Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 56 страница




Өзен арнасы мұншалық ақ тақыр емес еді. Көзіме сенбей, шетіне барып сипалап көрсем, тақыр емес, жайылып кеткен су!... Тасқын келіп қалыпты. Сарылы алыстан, арна ортасынан естілді. Аңқия қарап тұрып қалсам да қуанышы осы тасқынша тола кетті көңіліме.

Бұл, мені осы пәле районына құтқаратын тасқын. Ені ең тар жері үш-төрт километр жайылатын Тарымның дүлей тасқыны мені толқынмен орап өткізеді де, қуғыншының жолын кеседі. Тасқын қайтқанша ар жақ – бер жаққа жергілікті халықтың санаулы сушыларынан басқа ешкім қатынаса алмайтын!

Бірақ, осы түнде өтіп кету маған да аса қатерлі көрінді. Қараңғы үй әсіресе көзімді недәуір кемітіп тастапты. Тасқынның өзімен бірге ажал болып соғатын нендей сойқан айдап келе жатқаны көрінбейді. Өзенге түспей жағалап өрлеп жүргеннің өзінде де жердің ой-шұңқырын көре алмай жалп-жалп жығыла бердім. Таң атқан соң өтуге бекіп, тораңғысыз иендегі қалың жыңғыл арнасына келіп жаттым. Бұл өзен тасқынындағы менің ең қорқынышты қатерім – тораңғы тамыры. Тораңғының шырмашату ұзын тамырына толқын ұрып апарып кіргізсе, қаншалық сушыл адам да тұяқ серпи алмайды.

Менің абақтымнан басқа дүние түгел ысып алған екен. Түнде де соққан ыстық самалға денем сүйсініп, қатты ұйықтаппын. Таңертең күн шықпай оянып, алай-дүлей буырқанған дәрияға көз жүгірттім. Тасқын қаншалық құтырғанымен бұл тұста су кеуделеген тораңғы тамыры жоқ екендігі байқалды. Ал, көз жеткісіз арғы жаағалауды барғанда көрермін. Киімімді түгел шешіп, дорбаға тықтым да отыз килаға жете қоймайтын барлық жүгімді төбеме екі қолтығымнан тартып байлап алып, түсіп кеп кеттім. Ала жөнелді сары лайлы дүлей толқын. Жүз метрдей ыға малтап барғанымда аяғым жерге тиді. Алқымымнан, кеудемнен, кейде кіндігімнен ғана келетін суды жалдап өзеннің ағын орталығына жеткенімде тіпті буырқанған қаһарлы толқын көрінді, қарғылақтап секіріп, жұлқынып жұтынып жатыр.

Алты айлық мұзды абақтының мағдырымды қаншалық жегенін судың алғашқы ала жөнелгенінде-ақ байқағанмын. Тұра қалып, алдымдағы шу асау толқынның қаншалық алыпқашатындығын мөлшерледім. Ең құтырық жерінің ені елу метрден оншалық аспайтыны байқалды. Бар қуатымды осы арнаға салсам, ар жағына көп күш кетпейтін тәрізді. Ышқына жүзіп, бұл апаттан да тез өттім. Екі жүз метрдей жерге ғана тықсырыпты. Енді маған қуғыншының оғы да жетпейді!... Тағы да аяқтап жүріп, арғы жағаға сәске түсте әрең шықсам да қуанышпен жайраңдап шықтым. Майға қурылған балықтың қалғанын түгел жеп алып, аптапты жердің ыстық қара сорына тыржалаңаш құлап, қамсыз ұйқыға кеттім. Жел-құз ауруларының бірінші дәрежелі арасаны – дәл осындай ыстық қара сор деп еститінмін.

Күн еңкейе оянып киіндім де жыңғыл аралап күнбатысты бетке алдым. Қазір менің артымдағы шу Үрімжіге жетіп болды. Қуғыншы–тосқауылшылар майданнан ары қарай бар жерге тарады. Қолдарында менің бір-бір суретім де жүрген шығар. Мына жаман атағыммен ол жаққа қия басуым мүмкін емес. Егер Қазақстанға қашып өте алмасам, тіршілігім осы жерлік орынның өзінде тергеліп ақталуды қажет етеді. Ол үшін бүтіндей нахақ дело үстінен арыздануым қажет. Ал, бұл былыққан қоғамда арызымды кім тыңдар? Әкімшілік жағынан осы майданға тікелей жауапкерлікпен қарайтын орын – Ақсу аймақтық сақшы басқармасы. Бізді соттай қалса, Ақсу орта соты бекітеді. Сол орындарға өз аяғыммен барып арыздануым – ең ұтымды амал.

Осы оймен сенделектеп жүре бердім. Артымда қинаудан өлімге еріксіз мойындап жүз нешелеген сорлы жатыр. Зорлап мойындатқан қара күш, сол зорлап тапқан қара факттерімен зорлап жазалата алады. Дәл қазір атып тастай салуы бәрінен оңай. Жапан түзде сергелдең қайыршылықпен мен қанша күн көрмекпін!.. «Үй, мына соқпақпен өзеннен алыстап барамын ғой! Мұндай ыстықта судан жарты шақырым ажырамауым дұрыс!»– соқпақ жолдан шығып, өзен жаққа қиырлай беттедім. – «Иә, алдымен Ақсуға жетуім керек. Қазірше ең абзалы арыздану. Тым болмағанда өзім далдалана жүріп, мына делолас сорлылардың арызын жеткізіп кетейін!...»

Күн бата қойдың маңырағанын естіп, тораңғы арасындағы жыңғыл шарбақтың үстінен түстім. Мұртты жігіт пен ересек бала жалбарақтап қарсы алды. «Тарым майданынан келемін. Ақсу өзенінің қойнауындағы «Көкқұрақ» деген жерден бір қора қойды айдасып қайтуға жіберді» дегеннен басқа сыр білдірмей, сол шарбаққа қондым. Мен айтқан тұста Көкқұрақ деген жердің бар-жоғымен отағасының да менің де ісім болмады. Әйтеуір сәлем орнына Маужушидің қаймана үзіндісін судыратпай, мұсылмандық салтпен амандасуымыз жақындастырды. Дастарқан жасап, бір аяқ айран мен нан әкелді де ішіп болысыммен өсіп кеткен аппақ шаш, қап-қара сақал-мұртыма қарады жігіт. Ұстарасын алып, жанып-жанып жіберді де сабын мен құмған әкелді. «Мүсәпірсіз ғой, сауап болар!» дей сала сыпырды. Менің жайымды білгендігін осы «мүсәпір» деген атауымен ол аңғартты да, оның идеялогиялық жайын сол арқылы мен түсіндім. «Коммунаның бір қора малы қазір өз қолымда дей сала қой сойып, ет асты. Қоғамда болып жатқан мәселеден радио қабылдағыш арқылы естіп жатқанын ірікпей сөйлей берді. Ахуал барлық қалада да өзімнің алдыңғы көріп-естіп білгенімдей екен. Құмның ішкі жағын паналап жүрген қашқындар да көп екенін бір сөзінде білдіре салды. Осы маңдағы қойшылар оларға көмектесіп тұратын сияқты.

Қонағасының бір санын таңертең жүрерімде таяққа асып беріп қоштасты.

Кей бір бейлі нашарырақ қотанның құрметіне көйлек, иә бешпет сатып жетсем де бірнешеуі осылай, бұрынғы мұсылманшылық сауап іздеу жолымен азық беріп шығарып салды.

Қаусап қалған заманалардың иендегі қалдықтарынан көрінетін «жын ойнақ», «албасты оты» дейтіндерден оншалық сескенбесем де шошқа қабаны, ыршып қабатын оқ жылан, тінтіп жатқанда астыдан шыға келетін бүйі, шаян, қара құрт, түнде тораңғы басынан секіріп түсіп, желкеннен, алқымнан жабысатын келардан[125] сақтана жортып, бір апта жүріппін. Малшы қотаны табылмай, мүлде иенде қалған шағымдағы қоналқы орным жалаң жазықтағы қарасор болды.

Ақсу тұсына келдім-ау деген мөлшермен Тарым дәриясынан қайта өтуге дайындалдым. Тасқын әлі аунақшып-дөңбекшіп, құтыра тулап жатыр. Шешіне бастағанымда өзеннен көп адамның даңғырлаған дауысы естілді. Қанша қарасам да ештеңе көрінбеді. Жүгімді төбеме байлап алып жүзе жөнелдім. Қиын ағыстың біріне өткенімнен соң әлгі адам дауыстары қайта естілмеп еді. Аяқтап жалдап келе жатқанымда жоғары тұсымдағы жиырма, отыз метрдей ғана жақыннан қарайған бастар көрінді. Тұп-тура маған қарай жүзіп келеді. Ыға жөнелмек болғанымда төменгі жағымнан да сондай шашты бастардан бірнешеуі жақындап қалған екен. Балыққа салып жүрген ауларын жиып, бір-екеуі иықтарына асып алыпты.

Менің өзеннен өтіп кетпегімді біліп, қоршап ұстау үшін үн шығармай шеп жайғаны белгілі болды. Артыма қайрылып қайта жүздім. «Зәнжу!»[126] деп айқайлаған бұйрық дауыстарынан әскери адамдар екендігін біле сала жанталасып барып әлгі орқашты ағынға қайта түсіп кеттім. Апыл-ғұпыл киініп жатқанымда артымнан алтауы шығып бассалды.

– Қайда барасың?

– Ақсу қаласына.

– Неге қаштың?

– Өзім қашқынмын! – Бар шындығын айта салатын қашқын бола ма екен дескендей бір-біріне қарасып қарқылдасты. – Мен, Ақсу аймақтық сақшы басқармасына аарыздануға барамын!– дедім сонсоң.

Айдай жөнелді. Күн батып қас қарайғанша айдап апарып, тәртіппен салынған таскірпішті бірқанша құрылыстан өткізді де ең шеттегі бір күзет мұнарасының түбіне апарып, жер астына түсетін темір қақпақты ашты. Қолшырақ жағып, ағаш баспалдақпен түсірді де, баспалдақты сыртқа шығарып алып, қақпақты үстінен шақ-шұқ құлыптай салды. Мәңгіріп тұрып қалып едім. Ұйқысырап ыңырсыған бір дауыс естілді. Оның да зынданға түскен тұтқын екендігін сезіп, сипалап барып таптым. «Оң жағыңда орын бар» деген ханзу дауысы шықты. Жылжып барып сипалап, сабан төселген сәкіні таптым да құлай кеттім. Дене мүшелерім түгел қаусап қалғандай, қатты қалжыраппын.

Бұл майдан, өндіріс – құрылыс армиясының бір егіншілік майданы екен. Ертеңіне саяси бөліміне апарып, көзі қып қызыл жігіт пен жалғыз көзді келіншек қуыстарымнан ештеңе қалдырмай тінтіп алып тергеді. Екі мәселені ғана сұрап зіркілдеп-шаңқылдап отырып алды екеуі: «Үндістаннан шпион болып неше рет өттің?» деп бірі, «сен үш аймақтың ұлттық армиясында болған адамсың, неше ханзу өлтірдің?» деп бірі құлағымды мұжи берді. Бұл майданның да есі дұрыс адамдары қолға алынып болғанын түсінген соң несіне өкпелейін, кешке дейін сұраса да Ақсу сақшысына жетуден басқа сөз «ұқпай» өткіздім. Менің «ақымақтығымды» олар да түсінгендей, қайталап сұраққа шақырмады. Өздерінің «қарсы көзқарасындағы» он шақты жас тұтқынына қосып күріш атыздарындағы көлден жиырма неше күн арам шөп жұлғызды.

Таң бозынан қас қарайғанша судан шықпайтын ауыр жұмысқа салғандықтарын есепке алмай, тамақ расхотын сұрады сонсоң. Қараңғы зынданда екі уақыт беріп келген сұйық сары умашының ақысы 22 юан 92 тин болыпты-мыс. Саяси бөлімі тінткенде жанқалтамнан алған екі юаннан басқа бір тиінім жоқтығын айтып едім, тағы тінтті. Ышқырым мен штанымның ауынан да, ұлтарағымның астынан да ештеңе таба алмай түтіккен есепші басын қасып-қасып жіберіп, жүгіре жөнелді бастығына. Жарым сағаттан соң қайта жетті. «20 Юан 22 тиінді «кішкене ұлт» адамы болғандығың үшін кешірдік, бұл қамқорлығымызды ұмытпа!» деп келе тісті құрсау салды қолыма. Жан мылтықты бір мықтысына айдатып, Ақсу сақшы басқармасына жөнелтті.

Дәриядан моторлы қайықпен өткізген айдаушым қызылмия тамыры тиелген жүк машинасына жалынып-жалбарынып, таудай жүк үстіне әрең шығарды. Әйтеуір ең жақсысы, бір қолымды босатып, құрсаудың бір басын темір арқанға құлыптады да өзі көз алмай қарап отырды.

Ақсудың жаңа қаласының шетіне іліне сала түсірді де құрсаудың сол бос басын өз қолына алып, жетектей жөнелді мені. Малша жетектеп үлкен-үлкен көшелерді айландырды. Сақшы басқармасының залына кірген соң құрсауын қос қолыма қайта құлыптап ақырды маған. Аяғымды қағып тік тұрғызып қойып, «саяси бөлімге» киімін түзей барып кірді.

Сөйлескен сайын өрлей шыққан бір жуан дауысты естіп, есікке жақындай түстім: «қамайтын орын қалмады, қайтарып әкет өзің!» дегені анық естілді. Бір-екі аяқ дыбысы есікке қарай беттегенде шегініп, алыстап барып тоқтадым. Сәл еңкіштеу келген ірі денелі қартаң сары офицер маған анықтап үңіле қарады. Мен де түр-тұлғасына қарап, жоғарырақ дәрежелі, көне халық азаттық армия офицері екенін байқадым. Маған қарап-қарап алып, айдап келген офицерге түйіліп, зекіре сөйледі ол.

– Қаймана кетіп бара жатқан жолаушыны ұстамаңдар деп неше айттық біз сендерге?... Бұдан үш күн бұрын екеуін, алдыңғы күні екеуін, бүгін мынаны айдап келіпсіңдер! Ал, мұның киіміне, бұл жаққа өзі өтіп келе жатқанына да, денсаулығының жоқтығына да қарамай тұтқындап, куәйзы[127] салып әкеліп тұрсың!... Осындай адам өлгелі тұрып, сенен қалай қашып құтылмақ?... Бізде мұндай адамды қамайтын орын да, аурухана да жоқ, әкет өзің!... Ұқтың ба, қайт, әкет!

Айдаушым үзіл-кесіл бұйрықтан артына лажысыз бұрылып, маған беттегенде бастық та шыққан есігіне бұрылды.

– Баугау!– деп ізетпен тіктеле қалдым мен. Офицер қайта бұрылып тоқтады. Жақындап барып, ханзуша әлі де одағайлау тіліммен балдырлата жөнелдім. –Мен, Шаяр Тарым лаугай майданының абақтысынан қашып шыққанмын! – Қыс бойы салынған қыспақтан қажалып, көгала, қаракөк болып кеткен білегімді ашып көрсете сөйледім. – Осында – сақшы басқармасына арыз айту үшін қашқанмын. Мына кісілер ұстап, автомобильмен әкелмесе, жолда өледі екенмін..

Жуан офицер айдаушыма «құрсауыңды алып кете бер!»– дей сала бір ұйғырдың атын атап шақырды. Құрсаудан босаған мені бөліміне кіргізіп, есік жақтағы орындықты нұсқады. Шақырған ұйғыры өз тілмашы екен. Ол кірісімен мені ұйғырша сөйлуіме бұйырды.

– Мені сөзім ұзағырақ, сіздің жұмысыңыз асығыс болса да толық тыңдауыңызды өтінемін! Себебі, Тарым майданында менімен байланысты нахақ деломен көп адам қиналып өлім алдында жатыр. Күніне неше рет ұрып талдырып тірілтеді. Егер ақ-нахақты айыру жөнінен сіздерден көмек болмаса, көбіміз өлеміз!..

– Ал, асықпай анықтап сөйлей бер!– деді бастық. –Менің міндетім де осындай іс!

Жақында осы басқарманың қызметін әскери орын өткізіп алғанын, бұл майор, саяси бөлім бастығы болып жақында келгенін ескерте аударды тілмаш. «Тәжірибелі білімді адам» деді соңында. Пейілдеріне қарап қысқаша өмір баяным мен өзімнің қай жерде не қызметте болғандығымнан бастадым сөзді. Үкіметтің жоғары саяси орындарына баяндауға тиісті барлық арызымды бір жарым сағатта сөйлеп шықтым. Әр жерінен естелік жазып отырған бастық дәретке барып қайтып келіп жауап берді. Қалың бурыл шашты басын сипап, маған күлімсірей қарап сөйлеуінен жақсы лепес байқадым.

– Сенің бұл сөйлеген ахуалыңның бәріне сендім!–деді ол алдымен. – Бәрі рас. Жасырған, иә бұрмалаған жерің жоқ! Сен, есің дұрыс, ақылың толық қалпындағы адам. Мақсатың басқа болса, бұл жаққа қашпайсың. Бұрын бір рет қашқаныңды да, жағырапияны шекараны толық білетіндігіңді де жасырмай айттың. Бұл жақтың Совет шакарасынан қаншалық алыс, жолдың қаншалық қиын екендігін біле тұра Ақсуға қашуың, сөзсіз, басқармаға арыз айту үшін ғана қашқандығыңның факты. Осыған қарап кесіп айтуға болады, сенде ауыр қылмыс жоқ. Ауыр қылмысы бар адам сақшының өзіне қашпайды. Егер жаңылыстан өткізген мәселең бар болған күнде де өзің қорықпайтын жеңіл мәселе. Сондықтан, бізден қамқорлық күтіп келгенің рас!... Енді біз сені өз орныңа, ұрмай-қинамай, факт қойып қана тексеретін шартпен қайтарып береміз, бұған қалай қарайсың?

– Бұл заңды шартыңызға ол тергеушілерді көндірсеңіз, әрине разымын!

– Бар мәселең болса, қайтып барған соң титтейін де жасырма, жоқ мәселені мойындама!... Бұл жөнінде біз оларға да мықтап тапсырамыз!..

Осы сөзбен мені артымнан майдан кадры келгенше жата тұру үшін өздеріне қарасты абақтыға өткізіп берді. Бірақ, бұл абақтыдағы айқай мен ойбай тіпті қатты екен: жазаланған қылмыстардың күндіз-түні зар қағып, үздіксіз бебелеген дауыстары мені тағы қорқытты. «Баугау дүйжаң, мен нахақпын, нахақпын!» деп түн бойы жалына боздағанда сай сүйегімді сырқыратады. Ал, бұл абақтыдағы ашаршылықты алпысыншы жылдағы Лоптан басқа жерден көрмеппін... Екі апта өткенде алдыңғы жылы Үрімжіден алып қайтқан ұйғыр кадр тағы келіп шығарды бұл абақтыдан.

– Мұнда қашып келгенің жақсы болыпты!– деді ол бұл жолы, қолыма шынжырлы құрсау сала тұрып күбірледі. – Бірақ, үстіңнен түсіп жатқан мәселе өте ауыр. Қалай да жоқ мәселені мойындама, барын бар, жоғын жоқ дей бер! – Сақшы басқармасының саяси бөлімі берген пешетті конвертті жанқалтасынан алып, ишарамен көрсетті де өзінің қол сумкасына салды.

Майданға жеңіл «Жип» машинасымен алыпқайтты. Шаярға Тоқсу қалашығынан айланып өтетін тас жол бойына әр шақырым сайын бірден «ұзынды мұнарасы» қаланған екен. Қызыл сырмен жазылған «үзінді» үстіндегі құдіретті Мау суретінің көзі мен мұрыны түгел ойылып масқараланыпты. Адамсыз иендегі қағыр шөл далада да солай. Шаярға, одан Тарым майданына дейінгі неше жүз мұнарадан көзі мен мұрны сау бірде-бір сурет көрмей өттім. Соншалық көп күш, шеберлік, көп расзотпен жасалған үгіт құрылысы соншалық қаһарлы наразылықпен өз мақсаттарына қарсы үгіт құралына айналдырыпты. Бұл, халық жағынан басылған лағнат таңбасы екендігі көрініп тұр.

Артқы орындықта маған қатар отырған айдаушым ұзақ жол бойына созылған сол масқаралықтың ешқайсысына қарамай, көрмегенсіп өтті. Жетісімізбен майдан штабының қасындағы үй құрылысы әтіретіне апарып, аяғыма кісен салғызған соң ғана тіл қатты: бұл майдандағы ешкімге «өсек» тарқатпауымды түйіліп тұрып тапсырды да лаугай әтіретінің зыдауянына өткізіп берді.

Содан бастап кісенді лаугайға айнала қалдым. Әйтеуір атылмай қалсам, бұл да жеңіл сияқты өз көңіліме. Қартаң адамдары көбірек қайырымды группаға қосылыппын. Маған қараған көздері жасқа тола тайқайды. «Қылмысымның ауырлығын» бәрі біледі екен.

Үшінші күні кісенмен кірпіш жиып жүргенімде екі әскер келіп айдай жөнелді. Майдан штабының күншығыс жағында үш километрдей жердегі екінші үлкен әтіретке жаяу айдап апарды. Майданның тас кірпіштен сегіз метр биіктікте жасатқан берік сепілді түрмесі осында еді. Мені де осыған қамайтын шығар деп ойлап келіп едім. Темір қақпасына таяп қалғанымда бұра айдап апарып бір аласа үйге кіргізді. Біздің ісімізді тергейтін орын осында екен. Былтыр мені қолға алған төрт «аяз» тағы да қатарынан түксиіп осында отыр. Кісенімді шалдырлата кіріп, алдыларына тұра қалдым.

– Сөйле!– зекіріп қалды кексе ұйғыр тергеуші. Ұзын бойлы жас ұйғыр екі ханзу тергеушіге тілмаштық істеді.

– Саучыңсаудың қинауына шыдамай, Ақсу сақшы басқармасына қаштым!– дедім.

– Қылмысыңды сөйле!

– Менде қашудан басқа қылмыс жоқ. Үрімжіден қайтып келгенімнен бері Саучыңсаудың қатал режимінде болдым. Жан төзгісіз суықта көлден шықпай қамыс ордым. 64–жылы алынған қалпағымды өз қолымен қайта кигізбек болып, ыңғай ауыр жұмысқа қалпақтылармен бірге салды. Солармен бірге идеялық доклат жазуға зорлай бергендіктен қалпағым бар болса факт көрсетуін талап еткенмін. Менің қылмысым болса осы мәселеде ғана. Басқа ешқандай қателік өткізген емеспін! – Бұл жауабыма ішектерін тарта, ышқына қарасты төрт аяз.

– Басқа қылмысың жоқ па?– төртеуі осы сұрақты ханзуша, ұйғырша жарыса көтерді.

– Жоқ!

– Егер бар болып, алдыңа жайыла қалса, қайтейік?

– Қылмысқа татырлық титтей мәселем болса, қолма-қол атылуға разымын!

Бір-біріне қарасып алды да қайта ойлануымды, өлімге асықпауымды бұйырды аяздар. Маузыдұңның «мойындағанға кеңшілік, тоңмойындыққа қаталдық» деген саясатын талдап бір сыпыра «тәрбие» айтты да қылмысымның әлдеқашан әшкереленіп, факты толықтанып болғанын, өз аузыммен тапсырсам, жеңілдік беру шарасын ойластыратындығын білдірді.

– Мен, былтыр күзде сіздер қолға алғаннан соң абақтыға қатырған мұз үстінде алты ай жатып ойланып, не қылмыс істегенімді таба алмағанмын. Онан соң Ақсуға қашып бара жатып та, ол жақтың екі абақтысында қырық күн жатып та ойланып болғанмын. Титтей де мәселе өткізбегендігіме сенімім толық. Қылмысым табылса кеңшілік сұрамаймын, тауып мойындатыңыздар да атыңыздар!

– Осы сөзіңде тұрасың ғой?... Тұрасың ғой осы сөзіңде?

– Әлбетте тұрамын деп серт айтып тұрмын!

– Тегінде есіңде болсын, біз жанымыздан бір тал материал қосқанымыз жоқ, барлығы өз достарыңның тапсырған мәселелері, сондықтан бұл факттер сөзсіз күшке ие!... Өзіңе жеңілдік әперетіні, тек өздігіңнен мойындап сөйлеп беруің ғана! Құтыларлық басқадай жолың жоқ!

– Шындықтың жолы көп! – Өршелене нақтап айттым бұл сенімімді.

– Олай болса, мә мынаны оқып бер, қалай құтылар екен көріп алалық! – Келесі жасырған қалың материал ішінен үш беттік қағазды алып берді. Азуын басып, тез оқып шықты жасы.

Мен Үрімжіден қайтып кеп қамалып, су басқару пунктіне шыққанымнан соң су құрылысы әтіретінен алтайлық екі шынсыңның қашып кеткенін естігенмін. Солардың қолға түскені де ұғылды бұл материалдан. Сөз алысынан Қапастың жазған материалы екендігін мөлшерледім. Үстімізден түскен зор мәселенің қалай құралғанынан дерек білдіре жазыпты. «Мәселе әшкерлеуші кадрларымызбен белсенділеріміздің қойған факттері бойынша мойындаймын» деп бастапты мойындауын. Бізге жабысқақ дело былай құралыпты:

58 жылы Көктоғайда қозғалған көтерілісшілер жеңілер шағында «бір таудың үңгіріне 600 мылтық, төрт-бес пулемет, отыз аптамат тыққан екен». 68–жылы осы майданнан Алтайға қашқан екі жігіт сол қойманы білетіндіктерін айтқанда Биғабілдар, қайткенде де сол құралдарды осында жеткізуді тапсырыпты-мыс. «Такламаканда құмнан шығып, құмға кіріп жататын қысқа бұлақтар бар. Соның біріне қыста шығып алып, сол құралдарға машықтанамыз да күн жылынысымен келіп, осы майданды басып аламыз. Мұндай тоғыз мың лаугайды азат етіп, бір полк әскердің құралын тартып аламыз. Осы майданның өзінен-ақ бір двизиялық мықты шыныққан жауынгер құралады. Сонымен барып Үрімжіні басып аламыз!» депті. Алтайға қашқан екі шынсың «сол құралдарды түйе мен есекпен болса да» тасып жеткізуге міндеттеліп, сол міндетпен қашыпты-мыс.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 352; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.