Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

ИБРАХИМ 6 страница




Әлиф Ләм Ра. Міне бұлар, терең сырлы Құранның аяттары. (1)Іштерінен бір кісіге: «Адамдарды қорқыт! Иман келтіргендерді Раббыларының қасында олар үшін жоғары орын барлығын сүйіншіле!»,- деп уахи қылғанымызға бұл адамдар таңырқай ма? Кәпірлер: «Шынында бұл ашық жады» деді. (2)Раббыларың сондай Алла көктер мен жерді алты түнде жаратты. Сонсоң аршыға көтеріліп, істі басқарды. Оның рұқсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ. Міне Осы Алла, Раббыларың. Ендеше Оған құлшылық қылыңдар! Сонда да түсінбейсіңдер ме? (3)Біртұтас барар жерлерің сол тарап. Сондай-ақ Алланың уәдесі хақ. Күдіксіз Ол, бастап жаратады (Жоқтан бар етеді). Сонсоң иман келтіріп, ізгі іс істегендерге әділдікпен сыйлық беру үшін оны қайта тірілтеді. Сондай-ақ кәпірлер үшін қарсы болғандықтары себепті қайнап тұрған судан сусын әрі күйзелтуші азап бар. (4) Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі. Алла, бұларды шындықпен ғана жаратты. Алла, білетін ел үшін; аяттарын ашық-ашық баян етеді. (5) Расында түн мен күннің ауысып келуінде және Алланың көктер мен жердегі жаратқан нәрселерінде әрине сақтанатын ел үшін дәлелдер бар. (6) Расында сондай бізге жолығуларын үміт етпегендер және дүние тіршілігіне мәз болып сонымен көңілдері жай тапқандар, міне солар, аяттарымыздан хабарсыз. (7) Осылардың істеген күнәлары себепті орындары тозақ. (8) Расында сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің имандары себепті Раббылары, оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннәтінің жолына салады. (9) Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады. (10) Егер Алла, адам баласының қайырды, асығыс тілегеніндей; жамандықты да тез берсе еді, әрине олардың ажалдары біткен болар еді. Алайда, бізге кездесуді үміт етпегендерді адасқан бойда қойып қоямыз да, қаңғыра береді. (11) Ал қашан адам баласына бір зиян жетсе: жатса да отырса да немесе түрегеп тұрса да бізге жалбарынады; алайда қашан одан зиянды айықтырсақ, тіпті оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынмағандай-ақ кете береді. Солайша, шектен шығушыларға істеген істері көркем көрсетілді. (12) Расында сендерден бұрынғы дәуірдегілердің зұлымдық қылғандықтары және пайғамбарлары келтірген ашық дәлелдерге иман келтірмегендіктері үшін жоқ еттік. Осылайша күнәкар қауымға жаза береміз. (13) Сонан кейін олардың артынан не істейтіндіктеріңді көру үшін жер жүзінде сендерді орындарына қойдық. (14) Сондай-ақ оларға аяттарымыз ашық дәлел түрінде оқылған кезде, сондай Бізге кездесуді үміт етпегендер: «Бұдан басқа бір Құран келтір немесе мұны ауыстыр!»,- деді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Оны өз тарапымнан өзгертуіме болмайды. Мен өзіме уахи етілгенге ғана еремін. Расында мен, Раббыма қарсы келсем, ұлы күннің азабынан қорқамын» де. (15) (Мұхаммед Ғ.С.): «Егер Алла қаласа еді, мен Құранды сендерге оқымас едім де, оны сендерге білдірмес еді. Расында мен бұдан бұрын іштеріңде өмір бойынша болдым. Сонда да түсінбейсіңдер ме?»,- де. (16) Ал енді Аллаға бір өтірік жала жапсырған не аяттарын жасынға шығарған біреуден кім залымырақ? Шынында күнәкарлар құтылмайды. (17) Олар, Алладан өзге, өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге шоқынып: «Оларды, Алланың қасында шапағатшымыз» дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Сендер Аллаға, көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?»,- де. Алла, олардың қосқан серіктерінен пәк, жоғары. (18) Адамдар бір-ақ үммет еді, сонсоң олар қайшылыққа түсті. (Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббыңнан бір сөз өткен болмаса еді, таласқан нәрселері турасында әрине араларына үкім берілген болар еді (жазаландырылар еді). (19) Және олар: «Оған, Раббылары тарапынан бір мұғжиза неге түсірілмейді?»,- дейді. Сонда сен оларға: «Негізінен көмес, Аллаға тән. Сондықтан күтіңдер! Мен де сендермен бірге соны тосамын!»,- де. (20) Адам баласына бір зиян тигеннен кейін рахметімізді таттырсақ, сол уақытта олардың аяттарымызға байланысты айлакерліктері болады. (Мұхаммед Ғ.С.): «Алла, жазаландыруда өте жылдам» де. Расында елшілеріміз (періштеріміз) істеген сығандықтарыңды жазады. (21) Ол сондай Алла, сендерді құрылықта, теңізде кездіреді. Хатте сендер кемеде боласыңдар. Кеме, оларды жақсы бір самал арқылы алып бара жатады да, олар онымен мәз болады. Бір боран келіп оларға әр тараптан толқын келгенде, олар, онымен қоршалдық деп ойлаған сәтте; сенімін нағыз Аллаға арнап: «Егер осыдан бізді құтқарсаң шүкір етушілерден болар едік» деп тілейді. (22) Дегенмен, Алла оларды құтқарған кезде, олар жер жүзінде орынсыз қарсылық істейді. Әй адам баласы! Дүние тіршілігіндегі қарсылықтарыңның зияны өздеріңе ғана. Сонсоң барар жерлерің біз жақ. Сонда сендерге істеген істеріңді білдіреміз. (23) Шын мәнінде дүние тіршілігінің мысалы: Біз көктен жаудырған жаңбыр тәрізді. Ол арқылы адамдар, малдар жейтін өсімдіктер аралас өсіп, жер жүзі құлпырып зейнеттенген кезде, жер иесі; пайдалануға күшіміз жетеді деп ойлаған сәтте, түнде не күндіз әміріміз келіп, тіпті кеше болмаған тәрізді түбінен орылғанға айналдырдық. Ойланатын қауымға аяттарымызды осылайша айырып баян етеміз. (24) Алла есендік жұртына (жәннәтқа) шақырады да, қалаған құлын тұп-тура жолға салады. (25) Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар. Олардың беттерінде бір дақ не қорлық әсері көрінбейді, солар жәннәттік. Олар онда мәңгі қалады. (26) Ал сондай жамандық істегендердің жазасы, сондай ғана болады, беттерінде қорлық әсері болады. Оларды, Алладан қорғаушы болмайды. Олардың беттері түннің қараңғылығынан бір бөлім қаптағандай. Солар тозақтық. Олар онда мүлде қалады. (27) Қиямет күні оларды түгел жинаймыз. Сонсоң мүшріктерге: «Сендер де, Аллаға қосқан серіктерің де орындарыңда тұрыңдар!»,- дейміз. Сонда олардың араларын айырамыз. Олардың серіктері: «Сендер бізге табынбаған едіңдер» дейді. (28) «Енді сендер мен біздің арамызға куәлікке Алла жеткілікті. Тіпті біздің, сендердің табынғандарыңнан хабарымыз жоқ» дейді. (29) Сол арада әркім бұрын істеген ісінен сыналады. Сондай-ақ шынайы иелері Алланың құзырына апарылады. Жасама нәрселері олардан ғайып болды. (30) (Мұхаммед Ғ.С.): «Сендерді аспаннан, жерден кім ризықтандырады? Құлаққа, көздерге кім ие? Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығарады? Әр істі кім игерді?»,- де. Олар: «Алла» дейді. «Ендеше Алладан қорықпайсыңдар ма?»,- де. (31) Міне осы Алла, шынайы Раббыларың. Шындықтан кейін адасудан басқа не бар? Қалай бұрылып бара жатырсыңдар? (32) Осылайша бұзақылық істегендерге Раббыңның: «Рас олар иман келтірмейді» деген сөзі ақиқат болды. (33)(Мұхаммед Ғ.С.): «Аллаға теңеген серіктеріңнен, тұңғыш жаратып, сонсоң өлтіріп қайта тірілтетін бар ма?»,- де. «Алла, бастапта жаратып, сонан соң қайта тірілтеді. Сонда қайда бұрылып бара жатырсыңдар?»,- де. (34) «Серіктеріңнен тура жолға салатын бар ма?»,-де. «Алла тура жолға салды. Ал сонда тура жолға салатын Аллаға бағыну лайық па? Жоқ, тура жолға салынбайынша жол таба алмайтын біреуге ме? Сендерге не болды? Қалай (жансақ) үкім бересіңдер?»,-де. (35) Олардың көбі ой жоруға ғана ілеседі. Расында ой, шындыққа қарағанда түкке тұрмайды. Күдіксіз Алла, олардың істегендерін толық білуші. (36) Осы Құран, Алладан өзгенікі деп жала жапсыруға болмайды. Ол, алдындағыны растап, Кітапты ашық баян етеді. Әлемдердің Раббы тарапынан екендігіне шәк жоқ. (37) Олар: «Оны, Мұхаммед өзі сәйкестірді» дей ме? (Мұхаммед Ғ.С.): «Ондай шыншыл болсаңдар, Алладан өзге кімге шамаларың келсе шақырып, осы тәрізді бір сүре жасап әкеліңдер»,-де. (38) Олай емес, олар білімі жетпеген сондай-ақ өздеріне мағынасы білдірілмеген нәрсені олар жасынға шығарды. Осылайша, бұлардан бұрынғылар да жасынға шығарған болатын. Енді қарашы! Залымдардың соңы не болды? (39)

Олардан Құранға сенетіндер де бар. Олардан оған сенбейтіндер де бар. Раббың бұзақыларды жақсы біледі. (40) (Мұхаммед Ғ.С.) егер сені жасынға шығарса: «Менің ісім өзіме тән, сендердің істерің өздеріңе тән. Сондай-ақ сендер менің істегенімнен аулақсыңдар, мен де сендердің істегендеріңнен аулақпын.» де. (41) Олардан саған құлақ салатын біреулер де бар. Егер олар түсінбейтін болса да, саңырауларға естірте аласың ба? (42) (Мұхаммед Ғ.С.) олардың саған қарайтын біреулері де бар. Дегенмен көрмейтін көзсіздерді сен тура жолға саласың ба? (43) Расында Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне-өздері зұлымдық қылады. (44) Оларды жинайтын күні; (дүниеде) күндіз бір-ақ сағат тұрғандай болып, олар бір-бірін таниды. Аллаға жолығуды жасынға шығарып, тура жолға түспегендер зиянға ұшырайды. (45) (Мұхаммед Ғ.С.) егер оларға уәде еткен бейнеттің кейбірін саған көрсетсек немесе сені (бұрын) дүниеден алсақ та, олардың жиналатын орны біз жақ. Соңында Алла олардың не істегендеріне айғақ. (46) Әр үмметтің бір пайғамбары бар. Оларға пайғамбарлары келген заман, араларына туралықпен үкім болады. Сондай-ақ олар, зұлымдыққа ұшырамайды. (47) Олар (кәпірлер): «Егер сендер шыншыл болсаңдар, осы уәде қашан болады» дейді. (48) (Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың қалауынан басқа өзіме пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Әр үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де ілгерлетілмейді» де. (49) Маған айтыңдаршы! Алланың азабы сендерге түнделетіп не күндіз келсе, күнәкарлар не нәрсені асығып тілер еді» де. (50) Азап түскеннен кейін оған иман келтіресіңдер ме? Немесе әзір ме? Расында сендер азапты асығып тілеп едіңдер. (51) Сонсоң залымдарға: «Мәңгілік азапты татыңдар! Істегендеріңнің ғана сазайын тартасыңдар» делінеді. (52) Сенен олар: «Бұл шындық па?»,- деп сұрайды. «Әрине Раббыма ант етемін, сөзсіз Ол хақ. Сендер Алланы әлсірете алмайсыңдар» де. (53)Өзіне зұлымдық істеген әркім жер жүзіндегі нәрселер өзінікі болса, төлеуге беріп, азапты көргенде, іштей өкінер еді. Араларына әділдік пен үкім етіледі. Зұлымдыққа ұшырамайды. (54) Сақ болыңдар! Расында көктердегі әрі жердегі нәрселер Алланікі. Біліңдер! Алланың уәдесі хақ. Бірақ олардың көбі білмейді. (55) Ол тірілтеді, өлтіреді. Сондай-ақ Оның алдына қайтарыласыңдар. (56) Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді. (57) (Мұхаммед Ғ.С.): «Олар, Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған осылармен қуансын. Өйткені, Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де. (58) «Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, халал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдер ме?»,- де. (59) Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, қиямет күні туралы ойы не? Расында Алла, әрине адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ олардың көбі шүкірлік қылмайды. (60) (Мұхаммед Ғ.С.) әрқандай бір жағдайда болсаң, Алла тарапынан бір Құран оқысаң және сендер бір іс істесеңдер, әлбетте оған шомған кездеріңде, сендерді көреміз. Сондай-ақ жердегі, көктегі тозаң салмағындай нәрсе Раббыңнан жасырылмайды. Тағы одан кішісі, үлкені ашық бір Кітапта бар. (61) Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды. (62) Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. (63) Оларға дүние тіршілігінде де ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне ірі қол жетушілік осы. (64) (Мұхаммед Ғ.С.) кәпірлердің сөзі сені кейітпесін, Расында бүкіл үстемдік Аллаға тән. Ол әр нәрсені естуші, білуші. (65) Естеріңде болсын! Расында көктердегі, жердегі әркім Алланың иелігінде. Алладан өзге теңеген серіктеріне шоқынғандар, олар ойларына ғана ілеседі. Сондай-ақ олар ойларынша ғана жорамалдайды. (66) Ол сондай Алла, сендер үшін түнді демалыс, күндізді жарық қылды. Күдіксіз, осында тыңдайтын ел үшін дәлелдер бар. (67) Олар: «Алланың баласы бар» десті. Ол, одан пәк. Ол, мұңсыз. Әрине көктердегі әрі жердегі нәрселер Оған тән. Бұған байланысты қастарыңда бір дәлел жоқ. Аллаға қарсы білмеген нәрселеріңді айтасыңдар ма? (68) (Мұхаммед Ғ.С.): «Расында сондай Аллаға өтірік жала жапсырғандар, құтылмайды» де. (69) Олардікі дүниеде ғана пайдалану. Сонсоң олардың қайтар орны біз жақ. Сонан кейін де қарсы болғандықтары себепті қатты азап таттырамыз. (70) (Мұхаммед Ғ.С.) Оларға Нұх (Ғ.С.) тың әңгімесін оқы. Бір заманда еліне: «Әй елім! Араларыңда тұруым, Алланың аяттарын үгіттеуім сендерге зор келген болса, онда Аллаға тәуекел еттім. Ал енді сендер және серіктерің не істейтіңдеріңде бірлесіңдер. Сонсоң істерің өздеріңе мұң болмасын. Кейін маған мұрса бермей-ақ қолдарыңнан келгенін істеңдер!» деген. (71) «Ал егер жалтайсаңдар, сендерден жалақы сұрамадым ғой. Менің жалақым Аллаға ғана тән. Сондай-ақ Мұсылмандардан болуға бұйырылдым…» (72) Сонда олар, оны жасынға шығарды. Сондықтан Нұх (Ғ.С.) ты әрі онымен бірге кемеде болғандарды құтқарып, олардың орындарын бастырдық. Аяттарымызды жасынға шығарғандарды суға батырдық. Ескерту берілгендердің соңының не болғанын көр! (73) Сонсоң Нұх (Ғ.С.) тан кейін де елдеріне пайғамбарлар жібердік. Оларға ашық мұғжизалар келтірді. Бұрында жасынға шығарғандықтары үшін олар иман келтірмеді. Міне шектен шығушылардың жүректерін өстіп бітейміз. (74) Сонсоң олардың кейін Мұса мен Һарұн (Ғ.С.) ды Перғауын және сыбайластарына мұғжизалармен жібердік. Олар менменсіп, күнәкар ел болды. (75) Оларға біз тараптан шындық келген кезде: «Рас осы ашық жады» деді. (76) Мұса (Ғ.С.): «Сендерге келген ақиқатты сөйтіп айтасыңдар ма? Бұл сиқыр ма? Сиқыршылар құтылмайды» деді. (77) Олар (Мұса мен Һарұнға): «Ата-бабаларымызды тапқан жолдан бұруға әрі жер жүзінде екеуің ұлық болуға келдіңдер ме? Біз, екеуіңе сенбейміз» деді. (78) Перғауын: «Бүкіл білген сиқыршыларды маған келтіріңдер» деді. (79) Ал сиқыршылар келген кезде, Мұса (Ғ.С.): «Не қоймақшы болсаңдар, қойыңдар» деді. (80) Олар қойғанда, Мұса (Ғ.С.): «Бұл келтіргендерің сиқыр, күдіксіз Алла оны бұзады. Расында Алла бұзақылардың ісін жөндемейді» деді. (81) «Егер күнәкарлар жақтырмаса да, Алла ақиқатты сөздерімен шынға шығарады.» (82) Мұса (Ғ.С.) ға, Перғауын мен шонжарларының өздеріне тигізетін кесірінен қорқып, елінен бір топ ғана иман келтірді. Расында Перғауын ол жерде өктем еді. Сондай-ақ ол шектен шығушылардан еді. (83)

Мұса (Ғ.С.) еліне: «Әй елім! Егер Аллаға иман келтірген болсаңдар, сондай-ақ Мұсылман болсаңдар онда Аллаға тәуекел қылыңдар» деді. (84) Олар: «Біз Аллаға тәуекел қылдық. Раббымыз, бізді залым елмен сынама» деді. (85) «Сондай-ақ бізді мәрхаметіңмен кәпір қауымнан құтқара көр!…» (86) Мұса мен оның туысына: «Екеуің Мысырда елдеріңе үйлер салыңдар да үйлеріңді намаз орны қылып, намаз оқыңдар. Онымен қатар мүміндерді сүйіншіле» деп уахи еттік. (87) Мұса (Ғ.С.): «Раббымыз! Расында Сен Перғауын және оның шонжарларына дүние тіршілігінде зейнет және малдар бердің, жолыңнан адастырулары үшін бе? Малдарын жоқ ет, жүректерін қатайт! Жан түршігерлік азапты көргенге дейін олар иман келтірмейді» деді. (88) Алла: «Екеуіңнің тілектерің қабылданды. Онда тура жолда болыңдар да, білмейтіндердің жолына ермеңдер!»,- деді. (89) Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда Перғауын және әскерлері жауыздық, дұшпандықпен оларды қуды. Ақыр ол суға батар сәтте: «Исраил ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бой ұсынушылардан болдым» деді. (90) «Енді ғана сендің бе? Расында сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болған едің…» (91) «Сенен кейінгіге үлгі болуы үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Расында адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз». (92) Расында Исраил ұрпақтарын жақсы жерге орналастырдық. Сондай-ақ жақсы нәрселермен ризықтандырдық. Оларға білім келгенге дейін қайшылыққа түспеді. Расында Раббың олардың таласқан нәрселері жайында қиямет күні үкім береді. (93) (Мұхаммед Ғ.С.) егер саған түсіргенімізден күдіктенсең, сенен бұрынғы Кітап оқығандардан сұра. Расында саған Раббыңнан ақиқат келді. Сондықтан күдіктенушілерден болма. (94) Сондай-ақ Алланың аяттарын жасынға шығарушылардан болма. Онда зиян тартушылардан боларсың. (95) Расында өздеріне Раббыңның қарғысы лайық болғандар иман келтірмейді. (96) Сондай-ақ оларға бүкіл мұғжизалар келсе де күйзелтуші азапты көргенге дейін (олар иман келтірмейді). (97) Юныс (Ғ.С.) тың ғана елінен басқа (азаптың келгенін көріп) иман келтірген әрі имандары пайда берген бір кент болмаған. Олар иман келтірген заманда, өздерінен дүние тіршілігіндегі қорлықты айықтырдық та, оларды бір мерзімге дәйін пайдаландырдық. (98) (Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа еді, әрине жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды иман келтіруге сен зорлайсың ба? (99) Алладан бұйрықсыз ешкімнің иман келтіруі мүмкін емес. Алла азапты ақылдарын жұмсамайтындарға береді. (100) (Мұхаммед Ғ.С.): «Қараңдар! Көктер мен жерде не бар?»,- де. Сенбейтін қауымға; дәлелдер, ескертулер пайда бермейді. (101) Олар өздерінен бұрын өткендердің бастарына келген күндер тәріздіні ғана күтеді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Онда тосыңдар! Расында мен де сендермен бірге тосамын!»,- де. (102) Сонсоң елшілерімізді, иман келтіргендерді құтқарамыз. Осылайша иман келтіргендерді құтқаруымыз бізге міндет. (103) (Мұхаммед Ғ.С.): «Әй адам баласы! Менің дінімнен күдікте болсаңдар. Ал онда мен, сендердің Алладан өзге табынғандарыңа табынбаймын; бірақ сендерді өлтіретін Аллаға құлшылық қыламын және иман келтірушілерден болуға бұйырылдым» де. (104) «Ал бетіңді нағыз бір ыңғай Алланы бірлеу дініне бұр. Серік қатушылардан болма!» (105) «Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Сонда егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боларсың». (106) (Мұхаммед Ғ.С.) егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол, оны құлдарынан қалаған кісісіне береді. Ол өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (107) (Мұхаммед Ғ.С.): «Әй адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан хақ келді. Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін» де. (108) Саған уахи етілгенге ер. Сондай-ақ Алла бір үкім бергенге сабыр ет. Ол, үкім берушілердің қайырлысы. (109)

11.ХҰД

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Ра. Бұл аяттары бекітілген бір Кітап. Сонсоң аса дана, толық білуші тарапынан ашық баян етілген. (1) Алладан басқаға әсте құлшылық қылмаңдар. Шын мәнінде мен сендерге Оның тарапынан қорқытушы, қуандырушымын. (2) Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді белгілі бір мерзімге дейін көркем түрде пайдаландырады да, әрбір мәрхамет иесіне артық сыйлық береді. Егер жалтайсаңдар, расында сендер туралы ұлы күннің азабынан қорқамын. (3) Қайтар жерлерің Алла жақ. Ол, әр нәрсеге күші жетуші. (4) Естеріңде болсын. Олар, Одан жасырыну үшін кеуделерін бұрады! Біліңдер! Олар киімдерін бүркенген кезде де, Алла көрнеу, көмес істеген нәрселерін біледі. Расында Ол, көкіректегілерді толық білуші. (5) Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаға ғана тән. Ол, олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір Кітапта. (6) Ол Алла, қайсыларың жақсы амал істейді деп, сынау үшін көктер мен жерді алты күнде жаратты. Оның ғаршысы су үстінде еді… (Ғаршыдан кейін су жаратылған). (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Егер сендер өлгеннен кейін тірілесіңдер” десең, кәпірлер: “Мынау ашық жадыдан басқа дәнеңе емес” дейді. (7) Егер олардан азапты белгілі бір мерзімге дейін кешіктірсек, әрине олар: “Оны не тосты?”,- дейді. Сақ болыңдар! Оларға азап келген күні солардан қайтарылмайды. Олардың мазақ қылған нәрселері бастарына жетеді. (8) Егер біз адам баласына мәрхамет нәсіп етіп, сонан кейін оны одан алсақ, сөзсіз ол мүлде күдер үзіп, өте қарсы келеді. (9)

Алайда оған тиген зияннан кейін, нығметтерімізді таттырсақ, әрине: “Ол жамандықтар менен кетті” деп, күдіксіз ол қуанып, мақтанады. (10) Бірақ сабыр етіп, ізгі іс істегендер, міне солар үшін жарылқау және зор сауап бар. (11) (Мұхаммед Ғ.С.) бәлкім сен олардың: “Оған қазына неге түсірмейді? Яки онымен бірге періште неге келмейді?”,- деулеріне көңлің тарайып, уахи етілген нәрсенің кейбірін тастауың ықтимал. Шынында сен бір ескертушісің. Алла әр нәрсеге кепіл. (12) Немесе олар: “Құранды өзі жасады” дей ме? (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Егер айтқандарың шын болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатындарыңды шақырыңдар да сол сияқты жасама он сүре келтіріңдер” де. (13) “Егер ол шақырғандарың сендерге жауап бермесе, онда біліңдер, шын мәнінде бұл Құран Алланың білімімен түсірілген әрі Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ал енді де бой ұсынбайсыңдар ма?”,- де. (14) Кім дүние тіршілігін әрі оның зейнетін қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз; сондай-ақ олар кемшілікке ұшыратылмайды. (15) Соларға ақыретте тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниедегі жасағандары жойылып кетті. Негізінде олардың істегендері босқа. (16) Раббынан ашық бір дәлелі болған және оған жалғас куәсы да болған сондай-ақ бұрынғы жетекші әрі игілік түріндегі Мұса (Ғ.С.) ның Кітабына ие болған кісілер, міне солар, Құранға сенгендер. Әрқандай топтардан кім Құранға қарсы келсе онда оның уәделі орны от. (Мұхаммед Ғ.С.) сен де одан күдікте болма. Расында Құран, Раббың тарапынан бір ақиқат. Бірақ адамдардың көбі сенбейді. (17) Аллаға өтірік жала жапсырғаннан кім залымырақ. Міне бұлар, Раббыларының құзырына шығарылады. Сондай-ақ айғақтары да: “Міне бұлар, Раббыларына өтірік айтқандар” дейді. Естеріңде болсын! Алланың қарғысы залымдарға тән. (18) Олар сондай Алланың жолынан тосады да оны қисайтуға тырысады. Тағы олар ақыретке қарсы келушілер. (19) Бұлар жер жүзінде Алланы нашарлата алмайды. Әрі олардың Алладан өзге жәрдемшілері жоқ. Оларға азап еселеніп отырады. Өйткені, олар ести алмайды да көре алмайды. (20) Міне солар, өздеріне зиян етеді. Жасама Тәңірлері олардан безіп жоқ болады. (21) Күдіксіз олар, ақыретте өте зиянға ұшырағандар. (22) Дау жоқ, иман келтіріп ізгі іс істегендер, Раббыларына бой ұсынғандар, олар жаннаттық. Олар, онда мәңгі қалады. (23) (Кәпір, Мұсылман) екі топтың мысалы: саңырау мен естуші тәрізді. Мысал тұрғысынан екеуі тең бе? Түсінбейсіңдер ме? (24) Әрине біз Нұх (Ғ.С.) ты қауымына жібердік: “Мен сендер үшін ап-ашық бір ескертушімін.” (25) “Аллаға ғана ғибадат қылыңдар, шынында мен сендерге, күйзелтуші күннің азабынан қорқамын” деді. (26) Елінің қарсы келген бастықтары: “Біз сені өзіміз тәрізді ғана адам көреміз, саған тар көзқарасты қорларымыздан басқанын ергенін көрмейміз. Сондай-ақ сендердің бізге бір артықшыларыңды көрмейміз. Тіпті сендерді өтірікші деп ойлаймыз” деді. (27) Нұх (Ғ.С.): “Әй елім! Көрдіңдер ме? Раббым тарапынан ашық бір дәлел үстінде болсам және Ол, өз қасынан бір мәрхамет еткен болса, ал ол, сендерге көрінбесе, сондай-ақ сендер оны жек көрсеңдер де сендерге оны зорлап қабылдата аламыз ба?” деді. (28) “Әй елім! Сендерден мал сұрамаймын. Жалақым Аллаға ғана тән. Сондай-ақ иман келтіргендерді қуалаушы емеспін. Өйткені, олар Раббыларына жолығушылар. Бірақ мен сендерді надан көремін”. (29) “Әй елім! Егер мен оларды қуаласам, мені Алладан кім қорғайды, түсінбейсіңдер ме?” (30) Мен сендерге: “Жанымда Алланың қазыналары бар демеймін де, көместі де білмеймін. Мен бір періштемін де демеймін. Сондай-ақ көздеріңе ілмейтіндерге: “Алла әсте жақсылық қылмайды” демеймін. Алла олардың ішіндегілерді жақсы біледі. Ол уақытта мен залымдардан болармын” (деді). (31) Олар: “Әй Нұх! Рас бізбен жанжалдастың, сондықтан тартысуды көбейтіп жібердің. Егер сөзің шын болса, енді бопсалаған нәрсеңді бізге келтір” деді. (32) Нұх (Ғ.С.): “Оны сендерге қаласа, Алла ғана келтіреді. Сендердің оған шамаларың келмейді” деді. (33) “Егер Алла, сендерді қаңғыртуды қаласа, сендерді үгіттеуді қаласам да үгітім сендерге пайда бермейді. Ол, сендердің Раббыларың. Сол уақытта оған қайтарыласыңдар”. (34) (Мұхаммед Ғ.С.) бәлкім кәпірлер: “Құранды өзі жасады” дей ме?. Оларға: “Егер оны жасаған болсам күнәсы маған тән. Алайда, мен сендердің істеген күнәларыңнан аулақпын” де. (35) Сондай-ақ Нұх (Ғ.С.) қа: “Еліңнен иман келтіргеннен басқалары, әсте иман келтірмейді. Енді олардың істегендеріне кейіме” делінген түрде уахи етілді. (36) Көз алдымызда нұсқауымыз бойынша кеме жаса. Залымдар турасында маған айтпа! Өйткені, олар суға батырылады. (37) Кемені жасап жатқанда, елінің бастықтары жанынан өткен сайын оны тәлкек қылды. Нұх (Ғ.С.) оларға: “Егер бізді сықақ қылсаңдар, біз де сендерді, бізді сықақ қылғандарыңдай сықақ етеміз” деді. (38) Ал енді жедел білесіңдер: Қорлайтын азап кімге келер екен және тұрақты азап кімнің басына түседі екен? (39) Ақыр әміріміз келген заманда, тандырдан су қайнады. Нұх (Ғ.С.) қа: “Ол кемеге әр нәрседен бір жұп және бұрын үкім етілгеннен басқа семьяңды орналастыр. Әрі иман келтіргендерді де ал” дедік. Негізінде онымен бірге иман келтірген өте аз ғана еді. (40) Нұх (Ғ.С.): “Кемеге отырыңдар. Оның жүруі де тұруы да Алланың атымен. Расында Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді” деді. (41) Ол кеме оларды, таулардай толқында алып жүрді. Нұх (Ғ.С.) айрылуда болған ұлына: “Әй балақайым! Бізбен бірге кемеге отыр, қарсы болушылардан болма!”,- деп дыбыстады. (42) Ұлы, Кенған: “Мені судан сақтайтын тауға паналаймын” деді. Әкесі: “Бүгін Алланың әмірімен сақтаушы жоқ. Бірақ біреуге мәрхамет етсе басқа” дегенде, екеуінің арасына толқын түсіп Кенған суға батқандардан болды. (43) “Әй жер! Суыңды жұт! Аспан сен де тоқта” делінді де су тартылды. Іс бітті. Кеме Жуди тауына тоқтады. “Залымдар жоқ болсын!” делінді. (44) Нұх (Ғ.С.) Раббына дабыстап: “Раббым! Күдіксіз ұлым семьямнан ғой. Шәксіз уәдең хақ. Сондай-ақ Сен ең тура үкім етушісің” деді. (45) (Алла): “Әй Нұх! Ол, семьяңнан емес. Өйткені, оның ісі дұрыс емес. Сондықтан білмеген бір нәрсені Менен тілеме. Сені надандардан болмауыңды насихаттаймын” деді. (46) (Нұх Ғ.С.): “Раббым! Расында білмегенімді Сенен тілеуден өзіңе сиынамын. Егер мені жарылқамасаң, маған мәрхамет етпесең зиянға ұшыраушылардан болармын” деді. (47) “Әй Нұх! Саған, сенімен бірге болған топтарға бізден сәлеметтік, молшылықпен кемеден түс! Бір талай топты дүниеде пайдаландырамыз да сонан кейін олар біздің күйзелтуші азабымызға ұшырайды” делінді. (48) (Мұхаммед Ғ.С.) міне бұлар білінбеген әңгімелерден. Оны саған уақи етеміз. Бұдан бұрын оны сен де, қаумың да білмейтін еді. Онда сабыр ет. Расында соңғы табыс тақуалар үшін. (49) Ғад қаумына туыстары Һұд (Ғ.С.) ты жібердік: “Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сендер өте жалақорсыңдар” деді. (50) “Әй елім! Бұған сендерден жалақы сұрамаймын, еңбегім мені жаратқанға ғана тән. Сонда да түсінбейсіңдер ме?” (51) “Әй халқым! Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе қылыңдар. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Сондай-ақ күнәкар болып, жалтармаңдар” деді. (52) Олар: “Әй Һұд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Біздер сенің сөзің бойынша тәңірлерімізді тастамаймыз да саған сенбейміз” деді. (53) Олар: “Саған кейбір тәңірлеріміздің киесі тиген екен” деп қана айтамыз. Һұд (Ғ.С.): “Расында мен Алланы айғақ қыламын, сендер де айғақ болыңдар. Мен сендердің Аллаға қосқан серіктеріңнен аулақпын” деді. (54) “Маған Алладан басқа бәрің мекерлік қылыңдар да сонан кейін мұрса бермеңдер” (55) “Расында мен, менің Раббым әрі сендердің Раббыларың Аллаға тәуекел еттім. Ол, маңдайынан ұстамаған (толық меңгермеген) ешбір жандық жоқ. Күдіксіз Раббым тура жолда” (56) “Егер жалтарсаңдар да мен шынында өзім арқылы жіберілген нұсқауды сендерге жалғастырдым. Раббым орындарыңа басқа елді әкелсе, сендер оған ешбір зиян келтіре алмайсыңдар. Шынында Раббым әр нәрсені қорғаушы” (деді). (57) Әміріміз келген кезде, Һұд (Ғ.С.) ты және онымен бірге иман келтіргендерді мәрхаметімізбен құтқардық. Сондай-ақ оларды ауыр азаптан да босаттық. (58) Осы Ғад елі, Раббыларының аяттарына қарсы келіп, Оның елшілеріне мойындамай әрбір зөрекер тоңмойындардың әміріне бағынды. (59) Бұл дүниеде де қиямет күнінде де олардың қырсоңынан лағынет қалмады. Естеріңде болсын! Ғад елі Раббыларына қарсы болды. Естеріңде болсын! Һұдтың қауымы Ғад, (мәрхаметтен) аулақ болсын! (60) Сәмүд еліне туыстары Салих (Ғ.С.) ты жібердік: “Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір тәңірлерің жоқ. Ол, сендерді жерден таратып әрі онда өмір сүргізді. Енді Одан жарылқау тілеңдер. Және Оған тәубе қылыңдар. Күдіксіз Раббым жақын тілеуді қабылдаушы” деді. (61) Олар: “Әй Салих! Сен бұдан бұрын арамызда үміт күтілген едің. Аталарымыздың табынғанынан бізді тиясың ба? Расында сенің бізді шақырған нәрсеңе күдік ішінде әрі күмәндіміз” деді. (62) (Салих Ғ.С.): “Әй халқым! Айтыңдаршы, егер мен Раббым тарапынан ашық дәлелде болсам, өз тарапынан маған бір мәрхамет еткен болса да мен оған қарсы келсем, сонда мені Алладан кім қорғайды? Сонда сендер маған зияннан басқаны арттырмайсыңдар” деді. (63) “Әй халқым! Мынау Алланың аруанасы, сендерге бір мұғжиза. Сондықтан оны қойып қойыңдар, Алланың жерінде оттасын. Оған жамандық тигізбеңдер. Онда сендерді жуықта бір азап қолға алады” деді.(64) Сонда да олар оны өлтіріп тастады. (Салих Ғ.С.): “Жұрттарыңда үш күн бой жасай тұрыңдар. Бұл өтіріксінуге болмайтын бір уәде” деді. (65) Ал әміріміз келген кезде, мәрхаметімізбен Салих (Ғ.С.) және онымен бірге иман келтіргендерді құтқардық. Сондай-ақ сол күннің қорлығынан да… Күдіксіз Раббың, Ол өте күшті, аса үстем. (66) Залымдық істегендерді ащы дауыс алып, олар өз жұртында жалмандарынан түсіп, типыл болды. (67)Тіпті ол жерде олар отырмаған сияқты болды. Естеріңде болсын! Шынында Сәмүд елі Раббыларына қарсы келді. Біліңдер! Сәмүд еліне рахмет жоламасын. (68) Расында елші (періште) леріміз Ыбырайым (Ғ.С.) ға хош хабармен сәлем берді. Ыбырайым (Ғ.С.) олардың сәлемін алып сонда дереу пісірілген бұзау келтірді. (69) (Ыбырайым Ғ.С.) олардың қолдарын тигізбегенін көріп, оларды жатырқады да олардан тіксінді. Олар: “Қорықпа! Расында біз Лұт қауымына жіберілдік” деді. (70) (Ыбырайым Ғ.С.) ның түрегеп тұрған әйелі күліп жіберді. Сонда оны Ысхақ және артынан Яғқұппен қуандырдық.(71) (Ыбырайым Ғ.С. ның жұбайы): “Әттең-ай! Мен кемпір мына ерім шал, мен туам ба? Бұл әрине таңғажайып нәрсе!”, – деді. (72) (Періштелер оған): “Сен Алланың әміріне таңғаласың ба? Алланың мәрхаметімен молшылығы сендерге болсын. (Әй Ыбырайым) семьясы Шынында Алла мақтауға лайық, аса жоғары.” (73) Ыбырайым (Ғ.С.) нан қорқу кетіп, оған қуаныш келген кезде, Біз (елшілеріміз) бен Лұт елі жайында сөзге килікті. (74) Шынында Ыбырайым (Ғ.С.) анық жұмсақ, тым қамқор, бой ұсынушы. (75) (Періштелер): “Әй Ыбырайым! Бұдан шегін! Өйткені, Раббыңның әмірі келген. Күдіксіз оларға қайтарылмайтын апат келеді” (деді). (76) Елшілеріміз (жас жігіттер бейнесінде) Лұт (Ғ.С.) қа келгенде (елінің сұмдығын ойлап), олардың келуімен қынжылды да олардың салдарынан көңлі тарайып: “Бұл ауыр бір күн” деді. (77) Қауымы оған жүгірісіп келді. Сондай-ақ олар бұрыннан да жаман істер істейтін еді. (Лұт Ғ.С.): “Әй халқым! Мына қыздарым, олар сендер үшін тағы таза. Енді Алладан қорқыңдар! Қонақтарым жайында мені қорламаңдар. Іштеріңде бір де есті кісі жоқ па?”, – деді. (78) Олар: “Сен де білесің. Қыздарыңда жұмысымыз жоқ. Расында сен біздің нені қалайтындығымызды жақсы білесің” деді. (79) (Лұт Ғ.С.): “Әттең! Сендерге төтеп берер күшім болса не бір мықты бекініске паналасам” деді. (80) (Елшілер): “Әй Лұт! Расында біз Раббыңның елшілеріміз. Олар, әсте саған соқтыға алмайды. Дереу түннің бір бөлімінде үй-ішіңмен жөнел, жұбайыңнан басқа ешкім кейін қалмасын. Өйткені, еліңе келетін апат оған да жетеді. Олардың уәдесі таң. Таң жақын емес пе?”, – деді. (81) Оларға апат әміріміз келген сәтте, ол жердің үстін астына келтірдік. Сондай-ақ үстеріне ерекше әзірленіп қыздырылған тас жаудырдық. (82) Раббыңның қасында таңбаланған болатын. Бұл апат залымдардан ұзақ емес. (83) Мәдянға туыстары Шұғайыпты жібердік: “Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің одан басқа тәңірлерің жоқ. Сондай-ақ өлшеуді, таразыны кемітпеңдер. Расында мен сендерді молшылық ішінде көремін. Күдіксіз мен сендерге байланысты тырп еткізбейтін күннің азабынан қорқамын” деді. (84) “Әй елім! Өлшеуді, тартуды толық орындаңдар, адамдардың нәрселерін кемітпеңдер! Сондай-ақ жер жүзінде бұзғыншы болып жүрмеңдер”. (85) “Егер нанатын болсаңдар, сендерге Алланың қалдырған халал нәрсесі қайырлы. Мен сендерге күзетші емеспін”. (86) Олар: “Әй Шұғайып! Біздің аталарымыздың табынғанын тастауымызды немесе малдарымызды қалауымызша істетуден тыйылуымызды саған намазың әмір ете ме? Тіпті сен өте жұмсақ, аса есті көрінесің” деді. (87) (Шұғайып Ғ.С.): “Әй халқым! Айтыңдаршы! Егер мен Раббым тарапынан ашық дәлел үстінде болсам және өз қасынан маған көркем ризық берген болса, сендерді тыйған нәрсемді өзім істеп, сендерге қарсы келуді қаламаймын. Шамам келгенінше түзелтуді ғана қалаймын. Табысты болуым, Аллаға ғана байланысты, Оған тәуекел еттім әрі Оған бой ұсынамын” деді. (88) “Әй халқым! Маған қарсы келулерің, өздеріңе Нұх қауымы не Һұд қауымы немесе Салих қауымына келген тәрізді ауыршылық келтірмесін! Сондай-ақ Лұт елі сендерден ұзақ емес”. (89) “Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе қылыңдар. Шынында менің Раббым ерекше мейірімді, өте сүйгіш…” (90) Олар: “Әй Шұғайып! Біз сенің айтқаныңның көбіне түсінбейміз. Әрі сені ішімізде әрине төмен көреміз. Егер ағайының болмаса еді, әлбетте таспен атып өлтірер едік. Сондай-ақ сен бізге кәдірлі емессің” деді. (91) (Шұғайып Ғ.С.): “Әй халқым! Сендерге Алладан ағайыным қадірлі ме? Алланы мүлде арқаларыңның артына тастадыңдар. Расында Раббым не істегендеріңді толық білуші” деді. (92) “Әй халқым! Қолдарыңнан келгенін істеңдер, мен де істеймін. (Міндетімді атқарамын). Жақында қорлаушы азаптың кімге келетінін және кімнің өтірікші екенін білесіңдер. Енді бақылаңдар! Әрине мен де сендермен бірге бақылаушымын” деді. (93) Әміріміз келген заман, Шұғайып (Ғ.С.) ды және онымен бірге иман келтіргендерді мәрхаметімізбен құтқардық. Сондай-ақ залымдық қылғандарды бір ащы дауыс қолға алды да жұрттарында етпеттеген бойда жоққа айналды; (94) Тіпті ол жерде отырмағандай. Естеріңде болсын! Сәмүд елі мәрхаметтен ұзақтасқандай Мәдян елі де ұзақтасты. (95) Расында Мұса (Ғ.С.) ны аяттарымызбен және ашық дәлелмен жібердік. (96) Перғауынға және шонжарларына жіберсек те олар Перғауынның әміріне бағынды. Перғауынның әмірі тура емес еді. (97) Перғауын қиямет күні елінің алдына түседі. Оларды тозаққа апарады. Ол баратын жер нендей жаман бір жер. (98) Бұл дүниеде де қиямет күнінде де лағынет оның қырсоңынан қалмайды. Ол нендей жаман сыбаға! (99) (Мұхаммед Ғ.С.) осы өлкелердің хабары. Саған оны баян етеміз. Олардың кейі тұр, кейі орылып жоғалған. (100)Біз оларға зұлымдық қылмадық. Олар өздеріне зұлымдық етті. Раббыңның әмірі келген сәтте, олардың Алладан өзге жалбарынғандары өздеріне ешбір пайда келтірмеді. Сондай-ақ зияндарын арттырғаннан басқа түкке тұрмады. (101) (Мұхаммед Ғ.С.) Раббың қолға алғанда, кенттердің залым халқын өстіп алады; күдіксіз Оның соққысы қатты күйзелтеді. (102) Күдіксіз осы да ақырет азабынан қорыққан кісілерге әрине дәлел бар. Қиямет; адамдардың жиналатын күні. Сондай-ақ ол, әзір болатын бір күн. (103) Ол қиямет күнін, санаулы бір мерзім ғана кешіктіреміз. (104) Ол күн келсе, Алланың рұқсатынсыз ешкім сөйлемейді. Олардың сорлысы да бақыттысы да бар. (105) Ал енді сорлылар, тозақта ыңыранып, шыңғырады. (106) Олар тозақта көктер мен жердің тұруынша мүлде қалады. Бірақ Раббың қаласа басқа. Шынында Раббың қалағанын толық орындаушы. (107) Ал енді бақытты болғандар, жаннаттық болады. Олар жаннатта көктер мен жердің тұруынша мәңгі қалады. Бірақ Раббың қаласа басқа. Бұл үздіксіз бір сыйлық. (108) (Мұхаммед Ғ.С.) онда олардың табынғандарына байланысты күдікте болма. Олар ата-бабаларыңның бұрыннан табынғандары құсап табынады. Әрине біз олардың сыбағаларын кемітпей береміз. (109) Расында Мұса (Ғ.С.) ға Кітап бердік. Сонда да қайшылық тудырылды. Егер Раббыңнан сөз берілмеген болса еді (бұйрық солай болмаса еді), әрине араларына үкім берілген болар еді. Расында олар Құраннан шәк ішінде күдіктенуде. (110) (Мұхаммед Ғ.С.) күдіксіз Раббың; олардың барлығының істегендерінің бодауын әрине толық береді. Өйткені Ол, олардың істегендерін толық біледі. (111) (Мұхаммед Ғ.С.) бұйырылғанындай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла, не істегендеріңді толық көруші. (112) Сондай зұлымдық істегендерге бейім сыңай байқатпаңдар. Онда сендерге тозақ кездеседі. Сендерге Алладан басқа дос болмайды, сонсоң көмек те көрмейсіңдер! (113) (Мұхаммед Ғ.С.) күндіздің екі жағында (таң және екінді намазы), түннің күндізге таяу кезінде (ақшам, жашыйық) намазын толық орында. Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды. Бұл түсінушілер үшін бір насихат. (114) (Мұхаммед Ғ.С.) сабыр ет. Расында Алла, жақсылық істеушілердің еңбегін жоймайды. (115) Сендерден бұрынғы ғасырлардағы ақыл иелері, жер жүзіндегі бұзықтықтан тыйса еді? Бірақ олардың азын ғана құтқардық. Зұлымдық істегендер, берілген жоғары тұрмыстың соңына түсіп күнәкар болды. (116) (Мұхаммед Ғ.С.) Раббың халқы түзу болған кенттерді орынсыз жоқ етпейді. (117) (Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Олар үнемі қайшылықта тұруда. (118) Бірақ Раббыңның мәрхамет еткені басқа. Оларды сол үшін жаратты. Раббыңның: “Әрине тозақты бүкіл жындар және адамдармен толтырамын” деген сөзі тура шықты. (119) (Мұхаммед Ғ.С.) саған пайғамбарлардың қиссасын көңліңді орнықтыру тұрғысынан баян етеміз. Осында саған ақиқат және мүміндер үшін бір насихат әрі түсінік келді. (120) (Мұхаммед Ғ.С.) сондай иман келтірмегендерге: “Өздеріңше істеңдер, Расында біз де істейміз” де. (121) “Сендер де соңын күтіңдер, біз де күтеміз” (де). (122) Көктер мен жердің сыры Аллаға тән. Істің бәрі соған қайтады. Ендеше, Соған құлшылық қылып, Оған тәуекел ет. Раббың істейтін істеріңнен ғапыл емес. (123)

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-27; Просмотров: 348; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.028 сек.