінетін материалдар алуға болатын шикізат ретінде зерттелген. Шунгизит бағалы материал, ол графитті алмастыра алады, оны металлургиялық қоспалар мен керамзит шикізаты ретінде де пайдалануға болады. Бақыршық кенорны орналасқан Қызыл белдемі деп аталатын құрылымдағы бүкіл шунгиттер мен шунгит кіріктіретін таужыныстардың болжамдық ресурстары 124 млн. т шамасында деп бағаланған (Р2 категориясы), оның 2 млн. т-сы жоғары сапалы (20-60% Сорг.), 25 млн. т-сы шунгитті таужыныстар (4,5-6 Сорг.), 97 млн. т-сы шунгит кіріктіретін таужыныстар (1-2,5% Сорг.). Оңтүстік Қазақстан (Жоңғар Алатауы) өңіріндегі Текелі және Көксу кенорындары маңындағы көміртекті таужыныстармен байланысты шунгит білінімдері де практикалық тұрғыдан маңызды. Бұл аудандағы шунгит кіріктіретін таужыныстардың болжамдық ресурстары ондаған млн. т деп шамаланады, олардағы органикалық көміртектің мөлшері 10℅-ға жетеді. Шунгит кіріктіретін таужыныстар, сол сияқты, Қаратау жоталарында, Шу-Іле өңірінде ұшырасады (Бурылтас, Суықадыр, Қиынтас т.с.с.). Мұғалжар жоталарындағы шунгиттің ірі кенорны Маяк деп аталады, мұндағы шунгит шикізатының болжамдық ресурстары (Р2 категориясы) 70 млн. т, С2 категориясы бойынша есептелген қоры 19,7 млн. т. Бұл шикізат шунгизит алуға жарамды. Осы аймақта Ақбалшық деп аталатын тағы бір нысан бар, ондағы шунгиттердің болжамдық ресурстары 9 млн. т шамасында деп есептеледі. Бұл өңірде шунгиттің өзге де шағын-шағын кенорындары белгілі (болжамдық ресурстары 4 млн. т-дан 7 млн. т-ға дейін), олар – Шашдыаша, Клубничное және Елшібек кенорындары. Шыны-керамикалық шикізат. Бұл санаттағы шикізаттарға каолин, қиын балқитын саздар, дала шпаттары мен гранит пегматиттері, тальк және тальктік тас, шыны құмдары, волластонит, пирофиллит, фарфор тасы жатады. Каолиндер. Қазақстанда бір топ каолин кенорындары барланған. Бұлардың ішіндегі ең ірілері – Солтүстік Қазақстандағы Алексеев және Елтай, Батыс Қазақстандағы союзное кенорындары. Батыс Қазақстандағы Валентинов, Сасықкөл, Митрофанов кенорындары шағындау нысандарға жатады. Аталған кенорындар бойынша каолиннің жалпылама есепке алынған қорлары біршама қомақты. Тек Алексеев және Елтай кенорындары бойынша ғана балансқа алынған қор мөлшері 220 млн. т-ны құрайды, баланстан тыс қор мөлшері 20 млн. т шамасында. Каолиннің негізгі тұтынушылары керамика, шыны және целлюлоза-қағаз өнеркәсіптері болып табылады. Бұл өнеркәсіптердің каолиннің барланған қорларымен қамтамасыз етілу мерзімі ондаған жылдарды құрайды. Республикамызда каолиннің әзірге жете зерттелмеген шағын нысандары әлі де болса жетерлік, қажет болған жағдайда олар да барланып бағаланатын болады. Қиын балқитын саздар керамика өндірісінде қолданылады. Қазақстанда бұл шикізаттың ондаған кенорындары белгілі. Орталық Қазақстан аймағында бұл саздардың негізгі қорлары өнеркәсіптік категорияларда барланған Целиноград (13,6 млн. т) және Төңкеріс (2,9 млн. т) кенорындарында анықталған. Бір топ кенорындардың қорлары авторлық нұсқада шамаланған, олар – Сасықкөл (4,5 млн. т), Қаражігіт (2,6 млн. т), Айзин-Томар (10 млн. т шамасында) кенорындары. Оңтүстік Қазақстандағы өнеркәсіптік маңызы бар кенорындар Ленгер (18,1 млн. т), Қасқасу (18 млн. т шамасында), Шеңгелді (12-14 млн. т), Көктөбе. Бүкіл аймақ бойынша жиынтық қор 50 млн. т-дан астам. Шығыс Қазақстандағы атауға тұрарлық кенорындар – Горностай (3,6 млн. т), Шағыл (4,7 млн. т), Митрофанов (1,4 млн. т), Ахмиров (0,5 млн. т барланған қоры, болжамдық ресурсы 16 млн. т), Құйған (2 млн. т) кенорындары. Батыс Қазақстанда Хромтау кенорны барланған (9,3 млн. т). Аталған кенорындардың көпшілігіндегі саздар қиын балқитын және отқа төзімді саздарға жатады. Отқа төзімді саздардың нысаны ретінде Қазақстанда кең тараған кейбір бентонит саздарының да кенорындары қаралады. Дала шпаттары шикізаты. Дала шпаттарының шикізаттары мен гранит пегматиттері негізінен Шығыс Қазақстандағы Қалба өңіріне шоғырланған. Бұл өңірдегі он кенорынның шикізат қоры 270 мың т шамасында. Қорының мөлшері жағынан ірі нысандар қатарына жататындар Желке (100 мың т шамасында), Долинное (40 мың т), Жоғарғы Лобоксай (41 мың т шамасында), Ақжайлау (18 мың т) кенорындары. Қалған шағындау кенорындардың әрбіреуінің қоры 10 мың т-дан 15 мың т-ға дейінгі аралықта ғана. Бұл кенорындардың көпшілігінде қосымша шикізат ретінде кварц шоғырлары ұшырасады, керамика өндірісіне қажетті бұл шикізаттың да қорлары есепке алынған. Оңтүстік Қазақстанда (Балқаштың оңтүстік-батыс жағалаулары) ІІІ-ші Жалғыз кенорны белгілі (8 млн. т дала шпаттары, 13 млн. т пегматиттер). Осы өңірде дала шпаттарының тамаша шикізаты болып табылатын пегматит денелері көптеп ұшырасатын гранит массивтері мол шоғырланған. Орталық Қазақстанда 1,7 млн. т альбит қоры анықталған Шаптас кенорны игеруге дайындалған. Калийлі дала шпаттарының өте сапалы шикізаты Көктенкөл молибден кенорнын игеру барысында алынатын флотациялық кварцты-дала шпатты концентрат есебінен алынуы мүмкін. Тальк және талькті тас. Қазақстанда бұл пайдалы қазбалардың бірнеше кенорны табылған. Олардың көпшілігінде тальк магнезитпен бірге ұшырасады, сондықтан олар тальк-магнезит рудалары деп аталады. Екі кенорын қорлары балансқа алынған, олар – Балқаш көлінің солтүстігіндегі Кеңторлау кенорыны (талькті тастың қоры 17,6 млн. т) және Батыс Қазақстандағы (Мұғалжар жоталарындағы) Қарақұдық кенорны (тальктің қоры 53,2 млн. т, магнезиттікі – 28,6 млн. т). Соңғы өңірде тальктің және талькті тастың әлі толық зерттелмеген Эбеті кен білінімдерінің тобы белгілі. Шығыс Қазақстанда тальк пен магнезиттің ең ірі кенорны – Курчум кенорны бар (қоры 342 млн. т). Бұл кенорынның да, жалпы сол ауданның да талькке деген перспктивасы өте жоғары. Оңтүстік Қазақстанда, яки Кіші Қаратау жоталарында тальк жатындары фосфориттермен орайлас жайғасқан (Шолақтау кенорны). Үлкен Қаратау жоталарында таза тальктің Бессаз кенорны (талькті таужыныстар 40 млн. т шамасында) және Ақшешек кен білінімі бар. Солтүстік Қазақстанда Жетіғара тальк кенорны (Ближний бөлікшесі) барланған, оның қоры 9,1 млн. т, болжамдық ресурстары 3 млн. т шамасында. Осы өңірде өзге де перспективалы кен білінімдері ұшырасады. Қорыта айтқанда, Қазақстан тальктің және талькті тастардың мол шикізат базасын иеленген, олардың көптеген кенорындары негізінен игеруге дайындалған. Шыны құмдары. Республикада Кварцты шыны құмдарының бірнеше кенорны барланған. Ең ірі кенорындар Оңтүстік Қазақстан аймағында, олар – Арал (қоры 18 млн. т шамасында), Қалқан (14 млн. т), Грунчбұлақ (4,7 млн. т) кенорындары. Павлодарлық Ертіс өңірінде қоры 3 млн. т-дай Қалқаман кенорны, Батыс Қазақстанда қоры 8 млн. т-дай Мұғалжар кенорны белгілі. Шыны өндіруге жарамды кварцты құмдардың айтарлықтай қорлары пішіндеме материалдардың балансымен есепке алынған (Бакланий мүйісі, Зайсан маңы, Солтүстік Қазақстандағы Апанов кенорындары). Қазақстанда шыны құмдарының жаңа кенорындарын ашу мүмкіндігі әлі де болса жоғары. Волластонит. Пайдалы қазбалардың бұл түрі керамика өнеркәсібінде қолданылады. Оның негізгі кенорындары Орталық Қазақстанда. Мұнда барланған баланстағы қоры волластонит рудаларының (волластониттің мөлшері 56℅-ға дейін) 9,5 млн. т, баланстан тыс қоры (волластонит мөлшері 53℅-дан төмен) 3,7 млн. т Босаға кенорны, қоры 15 млн. т-дай болып қалатын (волластонит мөлшері 56,6℅) І-ші Алаайғыр, мөлшерлеп бағаланған қоры 17 млн. т ІІ-ші Алаайғыр (волластонит мөлшері 50,7℅) және 1,1 млн. т-дай қоры бар (волластонит мөлшері 39-40℅) Сюрприз кенорындары белгілі. Осы өңірде Ақсораң, Белые Сопки, Саяқ атаулы өзге де нысандар бар, олар да практикалық тұрғыдан маңызды болуы мүмкін. Шығыс Қазақстанда қоры 1 млн. т, болжамдық ресурстары 3,5 млн. т Хайрюзов кенорны барланған. Оңтүстік Қазақстанда болжамдық ресурстары 5 млн. т, волластонит мөлшері 30-90℅ аралығында өзгеретін Ірісу және болжамдық ресурстары 27 млн. т шамасында, волластонит мөлшері 60℅ Жоғарғы Бадам кенорындары мөлшерлеп бағаланған. Волластонит шикізатына байланысты республикадағы басты проблема – барынша сапалы (зиянды қоспалары жоқ және тез баийтын) волластониттің кенорындарын іздеу және барлау шараларын пәрменді түрде жүзеге асыру болып табылады. Профиллит. Орталық Қазақстанда есепке алынған қоры 4,4 млн. т (50-60 тереңдіктерге дейін), жалпы ресурстары 40-50 млн. т (250 м тереңдіктерге дейін) Спасск кенорны барланған. Шығыс Қазақстанда қоры 84 мың т, болжамдық ресурстары 182,5 мың т шағын ғана Никольск кенорны барланған. Бұл кенорындардың профиллиттері керамикалық тақташалар дайындауға жарамды. Орталық және Оңтүстік Қазақстанның әр түрлі аудандарында кеңінен тараған құрамына профиллит кіріктіретін туынды кварциттердің массивтері әлі зерттелмеген десе де болады. Фарфор тасы. Бұл шикізаттың республикада жалғыз ғана кенорны белгілі, ол – Құлантөбе. Каолинді-кварцты шикізат нысаны болып табылатын бұл кенорын барланған, оның жоғарыда аталған шикізаты шынының арнаулы сорттарын дайындауға жарамды. Бұл кенорын өзінің қоры жағынан орташа санаттағы кенорын (қоры 2 млн. т шамасында), алайда жете барлау нәтижесінде оның қорын арттыру мүмкіндіктері жоқ емес. Қазақстанда фарфор тасының жаңа нысандарын ашу мүмкіндігі әлі де болса бар, себебі осы шикізатпен генетикалық байланыста қалыптасатын қышқыл вулканизм өнімдері, аргиллитену нәтижелері және туынды кварцит шоғырлары республика аумағында кең тараған. Асыл тастар және әшекей тастар (құлпырмалар). Қазақстан құлпырмаларға жататын табиғи шикізаттардың ресурстарына мейілінше бай өлке. Республика ауқымында асыл тастар мен әшекей тастардың ондаған кенорындары ашылған. Бұлардың ішіндегі ең маңызды кенорындар мыналар (әуелі кенорынның атауы, жақшаның ішінде асыл немесе әшекей тас атауы): Итмұрынды (жадеит); Сарыкөлболды, Пыстан (хризопраз); Алтынтөбе (диоптаз); Ақсүмбе, Жыланды (феруза); Делбегетей, Изумрудное (изумруд); Шақпақ (малахит); Пыстан, Шыбынды, Шарлы (мүкті ақық); Кішкенесор (гематит-қантас); Друзовое, Ақтас, Ақжайлау, Бескемпір (тау хрусталі); Риддер, Анастасьев, Аймақ, Жұмырсай (яшмалар); Кулет, Гранатовое (анартас, яки гранат); кенорындардың Қаратау тобы (салауатты халцедон); Қумола, Үшбұлақ (родусит); Майкөл (амозонит және офикальцит); Вознесенское (салауатты опал); Қызылтуған, Оңтүстік Кетпен, Әлжанов (таспалы және қат-қабатты ақықтар); Майтөбе, Арқалық, Ашутасты, Кербұлақ (агальматолит) т.б. Өзге де құлпырмалар мен әшекей тастардың талай-талай кен білінімдері белгілі, олар нашар зерттелген. Мәселен, республикада берлдің, топаздың, аметистің, цитриннің, түсті турмалиннің, түсті мәрмарлардың, обсидианның, кальцифирдің, родониттің, серпентиннің, дендролиттің (тасқа айналған ағаштың) т.б. асыл тастар мен құлпырмалардың кен білінімдері ұшырасады. Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанның әр түрлі аудандарында алмас кристалдарының сынықтары табылу мысалдары бар, бұлар да әзірге толық бағалана қойған жоқ. Жалпы алғанда, республикада әлі де болса тиянақты түрде және бағдарлы түрде зерттеуді қажет ететін мыңдаған құлпырма шикізатының нысандары бар. Техникалық тастар Техникалық алмастар. Солтүстік қазақстанның Көкшетау өңірінде техникалық алмастың ғажайып кенорны Құмдыкөл барланған. Бұл кенорынның ғажайыптылығы оның өте ірі, яғни таужыныстардағы алмас түйірлері концентрациясының молдығымен ғана емес, сол алмас кристалдары мен тозаңдарының гнейстер, тіпті мәрмарлар сияқты «таза континенттік қыртысқа тиесілі» таужыныстарға шоғырланғандығында. Алмас өте жоғары қысымдар жағдайында қалыптасатындығын ескерсек, оның кристалдарының жердің беткі қабатына тән таужыныстарға шоғырлануы расынан да ғажайып құбылыс. Құмдыкөл кенорны өнеркәсіптік игеруге толығымен дайындалған. Осы өңірден өзге де Құмдыкөлге ұқсас бес кенорын ашылған, олар – Кенеткөл, Шығыс және Батыс Қарлыкөл, Ащыкөл және Барчин кенорындары. Жоңғыш тастар – корунд, микрокварциттер, анартастар. Қазақстанда корунд қорының молдығы жағынан ғаламат ірі Семізбұғы кенорны белгілі. Бұл кенорыннан 50 жыл ішінде (1926-1977 жылдар аралығы) 150 мың т жоғары сапалы корунд рудасы өндіріліп алынды. Қазір бұл кенорын сақталып қойылған. Оның қалдық қоры 11,5 мың т. Корунд рудасының белгілі дәрежедегі резерві ретінде делювийлік шашылымдарда да атауға болады (15 мың т шамасында). Орталық Қазақстанның Мойынты ауданында корундтың тағы да екі біршама ірі кенорны мөлшерлеп бағаланған, олар – Шешенқора (60 мың т) және Жанет (75 мың т) кенорындары, алайда бұлардағы корундтың орташа концентрациясы төменірек. Табиғи жоңғыштар ретінде Қазақстанда кеңінен тараған халцедондардың кейбір сорттарын (халцедон тастарын) атауға болады. Мұндай халцедондардың басты-басты кенорындары Қаратау жоталарында белгілі (Ахмедбұлақ, Белтабай, Приозерное, Шабақты, Қайназар, Көктал т.б.). Бұлардағы жоңғыш халцедонның жиынтық қоры 30 мың т шамасында. Бұл шикізаттың кейбір сорттарын әр түрлі бұйымдар (келілер, матрицалар т.б.) дайындайтын техникалық тас ретінде де пайдалануға болады. Ал халцедонның әлеміш (декоративтік) түрлері зергер-әшекей шикізаты болып табылады, олардың қорлары бөлек есептелген. Жоңғыш тастар ретінде кейбір микрокварцит түрлерін де пайдалануға болады. Микрокварциттердің осындай түрлері Бурылбайтал кенорнында бағаланған (Балқаш көлінің батыс жағалауы, 400 млн. т шамасында). Жоңғыш материалдар ретінде пайдалануға жарамды кварц-дала шпаты шикізатының негізгі қорлары Шығыс Қазақстандағы Қалба жоталарының сирек металды пегматиттік кенорындарымен байланысты (Жоғарғы Баймұрза, Бакен, Қалайытапқан, Ахметкино, Жоғарғы Лобоксай кенорындары). Бұл кенорындардағы аталған шикізаттың жиынтық қоры 10 млн. т шамасында. Шикізат тантал рудаларын өндіру барысында жол-жөнекей алынуы мүмкін. Қазақстанда жоңғыш материал ретінде пайдалануға жарамды альмандин анартасының шағын-шағын кенорындары мен кен білінімдері белгілі (Қайыңды, Қараүңгір, Бірғыз, Қасқасу т.б.). Бұл нысандар әзірге нашар зерттелген. Оптикалық материалдар (пьезооптикалық шикізат). Шикізаттардың бұл түріне пьезокварц пен оптикалық кварц және оптикалық флюорит жатады. Республикамызда пьезооптикалық шикізаттардың бірнеше кенорны барланған. Мұндай кенорындар Қазақстанның әр түрлі аймақтарында да бар. Мәселен, Орталық Қазақстан аймағында пьезокварцтың, тау хрусталінің және балқытуға жарамды кварцтың Ақтас және Надырбай кенорындары, пьезокварц пен оптикалық флюориттің Кент кенорны белгілі. Шығыс Қазақстанда пьезокварцтың және оптикалық флюориттің Ақжайлау кенорны, тау хрусталінің Друзовое кенорны ашылған. Батыс Қазақстан ауқымында қоры ондаған мың т-мен өлшенетін, оптикалық шыны балқытуға жарамды кварцтың Ақшоқы, Талдық, Қайыңды және Төлепсай кенорындары белгілі. Оңтүстік Қазақстанда оптикалық кварцтың Сарыкөл, оптикалық флюориттің Қызылбелдеу кенорындары орналасқан. Аталған кенорындардың басым көпшілігі әзірге игерілген жоқ.
Дата добавления: 2014-01-14; Просмотров: 2253; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |