Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Булгакова Д.А. 11 страница




 

3. Субъектілер бойынша түсіндіру түрлері. Субъектілеріне байланысты түсіндірудің мынадай түрлері болады:

- ресми; мұндай түсіндіруді өкілетті субъектілер ғана береді, олар арнайы актіде көрініс табады және заңды салдарды туындатады;

- бейресми; мұндай түсіндірудің заңды міндетті мәні болмайды және биліктік күші жоқ.

Ресми түсіндіру нормативтік (тұлғалар мен жағдайлардың кең шеңберіне таралады) және казуалды (тек нақты бір жағдай үшін міндетті болып табылады) болып екіге бөлінеді. Нормативтік түсіндіру, өз кезегінде, аутентикалық (нормативтік актіні қабылдаған органмен беріледі) және легалды (өкілетті субъектілер береді) болып екіге бөлінеді.

 

4. Көлемі бойынша түсіндіру түрлері. Түсіндірудің нәтижелері заң нормаларының шын мәніндегі мазмұны мен мәтінінің арақатынасына қарай әр түрлі болуы мүмкін. Осындай арақатынастықтың негізінде түсіндірудің үш түрін бліп қарастырады (көлемі бойынша түсіндіру):

1) дәлме-дәл түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы мен оның мәтіндік көрінісі сәйкес келген жағдайда мүмкін;

2) шектелген түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы оның мәтіндік көрінісінен тар болған жағдайда қолданылады;

3) кеңейтілген түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы оның мәтіндік көрінісінен кең болған жағдайда қолданылады.

 

5. Құқықты түсіндіру актілері. Құқықты түсіндіру актісі–бұл заң нормаларының мағынасын түсіндіруге бағытталған құқықтық акт.

Құқықты түсіндіру актілерінің ерекшеліктері:

- заң нормаларының мағынасын түсіндіруге бағытталған;

- нормативтік емес, нақтылаушы ережелерден құралған;

- дербес сипатқа ие емес және өзі түсінідіріп отырған нормалармен бірге әрекет етеді;

- құқықтың қайнар көзі болып табылмайды.

Құқықты түсіндіру актілерінің төмендегідей түрлері болады:

1) ресми түсіндірудің түрлеріне қарай олар нормативтік (аутентикалық және легалды) және казуалды түсіндіру актілері болып бөлінеді;

2) түсіндіруді жүзеге асырып отырған органдарға қарай–мемлекеттік билік органдарының, басқару органдарының, сот, прокуратура органдарының түсіндіру актілері;

3) құқықтық реттеу пәніне қарай–қылмыстық, азаматтық, әкімшілік және т.б. құқықты түсіндіру актілері;

4) сипатына қарай–материалдық және іс жүргізушілік түсіндіру актілері;

5) нысанына қарай–жарлықтар, қаулылар, бұйрықтар, нұсқаулар және т.б.

 

27 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ

 

1. Құқықтық мінез-құлықтың түсінігі және белгілері.

2. Құқықтық мінез-құлықтың түрлері.

 

1. Құқықтық мінез-құлықтың түсінігі және белгілері. Құқықтық мінез-құлық–бұл субъектілердің құқық нормаларына және әлеуметтік маңызды мақсаттарға сай келетін жүріс-тұрысы.

Құқықтық мінез-құлық келесі белгілермен сипатталады:

- заңмен орнықтырылған шекте болады (формальды аспект);

- әлеуметтік пайдалы, қоғамдық мақсаттар мен мүдделерге қайшы келмейді; бұлар оның объективтік жағын құрайды (мазмұнды аспект);

- саналы сипатқа ие; бұл оның субъективтік жағын құрайды.

 

2. Құқықтық мінез-құлықтың түрлері. Құқықтық мінез-құлық мына негіздер бойынша түрлерге бөлінеді:

1) әлеуметтік маңыздылығы дәрежесіне қарай: қажетті (мысалы, әскери борышты өтеу); қалаулы (мысалы, ғылыми және көркем шығармашылық); рұқсат етілген (мысалы, діни рәсімдерді орындау).

2) себептеріне, яғни, субъективтік жағына, байланысты: әлеуметтік белсенді; конформисттік; әдетті; маргиналды.

Әлеуметтік белсенді жүріс-тұрыс–бұл құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің, жауапкершілік пен еріктіліктің жоғары деңгейімен сипатталатын жүріс-тұрыстың жоғарғы нысаны. Бұл жерде субъект жазадан қорықанынан немесе марапаттауды күткенінен емес, құқықтық мінез-құлықтың қажеттігіне сенуінің негізінде әрекет етеді.

Әлеуметтік белсенді жүріс-тұрыс мынадай элементтерден құралады: а) қызметтің мемлекеттік ұйымдастырылған түрлеріндегі, құқықшығармашылық және құқықты жүзеге асыру салаларындағы белсенділік; ә) ерікті ұймдардың қызметіндегі белсенділік; б)қоғамдық және қоғамдық-мемлекеттік құрылымдарды құрудағы және олардың қызметіндегі белсенділік; в) тұлғаның құқық саласындағы дербес белсенділігі.

Конформисттік жүріс-тұрыс–бұл құқықтық ережелерге оларды терең әрі жан-жақты түсінбестен, жоғары құқықтық белсенділіксіз бағынумен сипатталатын әрекет. Басқаша айтқанда, адам басқалардың да осылай жүріп-тұрғанын көргендіктен құқықтық мінез-құлықты таңдайды.

Әдетті жүріс-тұрыс–бұл құқық нормаларының орындалуы әдетке айналып кеткен жағдайда көрініс табатын жүріс-тұрыс. Әдет әрекеттердің бірнеше рет таныс жағдайда қайталануының нәтижесінде қалыптасады.

Маргиналды жүріс-тұрыс–бұл мемлекеттің мәжбүрлеуінің, жазадан қорқудың нәтижесінде жүзеге асырылатын құқықтық мінез-құлық.

 

 

28 тақырып. ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

 

1. Құқықбұзушылықтардың түсінігі, белгілері және түрлері.

2. Құқықбұзушылықтың заңды құрамы.

3. Заңды жауапкершіліктің түсінігі, белгілері және қағидалары.

4. Заңды жауапкершіліктің түрлері.

5. Әрекеттің құқыққа қайшылығын және заңды жауапкершілікті жоятын жағдайлар.

 

1. Құқықбұзушылықтардың түсінігі, белгілері және түрлері. Құқықбұзушылық–бұл қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның мүдделеріне нұқсан келтіруші, тұлғаның кінәлі, құқыққа қайшы, қоғамға қауіпті әрекеті.

Құқықбұзушылықтың белгілері:

әрекет немесе әрекетсіздік;

кінә;

құқыққа қайшылығы;

зиянды нәтиже;

әрекет пен зиянды нәтиженің арасындағы себепті байланыс;

заңды жауапкершілік.

Әлеуметтік қауіптілігіне қарай барлық құқықбұзушылықтар қылмыстарға және теріс қылықтарға бөлінеді.

Қылмыстар–бұл қоғамға ерекше қауіптілікпен ерекшеленетін, әлеуметтік маңызды мүдделерге нұқсан келтіретін, нұқсан келтірушіліктен қылмыстық заңнамамен қорғалатын қылмыстық құқықбұзушылықтар. Құқықбұзушылықтардың басқа түрлеріне қарағанда, қылмыстық заңмен аталған қылмыстық әрекеттердің тізімі нақты анықталған және олар кеңейтілген түсінуге жатпайды. Қылмысты жасау жазалауды көздейді.

Теріс қылықтар–әлеуметтік қауіптіліктің, қылмысқа қарағанда, аз дәрежесімен ерекшеленеді, қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларында жүзеге асырылуы мүмкін, әр түрлі нұқсан келтіру объектілері мен заңды салдарға ие. Олар үшін жаза емес, әр түрлі шаралар көзделген.

Теріс қылықтардың түрлері:

1. Азаматтық–бұл мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастар саласында жасалатын, ұйымдарға немесе жеке азаматтарға мүліктік зиян келтіруден көрініс табатын, шарт бойынша міндеттемелерді орындауды, азаматтың абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуды және т.б. білдіретін құқықбұзушылықтар. Олар үшін зиянды өтеу, бұзылған құқықты мәжбүрлі түрде қалпына келтіру, орындалмаған міндетті мәжбүрлі түрде орындату сияқты санкциялар және басқа да құқықты қалпына келтіруші санкциялар көзделген.

2. Әкімшілік–бұл заңмен орнықтырылған қоғамдық тәртіпке, мемлекет органдарының атқарушылық-өкімдік қызметі саласындағы қызметтік міндеттерді жүзеге асырумен байланысты емес қатынастарға нұқсан келтіруші құқықбұзушылықтар. Әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін айыппұл, ескерту, арнайы құқықтан айыру (мысалы, көлік құралын айдау құқығы) және әкімшілік заңнамамен көзделген басқа да санкциялар көзделген.

3. Тәртіптік–бұл еңбек қатынастары саласында жүзеге асырылатын, кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің қызметінің ішкі тәртібіне нұқсан келтіретін құқықбұзушылықтар. Тәртіптік шаралар Еңбек туралы заңда, әскерилер үшін–Тәртіп туралы жарғыда, лауазымды тұлғалардың кейбір санаттары үшін–арнайы ережелерде қарастырылған. Бұл шараларды кәсіпорынның, мекеменің немесе ұйымның әкімшілігі жүзеге асырады.

Құқықбұзушылықтардың барлық түрлері үшін санкциялар көзделген. Санкциялар құқықты қалпына келтіруші және айыпппұлдық болып бөлінеді. Құқықты қалпына келтіруші санкциялар міндетті мәжбүрлі түрде орындатуға, бұзылған құқықты мәжбүрлі түрде қалпына келтіруге бағытталған, ал айыппұлдық санкциялар құқық бұзушының белгілі бір құқықтарын шектеуді, оған арнайы міндеттерді жүктеуді немесе оны ресми түрде сынға алуды көздейді.

 

2. Құқықбұзушылықтың заңды құрамы–бұл құқықбұзушылықтың заңды жауапкершілікке тарту үшін қажетті және жеткілікті белгілерінің жүйесі. Заңды құрамға мыналар жатады:

1. Құқықбұзушылықтың субъектісі–бұл осы әрекетті немесе әрекетсіздікті жасаған құқықәрекетқабілетті жеке тұлға немесе әлеуметтік ұйым.

2. Құқықбұзушылықтың объектісі–бұл осы құқықбұзушылықтың неге бағытталғанын көрсетеді. Объектінің түрлік және тектік түрлерін бөліп қарастырады. Тектік объект ретінде қоғамдық қатынастар орын алса, түрлік объектіге өмір, денсаулық, абырой, мүлік және т.б. жатады.

3. Құқықбұзушылықтың субъективтік жағы–бұл тұлғаның өз әрекетіне және оның салдарына деген субъективтік қатынасын сипаттайтын белгілердің жиынтығы. Бұл жерде басты категория болып кінә табылады. Кінә дегеніміз тұлғаның өзі жасаған құқыққа қайшы әрекетіне психологиялық қатынасы.

Кінәнің екі түрі болады: қасақаналық және абайсыздық. Қасақаналық тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей қасақаналықта тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, зиянды салдардың туу мүмкіндігін түсінеді және осы салдардың тууын қалайды. Жанама қасақаналықта тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, зиянды салдардың туу мүмкіндігін түсінеді және осы салдардың тууын қаламаса да, олардың туындауына саналы түрде жол береді.

Абайсыздықтың да екі нысаны болады: менмендік және немқұрайдылық. Менмендікте тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті салдарын түсінеді, алайда жеткілікті негізсіз олардың алдын алуға тырысады. Немқұрайдылықта тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті салдарын болжай алмайды, алайда дұрыс зейін қойғанда оларды байқауы мүмкін әрі тиіс еді.

4. Құқықбұзушылықтың объективтік жағы–бұл осы құқықбұзушылықты сипаттайтын сыртқы белгілердің жиынтығы, оларға мыналар жатады: а) әрекет немесе әрекетсіздік; ә) құқыққа қайшылық; б) зиянды нәтиже; в) әрекет (әрекетсіздік) пен зиянды салдың арасындағы себепті байланыс.

 

3. Заңды жауапкершіліктің түсінігі, белгілері және қағидалары. Заңды жауапкершілік–бұл құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға заңнамамен көзделген мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын белгілі бір іс жүргізушілік тәртіпте қолдану. Шаралар мынадай сипатта болуы мүмкін: а) жеке сипаттағы шаралар (бас бостандығынан айыру); ә) мүліктік сипаттағы шаралар (айыппұл); б) ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар (жұмыстан босату).

Заңды жауапкершіліктің белгілері:

- оны мемлекет құқықтық нормалард орнықтырады;

- мемлекеттік мәжбүрлеуге негізделеді;

- арнайы өкілетті мемлекеттік органдар қолданады;

- жаңа қосымша міндетті жүктеумен байланысты;

- жеке, мүліктік және ұйымдастырушылық сипаттағы белгілі бір теріс салдардан көрініс табады;

- іс жүргізушілік нысанда жүктеледі;

- тек жасалған құқықбұзушылық үшін ғана туындайды.

Егер заңды жауапкершіліктің іс жүзіндегі негізі болып оның құрамын құрайтын белгілердің жиынтығымен сипатталатын құқықбұзушылық табылса,оның заңды негізі болып құқық нормасы мен сәйкес құқыққолданушы акт табылады. Құқыққолдану актісінде құзіретті орган нақты бір құқықбұзушыға қатысты мәжбүрлеу шараларының нақты көлемі мен нысанын анықтайды. Мұндай құқыққолдану актісі ретінде әкімшілік бұйрығын, сот үкімін немесе шешімін және т.б. атауға болады.

Заңды жауапкершіліктің қағидалары:

1) заңдылық–жауапкершіліктің тек құқықбұзушылық (яғни, құқықәрекетқабілетті тұлға жасаған кінәлі, құқыққа қайшы әрекет немесе әрекетсіздік) үшін ғана қолданылатынын білдіреді;

2) әділеттілік–жазаның кінәға сәйкестігін, теріс қылықтар үшін қылмыстық санкцияларды белгілеуге жол берілмейтіндігін, кінәліге бір құқықбұзушылық үшін тек бір ғана жазаны тағайындауды білдіреді;

3) негізділік–істің жағдайларын объективтік түрде зерттеуді және нақты жазалау шарасын заңға сәйкес анықтауды білдіреді;

4) ізгілік (гуманизм)–адамның қадір-қасиетін қорлайтын жазалау шараларын белгілеуге және қолдануға тыйым салуды білдіреді;

5) жауапкершіліктің міндетті түрде болатындығы–жасалған қылмыс үшін заңды жауапкершіліктің міндетті түрде туындайтынын білдіреді;

6) мақсаттылық–құқықбұзушыға қатысты таңдалған жазаның заңды жауапкершіліктің мақсаттарына сәйкестігін білдіреді.

 

4. Заңды жауапкершіліктің түрлері. Заңды жауапкершіліктің төмендегідей түрлері болады:

1. Қылмыстық–тек қылмыстар үшін қолданылады; ешкім де сот шешімінсіз қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылмауы және қылмыстық жауаптылыққа тартылмауы тиіс. Қылмыстық жазалау шаралары–кінәлінің тұлғасына бағытталған мемлекеттік мәжбүрлеудің ең қатаң нысандары–бас бостандығынан айыру, өлім жазасы және т.б.

2. Әкімшілік–әкімшілік теріс қылықтарды жасағаны үшін туындайды және айыппұл, арнайы құқығынан айыру және т.б. сияқты шаралардан көрініс табады.

3. Азаматтық–мүліктік сипаттағы шарттық міндеттемелерді бұзу және шарттан тыс мүліктік зиян келтіру үшін туындайды. Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізгі қағидасы–зиянды толығымен өтеу.

4. Тәртіптік–еңбек, оқу, қызметтік, әскери тәртіпті бұзу үшін қолданылады; тәртіптік жауапкершілік шаралары–сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан шығару және т.б.

5. Материалдық–қызметкерлер мен жұмысшылардың өз қызметтік міндеттерін орындауы барысында кәсіпорынға, мекемеге, ұйымға келтірген зияны үшін туындайды.

 

5. Әрекеттің құқыққа қайшылығын және заңды жауапкершілікті жоятын жағдайлар. Оларға мыналарды жатқызуға болады:

1) есі дұрыс еместік–тұлғаның өз әрекеттеріне есеп бере алмауы;

2) қажетті қорғаныс–мемлекеттің, қоғамның тұлғаның мүдделерін қоғамға қауіпті нұқсан келтіруден қорғау барысында нұқсан келтіруші тұлғаға зиян келтірумен сипатталады; алайда, қажетті қорғаныс шегінен асып кетпеуі тиіс, яғни, қорғанудың нұқсан келтірушіліктің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне айқын түрде сәйкес келмеуі орын алмауы тиіс;

3) аса қажеттілік–мемлекеттің, қоғамның, тұлғаның мүдделеріне қауіп төндіруші әрекетті жою жағдайында мүмкін, қойылатын шарт–бұл қауіп басқа құралдармен жойыла алмауы қажет және аса қажеттіліктен туындаған зиян алдын алған зияннан аз болуы тиіс;

4) қоғамға аса қауіптілігі жоқ құқықбұзушылық;

5) казус (жағдай) және т.б.

 

 

29 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ

 

1. Құқықтық сананың түсінігі және функциялары.

2. Құқықтық сананың құрылымы.

3. Құқықтық сананың түрлері.

4. Құқықтық мәдениеттің түсінігі және құрылымы.

 

1. Құқықтық сананың түсінігі және функциялары. Құқықтық сана– бұл адамдардың құқыққа деген қатынасын көрсететін түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың, бағалаулардың жиынтығы түріндегі қоғамдық сананың ерекше нысаны. Құқықтық сана–бұл адамдардың жаңадан қабылданған заңдарға, нормативтік актілердің нақты жобаларына және т.б. деген оң немесе теріс көзқарасы.

Құқықтық сана мынаны білдіреді:

- құқықтың қажеттігін түсіну және сезіну;

- құқықты бағалау;

- заңнаманың дамыған жүйесін құру қажеттігін түсіну;

- қолданыстағы нормативтік актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізудің қажеттігін түсіну;

құқықты жүзеге асырудың нәтижелері мен процесін қабылдау.

Құқықтық сананың ерекшеліктері мыналардан көрінеді:

а) ол өмірдің шындықтарын әділеттілік, құқықтық, еркіндік тұрғысынан қабылдайды;

ә) жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережелерін орнықтыруды талап етеді;

б) құқықтық пен құқықтық еместіктің, құқыққа сәйкестік пен құқыққа сәйкессіздіктің шектерін көрсетеді;

в) құқықты қамтамасыз ету үшін заңды шараларды талап етеді.

Құқықтық сананың рөлі оның функцияларынан көрініс табады:

1) танымдық; бұған «құқықтық дайындықң түсінігінен көрініс табатын және ойлану қызметінің нәтижесі болып табылатын заң білімдерінің белгілі бір жиынтығы тән болып келеді;

2) бағалаушылық; бұл тұлғаның құқықтық өмірдің әр түрлі жақтары мен көріністеріне өтіл мен құқықтық тәжірибе негізінде белгілі бір эмоционалдық қатынасын тудырады;

3) реттеуші; ол құқықтық көзқарастар мен құндылық-құқықтық бағыттылық арқылы жүзеге асырылады. Көзқарас дегеніміз тұлғаның белгілі бір түрде ақпараттарды, процестерді, құбылыстарды қабылдауға және бағалауға бейімділігін және осы бағалауға сәйкес әрекет етуге дайындығын білдіреді.

Құқықтық бағыттылық–бұл тұлғаның заңды мәні бар жағдайларда әрекет ету бағдарламасын тікелей қалыптастыратын құқықтық көзқарастарының жиынтығы.

 

2. Құқықтық сананың құрылымы екі элементтен құралады: құқықтық психология және құқықтық идеология.

Құқықтық психология–бұл, ең алдымен, құқыққа қатысты сезімдердің, көңіл-күйдің, эмоциялардың, көзқарастардың, армандардың жиынтығы. Бұл жерде құқықтық құбылыстарға деген қатынас ерекше деңгейде пайда болып, белгілі бір сезімдер мен эмоцияларды қалыптастыруға тырысады. Құқықтық психология арқылы мыналар жүзеге асырылады: а) құқықтық мәдениетке тән әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, тұлғаның мәдениетіне, күнделікті өміріне, әдетіне еніп кеткен барлық элементтер; ә) тұлғаның өзін-өзі бағалауы, яғни, өз жүіс-тұрысын құқық нормаларына сәйкестігі тұрғысынан сындарлы түрде бағалай білу қабілеті.

Құқықтық идеология–бұл адамдардың құқыққа қатынасын білдіретін құқықтық көзқарастардың, түсініктердің, қағидалардың, сенімдердің, талаптардың жүйеленген ғылыми көрінісі. Бұл субъектілердің құқықтық құбылыстарды тереңірек түсінуі; ол құқықтық бағалаудың ерекше деңгейін білдіреді. Құқықтық идеология–құқықтық сананың құрылымындағы басты элемент.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-05-10; Просмотров: 627; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.083 сек.